1917 жылғы желтоқсанда Орынборда Екінші Жалпықазақ съезі өтіп, сол жиында Алаш автономиясы жарияланды. Qalam шолуында сол оқиға туралы арада жүз жылдан астам уақыт өтсе де таңдандырмай қоймайтын маңызды деректер ұсынып отырмыз.
Басы
1917 жылғы 18 желтоқсандаiескіше 5 желтоқсан қазақ зиялыларының қаймақтары Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезіне жиылды. Съездің басты міндеттерінің бірі — аласапыран заманда ұлт тағдырына ортақ бағыт түзіп, автономия идеясын нақтылап бекіту болатын. Алып империя бірінен соң бірі алдымен Ақпан, артынша Қазан төңкерісін басынан өткеріп, Ресей өз ішінен ыдырап, елді азамат соғысы мен алауыздық жайлаған тұста қазақ зиялылары бір тудың астына бірігуді ұйғарды. Құрылтайда Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Самарқан облыстары мен Алтай губерниясынан келген екі жүзден астам делегат бас қосты. Съезд төрағалығына қоғам қайраткері Бақтыкерей Құлманов сайланса, оның орынбасары болып Әзімхан Кенесарин бекітілді. Сонымен қатар құрылтай президиумына «Алаш» партиясының жетекшілері Әлихан Бөкейхан мен Халел Досмұхамедұлы, сондай-ақ Бөкей ордасының өкілі Ғұмар Қараш кірді.
«Алаш» және «Үш жүз» партиялары
«Алаш» қозғалысының көшбасшылары Екінші Жалпықазақ съезінде басты рөл атқарғанымен, сол кездегі саяси алаңда қазақ мүддесін көздеген жалғыз күш «Алаш» емес еді. Оларға 1917 жылғы күзге қарай Омбыда құрылған ұлттық бағыттағы «Үш жүз» партиясы басты қарсылас болды. Оның негізін қалаған әрі жетекшілік еткен — қоғам қайраткері, саясаткер әрі журналист Мұқан Әйтпенов еді.
Екі партия қазақ халқын азаттыққа жеткізіп, тұрмысын түзеуді көздегенімен, ұстанған тәсілдері екі бағытта өрбіді. Қазақ зиялыларының басым бөлігі қолдаған «Алаш» өкілдері Қазақстанды дербес мемлекет деп көргісі келсе, «Үш жүз» партиясы Ресей құрамындағы Түркістан халықтарымен бірлесе отырып, кең ауқымды автономия алуды жақтады.
Тіпті әр партияның өз басылымы болды. Алашордалықтар 1913 жылдан бастап Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы шығарып келе жатқан әйгілі «Қазақ» газеті арқылы халыққа үнін жеткізсе, «Үш жүз» партиясы 1917–1918 жылдары Петропавлда өзі аттас «Үш жүз» газетін шығарды.

«Қазақ» газеті. №8, 1913 жыл / Ашық дереккөз
Екі партия да 1917 жылғы желтоқсанда өтеді деп жоспарланып, кейін 1918 жылғы қаңтарға қалған Құрылтай жиналысына сайлауға қатысу құқығына таласып, сол сайлауда «Алаш» партиясы қазақ облыстарының бәрінде айқын басымдықпен жеңді. Сайлауда күйрей жеңілген «Үш жүз» партиясының өкілдері «Алаш» бастамаларына бойкот жариялауға үндеп, большевиктер жағына шықты.
Негізгі пікірталас
Съезд барысында аштық жайлаған өңірлердің жағдайы, сондай-ақ партиялар арасындағы алауыздықты доғарып, ел бірлігіне ұмтылу мәселесі де талқыланды.
Жалпы, күн тәртібінде Сібір мен Түркістан автономияларына, Оңтүстік-Шығыс одағына және өңірлердің тәуелсіздігіне қатысты ұстаным, милиция құру, Ұлттық кеңес пен Ұлттық қор жасақтау, мүфтият, халық соты, ауылдарды басқару жүйесі, халыққа білім беру мен азық-түлік қауіпсіздігі сынды онға жуық мәселе қаралды.
Ал автономия құру жайы съездің басты тақырыбы болса, Әлихан Бөкейхан сол туралы арнайы баяндама жасады.
Съезд нәтижелері
Әлихан Бөкейханның баяндамасы талқыланған соң, Алаш автономиясын дереу жариялау мәселесі дауысқа салынды. Айта кетері, автономия құру қажет екенін дәлелдеп сөз сөйлегеніне қарамастан, автономияны бірден жариялауға қарсы шыққандар болды. Алаш автономиясын дәл қазір емес, бүкілресейлік Құрылтай жиналысында ресми түрде жариялауды жөн көрген 40 делегаттың қатарында Әлихан Бөкейханның өзі де, оның ең жақын серіктері — Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Мағжан Жұмабаев та бар еді.
Керісінше, автономияны дереу жариялауды жақтап дауыс берген 33 делегаттың қатарында «Алаш» партиясының өкілдері, кейін Мәскеуде В.Ленин және И.Сталинмен келіссөзге қатысуға мәжбүр болған Жаһанша және Халел Досмұхамедұлдары болды. Белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай өзге екі делегатпен бірге қалыс қалды.
Съезд қорытындысына сай, Алаш Орданың уақытша халық кеңесі құрылып, қазақ мемлекеттілігі жарияланып, оның төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Кеңеске 25 адам қатысты: 15-і — қазақтар, 10-ы — өзге ұлт өкілдері, соның ішінде орыстар да болды. Алаш Орда астанасы болып Семей (Семипалатинск) бекітіліп, оған Алаш қаласы деп ат қойылды.

Алаш Орда үкіметінің хабарламасы. 1918 жыл / Ашық дереккөз
Автономия жариялау мәселесі Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін шегерілетін болды. Алайда соған қарамастан, ел қорғанысына сеп болатын өз әскерін құру және өзге мемлекеттермен қатынас орнату секілді нақты шаралар қолға алынды.
Соңы
1918 жылғы қаңтарда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы жұмысын бастай алмай жатып, большевиктер оны күштеп таратып жіберді. Ресейде заңды орталық билік қалмаған тұста Алаш Орда қайраткерлері автономия емес, Алаш Республикасын құру жобасын өткізе бастады. Олар бұл мемлекетті халықаралық деңгейде мойындату үшін белсенді дипломатиялық әрекетке көшті. Уақыт өте келе, кеңес өкіметімен де келіссөз жүргізуге мәжбүр болғанымен, 1920 жылғы көктемде кеңес билігі Алаш Орданың ақырына жетті. Ал 1920 жылдардың аяғына қарай Алаш Орда үкіметінің мүшелері мен «Алаш» партиясы қайраткерлеріне қарсы алғашқы қуғын-сүргін толқыны басталып, 1937–1938 жылдары олардың көпшілігі атылып кетті.
