Ғұндардың дала төсіндегі жиынынан басталып, Шыңғыс ханның ұлы құрылтайына ұласқан бұл институт кімнің заңды билеуші деп танылып, мемлекет үшін маңызды заңдар мен стратегиялық, экономикалық шешімдердің қандай болатынын анықтайтын. Құрылтай тарихы — жаһанды тітіреткен билеушілердің өзі бас иген еуразиялық құқық идеясының тарихы.
2026 жылдың басында, конституция реформасы аясында, Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы әзірленіп жатқан тұста бір палаталы Парламенттің жаңа атауы Құрылтай болатыны айтылды. Осы орайда Qalam сол бір ежелгі институттың тарихына зер салып, эволюциясын шолып шықты.
Шыңғыс ханның Құрылтайы мен Моңғол империясы
1206 жылы, осыдан тура 820 жыл бұрын қазіргі Моңғолияның солтүстік-шығысындағы Онон өзенінің жағасында тарихтағы ең айтулы құрылтай өтті. Адамзат тарихы соған «дейінгі» және содан «кейінгі» болып бөлінеді десек, артық айтқандық емес: себебі сол құрылтайда қабылданған шешімдер әлі күнге Еуразияның көп бөлігінің саяси һәм мәдени келбетін анықтап отыр. Сол айтулы құрылтайда моңғол және түркі тайпаларының өкілдері жиылып, бір ауыздан Темүжінді ұлы Қаған — Шыңғыс хан деп ұлықтап, хан көтерген. Аталған жиында Шыңғыс ханның Ұлы Ясасы да заң болып күшіне енді.

1206 жылы Темүжіннің Шыңғыс хан аталып, хан көтерілуі. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» жылнамалар жинағынан алынған иллюстрация, 15-ғасыр / Wikimedia Commons
Басып алған іргелес аумағының көлемі жағынан әлем тарихында теңі болмаған Моңғол империясының негізін қалап, жер-жаһанды жаулаған ұлы Шыңғыс хан дәуірі де, «құрылтай» деген сөздің өзі де сол жиыннан бастау алады. Бұл термин бүкіл Еуразияға тарап, моңғол тіліндегі түпнұсқасымен біздің заманымызға дейін жетті. Алайда бұл институттың тамыры одан да әрірекке, екі мың жыл бұрынғы уақыт қатпарларына бойлайды.
Құрылтай және ежелгі түркілердің мемлекеттілігі
Прототүріктер кезінен және кейінгі түркі мемлекеттік бірлестіктерінің бәрінде жоғары билік пен оның символдық легитимдігі киелі «төре» ұғымы төңірегінде қалыптасты. Таққа қонған әр билеуші мемлекеттің заңдары мен орныққан тәртібіне адал екенін жариялар еді. Сол заң-тәртіптердің жинақталған бейнесі осы «төре» ұғымына саятын. Заң алдында бас ию, мойынсұну — қараның ғана емес, ханның да парызы саналған. Қалыптасып қалған сыңаржақ түсініктегідей емес, көшпенді мемлекеттерде биліктің заңдылығы, яғни «төре» нышанды қасиетті заң мен әділет қағидаттарына сай ел билеу ең маңызды нормалардың бірі болған. Сол процесте соңғы кесім құрылтайға берілді. Әр кезеңде, әр елде оның атауы, атқаратын қызметі, символдық мәні мен өкілетінде аз-кем айырма болғанымен, маңызы бір мысқал кеміген жоқ. Сондықтан да бүкіл Еуразияға айбары асқан Әмір Темірдің өзі Ұлы даланың киелі заңын бұзуға батпай, құрылтайда хан атағына таласпады: «Гурган», яғни «ханның күйеу баласы» деген лепесті қанағат тұтты.

Әмір Темірдің ұлы құрылтайы. «Зафарнама» (Жеңіс кітабы) қолжазбасынан миниатюра, 1533 жыл / Wikimedia Commons
Сөйтіп, ежелгі түркі мемлекеттеріндегі құқық нормалары, яғни «төре» — қағанның қалауына, түркілердің құқық салты мен әдетіне және құрылтайда қабылданатын заңдарға сүйенетін. Оның үстіне, жаңа әмірші сайлау, әлдекімге соғыс ашу не халықаралық келісімге келу сияқты ең маңызды шешімдер құрылтайда қабылданбаса, заңсыз саналатын. Дала империялары десе халқын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, жеке-дара билік құрған қаһарлы әміршілер ойға оралады, ал шындығында құрылтайда қабылданған шешім хан қалауынан да биік болған.
Құрылтай және оның өкілеті
Ежелгі түркі құрылтайларының тарихтағы өзге жиын-кеңестерден бір ерекшелігі — оның функциясы мен өкілеті көп болуында. Құрылтай заң шығарып, әдет-салтқа қатысты нормаларды анықтап қана қоймай, сот міндетін де атқарған. Оның үстіне, тайпа басылары мен әскербасылардың жиыны есепті бас әскери штаб қызметін де атқарған. Жорық, шапқыншылық алдында, тіпті соғыс кезінде де билеуші өз стратегиялық шешімдерін жұрт қалауымен үйлестіріп отыру үшін, сондай-ақ мемлекетаралық келісімдер мен бітім шарттарын талқылау үшін құрылтай шақырып отырған.

Уәлиян түбіндегі шайқас (Хорезм маңы, 1221 жыл). Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» жылнамасынан иллюстрация, 15-ғасыр / Wikimedia Commons
Құрылтайға тайпа басылары мен ел басқару ісіндегілердің бәрі қатысатын, сондықтан оның құрамы да, қатысушылардың құзыреті де әралуан болатын. Біреулер әскери қанаттан, яғни тайпа қолының сардарлары болса, келесілер әкім-қара, кеңесші және дін өкілдері болған. Құрылтайға әйелдер қатысып қана қоймай, ғұн дәуірінен-ақ тіпті төрағалық ете алатын. Деректерге жүгінсек, қаған да, құрылтай қатысушылары да қайсыбір мәселеге қатысты ойын бүкпесіз айтып, пікірталас құратын. Ондай ашық талқы бір шешімге келгенше бірнеше күнге созылуы мүмкін еді.
11-ғасырда өмір сүрген түркі ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» бұл жөнінде мынадай жолдар бар:
«Күллі құрмет білімдіге тиесі,
Мейлі, ол төр, мейлі, есіктің иесі!
......
Кісі асылы екі түрлі:
бірі — бек те, бірі — дана елбасы.
…
Елді аларда алмас қылыш жарқылдар,
Ел басқарсаң, алтын қалам жалтылдар.
.......
Заң түзелді, жаһан тыныш жайланды,
Әділ заңмен аты аңызға айналды».
Салт бойынша соғыс басталып кеткен не қаған қайтқан сияқты төтенше жағдай болмаса, құрылтай үзіліссіз, кесімді мерзімде жылына бірнеше мәрте өтіп тұратын. Жыл басында жұртшылық дін жоралғыларын атқарып, маңызды құқықтық және әкімшілік мәселелерді шешу үшін жиналатын. Бесінші айда мемлекет мәселелерінен есеп алып, заңды өзгертуді талқылау үшін шақырылатын. Ал қыркүйекте көбіне жорыққа дайындықты пысықтау: ат пен адамды түгендеп, жоспар құру үшін жиылған.
Әлбетте, құрылтайда әскер не заң ісі ғана емес, тұрмыс пен саясат ісі де айтылатын. Әдетте талқыға көш жолы, жұрт пен жайылым бөлісу сынды мәселелер түсетін. Оған қоса, ел ішінде ара-тұра бұрқ ете қалатын көтерілістер, сондай-ақ іргелес елдердің қаған дәргейіне бас ұрмақ тілегі де сөз болар еді. Кей жағдайларда құрылтайлар сот есебінде жүріп, онда маңызы аса жоғары мәселелер ғана талқыға түсетін. Айталық, бір жолы ғұндар қолға түскен жау қолбасының тағдырын шешсе, тағы бір жолы Ирандағы моңғол әміршісі Ғазан хан Сириядағы шайқаста жеңілген өз қолбасын соттаған.

Құран ақтарып отырған Моңғол ханының бірі (Ғазан хан болуы мүмкін). Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінен иллюстрация, 14-ғасырдың бірінші ширегі / Wikimedia Commons
Құрылтай және әмірші сайлау
Әйтсе де Ғұн империясында да, түркі қағанаттарында да, Моңғол империясында да құрылтайдың ең маңызды сипаты — ел басқарған төрелер мен тайпа басыларының қатысуы міндетті еді. Құрылтайға бармай қалуға болмайтын, ал онда қабылданған шешімдер бұлжытпай орындалатын. Қайткенде де барасың я құрылтайдың кесіміне мойынсұнбаған болып шығасың. Басқа жол жоқ. Әлбетте, жорықта жүрген не ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатқандарға кешірім бар, алайда соның өзінде олар алдын ала хабар беріп, өкілін жіберуге міндетті болған.

Ұйғыр қолбасшысы, кейін Бейжіңге қоныс аударған Турфан билеушісі Қожыс (қайтыс болған жылы — 1781). Портретті 1775 жылы Қытай сарайында еуропалық иезуит суретшісі салған / Wikimedia Commons
Бектер, тайпа басылары, әкім-қаралар мен билеушінің жақын-жұрағаты құрылтайға бармай қалса — заңға бағынбай, ашық сес көрсеткені есепті қабылданатын: ондайда шұғыл түрде бөлек құрылтай жиылып, бұзақының жазасы берілетін. Тіпті өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Бұл тәртіп әйелдерге де қатысты еді: әміршілер мен оның төңірегіндегілердің әйелдері, әпке-қарындасы мен қыздары да құрылтайға қатыспаса болмайтын.
Әйтсе де құрылтайдың ең маңызды міндеті — әмірші (шанюй, қаған, ұлы хан не сұлтан) сайлау болатын және сол шаруаның өзі де, нышаны да Ғұн империясы, Түрік қағанаты, Моңғол империясы мен Қазақ хандығы дәуірінен бері өзгермей келді. Оның жоралғысы да, жаңа сайланған әміршіні ұлық тұтып, ақ киізге салып көтеру де мың жыл өтсе де өзгермеген.

Моңғол құрылтайы. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» жылнамасынан иллюстрация, 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons
Солайша, ұлық әміршіні құрылтайда сайлап, заңдылығын бекіту Еуразия даласындағы негізгі құқық салтына айналып кеткен. Сондықтан билікті басып алушылар да өз бетінше құрылтай өткізуге құмар болатын. Тарихтан көретініміздей, билеушінің тікелей тақ мұрагері болмаса, құрылтай өзге рудан ел басын сайлауы мүмкін еді. Ал құрылтайда сайланған қаған билігінің заңдылығына еш күмән болмайтын.
Құрылтайда әмірші сайлау әдетте әлдебір ресмилік не символизм көрінеді, өйткені сайлауға кім түсетіні алдын ала анық болатындай. Ал, шын мәнінде, қаған сайлаудың өзі жылдарға ұласып кетуі мүмкін еді: ол арада империя тізгінін бұрынғы әміршінің жесірі ұстайтын. Сол сияқты, Жошының ұлы Батудың 1251 жылғы Қарақорымдағы ұлы құрылтайда Мөңкені «Ұлы хан» сайлауға ықпал етпек болғаны да ресми рәсімнен гөрі, жақсы жоспарланған саяси технологияға келіңкірейді. Бұл оқиға атақты парсы тарихшысы әрі мемлекет қайраткері Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінде егжей-тегжейлі жазылған.

Мөңке ханның қабылдауы. Ата-Мәлік Жувейнидің «Тарих-и жаһангушай» жылнамасынан иллюстрация, 15-ғасыр / Wikimedia Commons
Құрылтай мұрасы
Түркі және моңғол халықтарының құрылтай институты исламға дейінгі кезеңнен бастау алып, Ғұн империясы дәуірінен тамыр тартады, яғни оның екі мың жылдан арыға кететін тарихы бар. Әр кезеңде, әр мемлекетте оның атауы әртүрлі болған: «кенгеш» (кеңес), «құрылтай», тіпті «той» аталған. Мысалы, атақты саяхатшы Ибн Баттута құрылтайды «той» деген. Алайда аты қандай болса да, құрылтайдың заты өзгерген емес. Бұл қашан да заң қабылдап, әміршінің билігін заңдастыратын басты орын болды.
Белгілі тарихшы Михаил Худяков жазғанындай, Орыс патшалығының ақсүйектері мен дінбасылары жиылып, саяси-әкімшілік мәселелерін талқылайтын Земский собор да Қазан хандығы құрылтайларынан тамыр тартады екен. Ал Қазан құрылтайлары орыс жылнамаларында «бүкіл Қазан жерінің жиыны» деген атпен белгілі.

Сергей Иванов. Земский собор. 1908 жыл / Wikimedia Commons
Түптеп келгенде, екі мың жылдық тарихы бар заңдылық пен мемлекеттілік салты әлі күнге бірқатар ел үшін құқықтық бағдар болып келеді. Мысалы, Моңғолия парламентінің «Ұлы Хурал» (Их Хурал) деген аты құрылтай сөзінің моңғолша формасынан (Хуралдай) шықса, Түрік Республикасының партия конгрестері Ататүрік кезінен құрылтай (Kurultay) аталады. Француз шығыстанушысы Леон Каэн құрылтайды «жыл сайын жиналатын парламент» деп атағаны да бекер болмаса керек.
