ОФЛАЙНДА АДАСҚАН ТУЫНДЫГЕР

Әбілхан Қастеев атындағы музейде өткен Саян Байғалиевтің көрмесі

Автопортрет/Саян Байгалиев

Саян Байғалиев — жас болғанымен, таяуда ғана Forbes-тің «30 жасқа дейінгі 30» тізіміне еніп үлгерген, төрткүл дүниеге аты шыға бастаған суретші. Оның сырт көзге әсерлі көрінетін «мүсіндік кескіндемеcінің» терең қатпарында онлайн әлем мен ақпарат тасқынында адасқан заманауи көрерменге ой салар астар бар.

Суретші 1996 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Бетқұдық ауылында дүниеге келген, сурет өнерін Өскемен қаласында меңгере бастаған. Кейін Жүргенов атындағы Өнер академиясының (Алматы) мектеп-интернатына, әрмен қарай колледжіне түсіп оқуын жалғастырған. Онда Саян қазақ сурет өнерінің бастауында тұрған Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастеевамен бірге оқыған. Кейінірек Саян «Суриковкаға» түсу үшін Мәскеуге қоныс аударғанда (2016 жыл) заманауи өнер мектебінің білгірі, тағы бір суретшілер отбасынан шыққан Айдан Салахованың шеберханасына келіп, шеберлігін шыңдаған. 2023 жылы Байғалиев кенептің тегіс бетінен тысқары шыққан, бір уақытта инсталляция да және мүсін де бола алатын «ноу-хауын» көрермен назарына ұсынды. Оған дейін де Саян халықаралық көрмелерге бірнеше мәрте қатысқан еді, тіпті британдық сыйлықты жеңіп те алған болатын (2021 жыл). 2024 жылы суретші Алматыға қайта оралды. Оның Ә. Қастеев атындағы музейге қойылған «Matte(r)reality» деп аталатын экспозициясын мамандар маңызды көрме ретінде бағалап отыр.

Саян Байгалиев. «Қылдай бөліп алу»/Андрей Хлудеев

Көрме залына кіргенде әсерлі мүсін-кескіндеме жұмыстарына бірден бас салғың келеді. Қызылды-жасылды туындылар көрушіні өзіне бірден баурап алады. Бірақ суреттердің сырт келбетіне арбалған жанның еңбектің астарындағы терең қатпарды көре қоюы екіталай. Туындылардың басым бөлігі суретшінің пәтерін еске салады. Кадрға ара-тұра суретшінің жұбайы мен баласы кіріп келеді. Мұндай «біртоғалық» көрерменге ғимаратты адам танымастай етіп өзгерткен тәпсірге назар аударуға септеседі.

Көрме залының оң жағында суретшінің салыстырмалы түрде «ескі» туындылары қойылған. Бірақ сол жұмыстардың өзінен Байғалиевке тән маңызды айрықшалықтар көрініп тұрады. «Төрт бөлме» — тіпті автордың бақылау пунктіне айналған сүйікті орны дәліздің өзінен толықтай көзге сыймайтындай тұтас пәтер. Дәліз — әрі-бері жүріп, әр бөлменің өмірін тамашалауға мүмкіндік беретін, бәрін біріктіретін кеңістік. Бірақ туындыгерге адамның ғана көзқарасы жеткіліксіз. Шеткері бөлмелер құдды бір камерадан бақыланғандай көрінеді, ал орталық бөлмелердің биіктігі кісі бойындай ғана. Ас үйдегі сахнаны («Түнде ас үйде») Байғалиев бірнеше көзқарас түйісетін үлкен панорамаға айналдырған: көзқарас бірде қараңғы дәлізге ойысса, бірде терезе сыртындағы қаланың кең кеңістігіне түседі. «Жанды күту» сахнасында кіреберіске бастар есіктер ашық қалған және бұл көрерменді бөлмеге кіріп «тамашалауға» ынтық қыла түседі. Ал ауыз үйдегі терезеден «созылып жатқан» дәліз көрінеді. «Жата ғой» сахнасы ұлын ұйықтатып жатқан жұбайының әрбір қимылын қалыс қалдырмайды. Суретші көзге көрінбейтін дүниені «өткір көзбен», өзге әдіспен паш етеді.

Саян Байгалиев. «Жанды күту»/Андрей Хлудеев

Бір қарағанда өзіңді қауіпсіз сезінетін ұядай ғана үй көрермен зерттеу алаңына айналдырған кеңістікке айналады. Суретші тұйық кеңістіктің шегараларын үнемі кеңейтіп отыруға тырысады. Мұны кенептердің ұзартылған пішінінен де байқай аламыз. Заттардың бей-берекет әрі қисық қойылуы әрбір бұйымға жан беретіндей. Ал олардың санының шамадан тыс болуы — өзіңнің кеңістік «аралыңды» шексіз зерттеуге мүмкіндік береді.

Осы дүниенің бәрінің айтпағы бір: біздің шынайы әлеммен, әсіресе, сусып өтіп бара жатқан күнделікті күйбеңмен әрекеттесу мүмкіндіктеріміз өте шектеулі. Адам баласында сезім мүшелері мен санасы ғана қабылдай алатын әлемнің шектеулі бөлшектерін ғана місе тұтып, соның тұтастай әлем деп қабылдайтын жаман әдеті бар. Байғалиев осы бір тар шегараларды жан-тәнімен сезініп, үнемі қолымыздан сусып кететін шынайы әлемге шыққысы келеді. Ол құдды бір шынайы әлеммен ортадағы нәзік байланыстың үзіліп кету қаупінің артында қандай қатер жатқанын сезінетіндей.

Суретшінің көрмедегі 2023–2024 жылдар аралығында салған туындыларының (сол жақ қанат) интерьері мүлдем өзгеше. Мұндағы суреттер әсіре экспрессивті, тіпті жүйке жұқартатындай. Ондағы заттар мен бөлменің ұштары үшкірлене түскен. Жарықтың түрлі түсті көлеңкелері тегіс бетті қиып түседі. Мұндағы туындыларда жылы әрі жарқын түстер қолданылмаған. Көбіне қара, ақ, сұр (қызыл түс те бар, бірақ бұл үрейді одан әрмен арттыра түседі) бояулар үстемдік құрған. Бұл туындыларда басты қаһарман бос кеңістік болғаны анық. Ал «Дәлізде ешкім жоқ» және «Бөлмеде жалғыз» деген атаулар айрықша. Эшер графикасына ұқсайтын «Қабаттар арасында» деп аталатын геометриялық композициядан жалғыздық мотиві байқалады: бос бөлмеде үстел, бір орындық пен жалғыз ыдыс қана тұр. «Дәліз соңында» деп аталатын шеткі бөлмедегі кенепте де «жалғыз қалған адам» мотиві көрініс тапқан. Аталған екі туынды — көрмедегі ең үрейлі жұмыстар.

Саян Байгалиев. «Дәлізде ешкім жоқ»/Андрей Хлудеев

Пәтер түбегейлі космостық өлшемге өтіп, бейтаныс әлемнің шым-шытырық лабиринтіне айналады. Бұл, әсіресе, реализм геометриялық абстракцияға сіңіп кететін «Дәліз» деп аталатын туындыда қатты сезіледі. «Дәліз соңындағы» түнектен суретші мен көрерменге арғы әлемнен келген қонақ, біздің әлемімізде үрей я қорқыныш кейпінде көрініс тапқан ажал бақылап тұрады. Белгісіздік — адамның әлеммен шектеулі түрде қабысуы мен ұдайы қызықты көрінетін зерттеу кеңістігі ғана емес, ол сондай-ақ тірі жаратылыстың әлсіздігі қатты сезілетін аймақ.

Туындының осы бір бөлігімен «Қылдай бөліп алу» (классикалық туындылардағы уақыттың сусып өтіп бара жатқанын аңғартатын натюрморттың шырқау шегі) деп аталатын бөлік үйлеседі. Қап-қара ғарыш түнек фонында тұрған қақ жарылған үстелге қарап, тура қазір оның үстіндегі бүкіл ыдыс құлап, күл-парша болатындай әсер аласың. Заттардың бей-берекет қойылуы Брюлловтың «Помпейдегі соңғы күн» фильміндегі кейіпкерлердің жан-жаққа тым-тырақай қашқанын еске салады. Дегенмен кенеп пен одан шығып тұрған құмыраның да «сынып» тұрғаны қызықты көрінеді. Бұл тек туындыда ғана емес, сондай-ақ біздің кеңістігімізде де «өлім» бар екенін аңдатады.

Бұл тұрғыдан келгенде үлкен мүсін-кескіндемелік инсталляциялар қызықты көрінеді. Айталық, «Бөлмеден» еңбегінде кеңістіктен қонақ бөлмеге қарай жайылған үстелдің аяқтары әлі толық жазылып үлгермеген. Оның үстіне қойылған ыдыс-аяқ әні-міне дегенше сырғып кететіндей. Шатқаяқтап зорға тұрған үстел жүруді енді үйреніп жүрген кішкентай баланы еске түсіреді. Нәзіктік пен қимыл да өмірге бірдей керек дүниелер. Осы бір екіұштылық «Мен өмір сүретін кеңістіктің ішінде» деп аталатын негізгі инсталляцияда да бар. Отырғыш, үстел, орындық, мольберт, бокалдар — бәрінің де тұғыры бос. Мұнда асимметрия үстемдік құрған. Бәрі де қисық әрі «бұрыс» қойылған, бірақ осы бір ерекшелік әр затқа айрықшалық дарытып тұр. Туынды экспрессиясы заттарды жанды дүниеге айналдырады. Ал туындының қалың қатпарлары (өскін жарған әрі тысқа ағылған) кенепке өмір дарытқан.

Кескіндеменің мүсінге айналуына қарап, мұны бір кезекті әртістік әдіс немесе «ескірген» сурет өнерін қайта жаңғырту үшін жасалған ұмтылыс деп қабылдауға келмейді. Аталған туындыларға бүкіл әлемдік және қатерлі процеске берілген жауап ретінде қараған жөн. Ақпараттың шамадан тыс ағылуы мен өмірдің онлайн форматқа ауысуы адамды табиғи шындықтан (ең алдымен саналы түрде және сөзбен түсіндіруге келмейтін қырынан) алшақтатып жатыр. Өмірдің шамадан тыс жүйткіген қарқыны мен уақыт өткен сайын тым қысқа форматтар үстемдік еткен әлеуметтік желі мен медиадағы ақпарат тасқыны бәрінің тас-талқанын шығарып келеді. Онлайн мен офлайнды сапырылыстырған белгілерге ұдайы үн қатып отыру қажет болғандықтан, құбылыстардың мәніне «терең» үңілуге кедергі көп. Оның үстіне құбылыстардың үстіртін тұрған мәні жарқ-жұрқ етіп көзге басылып тұр.

Саян Байгалиев. Айнадағы автопортрет/Андрей Хлудеев

Осылайша онлайн-кеңістік шынайылыққа айналып, жұрт юзерге, медиа бейнелерге я статистикалық деректерге (жаңалықта айтылған соғыста қаза тапқан «жүздеген» жанға) айналып отыр. Осы тұста пропаганданың айла-шарғысы, жарнамалар я пікірі жоқ, көзге көрінбейтін жазылушылары үшін «қоғамдық пікір» қалыптастырған сыңай танытатын тренд тудырушы блогерлер туралы сөз қозғаудың өзі артық. Қоғамға таңылған осы бір жылтырақ иллюзиялар құдды бір үлкен экран-қабырғаға айналғандай. Бұл қабырға адамның шынайы әлемге (қабылдауға келетін, саналы түрде ой жүгіртіп, қорытынды шығара алатын кеңістікке) шығуын кедергі келтіріп, ұдайы белгісіз бір аймаққа бағыттап отырады. Онда тек аумалы-төкпелі, өте сынғыш әрі күрделі жаратылыс қана өмір сүре алады. Белгісіз әлемдегі ақпарат тасқынын адам сіңіріп үлгермейтіндіктен, ол бұл әлемде өз болмысының басым бөлігін жоғалтып алады. Дегенмен бар бәле осымен ғана бітпейді. Шынайы әлеммен байланысын жоғалтқан адам біреудің қайғысын сезінуден (юзерлер, образдар мен рөлге енген жанның біреуге жаны аши қоюы екіталай) қалып, құндылықтарының астан-кестеңі (трендтер тез арада құбылып кететін әлемде, жан-тәніңмен сене қоймайтын дүниені қорғау мүмкін емес) шығады.

Саян Байгалиев. «Бөлмеден»/Андрей Хлудеев

Байғалиевтің кескіндеме мүсіндері (көрмеде инсталляциялардан бөлек, мүсіндер де жетерлік, мәселен, кіре-беріске қарсы қойылған «Кілемдегі натюрмортты» айтуға болады) «бейвиртуалдану» секілді. Туындыгер кенеп-экранды жарып өтіп, көрерменге кескіндеме арқылы тірілген затты ұсынады. Осылайша суретші көрерменге: «міне, лимон, анар, түрлі кескіндермен безендірілген құмыра, құтылар, төсеніш пен шыныға зер сал. Олардың қандай қатты екенін, көркем әрі әдемі екенін көріп тұрмысың» дейтіндей. Бұл жай ғана сурет емес. Бұл деген — шынтуайтында нағыз...

Шынайы өмірдің лабиринті үрейлі, бірақ тек осында ғана өмірдің құндылығы мен нәзіктігін сезіне аласың. Әрі оны зерттеу (заттардың сарқылмайтынын білсек те) әлдеқайда қызық.

Көшірілді