КӨШПЕНДІЛЕР НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАҒАН?

Көне мейрам жайлы қандай жайттарды ұмыттық?

~ 7 мин оқу
КӨШПЕНДІЛЕР НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАҒАН?

Коллаж / Qalam

Наурызды көбіне көктемнің келуімен байланыстыратын көне мереке деп білеміз. Бірақ Ұлы даланың көшпенділері үшін оның мәні бұдан әлдеқайда терең болған. Бұл жай ғана жыл мезгілінің ауысуын атап өтетін күн емес, ғарыштық үйлесім қайта жаңаратын, тіршілік атаулы жаңа ырғаққа түсетін ерекше сәт саналған. Кезінде Наурыз рәміздерге, салт-жоралғыларға, әуен мен иіске дейін өзара сабақтасып жатқан тұтас мәдени-ғұрыптық жүйе болған. Кеңестік кезеңдегі тыйымдар мен ұзақ жылдарға созылған ұмытылудан кейін Наурыз халқымыздың өміріне қайта оралды. Алайда жаңғырумен бірге оның бастапқы болмысы мен мазмұнының біраз қыры көмескіленіп қалды. Арнайы Qalam үшін этнограф, мәдениеттанушы Серік Ерғали көшпенділердің Наурызды әр дәуірде қалай қарсы алып, қалай тойлағанын әңгімелейді.

Мазмұны

Наурыз тарихы

Наурыз тарихы біз ойлаған уақыттан әлдеқайда ерте басталған. Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде Таңбалы кешені бар. Көненің көзіндей петроглифтер — қарапайым аңшылық көріністер емес, Наурыздың тасқа қашалған космогониялық сызбасы деуге болады.

Композицияда күн басты антропоморфтық бейне — Күн-Тәңір, оған қарсы түн кейпі — Іңір бейнеленген. Тәңір мен Іңір құшақ жая көрісіп тұр. Ортасындағы төрт түрлі сиыр тұрпаты: бұзау, баспақ, бұқа, көтерем сиыр — жылдың төрт маусымы. Төменгі бөлігінде шеңбер жасап билеп тұрған он екі тұлға — мүшелдік айналым. Бұл — күн мен түн теңелген сәт, жылдың жаңаруын, ғарыштық үйлесімді бейнелеген рәсімдік композиция.

Таңбалы петроглифтері. Қола дәуірінен қалған жартастағы бейнелер. Қазақстан / Wikimedia Commons

Таңбалы петроглифтері. Қола дәуірінен қалған жартастағы бейнелер. Қазақстан / Wikimedia Commons

Археологтар Таңбалы кешенінің негізгі қабатын қола дәуірімен (б.з.б. 2 мыңжылдық) байланыстырады. Сондықтан Наурыздың космогониялық моделі кемінде үш-төрт мың жылдық тарихпен астасып тұр.

Таңды қарсы алған 365 күйші

Сақтар мен ғұндардың жаңажылдық бас таңды қарсы алу рәсіміне қатысты рим тарихшысы Квинт Руфті (б.з.б. 1-ғасыр) айналып өте алмаймыз. Ол өз еңбегінде ежелгі парсылардың ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазадыiКвинт Курций Руф. Поход Александра. 7–8-тараулар. Хрестоматия по истории древней Греции. Москва. 1951.

 Ахеменидтер державасының халықтары бейнеленген Ападана сарайының баспалдағының рельефі (Персеполь). Иран, б.з.б. 5-ғасыр / Wikimedia Commons

Ахеменидтер державасының халықтары бейнеленген Ападана сарайының баспалдағының рельефі (Персеполь). Иран, б.з.б. 5-ғасыр / Wikimedia Commons

Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасында күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Сол өнерпаз бозбалалар тойдың шырайын келтіріп, бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны секілді 365 күй тартылған. Содан соң бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй шерткен. Мереке әрі қарай бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан.

Ал этнограф Жағда Бабалықұлы сол заманда Наурыз мемлекеттік деңгейдегі мереке болғанын алға тартады:

«Қытай деректерінде жазылғандай, ғұндардың хандары — тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңірқұттың арқа тұсында қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып бітіргесін, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Одан кейін 365 күйші бір-бірден күй тартады. Содан кейін наурыз тойы басталатын болған».

Наурыздаманы алғашқы зерттеушілердің бірі Тоқтасын Өмірзақовтың айтуынша, Наурыз — зороастр дәстүрімен бірге келген парсылардың мерекесі деген сенім болғанымен, оның мән-мағынасы көпшенділер әлемімен біте қайнасып жататын.

 Сақтардың күн құдайы Митра бейнеленген сақинасы. Б.з.б. 5–4-ғасырлар / Getty Images

Сақтардың күн құдайы Митра бейнеленген сақинасы. Б.з.б. 5–4-ғасырлар / Getty Images

Наурыз мерекесі дала дүниетанымындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрып және әлеуметтік тәжірибемен толығып, дәл осы дала мәдениетінің аясында бірте-бірте рәміздерге, ғұрыптарға және қоғамдық дәстүрлерге бай мазмұнға ие болды. Ол күнтізбедегі мереке ғана болып қалмай, әлемнің жаңаруын бейнелейтін күрделі рәсімге айналды. Бұл күні жасалған әрбір іс-әрекет, әр жоралғының өз мәні, өз ишарасы болды.

Бұл күні түркілер жаңа киім киіп, шаш пен сақал-мұртын түзеп, наурыздама кезінде алты күн садақ атып машықтанған. Тәңірлік танымда садақ — кеңістіктің, оқ — уақыттың баламасы, садақ — аналық бастау, оқ — аталық бастау, садақ — аудың, оқ — ағаштың (бәйтеректің) таңбасы ретінде ұғынылған. Жетінші күні жамбы атып жарысқан. Жамбыға алғаш тигізген мергенге бір күнге ел билеу құқығы берілген.

Садақ ату сайысы. Бурсада (Түркия) өткен  IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2022 жылдың 1 қазаны / Photo by Emin Sansar/Anadolu Agency via Getty Images

Садақ ату сайысы. Бурсада (Түркия) өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2022 жылдың 1 қазаны / Photo by Emin Sansar/Anadolu Agency via Getty Images

Наурыздың төрт өлшемі: дәм, үн, өң және иіс

Дәм. Наурыздағы дәм санатының басты көрінісі — наурыз көже. Қазақ дәстүрінде наурыз көжеге жеті түрлі дәмнің қосылуы кездейсоқ емес. Бұл — жеті қазынаны, жеті қабат ғаламды бір қауызға сыйдырған бастапқы жаратылыс күйін суреттейтін мифологиялық модель. Наурыз көже арқылы алуан түрлі заттың біте қайнасуына көз жеткіземіз. Сондықтан наурыз көже — тек тағам емес, ғаламдық тұтастықтың нышаны. Оған сүр ет пен уыз қосылған. Өйткені сүр ет — өткен шақ, уыз — осы шақ. Екеуі қосылып, болашақты тудырады.

Наурыз көже / Shutterstock

Наурыз көже / Shutterstock

Үн. Наурыздың екінші маңызды санаты — үн. Түркі дүниетанымында үн тек дыбыс емес, ғарыштық үйлесімді реттеуші. Таңды «оятатын» у-шуға толы ауылдық ғұрып — арқасына қуыршақ байланған, құйрығына тесік шелек ілінген тайыншаны үркітіп, азан-қазан етіп ауыл ішімен айдап өтетін жоралғы, этнограф Ақселеу Сейдімбек жазғандай, 1950 жылдарға дейін ел ішінде сақталған. Бірақ бұл жұртты күлдіріп, көңіл көтеруге арналған жай қызық емес еді. Бұл Наурыздың келгенін білдіретін ғұрыптық ишара болатын.

Өң. Наурыздың үшінші санаты — өң. Ақ түс — өлім мен қартаюдың белгісі, ал спектрдің жеті түске жіктелуі — туудың, жаңалықтың, дамудың айғағы. Мысалы, текемет, сырмақ, құрақ көрпені жаю, жарқын түсті киіну, кеңістікті жарқын түске бөлеу — ғаламның қайта түлеген күйін бейнелеу амалы. Айта кетерлігі, 19-ғасырда оңтүстіктегі қазақтар арасында Сейіл мерекесі кезінде тауық жұмыртқасын түрлі түске бояу дәстүрі болған. Бұл ғұрып кейінгі кезеңдерде ұмытылғанымен, оның көне мәдени қабаттағы орны айқын сезіледі.

1 / 2

Иіс. Наурыздың төртінші санаты — иіс. Түркі танымында иіс — кеңістікті тазартатын, рухты сергітетін, зұлым күштерді ығыстыратын тылсым құбылыс. Арша тұтату, жұпар иіс жағу, шелпек пісіру — барлығы осы санатқа жатады. Мысалы, арша түтіні арқылы кеңістік аласталып, жаңа жылға лайық күйге келтіріледі. Шелпек пісіргенде шыққан иіс — тіршіліктің, берекенің, жаңа ырыстың белгісі және қос дүниені тазартуды, жаңартуды білдіреді. Бұл рәсімдер арқылы уақыттың жаңа айналымы тазарып, киелі күйге енеді. Ал аластау ғұрпы бүкіл ауылды, мал-жанды қамтыған.

Киіз үйдің барлық бөліктерін орнатуға дейін және орнату барысында арша түтінімен аластайды. Қырғызстан Sputnik / Табылды Кадырбеков

Киіз үйдің барлық бөліктерін орнатуға дейін және орнату барысында арша түтінімен аластайды. Қырғызстан Sputnik / Табылды Кадырбеков

Ойындар мен ғұрыптар

Наурыз тойлау кезінде ойналатын ойындардың да астары айрықша терең болған.

Мәселен, көкпар жай ғана ат үстіндегі күш сынасу емес. Бұл — он екі айдың Күнге таласы іспетті тартысты ойын. Мұндағы құрбандықты ежелгі Ай мен Күннің тайталасына алаңдау кезіндегі наным деуге болады. Мәселен, ай мүйізді ақсеркені не боз қасқа малды құрбандыққа шалу — Күнге табынушылардың «Айды құрбан етуі» деуге негіз бар. Себебі ежелгі халықтар мүйізді мал — ешкі мен сиырды Айдың нышаны деп қабылдаған. Яғни бұл — жарықтың қараңғылықты жеңуі туралы сенімнің ат үстінде қайта-қайта қайталанып отыратын көрінісі.

1 / 2

Алтыбақан — ғаламның жасампаз алты күні, ал сырық санының жетеу болуы әуелгі жеті планетаны білдіреді. Көлденең тартылған жетінші сырық — Күннің белгісі, ол сәулесімен Күн жүйесін жарықтандырып, біріктіріп тұрады. Бірақ ежелгі нұсқасында көлденең сырық болмаған. Алтыбақанды күн батқанша құрып бітіргесін ойын басталып, таң атқанша жалғасады. Бұл дегеніміз — Жұт (табиғи әлем-тапырық — хаос) пен Жаманаттың, Түнектің киесі саналатын Іңірге ырық бермеу ниетінің көрінісі, әрекеті, ырымы. Сондықтан алтыбақан — Наурызда таңды қарсы алу ғұрпының бір атрибуты. Қыз бен жігіттің алтыбақанда тербелуі — Күн мен Айдың үйлесімін паш ету, Тәңір мен Іңір шарпысын болдырмау.

Алтыбақан. Наурыз мейрамы. 2021 жылдың 23 наурызы / Getty Images

Алтыбақан. Наурыз мейрамы. 2021 жылдың 23 наурызы / Getty Images

Жамбы ату әуелде ай секілді бақырды жебемен атып түсіру ғұрпы болған, сөйтіп, түннің нышаны — Айды мұқату арқылы наурыздаманың басты ойын-сауығы басталған.

С.Дудин. Домбыра ұстаған бозбала. Семей, 1899 жыл / ОМА КФҚД

С.Дудин. Домбыра ұстаған бозбала. Семей, 1899 жыл / ОМА КФҚД

Тіпті айтыс өнерінің де түп-тамыры ежелгі Күн мен Айға табынушылар арасындағы тартыстардан тарайды. Бертін келе абыздар бұл тартысты бейбіт өнер сайысына жеңдіруге тырысқан. Сол себепті Өлі мен Тірінің, Жаз бен Қыстың, Қыз бен Жігіттің айтысы, сайып келгенде, Наурыздың насихаты ғана емес, екі полюстің шарпысуының өнердегі проекциясына айналады.

Жыл басы қай күн?

Бүгінде Наурыз ресми түрде 21–22 наурыз күндері аталып өтеді. Алайда тарихи деректер бұл мерекенің бастапқы уақыты басқа болғанын көрсетеді.

Шәкәрім Құдайбердінің ұлы Ахаттың естелігінде: «14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді» деп, күнтізбенің бүгінгі 14 наурыздан басталатынын ескертеді.

Мәшһүр-Жүсіп Көпей де Наурыз ескіше 1–8 наурыз (жаңаша 14–21 наурыз аралығы) аралығында сегіз күн бойы ресми аталып өтіп, арты бұқаралық мерекелерге ұласатынын айтады:

«Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн «Мазар Шариф» деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің қасындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады».

Этнограф Әбубәкір Диваевтың зерттеуінде:

«Хамал деп біз халықтық есеп бойынша жылдың басталуын айтамыз. Хамал (наурыз) айы 31 күннен тұрады. Осы айдың 15-күні – құстардың келуі, күн мен түннің теңелуі және жаңа жылдың басталуы» деп жазылған.

Бұл жерде сөз болған құс, көктемнің келгенін сүйіншілейтін наурызек — шақшақай (трясогузка) екені байқалады. Аңыз бойынша, дәл осы сұр-қара қауырсынды, сары бауырлы кішкентай құс көктемгі күн мен түн теңелетін күні ұшып келіп, жаңа жылдың басталғанын хабарлайды.

Шақшақай құсы / Wikimedia Commons

Шақшақай құсы / Wikimedia Commons

«Наурыз» атауы қайдан шықты?

Наурыз атауына байланысты да көпшілік біле бермейтін бір жайт бар. Қазақ ұғымында «Наурыз» сөзі ұзақ уақыт бойы айдың атауы емес, тек мерекенің атауы ретінде қолданылған. Ал наурыз айының өзін ел көбіне «амал» деп атаған. Сондықтан халық арасында «Амал келді — жыл келді» деген сөз орныққан.

Алматыдағы Наурыз мейрамын тойлау, 2019 жыл / Getty Images

Алматыдағы Наурыз мейрамын тойлау, 2019 жыл / Getty Images

Осы тұрғыдан қарағанда, «Амал» да, «Көрісу» де мерекенің тікелей атауы емес. «Амал» — оның келетін мезгілі, жылдың жаңарар шағы. Ал «Көрісу» — жаңа жылдың алғашқы күніндегі қауышу, бір-бірімен арнайы амандасу ғұрпы. Бұл — алты ай қыстан аман шыққан жұрттың құшақтасып қауышатын, тамыры тереңде жатқан көркем де мәнді ғұрып.

13-ғасырда Моңғол империясының ұлы ханы Құбылайдың ордасына барған саяхатшы Марко Поло Ақ ай, яғни жаңа жыл мерекесін былай суреттейді:

«Тағы бір айтарым, билер мен әміршілер ғана емес, бүкіл халық бір-біріне ақ түсті сыйлықтар тарту етеді, құшақтасады, қуанып, думандатып той жасайды. Мұның бәрі жыл бойы бақ-берекемен, татулықта өмір сүру үшін жасалады».

1989 жылы ай атауларын қазақшалағанда, «марттың» бұрын халық арасында кеңінен қолданылған «амал» атауын «наурыз» деп өзгертті. Өйткені ай атынан басқа да ауа райы мен түрлі ай тоғыстарына орай кемінде «амалдың» жеті түрі бар. Ай атауы осылармен шатаспас үшін Наурыз мейрамына байланыстырып, «наурыз» атауы бекітілді. Айтылғандай, бұрын қазақ мерекені ғана «наурыз» деп атаған.

Алматыдағы Наурыз мейрамын тойлау. 1980 жылдар аяғы / ОМА КФҚД

Алматыдағы Наурыз мейрамын тойлау. 1980 жылдар аяғы / ОМА КФҚД

Солайша, Каспийдің арғы бетіндегі қазақтар «қамал» (қамал, хамале, һамал секілді араб-парсы жазбаларынан қабылданған) десе, бергі бетіндегі қазақтар «амал» атады, Жайық бойындағылар «көрісу-айт» деп атап кетті. Мұның бәрі 20-ғасырда болған жайттар, оның арғы жағында — «наурыз», ал әспеттеген атау — «ұлыс күні» еді. Яғни 14 наурыз — мүшелдік Жыл басы болғандықтан, қазақ оны «Ұлыс күні» атаған. «Ұлы іс» деген сөз тіркесі қосылып «ұлыс» аталып кеткен. Бұл ғаламдық деңгейдегі, адам ықпалынан тыс «Ұлы іс» болып саналған.