ÖZIMIZ ауызша әңгімелер байқауы туралы ереже

-

1. Осы ереже ÖZIMIZ ауызша әңгімелер байқауын өткiзу тәртiбiн, ұсынылған еңбектерге қойылатын талаптарды, оларды ұсыну тәртiбiн, өткiзу мерзiмдерiн реттейдi.

2. Байқаудың мақсаты: «Ауызша әңгіме» түріндегі зерттеу әдісін пайдалана отырып, нақты адамдардың жеке дара хикаялары арқылы таяуда өткен тарихи оқиғаларды, айғақтарды және ұжымдық ой толғауларды жазып алу процесіне жұртшылықты тарту.

3. Байқаудың ұйымдастырушысы: QALAM жобасы Орталық Азия мен бүкіл дүние жүзіндегі адамзат тарихы мен мәдениетіне арналған көп платформалы ғылыми-білім беру басылымы. Жобаның негiзiне әлемдiк тарихи үдерістерге қатысты Орта Азиялық көзқарас алынған. Негізгі материалдардың бәрін әлемнің түрлі елдерінде жұмыс істейтін, өздерінің кәсіби саласында лайықты биік беделге ие болған тарихшылар, философтар, өнертанушылар мен саясаттанушылар дайындайды. Жобаға түрлі елдердің, соның ішінде Қазақстанның, АҚШ-тың, Канаданың, Ұлыбритания мен Ресейдің зерттеушілері қатысуда. Қазір QALAM жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

4. Байқаудың жүлделері: Ауызша әңгімелер байқауының ұйымдастырушысы QALAM мультимедиа жобасы үздік үш еңбек үшін мынадай жүлде қорын құрды:

· 1-орын 1 500 000 теңге

· 2-орын 1 000 000 теңге

· 3-орын — 500 000 теңге

Үздік еңбектер ақшалай жүлделермен қатар ескерткіш таңбалармен марапатталып, Qalam.global сайтында жарияланады. Салықтар мен өзге де міндетті төлемдер ҚР заңнамасына сәйкес ұстап қалынады.

5. Қатысу шарттары: Байқауға Қазақстанның аумағында және одан тыс жерлерде тұратын 12–25 жастағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысушылар байқаудың ережелерiмен келiсетінiн растауға және өздерінің жасы мен тұрғылықты жерiн растайтын құжаттарды ұсынуы тиiс. Байқауға жіберілген шығарма Қазақстанға қатысты болуға тиіс.

6. Өтінім беру: Байқауға қатысу туралы өтінімдер 01.07.2024 жылғы сағат 00:00-ге дейін (Астана уақыты бойынша) info @ galam.global электрондық поштасы арқылы қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде мәтіндік, дыбыстық немесе бейне пішімде қабылданады. Өтінімге байқау сайтында жарияланған техникалық талаптарға сәйкес толық толтырылған сауалнама, фотосуреттер мен басқа да құжаттар қоса тіркелуі тиіс.

· Хаттың тақырыбын «ÖZIMIZ әңгімелер байқауына» деп көрсету қажет.

· Хаттың мәтінінде өзіңіз туралы қысқаша айтып, байқауға жіберген шығармаңызды сипаттаңыз.

· Егер сіздікі мәтіндік жұмыс болса, онда файлды хатқа Word пішімінде қоса тіркеу керек. Фотоматериал болған жағдайда, оны бөлек файлдар түрінде хатқа қоса тіркеңіз.

· Егер шығармаңыз дыбыстық немесе бейне пішімде болса, файлдарды кез келген файл алмасу құралына жүктеп салыңыз да, хатта оған сілтеме беріңіз.

· Байқауға қатысу туралы өтінімге қатысушының жеке куәлігінің немесе туу туралы куәлігінің көшірмесін қоса тіркеу қажет.

7. Байқауға қатысатын материалдардың пішімі: Байқауға жіберілген шығарма әңгіме айтушының сұхбат мәтіні, мақала, дыбыстық подкаст немесе бейнематериал түрінде жазылған ауызша куәлігі болуы керек.

8. Бағалау шарттары: Шығармаларды бағалау шарттарына хикаялардың бірегейлігі мен біртұтастығы, сезімдік және мазмұндық тереңдігі, байқаудың тақырыптары мен мақсаттарына сай келуі, баяндау сапасы және шығармаларды ресімдеуге қойылатын талаптардың орындалуы кіреді. Қазылар алқасының шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарастырылмайды.

9. Деректерді пайдалану: Қатысушылар байқауды өткізу мақсатында өздерінің дербес деректерінің өңделуіне, соның ішінде жеңімпаздардың есімдерінің жариялануына келіседі. Қалған ақпараттың құпия сақталатынына заңнамаға сәйкес кепілдік беріледі.

10. Даулы жайттар: Байқауды өткізуге байланысты дау немесе келіспеушілік орын алған жағдайда, қатысушы даулы жайт орын алған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұйымдастырушыларға жазбаша өтініш жібере алады. Ұйымдастырушылар өтінішті қарастырып, 10 жұмыс күні ішінде жауабын беруді міндетіне алады.

11. Зияткерлік меншік: Байқауға қатысатын барлық еңбектер авторлардың меншігі болып қалады. Алайда қатысушылар пайдаланушыларға ұсынылған еңбектерді коммерциялық емес мақсатта, соның ішінде жарияланымдар мен көрмелерде тегін пайдалану құқығын береді.

12. Байқаудың шарттарының күшін жою немесе өзгерту: Күтпеген жайттар орын алса, ұйымдастырушылар қатысушыларға алдын ала хабарламастан, кез келген уақытта байқаудың шарттарын өзгерту немесе байқауды болдырмау құқығын өзінде қалдырады.

13. Жауапкершіліктен бас тарту: Ұйымдастырушылар қатысушының ұйымдастырушыларға қатысы жоқ себептен, соның ішінде техникалық іркіліс, интернеттің болмауы және соған ұқсас басқа да жайттардың салдарынан байқауға қатыса алмағаны үшін жауапкершілік көтермейді.

14. Ұйымдастырушылардың міндеттері: Ұйымдастырушылар әділ әрі көлегейсіз төрелікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ байқауды өткізуге байланысты барлық өзгерістер туралы қатысушыларды уақтылы хабардар етуді міндетіне алады.

15. Кескіндер мен басқа материалдарды пайдалану құқығы: Қатысушылардың байқауға қатысуы ұйымдастырушылардың ұсынылған материалдарды ақпараттық, жарнамалық және жұртшылықпен байланыс мақсаттарында авторлық сыйақы төлеместен шектеусіз пайдалануына келісетінін білдіреді.

16. Құлақтандырулар: Байқауға қатысты барлық құлақтандырулар тіркеу пішінінде көрсетілген ресми байланыс арналары (электрондық пошта, телефон), сондай-ақ Qalam редакциясының ресми сайты арқылы жүзеге асырылады.

17. Байқау ережелерін бұзудың салдары: Қатысушының байқау ережелерiн кез келген түрде бұзуы байқаудың кез келген сатысында қатысушыны жүлде алу құқығынан айырып, байқауға қатысуға байланысты кез келген шығындарын өтеместен оны байқаудан шығарып тастауға әкелуі мүмкiн.

18. Қорытынды ережелер: Ұйымдастырушылар осы құжаттың ережелерін тек жазбаша нысанда ғана өзгерте алады. Осы ережелерді орындауға байланысты туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарастырылуы тиіс.

Көшірілді