Жылқыларға үштаған не үшін қажет?
Бірегей технологияның нобайын құраған петролиф
Барлық қырынан алып қарағанда бірегей саналатын Ордакүл (Жетісу) петроглифтері ертеректе керуен жолы жүріп өткен Дауылбай шатқалында орналасқан. Қазіргі уақытта қалың шөп басқан талай керуендер өткен шатқалдан ежелгі саудагерлерге Жоңғар Алатауының шыңдары мен аңғардың сай-саласын бағамдай алар көрініс ашылатын болған. Дәл осы жерден күн ашық болса, 50–70 километр, тіптен кейде одан да алыс қашықтықты шолып қарауға болады. Біз сөз етпек болып отырған қызықты композициямыз дәл осы шатқалдан табылып отыр.
Ежелде өмір сүрген адамдар жұмбақты қалай жасыруға болатынын жақсы білген. Мәселен, «Охотники за петроглифами» ғылыми тобының еріктілері: «Көп бейнелер салынған композицияның ортасындағы үштағанның жылқыларға қандай қатысы бар?» деген сауалға бірден жауап таба алмады.
Бұл тастағы алғашқы суреттер қола дәуірінде, ал соңғылары — этнографиялық уақытта, яғни 300–200 жыл бұрын қашалған. Аталған бейнелер түрлі дәуірде ғана емес, сондай-ақ алуан түрлі стильде салынған. Мұндағы кейбір бейнелер, Еуразия құрлығының өзге аймағында да, атап айтар болсақ Моңғолия мен Алтай өңіріндегі тастарға да қашалған.
Ордакүлдегі бейненің қақ ортасында үлкен жылқының сұлбасы салынған. Бұл бейне кейбір стильдік айрықшалыққа зер салар болсақ, шамамен қола дәуіріне тиесілі тәрізді. Алайда бейненің тұнықтығына қарап, орта ғасырларда бірнеше дүркін жаңартылып отырды деп жорамалдауға болады.
Бірақ жылқының қарын тұсында салынған жұмбақ үштаған ненің символы? Бұл саяхатшыларға арналған арнайы белгі ме? Әлде таңба ма? Осы бір таудың тас сынықтарынан ішінара сақталған іш жағындағы үштаған салынған жылқының басқа бір бейнесі табылғанда тағы бір нұсқа туындады. Зерттеушілер бұл үзеңгінің суреті деп жорамалдады. Үзеңгі ер-тоқымның атқа мінуге демеу болатын, ерге отырған соң аяқты тіреп отыратын бір бөлігі.
Ордакүлдегі петроглифтердің бір айрықшалығы бар — туындыгер өте маңызды деп санаған дүниесін басқа сұлбаларға қарағанда шамадан тыс ірі етіп бейнелейді. Мәселен, онда садаққа маңыз беру үшін оны үлкен етіп, ал оны ұстаған адамдарды кішкентай қылып бейнелеген немесе тағы бір тұста атылған жебенің ұшы үлкен болса, ол атылған жануардың сұлбасы шағындау салынған.
Бірақ андронов мәдениетіне тиесілі тайпалар (бертінірек өмір сүрген сақ, сармат, парфян, парсылықтар емес) мен өзге халықтар ол шақта үзеңгінің не екенін білмеген. Ғалымдардың жорамалдауынша, үзеңгі тек қатты ер-тоқымдар шыққанда ғана жасалған. Бұл зат, шамамен б.д.д. III ғасырдың аяғы мен IV ғасырдың бас кезінде Шығыс Азияда пайда болған. Осы бір заттың пайда болуы тек көшпелі халықтардың ғана емес, тұтастай адамзаттың өмірін өзгертті. Ендігі жерде аяғын үзеңгіге тіреген жауынгердің екі қолы босап, найза шаншып, садақ тартып, қылышты оңды-солды еркін сермеуге мүмкіндігі туды. Осының арқасында дала жауынгері құдіретті әрі қатерлі қаруға айналып шыға келді.
Алғашқы үзеңгілерді көшпелілер былғары белдіктер мен жіптерден, сондай-ақ ағаштан жасайтын болған. Ал темір үзеңгілер бертін келе, шамамен 5 ғасырға тиесілі қазбалардан табылып отыр. Бірақ археологиялық зерттеулерге қарайтын болсақ, б.д. 5–7 ғасырларында Сібірдің түркі тайпалары, сондай-ақ Қазақстан аймағы мен батыстағы жерлерді жайлаған халықтар темір үзеңгілерді кең қолдана бастағаны анықталып отыр. Осы бір жаңа құрал көшпелілердің атты әскерін өте жинақы әрі қауіпті ете түсті. Осының арқасында көшпелі халықтар үйір-үйір малдарын сыртқы жаудан қорғай алды.
Әрі Ордакүлдегі тасқа қашалған бейнені алғаш болып байқап, осы хабарды «Охотники за петроглифами» командасының ғылыми еріктілеріне келіп хабарлаған Жанат Тұрлыбайдың шатқалды ат үстінде кесіп өткен кезде ұшырастырғаны да тегін емес!