ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОВЕТ БИЛІГІНЕ ҚАРСЫ ҚОЗҒАЛЫСТАР

Тарихшы Мәмбет Қойгелдімен сұхбаттан

~ 6 мин оқу
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОВЕТ БИЛІГІНЕ ҚАРСЫ ҚОЗҒАЛЫСТАР

Коллаж. Рәшит Бейсекеев, Арман Қаниев, Болат Кәкежанов / Qalam

1960–1980 жылдары Совет одағы социализмнен өтіп, коммунизмге жетеміз деп жатқан тұста ұлттық республикалардың әлеуметтік, мәдени-рухани жағдайы басқалай реңк алған еді. Әсіресе Қазақстанның ахуалы мүлде бөлек болатын. Сол кездегі тың игеру, тіл саясаты, кеңестік тарихнама үстемдігі бірте-бірте халықты ұлттық тамырынан ажырата бастаған. Мұның бәріне наразылық ақыры 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында бұрқ етіп, кеңестік идеологияны шайқалтып жіберді. Алайда советтік жүйеге деген қарсылықтың тамыры одан гөрі тереңде болатын. Qalam-ға сұхбат берген тарихшы Мәмбет Қойгелді 1960–1980 жылдар аралығында Қазақстанда жүйеге қарсы шыққан оқушылар, олар құрған ұйымдар мен жекелеген адамдардың тағдыры туралы, қарсылық қозғалыстардың қалай басталғаны жайында айтып берді.

Қарсылық неден туды?

1960–1980 жылдар аралығын Совет одағының гүлденген шағы деуге болады, осы кезде оның жақсылығын там-тұмдап көріп қалған азаматтар әлі де бар. Дегенмен сол кезеңнің өзінде әлеуметтік, экономикалық, ұлтаралық қатынастарда қайшылықты мәселелер көп болды. Бұл — тарихнамада жеткілікті зерттелмеген кезең. Оның бір кілтипаны — социалистік қоғамға деген көзқарас көпке дейін анықталмай келуінде. Одан гөрі маңызды себебі — аталған дәуір материалдары зерттеушілер қолына енді ғана жетіп жатыр. Мысалы, 2019 жылы 1960–1980 жылдарды қамтитын архивтік деректер негізінде «Я себя совершенно не признаю виновным!» деп аталатын жинақ шығардық. Мұндағы деректің басым бөлігі Ресей Федерациясы Мемлекеттік архивіндегі Кеңес одағы Бас прокуратурасының қорынан алынған.

И.Буденевич. Қазақстан Компартиясы ОК жаңа ғимаратының Күләш Байсейітова атындағы көше жағынан көрінісі. Алматы, 1981 / ҚР ОМКФДA

И.Буденевич. Қазақстан Компартиясы ОК жаңа ғимаратының Күләш Байсейітова атындағы көше жағынан көрінісі. Алматы, 1981 / ҚР ОМКФДA

Бұл кезеңде Қазақстандағы жағдай күрделі болды. Елдің әл-ауқаты жақсарғанымен, қоғамдық қарсылықтарға негіз болған жағдайлар да жетіп-артылатын. Мысалы, Никита Хрущевтің тың игеру саясатының салдарынан Қазақстанға 2 миллионға жуық переселендер келіп, қазақ халқының үлесі республикада 30 пайызға дейін төмендеді. Қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақ тілінің қолданысы тарылды, қазақ мәдениеті кейінге ысырылды. Бір сөзбен айтқанда, орыстандыру саясаты белсенді жүрді. Қазақстанның барлық өңірінде бұған қарсылық болды.

Советтік жүйеге қарсы оқушылар

Оралда «Қазақ қоғамын қорғау ұйымы», Павлодарда «Жас Ұлан» жабық ұйымы құрылып, тіпті жекелеген азаматтар да қарсылық көрсете бастады. Алматыда кезіндегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде студенттер қозғалысы пайда болып, отарлау саясатына қарсы листовкалар таратылды.

Павлодардағы «Жас Ұлан» қозғалысы — №3 облыстық қазақ мектеп-интернатта 9-10-сынып оқушылары құрған құпия ұйым еді. Оның негізгі ұйымдастырушылары — музыка пәнінің мұғалімі Рахметхан Нұрбасаров пен 9-сынып оқушысы Арман Қаниев. Ұйымға 24 адам кірген.

«Жас Ұланның» мүшелері де, жетекшісі де кейін «ұлтшылдық ұраны» үшін қиянат көріп, тергеуге түсті. Сол кезеңдегі контекске қарасақ, олардың қарсылығы табиғи жағдай: кеңес билігі орнағалы бері Қазақстанды эмиссарлар арқылы Мәскеу басқарып отыр, ал тың игеру саясатының салдарынан солтүстік өңір тіпті орыстанып, қазақтар азшылыққа айналды, тықсыру көріп жатыр. Совет идеологиясын сіңіріп үлгермеген жас буынның әділдікті талап етуі — табиғи құбылыс. Олар «Өз еліңді өзің басқар, өз еліңді өзің биле!» деп жазылған листовкалар таратқаны үшін қылмыскер атанды. Алматы университеттерінде жанданған ұйым да осы бағыттас ұран жазған. Мұны совет билігі «Қазақстан қазақтар үшін» деп бұрмалап, «бұл қауіпті ұлтшылдық идеология» деп айыптады.

Азамат Жәкібаев: жындыханада көз жұмған жігіт

Советтік кезеңде жергілікті халық Қазақстанның шынайы тарихын білмесін, социализмге қылдай күмән тумасын деген ұстаным болды. Оның орындалуын мемлекеттік пропаганда жүйесі арқылы қатаң бақылады. Бірақ бұл саясат халықтың санасын түгел тұмандата алмады. Алматыда 1970 жылдары мынадай оқиға болған. Азамат Жәкібаев деген 16 жасар оқушы совет жүйесіне қарсы:

«Бұл жүйенің экономикалық тәртібі бізге зиян, батыста экономикалық еркіндік бар, бізде ол жоқ» деген сарында листовкалар жазып таратады.

Оны Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) ұстап, арнайы бақылап, тергеуге алды. Ақыры «сана дертіне ұрынған» деген желеумен жындыханаға жатқызады. Алты жыл сонда отырғанда оған түрлі дәрі-дәрмек береді, қысым жасайды. Бала қатты ауырады, соған қарамастан өлең жазады. Сондай бір жазбасының мағынасы

«Бөлмедегі терезе жақтауына бір торғай қонады. Сол торғайдың еркіндігіне қызығамын. Торғай, сен бақыттысың, сендегі еркіндік менде жоқ» дегенге саяды.

Қасым Жәкібаев — Азаматтың әкесі. «Айналайын» фильмінен алынған кадр / ҚР ОМКФДA

Қасым Жәкібаев — Азаматтың әкесі. «Айналайын» фильмінен алынған кадр / ҚР ОМКФДA

Азамат Жәкібаевқа тағылған айып — «капитализмді насихаттадың, ал социалистік жүйе туралы ғайбат айттың» дегенге келеді, сол үшін «ақыл-есінен адасқан» деген диагноз қойды. Анасы Нартай алты жыл ұлына барып тұрды, Азамат сол жерде көз жұмды. Оның мәйітін үйіне әкелгенде әкесі, белгілі актер Қасым Жәкібаев баласын танымапты. Идеологиялық жүйе Азаматты азаптап өлтірді. Бұл социалистік жүйені қабылдай алмаған еркін ойлы бозбаланың санасына жасалған қиянат еді.

Инженер-техниктер неге кеңес үкіметіне қарсы болды?

Осы арада инженер-техниктердің қарсылығы да көрініс тапты. Мысалы, 1963–64 жылдары Ащысай полиметалл комбинатында жұмыс істейтін 43 инженер-техник жазған хат бар. Қол қойғандардың бәрі қазақтар. Ол кезде зауыт-фабриканың бәрі одақтық басқаруда болды, Ащысай комбинаты да солай.

Ащысай полиметалл комбинатының «Батыс» кеніші / ҚР ОМКФДA

Ащысай полиметалл комбинатының «Батыс» кеніші / ҚР ОМКФДA

Ұлттық негізде кемсіту көрген қазақ инженерлері жабық түрде жиналып, республика басшылығына хат дайындаған.

«Институт бітіріп келеміз, бірақ бізді төмен сатыларда ұстайды, жетекші орындарға жолатпайды, олардың бәрі еуропалықтарға тиесілі» дей отырып, негізді деректер келтіреді.

«Біз Қазақстанда өмір сүріп жатсақ, онда неге қазақтарға жол жабық?» деп сұрайды. Олар хатты Алматыға апарамыз деп әуежайға бара жатқанда жол апатына ұшырайды. Қалай ұшырайды? Неге ұшырайды? Жұмбақ. Бірақ аман қалады. Жолда Шымкентке аялдап, сол кезде облыс басшылығындағы Жұмабек Тәшеновке де кіреді. Ақырында Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына жазылады. Сонда Қонаев:

«Осы хаттағы фактілердің 70 пайызы шындық болса, комбинат басшыларын жазалаймыз, ал өтірік болса сендерді жазалаймыз» дейді.

Жігіттер келіседі. Арнайы комиссия тағайындап, бірнеше күн Ащысай комбинатын тексереді, жұмыс нәтижесінде барлық факті расталады. Комбинат басшысы қызметінен алынады, біраз қызметкерлер ескерту алады. Осы жағдай нәтижесінде Орталық Комитет арнайы қаулы да қабылдаған.

Оның мағынасы «Қазақстандағы барлық өнеркәсіп орындарында қазақ кадрларының қызметтік өсуіне кедергі болмауы керек, басқа топтар көретін әлеуметтік игіліктерді олар да көру керек» дегенге саяды.

Жұмабек Тәшенов / ҚР ОМКФДA

Жұмабек Тәшенов / ҚР ОМКФДA

Құжат бүкіл Қазақстанға тарайды. Себебі бұл жалғызілік жағдай емес еді. Мысалы, Өскеменде де 53 инженер «қазақ кадрларын кемсіту бар, бұған қашан тоқтау қойылады?» деген мазмұнда хат жазғаны мәлім.

Осы сияқты түрлі деңгейдегі ұйымдасқан, ұйымдаспаған қарсылықтар Павлодар, Орал, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы секілді қалалармен қатар, барлық аумақты қамтыды. Сондықтан мұның бәрін бірыңғай өзін-өзі басқаруды талап еткен ұлттық қарсылық деуге болады. Өкінішке қарай, қырағы жүйе олардың бір-бірімен байланыс орнатып, республикалық қозғалысқа айналуына мүмкіндік бермеді.

Сонымен қатар 1960–1980 жылдар аралығындағы Совет билігіне қарсылықтарды тамырын Алаш қозғалысынан тартатын интеллектуалдық қарсылыққа жатқызар едім. Оның және бір үлгісі — «Жас тұлпар». Бұл қозғалыс төңірегіндегілердікі ұлттық, мәдени құндылықтарды насихаттау, ағартушылық арқылы жүргізілген интеллектуалдық наразылық еді. Оның көрінісі де әртүрлі, кейде жасырын болды.

Қарақұм көтерілісінен жеткен қылыш

Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» деген шығармасы бар. Бір қарағанда, ол 1916 жылғы Созақтағы ұлт-азаттық көтеріліс жайлы сияқты оқылады, бірақ сюжеті 1930 жылдардағы Созақ, Қарақұм көтерілісін көрсетеді. Астарында жатқан әңгіме сол. Мұрат Әуезовi«Жас тұлпар» ұйымының негізін қалаушылардың бірі естеліктерінде мынадай бір оқиға айтылады. Бірде Ғабит Мүсірепов жас жазушыларды қонақ етіпті. Кеш барысында кабинетінен бір қылышты алып шығып, Асқар Сүлейменовке тарту еткен. Неге десеңіз, Мүсірепов — 1930 жылдардағы Қарақұмдағы көтерілісті көзімен көрген адам. Бұл сол кезеңдегі көтерілістің ең үлкені: Қарақұмда совет әскеріне қарсы 20 мың сарбаз тұрыпты. Совет әскерінің басшысы Евсеев республика басшысы Голощекинге хат жазады.

«Менің құзырымда әскер тұр, мұздай қаруланған. Алдымдағы 20 мың адамда бірлі-жарым аңшы мылтығынан басқа қару жоқ. Қазір қару қолдансақ, бәрін қырып саламыз, ал тарихқа қанішер ретінде кіргім келмейді, комиссия шығарыңыз» дейді.

Сонда құрылған комиссия төрағасы Әліби Жангелдин екен, оның орынбасары Сәкен Сейфуллин, хатшысы Ғабит Мүсірепов, тағы екі кісі бар. Осы бес кісі Аралға барып, жиырма шақты күн бойы келіссөз жүргізеді.

Комиссия талабы — көтерілісті тоқтатып, қару-жарақты тастап, ауыл-колхоздарыңа қайтыңдар, совет үкіметі сендерге қиянат жасамайды дейді. Көтерілісшілер тарайды. Ауылдарына жете салысымен совет үкіметі басшыларының бәрін ұстап алып, кейбірін атып, енді бірін соттап жібереді. Сонда Мүсіреповтің «билік бізді қиын жағдайға қойды, халық алдында өтірікші болдық» деп айтқаны деректерде бар. Болжауымша, көтерілісшілер тастаған қылыштың бірі Мүсіреповке тиген сияқты, сол қылышты жазушы шығармасы үшін Сүлейменовке беріп отыр.

Мұны неге айтып отырмын? 1960–1980 жылдары жазылған, халық санасын сілкіндірген шығармалар көп. Мысалы, «Қаһар» шыққан кезде Ілияс Есенберлиннің ықпалы айтарлықтай еді. Неге десеңіз, қазақ қоғамында әдебиет баспасөздің, философияның, қоғамдық ойдың функциясын атқарды. Қазақ қоғамы ақын-жазушыларға қатты сенді, күрделі кезеңдерде соңынан ерді.

Бұл, әрине, әр деңгейдегі басшылардың қолдауынсыз да мүмкін емес еді. Ілияс Омаровтың, Дінмұхамед Қонаевтың қамқорлығын көргендер жетерлік. Ондай қамқорлық қағазға түсе бермейді, бірақ сөзсіз болады.

Бұл — тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдінің Қазақстанда 1960–1980 жылдары советтік жүйеге қарсы құрылған қарсылық қозғалыстар мен ұйымдар, жекелеген азаматтар жайындағы сұхбатының бір бөлігі. Толық нұсқасын Qalam Tarih YouTube арнасынан көре аласыздар.