ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ТАЯУ ШЫҒЫСТЫ КАРТАҒА ҚАЙТА ТҮСІРУІ

Британдық мандаттар және Таяу Шығыстағы шекаралардың қалыптасуы

ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ТАЯУ ШЫҒЫСТЫ КАРТАҒА ҚАЙТА ТҮСІРУІ

1919 жылы Версальда өткен Париж бейбіт конференциясы. Әмір Фейсал делегациясы. Солдан оңға қарай: Рустум Хайдар, Нури әс-Саид, Фейсал ханзада, капитан Писани (Фейсалдың артында тұр), Т.Э.Лоуренс, делегацияның белгісіз мүшесі, капитан Тахсин Кадри/Wikimedia commons

Таяу Шығыс мемлекеттері өздерінің қазіргі шегаралары мен саяси құрылымын тек 20-ғасырда ғана қалыптастырды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания империясы араб жерлерін қамтитын Осман империясының бұрынғы аумақтарын мандат ретінде иемденіп, бұл үдерісте шешуші рөл атқарды. Ұлттар Лигасы жеңіске жеткен мемлекеттерге осы жерлерді басқаруды тапсырып, оларды «А» санатындағы аумақтар қатарына қосты және бұл елдерге жақын арада тәуелсіздік беруге уәде етілді. Ұлыбританияға Месопотамия, Палестина және Трансиордания (қазіргі Ирак, Израиль, Палестина және Иордания) аумақтары берілді. Осы аймақтардың Британияға берілу себептері мен аралық соғыс кезеңіндегі оның саясатының салдары туралы толығырақ Qalam материалында баяндалады.

Мазмұны

Соғыс қарсаңындағы Ұлыбритания және Осман империясының араб провинциялары

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Таяу Шығыстың қазіргі көптеген мемлекеттері Осман империясының құрамында болатын. Империя сол кезеңде әлсіреп, құлдырауға жақын тұрды. Сол себепті әлемдегі ең қуатты державалардың бірі саналатын Ұлыбритания11ресми атауыҰлыбритания және Ирландия Біріккен Корольдігі19-ғасырдың екінші жартысында Осман мемлекетінің кейбір аумақтарына бақылау орнатты. Алдымен, 1882 жылы британдықтар Мысырды басып алып, 1914 жылы оны протекторатқа айналдырды. Бұл әрекет олардың Суэц каналын бақылауда ұстау мақсатына байланысты еді, себебі канал Үндістанға — сол кездегі Британ империясының отарына апаратын «кілт» болатын.

Екіншіден, Ұлыбритания Арабия түбегінде де орнықты. Олар Йеменнің оңтүстігіндегі маңызды Аден портын басып алып, Оман, Бахрейн, Катар, Әбу-Даби және Кувейт шейхтерімен бірнеше келісімдер жасасты. Бұл келісімдер Британ империясының Парсы шығанағындағы позициясын нығайтуға арналған еді, өйткені Үндістаннан Еуропаға баратын ең қысқа теңіз жолдары дәл осы аймақ арқылы өтетін.

Британ әскерінің Александрияны бомбылауы, 1882 жыл (Франция консулдығы)/Wikimedia Commons

Британ әскерінің Александрияны бомбылауы, 1882 жыл (Франция консулдығы)/Wikimedia Commons

Ұлыбританияның ерекше назарында болған аумақтардың бірі — болашақ Ирак жері, яғни Месопотамия еді. Бұл аймақ Осман империясының үш әкімшілік провинциясы — Мосул, Бағдат және Басра вилайеттерінен тұрды. Стратегиялық тұрғыдан Месопотамия Шығыс Жерорта теңізін, Парсы шығанағын және Үнді мұхитын байланыстыратын «көпір» қызметін атқарды. 20-ғасырдың басында Мосул маңынан мұнай кен орындарының табылуы британдықтардың бұл жерге қызығушылығын одан әрі күшейтті.

Басқа араб жерлеріне келсек, қазіргі Сирия, Ливан, Палестина және Иордания Осман империясының Халеп, Дамаск, Бейрут вилайеттері мен Ливан және Иерусалим санджақтарының құрамына кірді. Арабтар бұл жерлерді біртұтас аймақ ретінде қабылдап, «Биляд аш-Шам», яғни «Ұлы Сирия» деп атаған. 20-ғасырдың басында бұл аймақта Осман империясының әлсіреуіне байланысты араб халқының ұлттық санасы оянып, арта түсті.

Осман империясының әкімшілік бөлінуі. 1899 жылы/Wikimedia Commons

Осман империясының әкімшілік бөлінуі. 1899 жылы/Wikimedia Commons

Арабия түбегін османдықтар ресми түрде бақылауда ұстаса да, іс жүзінде олардың бұл аумақты басқаруға қажетті ресурстары жеткіліксіз болды. Түбектің шығысында жергілікті билеушілермен қарым-қатынас жасау Британияның ықпалына байланысты қиындай түсті. Ал батысында, Хиджаз өңірінде, Осман билігі көбірек сезілгенімен, бұл аймақтағы арабтар Мекке шерифінің юрисдикциясында болды.

 1914 жыл, Хусейн ибн Әли киелі кілемді Иерусалимге апара жатыр; шериф Иерусалим мүфтиімен күймеде отыр/medium: G. Eric and Edith Matson Photograph Collection/Wikimedia Commons

1914 жыл, Хусейн ибн Әли киелі кілемді Иерусалимге апара жатыр; шериф Иерусалим мүфтиімен күймеде отыр/medium: G. Eric and Edith Matson Photograph Collection/Wikimedia Commons

1908 жылы Хиджаздың шерифі болып Хусейн ибн Әли тағайындалды. Хашимиттер әулетінен шыққан ол өзін Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы деп санады. Хусейн ибн Әли тәуелсіз Хиджазды немесе одан да ауқымды араб мемлекетін басқаруға үміткер болып, араб ұлттық қозғалысының көшбасшысы болуды мақсат етті.

Соғыстың басталуы және британдықтардың Таяу Шығыс аймағындағы мүддесі

Таяу Шығыстағы әскери қимылдар аяқталмай жатып-ақ, Лондон Осман империясының жерлерінің болашағы туралы ойлануға кірісті. 1915 жылы арнайы комитет құрылып, оның басшысы болып дипломат Морис де Бунсен тағайындалды. Комитеттің негізгі міндеті — Ұлыбританияға Таяу Шығыс аумақтарының қаншалықты қажет екенін және нақты қай жерлердің маңызды екенін анықтау болды. Комитеттің шешімі соғыстан кейінгі аумақтарды бөлуге шешуші әсер етті.

Морис де Бунсен 1909 жылы/Wikimedia Commons

Морис де Бунсен 1909 жылы/Wikimedia Commons

Комитеттің жалпы түрде дайындалған есебінде Осман империясы Азияда өз тәуелсіздігін сақтағанымен, децентрализацияланып, кейбір аумақтарынан айырылуы қажет деген ұсыныс жасалды. Бұл шешім Британияның «өмірлік маңызы бар мүдделерін» қорғауға мүмкіндік беретін еді. Ұсыныс бойынша, Британия Басра, Бағдат және Мосулдың едәуір бөлігін өз бақылауына алып, Парсы шығанағындағы позициясын күшейтуге тиіс болды. Сонымен қатар Лондон Жерорта теңізінде өзіне тиесілі портты қамтамасыз етуді көздеді. Бұл мақсатта Хайфа порты таңдалып, ол Абу-Кемаль арқылы Парсы шығанағымен және Бағдатпен тығыз қарым-қатынаста болатын болды.

Түркия өзін еуропалық ірі мемлекеттерінен қорғануын бейнелейтін Османлы карикатура. Артқы жағында оларға Қытай мен Жапония қарап тұр. 1910 жыл/Alamy

Түркия өзін еуропалық ірі мемлекеттерінен қорғануын бейнелейтін Османлы карикатура. Артқы жағында оларға Қытай мен Жапония қарап тұр. 1910 жыл/Alamy

Бұған қоса, есепте Палестина жеке провинция ретінде қарастырылды. Осман империясының құрамында бұл аймақ Сирия, Бейрут вилайеттері мен Иерусалим санджағы арасында бөлінген еді. Комитет Палестинаның болашағы арнайы келіссөздер арқылы шешілуі тиіс деп ұсынды. Осылайша де Бунсен комитеті Палестинаның келешегін талқылаған алғашқы британдық үкіметтік орган болды.

Ұлыбритания және араб ұлт-азаттық қозғалысы

Морис де Бунсен комитеті Таяу Шығыстағы Ұлыбританияның мүдделерін анықтап жатқан кезде, арабтың құпия ұйымдары болашақ тәуелсіз араб мемлекетінің шегараларын белгілеген «Дамаск хаттамасын» дайындады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ, араб ұлттық қозғалысының жетекшілері Осман империясынан бөлініп шығу жолында күресуге шешім қабылдаған еді. Британдықтар араб көтерілісін қолдап, бұл арқылы Түркияны соғыстан шығаруды көздеді. Олар Мекке шерифі Хусейнмен келіссөздер жүргізіп, оны қарулы көтеріліске ынталандырды. 1915 жылдың көктемінде Хусейннің ұлы Фейсал Дамаскіге барып, онда араб ұлт-азаттық қозғалысының орталығында «Дамаск хаттамасын» бекітті.

 Дамаскідегі бәдәуи көсемі және Осман офицерлері. Ол заманда аймақтағы бәдәуи тайпалары әскери қимылдарда шешуші рөл атқарды – кейбірі Осман империясын қолдаса, басқалары, керісінше, ағылшындар мен Францияның одақтасы атанды. 1915 жыл/Library of Congress

Дамаскідегі бәдәуи көсемі және Осман офицерлері. Ол заманда аймақтағы бәдәуи тайпалары әскери қимылдарда шешуші рөл атқарды – кейбірі Осман империясын қолдаса, басқалары, керісінше, ағылшындар мен Францияның одақтасы атанды. 1915 жыл/Library of Congress

Хаттамада араб қозғалысы жетекшілері Хусейннің көтерілісін қолдауға дайын екенін білдірді, бірақ шарт ретінде ол британдықтармен болашақ тәуелсіз араб мемлекетінің шегараларын келісіп, олардың қолдауын қамтамасыз ететін болды. Хаттамада араб мемлекеті «табиғи шегараларында» құрылуы керек деп көрсетілді. Бұл шегараларға Палестина, Сирия, Месопотамия және Арабия түбегі (Аденді қоспағанда) кірді.

Дамаск хаттамасының картасы/ECF (Economic Cooperation Foundation)

Дамаск хаттамасының картасы/ECF (Economic Cooperation Foundation)

Бұл хаттама Хусейннің 1915 жылы шілдеде Мысырдың жоғары комиссары Генри Мак-Магонға жолдаған хатында көрініс тапты. Ол хатта Хусейн арабтар мен британдықтардың ынтымақтастық шарттарын айтып, британдықтардың араб ұмтылыстарын қолдауға қызығушылығы бар екенін атап өтті. Хусейнді мүмкін одақтас ретінде көрген британдықтар оған нақты уәделер бермей, екіұшты жауап қатты. 1915 жылы 24 қазанда Мак-Магон хат жолдап, Ұлыбритания Хусейн көрсеткен шегаралардағы арабтардың тәуелсіздігін мойындауға дайын екенін білдірді. Алайда Арабия түбегіндегі британдық протектораттар мен Алеппо, Хама, Хомс және Дамасктан батысқа қарай жатқан аумақтар (Батыс Сирия, Ливан және Кіликия) бұл келісімнен тыс қалатынын мәлімдеді. Хусейн бұған жалпы келіскенімен, Дамаск хаттамасының талаптарын орындауды талап етуді жалғастырды.

Палестина бұл хат алмасуда нақты аталмады. Мүмкін, Мак-Магон оны әдейі атамай, нақты міндеттемелерден қашқан болуы ықтимал деген көзқарас бар.

Мак-Магонның Хусейнге жазған хаты, 25 қазан 1915 жыл/Wikimedia Commons

Мак-Магонның Хусейнге жазған хаты, 25 қазан 1915 жыл/Wikimedia Commons

Мак-Магонның уәделеріне сенген Хусейн 1916 жылдың маусымында Осман империясына қарсы Араб көтерілісін бастады. Көтерілісшілерді оның ұлы Фейсал мен британдық барлаушы Томас Лоуренс басқарды. Томас кейін «Арабиялық Лоуренс» деген атпен танымал болды. Көтерілістің сәтті болуы Хусейнді 1916 жылдың қарашасында өзін бүкіл араб халқының королі деп жариялауға итермеледі. Ол Осман империясындағы барлық араб жерлерін біріктіруді көздеді. Алайда Британия мен Франция оны тек Хиджаздың королі ретінде мойындап, басқа мәселелерді соғыстан кейін шешуге уәде берді. Осы уақытта олар Таяу Шығысты бөлісу жөнінде құпия келіссөздер жүргізіп, Хусейнді адастырды.

Томас Эдвард Лоуренс (арабиялық Лоуренс) және Араб көтерілісіне қатысушылар (1916–1918). Ортада Әли ибн әл-Хусейн әл-Хариси отыр. Оның оң жағында әмір Абдолла ибн Хусейн әл-Хашими (Мекке шерифі  Хусейн ибн Әлидің ұлы, кейін Иордания королі), және араб қолбасы Мотлог әл-Химрие/Wikimedia Commons

Томас Эдвард Лоуренс (арабиялық Лоуренс) және Араб көтерілісіне қатысушылар (1916–1918). Ортада Әли ибн әл-Хусейн әл-Хариси отыр. Оның оң жағында әмір Абдолла ибн Хусейн әл-Хашими (Мекке шерифі Хусейн ибн Әлидің ұлы, кейін Иордания королі), және араб қолбасы Мотлог әл-Химрие/Wikimedia Commons

Ұлыбритания мен Франция: аумақтарды құпия бөлісу

Осман империясының азиялық аумақтарын бөлісу туралы келіссөздерді Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі Марк Сайкс пен Францияның бұрынғы консулы Франсуа Жорж-Пико жүргізді. 1915 жылдың қарашасында олар Жерорта теңізіндегі Акко (Acre) қаласынан Ирактың Киркук қаласына дейін сызық сызып, оны «Е – К» сызығы деп атады. Сызықтың оңтүстігі британдық ықпал аймағы, ал солтүстігі француздардың бақылауындағы аймақ болып белгіленді.

1916 жылы Таяу Шығысты Ұлыбритания мен Францияның тікелей және жанама бақылау аймақтарына бөлу туралы шешім қабылданды. Ұлыбританияға Орталық және Оңтүстік Месопотамия (Бағдат пен Басра), сондай-ақ Хайфа мен Акко порттары берілді. Франция өз бақылауына Батыс Сирияны, Ливанды, Кіликияны және Оңтүстік-Шығыс Анадолыны алды. Британдық ықпал аймағы («B аймағы») Заиорданьені, Оңтүстік Күрдістан мен Оңтүстік Месопотамияны қамтыды. Ал француз аймағы («А аймағы») Шығыс Сирия мен Орталық Күрдістанды (Мосулмен бірге) өзіне енгізді. Бұл аумақтарда «тәуелсіз» араб мемлекеті құрылып, ол англо-француз бақылауында болатын болды.

Карта, отображающая Восточную Турцию в Азии, Сирию и Западную Персию, а также зоны контроля и влияния, согласованные между британцами и французами. Королевское географическое общество, 1910–1915 годы. Подписана Марком Сайксом и Франсуа Жоржем-Пико 8 мая 1916 года/Wikimedia Commons

Карта, отображающая Восточную Турцию в Азии, Сирию и Западную Персию, а также зоны контроля и влияния, согласованные между британцами и французами. Королевское географическое общество, 1910–1915 годы. Подписана Марком Сайксом и Франсуа Жоржем-Пико 8 мая 1916 года/Wikimedia Commons

Айта кетсек, Осман империясының мұраларын бөлісу туралы келіссөздерге Ресей империясы да қатысты. 1915 жылғы франко-британо-ресейлік келісім бойынша, жеңіс Антанта елдеріне бұйырған жағдайда Ресейге Босфор мен Дарданелл бұғаздары, Константинополь, Оңтүстік-Батыс Армения және Солтүстік Күрдістанның бір бөлігі берілуі тиіс болды. Сонымен қатар Арабия түбегінде тәуелсіз мемлекет құру жоспарланды. 1917 жылы Италия да өз үлесін алып, Оңтүстік-Батыс Анадолы мен Орталық және Батыс Анадолының бір бөлігін бақылауға алды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Осман империясының болжалды жеңілісінен кейінгі 1916 жылғы Сайкс-Пико құпия келісімі бойынша Портаның иеліктерін бөлісу және Таяу Шығыс өңірлері мен аймақтарында ықпал ету және бақылау бағыттарын құру жоспары. Орыс аймағы жасыл түспен белгіленген/Wikimedia Commons

Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Осман империясының болжалды жеңілісінен кейінгі 1916 жылғы Сайкс-Пико құпия келісімі бойынша Портаның иеліктерін бөлісу және Таяу Шығыс өңірлері мен аймақтарында ықпал ету және бақылау бағыттарын құру жоспары. Орыс аймағы жасыл түспен белгіленген/Wikimedia Commons

Ең көп дау тудырған аумақ Палестина болды. Француздар бұл жерден бас тартқысы келмеді, себебі ол Сирияның әкімшілік бөлігі ретінде қарастырылатын. Британдықтар Палестинаны бақылау арқылы Мысырдағы ықпалын күшейтуді көздеді. Нәтижесінде Палестина (порттары халықаралық бақылауда қалатын анклавсыз) халықаралық бақылауға берілді. Бұл екі тарапты да қанағаттандырмаған келісім болды.

Палестинаны мандатпен басқарудың үш нұсқасы көрсетілген. Қызыл сызық 1916 жылғы Сайкс-Пико келісімінде ұсынылған халықаралық басқаруды білдіреді. Нүктелі көк сызық Сионистік ұйымның 1919 жылы Париж бейбіт конференциясында жасаған ұсынысын білдіреді. Біртұтас көк сызық Палестинадағы британдық мандаттың ақтық шекараларын көрсетеді (1923–1948)/Wikimedia Commons

Палестинаны мандатпен басқарудың үш нұсқасы көрсетілген. Қызыл сызық 1916 жылғы Сайкс-Пико келісімінде ұсынылған халықаралық басқаруды білдіреді. Нүктелі көк сызық Сионистік ұйымның 1919 жылы Париж бейбіт конференциясында жасаған ұсынысын білдіреді. Біртұтас көк сызық Палестинадағы британдық мандаттың ақтық шекараларын көрсетеді (1923–1948)/Wikimedia Commons

Сайкс-Пико келісімі Мак-Магон мен Хусейн арасындағы хат алмасуға қайшы келді. Біріншіден, «тәуелсіз» араб мемлекеті британдық және француздық ықпал аймағында құрылатыны хат алмасуда айтылмаған еді. Екіншіден, арабтар өз мемлекетінің құрамына енгізуді қалаған Палестина халықаралық бақылауға берілді.

Ұлыбритания және сионистік қозғалыс

Британдықтар арабтар және француздармен болған келіссөздерден бөлек, сионистік қозғалысты да қолдау туралы шешім қабылдады. Бұл қозғалыс 19-ғасырдың соңында Еуропада пайда болып, еврей халқының тарихи Израиль жерінде (Эрец-Исраэль) қайта қалыптасуын және еврей мемлекетінің құрылуын мақсат етті. Сионистер бұл жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде Палестинада еврейлердің «ұлттық ошағын» құруды ұсынды. Бұл ошақ үлкен еврей қауымын қалыптастырып, болашақта тәуелсіз мемлекет құруға негіз болуы тиіс еді.

Дегания (кейінірек Дегания Алеф), кейде бірінші кибуц деп саналды, 1910 жыл/Wikimedia Commons

Дегания (кейінірек Дегания Алеф), кейде бірінші кибуц деп саналды, 1910 жыл/Wikimedia Commons

Манчестер университетінің оқытушысы Хаим Вейцман — болашақта Дүниежүзілік сионистік ұйымның төрағасы және Израильдің алғашқы президенті — Ұлыбританиядағы сионистік қозғалыстың белді тұлғасына айналды. Соғыс кезінде Вейцман ацетон өндірісін жолға қойып, Британияны шетелдік жеткізілімдерге тәуелділіктен құтқарды. Бұл жетістігі британдық саясаткерлердің назарын аударып, Вейцманға елдің элитасымен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Ол Палестинада еврей ұлттық ошағын құру британдықтардың Таяу Шығыстағы ықпалын күшейтеді деп сендірді.

Эфрайым Моше Лилиен. Шығысқа қарау. Сионистік ашық хат. 1901/Wikimedia Commons

Эфрайым Моше Лилиен. Шығысқа қарау. Сионистік ашық хат. 1901/Wikimedia Commons

Британ үкіметі Вейцманның ұсыныстарын жаңа одақтас табу және аймақтағы мүдделерін ақтап алу мүмкіндігі ретінде қарастырды. Осылайша 1917 жылдың қарашасында Бальфур декларациясы қабылданды. Бұл — Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Артур Бальфурдың Британдық сионистік ұйымның президенті Лайонел Ротшильдке жолдаған ресми хаты еді. Хатта британдық үкіметтің «Палестинада еврей халқы үшін ұлттық ошақ құруды» қолдайтыны айтылды.

Лорд Бальфурдың 1925 жылғы Биняминге сапары. Солдан оңға қарай отырғандар: Вера Вайцманн, Хайм Вайцман, Бальфур, Нахум Соколов. Тұрғандар: Британдық мандаттың шенеуніктері және Палестина отарлау агенттігінің өкілдері (Генри Франк және Жюль Розенхак)/Wikimedia Commons

Лорд Бальфурдың 1925 жылғы Биняминге сапары. Солдан оңға қарай отырғандар: Вера Вайцманн, Хайм Вайцман, Бальфур, Нахум Соколов. Тұрғандар: Британдық мандаттың шенеуніктері және Палестина отарлау агенттігінің өкілдері (Генри Франк және Жюль Розенхак)/Wikimedia Commons

Декларацияда нақты уәделер болмаса да, оның ресми сипаты британдық саясаткерлерге белгілі бір жауапкершілік жүктеді. Арабтармен және француздармен жасалған келісімдер құпия болғанымен, Бальфур декларациясы ресми құжат ретінде британдықтардың теориялық тұрғыда әлдеқайда маңызды міндеттемелер алғанын білдірді.

Мандаттық жүйенің құрылуы

Бальфур декларациясының жариялануы және Кеңестік Ресейдің Сайкс-Пико келісімін әшкерелеуі араб ұлт-азаттық қозғалысын есеңгіретіп тастады. Бұл жағдайдың салдарын жұмсарту үшін Ұлыбритания Хусейнге меморандум жолдап, араб мемлекетінің құрылуын қолдайтынын мәлімдеді, бірақ Палестинаны оның құрамынан шығарды. Ашуланған Хусейн Мак-Магонмен жасалған келісімді қайта растауды талап етті, алайда Лондон бұл сұрақтан жалтарып кетті.

1918 жылы Осман империясымен бітім жасалғаннан кейін Антанта оның аумақтарын басып алды. Ұлыбритания Палестина мен Месопотамияда азаматтық әкімшілік орнатса, Франция Ливан, Батыс Сирия және Кіликияға бақылау орнатты. Шығыс Сирия мен Заиорданьеде эмир Фейсал басқарған араб әкімшілігі құрылды. Дегенмен Сайкс-Пико келісімі бойынша аумақтарды бөлу арабтарды да, француздарды да, британдықтарды да қанағаттандырмады, өйткені әрқайсысы өз ықпалын күшейтуді көздеді.

Иерусалимдегі Дәуіт мұнарасы жанында британдықтардың Палестинаны оккупациялағаны туралы мәлімдеменің оқылуы, 1917 жылғы 11 желтоқсан/Wikimedia Commons

Иерусалимдегі Дәуіт мұнарасы жанында британдықтардың Палестинаны оккупациялағаны туралы мәлімдеменің оқылуы, 1917 жылғы 11 желтоқсан/Wikimedia Commons

1919 жылы жеңілген елдермен бейбіт келісімдер жасау мақсатында Париж бейбіт конференциясы ашылды. Конференцияға араб делегациясы да қатысып, оны араб мемлекетінің құрылуын талап еткен эмир Фейсал басқарды. Алайда оның талаптары назарға алынбады. Керісінше, британдықтар оны Палестинаны өз бақылауына беру туралы келісімге көндірді.

Яффадағы палестиналық мұсылмандар. 1920 жыл/Wikimedia Commons

Яффадағы палестиналық мұсылмандар. 1920 жыл/Wikimedia Commons

Париж конференциясы Ұлттар Лигасының Жарғысын қабылдап, мандаттық жүйе құруды бекітті. 1920 жылы Сан-Ремо қаласында өткен Антанта Жоғарғы кеңесінің отырысында мандаттарды бөлу туралы шешім қабылданды. Палестина (Заиорданьені қоса алғанда) және Месопотамия Ұлыбританияға, ал Сирия мен Ливан Францияға берілді.

Ирак Корольдігі

Ұлыбритания Месопотамияны мандаттық бақылауына алғаннан кейін британдық саясаткерлер алдында күрделі сұрақ тұрды: бұл әркелкі аумақты қалай ұйымдастыру қажет? Тарихи тұрғыда Басра, Бағдат және Мосул вилайеттері Осман империясы кезінде бір-бірінен тәуелсіз басқарылып, айтарлықтай ерекшеленетін. Басра Парсы шығанағындағы елдермен тығыз байланыста болса, Бағдат Иранның транзиттік сауда орталығы ретінде белгілі еді, ал Мосул Оңтүстік Түркиямен көптеген ортақ сипаттарға ие болатын. Бұл аймақтардағы сунниттер мен шииттер арасындағы діни қайшылықтар этникалық әртүрлілікпен және әлеуметтік-экономикалық дамудың біркелкі еместігімен күрделене түсті. Дегенмен бұл қиындықтар Лондонның үш түрлі провинцияны біртұтас мемлекетке біріктіру жоспарын тоқтата алмады.

Мосул маңындағы британдық әскер. 1920 жыл/Bibliothèque nationale de France

Мосул маңындағы британдық әскер. 1920 жыл/Bibliothèque nationale de France

Жергілікті халық британдықтардың келуіне қарсы болды және бір мемлекет аясында өмір сүруді қаламады. Сондықтан Месопотамияны Ұлыбритания мандатына беру туралы шешім халық арасында үлкен наразылық туғызды. Бұл наразылық қарулы көтеріліске ұласып, оған 130 мыңнан астам адам қатысты. Көтеріліс күшпен басылғанымен, британдық әкімшілікті басқару формаларын қайта қарауға мәжбүр етті. Дәстүрлі протектораттар мен мандаттардан бас тартып, тәуелді аумақтарда мемлекеттік құрылымдар құру және олармен одақтық келісімдер жасау тәсіліне көшті.

Гильдхолда, Лондон: Лорд Алленби, әмір Фейсал, Ллойд Джордж мырза және леди Алленби. 1919 жылдың 7 қазаны/Alamy

Гильдхолда, Лондон: Лорд Алленби, әмір Фейсал, Ллойд Джордж мырза және леди Алленби. 1919 жылдың 7 қазаны/Alamy

Мұндай келісім бойынша Ұлыбритания өз әскерлерін Иракта қалдырып, елдің сыртқы саясаты мен қаржысын бақылауда ұстай алатын еді. Осылайша британдықтар Иракты мандаттық корольдік деп жариялап, оның королі ретінде Фейсалды тағайындады. 1922 жылы Ұлыбритания мен Ирак арасында одақтық келісім жасалды, ал он жылдан кейін Ирактағы британдық мандат толығымен жойылды. Алайда елдің тәуелсіздігі шартты ғана болды. Кейінгі кезеңде Ирак көптеген сынақтарды бастан өткерді. Ұлыбритания біріктірген әртүрлі аумақтардың біртұтас мемлекет ретінде шынайы консолидациясы әлі күнге дейін толық аяқталған жоқ.

Трансиорданияның құрылуы

Трансиорданияны Ұлыбританияның «жасанды, бірақ сәтті туындысы» деп жиі атайды. Бұл аумақ өзінен бұрын Сирия, Хиджаз, Ирак және Палестина арасындағы бос жатқан жер саналды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Арабиялық Лоуренс» Заиорданье шейхтерін араб көтерілісіне қосылуға көндірді. 1918 жылдың қыркүйегіне қарай Заиорданье тайпалары эмир Фейсал армиясының құрамында өз жерін османдардан азат етті. Қазан айында олар британдық әскерлермен бірге Дамаскқа кіріп, Фейсал сол жерде «араб үкіметін» құрды. Бұл үкімет Заиорданьені де қамтыды. Алайда Париж конференциясында Хашимиттер әулетінің Осман империясының барлық араб жерлеріне құқығы мойындалмады. Осыған байланысты Фейсал Сирия мен Заиорданьені қамтитын араб мемлекетін құруға тырысып, 1920 жылы өзін «Біріккен Сирия королі» деп жариялады. Бірақ Франция Ұлыбританиямен келісім бойынша Фейсалды биліктен кетіріп, кейін оны Ирактың королі ретінде тағайындады.

Дамаскідегі арабтардың Францияға қарсы демонстрациясы, 20-жылдардың басы/Bibliothèque nationale de France

Дамаскідегі арабтардың Францияға қарсы демонстрациясы, 20-жылдардың басы/Bibliothèque nationale de France

Фейсал биліктен кеткеннен кейін Заиорданье аумағының болашағы белгісіз күйде қалды. Бұл уақытта Хиджаздан Фейсалдың інісі, эмир Абдаллах өз жасақтарымен келіп, Заиорданьедегі ірі қалаларды басып алды. Ол Фейсалдың Иракқа король болып тағайындалуына наразы болып, сосын өзі киетін алтын тәж іздеді. 1921 жылы Ұлыбританияның отарлар жөніндегі министрі Уинстон Черчилль Абдаллахпен Иерусалимде кездесіп, оған Сирия мен Палестина Хашимиттер билігінде болмайтынын, бірақ Амманда өзін көрсетуге мүмкіндік бар екенін түсіндірді.

1921 жылғы Каир конференциясында Ұлыбритания Осман империясы ыдырағаннан кейінгі Таяу Шығыстың болашағын талқылап, Фейсалды Ирак патшасы, Абдолланы Трансиордания әмірі етіп тағайындады. Алдыңғы қатарда (отырғандар) Уинстон Черчилль (Ұлыбритания отарлары ісі жөніндегі министр), лорд Алленби (Египет пен Суданның жоғарғы комиссары) және басқа да британдық жоғары лауазымды тұлғалар/Wikimedia Commons

1921 жылғы Каир конференциясында Ұлыбритания Осман империясы ыдырағаннан кейінгі Таяу Шығыстың болашағын талқылап, Фейсалды Ирак патшасы, Абдолланы Трансиордания әмірі етіп тағайындады. Алдыңғы қатарда (отырғандар) Уинстон Черчилль (Ұлыбритания отарлары ісі жөніндегі министр), лорд Алленби (Египет пен Суданның жоғарғы комиссары) және басқа да британдық жоғары лауазымды тұлғалар/Wikimedia Commons

Абдаллах пен британдықтар келісімге келіп, нәтижесінде Трансиордания эмираты құрылды. Бұл аумақ Бальфур декларациясының әрекет аймағынан шығарылып, Палестинадан бөлек қарастырылды. Эмират мандаттық жүйе аясында Лондонның бақылауында қалды. Абдаллах эмират басшысы ретінде оның тәуелсіздікке дайындалуына жауапты болды. Оған Ұлыбританиядан көмек алып, Сирия мен Палестинадағы мандаттық мемлекеттерге кедергі жасамау міндеті жүктелді. 1928 жылы Трансиордания Ирак сияқты Ұлыбританиямен одақтық келісімге қол қойды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Трансиордания Хашимиттік Иордания Корольдігіне айналып, әуелі абсолюттік, кейін конституциялық монархия жүйесін қабылдады.

Палестинаның тағдыры

Палестинада күрделі жағдай қалыптасты. Басқа мандаттық аумақтарда араб мемлекеттерін құру мүмкін болса, мұнда британдықтар мұндай қадамға бара алмады. Себебі бұл Бальфур декларациясынан бас тартуды талап ететін еді. Декларация Палестина мандатының мәтініне толық енгізілді, бұл Лондонның сионистік қозғалыс алдындағы міндеттемелерін халықаралық-құқықтық деңгейде бекітті. Бұл арабтарға және Хашимиттер әулетіне бұрын берілген уәделерді елемеу дегенді білдірді.

Британдықтардың мандаттық Палестинадағы саясаты еврейлердің жаңа қоныс аудару қауымдастығы — ишувтың қалыптасуына қолайлы жағдай жасады. Мысалы, сионистік ұйымдарға араб жер иелерінің жерлерін сатып алу жеңілдетілді. Бұл өз кезегінде араб жұмыс күшін жалдау көлемінің азаюына әкеліп, белсенді еврей миграциясымен (1920 жылдары Палестинаға 120 мың еврей қоныс аударды) бірге жергілікті араб халқының наразылығын күшейтті.

Еврей иммигранттары Тель-Авивтегі Балфур көшесін салып жатыр. 1921/Wikimedia Commons

Еврей иммигранттары Тель-Авивтегі Балфур көшесін салып жатыр. 1921/Wikimedia Commons

Арабтардың көңілін табуға тырысқан Ұлыбритания 1922 жылы отарлар министрі Уинстон Черчилльдің «Ақ кітабын» жариялап, онда еврей миграциясын аймақтың экономикалық мүмкіндіктеріне және жергілікті халықтың мүдделеріне сай шектеу ниетін білдірді. Дегенмен еврейлердің қоныс аударуы толастаған жоқ, ал еврей құрылымдары мен институттарының қалыптасуы жалғаса берді.

1920 жылдардың соңына қарай еврейлер мен арабтар арасында радикалды топтар күшейе түсті. Бұл күштер 1929 жылы Жылау Қабырғасы маңында араб және еврей діни радикалдары арасындағы қақтығыста басты рөл атқарды. Осыдан кейін екі этно-діни топ арасындағы қарулы қақтығыстар тұрақты құбылысқа айналды.

Палестинадағы британдық саясатқа қарсы арабтардың «наразылық жиналысы», Rawdat el Maaref залы, 1929 ж. Солдан оңға қарай: белгісіз – Әмин әл-Хусейни – Мұса әл-Хусейни – Рағиб ан-Нашашиби – белгісіз/Wikimedia Commons

Палестинадағы британдық саясатқа қарсы арабтардың «наразылық жиналысы», Rawdat el Maaref залы, 1929 ж. Солдан оңға қарай: белгісіз – Әмин әл-Хусейни – Мұса әл-Хусейни – Рағиб ан-Нашашиби – белгісіз/Wikimedia Commons

1936–1939 жылдардағы ауқымды араб көтерілісі мандатты жоюды талап етті. Осының салдарынан Лондон Палестинаға түрлі комиссиялар жіберіп, аумақты бөлу жолдарын қарастыра бастады. 1937 жылы Пил комиссиясы Палестинаны араб және еврей мемлекеттеріне бөліп, екі тәуелсіз ел құру идеясын алғаш рет ұсынды. Алайда бұл ұсынысты екі тарап та қабылдамады.

Британдық полиция Яффадағы тәртіпсіздіктер кезінде арабтарды қуып таратуда. 1936 жылдың сәуірі /Wikimedia Commons

Британдық полиция Яффадағы тәртіпсіздіктер кезінде арабтарды қуып таратуда. 1936 жылдың сәуірі /Wikimedia Commons

1930 жылдардың соңына қарай Ұлыбритания өз саясатын өзгертуге шешім қабылдады. 1939 жылы мамырда тағы бір «Ақ кітап», «Макдональд меморандумы» жарияланды. Онда Палестина тек еврейлерге де, арабтарға да тиесілі бола алмайтыны, он жыл ішінде мандат жойылып, арабтар мен еврейлерден құралған біріккен мемлекет құрылатыны айтылды. Сондай-ақ еврейлердің миграциясы жылына 75 мың адаммен шектеліп, еврейлердің жер сатып алуына шектеу қойылды. Еврей қауымы бұл құжатқа қарсы шығып, британдықтарға қарсы қарулы күрес бастады. Тек Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы ғана бұл шиеленісті уақытша бәсеңдетті. Соғыстан кейін Палестинадағы қақтығыс жаңа деңгейге көтерілді.

Иерусалимдегі еврейлердің Ақ кітапқа қарсы шеруі. 1939/Wikimedia Commons

Иерусалимдегі еврейлердің Ақ кітапқа қарсы шеруі. 1939/Wikimedia Commons

Британдықтар бірнеше жыл ішінде аймақтың саяси картасын түбегейлі өзгертті. Олар Осман империясын соғыстан шығару мақсатында бірқатар алдын ала есептелген және кездейсоқ шешімдер қабылдады. Қысқа мерзімде бұл әрекеттер сәтті болды: Осман империясы соғыста жеңілді, Британия өз аумақтарын кеңейтіп, Суэц каналын қорғап, Ирак мұнайына қол жеткізді. Алайда ұзақ мерзімде бұл саясат бұрынғы Осман аумақтарында көптеген қақтығыстардың пайда болуына түрткі болды, олардың кейбірі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Палестинаны қолдаушылардың Израильдің Газадағы әскери операциясына қарсы шеруі, Лондон, 2025 жылдың 18 қаңтары/Alamy

Палестинаны қолдаушылардың Израильдің Газадағы әскери операциясына қарсы шеруі, Лондон, 2025 жылдың 18 қаңтары/Alamy

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Всемирная история в 6 томах. Том 6: Мир в XX веке: эпоха глобальных трансформаций. Кн.1 / Отв. ред. А.О. Чубарьян. — М., 2017.

2. История Востока в шести томах. Том 5: Восток в новейшее время (1914–1945) / Отв. ред. Р.Г. Ланда / Институт Востоковедения РАН. — М., 2006.

3. Наумкин В. Кризис государств-наций на Ближнем Востоке // Международные процессы. Т. 15, № 2 (49), 2017.

4. Самарская Л.М. Декларация Бальфура в контексте англо-сионистской дипломатии в период Первой мировой войны / Институт Востоковедения РАН. — М., 2016.

5. Системная история международных отношений в четырех томах. Под ред. А.Д. Богатурова. Том 1: События (1918–1945). — М., 2000.

6. Fisher J. Curzon and British Imperialism in the Middle East (1916-1919). — Frank Cass Publishers, 1999.

7. Mangold P. What the British Did. Two Centuries in the Middle East. — I.B. Tauris, 2016.

8. Keilor W.R. The Twentieth-Century World. An International History. — Oxford University Press, 2001.

9. Nevakivi J. Britain, France and the Arab Middle East (1914-1920). — University of London, The Athlone Press, 1969.