
Марина Пирасова. Қазақ шайы. 2020 жыл / Alamy
Орталық Азияда қазіргі біз үйреніп қалған шай ішу дәстүрі бертінде шыққан. Ал сусынның өзі бабаларымызға баяғыда-ақ жеткен. Аймақтан тыс жерлерге қазақ даласының атағы да шайдың арқасында шыққаны бар.
- 1. Шай Орталық Азияға қалай келген?
- 2. Шай мен жылқы: даланың ежелгі шай мен жылқы жолының бір бөлігіне айналғаны
- 3. Монополиядан еркін саудаға: Қытай, Үндістан және Британ империясы арасында жүрген шай
- 4. Қазақ даласы — Батыс пен Шығыс арасындағы сауда дәлізі
- 5. Қазақ даласындағы шай: халық тұрмысының ажырамас бөлшегі
Шай Орталық Азияға қалай келген?
Бұл бекзат сусын біздің аймаққа алғаш 7-ғасырда, Таң империясы (618–907) өркендеп тұрған тұста, қазіргі Ауғанстан мен Корея аумағынан шығып, шай беретін үйлер дәстүрі тарап жатқанда келсе керек.

Шай баптау. Жаң Куаңжың мазарындағы фреска, Сюанхуа, Хыбей, Ляо әулеті, 1093-1117 / Pictures From History / Universal Images Group via Getty Images
Тақта шайдың Жібек Жолындағы керуен жолдарының бойында толық ақша валютасына айналғаны да шамамен сол тұс.
Шай мен жылқы: даланың ежелгі шай мен жылқы жолының бір бөлігіне айналғаны
Қытайларға бәрінен құнды тауар — Орталық Азиядан шыққан жылқылар саналатын. Сондықтан солтүстік-шығыстағы шекара маңында жылқы сатып алғанда айырбасқа жібек не күміс жүрсе, солтүстік-батыс шекара маңында (толыққанды сауда жүйесі дамыған аумақ) жылқыны шайға айырбастап алатын.

Шай-жылқы жолы (Ча Ма Дао). Суан Зұң императорға арнайы тарту ретінде берілген жылқы. Сун әулеті, 12-ғасыр / Pictures From History / Universal Images Group via Getty Images
Мұндай сауда Сун империясы (960–1279) кезінде-ақ дүрілдеп тұрған, ал 12-ғасырда Қытайда тіпті жылқы саудасын қадағалайтын мемлекеттік қызмет те құрылған. Сөйтіп, екі мың жылдай уақыт бұрын ата-бабамыз мемлекеттік монополист-жеткізушіден шайды тікелей сатып алып, ақысына ең қымбатын — жылқы беретін.
Монополиядан еркін саудаға: Қытай, Үндістан және Британ империясы арасында жүрген шай
Уақыт өте Қытайдан шығатын шай экспортын бақылау бәсеңдей бергенде, іске жекеменшік саудагерлер кірісті әрі сол тұста халықаралық нарыққа шай шығаратын елдер саны да арта түскен.

Орталық Азиядағы сауда жағдайы туралы есеп. 1864 жыл / Parliamentary Papers. Volume 42
Қытайдан шығатын шай экспортына қаржы жағынан тәуелділігін азайтамын деп, Британ империясы Үндістанда шай өсіруді жандандырып жіберді. Ол жақтан шыққан шай да Орталық Азияға экспортталып жатты. Халықаралық шай саудасындағы Қазақ даласы мен қазақтардың рөлі тіпті Британ парламентінде сөз болып, 1864 жылғы «Парламент құжаттарында» хатқа түскен екен.
Қазақ даласы — Батыс пен Шығыс арасындағы сауда дәлізі
Орталық Азия халқының Қытайдан, Үндістан мен Парсы елінің шай нарықтарына еркін жетіп, оны тиімді жолмен тасып әкете алатыны бұл аймақты көрші елдерге тартымды ете түсті. Сөйтіп, аймақта баж төлемей сауда жасау құқығын иеленген қазақтар солтүстікке шай жеткізуде негізгі рөл атқарғаны анық.

Н. Нехорошев. «Шай сатушы. Түркістан альбомы». Самарқан / Library of Congress
19-ғасырдағы Ресейдің сауда ақпарларында Қазақ даласы бір емес, бірнеше рет аталады. Айталық, 1855 жылы Қазақ даласы арқылы Ресейге 450 000 мың рубльдің шайы жеткізілген екен. Этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың жазбаларында да осы сусын талай аталған. Ол дүниежүзіндегі шай саудасында Қашқар және Шығыс Түркістанның (қазіргі ШҰАА, ҚХР) өзге қалалары маңызды екенін атап жазған.
Қазақ даласындағы шай: халық тұрмысының ажырамас бөлшегі
Әйтсе де сауда-экономикалық үрдістер қалай құбылса да, біздің елдің шайға деген махаббаты сол күйі өзгермей келеді. 19-ғасырдағы танымал неміс ағартушысы Герман Клетке қазақтардың шайқұмарлығын былай сипаттаған екен:
«Олар қақаған аязда да, аптап ыстықта да, не нәрсенің басында да, артынан да, қай жерде, қай кезде болса да шай іше беруге дайын».
Ресей шенеунігі И.Михайловтың Қазақ даласындағы өмір туралы очерктерінде мынадай жолдар бар:
«Далада шай деген — баға жетпес құдайдың сыйы. Мұнда ол наннан да қадірлі. Нан болмаса, құр ет жеп-ақ жүре берерсіз, ал шайдың орнын басар ештеңе жоқ».
Сөйтіп, Қытай мен Үндістан қайдан шықты — бізден шықты деп өзара таласқа салып келе жатқан сусын қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлшегіне айналып кетті.

Сүт қатқан шай / Alamy