
Коллаж / Qalam
Әдетте Абайдың ұлт руханиятының ұстынына айналған қара сөздерін, ақындық және ойшыл қырын жиі айтамыз. Бірақ бұдан күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы шындықпен ғұмыр кешкен адамның болмысы көмескі тартып кетеді. Абай тек қана өлең жазып, философиялық идеялардың авторы атанған жоқ, ол өз заманында саясаткер әрі шенеунік бола білді. Дәулетті адам, көп балалы әке, сүйікті жар болғанын да ұмытпаған жөн. Белгілі ақын Ерлан Жүніс естеліктер негізінде ұлы ойшыл өмірінің біз мән бере бермейтін тұстарына үңіліп көрді.
Абай және аласапыран уақыт
Абай Құнанбайұлының өмірге келуіне жиырма үш жыл қалғанда қазақ даласында үлкен өзгерістер болып, қазақтың мемлекеттілігінен айырылу үдерісі басталып-ақ кетті. Бір ғана Жарғы күшінің қуаты хан жарлығынан да асқақтап тұрды. Ұлт-азаттық қозғалыстың ұлы рухы оянды. Ал бұл жарғы Сібір генерал-губернаторлығы пәрменімен дайындалып, орыс реформаторы, патша әкімшілігінің кеңесшісі Михаил Сперанский жобалаған «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы Жарғы» еді. Қазақ даласында хандық билік жойылып, орнына аға сұлтандар, болыстар мен старшындар жүйесі енді.
Қазақтың қай жақсысы да елге қызмет қыламын десе, бесігінен белгі қойылып, ерте күннен ен салынып, оған билік қолынан арнайы енші бөлініп беріле салмасы басы ашық дүние. Әсілі, хан тұқымынан болмаған соң, ондай құзірет қайдан келсін. Хандықтан қаһар, сұлтандықтан сұс кеткен заман болғанымен, Абайдың тегі тегіннен емес еді, ол — түп-тұқиянынан түгел жұртты аузына қаратқан белгілі, белді әулеттің баласы.

Абай Құнанбайұлы. Өмір сүрген жылдары 1845–1904 / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Семей қаласының Географиялық бөлімшесінің «Семипалатинский листогында» 1905 жылы жарияланған Әлихан Бөкейханұлының қазанама сөзінде былай жазылған: «Абай әке жағынан алғанда тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында 17-ғасырдың елуінші жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол тобықты руын Түркістаннан аса құнарлы жайылымы мол Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына ғана тән лауазым — Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді».
Би тұқымынан шыққан бала Абайдың балалықтағы болмыс-бітіміне қатысты да пікір біржақты болмаған сыңайлы. Ерте жетіліп, ел ісіне араласса да, оған қатысты айтылған сөздің енжарын да, елгезегін де ұшыратамыз. Кәкітай Ысқақұлы (Абайдың інісінің баласы): «Он бес жастан-ақ балалық қылмай, үлкендерден білімі артылып, ел ішінде жұртты аузына қаратып, басшылыққа бұрынғы төрелермен талас қылып, әкесіне үлкен көмегі тиген.

Мұхтар Әуезов. «Абай» кітабынан алынған сурет. «Жазушы» баспасы, Алматы. 1995 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Тұрғылас елдің жақсылары баласынбай, аузына қарай бастаған. Ол уақытындағы елдің адамдары не қылса да аталарындай атақты үлгі аларлық би болады дескен», – десе, Мұхтар Әуезов: «Жай өмірде пысық, ширақ емес, аңқау болғандықтан, өз шешесінің ауылындағы көрші-қолаңшының үлкендері Құнанбайдың бұл баласынан да Күңкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек. Құнанбайдың орнын басып, кісілікке ие болатын баласы кім деп жас балаларды сынағанда, жұрттың көбі әлгі белгілеріне қарап, Абайдан Ысқақты артық санаған», – дейді.
Абай әуел баста қызметке ықтиярсыз, ырықсыз араласқанға ұқсайды. Он үш жасында әкесі Құнанбай оқудан шығарып алып, ел билеу ісінде қасына алады. Мұның сыры — «Ел жұмысына өзіне серік болатын іні-баланың Абайдан қолайлысы болмағандығында». Жиырма жасында жиылған жұртқа жөн айтар, жол көрсетер байыпты, бағдарлы жас болып шыққаны тағы анық.

Абай Құнанбайұлы. «Абай» кітабынан алынған сурет. «Жазушы» баспасы, Алматы. 1995 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Кәкітай Ысқақұлының «Қазақтың ескі заманы болса, бұрынғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді» деген сөзінен гөрі «Бірақ ондай би болуға заманның өтіп кеткенін қайдан білсін» деуі замана сырын айғақтап тұрғандай.
«Аталмыш ережеде патша үкіметі қазақ жеріне болыстық билеу жүйесін ендірді. Дұрыс-ақ, Абай да, басқалары да бұған көнді. Өйткені бодан ел болған соң патша билігіне бағынады. Болыстық билеу жүйесінде рулық-әулеттік басқару және территориялық-аумақтық басқару жүйесі бар еді. Абай осы рулық-әулеттік басқаруды қалады. Осы жүйе қазақ жеріне енгізілсе, әулеттік тұтастықта өмір сүріп үйренген ел тыныш болады деп түсінді. Расында солай еді. Бір рулы елді бір болыс басқарады. Сол рудың ақсақалдары ұсынған адам сайлауға түседі. Ең бастысы, тыныш отырған ел алатайдай бүлінбейді, таласып даурықпайды. Бірақ патша үкіметі территориялық-аумақтық басқару тәсілін қолданды», – дейді абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы. Сәкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда, Абай елдің бар жұмысына қатынасты: болыс та, би де болды. Барлық елді өз аузына қаратып ескі билерше билеп отырғысы да келді. Бірақ Абайдың табы — билер-феодалдар табының әкімшілік дәуірі ол кезде келмеске кеткен еді.
Абайдың болыс болуы
Абайды Патша әкімшілігі қалай таныған? Мәселен, Абай өмірінің ақырғы жылдарында, Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылы сонау Петерборға, Ішкі істер министрлігінің департаментіне жөнелтілген мінездемесіне назар салайық:
«Құнанбаев өте білімді әрі ақылды адам еді. Ол екі рет үш жылдық мерзімге би болып, үш рет үш жылдық мерзімге Шыңғыс болысының управителі қызметін атқарды, кейінірек үкіметтің тағайындауымен үш жыл Мұқыр болысының управителі болды. Құнанбаевтың қызметі парасатты басқаруымен, іскерлігімен, жігерлілігімен, үкіметке адалдығымен және фанатизмнің болмауымен ерекшеленді».
Осы құжаттан Абайдың екі рет үш жылдан би болғанын, үш рет үш жыл мерзімге болыстыққа сайланғанын көреміз.
Абайға осы қызмет қажет болды ма? Әке жолымен жүріп, әке қолынан шығып бара жатқан билікті қайтару, «бақ пен абұйыр, қайрат пен қожалық болса, соны бұрынғыша толық қалпында қайта қолына жиып алу, жігіт болған Абайдың барлық бойындағы қуатымен түгел ұмтылып қуған арманы, мақсаты болғанын» жазады Әуезов Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында. Кейін өзге нұсқаларын жазу үстінде бұл нұсқаларды өзгертіп отырғанын байқаймыз. Дегенмен жас Абайдың, қырық жасқа дейінгі Абайдың әке үмітін ақтау үшін сол бағытты дұрыс деп білгенін де аңдаймыз.

Мұхтар Әуезовтің туған жеріне жасаған соңғы сапары. Абай мазарының басында. 1957 жыл / «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы
Әкеге қолайлылық өзгелердің қытығына тиіп, қолайына жаға қоймады. Абайдың үстінен арыз-шағым көбейіп, 12 үлкен іспен тергеледі. Тіпті Қоңыр-Көкшеде Үзікбай Бөрібаевтың жалған айыбы тағылып, «қылмыстық іс» сегіз жылға созылып, 700 кісі куәлік береді.
Мұндай жалған айыптар, жандайшаптардың ісі, өз өміріне жасалған қастандық, бауырдан, баладан айырылу Абайды күйзелткенін, оның өмірге, қоғамға, адамға деген көзқарасын өзгерткенін шығармашылығынан анық көреміз.
Бір суреттегі болмыс
Абайдың қоғамдық-саяси қызметін сөз еткенде, оның бір тарихи суреті еріксіз еске орала береді. Ол — 1896 жылы Семейде, Н.Г.Кузнецовтің фотосалонында түскен суреті. Онда елуге енді шыққан Абай екі ұлы — Ақылбай мен Турағұлдың ортасында отыр. Осы суреттен біз тағы да болыс Абайды көреміз. Себебі ол үш жыл бұрын Семей облысы әскери губернаторының бұйрығымен Шыңғыс болысына болыстыққа сайланған еді.

Ақылбай Абайұлы, Абай Құнанбайұлы, Турағұл Абайұлы. Семей. 1896 жыл / Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы
Бұл сурет Абайдың саяси қызметінің соңғы сәті. Қажыған, қартайған, құлазыған Абайды емес, қайраты қайтпаған, тауы шағылмаған, тайсалмаған дала данышпаны үнсіз ойланып, алысқа көз жіберіп отыр. Осы сәттен кейінгі өмірінде ол өзінің даңқты шығармаларын жазды. Елу бір жасқа дейін ел қызметінде жүрсе, одан кейін келешектің ісі, ертеңнің сөзін өзіне лайық көрді. Сөйтіп ерегіспен өткен елу жыл артта қалды.
Абай дәулетті болды ма?
Семей облысы губернаторының өкімімен 1915 жылы жарыққа шыққан «Сельско-хозяйственный обзоръ Семипалатинской области» деген кітапша бізге Абай және оның айналасы, үрім-бұтағының мал-дәулеті жөнінде тамаша деректер ұсынады.
«Чингисская волость» адм. аул №1» деген бөлімінде 30 адамның тізімі беріледі. Онда Шыңғыс болысындағы қыстауларды, ондағы қалың елдің қамбасын да, қазанын да, қорасындағы малын да сөз қылады. Тізімде 13-ші тұрған «Ибрай Кунамбай» деген кісінің аты-жөні, мал-мүлкінің жайы көрсетілген. Оның қыстауы — Жидебай.

«Абай» кітабынан алынған сурет. «Жазушы» баспасы, Алматы. 1995 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Ел аралап жүрген еріктілер Жидебайды жайлаған Абай Құнанбайұлын «Ибрай Кунамбай» деп қате көрсеткені көп таңданыс тудыра қоймаса керек. Оған қоса, профессор Серікқазы Қорабайдың зерттеуі де осы маңайдан табылып отыр: «Ұлы ақынның азан шақырып қойған есімі — Ибраһим. Бірақ бүкіл Алаш жұртына және дүние жүзіне Абай деген атпен белгілі. Зерттеушілер мұны әжесі Зеренің Ибраһим деген араб сөзіне тілі келмегендіктен Абай атапты-мыс деп түсіндіреді. Бұл дәлел бола алмайды. Ауызекі айтуға Ибраһим есімі соншалықты қиын емес. Қазақы түсінікпен Ыбырайым, Ыбырай деп те атауға болатын еді ғой. Біздің бала кезімізде ауыл ақсақалдары Абай туралы сөз бола қалса: «Қажының Ыбырайы немесе Құнанбайдың Ыбырайы» десетін».
«Обзорда» Абай Құнанбайұлының (Ибрай Кунамбай) он үш киіз үйі бары айтылады. Мұхтар Әуезовтің «Абай өмірбаянының төртінші нұсқасы» мақаласында мынадай дерек бар:
«Еркежанды Абай өле-өлгенше жақсы көрумен кеткен. Мұны алған соң өзге екі әйелінен, әсіресе соңғы кезде көңілі қалған Әйгерімнен алыстап кетеді. Ділдә ерте қартайып, балаларының анасы болған қалпында жай ғана сыйлас досы боп қалады. Ендігі әйелі өзге екеуі емес, жалғыз Еркежан болғанға ұқсайды. Қыс болса, олардың қыстауы да Жидебайдан алыс болады. Абай үнемі осы Оспан үйінде, үлкен ауылда орнығып тұрып қалады. Абайдың үлкен әйелі — Алшынбай аулының қызы Ділдә. Екіншісі — тоқал алған Әйгерім. Алғашқы әйелінен: Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия деген балалары, Райхан, Күлбадан деген қыздары болған. Екінші әйелі Әйгерімнен туған балалары: Турағұл (Тұраш), Мекәйіл, Ізкәйіл және кіші қызы Кенже».
«Обзор» 1900 жылғы мәліметтерді қамтитынын ескерсек, осы он үш киіз үйде кімдер тұрғанын болжау қиын емес.
Он үш киіз үйде елу адам тұрса, оның ішінде еңбекке жарамды он екісі — ер адам, он екісі — әйел затынан. Оның төртеуі — жалшылар, малшылар. Осы тұста ерекше айта кетер бір мәселе бар. Абайдың төрт қызметшісі бар деп көрсетілсе, соның бәрі 20 жылға жуық уақыт осы үйде жүріпті.

Абай Құнанбайұлы отбасы ортасында. Семей. 1896 жыл / Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы
Абай алдындағы төрт-түлікті аз дей алмаймыз. Оның еншісінде 593 бас жылқы, 167 құлын, 51 сиыр, 24 бұзау, 51 түйе, 7 бота, 1417 қой, 19 ешкі болған.
Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылғы рапортында келтірілген мына мәлімет те осы деректен алысқа кете қоймайды:
«Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың үш әйелі, олардан 9 баласы бар. Салыстырмалы түрде жеткілікті байлығы бар (шамамен 1000 жылқы және 2000 қой)».
Мұхтар Омарханұлы жоғарыдағы мақаласында: «Осы екі арада Абай өмірінде болған үлкен өзгеріс — 1896 жылы Оспанның үйіндегі (бұл Құнанбайдың үлкен үйі) Еркежан деген келінін алады. Оспан өлгенде артында қалың дәулет пен үш әйелі қалған. Бірақ еш біреуінен бала жоқ. Оспанның үш қатынын Тәңірберді, Абай, Ысқақ сияқты үш ағасы алып, ауылдары, көп мал мүліктерін де келіндері отырған орындарға қарай бөлісіп алады. Көп сыбаға үлкен келін мен Абайға тиісті болады», – дейді. Осыдан Абай Оспаннан қалған дәулетті ағайынды алакөз қылмай бөліп бергенін аңғарамыз:
«Еркежанмен қоса Оспанның, Құнанбайдың үйіндегі мол байлықтың бәрін Абай өзі түгел баспайды. Оспанның өзге екі қатынын алған екі туысқаны Тәкежан, Ысқаққа тең қылып мал мен қыстау, қоныс енші бөліп береді».
Абай қаламақы алған ба?
Абайдың алғашқы кітабы өзі өмірден өткен соң, арада бес жылдан кейін, 1909 жылы жарық көрді. Сондықтан ол көзі тірісінде өзге ақын-жазушылар секілді кітабын шығарып, қаламақы алып көрген емес. Қайта Абай өзі қаламақы төлеп отырды. Абайды қазақ арасына қолжазба күйінде таратқан, қазір де бірден-бір сенімді дереккөзіне баланатын Мүрсейіт Бікіұлы Абайдың әдеби хатшысы болған. Бұл жайында Мұхтар Әуезовтің пікірі мынадай:
«Бұл ретте Абай сөздерінің шашылмауына, жоғалмауына мезгілімен тізіліп, жазылып, елге тарап отыруына көп еңбек еткен молдалар бар. Олар Кішкене молда, Самарбай, сонан соң әсіресе Мүрсейіт. Баспаға шыққанынша жыл бойы әлденеше рет Абай жинағын көшіріп отырып, Мүрсейіт бір кітапты бір қойға сатушы еді».
Тағы бір сөзінде: «Қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз», – деп Мүрсейіт туралы деректі нықтай түседі.

Абай Құнанбайұлы шығармаларының тұңғыш рет баспа бетінде жарық көруі / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Бір анығы, Абай қаламақы алмақ тұрмақ, үш мәртебе би болып, төрт мәртебе болыс болса да, билік қолында тұрмаған сәттің өзінде — Құнанбай әулетінің қуаты қолында тұрса да, сол құзіретті не мал жиюға, не атақ шығаруға, я болмаса дүние кезіп, дүрмек көруге пайдаланбағанын аңғарамыз. Ол «Жаңа низам» әкесінен сұлтандықты, өзінен билікті, елінен бар аяулыны алғанын біліп кетті.
Ол байтақ даланың басынан бақ тайған сәтте қызмет етті, өмір сүрді, өлең жазды. Бір дәуірді — ұлы даланың ұнжырғасы түскен сәтті кеше отырып, әке өткерген әділетті заманның көшкенін көріп, бір дәуірді аяқтап, жаңа дәуірге — Абай дәуіріне қарай аяңдап кете барды.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
-
Мұхтар Әуезов, «Абайдың туысы мен өмірі» (Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы), 8-том. Алматы, 2014 жыл
-
Мұхтар Әуезов, «Абай өмірбаянының төртінші нұсқасы», 30-том. Алматы, 2007 жыл
-
Кәкітай Ысқақұлы, «Абай (Ибраһим) Құнанбайұғылының өмірі», Алматы, 2015 жыл
-
Әлихан Бөкейханұлы, «Ибраһим (Абай) Құнанбаев», Алматы, 2015 жыл
-
Ахмет Байтұрсынұлы, «Қазақтың бас ақыны», Алматы, 2015 жыл
-
Сәкен Сейфуллин, «Ибраһим Құнанбайұлы туралы», Алматы, 2015 жыл
-
«Сельско-хозяйственный обзоръ Семпалатинской области за 1914 годъ». Семей қаласы, 1904 жыл