АБЫЛАЙ ХАН — ҚАЗАҚ ЖЕРІН БІРІКТІРГЕН ҰЛЫ ХАН

Түйе баққан бозбала қалай хан атанды?

~ 14 мин оқу
АБЫЛАЙ ХАН — ҚАЗАҚ ЖЕРІН БІРІКТІРГЕН ҰЛЫ ХАН

Алматыдағы Абылай хан ескерткіші, Қазақстан / Getty Images

Абылай хан тарихқа көрнекті қолбасшы ретінде ғана емес, Қазақ хандығын аса ауыр соғыстар, ішкі алауыздықтар мен Еуразия империялары арасындағы текетірес дәуірінде сақтап қала алған мемлекет қайраткері ретінде де енді. Ресей, Цин империясы, жоңғарлар және Орталық Азия хандықтары арасында шебер саясат жүргізе отырып, ол қазақ даласын қорғап қана қоймай, оның саяси және аумақтық тұтастығының негізін қалады.

Қазақ тарихнамасында Әбілмансұр Уәлиұлының — болашақ Абылай ханның туған күні 23 мамыр деп есептеледі. Осы күн оның қайтыс болған күні ретінде де айтылады. Туғанына 315 жыл толуына орай профессор Нәбижан Мұхаметқанұлы Абылай хан дәуірінің қазақ халқы тарихындағы бетбұрыс кезеңге айналу себептері туралы айтып берді.

Мазмұны

Алмағайып заман

Абылай ханiӘбілмансұр Уәлиұлы, 1711–1781 — қырық жылдай хандық билік жүргізіп, қазақ қоғамын ілгерілеткен тұлға. Алайда оның өмір сүрген уақыты аса күрделі тарихи дәуірге тап келді. 18-ғасырда Батыс елдері өндірістік даму жолына түсіп, Шығыс елдеріне экспансиясын үдетіп жатқан еді. І Петрi1682–1725 жүргізген реформалардың нәтижесінде Ресейдің экономикасы мен әскери қуаты нығайып, іргесін кеңейту мақсатында төңірегіне басқыншылық соғыстар жүргізді. Бұл кезеңдері Орталық Азия кеңістігіндегі басқа елдер де аймаққа үстемдік орнатуға ұмтылып, талан-тараж бен әскери агрессия көбейген. Геосаяси жағдай мың құбылған осы уақытта Қазақ хандығы сын-қатерден көз ашпады. Шоқан Уәлиханов бұл жағдайды былай сипаттайды:

«Қазақ халқының өміріндегі бір алапат кезең еді. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар қазақ руларын жан-жақтан тарпа бас салып, қырып-жойып, малын айдап, жанын байлап әкетіп, талай әулетті тұтасымен тұтқынға алып кетіп жатты»iШ.Ш.Уәлиханов. Абылай хан. — Алматы: Айқап. 1992, – 32-б. .

Қалмақ жауынгерлері. Реконструкция / Wikimedia Commons

Қалмақ жауынгерлері. Реконструкция / Wikimedia Commons

Дегенмен қазақ халқына ең үлкен қатер шығысындағы жоңғарлардан төніп тұрды. 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң, елдің ішкі бірлігі әлсіреп, хандыққа талас күшейді де, Бас ханның билігін әлсіретті. Бұл тұста қазақтармен жауласып келген Жоңғар хандығы құлашын кеңге жайған-ды.

Жоңғар ханы Сыбан Рабдан 1711–1712, 1714 және 1718 жылдары қазақ даласына шапқыншылық жасады. Бірақ қазақтардың тегеурінді қарсылығына тап болып, кері шегініп отырды. Соңын ала үлкен дайындық жасап, жойқын күшін топтастырған жоңғарлар 1723 жылдың ерте көктемінде қазақ даласын тұтқиылдан шабуылдады. Түркістанға дейін ендеп кірген жоңғарлар ел-жұртты қырып, мал-мүлікті айдап әкетті. Қазақ хандығын қансыратқан бұл қасіретті жылдар ел жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен сақталып қалды.

«Сабалақ» қалай «Абылай» атанды?

Жоңғарлардың жойқын соққысы бала Әбілмансұрдың да тағдырын талқандап өткен еді. Жоңғарлар Түркістанға шабуыл жасаған кезде отбасы ойрандалып, әкесі қаза болады. Өзі әупірімдеп өзгелердің көмегімен аман қалады. Ұлы жүздегі Төле бидің түйесін бағып, тәрбиесін көреді. Сергелдеңге түсе жүріп «Сабалақ» атанады.

Бірде жауының аңысын аңдып, барлауға шыққан Бөгенбай Төле бидің ауылына түседі. Батырға сәлем бере барған бозбала өзін де жорыққа ала кетуін өтінеді. Көзіндегі отты байқап, тегін адам емес екенін сезген Бөгенбай батыр оны Сарыарқаға ертіп кеткен екен. Осы сәттен бастап өмірі жаңа арнаға бұрылған Әбілмансұр әуелі Бөгенбайдың атқосшысы ретінде жорықтарға бірге шығып, ұрыс өнерін үйренеді.

Бөгенбай батыр ордені. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана / Wikimedia Commons

Бөгенбай батыр ордені. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана / Wikimedia Commons

Айта кетерлігі, 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығынан Қазақ хандығы тез есін жинады. 1726 жылы Ордабасыда Үш жүздің ұлы құрылтайы өтіп, қарымта шабуыл жасау жөнінде шешім қабылданады. Кіші жүз ханы Әбілқайыр бас қолбасшылық еткен қазақ жасағы 1728 жылы Бұланты өзені бойында, 1729 жылы Балқаштың оңтүстігінде Итішпес көлінің маңындағы шайқастарда жоңғарларға ойсырата соққы береді. Алайда 1730 жылы қазақтың Бас ханы Болат қайтыс болып, оның орнына Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүз ханы Сәмеке хандық мәртебе үшін өзара бәсекелеседі. Алайда Бас хандық Әбілмәмбетке тиеді де, бұған наразылық танытқан Әбілқайыр мен Сәмеке жасақтарын ертіп, майдан даласынан кетіп қалады. Тарихи шешуші кезеңде басқарушы элитаның бұлай жікке жарылуы ел бірлігін бөлшектеп, қуатын әлсіреткен.

Қазақтың жігерін жасыту үшін жоңғарлар үнемі батырларды жекпе-жекке шақыратын. Сондай сайыстардың бірі және аса сұрапылы 1731 жылы өтеді. Жоңғардың аты шулы батыры Шарыш ортаға шыққанда, оған қазақтың есімі елге белгісіз жас жігіті Әбілмансұр қарсы тұрады. Ол «Абылай! Абылай!» деп ұрандатып шығып, сол жекпе-жекте Шарышты өлтіреді.

Диас Үстеміров. Аңырақай шайқасы, 2000 жыл / Bonart аукцион үйі ұсынған (https://bonart.kz/)

Диас Үстеміров. Аңырақай шайқасы, 2000 жыл / Bonart аукцион үйі ұсынған (https://bonart.kz/)

Сол майданнан кейін Әбілмәмбет хан Әбілмансұрды шақырып алып, оған Орта жүздің сұлтаны әрі жасақ қолбасшысы қызметін жүктейді. Содан бастап ол қазақ арасында «Абылай» деген атпен танылады.

Бірте-бірте Абылайдың ел ішіндегі беделі өсіп, тіпті Орта жүзде Әбілмәмбет ханнан кейінгі саяси тұлғаға айналады. Даңқы артқан сайын Ресей империясы мен Жоңғар хандығының назарына қатар ілігеді. Оған айғақ 1740 жылы Орынбор комиссиясының бастығы В.Урсовтың Ресей Сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатындағы келесі жолдар:

«Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан»iКазахско-русские отношения в XVI–XVII веках (Сборник документов и материалов). — Алма-Ата, 1961. №65, с.127–128; Зарқын Тайшыбай. Абылай хан (өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар). — Астана: Астана баспасы, 2005. – 77-б. .

Бұл Абылайдың қоғамдық-саяси беделінің маңызын аңғартса керек. Болжамымызды Алексей Левшиннің мына жазбасы да растайды:

«1739 жылы Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын, Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізді».

Орыс деректерінде «1740 жылы тамызда Абылай Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен бірге Орынборға барып, орыс өкіметінің «қорғауында» болуға келісетінін білдірді» деген жазбалар да соны айғақтайды. Ал Цяньлун император дәуірінде, 1758 жылдың сәуір айында жазылған дерегінде:

«Қазақ ханы Абылай орыстың қатын патшасымен 1740 жылы одақтастыққа қол қойған»iЦяньлун кезіндегі Цин патшалығы мен қазақ рулары қатынастарын зерттеу. – 106-б.  деп жазылған.

Жоңғар қаупі мен жаңа стратегия

Жоңғарлар Абылайды тұтқындау арқылы өздерінің ырқына көндірмек болады. 1741 жылы оны аңдып жүріп, аңға шыққан кезінде қолға түсіреді. Олар Абылайды екі жылға жуық тұтқында ұстағанымен, ақыр соңында оған ойраттың Топыш деген ару қызын қосып, еліне қайтарадыiМәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Абылай хан. — Алматы: Айқап, 1992. – 23-б. .

Абылай хан портреті / Getty Images

Абылай хан портреті / Getty Images

Әбілмәмбет хан Абылайды алдынан шығып қарсы алып, 1743 жылы Үш жүздің игі жақсыларына салтанатты той атқарып, хандық билігін Абылайға тапсырадыi«Абылай хан» дастаны (Қолжазба). Қытай халық ауыз әдебиетін зерттеу қоғамы, Шыңжаң бөлімшесінде сақталған..

1743 жылдан кейін ол Орта жүзде ғана хандық билік жүргізгенімен, төңіректегі елдер күллі қазаққа қатысты мәселеде Абылаймен санасатын. Бірақ бұл уақытта Қазақ хандығының сыртқы жағдайы күрделеніп кеткенін айтқан ләзім. Солтүстік-батыстан сұғынып кірген патшалық Ресей күштері Кіші жүзден Орта жүзге қарай жылжыды. Еділ бойындағы қалмақтар мен башқұрттар қазақтарды қыспаққа алса, оңтүстіктегі Бұхара және Хиуа хандықтары да өктемдік көрсете бастады. Шығыстан жоңғарлардың шабуылы толастамады.

Абылай хан бірінші кезекте басты қауіп төндірген жоңғар басқыншыларына соққы беріп, жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Оған қоса, 1745 жылы Жоңғар ханы Қалдан Серен өмірден өткен соң, жоңғар мен қазақ күшінің ара салмағы түбегейлі өзгерді. Нәтижесінде Жоңғар хандығы әлсіреп, Қазақ хандығы нығайды. Жоңғар ақсүйектері арасында хандық билікке ұмтылған топтар арасында қиян-кескі соғыс үдеп, тіпті Абылай таққа таласқан жоңғар билеушілерінің көмек сұрайтын адамына айналды. Абылай хан, өз кезегінде, жоңғар ақсүйектерінің әлсіз топтарын қолдап, күштілерін әлсірету саясатын ұстанды. Оның бұл саясаты нәтижелі болды, жоңғар басқыншылары қазақ даласынан қуылды. Нақтылап айтқанда, 1750 жылдардың басында қазақ жасақтары жоңғарларды түгелдей дерлік ел аумағынан қуып шығарды. Мәселен, 1753 жылдың желтоқсан айында Ресей барлаушылары жазған мәліметте былай делінген:

«Бұл қырғыздар (қазақтар) Давациға (Дауашқа) көмек көрсеткен, олардың көмегі арқылы ол көп қалмақты талқандап, тұтқындаған адамдарды алып кеткен. Абылай сұлтан оларға осындай көмек көрсетті»iЗлаткин И.Я. История джунгарского ханства (1635–1758). – М., 1964. .

1753 жылы қаңтар айында 5 мың қазақ жасағы Давациға көмектесіп, Дорботты жояды. Ал Даваци мен Әмірсана тақ үшін қырқысқанда, Абылай әскері әлсірей бастаған Әмірсана жағына шығады. Әмірсана ендігі жерде Цин империясының қолдауымен жоңғар ханы болуды ойластырып, 20 мыңдай адамымен Цин патшалығына беріледі. Алайда 1755 жылы мамырда Цин империясы Жоңғар хандығын түбегейлі жойды да, Әмірсананы тек бір тайпа елдің нояны етіп тағайындады. Бұған наразылық білдірген Әмірсана Цин патшалығына екі рет әскер бастап қарсы шыққанымен, бұл талпыныстары сәтсіз аяқталып, ақырында Орта жүз аумағына қашып келіп жасырынды.

Әмірсананың жоңғар атты әскерінің Қорғас түбіндегі шайқаста Цин империясына қарсылығы. 1758 жыл / Wikimedia Commons

Әмірсананың жоңғар атты әскерінің Қорғас түбіндегі шайқаста Цин империясына қарсылығы. 1758 жыл / Wikimedia Commons

Цин империясы мен жер мәселесі

Бұл оқиға белгілі деңгейде Цин империясы мен Қазақ хандығының қарым-қатынасын сынға салған еді. Әмірсананы тұтқындау үшін Цин империясы қазақ даласына үш бағытта үш түмен әскер аттандырады. Абылай хан баса-көктеп енген Цин империясының қалың қолына қарсы шабуыл жасайды. Дегенмен әріден ойлайтын қазақ ханы ақырында қытайдың қалың қолын қарумен емес, дипломатиялық жолмен қайтаруды жөн санап, олардың әскери штабына елші жіберді.

Ол Әмірсананы тұтқындауға атсалысатынын айтады, бірақ нақты қадам жасамайды. Сөйтіп, ақырында Ресейге өтіп кеткен Әмірсана сол жақта жүріп қайтыс болады.

Екі ел арасындағы Әмірсана мәселесі толықтай шешілгенімен, Абылай ханды жаңа кезең, жаңа міндеттер мен көп қажырды талап ететін стратегиялық жоспар күтіп тұрған еді. Себебі бұған дейін Цин империясы мен Қазақ хандығының арасын Жоңғар хандығы бөліп тұрған-ды. Жоңғар хандығы толық құлаған соң, қазақтар Цин империясымен шекараласып, бетпе-бет келіп қалды. Бұл, өз кезегінде, тікелей әрі жаңа деңгейдегі дипломатиялық қарым-қатынасқа бастағаны анық.

Абылай ханның ел басқару және қоғамдық-саяси қызметін айтқан кезде, оның қазақ халқының этнотерриториясын қайтару және қалыптастыру жолында атқарған ұшан-теңіз еңбегіне тоқталмай кету мүмкін емес. Ол екі жақты шебер саясат жүргізу және дипломатиялық қарым-қатынас арқылы сол мәселені шешуге тырысты. Мысалы, Цин патшалығы әу басынан шекара бойында қазақтардан сақтану саясатын жүргізді. Өйткені олар қазақ пен жоңғар арасында жер мәселесі барын жақсы білетін. Сондықтан олар Қара Ертістен Іле өзеніне дейін қарауыл орнатып, келесідей жарлық шығарады:

«Егер Абылай ойрат жеріне мал бағатын болса, оларға шекарадан асып келуіне болмайды деп айтыңдар»iЦин (Чиң) патшалығы Гаозун патшаның орда күнделіктері (Қолжазба). 481 т., – 7-б.; Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты (新疆民族研究所). Цин күнделіктеріндегі Шыңжаңға қатысты материалдар жинағы (清实录新疆资料辑录 — Qingshilu Xinjiang ziliao jilu). — Үрімжі: Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты. 1978, 3-кітап. – 1093-б.

Абылай хан болса Тарбағатай мен Іле — қазақтың байырғы жұрты, сондықтан сол аймақтарға қазақтар барып қоныстануы қажет деп санайтын. Тіпті Цин патшалығы ордасына жіберген елшілері арқылы аталған өңірлерді қазақтарға беруін сұрағанымен, түрлі сылтау келтірген олар қарсы болады.

Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі / Wikimedia Commons

Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі / Wikimedia Commons

Абылай хан өзі көздеген аймақтарды Цин патшалығынан сұрап ала алмағандықтан, басқа амалға көшіп, қазақтарды біртіндеп жылжытып, сол жаққа көшіріп апару тәсілі арқылы мақсатын жүзеге асырады. Орта жүз бен Ұлы жүздің бірқатар ру-тайпалары шекара қарауылдарын қусырып қоныстанды, кейде қарауылдардың әр тұсынан әрі асып та кетіп жатты. Жыл санап қоныстанған қазақтардың қарасы көбейгесін, Цин империясы қалыптасқан жағдайды мойындап, 1767 жылы олардан жер салығын алу арқылы сонда тұрақтап қалуына рұқсат береді.

Сонымен, Іле, Тарбағатай және Алтай аймағына қазақтар қоныстанғанымен, олар Цин империясының тікелей басқаруында болды. Қазіргі Қытайда және Моңғолияда тұрып жатқан қазақтар солардың ұрпақтары.

Абылай хан мен халықаралық сауда

Абылай ханның экономикалық мүдде тұрғысынан Цин патшалығымен сауда-саттық жасау жайын 1757 жылы ортаға салған болатын. Шындығында, бұл екі тарапқа да тиімді еді. Әсіресе қазақ жылқысына зәру Цин патшалығы келесі жылы айырбас сауда жасауға уағдаласады. Абылай хан қазақ жеріне жақын Үліңгір көлі бойында сауда жасауды ұсынғанымен, патша ордасы басқа уәж айтады. Оған қатысты 1757 жылы 15 желтоқсанда жазылған орда күнделігінде мынадай дерек бар:

«Қазақтармен Үрімжіде сауда жасауды Абылаймен келісіп, патша жарлығымен бекітті»iФу Хэн. Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы (Қолжазба). — Бейжің, 1777. .

Жылқы үйірі, Қазақстан / Getty Images

Жылқы үйірі, Қазақстан / Getty Images

1758 жылы күзде Үрімжіде сауда базары ашылды. Сондай-ақ Цин патшалығы сауда Ережесін қабылдайды. Бұл Ереже Цяньлун императордың:

«Сауда сөзсіз әділ болуы керек. Олар құлан жүз, қиыр шалғайдан патшаның ықыласын сезіне алатын болуы қажет» деген талабы бойынша жүргізіледі.

Ал қазақтардың сауда керуенін Қабанбай батыр бастап барады.

Екі жақтың сауда сұранысына байланысты Цин патшалығы 1760 жылы Іледен (қазіргі Қорғас), 1763 жылы Тарбағатайдан арнайы айырбас базар ашып, қазақтармен жасалған саудаға мемлекеттік монополия орнатты.

Кейін келе қазақ саудагерлері Қашғариядағы ұйғырлармен, оңтүстіктегі өзбек және тәжіктермен айырбас сауда жасауға кірісті. Алайда Цин империясы қазақтардың ұйғырлармен сауда жасауын экономикалық және саяси тұрғыдан өздеріне зиянды деп санап, олардың өзара қарым-қатынасына тыйым салады.

Осы кезде қазақтардың шығыстағы елдермен сауда-саттық байланысы жанданғанын байқаған Ресей үкіметі де бұл істі жолға қоюға белсене түсті. Мұны полковник Федор Лестоктың Абылайға жолдаған хатынан аңғарамыз:

«Мен тілмаш арқылы жіберген хатымда сауда мәселесі туралы сізбен ақылдасайын деген ниетім бар. Алдағы уақытта сіздердің ұлыстарыңызға қандай тауарлар қажет екендігін маған айтсаңыздар дұрыс болар еді»iНәсенов Б. Омбы архиві сөйлейді — Говорит архив из Омска. Абылай хан. — Алматы, 2005. – 601-б. .

Шындығында, Ресей патшалығы қазақтардың Цин империясымен тығыз араласуын отарлау саясатына кедергі келтіреді деп алаңдаған еді. Сол себепті қазақтарды алдарқатып, өзіне баурау саясатына көшкен Ресей үкіметі Орынбор және Сібір губерниясына:

«Қазақтың барлық беделді адамдарына мол тарту-таралғы, сыйлық беріңдер. Сондай-ақ шекара маңында шарт қойғандарға қора-жай салып беріңдер»iНәсенов Б. Омбы архиві сөйлейді — Говорит архив из Омска. Абылай хан. — Алматы, 2005. – 601-б. деген нұсқау түсіреді. 

Тіпті Абылайды Орынборға не болмаса Троицкіге келіп-кетуге шақырады. Абылай олардың шақыруын қабыл алмағанымен, Ресеймен арадағы қалыпты қарым-қатынасты сақтайды. Бұл қадамдарға Цин империясы түсіністікпен қараған секілді, онысын былай мәлімдейді:

«Қазақтар орыстардан жасқанады. Сондықтан олармен жақсы болуы — ақылға қонымды іс. Шын ниетімен бізге сәлем-сауқат әкеліп жатса, оларды жарылқауымыз керек. Егер келмесе, оның да оқасы жоқ. Олар орыстардан қорқа ма, жоқ па, оған біз назар аударып жатпаймыз».

Тіпті

«қазақтардың Ресеймен қарым-қатынас жасауын шектемейміз»iЛевшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией М.К.Козыбаева). — Алматы: Санат, 1996. дейді.

Біріншіден, бұл деректерден Цин патшалығы Қазақ хандығын дербес ел ретінде көретінін байқаймыз. Олар сондай-ақ Абылай ханның аса күрделі геосаяси жағдайда оралымды көпжақты сыртқы саясат пен сауда қатынастарын қаншалықты шебер құра білгенін айқын көрсетеді.

Басқару жүйесі немесе орталыққа бағынған билік

1770 жылдары Абылай хан аймақта әбден шиеленіскен саяси дағдарыстарды реттеуге күш салды. 1771 жылы саны шамамен 170 мың адамға жеткен торғауыттар қырық мыңға дейін әскерімен Еділ бойынан тарихи мекені — Жоңғарияға қайта көшуге әрекет жасады. Олардың жолы қазақ даласы арқылы өтті.

Жем бойында торғауыттарға Кіші жүз ханы Нұралының әскері шабуыл жасайды. Олар Балқашқа жақындағанда Орта жүз жасақтары да қоршап, қыспаққа алады.

Алайда Абылай хан қазақ даласын басып алу үшін емес, ескі жұртына өтіп бара жатқан торғауыттарға қырғын салуды жақтамайды. Торғауыттардың басшылары Убаши (Ұбаш) және Серенмен бітім жасап, олардың қазақ даласынан өтіп кетуіне мүмкіндік береді. Сөйтіп, тарихта «Шаңды жорық» аталған торғауыттар көші аяқталып, 1774 жылы олардың 66 мыңнан астамы ғана еліне аман-есен жетеді. Кейін оларды Цин патшалығы Тянь-Шаньның оңтүстігіндегі Байынғұлын аймағына орналастырады.

Торғауыт тайшысы әйелімен. «Хуан Цин чжи гун ту» альбомынан. Қытай, 1769 жыл / Wikimedia Commons

Торғауыт тайшысы әйелімен. «Хуан Цин чжи гун ту» альбомынан. Қытай, 1769 жыл / Wikimedia Commons

1774 жылы қырғыздар Ұлы жүз жеріне ентелей кіріп, мал-жанын талан-таражға салғаны бар. Бұған қаһарланған Абылай хан өзі қалың қолды бастап, қырғызға соққы береді. Бұл туралы Цин империясының Іледегі генералы И Литудың 1774 жылдың мамырында ордаға жолдаған мәлімдемесінде былай делінген:

«Қазақтың Түйсік деген адамының айтуынша, Абылай, Әбілпейіз көптеген адамдарды бастап, Қарабалтан деген жерге барып, бұлыттармен (қырғыздармен) соғысты. Бұлыттардың ер-әйелін, малдарын көп талан-таражға түсірді. Бұлыттардың Ақтеке деген адамы оларды қуып барып, Талас деген жерде соғысып, жеңіліс тапты. Мыңнан астам адамы өліп, мыңнан астам адамы барымталанды»iЦин (Чиң) патшалығы Гаозун патшаның орда күнделіктері (Қолжазба). 481 т., – 7-б.; Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты (新疆民族研究所). Цин күнделіктеріндегі Шыңжаңға қатысты материалдар жинағы (清实录新疆资料辑录 — Qingshilu Xinjiang ziliao jilu). — Үрімжі: Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты. 1978, 3-кітап. – 1093-б.

Абылай сол кезде тұтқындаған қырғыздарды қазақ халқына сіңіріп жіберу үшін оларды солтүстік өңірге апарып қоныстандырады. Шоқан Уәлиханов Абылай айдап келгендер туралы былай жазады:

«Олардың көп болғаны соншалық — қазір олардың ұрпағы екі болыс ел болып, жаңа қырғыз және бай қырғыз деп аталады»iШ.Ш.Уәлиханов. Абылай хан. — Алматы: Айқап. 1992, – 32-б.

Бұдан Абылайдың қарсыласқан бауырлас елді қырып тастау емес, қазақ халқының арасына сіңіріп жіберу саясатын қолданғанын көреміз. Сол жорықта Абылай Нарынқолдан Қордайға дейінгі аралықты қазақ-қырғыздың шеп-шекарасы деп белгілейді.

Сондай-ақ үлкен ұлы Әділді Ұлы жүз Үйсін елін басқаруға жібереді. Басқа балаларына да қазақтың ру-тайпаларын еншілеп бөліп беріп басқартады. Сөйтіп, ол бүкіл елге тікелей хандық басқару жүйесін орнатады.

Абылай хан Қоқан билеушісі Ердана бектің (Ерденбектің) агрессиялық әрекетіне батыл қарсы тұрып, оңтүстіктегі қазақ аумағын қорғады. Тарихи деректерге сүйенсек, Ердана бек Абылайдың інісі Ескендірді төрт баласымен қосып өлтіріп, әйелін барымталап кетеді. Абылай хан жорықты өзі бастап Ердана бектің көп әскерін жояды. Ердана бек қашып барып Пішпек қорғанына тығылады. Абылай хан қорғанға бекінген оның тас-талқанын шығармақ болып, Цин патшалығынан зеңбірек сұратады. Бірақ патша ордасы көмек беруден бас тартып, мынадай сылтау айтады:

«Қазақ және қоқандықтардың барлығы менің пақырларым. Біреуіне болысып, енді біреуін қырғындауға болмайды»iЦин (Чиң) патшалығы Гаозун патшаның орда күнделіктері (Қолжазба). 481 т., – 7-б.; Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты (新疆民族研究所). Цин күнделіктеріндегі Шыңжаңға қатысты материалдар жинағы (清实录新疆资料辑录 — Qingshilu Xinjiang ziliao jilu). — Үрімжі: Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты. 1978, 3-кітап. – 1093-б. .

Іс жүзінде, олар Абылай ханды зеңбірекпен қаруландыру арқылы өздеріне қауіп төндіретінін болжағаны айтпаса да түсінікті. Сол соғыста ойсырай жеңілген қоқандықтар Абылай хан өмірден өткенше қазақ даласына аяқ баса алмағаны ақиқат.

Абылай ханның 1765–1767 жылдары оңтүстік өңірге жасаған жорығы барысында Түркістан, Сайрам, Шымкент қалаларында қазақ үстемдігін нығайтты. Тіпті Ташкент тұрғындарын Қазақ хандығына алым-салық төлеп тұруға міндеттеді.

1777 жылы Абылай хан оңтүстік өңірге барып, қазақ билігіне қарсылық танытқан Ташкент, Ходжент билеушілеріне шабуыл жасап, оларды қайтадан алым-салық тапсыруға мәжбүрлейді.

Ташкенттегі керуен сарай. 19-ғасыр / Getty Images

Ташкенттегі керуен сарай. 19-ғасыр / Getty Images

Абылай хан ел тұрақтылығын сақтау үшін бүлік шығарып, бас көтергендерді қатаң жазалап отыратын. Шоқан Уәлихановтың: «Қазақ хандарының арасында Абылайдай шексіз билікке ие болған бір де бірі жоқ»iШ.Ш.Уәлиханов. Абылай хан. — Алматы: Айқап. 1992, – 32-б. деген тұжырымы да ойымызды нақтылайды.

Абылай хан мемлекеттік билікті орталықтандырып, нығайту мақсатында озбыр рубасылары мен сұлтандардың билігін шектеді. Сондықтан Бұқар жырау Қалқаманұлының «Алтын тақтың үстінде, Үш жүздің басын құрадың» деген сөзінен Абылай ханның мемлекет қайраткері ретіндегі айрықша таланты мен қазақ халқын біріктірген тарихи миссиясы соншалықты терең ашылады.

Абылай ханның арманы орындалды ма?

Абылай хан ғұмырының соңғы жылын Қазақстанның оңтүстік өңірінде өткізді. 1781 жылы Ташкенттен Түркістанға келе жатқан хан Арыс өзені бойында дүние салып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленді. Цин патшалығының ордасы 1781 жылы маусым айында Уәли сұлтанға жазған қазанамасында былай жазады:

«Тарбағатайдағы уәзірдің мәлімдеуінше, сенің әкең ауырып қайтыс болыпты, патша естіп қатты қайғырды. Сен бұрын астанаға келгенде патшамен дидарласып, оның шапағатына бөленген едің, оның үстіне әкеңнің тұңғыш ұлысың, қоластыңдағы жұртты басқара аласың»iЦин (Чиң) патшалығы Гаозун патшаның орда күнделіктері (Қолжазба). 481 т., – 7-б.; Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты (新疆民族研究所). Цин күнделіктеріндегі Шыңжаңға қатысты материалдар жинағы (清实录新疆资料辑录 — Qingshilu Xinjiang ziliao jilu). — Үрімжі: Шыңжаң Ұлттарды зерттеу институты. 1978, 3-кітап. – 1093-б. .

Мұны қазақ билері хан көтерген Уәлидің билігін Цин патшалығы танығаны деп түсінуімізге болады. Сонымен қатар Цин тарапы Абылай хан жолға қойған екіжақты жарасымды қарым-қатынасты жалғастырғысы келгенін білдіреді.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі / Getty Images

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі / Getty Images

Абылай хан көпвекторлы сыртқы саясаты арқасында Ресей және Цин патшалығымен қарым-қатынасын үзбеді. Кейде Ресей арқылы Цин империясын шектесе, енді бірде соларға арқа сүйеген болып Ресей империясына қыр көрсетті. Нәтижесінде қазақтың хандық билігін нығайтып, қоғамды қай тұрғыдан да алға жылжытты. Әсіресе, сөз арасында айтып өткеніміздей, шығыста Цин империясының бақылауында қалған атажұртқа қазақ ру-тайпаларын қайта қоныстандырса, оңтүстік өңірдегі қазақ аумағына сұғынып кірген қырғыздар мен қоқандықтарды ығыстырып, қазақтың тұтас этнотерриториясын қалыптастырды.

Әрине, Абылай хан арманын толық орындады деп айта алмаймыз. Өйткені ол билік жүргізген тарихи дәуір өте күрделі еді. Десе де Абылай төре тұқымы болғанымен, мұрагерлік жолмен емес, өз ерлігі, ерік-жігері, және заман талабына жауап бере білу қабілетінің арқасында хан дәрежесіне көтеріле алды. Сондықтан да ол ел үмітін ақтап, қазақ тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі болып қалды.

Нәбижан Мұқаметханұлы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ