«КӨЗІҢДІ АШ, ОЯН ҚАЗАҚ, КӨТЕР БАСТЫ...»

Тарихшы Марат Әбсеметов Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының қилы тағдыры турасында

~ 7 мин оқу
«КӨЗІҢДІ АШ, ОЯН ҚАЗАҚ, КӨТЕР БАСТЫ...»

Коллаж / Qalam

Сүйегі жарты ғасырдан астам уақыттан соң елге жеткізілген Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы — өмір жолы қаншалықты күреске  толы болса, тағдыры соғұрлым күрделі тұлға. Патшалық кезеңде жұртына «Оян, қазақ!» деп жар салған ол Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді алыптардың соңынан еріп, ұлт мәселесі, елдің ертеңі тұрғысында терезесі тең күрескерге көтерілді. Алайда патшалық Ресей тұсында қуғын көрген Міржақыпты Кеңес билігі де аямады, сотталды, ату жазасына кесілді, ақырында лагерьде көз жұмды. Сонда қаламын қару еткен ақын өле-өлгенше азаматтық позициясына адал болды. Qalam-ға берген сұхбатында міржақыптанушы, тарихшы Марат Әбсеметов күрескердің қилы тағдырының ұңғыл-шұңғылына үңіліп көрді.

Марат Әбсеметов / Qalam

Марат Әбсеметов / Qalam

Күрескердің бейіті қалай табылды?

1990 жылдың мамыр айының аяқ кезінде академик Дмитрий Лихачевтің (лагерьде жазасын өтеген ғалым, Кеңес және Ресей әдебиеттанушысы, филолог) басшылығымен Соловки музейінде 1920–1930 жылдардағы жазалауда құрбан болғандарды еске түсіруге арналған рәсімге қатысу үшін Кеңес мәдениет қорының степиандаты әрі Міржақыптың шығармашылығын зерттеуші ретінде шақырту қағаз алған едім. Соловки форумына сонда тұтқында болғандар мен кезінде сол құрылысты көзімен көргендердің, зерттеушілердің үлкен тобы қатысты. Біз үш күнге арналған жиын кезінде Соловкидің тарихи-сәулет орындарын, қала маңындағы музей-қорықты және Секир тауы, Савватьево, Исаково елді мекендерін аралап көрдік. Әуелден маған Гүлнәр Міржақыпқызы: «Әкем Кемь мен Сосновецтің маңында дүние салғанын естігенмін. Сол жерге тоқтап, анығын біліп көрсең» деген болатын.

Кешкі уақытта Сосновец стансасына аялдадық. Кішкентай ғана ауыл. Анадай жерде бір орыс әйел тұрған. Жаныма жақындап келіп, «қазақсыз ба?» деді. «Қазақпын, неге сұрадыңыз?» дедім. Әлгі әйел: «Бізде Давлатов деген қазақтың ақыны болған» деп қойып қалды. Бірталай әңгімелесіп, айтқан сөзінің мән-жайын сұрадым. Бір жағынан, сол кісінің үйіне қонатын болып шештім. Себебі шағын ауылда қонақүй де жоқ еді.

Ертеңіне ауылдық совет төрағасымен бірге тұрғындармен жолықтық. Жиналысқа келген бір әйелдің анасы өмірден өтер алдында «Міржақыптың қасына қойыңдар» деп өсиет айтқан екен. Өйткені Дулатұлын лагерьде емес, еріктілердің жанына бөлек жерлеген. Ести сала «барып көрейік» деп, жата келіп жабыстым.

Міржақып Дулатұлы / Wikimedia Commons

Міржақып Дулатұлы / Wikimedia Commons

Қорымға барсақ, Міржақыптың бейіті тұр. Темір қоршаумен белгі қойыпты. Басында ай тұр. Кейін оған қарсы шыққасын, жұлдыз да қадаған екен. Көрсеңіз таңғаласыз, түрлі темірдің қиындыларынан біріктіріп жасаған. Содан не керек, ауылдық совет төрағасы: «Мына жиналғандардың қанша өмірі қалғанын кім білсін, Міржақыптың бейіті осында деген қолхат алып ал» деп ақылын айтты. Куәгерлердің бәрі қолын қойып берді. Сол қолхат пен Міржақыптың жатқан жерінен бір уыс топырақ алып елге келгенімде, Гүлнәр Міржақыпқызы еңкілдеп жылады. Арада көп уақыт өтпей «Қазақ әдебиеті» газетіне «Жұмсақ па, жамбасыңа жатқан жерің?» деген мақала жаздым.

Алаш ардақтысының сүйегін елге жеткізу

Кейін Гүлнәр Міржақыпқызы: «Қайтадан барып, қабірін қазып, сүйегін зерттеп көріңдер. Анық-қанығына көз жеткізейік» деп өтініш білдірді. Себебі әкесі дүниеден өткен соң артында қалған заттарын жіберген екен. Соның ішінде тіс протезі де болыпты. Баласы Нұрланды жаныма ертіп жіберді. Жолға шығарда өзімізбен бірге әлгі протезді де алып алдық.

Қабірді ашқанда байқағаным, марқұмдардың бәрі бір-біріне жақын, тығыз жерленіпті. Мен қатты шошығандықтан, шұқшиып қарауға жүрегім дауаламады. Нұрлан өлшеп көріп еді, протезі сәйкес келді. Алайда біраз уақыт өткесін Гүлнәр Міржақыпқызы: «Әкемнің сүйегін елге әкелсек деймін. Осы ой маза бермей жүр» деді. Содан сол кездегі Торғай облысына жолға шықтық. Облыс басшыларымен, елдің өзге де адамдарымен ақылдасып, ақыры атамыздың сүйегін елге әкелуге бел байладық.

Міржақып Дулатұлының сүйегін қайта жерлеу жөніндегі құжат / Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Міржақып Дулатұлының сүйегін қайта жерлеу жөніндегі құжат / Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Гүлнәр Міржақыпқызы жасына және денсаулығына байланысты арнаулы экспедицияға ере алмады. Бірақ әкесінің сүйегі туған топырағына жеткенде қатты жылады. Бүкіл ел болып егілді десем, қателеспеймін. Ел-жұрт жарты ғасырдан астам уақыттан соң Алаш қайраткерінің рухы туған жерімен қайта қауышқанына қуанып та жүрді. Мұның бәрі қуаныштың көз жасы, жүрек толқытатын сәт еді. Бір қызығы, Сосновец стансасынан атамыздың сүйегін алып, жол жүргелі тұрғанда аспан шайдай ашық тұрған. Тура кетеміз дегенде жаңбыр төпелеп қоя берді. Жиналған орыстың кемпірлері «табиғаттың өзі жылап тұр ғой» деп таңдай қағып жатты.

Әрине, «Қайда жерлейміз?» деген уақытта түрлі сұрақ туғаны бар. Кейбірі Алматыға, енді бірі Түркістанға апарайық деді. Кіндік қаны тамған Қызбел ауылына жерлейік дегендер болды. Кейін халқы көп, шаруашылығы мығым Бидайық совхозында жерленді. Ол кезде Торғай облысының кейін тарап кететінін ешкім болжамаған еді.

Қазақты оятқан үш кітап

1909 жылы Абай Құнанбайұлының алғашқы кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» атты жинағы және Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы жарық көрді. Бұл қазақ руханиятындағы елеулі оқиға еді. Бір жылда баспадан шыққан үш кітап қазақ халқын дүр сілкіндіріп, санасын жаңғыртып әкетті. Міржақыптың өзі де халқым мүшкім жағдайға түскенде кітабымды жаздым дейді. Бар білгеніңді таратпасаң, еліңді қалың ұйқыдан оятпасаң, одан не пайда дегенді алға тартады. Бұл турасында Қошке Кемеңгеров: «Патша өкіметі қатты сасқаны соншалық — қазақ оянып кетеді деп қорықты» деп жазады. Тіпті ол бұл кітапты қазақ Құран секілді жаттап, жата-жастана оқығанын айтады.

Шынымен де, патша өкіметі «Оян, қазақ!» кітабы жарыққа шыққанда өлердей қорықты. Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, тіпті өзіміздің Семейдегі жандармерияның архивін қарасаң, талай жайтқа қанығасың. «Оян, қазақ!» кітабы жайында түрлі материал тұнып тұр. Өлеңі, өзгесі болсын, бәрін бөліп-бөліп ерекше астын сызып, белгілеп отырған.

Міржақып Дулатұлы. Оян, қазақ! 2003 жыл / Ашық дереккөз

Міржақып Дулатұлы. Оян, қазақ! 2003 жыл / Ашық дереккөз

Жандармерияның жанталасына қатысты мынадай қызық дерек бар. Кезінде қазіргі Астана қаласында үш мешіт болған. Соның бірі Көк мешіт деп аталады. Қала ішінде орны әлі де тұр, арнайы қоршалған. Бір күні сол мешіттің имамы жұма намаздан соң жиналған халық алдында Міржақыптың «Оян, қазағын» оқыпты. Лезде біреу жандармерияға жеткізеді. Имам тұтқындалып, үш жыл жаза арқалап, Сібірге айдалып кетіпті. Мұның өзі ақынның қаламынан туған туындының халық арасында кеңінен тарағанын көрсетеді.

Дулатұлы мен Иманов

«Амангелдіні өлтірген — Міржақып» деп жазғандар болды. Бір күні Гүлнәр Міржақыпқызы маған: «Алматыда Амангелдіні зерттеген Аяп Нұрқанов есімді ғалым бар. Соған барып, сөйлесіп көрші» деді. Ол кісімен жолығып, әлгі әңгіменің байыбын сұрадым. Бірақ оның айтқаны мүлде басқа еді. «Амангелді» фильмі түсірілді, ол жерде Міржақып Мадияр деп айтылды. Содан кейін Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» деген кітабы шықты. Солардың бірі де архив деректеріне негізделмеген. Рас, екеуінің арасында текетірес, көзқарас қайшылығы болған, бірақ Амангелдінің өліміне Міржақыптың еш қатысы жоқ. Ары таза адам, сол үшін де ақталды. Егер оның сол оқиғаға қатысты қандай да бір қылмысы байқалса, ештеңеге қарамастан сол мезетінде атылып кететін. Мұның бәріне саясат кінәлі» деді ол.

Әбілхан Қастеев. Амангелді Иманов, 1950 жыл / Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі

Әбілхан Қастеев. Амангелді Иманов, 1950 жыл / Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі

Алып-ұшып Гүлнәр Міржақыпқызына жеттім де, Аяп Нұрқановтан естігенімді түгел баяндап бердім. Сол кезде әңгіме бастаған ол Амангелдінің батыр адам және әкесінің шәкірті болғанын айтты. Тіпті 1915 жылы Амангелді түрмеге қамалғанда Міржақып «Қазақ» газетіне «Белқұда» деген мақала жазып, аман алып қалыпты. Мақалада жергілікті байлар Амангелдіні барымтаға жұмсап, аяғында өзін кінәлі етіп, істі қылғаны көрсетіледі. Міржақып соны дәлелдеп тұрып жазады да, бұл дәйектің негізінде Амангелді түрмеден босатылады.

Әуезов, Жангелдин және ақынның ұрпағы

Міржақыптың Абылай, Наурызбай, Әлібек есімді ұлдары мен екі қызы болған. Солардың ішінен Гүлнәр ғана тірі қалды. Ол кісі өмірден өткенше Алаш мұрасына қорған болып, әкесінің аманатын кейінгі қазаққа жеткізді. Бірақ тағдыры да өте қиын болған. Оны Томбыдағы медицина институтында оқып жүргенде халық жауының қызы деген желеумен оқудан шығарады. Бұл кезде Шолпан Байтұрсынова Алматыда тұрады екен. Оны да жұмыстан шығарып жіберіпті. Гүлнәр Алматыға қайтқан соң екеуі жиі кездесіп жүріпті. Бір күні екеуі саябақта жолығып, шер тарқатысып жылап тұрғанда жандарынан Мұхтар Әуезов өтіп бара жатады. Екеуі алып-ұшып жүгіріп, жетіп барады. Гүлнәрдің бала кезінде Әуезов Міржақыптың үйіне көп барған. Бірақ оларды көрген мезетте Әуезов: «Осы күннен бастап бір-бірімізді білмейміз, осындай жағдайда жүрміз» деген көрінеді. Гүлнәр болса, кеудесіне біреу біз сұғып алғандай күйге түсіп, не дерін білмей, дағдарып қалыпты. Содан Шолпан Байтұрсынова екеуі одан бетер қосыла жылайды.

Мұхтар Әуезов. Иосиф Будневич түсірген фото, 1958 жыл / РИА Новости

Мұхтар Әуезов. Иосиф Будневич түсірген фото, 1958 жыл / РИА Новости

Шыны керек, заманның қиын шағы, халық жауының балаларын еш жерге жұмысқа алмайтын, оқудан да аластатып жіберетін. Бәрінің сеңдей сенделіп қалған кездері ғой. Әуезовпен арадағы жағдайдан кейін Гүлнәр Міржақыпқызы мен Шолпан Ахметқызы қатты күйзеледі. «Кімге барып шағынамыз, бізге кім көмектеседі?» деп бас қатырады. Сол кезде естеріне үлкен қызметте отырған Әліби Жангелдин түсіп, соған барайық деген байламға тоқтайды. Сөйтіп, қабылдау бөлмесінде тұрғандарында, арғы жақтан «кімдер келіп тұр?» деген дауыс саңқ етеді. «Дулатова, Байтұрсынова» деп жауап береді хатшысы. Оны естіген Жангелдин бері қарай шығып, ерекше ілтипат білдіріп, көмек көрсеткен екен.

Түрмедегі өмір мен өлім

Міржақып лагерьде жүргенде де тынымсыз еңбек етті. Әсіресе сонда қамалған түркітілдес халықтар өкілдеріне көп септігін тигізген қылмыстық терминологияға қатысты сөздік жасады. Өйткені түрмедегі тергеушілер де, қызметкерлер де, негізінен, орыс ұлтының өкілдері еді. Түрлі ұлттан тұратын тұтқындар орыс тілінен кәдімгідей қиналатын. Дулатұлы солардың өмірін жеңілдету мақсатында лагерь кітапханасында осындай іспен айналысқан. Оны тұтқындар қолдан қолға көшіріп, әрі қарай өздері-ақ таратып әкеткен. Көрдіңіз бе, елінде «Оян, қазақ!» деп жар салған күрескер мына жерде түрмедегілердің жайын ойлап, көмектесуді көздеді.

Алайда ұлтын сүйген ұлы тұлға жат жерде мәңгілікке дамылдап, 1935 жылдың қазан айында өмірден өтті. Мен өзім жүрегі жарылып қайтыс болды ма деп те ойлаймын. Себебі ұлты фин Альбо Оскарович Куротимен жолыққанымда, мынадай деректер айтты:

«1934 жылы, Киров қаза тапқаннан кейін, 58-ші баппен жазаланғандарды қыса түсті. Олар үшін қатаң тәртіп орнатылды. 1935 жылдың күзінде оларды аспалы көпірдің жанындағы барақтарының біріне қамады. Содан саяси тұтқындар бүлік шығарып, бараққа іштен өрт қояды. Барақтан қашып шыққан тұтқындар аспалы көпірге қарай жүгіріп, суға секірді. Қарауылдар оған бората оқ атты. Адам шығыны өте көп болғаны сонша — канал суы қып-қызыл болып ақты. Дулатов мұны көзімен көрді. Жүректен өліп кетуіне осы көрініс себеп болды ма деп ойлаймын. Жаны тым нәзік еді».

Расында, қайтыс болғанын анықтайтын қағазда жүректен кеткені жазылған. Әйтпесе одан бір ай бұрын ғана жұбайы Ғайнижамал ұлы Әлібекпен бірге келіп, бір ай жатып кеткен болатын. Міржақып лагерьде дәрігер болып істегендіктен рұқсат еткен болуы керек. Олардың тоқтаған, бір ай тұрған үйі, бәрі сақталған.

Міржақып Дулатұлы кесенесі / Ашық дереккөз

Міржақып Дулатұлы кесенесі / Ашық дереккөз

Бұл — белгілі тарихшы Марат Әбсеметовпен Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының күрескерлік жолы, тағдыры жайында жүргізген сұхбаттың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан көре аласыздар.