ВОЙНИЧ ҚОЛЖАЗБАСЫ

Көп адам оқығанымен, ешкім түсіне алмаған құпия сырға толы кітап

«Бұл жалғанда мәлім болмайтын сыр, жария болмайтын құпия жоқ». Бұл тәмсілді «жұмбақ тілдерге де» қатысты қолдануға болатын тәрізді. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жолданған ең күрделі шифрланған хабарламалар мен құпия жазбалардың, Елизавета ханшайымның дәуіріндегі кодталған хаттардың, тіпті тарих қойнауына кетіп, жоғалып кеткен тілдерде жазылған мәтіндердің сыры мәлім болды. Ғалымдар ежелгі мысырлық иероглифтердің, шумерліктердің сына жазуы мен майя тайпасының таңбаларының да жұмбағын шеше алды. Дегенмен, ең тапқыр деген криптографтардың өзі құпиясын аша алмай келе жатқан құжаттар да баршылық. Қазіргі уақытта Йель университетінің Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар кітапханасында сақталған Войнич қолжазбасы – сондай сыры ашылмаған құжаттардың бірі.

Мазмұн

Войнич қолжазбасы – қарапайым пергаментке сиямен ерте Ортағасырдан XIX ғасырдың аяғына дейінге аралықта құпия тілде шимай-шатпақ жазумен жазылып, суреттермен көмкерілген, шамамен 240 беттен тұратын еңбек. Кітаптағы иллюстрациялар еңбек жазылып болған соң түрлі-түсті бояулармен айдақ-сайдақ сырланғанға ұқсайды. Кітапқа бетіне қойылған таңбаларға қарайтын болсақ (еңбек жазылып болған соң таңбаланғаны айдан анық), қолжазбаның кемінде 32 беті келмеске кеткен.

Аризон университетінің химигі әрі архерметристі Грек Ходжинс аталған еңбек жазылған пергаментке (қолжазба қақ ортасынан бүктеліп, парақтардың бүгілген тұсынан тігілген) радиокөміртекті талдау жасап, кітаптың 1404 және 1438 жылдар аралығында жазылғанын анықтады. Қолжазбаның қай уақытта жазылғанына қатысты иек артуға болатын сенімді дерек осы.

Бағасыз қолжазбаны сату оңайға соқпайды

Құпия қолжазбаның атауын да оқу мүмкін болмағандықтан, сирек кездесетін еңбек оны тапқан кітап саудагері Вильфред Войничтің есімімен аталып кеткен. Войничтің аталған қолжазбаны қалай тапқанына қатысты сенімді дерек жоқ. Айтуларға қарағанда, 1912 жылы Войнич бұл қолжазбаны иезуиттер орденінің Мондрагондағыiұзақ уақыт бойына иезуиттерге тиесілі болып келген Италияның Фраскати қаласындағы иелікқонысының кітапханасынан тауып алғанға ұқсайды. Иезуиттер белгісіз себептерге байланысты осы қолжазба мен өзге де отызға жуық құжатты керексіз деп тауып, Войничке сатқан деседі.

Қолжазбаның Войничтің қолына қалай түскені жөнінде баяндайтын басқа да нұсқалар бар. Сол нұсқалардың ішіндегі ең қызықтысы, жалындап тұрған бұрынғы патша үкіметіне қарсы тұрған польшалық революционер, қайраткерлігі үшін Сібірге айдалып, жолда сытылып кетудің амалын тауып, Еуропа қашып кеткені жөніндегі баяны болса керек. Жол-жөнекей Войнич орденнің кітапханасында орнаған абыр-сабырды сәтті пайдаланып, бағасыз қолжазбаны алып кеткен көрінеді. Бәлкім, Войничті қолжазбаның құпия жазуы мен оғаш суреттері не болмаса, кітап ішінде тұрған, XVII ғасырдың орта тұсында Иоганн Марциiбұл адам чех ғалымы, математик әрі дәрігер Ян Марек Марци болуы де бек-мүмкінесімді жан жазып қалдырған хат қызықтырған болуы да ықтимал. Аталған хатта қолжазба II Рудольф императорға (1575-1612), сосын алхимик Георг (Йирджи) Барешке тиесілі болған деп жазылған.

Дегенмен Вильфред Войничтің атын әлемге әйгілі еткен, бертін келе АҚШ-қа алып келген құпия қолжазбасын қалай тапқаны маңызды емес. Ең бастысы Войнич бұл кітапты тым жоғары бағалаған. Өзінің өсиетнамасында ол аталған кітапты қайтыс болған соң ғана, жеке тұлғаларға емес, қоғамдық ұйымдарға 100 мың долларға сатуды өсиет еткен. 1939 жылы Войнич дүние салғанда, мұндай сома (қазіргі бағаммен есептейтін болсақ, шамамен 1.8 млн доллар) тым қомақты қаражат болғандықтан, оның жұбайы атақты жазушы Этель Лилиан Войнич теiЭтель Войнич «Бөгелек» деп аталатын революциялық-романтикалық романының арқасына атағы дүркіреген жазушы (1864-1960)көзі тірісінде кітапты өткізе алмаған. Этельдің қайтыс болғанына 30 жыл толған соң, оның мұрагері, Войничтің хатшысы болған Энн Нилл, марқұмның бүкіл өсиетін аяққа-таптап, қолжазбаны Ханс Краус есімді тұлғаға 24.5 мың долларға сатып жіберген. Алайда сыры ашылмаған қолжазбаның үстінен пайда көрсем деген Краустың ойы іске аспаған. Ақырында кітаптан қымбат бағаға өткізе алмаған Краус, туындыны Йель университетіне сыйға тартқан.

Ал Войничке дейін не болған?

Қолжазбаның авторының кім болғаны белгісіз. Кітаптың ішінен табылған хатты жазған Иганн Марци, қолжазбаның иелерінің бірі XVI–XVII ғасырлар аралығында Германияның корольі және Қасиетті Рим империясының императоры II Рудольф болды деп мәлімдеген. Ал II Рудольфтің құпия-сырларға, алхимия мен астрологияға ынтық болғаны тарихтан аян. Ал Войнич қолжазбасындағы астрономиялық және астрологиялық символдар ретінде тануға болатын суреттердің көп екенін ескерсек, император құпиясы көп кітапқа қызығуы бек-мүмкін. Марци хатында, II Рудольф аталған қолжазбаны 600 дукатқа, яғни 2 келі алтынға сатып алған деп жазған.

Дегенмен бәрі ұсақ-түйекке дейін жазылған императордың архивтерінде Рудольфтың мұндай кітапты қымбат бағаға сатып алғаны жөнінде дерек кездеспейді. Қолжазба императордың қоғамдық кітапханасының тізімдемесінде де, билеушінің жеке кітапханасында тіркелмеген. Оның үстіне Бремен өнер университетінің ғалымы Стефан Гузи, императордың 600 дукатқа атақты ботаник Леонард Раувольфтің коллекциясында тұрған қолжазбалар жинаған сатып алғанын дәлелдейтін мағлұматты тапқан.

Автор кім?

Иоганн Марци, өзінің хатында чех заңгері, ақын әрі криптограф, аталған құпия қолжазбаның авторы атақты ағылшын ғалымы Роджер Бэконiшамамен 1214-1292 жылдар аралығында өмір сүрген ағылшын философы, натуралист-ғалым, ғылыми шындыққа жеткізетін басты өлшем тәжірибе дейтін тезисті алғаш ұсынған жандеп мәлімдеген досы Рафаэля Собехрд-Мнишовскийге сүйенген. Аталған қызықты гипотеза, өмірінің соңына дейін осыны дәлелдеу үшін тыраштанған Вильфред Войничқа да ұнап қалған.

Өкінішке қарай, пергаментке жасалған радиокөміртекті талдау, қолжазбаны XIII ғасырда өмір сүрген Бэконға тиесілі емес екенін көрсетіп отыр. Әлбетте, аталған еңбек автордың жоғалып кеткен қолжазбасының көшірмесі болуы да мүмкін. Дегенмен қолжазбаның жазған адамның орныққан әрі қалыптасқан жазу мәнеріне қарап, оның кітапты қайталап көшіру барысында құпия таңбаларды жай ұқсатып қана қоймай, қандай әліппені қолданғанын жақсы біліп, оған қолы әбден машықтанғанын байқауға болады.

Сондай-ақ қолжазбаны Бэконның жазбағанын, Еуропа жұртына Христофор Колумб 1493 жылы Америкадан қайтып оралған соң ғана белгілі болған өсімдіктің кітапқа салынған суреті дәлелдейді. Дегенмен қолжазбадағы өсімдіктердің суретінде шындыққа жанаспайтын ұсақ-түйектер шамадан тыс көп болып, оғаш салынғанын, көлемі де анық емесін, сол себепті дәл сол өсімдік пе әлде ол емес пе анықтау қиын екенін де тілге тиек еткен жөн.

Войнич қолжазбасының авторының кім екеніне қатысты тағы бір нұсқа бойынша, Богемияда бірнеше жыл тұрған кезінде II Рудольфтің алқауына ие болып, соны қажетіне жаратпақ ниетте астролог, алхимик, математик әрі алаяқтықпен аты шыққан Джон Ди, кітаптың құпиялығы жөнінде алып-қашпа әңгімелерді таратқан деседі. Әлбетте, айла-шарғыны меңгерген Джон Ди өз қолжазбасын Роджер Бэконның еңбегі деп мәлімдеуі бек-мүмкін. Оның үстіне Джон Ди бұған дейін де, әліпби құрастырып, «енохиандік тіл» деп аталатын періштелер ғана сөйлей алатын тілді ойлап тапқан. Сол себепті оған екінші тілді құрастыру мәселе болып па!!

Бірақ, біріншіден, Джон Дидің күнделігінде осы іспеттес қолжазбаны Рудольф корольге 600 дукатқа сатып, көл-көсір байлыққа кенелгені жөнінде ақпар айтылмаған. Екіншіден, осы тұтса «Ди мырза I Елизаветтаның жеке астрологы болып жүрген шағында қолжазбаны неліктен ханшайымға сатуға тырыспаған?» деген сауал туындайды. Алайда Елизавета ханшайымның коллекциясында Роджер Бэконның бірнеше қолжазбасы барын ескерсек, билеуші автордың тағы бір еңбегін кітапханасына қосуға құлықты болмауы да мүмкін.

Кітаптың авторының кім екенінен қатысты тараған тағы бір гипотеза бойынша, қолжазбаны Вильфред Войничтің өзі жазған деседі. Оның қолжазбаны қалай тапқаны жөніндегі оқиғасы күңгірт әрі шым-шытырық болғаны тегін емес. Сирек кездесетін заттар мен кітаптарды саудалаған сатушының ештеңе жазылмаған пергаментті тауып алып, оған өзі қолдан жасаған я бір жерден алған жаңғақ сиясынан жасалған бояумен ойына келген дүниесін жазуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Түптеп келгенде, Бареш пен Марци хаттарында дәл осы қолжазбаны көрсеткен деп кесіп айта алмаймыз. Оның үстіне XIX ғасырдың ортасына қарай Еуропа және Америка нарығында жалған екені біршама уақыттан кейін бірақ анықталған орта ғасырға тиесілі деп сатылған қолжазбалар қаптап кеткен. Дегенмен қазір бұл гипотезаның да жалған екені белгілі болып отыр. Уильям Беннеттом, Жак Ги, Жорж Столфи, сондай-ақ Габриел Ландинидің тізе қосып мәтінге жасаған талдауы, қолжазба қандай да бір бар тілдің құрылымын сақтап жазылғанын көрсетіп отыр. Яғни бұл қолжазба қалай болса солай сапырылысқан түсініксіз таңбалардың жиынтығы емес, бізге белгісіз болған қатардағы тілдердің бірінде жазылған деген сөз.

Егер адамзат күндердің бір күнінде Войнич қолжазбасының мұқабасындағы автордың аты-жөнін оқи алса, оның есімі жұртқа таңсық боларына еш шүбә келтірмейміз. Егер, әлбетте, аталған есім кітап мәтінінде жазылған болса.

Иллюстрациялар не дейді?

Айтпақшы, аталған қолжазбаның авторы я көшіруші жан біреу ғана болмауы да мүмкін. Қолжазбадағы иллюстрацияларға қарап, зерттеушілер кітапты бірнеше бөлімге бөлген. Қолжазбаның «Ботаника» бөліміндегі түрлі өсімдіктердің суреттері мен жанында берілген түсіндірме мәтіндер орта ғасырларда жазылған «емдік шөптер» жинағына ұқсайды.

«Биологияға» арналған бөлімде ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған құбырлар арқылы жалғанған тоғанда шомылған жалаңаш әйелдердің иллюстрациясы бейнеленген. Аталған иллюстрациядағы кей «құбырлар» адамның, мәселен, жатыр мен аналық безі сынды ағзаларына ұқсайды.

Қолжазбадағы «Космология» деп аталатын бөлім ең жұмбақ бөлімнің бірі. Зерттеушілер аталған бөлімнің дөңгелек диаграммада көлемі алты бет болатын картада қандай арал (я арал емес) бейнеленгеніне қатысты әліге дейін таласып келеді.

«Фармацевтикалық» бөлімде дәрі-дәрмек жасайтын мамандар қолданатын ыдыстардың суреті, ал емдік мақсатта қолданатын өсімдіктердің кей бөлшектерінің жанында сипаттама мәтіндер берілген.

Қолжазбадағы иллюстрациясыз, құрғақ мәтін берілген бөлімді «Рецептер» бөлімі деп атау белең алған. Бірақ онда шынтуайтында қандай да бір рецепт жазылды ма әлде даналық сөздер ме я анекдоттар берілген бе, белгісіз.

Қолжазбаны қанша адам жазған?

Войнич қолжазбасының 1970 жылдары сырын ашуға тырысқан АҚШ әскери-теңіз күштері крипто талдаушысы Прескотт Кариер, кітаптағы «Ботаника» бөлімін өзіндік тілі мен жазу мәнерін А және Б дегендей екі түрге бөлуге болатынын аңғарған. А және Б «тілдері» қолжазбаның басқа да бөлімдерінде қолданылған. Бірақ «Биология» бөлімі толықтай Б нұсқасында жазылған. Ал «астрология» бөлімінен Кариер мұндай бөліністі байқамаған. «Фармацевтика» бөліміне келер болсақ, Кариердің сөзінше, басы, ортасы мен соңы басқа «тілде» және әрқандай жазу мәнерінен түзілген. Крипто талдаушы аталған бөлімді үш түрлі адамның жазғанын анықтаған. Кариердің сөзінше, кітапты бірнеше адам, екі «тілде» жазып шыққан көрінеді. Қолжазбаны бірнеше адамның жазғаны жөнінде кейінгі зерттеушілер де сөз етіп келеді. Жалпы алғанда Войнич кітабын жазуға қатысқан адамдардың саны он екіге дейін жетуі мүмкін.

Қолжазбалық мәтіндерге келгенде түрлі қиындықтар туындап жатады. Айталық бір адамның өзі туындының әр жерінде бір әріптің өзін түрліше жазуы мүмкін. Соған қарамастан мұндай әріптерді ажыратуға болады. Войнич қолжазбасындағы бүкіл мәтін 20-30 әріптен тұратын әліпби негізінде жазылған. Сонымен қатар қолжазбада ондаған өте сирек кездесетін я бір мәрте ғана қолданылған, бәлкім, әліпбиге еш қатысты жоқ символдар, сондай-ақ математикалық таңбалар да кездеседі.

Жұмбағын ешкім шеше алмаған қолжазба

Войнич қолжазбасының мызғымас сырын ашуға ұмтылып көрген ғылымдардың есімін санамалап шығар болсақ мақаламызға сыймайды (бұл өзі ұзаққа созылатын әрі мағынасыз тірлік). Аталған қолжазбаның белгілі болған алғашқы иесі (Георг (Ийрджи) Бареш) кітаптың бір бөлігін скандап, оны копт сөздігінің авторы Атанасиус Кихрхерге мәтіннің сырын ашуын өтініп Римге жолдаған. Бірақ иезуит ғалым алхимиктің өтінішін аяқ-асты еткен я сырын ашу қолынан келмеген тәрізді. Өйткені ширек ғасырдай уақыт өткен соң, 1666 жылы қолжазбаның келесі бір қожайыны Иоганн Марци, тағы да Кирхерге қолжазбаның сырын ашып беруін өтініп хат жолдаған. Дегенмен Кирхерден еш жауап болмаған көрінеді. Кирхер осы бір жұмбақ қолжазбаның сырын ашудан бас тартқан жалғыз адам болмағаны анық.

Синклер Маккей «Өркениет жұмбақтары» деп аталатын еңбегінде: «Войнич АҚШ-қа қоныс аударған соң қолжазба Американың ең үздік криптографтарының бірі Уильям Фридманның қолына түсті. Фридман бертін келе жапондардың құпия хабарламаларының сырын ашып, АҚШ-тың соғыста жеңіске жетуіне орасан зор үлес қосқан. Өзге тілдердегі әліпбимен жұмыс істеп үйренген маман, Войничтің қолжазбасы жөнінде естіген соң тыпыршып тыныш отыра алмаған. Ақыр соңында Фридман мен жұбайы Элизабет (ол да криптограф) осы бір жұмбағын ішіне бүккен құпия қолжазбаның сырын ашуға он шақты жыл тырысып баққан.

Батыстың алпауыт мемлекеттері мен КСРО арасындағы Қырғи-қабақ соғыс басталғанда, Фридман академиялық жұмысқа қайта оралған бұрынғы әріптестерінің басын қосып, құпия шрифтерді ашуға үйрететін үйірме ашқан. Олар Войничтің қолжазбасының әр бетін фотоға түсіріп, мәтінге мұқия талдау жасау арқылы сөйлем мүшелері мен ең көп қолданылған дауысты дыбыстарды табуға тырысқан. Құпия шифрлерді ашатын мамандар барлау жұмыстарынан ара-тұра демалып, бой жазып тұруы үшін арнайы талқы жасайтын топтар құрған» деп жазған.

Өкінішке қарай Войничтің қолжазбасының құпиясын аталған озық криптографтар тобы да аша алмаған.

Ақыры қалай болды?

Фридман бастаған топ Войничтің қолжазбасы адам баласы оқи алмайтын әліпбиге арнайы аударылған Еуропаның бір тіліндегі мәтін деген теорияны ұстанды. Олардың ойынша, мәтінді авторлар арнайы кодталған «алмастырылған» шифрлық таңбалар арқылы оқуға келмейтіндей жасырып тастаған. Біршама уақыт қолжазбаның авторы саналып келген Роджер Бэконның өзі де шифрлау ісінде қаражаяу біреу болмағаны белгілі. Әрі криптография ғылым ретінде шамамен, Бэкон өмір сүрген уақытта қалыптаса бастаған. Өкінішке қарай, мәтінде жасалған талдау аталған теорияны жоққа шығарып отыр.

Войнич қолжазбасының қай тілде жазылғанына қатысты әліге дейін сенімді дерек келтірген ешкім жоқ. Мәселен, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігінде жұмыс істеген, үндіеуропалық-лингвист Джеймс Чайлд, 1976 NSA Technical Journal-ға жылы жарыққа шыққан мақаласында: «Қолжазба орта ғасырдағы ұмыт қалған солтүстік германдық диалектіде жазылған» деп мәлімдеген. Ал немістің мысыртанушы ғалымы Райнер Ханнигтің пікірінше, Войнич қолжазбасы сол кезеңде еуропалық ғалымдар жақсы білген арамейлік я көне еврейлік тілде жазылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапондардың құпия хабарларын оқу ісінде озық болған маманның бірі, шифрлерді оқуға үйрететін бағдарлама жасақтақтан Фридманның серіктесі Джон Тилтман, Войнич қолжазбасы корн (корнуэль) тілінде, кейбір сөздер ацтек тілінде, ал кейбіреулері орта ғасырлық латын тілінде жазылған деген гипотезаны алға тартқан. Сондай-ақ Тилтман мен Фридман қолжазба жоспарлы тілде, яғни эсперанто секілді халықаралық байланыс орнату үшін арнаулы жасақталған жасанды тілде жазылған деген теорияны да тексеріп көрген. Бұған қатысты Синклер Маккей жоғарыда сөз еткен еңбегінде: «Бірақ осы бір жорамал Войнич қолжазбасындағы құпия сөздердің табиғатын түсіндіріп бере алмады: өйткені мамандар сөздердің қандай заңдылық бойынша жазылғанын және қолданысының қағидаларын анықтай алмады» деп жазған.

Француз лингвисті Жак Ги, Войнич қолжазбасының мәтіні «экзотикалық» тілдердің бірінде, сол тіл үшін арнайы жасалған әліпбимен жазылуы мүмкін деп жорамалдаған. Қолжазбадағы сөздердің құрылымы шынтуайтында, Шығыс және Орталық Азияның көптеген тілдеріне ұқсас келеді. Ондай тілдердің әліпбиі жоқ жазу жүйесі болғандықтан, аталған халықтардың еңбектерін еуропалықтар түсіне алмаған. Бұл бірнеше фонетикалық жазу жүйесінің (басым бөлігі латынның негізінде, бірақ кейде түпнұсқа әліпбилер де жасалған) пайда болуына мұрындық болған. Осылайша, Войнич қолжазбасының авторы Ұлы Жібек Жолы бойымен саяхаттаған миссионер я көпес, немесе Еуропада тұратын не еуропалық жүйемен білім алған Шығыс Азияның тумасы болуы да бек-мүмкін.

Қазіргі уақытта аталған теория, Войнич қолжазбасының, айталық, қосарланған және біреуге біріккен үш сөздер (қытай мен вьетнам тіліндегі мәтіндерде қолжазбадағыдай жиілікте жиі кездеседі) сынды статистикалық айрықшалығын түсіндіріп береді. Аталған теория сондай-ақ батыс Еуропалық тілдерге тән синтаксистік ерекшеліктер (артикл және байланыстырушы етістіктер сынды) мен цифрлардың қолжазбада неліктен жетіспейтінін және иллюстрациялардың бұлыңғыр болуын түсіндіріп бере алады. Сонымен қатар қолжазбадағы бір жылды 360 күнге (365 күн болуға тиіс) бөліп, 15 күннен топтап және жыл басын Балық таңбасынан бастауы – қытайлықтардың ауылшаруашылық күнтізбесіне тән дүние. Дегенмен бұл теорияны теріске шығаратын негізгі дәлел, зерттеушілер (Бұл санатта Бейжіңдегі Ғылым академиясының ғалымдары да бар) Войнич қолжазбасынан шығыстық символдарды я шығыс ғылымын көрініс тапқан сенімді таңбаны ұшырастырмаған.

Ақылға сыймайтын теориялар

Войнич қолжазбасының құпиясын ашуға қатысты алғашқы болып мәлімдеме жасаған адамның бірі критоталдау бойынша белгілі маман, Пенсильвания университетінің филосифия профессоры, сондай-ақ ескі кітаптарды жинаушы Уильям Ньюболд болған. Ол 1921 жылы микроскоп арқылы кітаптың әріптерді құраған майда сызбаларын қарап, сосын әріптерді орны-орынмен қойып және «артықтарын» алып тастап ұзаққа созылған әрі машақаты көп жұмысты атқарып, тұтастай бір тарауды оқыдым деп мәлімдеген. Дегенмен, критотанушылар мен тарихшылар оның әдісіне еш иланбаған.

Джерри Кеннеди мен Роб Черчиль 2004 жылы жарыққа шыққан «The Voynich manuscript: the unsolved riddle of an extraordinary book which has defied interpretation for centuries» (Войнич қолжазбасы: ғасырлар бойы құпиясы ашылмай келген айрықша кітаптың шешілмеген жұмбағы) деп аталған еңбегінде, Войнич қолжазбасы есі ауысқан адамның қаламынан туған, кей сөздері қолданыста бар болғандай көрінгенімен, негізінен мәтіннің басым бөлігі мағынасыз сөздер мен сөз тіркестерінен тұратын шимай-шатпақ қана деп мәлімдеген. Дегенмен қолжазбаны бірнеше адамның жазғандықтан, бұл теорияда күмән тудырады: бірнеше ақыл-есі түзу емес адам топтасып, бірлесіп кітап жазуға отыра қоймасы анық.

Войнич қолжазбасына кез келген жұмбаққа зор ынтамен киліге кететін конспирологтардың назар аударуы қалыпты дүние. Сондықтан аталған қолжазбаны жердің қойнауында жасырынған бауырмен жорғалаушы өзге ғаламшарлықтар я атланттардың жойылып кеткен өркениет өкілдері жазып қалдырған дейтін теорияларға тоқталып жатудың қажеті жоқ.

Войнич қолжазбасының өзіңіз құрастырып көріңіз!

Аталған қолжазба мұндай бағыттағы жалғыз ғана еңбек болғандықтан, жұмбағы шешілмей келеді. Осы іспеттес әліпби қолданылып жазылған басқа кітап әлемде жоқ. Дәл осы себепті ғалымдардың басым бөлігі бұл кодексті көшірме я алып қашпа жалған мифтерден түзілген, тіпті орта ғасырда жазылған еңбек болуы мүмкін деп санайды. Қолжазбаны Войничтің өзі жазған дейтін теорияны жоққа шығарған Синклер Маккей «Өркениет жұмбақтары» еңбегінде: «Жақсы идея, бірақ мұндай ғаламат көшірмені жасау үшін көп уақыт пен қажыр-қайрат қажет. Көне заттарды жинайтын жан тынымсыз еңбек етіп құрастырған мұндай қолжазбадан қандай пайда табады? Бұл кеткен күш пен төккен терді ақтай ма: Войничтің өзі сирек кездесетін кітаптарды сатқандықтан, оның жеңіл жолмен ақша табатын мүмкіндігі болған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кітапқа салынған иллюстрациялар, айталық, жалаңаш әйелдердің бейнесін, өзге дәуірдің авторлары салғаны анық. Заманауи адам әрбір суреттің бұлайша дәл көшіріп салуға шамасы жетпес еді (қолжазба 240 беттен тұратынын ұмытпаңыз)» деп жазған.

Солай-ақ дейік, бірақ мұндай кітапты жазу қиын ба?

Ұлыбританиядағы Кильск университетінің маманы Гордон Рагг құпия қолжазбаны он шақты жыл зерттеп, ақырында Cryptologia журналына мұндай мәтінде ойдан құрау қиын іс болмайтынын мәлімдеген.

Гордон Рагг аталған мақаласында: «Қолжазбадағы буындардың кездейсоқ ретпен қойылмағаны ертеден мәлім. Яғни статистикалық талдау кезінде кездейсоқ ретпен тұрмағандай мағынасыз мәтінді құрастырудың жолы бар екенін айтқым келеді. Бұл ойын тасын лақтырғанға ұқсайды. Егер тасты лақтырар болсаңыз, алты ықтимал нұсқаның бірі түсуі мүмкін» деп жазған.

Кардано бағаны (кей бағандары ойық болған, шифрлеу мен дешифрлеуге арналған айрықша құрал. Бұл құралды Шерлок Холмс жөніндегі Советтік сериалдың титрлерінен көрген де боларсыз) көмегімен Рагг, Войнич қолжазбасына ұқсас мәтінді жазуға тырысып көрген. Ол үшін зерттеуші алдын ала қандай символдарды түбір буындар, ал қайсысы суффикс және қосымша екенін анықтап алып, қолжазбада қолданылған символдар мен буындардың бәрін бір кестеге жинақтаған. Содан кейін Рагг символдар үшін бірнеше ойығы бар картон бағаналарын жасаған. Бағаналарды кесте бойымен қозғалтып, туындаған символдарды жаза отырып, зерттеуші қолжазбаға ұқсас жаңа мәтінге қол жеткізген. Статистикалық талдау мұндай қолдан жасалған мәтін де Ципфа заңына (табиғи тілдегі сөздердің орналасу ретін анықтайтын заңдылық) сай келетінін көрсетіп отыр.

Әлбетте, Раггтың дәлелдерін қабылдамайтындар да жетерлік. Мәселен, Ұлыбриатниядағы Манчестер университетінің маманы Марсело Монтемурро қолжазбада мағыналы мәтіннің жазылғанын дәлелдейтін іліктер тапқан. New Scientist-ке берген сұхбатында ол: «Войнич қолжазбасы айналасында жай жалған мифтер өріс жайған қарапайым туынды емес» деп мәлімдеген. Монтемурро ботаникалық суреттер мен қолжазбаның фармацевтикалық бөлігі баяндалған тұстарында статистикалық маңызды ұқсастықтарды тапқан.

Ғалымның жорамалы бойынша, мәтін мен суреттердің мағыналық байланыстары бар.

XX ғасырда Войнич қолжазбасына еліктеген жандар, ешқандай арам ойсыз, тек өнер үшін деген желеумен осыған ұқсаған туындыларды жазып жатты. Олардың арасындағы ең танымалы – 1970-жылдардың соныңда итальяндық архитектор, өндірістік дизайнер Луиджи Серафини жазып, суреттерін салған үш жүз алпыс беттік Codex Seraphinianus туындысы болып отыр. Codex Seraphinianus – ойдан шығарылған әлем жөніндегі энциклопедия. Бірақ туынды авторы кітап мәтінінде ешқандай мағына жоқ деп мәлімдеген. Серафини бір сөзінде, мұндай қолжазбаны оқырманға оқуды білмейтін, суреттерін ғана тамашалап кітап бетін парақтаған кішкентай баланың қандай күйді бастан кешерін сезіндіру үшін ғана жасағанын айтқан.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Манускрипт Войнича : [рус.] / Предисловие Сергея Зотова. — Москва: Издательство АСТ, 2021

2. Синклер Маккей «Шифры цивилизации», Альпина Паблишер, 2023

3. M. E. D'Imperio «The Voynich manuscript: an elegant enigma». Aegean Park Press, 1978

4. Эко У. Почему Кирхер? // Растительная память, или Почему книга помнит все: М. : Слово, 2018

5. Личный дневник доктора Джона Ди СПб.: Издательство РХГА, 2020

6. Gindely, «Rudolf II» (Прага, 1868)

7. Tim Conley; Stephen Cain (2006). "Codex Seraphinianus". Encyclopedia of Fictional and Fantastic Languages. Greenwood Publishing Group

Юлия Боровинская

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ