КОРЕЙ СЕРИАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

1-бөлім. Шаш үлгісі, махаббат және таеквондо

КОРЕЙ СЕРИАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Хуаран әскері/ашық дереккөзден

Дорама — әу баста жапон сөзі, әйтсе де соңғы кездері Оңтүстік Корея сериалдарымен ассосацияланатын болып жүр. Бұл фильмдер 90-жылдардан бері қарай әлем мәдениетіне күн өткен сайын белсенді түрде ықпал ете бастаған Корей толқынының ажырамас бөлшегі. «Кальмар ойынын» барлығымыз білеміз, десек те ол соңғы кездері жер жиһанның теңізі мен мұхитында еркін жүзе бастаған кинематографиялық айсбергтің ұшы ғана. Кинотанушы Алексей Васильев арнайы Qalam үшін Корей дорамаларының феномен болуын талдайды.

  

Бұл корей сериалы туралы материалымыздың бірінші бөлімі. Екінші бөлімін мына жерден оқуға болады.

«Алыстан, алыстан, алыстан сен маған қарай келесің. Жүрегім тулайды: сезімімді қалай білдірсем екен? Сен менің жүрегімді ұрлап кетесің және айықпас дерт сыйлайсың. Терезеңнің жақтауында тұрған гүл құтысы болғым келеді, солай дұға етемін, гүл құтысы болғым келеді. Сонда тілім болмаса да, ештеңе сұрамасам да, сенің күлкің мен қолың, жо-жоқ, — иә, маған жанасар еді. Қалағанымша сенің ұйықтап жатқан бейнеңе қарай алар ем».

Үш жыл бұрын 30 жастағы актер Хван Ин Ёп «Шынайы сұлулық» (Yeosin-gangnim, 2021) дорамасында оқушының рөлінде осы жолдармен айтылатын сан қатпарлы акустикалық гитараның сүйемелдеуіндегі әнімен алғаш рет дауысын сынап көрген еді. Фильм осы жанрдағы ең үздікке айналды. Досы әрі сыныптасы басты кейіпкерді түнгі қалада импровизациялық сахнаға еріксіз шығарып жібереді, ол меланхолия ескен боссанова жанрында ернін аса сақтықпен қимылдатып алғашқы әуезді үнін шығарады, кенет тапжылмай тұрған денесіне кеди киген аяқтары бағынбай жоғары төмен ырғақ қуып қимылдап жатқанын, әннің көшіне ілесіп бағынбай кеткенін байқаймыз. Бұл ғажап көріністі от шашумен сүйемелдеген фанаттардың орнына, смартфондарымен үздіге камераға алуға ұмтылған жастар қаумалай түседі. Ин Ёптің сүйкімді жүзі барынша мұқият әрі сенімсіз кейіпте, ал сыныптасы (Astro тобының орындаушысы Ча Ын У, ғаламның ең сұлу жандарының бірі) дән риза, бейне бір досын музыка мен даңқ жолына шығарып салып тұрғандай әсер қалдырады.

Сахнаның өзі корей дорамасы қандай деген сұраққа жауап ретінде көрсетуге болатын эталон қызметін атқарады десек, әндегі гүл құтысы жайлы өлең жолдары дорама жанры мен оның фанаттарының қарым-қатынасын толық айшықтайды деуге болады.

«Шынайы сұлулық» сериалының постері/ашық дереккөзден

«Шынайы сұлулық» сериалының постері/ашық дереккөзден

Олардың саны жүз миллионнан асып жығылады. Корейлер дорамаларды тұтынатындардың үштен бірін ғана құрайды. Есесіне тұтас әлем корей фильмдерін көретін болған. Оларды тіпті цензура шетелдік киноконтентті мұқият сүзгіден өткізетін, жылына бар-жоғы он шақты фильм ғана экранға сырттан импортталатын Иранда да көреді. Бірақ күн сайын Чили мен Бангладеште, Мысыр мен Румынияда, Қазақстан мен біз «дорама» деген сөзге қарыздар Жапонияда миллиондаған қолдар пәтерінде сонау алыстағы елмен теледидар экранында өзгеше байланыс құру үшін пультке ұмтылады. Бейне бір құтыдағы гүл мен пәтер иесі арасындағы трансқа тән байланыс. Жанасудан жұрдай, тіпті ымсыз бір-біріне демеу білдіруді түйсіну шаттығы десек артық айтқандық емес.

Дорамалардың жер-жаһанға жайылғанына ендігі 10 жылдан асып кеткендіктен, әлем бойынша феноменге айналуын түсіндіруге талпынған мақала, кітап жетіп артылады. Дорамалардың әсерін сипаттау үшін қолданылған «тыныштандырушы» сөзі әртүрлі тілдерде қайталанып кезігеді. Мен тіпті емдейді дегенді қосар ем. Ол ұйқы алдында жанымызға жасалатын массаж іспеттес, бірақ көп адам біреудің қолын қалай бермейтіні тағы бар. Дорамалар физикалық жанасу, қол тигізу ирек болатын әрі екі адам арасындағы ұзақ ойлану, рефлексиялау мен ішкі үйкелістің нәтижесінде туатын оқиғаларды баяндайды. Дәл осы екі адаммен шектелетін ерекше тілді іздеу нақты осы қатынасқа шақталып жасалғандай әсер қалдырады. Баяу, медитация тәріздес таңғажайып ертегідей дүниені әсте күтуге болмайды — керісінше, дорама тым қарқынды: шәй алып алайын деп не тағы бір себеппен маңызды сәтті өткізіп алсаңыз, қуып жету үшін қайта қарауға тура келеді: дорама режиссерлері актерларды жауапты сәттерде айтарлықтай пауза ұстап барып реплика айтуға ұмтылдырады, көрерменге дәл сол реплика арқылы тысқа шыққан сезім мен ойды қарпып қала алатындай мүмкіндік жасайды. «Мұрагерлердегі» (Sangsokjadeul, 2013) кейіпкер, қай серияда екенін Құдай біледі, сүйіктісінің иығына алғаш рет басын қойып таңғалған кейіпте: «Мен жайлылық сезінем деп ойлам ем» дегенде оған сүйіктісінің: «Маған басыңды қойғаннан соң ғой, негізі жүрегіңді тапсырсаң — сезер ең» деп жауап қатқанындай ғой немесе нутрициологқа жауапсыз махаббатпен ғашық болған, қарқынды тамақтануы тиіс ауыр атлет қыздың келешек рекордтарын құрбанға шалып, тағы бір рет көру мүмкіндігі үшін әлгінің қабылдауына жазылғанында айтқанын еске алсақ болады. Сезімін мынадай сөзбен білдіреді: «Маған жердің жаңбырдан кейінгі иісі ұнайды, сосын доктор сіз ұнайсыз» («Ауыр атлетика перісі» / Yeokdoyojeong Gimbokju, 2017).

«Мұрагерлер» сериалы/ашық дереккөзден

«Мұрагерлер» сериалы/ашық дереккөзден

Әрине, заманауи Корея тартылған сымдай, бұлшықетінің иірімдері көздің жауын алатын, нәсілдік-генетикалық негізі мен кәсіби фитнес тренерлер, косметологтар, шаштараздар мен пластикалық хирургтардың арқасында ешқашан қартаймайтын ерлердің елі — бұған дорамалар ғана емес, корей толқыны туғызған жарылыстан кейін елге ағылған туристердің сөзі де дәлел бола алады (десек те, дорамалар мұнда маңызды рөл атқарды); 30 жасында оқушының рөлін сомдап атағы шыққан Хван Ин Ёптің жағдайы, әдеттен тыс жағдай емес, керісінше қағида, мұнда үйлену жайында отыздан кейін ғана ойлана бастайды. Заманауи өмір стандарттары әйелдерге кәсібімен қатар кез келген салада эксцентрик мінезі мен аяқ асты шамданатын қылығын жемісті түрде пайдаға асыруға мүмкіндік беретін ел бұл. Еуропалықтардың бітімінде қораш, бейне бір моданың құрбанындай көрінетін дизайнерлік сән үлгілерінің елі, ал бұл сәнді киімдер кәрістерге, жо-жоқ, қою шашты әрі әдемі қиылған қасы мен көзі бар монголоид нәсілі өкілдерінің барлығына құйып қойғандай жараса кетеді, кімді не жарқыратып тұрғаны түсініксіз: киім адамды ма, әлде керісінше ме?!

«Шынайы сұлулық» сериалында басты рөлде ойнаған Ча Ын У  (оң жақта)/ашық дереккөзден

«Шынайы сұлулық» сериалында басты рөлде ойнаған Ча Ын У (оң жақта)/ашық дереккөзден

Күтім мен дәулетті өмірдің көз қарықтырар бұл картинасы, сөзсіз, дорамалардың әлемдегі жетістігінің бір кілті, тіпті Голливуд жұлдыздарының өзі көптен бері үстіне көріксіз мэйкі іліп алғанды. Дегенмен бұл жетістіктің тамыры менің түсінігімде сезімді алдын ала лупамен қарап, асықпай түсініп алу керек деген ұсыныста жатқандай көрінеді. Батыс адамдары енді ғана туа бастаған қатынасты дереу «секс бар не секс жоқ» деген сұраққа әкеп тірейді. Бірақ қандай да бір мағынаға ие болуы жағынан да, бір адамның екінші бір адамға деген сезімін білдіргендегі алуандықтың шеңберіне сыйғызу тұрғысынан да, достық немесе махаббат деген сөздердің мәні тым ауқымды, тек осылай қарағанда ғана бұл сезімдердің екі адам үшін де барынша пайдалы болу коэффиценті арта түседі. Дорамалар достық немесе махаббат жайын сөз ете отырып мәдениет таңған стандарттарға қарамастан, түсініспеушілік туғызған жағдайлардың болуына да қарамастан, бір-бірінен қанша жараланса да бір-біріне қарай ұмтылатын адамдарды көрсетеді. Өйткені достық пен махаббатта ұмтылыс яки әрекет — ең басты нәрсе.

Дорамалардың табиғаты осындай — бізді сезімтал етеді. Алғашқы дорама «Қызғаныш» (Jiltu, 1992) осындай еді, дәл қазіргі сипатына қарасақ та бұл жанр бастау нүктесін осы фильмнен алатыны көрініп тұрады. Онда мектептегі партадан бастап жүрген қыз бен жігіттің жайы баяндалады. Кейін екеуі де ересек жандарға айналып, әрбірінің өмірінде басқа біреу пайда болғанда да жүрекке терең орныққан қызғаныш — «ерекше адам» оларды бір-біріне деген қатынасына тереңірек үңілуге мәжбүр етеді. Онда қазіргі дорамалардың тақырыптары да, қоршаған ортасы да, берілу мәнері де су тамшыларындай көрініс тапқан еді. Десек те, 1992 жылдағы Кореяның мәдени-тарихи алғышарттарында дәл осы дорама сәтті шығып, қазіргі тілмен айтқанда атып кеткен еді.

«Қызғаныш» сериалының кадры/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» сериалының кадры/ашық дереккөзден

«Дорама» деп аталуына келгенде жапондарға қарыздармыз деген сөзге оралар болсақ, жапондар қатар келген екі дауыссыз дыбысты айта алмайды. Осылайша драма сонау 1950-жылдардың өзінде-ақ дорамаға айналып үлгерген еді, дәл сол уақытта жапон телеарналары көп сериялы форматты жаппай игере бастаған-тын. 1988 жылға дейін бір әскери режим екіншісін алмастырып келе жатқан Корея тоталитар, жабық ел болып келді, оның мәдени өнімі сыртқа экспортталмайтын. Керісінше ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін толық қарусызданған Жапония барлығымен жылдам жылы қатынас орнатты, оның заманауи мәдениеті тұтас әлемге 1950-жылдардың басында-ақ жайылып үлгерген еді. Корей сериалдары осы ғасырдың басында үш мұхитқа сапарын бастап кеткен кезде жапондардың осы бір сөзі тағдырындай болып сол сериалдардың маңдайына жабыса кетті деуге болады.

Сонда да жапон және корей дорамаларынан асқан әртүрлі өнім дүниеде жоқ. Жапон сериалдары home video стилінде қалай болсын солай түсіріледі. Актерлық ойындарында қарқындылық басым, оны клоунада мен жаңа жылдық шыршаға балаларға арнап қойылым жасайтын актерлардың қимылы екеуінің ортасындағы бірдеңеге ұқсатар едік. Әдеттен тысқары деп «Үшбұрыш» (Toraianguru, 2009) шытырманын бағалауға болады. Парижде өтетін табиғи түсірілімі, меланхолияға толы және Ёске Эгутидің «Кондордың үш күніндегі» Редфордқа жетеғабыл плащ киген көрікті бейнесі, әрине, жоғары деңгейде шыққан, дегенмен бұл фильмді саусақпен санарлық шедеврдің бірі әрі ұзақмерзімді емес жоба ретінде бағалауға болады (фильм 10 cериядан ғана тұрады). Корей дорамалары, керісінше, кинопрокатқа арналған, жарығы дәл қойылған, фоны жылдам ауысатын, табиғи көркемдік атмосфераға бай әрі камераны қозғалта отырып эмоциялық соққыны үдете түсу арқылы толыққанды болуға тырысады. Телевизиялық қарабайыр тәсілдер саналы таңдалып алынған мәнер түрінде ғана көрініс табады, яғни сырттан енген көпшілікке таныс бұқаралық мәдениет қатпарларына ирониялық шегініс қана. Мұны мысалы, «Мұрагерлердегі» театрға тән мизансценалардан, гүрілдеген жанды дыбыстардан және бразилиялық телехикаялардағыдай қарабайыр шешімдерден байқаймыз.

Оңтүстік Кореяда телевизиялықтар көп сериялы форматқа 1960-жылдары ғана бейімделе бастады, дегенмен 1970-жылдары түрлі түсті теледидар бағасы бойынша көп отбасыға қолжетімді дүниеге айналған шақта ғана кешкі сериал атаулы отбасылық көңіл көтеру дәстүріне айнала алды. Табиғи байлықтары мен оккупация кезінде жапондар тұрғызған зауыт пен фабрикасы түгелдей соғыстан кейін коммунистік Солтүстікте қалған ел, жоқшылықтан мемлекеттің қатаң бақылауы арқылы ғана шыққан еді, сол кезде парик өндірісі корей экспортының негізгі өнімі болып еді. Кореяның бүкіләлемдік нарыққа электрондық, тұрмыстық техникалар мен автомобильдер өндіру арқылы шыққан процесі 1988 жылға дейін созылды — сол жылы Сеулде Олимпиада өткен кезде елдің аяққа тұруы үшін диктатура қажет дейтін түсінік адыра қалды да бірінші рет демократиялық сайлау болып өтті. Тоталитар елдегі өмір бір-біріне ұқсас күндердің кезекті айналысы ғана еді, ондағы келешек күндердің сиқы кез келген тап өкілі үшін тым түсінікті болатын. Ол шақта оқушылар мен студенттер ата-анасымен бірге кешкісін тоғыз айға созылғандықтан өмірі бітпейтіндей көрінетін, кейде тіпті сәтті шыққанына орай келесі жылы да жалғасып кете беретін сериалдарды көретін. Оңтүстік Корея қоғамында жеке өмірдің өзі қаншалықты қатаң бақылауда болғанын Батыс елдерінде тым жоғары бағаланған «1988 жылға оралу» (Eungdabhara 1988, 2016) дорамасы арқылы бағамдауға болады: картина экранда жүріп жатқан кезде жаңа үкімет енді ғана фамилиясы бірдей адамдардың арасында неке қатынасын жоюға бағытталған заңды қайта қарап жатқан еді. Фамилиялардың үштен бірі — Ким, ал тағы үштен бірі — Ли болып келетін елдегі жігіттер мен қыздарды бұл заңның қандай тығырыққа тірегенін елестетіп көріңізші?

«1988 жылға қайта оралу» сериалының постері/ашық дереккөзден

«1988 жылға қайта оралу» сериалының постері/ашық дереккөзден

Бұл заң алынып тасталды, осымен қабат басқа да тыйымдар күшін жойды, әлеуметтік өмір мүлдем өзгеше динамика тапты. Корея бұрынғы диктаторлардың тыңғылықты дайындалған ұмтылыстарының арқасында экономикалық дүмпуді бастан кешірумен қатар, бірдей мүмкіндіктер ұсынатын демесек те, таптық бөліністі бұзып жаруға ауқымды спектрі бар елге айналды. Біреулердің отбасылық күйбеңін таңның атысы кештің батысы теледидар алдында шалдармен қосылып, жастар қызықтайтын сандалбай уақыт өтті. Өйткені олардың өз өмірі бірнеше айдың ішінде түбегейлі өзгеретіндей мүмкіндік туған еді.

«Қызғаныш» алғашқылардың бірі болып көрсетілімі бірнеше айға ғана созылатын сериал форматын ұсынды: 16 cериядан тұрды, бұл сан әлі күнге стандартты әрі қолайлы саналып келеді. Дегенмен аз да болса басқаша нұсқалар да кезігеді — түрлі колориттегі кейіпкерлердің жеке және кәсіби қарым-қатынасы тым тәтті көрініп, қытығыңды келтіретіндей араласып кететін 24 сериядан тұратын «Қызғаныштың инкарнациясы» (Jiltuui hwasin, 2016) сериалын айтсақ болады немесе керісінше, «Чосондағы некеге тыйым» (Joseon honin geomjiryeong, 2023) секілді 12 бөлімді құрайтын сирек эксперименттер де жоқ емес. Онда еліктірер шытырман сәттер де, басты кейіпкер қыздың жоғары таптан шыққан жігіттердің ортасына кіру үшін өлгенше ішетін, бас жазу сәті одан әрі жалғасатын оғаш қылықтарға толы эпизодтар да кезігеді. Десек те өткір әрі шиеленісіп кеткен сюжетті ортасына дейін созып алып, мелодрамалық мәнерге ауыстыру қажеттігі туғандықтан соңына қарай асығып кеткендей әсер қалдырады.

«Чосон - некесіз аймақ»/ашық дереккөзден

«Чосон - некесіз аймақ»/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» жастар жайлы және жастарға арналған бірінші дорама болды, жаңа дәуір жастарына ыңғайлы форматқа дөп түсті деуге болады. Оқиға желісін жалтырақ журналдар мен туристік агенттіктің бай да жарқыраған ортасында өрбітуі сәтті шыққан еді. Бұл күтпеген жерден мансабың көтеріліп теледидардан сені жыраққа әкетуі мүмкін заманның форматы еді. Дәл сол уақытта ендігі чеболдар мен әулетаралық корпорациялар арасында электроника, автомобиль және кеме құрылысы саласындағы ірі бизнестер бөлініске түсіп үлгерген еді. Ал, әлі қалыптасып үлгермеген, бірақ сұраныс сондай үлкен көңіл көтеру индустриясы талантымен, сұлулығымен, тартымдылығымен жастар бірден бірнеше әлеуметтік кедергіні бұзып өте алатын кеңістік саналатын. Бұл индустрия адамдарға тек шаттық, қайырым, сұлулық сезімін сыйлайды және қазіргі күнге дейін дорамалардың сюжеті өрбитін тартымды кәсіби орта саналып келеді. Ал олардың әдепкі кейіпкері — жарнама агенттері («Агенттік» / Daehaengsa, 2023), поп-музыкантттар («Армандаушылар» / Deurimhai, 2011), суретшілер мен дизайнерлер («Сені сүюге жаралған» / Unmeyongcheoreom Neol Saranghae, 2014), комикс авторлары («Параллель әлемдер» / Deobeuryu, 2016), спортшылар («Ауыр атлетика перісі»), радиохабар жасаушылар («Романтика» радиосы» / Radio Romaenseu, 2018), теледикторлар («Қызғаныштың инкарнациясы»). Дорама өз ортасын да айналып өткен емес: сценарий жазушы әйелдердің өмірін өзек еткен «Махаббат температурасы» (Sarang-ui Ondo, 2017) атты дорама да бар, себебі дорамалардың сценарийін негізінен қыздар/әйелдер жазады: өз ортасын жазғандықтан болса керек, авторлар 40 серияға дейін созып жомарттық танытқан да еді, шыны керек, іш пыстырмаған дей аламыз. Сенімді шығуы үшін телевизиямен байланысты сюжетті жоғары деңгейдегі асханасы бар ресторан ашу оқиғасымен жымдастырып шыққан.

1 / 4

Форматқа қатысты мәселені біржола біржақты етуге келсек, ең сәтті деген дораманың өзі ешқашан екінші маусымға ұзартылған емес. Жеті жыл бойы шығып келе жатқан «Жақсы доктор» атты балалар бөлімінде хирург болуға дейін көтерілген аутист туралы америкалық сериал дүниежүзіне танымал. Алайда оның 2013 жылы көрерменге жол тартқан (Gut Dakteo) корей дорамасының римейкі екенін көп адам білмейді. Түпнұсқадағы актер Чжу Вонның сырт келбеті мен тартымдылығы корейлік нұсқаны «Жақсы» дегеннен гөрі «Керемет доктор» деуге жетелейді. Авторлар 20-cерияны биік деңгейде аяқтаған соң жалғасын түсірмеді. Мәселе, бұған дейін айтып өткенімдей мынада: кез келген дорама — өзара қатынасты, қатынастың мүмкіндіктері мен оның органикалық сипатта өрбуін мұқият зерделеу. Дұрыс, айқын жауап табылғанда дорама өзін толық ақтап шығады. Дорама авторлары шынайы ұмтылыс пен әрекеттен кейін жалғыз дұрыс нота табылған соң, әрі қарай осы махаббат пен достықты бар сөлін сығып алғанша мелодрамалық сынаққа сала бергенді жөн көрмейді. Дегенмен кейіпкерлері әртүрлі, бірақ оқиға өрбитін ортасы ортақ болып келетін циклдық фильмдер де жоқ емес: «Мектеп», ностальгиялық «Оралу..» («1988» жылға дейін 1997 және 1994 жж., түсірілді), болашақ поп-идолдар жайындағы дәл сол «Арманшылдар». Ойға келетін жалғасы түсірілген жалғыз сериал «Жас буын» (Cheongchunsidae, 2016–2017): бірақ онда оқиға бес қыз бірге жалдаған пәтердің ішінде өрбиді, сондықтан олар, әрине, бірінші маусымда жеке өмірін құруға үлгермейді, яғни кинокартинаның табиғи тұрғыда өріс алар тұсы әлі де жеткілікті еді.

«Дәрігерлер» сериалының постері/ашық дереккөзден

«Дәрігерлер» сериалының постері/ашық дереккөзден

Формат пен кейіпкерлердің өмір сүру ортасынан бөлек «Қызғаныш», дораманың әлі күнге жалғасып келе жатқан басты тақырыбын сүрлеу ретінде айқындап берді. Ол — достық, оның құпиялығы, оны сақтаудың немесе көрсетудің тәсілдері. Мұндай ең нәзік әрі риясыз таза сезімге өнер атаулы тым аз назар аударады, оны қандай да бір көңіл көтерудің бір түріне жатқыза салады да, мысалы, Батыс романдарының кейіпкерлері өмірлеріне махаббат кіріп келген кезде ойсыз әрекет ете береді. Дорама бұған мүлдем өзгеше көзбен қарайды. Достың досқа сезімі, сенің өміріңе немесе досыңның өміріне махаббат енгенде дос бола алу мүмкіндігінің өзі: осының барлығы махаббаттың құпиялылығынан да асқан мұқияттылықпен зерделенеді. Біз дорамаларға дер уақытында ең ыстық, ең жан жылытар, ең бастысы өміріміздегі сарқылмайтын нәрсемізбен бетпе-бет жүздестіргені үшін разы болуымыз қажет. «Қызғаныш» жігіт пен қыздың достығын баяндайды және түсінікті жолмен оларды қызғаныштың тікені арқылы жүргізіп, бір-біріне тәулік бойы әрі шегі жоқ тәсілмен қажет екенін түйсінуіне алып келеді. Жігіт пен қыз арасындағы достықты баяндайтын ең үздік дорама тізіміне «Бұзып шығамызды» (Ssam Maiwei, 2017) қосқан дұрыс, онда достық абстракция түрінде емес, керісінше жігіт те, қыз да армандаған жұмысымен айналысқандай күй кешіп, азға қанағат ететін таныс жағдаймен байланыстырыла қарастырылған (таэквондо чемпионы жасырын ұйымдастырылатын күрестерге қатысады, ал конферансье болып шоу жүргізуді немесе радио жүргізушісі болуды армандаған қыз супермаркеттің микрофонымен жарнамаларды баяндайды).

«Жас ұрпақ» сериалы/ашық дереккөзден

«Жас ұрпақ» сериалы/ашық дереккөзден

Дорамалар ер адамдардың достығы жайын сипаттайтын ерекшелігімен де маңызды. Бұрындары драмалық шығармалар мен фильмдерде ерлердің достығы жалпылама ортақ сюжетке айналып үлгерген штамп іспеттес әскери шытырман оқиғалармен немесе қылмыс әлеміндегі афералармен ғана сабақтасып берілетін. Ал дәл қазіргі Батыс бұқаралық мәдениеті бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын екі жігітті дереу төсекке жатқызуға асық. Дорама бір шетінен күнделікті өмірде бетпе-бет келуіміз неғайбыл авантюрадан азат, тағы бір шетінен достарға қажет еместігі былай тұрсын, тіпті зиянды секс тақырыбынан тәуелсіз жолды іздейді әрі ұсынады. Мұндай сюжеттері бар картиналар дорамалардың жартысына жуығында кезігеді, бірақ ондағы тығыз қарым-қатынас ауырып қалған не мүгедек болып қалған досымен жағдай мәжбүрлегендіктен физикалық жақындықта болу сарынында көрініс табады, олардың байланысы, денелік әрекеттесуі қарапайым жиіркеніш сезімінен де тысқары шығып кетеді: ауруханада («Шынайы сұлулық», «Қызғаныштың инкарнациясы») немесе жабайы табиғатта жалғыз қалып кеткенде («Мурим мектебі» / Murimhakgyo, 2016). Ең әуелі біреудің нәрестедей дәрменсіздігін сезінумен, одан соң дәл осы кезде оған сүйеу болу мүмкіндігін сезінумен оп-оңай түпнұсқа достықтың ақиқат нотасына дөп түсуге болатыны белгілі болады: бір қарағанда сезіміңді білдірудің/сыналудың, жақын болудың сондай қарапайым әрі өте тиімді тәсілі. Мұндай сынақтан кейін пайда болатын немесе болмайтын қорытынды да сондай айқын: мен бұл өмірде сенсіз өмір сүруге дайынмын ба, әлде дайын емеспін бе? Сенің осы өмірде аман-сау жүргеніңді білу әлемге сенуіме, планетаны қауіпсіз орын ретінде сезінуімнің кепілі бола ала ма? Мен корей дорамаларындағы достықтың мүмкін болған үйлесіміне қол жеткізудің ең негізгі әрі жиі қайталанатын мотивін алдым; мұндай «шешімнің» барынша байсалды көрінісі онда жетіп артылады.

«Мурим мектебі» сериалы/ашық дереккөзден

«Мурим мектебі» сериалы/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» таза корейлік сырттай қызығудан тұратын, біз мүмкін болған сезімдердің ішіндегі ең ауыры деп санауға үйренген сезімді де ашып берді. Корей дорамаларында қызғаныш тікені сүйген адамың сен үшін қаншалықты маңызды дегеннің индикаторы қызметін атқарады. Уайым мен күмән аралас сезімдердің сарқылмас сүрлеуінен өте отырып «Қызғаныштың инкарнациясы» басты кейіпкерлері — айырылмас екі дос пен қыз үшеуі, қызғаныш — басқа біреу үшін барыңды салуға бола ма, ол саған мәңігілік керек пе деген сұрақтың жауабын табудың қарапайым тәсілі деген қорытындыға келеді. Тым қарабайыр салыстыруым үшін кешірім сұраймын, бірақ махаббат пен достық тақырыбына қатысты алғанда қызғаныш мұнда еркектегі эрекцияның аналогына айналады, біз еркектер не ойласақ та, не нәрсені ойдан шығарып алсақ та, миымыз қандай аргумент алға тартса да (ол — әдемі, ақылды, бай, ал сен керісіншесің деген сияқты) қызғаныш әрдайым барынша ап-айқын түрде шын мәнінде кімді қалайтынымызды және бәрінен гөрі кімді жақсы көретінімізді көрсетіп береді. Әрбірден соң, бұл қызғанышымыздан туған мазасыз күйімізден құтқарып қана қоймай, өзімізбен қатар бізді бағалайтын жан үшін де шынымен пайдалы болатын сондай қызық бақылау.

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

Ескі «Қызғаныштан» осы күндердегі «Қызғаныштың инкарнациясына» жиі жүгіре бергендіктен, осы екінші фильмді дорамалардың драмматургиясын сөз ету үшін қолданып көрелік: ол шынында да өзгеше, батыстық болсын, латынамерикалық болсын кез келген сериал атаулыдан түбегейлі ерекшеленеді. Фильмнің басты линиясы, міне, мынадай: үйлесім жоқ дегіміз келмейді, басты кейіпкер «күлкілі қыз» болумен қатар қатты ішкенді жақсы көреді — кешкі телехабарда ауа райын жүргізуге жұмысқа тұрып, сонда көрікті репортерге құлай ғашық болады да махаббаттың неофитіне тән табандылықпен оны аңдумен болады. Репортер оны жұрттың көзінше кері итереді, үш жылға Тайландқа кетіп те қалады, бірақ ол сол жаққа жіберілетін топпен бірге барып алады, соңында олар бірге Кореяға қайтады. Жасаған эксклюзив репортаждарын мақтан тұтатын, шыныққан кеудесі бар әрі өзгеше костюмдер киетін краш жігіт үшін оның қандай қорқынышты түс сияқты болғанын елестетіп көріңізші. Қыз да осындай әдемі кеудеге ұмтылады және туған анасын о дүниелік еткен кеуде обырымен ауыратын боп шығады. Жігіт те кеуде обырымен ауырады екен, қыз да сол аурумен дертті, екеуін бір палатаға жатқызады. Әрине, бұл комедия, дегенмен қазіргі дорамалардың барлығы дерлік қазіргі мағынадағы комедия саналмаса да ежелгі гректердің көзіндегідей комедия заңдылықтарына бағынады. Дорамаларда өзіне тән мінездері бар персонаждар жетерлік, ал орталық фигура саналатын актерлар публиканы күлдіретін қабілетін көрсетуді міндет санайтындай. Қысқасы жаңағы екеуіне де операция жасалады, екеуінің де бір емшегі екіншісінен кішкентай болып қалады, жігітке бұдан бөлек химиялық терапиядан өту қажет болады да бұл жағдай оған ұнамайды. Халық алдындағы адам болуымен қатар, ол өзінің әлсіздігін көрсеткісі келмейді, бұған қоса ауруханадағы процедуралардан өту үшін кезекке тұрғанда көпшілік оны танып қоя беретіні жығылғанға жұдырықтай болып көрінеді. Сол кезде қыз кеуде обырымен ауырған өзі болып, ал жігіт оның қасында көмек етіп жүргендей оқиғаны ойластырып, көмек етпек болады. Оның осы көмегі жігіттің оған басқаша көзбен қарауына әсер етіп, нәтижеде қызға ғашық болып қалады. Батыс мәнеріне салғанда негізі түйіннің шешілетін тұсы дәл осы болуы тиіс еді.

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

Кореяда олай болмай шықты. Осы аралықта қызға репортердің досы ғашық болып үлгереді, қызға да сұлу әрі дәулетті жігіттің назары ұнайды. Қыз онымен араласа келе махаббат деп ойлап қалу оп-оңай жайлылықты сезінеді. Репортер бұған қатты жынданады, осылайша бәсекелес әрі жауға айналып үлгерген екі достың оқиғасы басталады. Бұл оқиға досы қызды аңди жүріп жігіт химиялық терапиядан өтіп жатқан палатаға кіріп кеткенге дейін ұзаққа созылып жарқын эпизодтармен көрініс табады. Сол жерде олар қайтадан табысып, бірге ішеді, өмір жайлы толғайды, бірақ ол қыздың таңдауы енді кімге түседі? Қыз ол уақытта жаңалық жүргізуші болуға барын салып жатады. Бірақ ауа райына қатысты түсірілімге байланысты конкурсқа қатысуға жете алмай қиналады, сол кезде репортер жігіт оған қызметтік тікұшағымен ұшып келеді, қыз да конкурстан өтіп фильм бойы армандаған сол орнына қол жеткізеді, ал репортер — қызды сүю арманына жетеді: қыз оны таңдады!

Осы жерде де ертегі аяқталады деп күтуге болар еді, бірақ сайлау уақыты келіп қалады да сайлау қорытындыларын тікелей эфирде көрсететін бағдарламаны дәл сол репортермен дуэт болып жүргізуге қыз мүмкіндік алады. Бұл жұмысты оған репортер күш салып жүріп алып берген еді. Триумф? Солай болса, қанекей! Бірнеше серия бойы дайындалған осы мүмкіндікті ол, былайша айтқанда, бүлдіріп алады, сондықтан алғашқы жарнамалық паузадан кейін оның орнына жүргізуші етіп ықпалды шенеуніктің қызын шығарады. Репортердің досы қайтадан қызды айналдыруға көшеді. Өзіңіз байқап отырғандай, бұл әлі де соңы емес.

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

Жылдар бойы жалғасып, халықты экран алдында ұстап тұру үшін кез келген тәсілге жүгінуге болады деп қарайтын қандай да бір «Санта-Барбараның» жайы сөз болып жатпағанын қаперде ұстау қажет. Оның орнына әбден сығымдылған, бар жоғы 24 серияға сыйғызылған оқиғаны айтып отырмыз. Мәселе, корей дорамаларында түйін 6–7-серияның өзінде тарқатылып қояды. Мәлім етілген тақырып ендігі жабылған, тек оқиға жалғасып жатыр, тіпті мүлдем өзгеше деңгейге көтеріліп үлгереді: махаббат жайы айтылды, мансап тақырыбына өтті, махаббат үшбұрышын көрдік, енді достық тақырыбына кезек келді. Сосын тағы да, тағы да. Міне, сондықтан оларды көру ерекше қызық, өйткені дорамалар көрермен қатты қызығушылық танытып тұрған кезде соны қанағаттандыру үшін бір ғана мәселені ұзақ шыр айналып жүре бермейді. Жәй мәселені өзгертеді, кейде тіпті жанрды.

Бұл енді корей драмматургиясының ерекшелігі дәл осы дейтіндей нәрсе емес. Бұлай болу себебі, бұрынырақта дорамаларды эфирде түсіріліп біткен сериялары көрсетіліп жатқан кезде параллель түрде өндіре беретін. Көрермендер студияға сол уақытта бұдан ары не нәрсені көргісі келетінін, сюжетті қалай бұрғанда қызық болар еді деген ойларын жаудыратын. Жиырма жылдай бұрын интерактив сипаттағы детективтер түсіру ұмтылысы болды, бірақ Кореяда бұл проблема бұдан әлдеқайда ертерек және кез келген жанр үшін шешіліп қойған да еді: 1990-жылдардан бастап-ақ дораламар ендігі интерактив болуды бастап кеткен еді. Дорамалар жол үстінде жазылатын, актерлар түсірілімге келіп жаттаған мәтінін лақтыра салатын, өйткені оларға тіпті басқа нәрсені ойнауға тура келетін жағдайлар болушы еді: махаббат жайлы емес, мысалы адам өлімін түсіру керек болып қалатын.

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

«Қызғаныш» сериалынан кадр/ашық дереккөзден

Дорама мен публика арасындағы қарым-қатынастың бетбұрысты сәті ретінде актер таңдау шарты бойынша (кастинг бойынша да) жігіттің міндетті түрде көрікті болуы талап етілген элиталық жауынгерлер тобы жайындағы маусымның ең қатты күтілген дорамасы «Хваран отряды» (Hwarang) немесе екінші рөлде бес жылдан бері жанкешті психтарды сомдап тұтас ұлттың басын шайқатқан, бірде «динозавр» деп өзін дәл сипаттаған ерекше әрі жарқын бейнелі актер Ким У Бин ақыры басты рөлде ойнаған «Мәжнүн ғашықтар» (Hamburo Aeteutage) заманауи романтикалық комедиясы толық жазылып, түсіріліп және көрсетілімге дейін студияға жіберілген 2016 жыл аталса да, әлі күнге қандай да бір картина желіде тым қарқынды талқыланса не біржақты сынға ұшырып, көрермен бірауыздан оқиғаның басқаша өрбігенін талап етсе, актерлар қайтадан түсірілім алаңына шақырылып, мүлдем жаңа, бастапқы ойға қарама-қайшы эпизодтар түсіріле береді.

«Хуаран әскері» сериалы/ашық дереккөзден

«Хуаран әскері» сериалы/ашық дереккөзден

Әйткенмен мұның бәрі драматургияның өздігінен еріксіз қалыптасқан, әу баста дорамаларды түсіру кезінде өзегіне еніп кеткен интерактив сипатынан туған ерекше формасы (біз Кореяда емеспіз, Отанында көрсетілу барысында туатын қайнаған ортаның ішінде болмағандықтан кейіннен көреміз) оларды көрудің өзі ғаламат әсер қалдыратын, шарықтау шегі мен түйінінің шешілуі көп күттірмейтін. Осыдан келіп жаңа проблемалар мен мәселелер бірінен кейін бірі туындайтындай сипат тапты.

«Қызғанышқа» қайтып оралайық. Оның 1992 жылы сәтті шыққаны сонша телестудиялар дереу бұрынырақтағы айларға созылатын отбасылық хикаялардан жас кейіпкерлері бар жаңа сығымдалған форматтағы стильдік фильмдерге бағдарын ауыстырды. Сәтті шыққаны сонша, дорамалар қоңсы Қытай, Тайвань мен Гонгконгтың экрандарына қонжиып алды. Дорамалардың әлемді жаулап алатын экспансиясының келесі датасы «Қысқы соната» (Gyeouryeon-ga) шыққан 2002 жыл болды. Фильм уысына Жапонияны түсірді, ал Жапония бар жерде, өзіңіз білетіндей тұтас Азия-Тынық мұхит аймағы қолға түсті деген сөз. Картинаның жетістігі екі сүрлеу бойынша жүрді. Бірінші — 40–50-жастағы жапон әйелдері: бір жыл өткенде олар сериал түсірілген Нами аралына 150 мың болып ағылды, осылайша Кореяда туризм саласындағы дүмпу басталды. Екіншісі — сән индустриясы: фильмде өлмес махаббаттың символы болып ойнаған темірқазық жұлдызы келесі маусымда Шығыс Азияда шығарылған зергерлік бұйым атаулының жалғыз демесек те, негізгі лейтмотивіне айналды және Сингапур секілді айтарлықтай ыстық жердің өзінде ерлер қауымы түгелдей дерлік басты рөлдегі Пэ Ён Чжун секілді шарф байлауды үйреніп алып еді.

«Қысқы соната» сериалының постері/ашық дереккөзден

«Қысқы соната» сериалының постері/ашық дереккөзден

«Қысқы сонатаның» феномен болуының сыры орта жастағы жапон әйелдері мен корей телевизия мамандарының қызығушылықтары мен қалаулары бір нүктеде түйісіп, бір мәдени пілтенің ішінде маздап жануымен байланысты болып еді. Мұндағы ортақ қызығушылық, ең әуелі жарнамалық фотосессияның жылтырақ кейпін киноматографиялық қыдырыс деуге болатын, дәлірегі сабақтан немесе жұмыстан қашып шығып қыдыруды білдіретін импровизациялық стильмен шебер жымдастырған фильмі үшін 1966 жылы Канн фестивалінің «Алтын пальма бұтағына» лайық болып танылған Лелуштың «Ер мен әйел» фильмінен шабыттанған жапондардың 1970-жылдардағы меланхолиялық мелодрамалары еді.

Жапон әйелдері «Сонатаны» көргенде жас кезіндегі фильмдерді есіне алып, ностальгия күйін кешетін. Жас кезіндегі кумирының магниттей тартатын рецепті 1980-жылдардағы үнемшіл әрі ұйпа-тұйпа кейіпкерлердің келуімен ұмытылған да еді. Кәрістер үшін жапон киносының осы бір қабаты тыйым салынған жемістей тым тәтті еді. Оңтүстік Кореяда жапондар Кореяны оккупациялағаннан кейін, тіпті беріректегі 1998 жылға дейін жапондардың тұтас медиа өнімдеріне, оның ішінде кино да бар, тыйым салынған еді. Әйтсе де, «таным көкжиегін арттырып, білімін жетілдіру» үшін телевизия мамандарына бұл картиналарды көруге рұқсат етілетін. Сондықтан болса керек, 70-жылдардағы жапон фильмдері секілді дүниелерді қайта түсіруге деген ниет корейліктерде ешқашан толастамаған-ды. Ондай фильмдер қатарына жас, осыдан келіп «Ален Делонға» тән қайталанбас плащпен ерекше көзге түскен Кенъити Хагивара мен әдемі музыка фонында қысқы теңіз жағасында жүретін қырықтағы Кейко Киси ойнайтын «Уәдені» (Yakusoku, 1972) немесе Кен Такакура түскен «Сары орамал бақытын» (Shiawase no kiiroi hankachi, 1977), «Қысқы гүлді» немесе пилот күртешесімен меланхолиялық музыка шебері Клод Кьяриді еске салатын «Станцияны» (Eki, 1981) жатқыза аламыз. Экзистенциялық ішкі жаралы күй мен махаббаттан үмітті еркектің бейнесі — бәрі-бәрі сонда тұр. Кәрістер алды да соны қайта жасады!

1 / 2

Мектеп қабарғасында жүргенде жігіті қайтыс болған қыз бен сол жігіттің ұқсасы туралы оқиға — шын мәнінде сол жігіттің өзі, тек жол апатынан амнезияға ұшырап тірі қалған, сосын оны Америкаға алып кеткен — он жыл өткеннен кейін қыздың оны қысқы теңіз жағасында танымал архитектор кейпінде қайтадан табуымен, қайта оралған балалық махаббатының оны кезекті жобасына интерьер дизайнері етіп жұмысқа алуымен түпкі сезімге дөп түскендіктен оғаш көрінбейді. «Қысқы соната» күтімі бөлек, жаңа сән үлгісі мен қымбат маркаларды киетін ер кейіпкерлерді модаға айналдырды. «Динозавр» Ким У Биннің «Мұрегерлердегі», әйелдердің жүрегін жаулаушы Ли Мин Хоның «Көк теңіздің аңызындағы» (Pureun Badaui Jeonseol, 2017) сәбіз түстес пальтомен киген мойны бар қалың жемпірі мен галереялар мен концептулистер жайында түсірілген ерекше комедия «Даль-ли и камджатханың» (Dalliwa Gamjatang, 2021) алғашқы серияларында Ким Мин Чжэнің қайталанбас ақ костюммен Обри Бердслейдің виньеткалары стиліндегі қара принті бар галстукте жарқырып шығуы түбі сол жақтан тамыр тартады.

1 / 2

Бұлай ерлерді барын салып сәндеу, 1970-жылдары дәл қазіргі Кореядай экономикалық дүмпудың тәтті жемісін жеп жатқан Жапониядан келді: жас француз Рено Верлейдің өзі Кона Итикаваның «Тағы да сүю» (Ai futatabi, 1971) фильмінде тіпті Висконтидың картиналарында мүмкін болмаған сән мен көрікке қол жеткізген еді.

Бастан-аяқ сәнденген, шашын әрлеген жапон ерлерінің 1970-жылдардағы вирустық кейпі жеткен жерінің барлығына жұғып үлгерген-ді. Сән атаулыдан жырақ жатқан Совет Одағының өзінде, жапон ленталары үздіксіз берілгендіктен, бакенбарды мен плащы бас айналдырар Кена Такакура мен Ёсио Хараданың дуэтіндегі «Қауіпті қуғынның» (Kimi yo fundo no kawa wo watare, 1976) немесе «Динозавр жайлы аңыздардағы» басына сәнді кепка мен былғары қолғап киген бірбеткей әрі қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Цунехико Ватасенің көрікті бейнесінің жетістігі сұмдық болды. Орталық Азия кинематографтары ерлерге тән сән үлгісінің мұндай әліппесін қойын дәптеріне түртіп алғанды: Қырғыздың «Провинциал романына» (1981) экрандағы мәңгі бандитке айналған Талғат Нигматуллинді әрлеп шығарғанда оның қандай көрікті, қол жетпес әрі күздің әдемі күніндей өңді болып шыға келгенін еске түсіріңізші! Әрбірден соң қайталау тіпті мүмкін емес Виктор Цой, әсіресе «Инедегі» (1988) рөлінен кейін — ендігі толық мағынасында корей айдолына (яғни, көңіл көтеру индустриясының әмбебап жұлдызы деген мағынада қарар болсақ: бір өзі әнші, автор, актер әрі модель) айналып шыққан жоқ па еді?! Ол кезде Кореяның өзінде мұндай түсініктің өзі атымен жоқ еді, ал әлем K-pop дегеннің не екенін әлі естімеген де еді.

Алайда жарты ғасырға жуық уақыт Жапониядан кіндігі ажыраумен өткен Кореяға бұл желдің самалы жаңа мыңжылдықтың басында ғана жетті — есесіне содан бері бұл музыканы тоқтату мүмкін емес көрінеді.

Корей сериалдары туралы материалымыздың екінші бөлімін мына жерден оқуға болады.

«Ине» фльмінің постері/ашық дереккөзден

«Ине» фльмінің постері/ашық дереккөзден

Алексей Васильев

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ