1930-1940 жылдары Қазақстанда жаңа театрлар ашылды, кәсіби оркестрлер құрылды, газет-журналдар үлкен тиражбен шыға бастады. Алайда мұның бәрі қатаң цензура, репрессия және жергілікті салт-дәстүрдің күштеп өзгеруімен қатар жүрді. Кеңес билігі Қазақстанды КСРО-ның мәдени кеңістігіне қалай кіргізгісі келді? Бұл жолда қазақ ұлтының «берген берешегі» қандай болды? Тарихшы, Йель университетінің профессоры Нари Шелекпаевпен YouTube-арнамызда осы туралы сөйлестік.
— 1930–1940 жылдары Қазақстан мәдениетін «кеңестендіру» не үшін қажет болды?
— Бірнеше мақсат тұрды. Соның бастысы — Орталық Азияны Кеңес Одағының мәдени және әлеуметтік кеңістігіне кіріктіру еді. Қазақстанды отарлау 18-ғасырдан басталғанымен, Орталық Азияны толық жаулап алу тек 19-ғасырдың 60-жылдары ғана аяқталды. Аймақ Ресей империясының бір бөлігіне айналды, кейін автоматты түрде Кеңес Одағына өтті. Бірақ бәрібір салыстырмалы түрде аз зерттелген, сондай-ақ империяның ментал және мәдени кеңістігіне толыққанды ене қоймаған өңір болып қала берді. Сондықтан қазақтарды, өзбектерді, қырғыздарды «кеңестендіру» маңызды мақсатқа айналды.
Екінші жағынан, Орталық Азия азаматтарына жаңа құндылықтарды насихаттайтын кеңес мәдениетін қалыптастыру да басты міндеттің бірі болды. Және бұл жолда «әйелдерді азат ету», олардың паранжасын шешу, сонымен қатар жергілікті тілдер мен әліппелерге қатысты эксперименттер жүргізу, музыка мен бейнелеу өнеріне араласу секілді күштеп-зорлап таңу тәсілдері қолданылды.
Мен мұны опера мысалында зерттеп көрдім. Өткен жылы Қазақстандағы тұңғыш опера композиторы Евгений Брусиловскийдің мемуарлары кітап болып басылып шықты. Ол мұнда қазақтың қағазда жоқ ән-күйін, музыка шығармаларын нотаға түсіріп алу үшін келген болатын. Осы жазбалардың негізінде кейін жергілікті әрі сырттан келген композиторлардың керегіне жарай алатын компендиум әзірленуге тиіс еді. Бұл симфония не балет секілді ірі формадағы туындылар жазу үшін қажет болды. Сталиндік дәуірде халық шығармашылығы мен академиялық музыка арасында нақты иерархия қалыптасқан-ды. Ауқымды шығармалар жоғарырақ бағаланды, оған ақша төледі, қолдау білдірді. Ал халық музыкасы жүйе ішінде ірі жанрлар тудыруда керек болатын шикізат ретінде ғана қарастырылды. Сондықтан басқа кеңестік республикалардағы Брусиловский, Фере, Шапошников секілді композиторлар Орталық Азияға келіп, осы процестерге қатысты.
Брусиловский Қазақстанда музыканттармен сұхбат құрды, шығармаларды жазып алып, нотаға түсірді. Кейінірек оның өзіне де опера жазу жайлы ұсыныс түсті. Брусиловскийдің алғашқы туындысы «Қыз Жібек» осылай пайда болды. Іс жүзінде «Қыз Жібек» опера емес, себебі кең түрдегі музыка материалы, дербес аспап партиялары жоқ. Шығарма — оркестрдің сүйемелдеуіне бейімделіп, қайта жазылған түрлі әннен, дауыс нөмірлерінен тұратын попурри еді.
Брусиловский қолында бар дүниемен жұмыс істеді. Кәсіби оркестр жоқ, әншілер тек халық музыкасын орындайтын адамдар болды. Композитор оларды оқытып, әндерді батыстық үлгіде орындауға мәжбүрлеуге тырысты. Күштеудің, зорлап таңудың белгісі, міне, осы. Себебі бұл өз мәнерінде айтып үйренген, орындаудың дәстүрлі мақамын меңгерген, өзіне тән әдіс-тәсілдері бар кәсіби әншілер болатын. Ал Брусиловский оларды қайта тәрбиелеуге тырысты. 30 жылдары халық өнеріне «өркениеттік» сипат беру трендте болды. Алғашқы опералар осы контексте жарық көрді.
— Яғни түрлі ұлттың музыкасын бір қалыпқа сыйдыруға тырысты ма?
— Кеңес мәдениеті нақты бір үлгілердің аясында ғана дамыды. Оны конструктивизмді сталиндік ампир алмастырған архитектурадан да, бейнелеу өнерінен де, басқа да салалардан көре аламыз.
Кеңес Одағының түрлі өңіріндегі, жекелей алсақ, Қазақстандағы халық музыкасы ешқайда құрып кеткен жоқ, бірақ 30 жылдары үлкен соққы алды. Көп орындаушы ашаршылықта қырылды. Алайда музыкасы қалып, қатар дами берді. Оның бір бөлігі музыка қорларында таспа болып сақталып, орындалып отырды. Тек революцияға дейін болған еркіндік жоғалған еді.
Қағаз бетінде кеңестік республикаларда өзіне тән бірегейлік бар деп айтылды, бірақ оларда нағыз егемендік болған жоқ. Қазақстан мен Өзбекстан шикізат беретін ел болып қала берді: мәселен, мақта осы жақта өсірілгенімен, оны өңдеу бұл республикалардан тыс жерлерде жүрді. Тәуелсіздік туралы тіс жаруға болмайды, ал мәдениет суррогатқа айналды.
Осындай жағдайда бұл елдерді КСРО жүйесінде жеке бірлік ретінде бірдеңе қылып көрсетуге тырысты. Сәйкесінше, әр республикаға қазақ операсы, өзбек театры, украин өнері секілді бірегей «сипаттама» таңылды. Сол үшін Мәскеуде ұлт мәдениеттерінің онкүндктері ұйымдастырылды. 30 жылдардағы саяси қисын осыған сайды. Әр республиканың өз ерекшелігін қалыптастыру басты нысанға айналды. Бірақ музыканы шындап дамыту тұрғысынан қарағанда, мұның бәрі жасанды дүние еді.
— Кеңестік мәдени саясаттың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталғанда, расымен сәтті шыққан шығармаларды атай аламыз ба?
— Мысал ретінде «Қыз Жібек» операсын келтіруге болады. Әрине, кемшіл тұсы да, жақсы жағы да бар. Бірақ бұл сәтті мысал. Одан бөлек көптеген туынды жарық көрді. Қазақстандағы социалистік реализм романы оқу-ағарту наркомы Темірбек Жүргеновтың арқасында шықты. Газет-журналдар басылды, театрлар жұмыс істеп тұрды. Әлі күнге оқылатын, қойылатын бұқаралық мәдениет еңбектері пайда болды.
50-жылдары мұның бәрі басқа арнаға ауысты. Ауқым да, тираж да өзгерді, ал еңбектердің көп бөлігі орыс тілінде жарық көре бастады. Бірақ Жүргенов қазақ тілінің дамуына көңіл бөлді. Жеке ой-пікірі бар шығармашылық адам ретінде ол «қазақ мәдениеті қазақ тілінде дамуға тиіс» деп санады. Бұл пікірдің сол сәтте ұнамауы мүмкін емес еді. Алайда кейін сол көзқарасы үшін қуғынға ұшырады. Жүргенов «ұлтшыл» деп айыпталды.
— Ол заманда қазақ тілін шығармашылықта қолдануға тыйым салынды ма?
— КСРО-дағы жалпы саяси трендтер мен жергілікті ерекшеліктерді ескеру қажет. 1920 жылдары «жергіліктендіру» саясаты аясында ұлт тілдеріне қолдау білдірілді: қазақ тілінде газеттер шығып тұрды, «Айман-Шолпан» тұңғыш музыка драмасы қазақ либреттосының негізінде әзірленді және қазақша қойылды. Яғни қазақ тілінің дамуына керек шаралар болды, осы мақсатта басылымдарға, аудармаларға ақша салынды.
Алайда сталиндік саясат өзгеріп, «ұлы бетбұрыс» жүзеге асқан соң, орыс тілі басымдыққа ие боп шықты. Большевиктерге билік үшін күресіп, ең мықты екенін дәлелдеу керексіз болып қалды. Кеңес Одағы өз шегарасы ішінде мықтап орнықты. Орыс тіліне бетбұрыс басталды. 1930 жылдардың ортасына қарай қазақ тілінде де, КСРО-дағы басқа ұлттардың тілінде де жарық көрген әдеби және өзге де туындылар азая түсті.
Ұлы Отан соғысы жүріп, бүкіл ел бойындағы сарбаздар соғысқа аттанған кезде, олар өзара тек орысша сөйлесе алды. Бұл да өзгерістің бір бөлігін құрады. 1940 жылдарға қарай орыс тілі барлық салада басымдыққа ие тілге айналды және осы тенденция Кеңес Одағы құлағанға дейін сақталып тұрды.
Әрине, жағдай біртекті болған жоқ. Ауылдық жерлерде ел қазақша сөйлей берді. Тілдің өзі жоғалған жоқ. Алайда 20-ғасырдың екінші жартысында негізгі мәдени өнімдердің, яғни әдебиет, киноматограф, театр туындыларының орыс тілінде жазылуы күн өткен сайын жиілей берді. Мәселен, Мәскеудегі 1958 жылғы Қазақ өнерінің онкүндігі негізінен орыс тілінде жүрді.
— Бізге қазір өткенді зерттеу не үшін қажет? Тарихты тым жеңілдетіп жібермей қалай қарастыра аламыз?
— Жақсы сұрақ. Кәсіби тарихшы ретінде мен бұл жағдайда не істер едім деп жауап беріп көрейін.
Біріншіден, тарихты зерттеу керек және түпдерекке қарау қажет. Сонымен қатар тарихтың идеологиялық дүние екенін түсінуге тиіспіз. Оны тарихшылар жазады, ал тарихтың өзі ұлттық мемлекеттердің идеологиясына әрқашан аса тәуелді болып келеді. Бұл ұлттық мемлекеттер қалыптаса бастаған 19-ғасырдың «жемісі»: идеологиялар түзілді, ел қаһармандары, карталар, өткен тарих жайлы мифтер мен шындыққа жартылай сәйкесетін деректер пайда болды. Бұл картадағы орның мен тарихтағы үлесіңді дәлелдеу және негіздеу үшін, басқаларға «біз өзге ұлттардан, халықтардан, топтардан ерекшеленеміз; біз бұл жерде бұрын да болғанбыз, алда да бола береміз, себебі әрдайым осында өмір сүргенбіз» деп айту үшін қажет болды. Осы себепті ұлт нарративтерінің пайда болуына әрдайым күмәнмен қарап, оған сұрақ қойып отыру керек. Бұл тек Қазақстанның мәселесі емес. Бұл — өз тарихын қандай да бір бағытқа салып отыратын немесе жазылуын қадағалайтын кез келген мемлекеттің мәселесі. Мұндай үдеріс Францияда, Германияда басталды, ал АҚШ пен Канадада сұранысқа ие болып тұр. Оны тек дамыған елге тән немесе дамушы елдер ғана қолданатын дүние деп атай алмаймыз. Ғылым ретінде жалпы тарихқа тән туа бітті «патология» деуге келеді.
Тағы бір айта кететін дүние: тарих пәнінде, әсіресе мектеп пен университет қабырғасында телеология, яғни өткенді қазіргі кездің көзқарасы арқылы түсіндіруге тырысу жиі кездеседі. Басқаша айтсақ, біз осы кез туралы кей дүниені білеміз және тарихтағы оқиғаларды түсіндіруді одан кейін не болғанын білгеніміздің негізінде құрылымдаймыз. Бірақ 19-ғасырда өмір сүрген адам болашағынан хабарсыз. Және оның шешімі, әрекеті көп ретте стратегиялық тұрғыдан соншалық қырағы не көреген болған жоқ — біздің елестеткеніміздей емес. Сондықтан өткенді қазіргі кездің көзқарасынан түсіндірмеу керек. Одан да тарихтың көмегімен осы дәуір шежіресін зерттеген қызықтырақ.
Бұдан бөлек, тарихтың тек айтулы күндерден, фактілерден, есімдерден және оқиғалардан тұрмайтынын түсінген маңызды. Тарихи факт — бұл белгілі бір конструкт. Әлдебір ақпаратты бөліп-жарып алып, оны құрап шығудың нәтижесі. Тарихты объективті деректер қосындысы ретінде түсінудің қажеті жоқ. Тарих — бірінші кезекте процесс, трендтер қозғалысы. Тарих — адамдардың ұзақмерзімді, кейде қысқамерзімді перспективада қалай өмір сүріп, әдет-дағдысын қалай өзгерткені туралы ілім. Тарих — қоғамның қайда бет алғаны туралы сала.
Бұл сұхбат — Қазақстан мәдениетіне қатысты Кеңес Одағы жүргізген эксперименттің өмірдің түрлі бағытына, жалпы елге және әрқайсымызға қалай әсер еткені жайлы үлкен әңгіменің бір бөлігі. Нари Шелекпаев сұхбатының толық нұсқасын YouTube-арнамыздан қараңыз.