БУДДА МА ӘЛДЕ БОДХИСАТТВА МА?

Будда мүсінінің қысқаша тарихы

БУДДА МА ӘЛДЕ БОДХИСАТТВА МА?

Он бір жүзді Авалокитешвара, Шексіз Жанашырлықтың Бодхисаттвасы. Тайланд. 10 ғасыр/Маргери және Гарри Кон қоры / Метрополитен өнер мұражайы, АҚШ

Көңілді Будда, ашулы Будда, емші Будда және болашақтың Буддасы: Будда мүсінін қандай бейнелерде кездестіруге болатындығын, неге бұл бейнелер соншалықты көп екенін және Бодхисаттваның Буддадан айырмашылығы неде екенін қарастырамыз.

Будда мүсінінің дәстүрі өте алуан түрлі, канондық және сонымен бірге жаңашылдығымен ерекшеленеді. Әлбетте, алуан түрлілігімен ерекшеленетін оны бір қысқа жазбаға сыйғызу мүмкін емес, дегенмен оны көрген кезде шатаспауға көмектесетін бірнеше негізгі белгісін сипаттауға тырысамыз. Әйгілі мүсіндік кешендер мен жеке ескерткіштер мысалында барлық аймаққа ортақ негізге, атап айтқанда, жиі кездесетін кейіпкерлер мен олардың ерекше белгілеріне талдау жасалады.

Мүсіннің пайда болуы және оның буддизмдегі рөлі

Буддизм ілімінің негізін қалаушы Сиддхартха Гаутама жан-дүниесі жаңғырғаннан кейін өзіне Будда Шакьямуни («Шакья әулетінің оянған данышпаны») деген есім алған және осы атпен әйгілі болған. Оның нақты қашан өмір сүргені белгісіз, бірақ зерттеушілер біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасыр деген пікірде. Алайда Будданың мүсіндері ол өмірден озғаннан кейін көптеген ғасыр бойы болған жоқ. Бұл оның бейнесі мүлдем жасалмаған деген сөз емес: ертедегі будда рельефтері өте қызықты, онда Будда аниконикалық, яғни бейнелі емес үлгіде көрсетілген. Мысалы, төмендегі рельефте Будданың қолшатыр көлегейлеп тұрған аттың бос ер-тұрманында отырғанын, сондай-ақ алып табанның ізі оның ізі екенін түсінеміз. Барлығын бірге алып «Ұлы кетіс», яғни Будданың әкесінің сарайынан қашуының хикаясы ретінде қарастыруға болады.

Анандаджоти Бхиккху. Ступаның шығыс қақпасының рельефінің үзіндісі. Санчи, Үндістан / Wikimedia Commons

Анандаджоти Бхиккху. Ступаның шығыс қақпасының рельефінің үзіндісі. Санчи, Үндістан / Wikimedia Commons

Будда фигурасының жасалмауы жалпы үнді дәстүрінде діни антропоморфтық, яғни адам кейпіндегі бейнелердің ұзақ уақыт болмағанына байланысты болуы мүмкін деген болжам бар немесе ертедегі буддистер Будданың дүниеден толық безіп кетуін, оның паринирванасы туралы идеяны осылай құрметтеген. Қалай болғанда да, шамамен б.з. 1 ғасырында бұл түсінік өзгеріп, ең алдымен Матхура (Үндістан) және Гандхара (Пәкістан) аймақтарында Будданың алғашқы антропоморфтық бейнелері пайда болды.

Отырған Будда. Гандхара, Үндістан. 2-3 ғасырлар/The Trustees of the British Museum

Отырған Будда. Гандхара, Үндістан. 2-3 ғасырлар/The Trustees of the British Museum

Будданың бейнесін жасау — жақсы еңбек сіңірудің, «карманы жақсартудың» негізгі жолдарының бірі деп есептелетін болды. Діни бейнені қастерлеу, сондай-ақ аурудан жазылу, қайтыс болғаннан кейін адамның тағдыры жақсы болсын деп мүсінге тапсырыс беру және т.с.с. дүние жүзіндегі діндердің көпшілігіне тән. Бәлкім, буддизмнің өзіндік ерекшелігі бейнеге табынудың жәдігерге табынумен өте ерте заманда жақындастырылуы деуге болады, қазірдің өзінде мүсіннің ішіне қасиетті мәтін, мүрде мен заттар салынатын жағдай жиі кездеседі. Бұған қоса, кейде аса күрделі визуализация тәжірибесінде, яғни буддизмнің не ол не бұл кейіпкерін ойша елестетіп жасағанда бейненің атқаратын рөлі зор екенін айта кету керек, бұған мүсін мен көркем суретке қарау арқылы үйренеді. Ақырында, атап өтетіні, буддизмде негізгі үш бағыт — Тхеравада «Ақсақалдар ілімі», Махаяна «Екі доңғалақты үлкен арба» және Ваджраяна «Гауһар тастан жасалған екі доңғалақты арба», сондай-ақ көптеген әртүрлі мектеп бар. Олардың барлығында мүсін мен басқа бейнелердің рөлі сәл өзгеше түсінілуі мүмкін. Бұл материалда Махаяна және ішінара Ваджраяна көбірек қарастырылады.

Кейіпкерлерді қалай анықтаймыз?

Будданың және басқа да фигуралардың діни бейнесінің қажеттілігі пайда болғанда иконография — белгілі бір кейіпкерді бейнелеудің көп ғасырға жалғасып бірте-бірте қалыптасқан тәсілі келді. Иконография ең алдымен әртүрлі сутраға (аңыз бойынша буддизмнің қасиетті мәтіндеріне, шын өмірде болған будда Шакьямунидің жазып алынған уағыздарына және т.б.), шеберлер мен монахтардың ауызша дәстүріне, сондай-ақ бейнелердің өзіне негізделген. Өйткені халық қастерлейтін ежелгі ескерткіштер көшіріледі, тауап ету сапарында алынған жазуы бар жұмарланған қағаз бен шағын фигуралар иконографияның толығатын қайнар көзіне айналады, ақыр аяғында бейнені жасау бойынша суреті бар нұсқаулықтар құрастырылады. Әрине, көркемөнер дәстүрі, талғам, белгілі бір аймақтағы этниканың басым болуы — мұның барлығы және тағы басқа нәрсе буддизм кейіпкерлерін бейнелеуге үнемі әсер етеді. Мысалы, мына үш бейнені алайық:

1 / 3

Бұл үш мүсін әр ғасырда (1–2 ғасыр, 5 ғасырдың соңы, 15 ғасыр) және бір-бірінен мыңдаған шақырым жерде жатқан елде (қазіргі Пәкістан, Қытай, Таиланд) жасалған, бірақ соған қарамастан, төмендегі ерекше белгілерінің арқасында үшеуін де Будда деп тануға болады: үстіндегі киімі қарапайым тақуа адамға тән, құлағының сырғалығы ұзын, басы дөңес — шашын төбесіне түйіп қойғандай, маңдайында нүктесі бар. Осы үшеуін төменде толығырақ қарастырамыз.

Әрине, көбіне-көп қосымша мәлімет болмағанда кейіпкерді анықтаудың осы бастапқы кезеңінде тоқтауға мәжбүрміз — бірінші және екінші жағдайда да зерттеушілер мүсіндерді жай ғана Будда, ал екіншісінде мүсінді жасаған кезде ойып жасалған жазудың арқасында оны дәлірек Майтрея Будда деп атайды. Егер кейіпкердің қолында қосымша атрибут (зат) болса, бұл да оны анықтауды айтарлықтай оңайлатады, сол сияқты белгілі бір кезеңде не ол, не бұл кейіпкерге тән болып кеткен арнайы ишарат белгілерін білудің де тигізер пайдасы көп. Сонымен, буддистік мүсіннің негізгі санаттарын (будда, видья-раджи, бодхисаттва, құдай, монах) және ең құрметті нақты кейіпкерлерді қарастырайық.

Будда

Будда Шакьямуни — біздің дәуірде жасалған будда, бірақ сансыз көп будда бұрын да болған және болашақта да пайда болады. Дегенмен бірінші болып Будда Шакьямуни бейнеленген (оның атағын бас әріппен жазады) және оның өмірінің ерекшеліктері барлық будданы бейнелегенде негізге алынған. Мысалы, олардың көпшілігі Шакьямуни патша сарайындағы аста-төк өмірден бас тартып, дуана болып кеткен кезде алған қарапайым үш қабатты желбегей киімде бейнеленген. Әрине, фигураның киімі әртүрлі етіп бейнеленуі мүмкін (бұған аймақтағы диуаналардың киіп жүретін киім үлгісі де әсер етеді), кейде оның киімі мүлдем жоқ, өйткені ол кәдімгі матадан тігілген.

Тұрған Будданың грек-буддисттік мүсіні. Нью-Делидегі Үндістанның ұлттық мұражайы, Үндістан. 2 ғасыр/Shutterstock

Тұрған Будданың грек-буддисттік мүсіні. Нью-Делидегі Үндістанның ұлттық мұражайы, Үндістан. 2 ғасыр/Shutterstock

Будда шексіз қайта туып өмір сүрген кезде сіңірген өнегелік еңбегінің арқасында физикалық тұрғыда да өзгеріп, табиғаттан тыс, бірақ адами өлшем бойынша әлі де әдемі тіршілік иесіне айналды. Әлбетте, сұлулықтың салыстырмалы сипатына орай мәселе туындайтыны түсінікті — мүсін стилистикасының осыншама әркелкі болуы да осыдан. Дегенмен уақыт өте келе сутраларда Ұлы тіршілік иесінің белгілері деп аталатын қасиеттердің тізімі жасала бастады (барлығы 32 негізгі және 80 кіші қасиет). Оның ішінде суреттен оңай танылатындары бар:

1. Терісі алтын түсті және айналасы денесінен шашырай тараған сәуледен жарқырап тұрады — мүсінге алтын жалатылып, әкиек (жарықты бейнелейтін диск немесе күрделі пішінді артқы ая) жасалады;

2. Кеудесі мен ұрты арыстандікі сияқты — мықты пропорция;

3. Екі қасының ортасында бұйраланған бір тал ақ шаш бар — бұл маңдайдағы нүкте, урна;

4. Төбесінде ушниша деп аталатын шодыры бар;

5. Шашы қара — көбінесе көк пигмент қолданылады;

6. Шашы оңға қарай бұйраланып тұрады — мүсіннің басын қалың бұйра шаш жауып тұрады;

7. Екі құлағы ұзын — тесігі бар сырғалығы созылыңқы;

8. Саусақтарының арасында торсылдағы бар;

9. Табаны мен алақанында ілімнің (заң дөңгелегінің) нышандары бар.

Емші будда мүсінінен үзінді. Якусидзи монастыры, Нара, Жапония. 7-8 ғасыр / yakushijicocolog-nifty.com

Емші будда мүсінінен үзінді. Якусидзи монастыры, Нара, Жапония. 7-8 ғасыр / yakushijicocolog-nifty.com

Ұлы тіршілік иесінің басқа қасиеттерін (қырық тісі бар, тілі ұзын, қызғылт...) түрлі бейнеге қарап бағалау қиынырақ. Бірақ тіпті мүсінде көрініс тапқан белгілерін де көп жағдайда логика тұрғысында нақты түсіндіру қиын, мұның өзі иконография өнерінің қаншалықты ұзақ қалыптасатынын және кейде көп нәрсе бытысып кететінін көрсетеді. Мысалы, мүсіннің төбесіндегі шодырайып тұрған жері бастапқыда бір шоқ шаштың бейнесі болған, ал кейінірек оны ерекше даналықтың белгісі ретінде өсіп шыққан без деп түсіндіретін болған сияқты. Екі құлағының сырғалығының ұзын болуы Шакьямунидің бұрын кім болғанына меңзеп тұруы мүмкін — ханзада кезінде ауыр сырға таққаннан құлағы созылып кеткен.

Шакьямуни Будда

Шакьямуни Будданың бейнесі көбіне-көп өмірінің белгілі бір маңызды кезеңдерін көрсетеді. Біз оны ерекше ишара — мудраның арқасында білеміз. Мысалы, медитацияның соңында ол ақылдың сергектігі мен жан-дүниенің жаңғыруына жеткен, яғни құмарлық әзәзілі Мараны жеңген сәт. Бұл эпизодтың шарықтау шегі — Будданың Жерді куә болуға шақыруы деп есептеуге болады, мүсіннің отырған жерге оң қолын тигізу ишарасы осыны білдіреді. Ал сол қолы медитация ишарасына сәйкес қойылған.

Будданың жерге қолын тигізу ишарасы. Үндістанның Калькутта қаласындағы үнді мұражайы. 10-11 ғғ./Shutterstock

Будданың жерге қолын тигізу ишарасы. Үндістанның Калькутта қаласындағы үнді мұражайы. 10-11 ғғ./Shutterstock

Амитабха Будда

Амитабха Будда («Шексіз жарқыраған») — бұл Батыстағы Бақытты жердің иесі, оған өлім халінде жатқанда будданы шақыру арқылы жетуге болады. Оған Шығыс Азияның бүкіл аймағында, сондай-ақ тарихи түрде Ресейге де тараған Тибет буддизмі шеңберінде өте көп халық табынған. Оның бейнесін әйгілі Үлкен Камакура Будданың (Жапония) мысалында қарастырайық. Будда стандартты қалыпта отыр (йогада лотос қалпы деп аталады), екі қолын медитация ишарасына сәйкес аяғына қойған, бірақ мұнда сәл өзгеріс бар — сұқ саусағы мен бас бармағын түйістіріп сақина белгісін жасап тұр. Мүсін үлкен, бірақ үлкендігі адамның еңсесін баспайды, денесін қатпар-қатпар киімі жауып тұр, бар зейіні медитацияда — мүсіннің жанында тұрғанда тұла бойыңа өзінен-өзі қауіпсіздік пен достық сезімі таралады.

Будда Амитабха. Камакура, Жапония. 13 ғ. ортасы/Benard E./Getty Images

Будда Амитабха. Камакура, Жапония. 13 ғ. ортасы/Benard E./Getty Images

Емші будда (Бхайшаджьягуру)

Тағы бір өте кең таралған будда — Емші будда немесе Медицина буддасы. Буддизмде кейіпкерлер көбіне-көп тура және ауыспалы мағынада қос бағытта маманданады — будда ауруды жазады, сонымен қатар ол жан-дүниені жаңғырту жолында еңсерілуі тиіс надандықтан да емдейді. Әлбетте, буддаға табынудың кең етек жаюы, ең алдымен, адам барлық уақытта тап болатын ауру қаупіне байланысты — оған сенушілер туған-туысқанының немесе құрметтейтін адамының сауығуы үшін дұға бағыштаумен қатар будданың мүсініне тапсырыс берген және қазір де солай етеді. Оның бейнесінің ерекшелігі — алақанында, әдетте сол қол алақанында дәрі салынған шағын құмыра болады, ал жоғары көтерген оң қолымен адамға батылдық сезімін сыйлайтын ишара жасайды. Тибет иконографиясында будда, сонымен қатар миробалан деген дәрілік өсімдіктің гүлін немесе жемісін ұстап тұрады.

Емші будда. Син-якусидзи монастыры, Нара, Жапония. 9 ғасыр / Wikimedia Commons

Емші будда. Син-якусидзи монастыры, Нара, Жапония. 9 ғасыр / Wikimedia Commons

Видья-раджи

Будданың мүлде басқа, қорқынышты бейнесі де бар, бұл — ашулы видья-раджа («Білімнің иесі»). Бұл Шығыс Азиядағы буддизмге тән тіршілік иелерінің тұтас бір қатары, олар әрдайым дерлік ашуға булығып тұрған кейіпте бейнеленіп, арт жағында аспанға ұмтылған от және басқа да қорқынышты нәрсе болады. Ол құтқарушы көмектің басқа түрін бейнелейді — бірақ бұл мейірімін төккен көмек емес, оған ымырасыздық пен табандылық тән. Оның қаһары әзәзіл мен кедергі атаулыға бағытталған, ал лаулап жанған от адамның нәпсісін өртеп, басқа қасиетке айналдырады. Ең танымал видья-раджа — Ачаланатха («Қозғалмай отырған»). Ол қолына адасуды бөлшектеп шабатын семсер және бір уақытта тіршілік иелерін құтқару үшін құрықтайтын және жауды байлап-матайтын арқан ұстап тұрған қалыпта бейнеленеді.

Мүсінші Кайкэй. Видья-раджа Ачаланатха. 13 ғасыр/Метрополитен өнер мұражайы, АҚШ

Мүсінші Кайкэй. Видья-раджа Ачаланатха. 13 ғасыр/Метрополитен өнер мұражайы, АҚШ

Бодхисаттва

Бодхисаттвалар («жан-дүниесі жаңғырған тіршілік иелері») — біздің дүниеде пайда бола беретін және адамдардың қайғы-қасіретіне ортақтасып, жан-дүниені жаңғырту жолындағы іс-қимылға белсене араласатын кейіпкерлердің ерекше санаты. Будда сияқты бодхисаттваның құлағының сырғалығы ұзын, маңдайында нүкте — урна бар және Ұлы тіршілік иесіне тән басқа да белгілері болады. Бірақ оның назар аударатын түбегейлі ерекшелігі бар, буддадан айырмашылығы — ол патшаға тән сән-салтанатты киім киіп, зергерлік бұйым тағып бейнеленеді. Бір жағынан, сутрада не ол, не бұл бодхисаттваның пайда болуы туралы әңгімеленгенде оның будданың өзі сияқты патша әулетінен шыққаны жиі айтылады. Бірақ бодхисатваға берілген материалдық сұлулық пен байлық оның көп рухани еңбек сіңіргенін бейнелейді.

Авалокитешвара Мейірім Бодхисаттвасы

Авалокитешвара «Әлемге құлақ асатын Ие» немесе қытай тіліндегі нұсқада Гуанинь «Әлемнің дыбыстарын тыңдаушы» — буддизмдегі ең танымал кейіпкердің бірі, тіпті танымалдығы жағынан буддадан да асып кетуі мүмкін. Бұл бодхисаттваның беретін антына байланысты — сутрада ол қиын жағдайдың барлық түрінен: өрттен, су тасқынынан, кеме апатынан, қамалудан, қарақшылардан, адам өлтірушілерден және т.б. құтқарады. Тылсым күш иесі әмбебап қорғаушы идеясын осы бодхисаттва бейнесінің көптеген нұсқасынан байқауға болады, бірақ ол бәрінен бұрын Мың қолды Авалокитешвара иконографиясынан көрініс тапқан. Бодхисаттваның әр қолындағы қару оның қандай көмек беретінін көрсетеді.

Бодхисаттва. Токио ұлттық мұражайы, Жапония. 13 ғасыр/Wikimedia Commons

Бодхисаттва. Токио ұлттық мұражайы, Жапония. 13 ғасыр/Wikimedia Commons

Он бір жүзді Авалокитешвараның тағы бір кең таралған иконографиясы туралы мынадай әсерлі аңыз бар: әлемге шексіз жанашырлығынан бодхисаттваның басы жарылып кетіпті, сонда мейірімді Будда Амитабха барлық сынықты біріктіріп жинап, ең үстіне өзінің басын қойыпты. Атап өтетіні, бодхисаттваның әлдеқайда қарапайым жасалған бейнесінен де оны тәждегі Амитабха мүсінін көріп танимыз.

Қытай өнерінде бодхисаттва кейде өте әсем «патшалық кейіпте», мысалы, «Су мен Ай Гуанині» иконографиясында бейнеленген. Бұл мүсіннің мысалында бодхисаттвалар негізінен жыныссыз тіршілік иелері болғанымен, Авалокитешвара бейнесі кейде еркек немесе әйелге көбірек ұқсайтынын айта кету керек. Әсіресе, Қытайда бодхисаттвада әйелге тән белгі пайда болды, тіпті «Гуанинь — ұл бала беруші» иконографиясы жасалды. Мұндай бейнелер дініне тыйым салынып, қатты қудалауға ұшырап (17 ғасырдың басы — 19 ғасырдың аяғы), қызметін астыртын жүргізуге мәжбүр болған Жапониядағы христиандарға өте қолайлы болды. Олар Авалокитешвараның осындай бейнесін Мәриям бибі (Мария Каннон деп айтады) бейнесі деп қастерледі.

Мария-Каннон. "Гуанинь — ұл бала беруші". Токио ұлттық мұражайы, Жапония. 17 ғасыр/Alamy

Мария-Каннон. "Гуанинь — ұл бала беруші". Токио ұлттық мұражайы, Жапония. 17 ғасыр/Alamy

Авалокитешвараның (жапонша Каннон) сенушілер үшін қолайлы кез келген нысанда келетіні туралы өсиетін ескерген Жапонияның Кодайдзи монастырындағы дінбасы ғалымдармен бірлесе отырып, бұрын-соңды болмаған эксперимент жүргізіп робот-Каннонды жасады. Жазып алынған сеанс кезінде андроид құбылыстардың бостығы туралы аса маңызды түсінік жөнінде виртуалды әңгіме жүргізіп, Каннонға байланысты ең танымал және кең таралған мәтін — Жүрек Сутрасын оқиды.

Бодхисаттва Майтрея

Бодхисаттва Майтрея, яғни «достықпен қараушы» — кеңінен дәріптелетін тағы бір кейіпкер. Оны болашақтың буддасы деп те атайды, өйткені сутраларда Шакьямуниден кейінгі адам әлеміндегі келесі будда ол болады деп болжанған. Сондықтан ол кейде бодхисаттва (келер алдында), ал кейде будда (келгеннен кейін) түрінде бейнеленеді. Оның мекені — Тушита аспаны, оны дәріптеушілер ол сонда қайта туылады деп ​​үміттенген. Буддизм пайда болған кезеңде Майтреяға табыну Кореяда және Корей түбегінен көп нәрсені қабылдаған Жапонияда ерекше орын алды.

Каннон Маинда андроид бодхисаттвасы. Кодайдзи монастыры, Киото, Жапония. 2017 жыл/Ричард Атреро/Getty Images

Каннон Маинда андроид бодхисаттвасы. Кодайдзи монастыры, Киото, Жапония. 2017 жыл/Ричард Атреро/Getty Images

Майтрея бейнесінің айрықша белгісі — ол «еуропалықтарша» екі аяғын төмен түсіріп отыр. Бәлкім, будда-бодхисаттваның Тушита аспанынан адамдар әлеміне ауысуы туралы идея сол арқылы тараған болуы мүмкін.

Манджушри және Самантабхадра Бодхисаттвалар

Бодхисаттва Манджушри, «Жағымды даңқ», негізгі сутраларда дұрыс жолға бастайтын тәлімгер ретінде көрінеді, сондықтан трансценденттік даналықтың іске асуы ретінде ұғынылатын болды. Оны көбінесе қолына надандықты шауып жоятын қылыш ұстатып, арыстанға мінгізіп бейнелейді. Тибет дәстүрінде бодхисаттва атрибуттары көбінесе фигураның екі жағында орналасады: Манджушри мүсінінде қылыштың ұшы мен сутра кітабын көреміз.

Бодхисаттва Самантабхадра, яғни «Жан-жақты қамтитын даналық» Шакьямуни будда триадасында Манджушридің жұбы ретінде көп кездеседі, әдісті (медитация тәжірибесін және т.б.) бейнелейді және әйгілі «Лотос сутрасын» меңгеріп жатқан пірәдар ерлер мен әйелдерге ерекше қамқорлық жасайды. Мүсінде бейнеленген Самантабхадра сутрада айтылғандай пілге мінген.

Бодхисаттва Ваджрапани

Ваджрапани, яғни «Ваджраны (найзағай-шоқпарды) ұстап тұрған» бодхисаттва Гандхара аймағында (қазіргі Пәкістан) сонау ертедегі буддистік өнерде пайда болған. Бұл рельефтерде Ваджрапани будда Шакьямунидің оққағары ретінде көрінеді және оның бейнесіне эллин мәдениетіндегі үлкен күш иесі Геркулестің иконографиясы әсер еткені анық.

Самантабхадра және Манджушри бодхисаттвалар бар Шакьямуни будда триадасы. Қытай. 12-14 ғғ./Fletcher Fund/Metropolitan Museum of Art, New York

Самантабхадра және Манджушри бодхисаттвалар бар Шакьямуни будда триадасы. Қытай. 12-14 ғғ./Fletcher Fund/Metropolitan Museum of Art, New York

Шығыс Азияда Ваджрапани бодхисаттва емес, дхармапала — ілімді қорғаушылар санатына жатады және алтарь немесе монастырь қақпасындағы орталық фигураларының қамқоршысы ретінде барлық жерде кездеседі. Бұл жағдайда ол енді жалғыз тұрған фигура емес, оның орнына қаһарлы, бұлшықетті қос кейіпкер жасалады.

Құдайлар

Енді тіршілік иелерінің келесі санаты — құдайларды қарастырайық. Буддизм әлемінде құдайлар маңызды салада қызмет етеді, бірақ бұл ең жоғарғы сала емес. Будданың ілімімен танысқан құдайлар шабыттанып, оны қорғауға және таратуға ант береді деп есептеледі. Буддизмге тән осындай интеграциялық саясат және басқа дінге қатысты ерекше төзімділік оның өте кең таралуының көп себебінің бірі.

Ваджрапаниден басқа, ең маңызды қорғаушылар — төрт аспан патшасы, дүниенің негізгі төрт жағының құдайлары. Олар ежелгі қытай сауытын киген жоғары мәртебелі жауынгерлер түрінде бейнеленген, әрқайсысы қолында өз атрибутын ұстап тұрады. Көбіне-көп олардың аяғының астында кәдімгі және метафизикалық дұшпанды бейнелейтін әзәзіл атаулының бүрісіп қалған фигуралары жатады.

Төрт аспан патшасы. Аспан патшаларының залы. Бейхай паркі, Бейжің, Қытай / Rolf Müller / Wikimedia Commons

Төрт аспан патшасы. Аспан патшаларының залы. Бейхай паркі, Бейжің, Қытай / Rolf Müller / Wikimedia Commons

Буддистік пантеонға индуизмнің көптеген негізгі құдайы да кірді. Одан құдайлардың жетекшісі Индраны, жаратушы Брахманы және музыканттардың қамқоршысы Сарасватиді кездестіреміз. Будда ілімінде олардың барлығы индуизмнен аздап ерекшеленеді.

Бірақ үндінің құдайлары мен жергілікті әртүрлі құдайлар ең көп дәріптелетін дін — тибет буддизмі деуге болады. Онда олардың арасында өте көп адам табынатын Жасыл және Ақ Тара сияқты мейірімді қос құдай әйел бар. Аңыз бойынша олар Авалокитешвараның көз жасынан туған.

Түрі қорқынышты, бірақ шын мәнінде, достық ниеттегі құдай әйел Шри Дэви мен Махакала сияқты мейірімді құдайлар да бар. Бұл ашулы мүсіндер жоғарыда қарастырылған видья-раджаларға жақын, өйткені олар да құмарлық пен құштарлықты жоюға қызмет етеді, бірақ «ілімді қорғаушы» дхармапал құдайларының санатына жатады.

Махакала Құдай. Тибет/Gift of Florence and Herbert Irving/The Metropolitan Museum of Art, New York, USA

Махакала Құдай. Тибет/Gift of Florence and Herbert Irving/The Metropolitan Museum of Art, New York, USA

Монахтар

Сутра мен ертедегі бейнелеу дәстүрінде де будданың айналасында монахтар мен архаттар бейнеленеді («лайықты», әулиеліктің ең жоғары сатысы). Бұл адамның фигуралары және әдетте бірден танылады — олар тақыр бас, киген киімдері қарапайым, кейде аскеза сақтайтын олардың денелері арық.

Будданың нақты шәкірттері — архат фигуралары уақыт өте ерекше құрметтеліп, жеке топ түрінде бейнеленетін болды. Бұл кейіпкерлердің мүсіншілермен замандас болуы мүмкін болмаса да, олардың бейнесі көбінесе буддалар мен бодхисаттвалардың идеалға айналған келбетіне қарама-қайшы жасалған және бет-әлпеті тәптіштеп жасалған, тіпті карикатура сияқты көрінеді деуге болады.

Бұл буддизмнің әртүрлі мектептерінің патриархтарына да, айталық, атақты Бодхидхармаға (Чань мектебі) немесе жапонша Дарумаға қатысты. Ол көбінесе оттай жанып тұрған екі көзін бақырайтып тұрады, ал жапон дәстүрінде ол тіпті кең тараған наным-сенім аясында баданадай екі көзі бар төңкерілмейтін домалақ ойыншыққа айналды.

Дарума қуыршақ / Shutterstock

Дарума қуыршақ / Shutterstock

Буддизмдегі ең танымал бейнелердің бірі күліп тұрған толық адамның фигурасы, ол да 10 ғасырда өмір сүрген Будай (қытайша «Кенеп қап») деп аталып кеткен жартылай тарихи қытай монахы. Ол Қытай мен Жапонияның халық қатты дәріптейтін құдайлардың біріне айналды, сенушілер оған дұға бағыштап материалдық игілік сұрайды. Аңыз бойынша Будай қайтыс боларда өзінің қайта туылған будда Майтрея екенін айтыпты, бірақ Будайдың бейнесі, әлбетте, Буддаға ұқсамайды.

Будай монах. Қытай. 17-18 ғғ./The Friedsam Collection, Bequest of Michael Friedsam / Метрополитен өнер мұражайы, Нью-Йорк, АҚШ

Будай монах. Қытай. 17-18 ғғ./The Friedsam Collection, Bequest of Michael Friedsam / Метрополитен өнер мұражайы, Нью-Йорк, АҚШ

Тибет дәстүрінде әр түрлі лама, яғни ұстаздың бейнесі өте маңызды және өте жиі кездеседі. Гелуг мектебінің монастырларында оның негізін қалаушы Цонкапа есімді ұстаздың және басқа мектептің басшыларының, ньингма монастырларында ұлы йог Падмасамбхаваның мүсіні көп. Бейнеленген адамның қай мектептің өкілі екенін әр мектепке тән қалпағына қарап дәл анықтауға болады.

Буддистік ғалам

Барлық дерлік үлкен алтарь мен тастақта жасалған композицияда буддистік ғаламды бейнелегенде оның алуан түрлілігі мен иерархиясын толық қамтуға талпыныс жасалады. Біз қарастырған кейіпкер топтарының бір кешеннің шеңберінде қалай үйлесім тапқанының бірнеше мысалына назар аударайық.

Тан дәуіріне (618–907) жататын, Лунмэнь үңгірінде қашап жасалған қытайдың жартас рельефінің жауһарында болмыстың бірлігін бейнелейтін будда Вайрочана фигурасы қақ ортада орналасқан, одан кейін тақыр бас архаттар, содан соң басына тәж киген және басқа да әшекей таққан бодхисаттвалар тұр, ал олардан кейін көктегі маңғаз патшалар мен айбынды Ваджрапани қорғаушыларының фигуралары бейнеленген.

Кореядағы Соккурам үңгірінде (724–774) ғаламды бейнелеудің қызықты сәулет-кеңістік тәсілі қолданылған: орталықтағы негізгі дөңгелек залда Будда Шакьямунидің басым фигурасы барлық назарды өзіне аударады, төменгі қатарға және қабырғадағы текшелерге — архаттар, бодхисаттвалар мен құдайлар, тар өткелде төрт аспан патшасы орнатылған, ал кіреберісті Ваджрапани қорғап тұр.

Бодхисаттвалар мен құдайлар ортасында Шакьямуни будда. Соккурам үңгірі. Корея, 742-774 жыл / Alamy

Бодхисаттвалар мен құдайлар ортасында Шакьямуни будда. Соккурам үңгірі. Корея, 742-774 жыл / Alamy

То-дзи монастырының (Киото) ілім залының алтарь тобы — Жапониядағы көп құрамды үлгілердің бірі. Оның ортасында бес будданың фигурасы, оның оң жағында бес бодхисаттва, сол жағында бес видья-раджа бар, сондай-ақ екі шетіне үш құдайдан орнатылған. Ол көлемді мандала — будда өлшемінде бейнеленген әлем деп аталады (әдетте екі өлшемді көркем кескіндеме). Барлық мүсіндер беті тегістеліп, алтын жалатылған және пигментпен боялған көптеген ағаш бөліктен жасалған. Шын мәнінде, будда өнері адамның санасы мен қажеттіліктерінің күрделілігін көрсетеді. Сондықтан оны зерттей отырып, біз өз-өзіміз туралы көбірек білеміз, сондай-ақ ықылас қойып буддизмде басты бәленің бірі саналатын надандықты жеңеміз.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Андросов В. П., Индо-тибетский буддизм. Энциклопедический словарь / Рос. акад. наук, Ин-т востоковедения. М.: Ориенталия, 2011

2. Белозерова В. Г., Традиционное искусство Китая. Том 1. Неолит — IX век. М., 2016

3. Бир Р., Тибетские буддийские символы. М.: Ориенталия, 2013

4. Виноградова Н. А., Скульптура Японии III–XIV вв. М., 1981

5. Елихина Ю. И., Обитель милосердия. Искусство тибетского буддизма. Каталог выставки. СПб.: Изд-во Гос. Эрмитажа, 2015

6. Торчинов Е. А., Введение в буддологию. Курс лекций. СПб.: Санкт-Петербургское философское общество, 2000

7. Фишер Р. Е., Искусство буддизма. М.: Слово, 2001

8. Encyclopedia of Buddhism. / Buswell, Jr., ed. in chief. New York: Macmillan Reference, USA, 2004. Vol. 1, 2

9. Kim L., Buddhist Sculpture of Korea. Seoul: Hollym International Corp., 2007

10. Leidy D. P., The Art of Buddhism: An Introduction to Its History and Meaning. Boston: Shambhala, 2008

Елизавета Ванеян

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ