«ҚАРА ЖҰМЫСТАН» ОРАЛМАҒАН ҚАЗАҚТАР

1916 жылғы Патша жарлығы: майданға аттанғандар елге қалай қайтты?

~ 8 мин оқу
«ҚАРА ЖҰМЫСТАН» ОРАЛМАҒАН ҚАЗАҚТАР

Коллаж / Qalam

1916 жылғы патша үкіметінің Дала өлкесі мен Түркістанның «бұратана» халқын тыл жұмыстарына алу туралы жарлығының салдары аса ауыр болды. Лезде бұрқ еткен жаппай көтеріліс қатыгездікпен басып-жаншылды. Одан кейін де мыңдаған қазақ майданда қорғаныс құрылыстарын салу үшін туған жерінен шалғайға жөнелтілді. Алайда олардың бәріне елге аман оралу бақыты бұйырмаған-ды.

Сол кезеңде «Қазақ» газеті майданға шақырылып, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіруге арналған хабарландыруларды тұрақты түрде жариялап тұрды. Qalam редакциясы ғасыр бұрын жарық көрген осы жарияланымдарға қайта үңіліп, олардың астарындағы адам тағдырлары арқылы тарихымыздың әлі де толық зерттелмеген бір қырын ашуға талпынды.

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1916 жыл. 193-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1916 жыл. 193-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

1916 жылғы 25 маусымда (жаңа стиль бойынша — 8 шілдеде) ІІ Николайдың «Империядағы бұратана азаматтарды майдан аумағындағы қорғаныс бекіністері мен әскери қатынас жолдарын салу жұмыстарына тарту туралы» жарлығы Қазақ даласындағы жаппай наразылық пен ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына түрткі болды. Жетісудағы көтеріліс көп ұзамай аяусыз басып-жаншылды. Торғайдағы қозғалыс патша өкіметі құлағанға дейін жалғасқанымен, бұл да тыл жұмыстарына адам алу науқанын тоқтата алмады.

Алайда сол азаматтардың қаншасы елге аман-есен оралды? Қаншасы мүгедек болып қайтты? Ал қанша адамның сүйегі жат жерде қалды? Тарихшылар бұл мәселеде әлі де бір тоқтамға келген жоқ.

Сол жылдардағы «Қазақ» газетінің беті тыл жұмыстарына кеткен туысқанын іздеген хабарландыруға толы. Әр хабарландыру жеке адамның тағдырын ғана емес, сол кезеңдегі қазақ қоғамының жан жарасын аршығандай. Олар кімдер еді, қалайша жоғалып кетті, табылғандар болды ма?

Туған елге ұзақ жол

1916 жылы қыркүйектің соңында қазақтар мен өзге де «бұратана» халықтар тиелген эшелондар Петербор арқылы Батыс майданына жөнеліп жатты. Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Сәлімгерей Жантөре мен қазақ студенттері тыл жұмысына аттанған қазақтарды вокзалда қарсы алады. Олардың тізімі жасалып, хал-ахуалын «Қазақ» газетіне жариялау үшін қайдан шыққаны және қай майданды бетке алғаны хатталадыiСултан хан Аккулы, «Алихан Букейхан: идея «Алаш» и единый тюркский мир», 334-б..

Қоян-қолтық ұрыс шеберлері: дала майданына жарақтанған Сібір жаяу әскері. Варшава, 1914 жылғы 30 желтоқсан  /  Project Gutenberg

Қоян-қолтық ұрыс шеберлері: дала майданына жарақтанған Сібір жаяу әскері. Варшава, 1914 жылғы 30 желтоқсан / Project Gutenberg

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары қазақтар майдан жұмысына алынған сәттен олардың бейтаныс мекендегі жай-күйін жіті қадағалады. Батыс майданын аралап, күнделікті тұрмысымен танысты. Тіпті ол 1916 жылдың соңында өз еркімен Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан майдан даласының тылына аттанып, 1917 жылғы Ақпан төңкерісін сонда қарсы алған еді. «Қазақ» газетінде жарияланған хабарламаның бірінде:

«Жолшыбай талай қаланы көрдік. Жұмыс қылатын жерге аман-есен келіп, жұмысқа кірістік деген хаттары елге келе бастады. Ертіп шыққандар да апарып салдық деп, қорқып отырған елге амандығын білдіріп қуантты. Бара-бара еті үйреніп, көңілі тоқтап, көндіккен сияқты» деген мәлімет беріледіi«Қазақ» газеті, №224, 1917 жыл, 1 сәуір.

Майданда жұмыс істеген қазақтар жайы «Қазақ» газетінде 1916–1917 жылдары дүркін-дүркін жарияланып, халықты құлақтандырып отырды. Әсіресе тылдағылардың кері қайту, елге аман-есен жету мәселесі өте өзекті еді. Себебі қара жұмысқа жегілген «бұратаналарды» алаңдатқан жайт көп болатын. Оның ішінде «қашан елге қайтамыз» деген сұрақ бәрін мазалады. Майдан жайын сөз еткен мәліметте:

«Қайда барсақ та: «Бізге кесілген күн бар ма? Қашан қайтамыз?» дейді. «Сендерге кесілген күн жоқ. Соғыс қай күні бітеді, сонда қайтасыңдар» десе, мұңайып: «Бізге алған жерде айтып еді: үш ай он күннен соң қайтасыңдар деп, ол бізді алдағандары ма?» дейді. Осы үш ай он күнді Түркістан сарты, қырғызы һәм қазағы түгел айтады... 

Осы үш ай он күнді кім шығарған? Жылап-сықтап кетіп бара жатқан жігіттерді жұбатуға айтқан шығар деуге, өтірік жұбатудан не пайда бар, біз түсіне алмадық» деген жолдар барi«Қазақ» газеті, №224, 1917 жыл, 1 сәуір.

Ал газеттің 1917 жылдың мамыр айындағы санына Ішкі істер министрінің Торғай облыстық комиссарына жолдаған телеграммасы басылады. Онда Уақытша үкімет 5 мамырда шығарған қаулыға сәйкес, 1916 жылғы 25 маусым жарлығымен алынған бұратана жұмысшылар еліне қайтарылады делінген:

«Жұмыс істеп жатқан мекемелер, заводтар, теміржол һәм басқа орындар   баршасы да өз қолында жұмыс қылып жатқан жұмысшылардың санын, елдерінің адресін, отарбаға отырғызатын һәм военный хәкімдер қолына әкеліп тапсыратын орындарын білдіруге тиіс»iҚазақ» газеті, №231, 1917 жыл, 27 мамыр.

Сонымен қатар ендігі кезекте жұмысқа адам алу ісін тоқтату және бұған дейін шақырылғандарды кері қайтару көзделеді. Алайда мұның бәрі бір күнде атқарылатын шаруа емес еді.

«Қазақ» газетіндегі мәліметке сәйкес, Батыс майданындағы азаматтарды 35 эшелонмен қайтару жоспарланады. Демек, күніне бір эшелон жолға шықса, кемінде азаматтардың бәрін қайтару үшін бір ай уақыт қажет. Қара жұмыстағы «бұратаналар» бұл хабарды қуана қабылдағанымен, дүрлігіс басталады:

«Елге қайтарады деген хабар келгеннен бері майдандағы сарттар жұмысты тастап, «арба бер» деп қиғылық салған. Онымен қоймай, өзді-өзі жанжалдасып, бауыздасып өлгендері де аз болмаған. […] Басқа  «бұратаналар», әсіресе біздің қазақ бұл күнге шейін тыныш, дүрліккен жоқ, ақылмен аңдап, жұмысты тоқтатқан жоқ»i«Қазақ» газеті, №230, 1917 жыл, 19 мамыр.

Жоғалған қазақтарды қалай іздеді?

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 234-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 234-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

Майдан даласындағы жұмыскерлер елге қайтатын болғанымен, оларды түрлі шырғалаң күтіп тұрды. Бірі жолда адасып кетті, енді бірі елге жете алмай, із-түссіз жоғалды. Ағайынын іздеген жұрт «Қазақ» газетіне хат жолдайтын. Майдан жұмысына аттанып, хабар-ошарсыз кеткен туысқандарын іздеген хабарландырулардан көз сүрінеді. Алайда кей тұста дәрменсіздігін мойындаған редакция:

«Біздің «Қазақ» басқармасынан сұраушылар болады, пәлен партияда қызмет ететін яки ауруханада қалған баламнан хабар жоқ деп. Мұндай баласы, жақыны жоғалғандар Минскідегі Бұратана бөлімі һәм Киевтегі Бұратана бюросына телеграмма беріп, жөнін айтып сұрау керек. Бұл екі орынның адресі мынау: бірінші — Минск, Земсоюз фронт Инородческий отдел. Екінші — Киев, Земрабочый, Инородческое бюро. Бұл екі орындағылар өзіміздің талапкер оқыған жастар, жұмыстағы жігіттерге бас-көз болу үшін өздері тіленіп барған» деп, жөн сілтейдіi«Қазақ» газеті, №234, 1917 жыл, 24 маусым

Сондай-ақ редакция майданға хат жолдағанда «хатпен бірге ақша жібермеңіздер, оның жоғалып кетпесіне кепілдік жоқ» деп ескертеді.

1917 жылдың көктемінен бастап жоғалған жақынын іздегендердің қарасы тіпті көбейді. Арасында Павлодар уезінің тумасы, 60 жастағы Жарқын Тоққозыұлын сұраушылар бар. Минск губерниясында қызмет еткен ол майдан жұмысына баласының орнына барған көрінеді. Бірақ сол кеткеннен мүлде хабар болмайдыi«Қазақ» газеті, №426, 1917 жыл, 21 қазан.

Газет бетіндегі хабарландыру арқылы оқырмандардың бірі әкесін, бірі баласын, енді бірі ағасын іздейді. Мысалы, Ілбішін уезі, Өлеңті болысынан Сағира есімді келіншек ұлы Ысқақ Ералыұлын шарқ ұрып таппағанын айтады. Минск губерниясында жұмыс істеген Ысқақ жұмыскерлер қайтардан төрт күн бұрын, яғни 16 мамырда ауруханаға түсіп қалады. Содан кейін оны көрдім-білдім деген жан табылмағанi«Қазақ» газеті, №243, 1917 жыл, 14 қыркүйек.

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 243-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 243-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

Өзге хабарландырулар да осы сарындас. Бәрінің мазмұнында алыстағы жақынын сағынған ағайынның арманы, тілегі мен үміті ұштасып жатыр:

«Былтыр қызметке алынып, 2-партияда 1-атрет, бірінші жүздікте болған Кәрібай Төленше баласы науқас болып қалған екен. Сонан хабар жоқ. Көрген адам болса, мынау адрес бойынша білдіруін өтінем: Павлодар, Семей облысы хүкімет. Уәлиолла Ғұбайдоллаұлы Гонцовқа»i«Қазақ» газеті, №243, 1917 жыл, 14 қыркүйек.

«222-партияда қызмет еткен Шаһардан Сүлеймен баласы ауырып ауруханаға алынған екен, сонан бүгінге шейін хабар жоқ. Өлі-тірісін білмейміз. Көрген-білген болса «Қазақ» газеті арқылы білдірсе екен. Мәжит Абдуллин»i«Қазақ» газеті, №243, 1917 жыл, 14 қыркүйек.

«Ақтөбе уезі, Теректі болысы, 4-ауыл жігіті Мырзағали Азаматұлы 25 маусым жарлығы тақырыптағы жұмысқа алынғаннан кейін әлі қайтқан жоқ. Партиясы 204, бірінші отряд. Жұмыс қылған жері Молоджно. Әкесі іздеп, таба алмай қайтты. Осыны кім біледі? Ысқақ Бейсенбаев»i«Қазақ» газеті, №244, 1917 жыл, 5 қазан.

Бұл азаматтардың кейінгі тағдыры сол күйі белгісіз. Хабарландырулар халықтың ақырғы тал қармаған әрекеті секілді.

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 243-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 243-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

Ал 1917 жылдың жаз басында газетте Бұратана бөлімінің одан арғы жұмыс барысы баяндалып, екі мәселеге айрықша тоқталады. Майдандағы «бұратаналар» қайтарылған соң, бұл бөлім бір жылдан бері адасып жүргендерді іздестіру жайын қолға алып, майдан жұмысынан кем-кетік болып оралғандарға қазынадан жәрдем әперу көзделедіi«Қазақ» газеті, №232, 1917 жыл, 3 маусым.

«500 сом сүйінші беремін...»

Майданнан оралмаған қазақтарға іздеу салған ағайынның әрекеті хабарландыру берумен шектелмейді. Ауқаты жеткендері жоғалған жанның ізімен жолға шығып, өз бетімен іздеп қайтады. Табылған туысы үшін ақшалай сүйінші береміз дегендер де болды. Мәселен, бөкейлік Мұхамед Әйтенұлы 25 маусым жарлығы бойынша қара жұмысқа алынған бауырын іздейді. Оның айтуынша, Қазағойш Әйтенұлы сәуір айында Воронеж, Харьков немесе Пенза қалаларының бірінде адасып қалады. Содан бері хат-хабар болмайды.

«Осы жігітті білген кісі болып, көрсетуімен табылса, 500 сом сүйінші беремін» дейді олi«Қазақ» газеті, №250, 1917 жыл, 14 қараша.

Әкесі мен ағасы іздеу салған жігіттің бірі — Тілеулі Сатыбалдыұлы. Ақтөбе уезі, Бестамақ болысындағы 7-ауыл тумасы жолай Минск ауруханасына түсіп қалып, содан бері жолдастарына қосылмаған, елге де қайтпаған. Белгі ретінде оң құлағы түбінен жоқтығы және саңырау екені айтылады. Сол ауылдың Қоймағұл Мәжіғұл есімді жігіті де із-түссіз кеткенін айтқан хабар берушілер:

«Осы екі жігіттің қайда екенін біліп, хабар берген кісіге сүйінші де берер едік» дейдіi«Қазақ» газеті, №220, 1917 жыл, 1 наурыз.

Есінен адасқан екі қазақ

Хабарландырулардың көбінде іздеушілердің мекенжайы жазылады немесе «Қазақ» газеті арқылы байланыс жасауын өтінеді. Оралмаған жігіттердің тағдыры бір-біріне ұқсас. Олардың дені әлдебір көлденең жағдаяттың құрбаны болған секілді, әсіресе жол бойында ауруханаға түсіп, адасып қалатын оқиға өте көп. Бұған майданға аттанғандардың тіл білмеуі де кесірін тигізсе керек. Бірақ оларды қандай тағдыр, нендей қиындық күткенін болжап айту қиын.

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 244-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 244-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

Осы ретте Мырзағазы Есполовтың «Адасқан жігіттер» деген хабарламасын түршікпей оқу мүмкін емес. Мұндағы адасқан екі жігіттің ауыр тағдыры келесідей баяндалады:

«Киевтен елге біз шілде аяғында қайттық. Қайтамыз деп тұрғанда Киевте екі жігіт табылды: бірі — Есенғали Қуан баласы, өзі жынды, аузына келгенін сөйлейді. Қай жердікі екенін білмейді, жалғыз-ақ «Шиелі» дегенді біледі. Мұның қай Шиелі екенін біле алмадық. Екіншісі — Нұралы Пішенбай баласы. Мұның айтатыны — 4-ауыл, Құнанбай болысы, Павлодар уезі. Бұл жігіт мамырда ауруханаға кеткен. Партиямен жұмыс қылған жерін, қайдан келгенін білмейді. Мұның да есі дұрыс емес»i«Қазақ» газеті, №250, 1917 жыл, 14 қараша.

Екі жігіт мұндай күйге қашан және қандай жағдайда түсті, о жағы айтылмаған. Оларға жолыққан қазақтар екеуіне билет алып, қатарына қосып, бірге жолға шығады. Өкінішке қарай, жолшыбай бекетте екеуі бірінен соң бірі қашып кетіп, көз жазып қалады.

Кім жауапты?

№121 далалық әскери-санитарлық пойыздың командасы. 1915 жыл / Wikimedia Commons

№121 далалық әскери-санитарлық пойыздың командасы. 1915 жыл / Wikimedia Commons

1917 жылы қазан айында «Қазақ» басқармасына мынадай хабар жетеді:

«Күнбатыс майданындағы Бұратана бөлімі жабыларда оның кейінгі жұмыстарынан контрольный отделдің міндетіне алғаны: жұмысшылар партиясының қашан һәм қайда жіберілгендігі, тиісті мекемелерге қызмет хақысын ала алмаған жігіттердің арыздарын жөнелтіп тұру еді»i«Қазақ» газеті, №248, 1917 жыл, 3 қараша

Бұдан әрі бұл бөлімде өзгелерден адасып қалған жігіттер мен кей қалалардың емханаларындағы қазақтар жөнінде мәлімет жоқтығы айтылады. Сондықтан елге оралмаған жігіттер туралы сұрағандарға жауап бере алмаймыз дейді. Бұл жағдай ахуалды одан әрі күрделендіріп жібергені жасырын емес. Бірақ «Қазақ» газетіндегі хабарландырулар жыл соңына дейін толастамайды. Жақынын іздегендердің жанайқайы тіпті 1918 жылға дейін жеткен.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің дерегінше, 1916–1917 жылдар аралығында тыл жұмыстарына жұмылдырылған қазақтардың саны 100 мыңнан асады екенiСултан хан Аккулы, «Алихан Букейхан: идея «Алаш» и единый тюркский мир», 337-б.. Кей зерттеушілер нақты дерек бұдан көп болуы мүмкін дейді. Демек, Патша жарлығымен майдан жұмысына аттанған қанша қазақтың сүйегі жат жерде қалғаны әлі күнге дейін нақты емес.

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 244-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы

«Қазақ» газетінің көшірмесі. 1917 жыл. 244-басылым / ҚР Ұлттық кітапханасы