Біздің дәуірімізден бұрынғы 3-ғасырдың соңында Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігінде бір мезгілде екі алып держава қалыптасты. Оңтүстікте отырықшы Қытайдың Хань патшалығы, солтүстікте көшпелі Ғұн империясы бой көтерді. Олар әртүрлі тілде сөйлеп, түрлі заңмен өмір сүрді, алайда тарих пен тағдыр оларды мүйіздестіре берді.
Осы екі империяның текетіресі кейінгі төрт жүз жыл бойы Орталық Азияның тағдырын айқындады. Бұл тарихта барлығы да болды: әскери жорықтар мен дипломатиялық айла-шарғылар, күтпеген некелік одақтар, халықтардың жаппай қоныс аударуы және болашақ Ұлы Жібек жолының алғашқы бағыттарының қалыптасуы. Қазақ-қытай қатынастары тарихына арналған курстың кіріспе дәрісінде профессор Нәбижан Мұқаметханұлы Орталық Еуразияда алғашқы халықаралық тәртіптің қалай қалыптасқанын баяндайды.
Ғұн мен Хань державаларының қалыптасуы
Ежелгі Қытай мен Орталық Азия аймағы арасындағы қарым-қатынас тарих сахнасына Ғұн империясының келуімен басталған. Өйткені сол дәуірде Азия жазығында елеулі бетбұрыстар болып, тарихтың жаңа парақтары ашылып жатқан-ды. Б.з.б. 221 жылы Цинь Шихуандиiб.з.б. 259 – б.з.б. 210 ж. өзара жауласқан қытай бектіктерінің (чжиянго) басын күшпен біріктіріп, біртұтас абсолютті феодалдық мемлекет — Цинь династиясын құрды. Ал ғұндардың Мөде тәңірқұты күллі көшпелі жұртты бағындырып, б.з.б. 209 жылы Ғұн империясының іргетасын қалады.

Цинь Шихуанди. 19-ғасырдағы иллюстрация / Wikimedia Commons
Ғұндар Ұлы қорғанның сыртынан шығысы Хингань, батысы Цилань тауларына11Хинганьқазіргі солтүстік-шығыс Қытайдың Ляонин өлкесіндегі тау, Цилань — Қытайдың Ганьсу провинциясының батысындағы тау дейінгі аумақты иеленді. Осылайша, «Азияның оңтүстігінде Ұлы Хань, солтүстігінде Күшті Ху (ғұндар)» қатар өмір сүрген. Тіпті «Қытайдың берекесін қашырған әскери төңкерістер кезінде тәңірқұт (шаньюй) өз билігін нығайтып, 300 мыңнан астам садақты әскер ұстаған»i
Si Maqian (司马迁). 史记 (Shi ji. Тарихи жазбалар, Тарихнама). – Beijing: Zhong hua shu ju. 1997, 1 т., -854 б., -731 б. екен.
Азия жазығында аграрлық өркениет ұстанған қытайлар мен көшпелі дала салтындағы ғұндар арасы текетіреске толы еді. Алайда б.з.б. 206 жылы Цинь династиясы жойылып, оның орнын Хань патшалығы басты. Астанасының орналасуына қарай оны әр кезде тиісінше «Батыс Хань патшалығы» не «Шығыс Хань патшалығы» деп атайтын. Біздің заманымыздың 220 жылына дейін, 400 жылдан астам өмір сүрген патшалық Қытай империясының алғашқы кеңістігін қалыптастырған еді.

Ғұндардың батысқа көші / Qalam
Батыс Хань патшалығы болып құрылған бастапқы 150 жыл көлемінде Ғұн империясының әлеуеті олардан басым еді. Десе де, тұрмыстық, басқа да қажеттіліктерге қарай екі мемлекет арасында барыс-келіс орнап, Ұлы қорғанның бойында айырбас сауда қызып жатты. Соған қарамастан, бір-бірін талан-таражға салу, тонау мен шапқыншылықтар болып тұратын. Сол себепті Хань патшалығы ғұндар шабуылынан сақтану мақсатында Ұлы қорғанның сыртқы қабырғасын ұзартып салуға күш жұмсады. Одан өзге, саяси тактиканы өзгертіп, тәңірқұтқа қыздарын ұзатып, тарту-таралғысын ұсынып, ғұндармен құда-жекжат болуға ұмтылды. Осы арқылы ғұндардан келетін қауіпті азайтуды көздесе, түпкі ойында «жиендері ержетіп, ел билегенде нағашы жұртына шабуыл жасамайды» деген үміт жататын.
Бірақ ғұндардың өктемдігінен түбегейлі құтылудың жолы — мемлекет қуатын арттыру екенін түсінген олар әлеуметтік-экономикалық жағдай мен әскери күшін дамытуға қатты кіріседі. Бір жарым ғасырдан артық жүйелі жұмыс істеп, елінің әлеуетін барынша нығайтып та алады.

Цай Вэньцзиді ұрлап әкеткен сәт. «Көшпенді сыбызғысының 18 әні» поэмасына иллюстрация, 15-ғасырдағы қолжазба. Қытай / The Metropolitan Museum of Art
Б.з.б. 140 жылы атышулы Хань императоры Уди таққа отырады. Ол Ғұн империясын жоюды басты мақсатының бірі деп санайды. Бұл кезде Хань патшалығы батысқа қарай кеңейіп, жауларын қоршап алып талқандау стратегиясын қолданды. Қазіргі Қытайдың батысындағы Ганьсу провинциясының шегіндегі Хэси дәлізіне этникалық ханьдарды қоныстандырып, Дуньхуан, Цзюцюань, Увэй және Чжанье деген төрт уезд құрады. Бұл кезде Тянь-Шань тауының оңтүстігі мен солтүстік-батысындағы елдерге Ғұн империясы үстемдік ететін. Сол кезде ғұндарға бағынғысы келмеген ру-тайпалар батысқа қарай қоныс аударып жатқан-ды.

Мөде ескерткіші. Моңғолия / Wikimedia Commons
Қытай тарихшысы Сыма Цянь «Тарихи жазбалар»i«Shi ji — Ши цзи» деген танымал еңбегінде:
«Ұлы ручжыларiорыс тілінде «большой юечжи» немесе «большой юэчжи» деп дыбысталған, ал қытай тілінде 大月氏 болып жазылып, da rouzhi деп оқылады. — Автор Ферғананың (Давань) батысында шамаман 2–3 мың лиi
1 ли шамамен 500 метр жерде, Әмударияның солтүстігінде тұрады. Оның оңтүстігінде Бактрия (Дася), батысында Парфия (Аньси), солтүстігінде Қаңлы (Kangju — Канцзюй) бар. Көшпелі мемлекет, малға ілесіп көшіп-қонып жүреді, ғұндармен салттас. Жүзден екі жүз мыңға дейін садақты әскері бар. Ертеде қуатты болғанымен, Мөде тәңірқұт таққа отырған соң олардың тас-талқанын шығарған. Лаошан тәңірқұтi
б.з.б. 174 – б.з.б. 161 жылдары билік жүргізген олардың патшасын өлтіріп, бас сүйегін саптаяқ қылды. Бастапқыда Дуньхуан, Цилянь тауларының аралығында тұрған ручжылар ғұндардан жеңілген соң алысқа қоныс аударады. Ферғанадан өтіп, батысындағы Бактрияны бағындырып, Әмударияның солтүстігінде ордасын тіккен»i
жазбалар. -854 б. деп жазған.
Осы еңбекте:
«Үйсіндер (У сунь) Ферғананың солтүстік-шығысында екі мың ли (шамамен мың шақырым) жерде тұрады. Малға ілесіп көшіп-қонып жүреді, ғұндармен салттас. Бірнеше түмен садақты әскер ұстайды, жауынгер халық. Ертеде ғұндарға бағынышты болған, кейін күшейіп, орда жиналысына бармайтын болған»iБұл да сонда деген дерек бар.
Демек, бұл жазбалардан сол кезде шығыстан Орталық Азияға қоныс аударып келген этникалық топтарды көре аламыз.
Чжан Цяньның Орталық Азияға сапары
Хань патшалығы қытайдың дәстүрлі доктринасындағы «алыспен байланыс орнатып, жақынға шабуыл жасау» қағидасына сай, ғұндарға батысынан шабуылдайтын одақтас іздейді. Бұл ретте оларға ғұндардан жеңіліп, патшасынан айырылған ручжылар таптырмас одақтас еді. Ручжылар ғұндарға кеткен ата кегін қайтару жолында бізбен сөзсіз тізе қосады деп есептеген Хань патшалығы Орталық Азияға қотарыла көшіп кеткен оларға елші жіберіп, қарым-қатынас орнатуға тырысып бағады.
Б.з.б. 138 жылы Хань династиясының императоры Уди Чжан Цяньiб.з.б. 195–114 жж. бастаған жүздеген адамнан тұратын делегацияны қыруар тарту-таралғымен Ұлы ручжы еліне аттандырады. Алайда Лунси аймағынан шығып, батысты бетке алған елшілер жолда ғұндардың қолына түсіп, он жыл солардың бақылауында болады. Чжан Цянь тіпті ғұн қызына үйленіп, одан ұлды болады.

Уди император. «Лайықты билеушілер альбомынан» иллюстрация, 18-ғасыр. Қытай / Wikimedia Commons
Бақылау босаңсыған сәтті пайдаланып, Чжан Цянь қашып шығып, жол бастап келген ғұн жолсерігі Ганьфумен бірге батысқа қарай ондаған күн жол жүріп, Ферғанаға жетеді. Ферғана патшасына басынан өткенін баяндап:
«Біз Хань патшалығының Ұлы ручжыларға жіберген елшісі едік. Жолда ғұндарға бөгеліп, олардан қашып шықтық. Бізді ручжыларға жеткізіп салуды өтінеміз. Егер аман-есен Қытайға қайтып оралсақ, Хань патшалығының сіздерге жолдайтын сыйлықтарының көптігіне сан жетпес еді» дейді.
Чжан Цяньның сөзіне иланған ферғаналықтар жол бастаушы қосып беріп, оларды Қаңлыға жеткізіп салады. Қаңлылар әрі қарай ручжыларға алып барадыiТарихи жазбалар. -799 б. .
Алайда Чжан Цянь қанша жерден Хань патшалығымен одақтасып, ғұндарға батыстан шабуыл жасауға көндіргісі келсе де, ручжылар оның ұсынысынан бас тартады. Себебі мамыражай күн кешіп жатқан олардың ойында «ғұндардан кек қайтару» деген түсінік жоқ болатын. Елші мақсаты орындалмаса да бір жылдан астам сонда тұрақтап, Орталық Азиядағы ірі бес-алты ел мен 74 қалаға барлау жүргізеді. Олардың саяси-әлеуметтік жағдайын, географиялық ерекшелігін, демографиялық ахуалын, әскери әлеуеті мен қару-жарағын, тіпті жайылымдағы үйір-үйір жылқысына дейін зерттейді.

Чжан Цяньның Батысқа сапары. Могао үңгірлер кешеніндегі 323-үңгірдің солтүстік қабырғасындағы фреска, 8-ғасыр / Getty Images
Бірақ қайтар жолында тағы да ғұндардың қолына түсіп, сөйтіп, сапары 13 жылға созылып, соңында екі адам ғана еліне тірі жетеді.
Хань патшалығының бұл дипломатиялық миссиясы нәтижесіз болғанымен, Чжан Цяньның Орталық Азия жөнінде жинап келген ақпары аса құнды еді. Уди императорға көрген-білген, естігенін айтып берген ол:
«Қазір тәңірқұтiғұндарды айтып отыр. — Автор Хань патшалығының жаңа қыспағында қалып отыр, ал күнбидің жеріi
үйсіндерді меңзейді. — Автор иен жатыр. Бұл жабайылар атамекенін сағынғыш, оның үстіне қытай бұйымдарына ашкөз келеді. Дәл қазір үйсіндерге пара беріп, шығыстағы байырғы жұртына шақырып әкеліп, қоныстандыруға болады. [Күнбиге] Хань патшалығының ханшасын бәйбішелікке беріп, туыстасуға да болады, әрі қазіргі жағдайда олар осыған көнуге мәжбүр. Үйсіндермен байланыс орнатсақ, олардың батысындағы Бактрияға тәуелді елдің бәрін Сізге сырттай бағынышты етуге болады»i
Хань патшалығы тарихы. -686 б. дейді.
Бұл сөз жанына майдай жаққан Уди император келесі кезекте Үйсін елімен одақтастық орнатуға бел буады.
Б.з.б. 119 жылы үш жүзден астам адаммен Орталық Азияға екінші рет сапар шеккен Чжан Цянь тарту-таралғысын артынып Үйсін еліне ат басын тірейді. Күнбимен кезіккен ол императордың сәлемдемесін жеткізіп, түрлі ұсыныспен қызықтырып:
«Үйсіндер шығыстағы ХуниеiҒұн тәңірқұты. — Автор жеріне көшіп барып қоныстанатын болса, Хань патшалығы ханшасын күнбиге бәйбішелікке бермекші» дейді.
Алайда күнби олардың ұсынысын қабылдамайды. Оның түрлі себебі де бар. Біріншіден, Хань патшалығы шалғайда жатқандықтан, үйсіндер олар жайында жарытып ештеңе білмейтін. Екіншіден, бұрын ғұндарға бағынышты болғаны бар, әрі қазір оларға жақын жерде тұрғандықтан, күнбидің уәзірлері ғұндардан сескенетін. Сондықтан үйсіндер кері көшуді қаламайды, патшасы да бұл жайтқа қатысты кесіп билік айтпайдыiБұл да сонда. -802 б..
«Тәңір тұлпары»: Үйсін мен қытай құдалығы
Орталық Азияға жасалған екі сапар сәтсіз аяқталғанымен, Хань патшалығының бұл аймақты барлау ісі үзілді-кесілді тыйылды деуге келмейді. Екінші сапарында да орынбасарларын аймақтағы ірі елдерге жіберген елші олармен байланыс жасап, аңысын аңдайды. Чжан Цянь тобы еліне қайтарда Үйсін күнбиі Елжауби (Лиечжоми) оларға жол бастаушы және тілмаш ретінде ондаған адам қосып жібереді, сондай-ақ бірнеше ондаған сәйгүлікті императорға тарту етеді. Бұл сәйгүліктерді көрген император «Балгерлік кітабын» ашып:
«Жылқы атасы солтүстік-батыстан келіпті, үйсіндердің жылқысын алғанымыз құт екен» деп, оған «Тәңір тұлпары» (Tian ma) деген ат қоядыiХань патшалығы тарихы. -687 б..
Бұл Үйсін елшілерінің Қытайға алғаш рет баруы еді. Олар Хань патшалығының үлкен ел екеніне көз жеткізіп қайтады. Ал Хань патшалығы үйсіндерді ғұндарға қарсы одақтасуға көндіре алмағандықтан, оларды оқшаулау тәсіліне көшеді. Яғни жыл сайын Орталық Азиядағы басқа елдерге дүркін-дүркін елші жіберіп, мол сыйлық тарту ететін Хань империясы Үйсін еліне соқпай, айналып өтетінді шығарады.

Желмен жарысқан жылқы. Қола мүсін. Ганьсу провинциясы, Қытай. Хань империясының дәуірі (б.з. 2–3-ғасыры). Қытайда жылқының мұндай бейнесі Орталық Азиядан «Тәңір тұлпары» деп аталған жылқылар әкелінген соң кеңінен тараған / Getty Images
Осы тұста ғұндар болса, үйсіндерді Хань патшалығымен байланыс жасады деп жазғырып, оларға қарсы шабуыл жоспарлай бастайды. Ақырында ғұндардан қорғанбақ болған үйсіндер мәжбүрлі түрде қытайларға жақындайды. Сөйтіп, Елжауби Хань патшалығы ордасына елші жіберіп, сәйгүлік тарту етіп, патша әулетінің қызын алып, құдандалы әрі одақтас болғысы келетінін аңғартады.
Императордың күткені де осы еді, бірден келісе кетеді. Осылайша, Үйсін күнбиі қалың малға мың жылқы беріп, құда түседі. Б.з.б. 108 жылы Хань династиясының императоры Уди өз әулеті Лию Чжияньның қызы Шичжуньге (Си гюнь) ханша мәртебесін беріп, оған мол жасау жасап, атқосшы, даяшы ретінде жүздеген адамын қосып, оны үйсін күнбиіне ұзатады. Сонымен, екі елдің арасында ресми түрде саяси мақсаттағы құдандалық байланыс орнайды. Мұны Хань патшалығы мен Орталық Азиядағы елдер арасында алғаш жасалған дипломатиялық неке деуге болады.

Тегі ғұннан шыққан әрі Хань империясының сарайында қызмет еткен Цзинь Миди туралы сюжет. Тас бедеріндегі бояу іздері. Қытай, б.з. 2-ғасыры / Wikimedia Commons
Бұл оқиғаның Орталық Азияға ықпалы зор еді. Үйсіндер мен Хань патшалығы арасында одақтастық орнағанын көрген ғұндар үйсінге шабуыл жасау жоспарынан айнып, керісінше, олармен құдаласу арқылы өз жағына тартқысы келеді. Сөйтіп, Ғұн тәңірқұты да өзінің бір ханшасын үйсін күнбиіне береді. Үйсін күнбиі Оңғайби (Унгуйми) қытай ханшасын оң тізесін басқан ханым, ал ғұн мәликасын сол тізесін басқан бәйбіше етіп, ғұн қызын қытай ханшасынан жоғары қояды. Бұдан үйсіндердің әлі де болса ғұндарды өзіне жақын санап, құрмет тұтатынын байқауға болар еді.
Бұл кезде Хань патшалығы үйсіндерге саяси ықпалын әлі де тереңдету жолында түрлі шара қарастырып жатқан. Тіпті күнбиге ұзатылған ханшаның хатына қайтарған жауабында Лию Шэ император:
«Сен сол елдің әдет-ғұрпына бойұсынып, үйсіндермен бірлесіп ғұндарды жоятын бол!»iХань патшалығы тарихы. -687 б. деген саяси тапсырма береді.
Б.з.б. 103 жылы Шичжунь ханша қайтыс болған соң, Хань патшалығы оның орнына Чжиею атты және бір ханшасын үйсін күнбиіне беріп, оған да ғұндарды жою үшін қызмет етуді міндеттейді.
Ғұндар қалай күйреді?
Қалай десек те, ғұндар мен қытайлардың Орталық Азияға деген таласы ұзаққа жалғасты. Бұл жолда олар түрлі айлаға барды. Мәселен, бірде ғұндар Хань империясының үйсіндерге ықпалын әлсірету үшін арнайы елші жіберіп, күнбиден Хань ханшасын алып кетпек болады. Алайда үйсіндер ханшаны бермейді. Соған ашуланған тәңірқұт үйсіндерге соққы жасап, шығысындағы біраз жерін басып алады. Сол кезде Оңғайби мен Чжиею ханша императорға хат жолдап, көмек сұрайды. Оларға қолдау білдірген Хань Шуанди патша 150 мың әскер аттандырады. Сөйтіп, б.з.б. 71 жылы Хань патшалығының бес сардары 150 мың қолмен бірнеше бағытта ғұндарға шабуылға аттанады. Ал Хань империясының елшісі Чан Хуэйдың бақылауындағы үйсіндердің 50 мың қолы ғұндарды батысынан шабуылдайды.

Ғұндар. Қытайдың ақын қызы Цай Вэньцзидің «Көшпенді сыбызғысының 18 әні» поэмасына иллюстрация, 15-ғасырдағы қолжазба. Қытай / The Metropolitan Museum of Art
Сұрапыл шайқаста ғұндар ойсырай жеңіліп, қарсыластары орасан мол олжаға кенеледі. Бірақ жеңілістің ащы дәмін татқан ғұндар мұны үйсіндерден көріп, сол жылы түмен атты әскермен үйсіндерге шауып, мал-жанын барымталап кетеді. Алайда бір түнде құрық бойы жауған қардан ғұндардың әскері мен малы үсіп өліп, еліне оннан бірі ғана аман қайтыптыiБұл да сонда. -991 б. .
Осы оқиғадан кейін Ғұн империясы күрт құлдырап, өзінің Батыс өңірдегі — Орталық Азиядағы үстемдік позициясынан айырылады. Хань империясы болса б.з.б. 60 жылы қазіргі Тянь-Шаньның оңтүстігіндегі Янчжи деген жерінде әскери бақылау органын — Духуфу орнатады. Духуфу — Хань патшалығының батыс өңірдегі әскери бас штабы іспеттес бақылау органы еді. Сондай-ақ Батыс зерттеушілері «онда Хань патшалығының аймақтағы бақылауын қамтамасыз етіп, Батыс өңірдегі елдермен қарым-қатынасты реттейтін билік болған» деп санайдыiDenis Twitchett and Michael Loewe. The Cambridge History of China Volume 1. The Ch’in and Han Empires 221 B.C – A.D. 220. New York: Cambridge University Press 1986. Қытай тіліне аудармасы. – Beijing: Zhongguo shehui kexueyuan. 2020, -919 p, -390 p. .

Хань империясының атты әскері. Қола мүсін композициясы. Ганьсу провинциясы, Қытай. Б.з. 2–3-ғасыры / Getty Images
Хань патшалығының бір ғасыр бойы Батыс өңірде немесе Орталық Азияда жүргізген саяси-дипломатиялық және әскери күресі нәтижелі болды. Олар көздеген мақсатына Үйсін елімен одақтасу арқылы жеткен еді. Өз кезегінде, Ғұн империясын жоюға атсалысқан үйсіндердің өзі олардың саяси әрі әскери ықпалынан іштей ыдырап, өзара қырқысудың салдарынан біртіндеп елдігін жоғалтты. Тарихшылардың айтуынша, б.з.б. 115 және б.з.б. 60 жылдар аралығы Хань мен Ғұн империялары Батыс өңірді бақылауда ұстау үшін күрес жүргізіп, ақырында бұл кезең Хань патшалығының жеңісімен аяқталады. Екіншіден, осы тұста ішкі билікке талас салдарынан Ғұн империясы ыдырайдыi Бұл да сонда. -371 p. . Бірақ Ғұндар мен Хань патшалығының Орталық Азияға таласы іс жүзінде б.з. 1-ғасырға дейін, яғни Шығыс Хань патшалығы кезеңінде деi
б.з. 25–220 ж.ж. жалғасты.
Дәл осы, б.з. 1-ғасырында Үйсін елі де ішкі және сыртқы себептердің салдарынан мемлекеттік күш-қуатынан яки Орталық Азиядағы мықты орнынан да айырылдыiМұқаметханұлы Н. Үйсін мемлекеті // Қазақ тарихының өзекті мәселелері. – Павлодар: Brand Print. 2010. -311. -26 б..
Қаңлылар мен дипломатиялық ойындар
Орталық Азиядағы байырғы әрі маңызды елдің бірі — Қаңлы мемлекеті еді. Тарихи жазбаларда олардың Ферғананың солтүстік-батысында шамамен 2 000 ли (мың шақырым) жерде тұрғаны, көшпелі мемлекет болғаны және ручжылармен салттас екені жазылғанiХань патшалығы тарихы. -800 б. . Қаңлы тегінде шығыстан Орталық Азияға ауып келген Ұлы ручжылардан бөлініп шығып, б.з.б. 150 жылдары шамасында дербес мемлекет құрғанi
Мұқаметханұлы Н. Қаңлы мемлекеті және мәдениеті//Қазақ тарихының өзекті мәселелері. – Павлодар: Brand Print, 2010. -311 б., -26 б..
Қытайдың Хань патшалығы мен Қаңлы елі арасындағы алғашқы байланыс Чжан Цияньның Орталық Азияға келген кезінен басталады. Бұған дейін айтылғандай, қаңлы жұрты сол жолы ғұндардан қашып шығып, өздеріне жеткен Чжан Цияньды ручжыларға жеткізіп салған. Келесі бір жағдайда қаңлылар мен ханьдықтар бетпе-бет келуге аз қалды: б.з.б. 104 жылы Хань патшалығының Ли Гуанли есімді сардары ферғаналықтардың жылқысын тартып алу үшін шабуыл жасайды. Қаңлылар ферғаналықтарды құтқаруға әскер аттандырғанымен, мәселе бейбіт шешімін тауып, Қаңлы мен Хань ұрысқа түспеген еді.

Қаңлы атты әскерінің шайқасы. Орлат тақталарының біріндегі сурет. Өзбекстан, б.з. 1–4-ғасыры / Wikimedia Commons
Негізінде, қаңлылардың Орталық Азиядағы маңызды одақтасы ручжылар емес, үйсіндер болған. Соған байланысты қаңлылар қытайлармен жанамалай, кейде тікелей байланыс орнатып отыратын.
Б.з.б. 1-ғасырда қаңлы қоғамы айтарлықтай дамыды. Қытай жылнамаларында қаңлылардың қиыр шалғайда тұрамыз деп тәкаппарланып, басқа елдерді менсінбей кеткені айтылады. Духу Го Шу патшаға жолдаған хатында былай дейді:
«Қаңлылар тәкаппарланып, қулық істеп, бізге елші де жібермей отыр. Духу жіберген ұлық олардың еліне барғанда, оны үйсін және басқа елдерден барған елшілердің аяқ жағына отырғызып, өзге елдердің елшілері тамақтанып болған соң оған тамақ берген. Олар осылайша бізді әдейі назарға алмай, өзіне көрші елдерді сыйлап, мадақтап, мақтапты. Осылай еткен қаңлылар баласын қалайша бізге аманат-кепілге бере қойсын?! Қаңлылардың бізбен сауда жасасақ жақсы болар еді дегені де қулық. Ғұндар — жүздеген жабайының ішіндегі ең мықтысы. Хань патшалығы бүгінгідей кемеліне келген кезде, қаңлылардың бізге елші жібермей отырғанын ғұндар еститін болса, әрине, тәңірқұт намыстанып, аманат-кепілге берген баласын қайтарып әкетеді де, қайта бермей қояды»iХань патшалығы тарихы. -988 б..
Жылнамадағы жазбаның тереңіне үңілсек, Қаңлы мемлекетінің дипломатиялық этикет қалыптастырған өркениетті ел болғанын байқаймыз. Олар өзімен байланыста болған әр елмен этногенездік, географиялық және мүдде қатынасы негізінде мәміле жасаған. Анықтап айтқанда, дипломатиялық тұрғыда көрші елдермен қарым-қатынасты алдыңғы орынға қойған. Сондықтан олар қанша жерден үлкен ел болса да, Қытайды екінші орынға қойып отыр. Кімнің жақын, кімнің жат екенін парықтай білген олардың әркіммен тиісінше мәміле жасауы нағыз өркениеттің көрінісі еді.

Атты және жаяу әскер. Орлат тақталарының біріндегі сурет. Өзбекстан, б.з. 1–4-ғасыры / Wikimedia Common
Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, қаңлылардың сауда-саттық ісі біршама дамыған болатын. Олардың географиялық орналасуы Ұлы Жібек жолы өтетін қалаларды бақылауда ұстауға қолайлы еді. Әсіресе б.з.б. 1-ғасырда қаңлылар Орталық Азиядағы Жібек жолы саудасының гүлденуіне маңызды үлес қосқаны белгілі. Мәселен, Қаңлы мемлекетінің жеке ақшасын шығарып, сауда айналымына қосуы — Орталық Азияның сауда тарихындағы аса маңызды құбылысiҚР ҒМ ҒА. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты. Қазақстан тарихы. – Алматы: 1-т., -544 б., -286 б. .
Төрт жарым ғасырлық тартыстың ақыры: Хань қалай ыдырады?
Жаңа эра қытай тарихына елеулі өзгерістер ала келді. Б.з. 9 жылы Хань патшалығына билікке келген Ван Манның саясаты халықты титықтатып жібереді. Шыдамы таусылған ел қарулы көтеріліске шығады. Бұл жайды қалт жібермеген ғұндар Батыс өңірге қайта үстемдігін орнаттыi新疆社会科学院民族研究所(Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясы Ұлттар зерттеу институты. 新疆简史 (Шыңжаңның қысқаша тарихы. Үрімжі : Шыңжаң халық баспасы. 1980. 1- кітап. -354 б.-47 б. .
Б.з. 25 жылы Лю Сю император патша тағына отырады. Кейін ол Лоян қаласын астана деп белгілеп, мемлекеті «Шығыс Хань патшалығы» деп аталды. Шығыс Хань мен ғұндар арасындағы Батыс өңірге үстемдік үшін күрес ғасыр бойы жалғасып жатты. Соған қарамастан, Қытай мен Орталық Азия арасында сауда-саттық пен мәдени байланыс тоқтаған емес. Әсіресе Ұлы Жібек жолында саудагерлер ілгерінді-кейінді жүріп жатқан болатын.

Лю Сю, Хань династиясының императоры. «13 билеуші» альбомынан. Қытай, 7-ғасыр / Wikimedia Commons
3-ғасырдың басында, нақтылап айтқанда, 220 жылы Қытайдағы шаруалар көтерілісі Шығыс Хань патшалығын тағынан тайдырып, орнына Үш мемлекет — Вэй, Шу-Хань және У бой көтерді. Сөйтіп, Хань патшалығы мен Орталық Азия арасындағы төрт жарым ғасырлық таласқа толы қарым-қатынас та аяқталды.
Қалай десек те, Хань патшалығы мен Орталық Азияның ежелгі мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынас тіршіліктің қатал заңынан аттап өте алмады. Кімнің мықты екені «найзаның ұшы, білектің күшімен» ғана емес, ақыл-айламен өлшенетін. Сол үшін де әрқайсысы өзінің үстемдігін арттыруға тырысатын. Дегенмен б.з.б. 3-ғасырдың аяғында, Цинь мен Хань династиясы орнағаннан кейін-ақ Қытайда хань этносы қалыптаса бастады. Ал сол уақытта Ғұн империясының құрамына енген ру-тайпаларда «біз бір этноспыз» деген түсінік болмаған. Олар билеуші элитаға ғана бағынды. Саяси және этникалық тұтастықтағы мұндай айырмашылық түбінде осы екі жұрттың тарихи тағдырын айқындады.
