Әкемнің атасы кім болған?

Алғабас ауылы

Мазмұны

Мен Әшет Әсем Оразбайқызы өзімнің ата-әжелерім туралы айтқым келеді. Әсіресе әкем Оразбайдың атасы Сүйіндік туралы. Ол кісі туралы мен әкемнің туған әпкесі Шәкен деген кісіден сұхбат алдым. Шәкен әпкеміз 29.11.1958 жылы дүниеге келген соң қырқынан шықпаған желтоқсанның 10-15де ата-әжесіне яғни Сүйіндік пен Үпірза әжеміздің қолында қалып, менің ата-әжем Әшет (шын аты Әсемқұл) пен Сара жұмыс істеуге кеткен екен. Сол жөргектегі сәби күнінен Сүйіндік пен Үпірза әжеміз қайтқанға дейін көзі көрген кісінің айтуымен сипаттап жазамын.

Қазақтар негізінен жеті атаны былайша таратады: бала, әке, ата, үлкен ата, баба, түп ата, тек ата. Ал, жеті ұрпақ: бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жегжат, жұрағат. Осыған орай менің үлкен атам Сүйіндік болса, әкем немересі болса сол кісінің, мен шөбересі боламын.

Сүйіндік атамыз Т. Рысқұлов ауданы Алғабасқа (мен туылған жерім) 1959-60 жылдар Подгорный-Төртсарайдан қоныс аударған екен. Ол кезде Сүйіндік атамызда жиырма шақты ешкісі болған екен. Сол ешкілерді сауып, көгендеп, етін сойып дегендей тұрмыс-тіршіліктің мәз болмай тұрған кезінде ауылды қамтамасыз еткен екен. Содан біздің ауылды Бай Алғабас атап кеткен. Осылай атамыз ауылдың ауызбіршілігін сақтап болыста болған дейді. Заң жүзінде болмаса да мүмкін ел, халық еңбегі үшін, мал мен егін шаруашылығын дөңгелете алатын оған қоса қолының шеберлігі, іскерлігі үшін де солай атаған шығар. Оған себеп ауылдың мал ұстаған адамдары атамызбен ақылдаспай кеңес алмай той-томалақ, садақа , құдайы бермеген. Еттің басында атам жүрген. Мал бордақыласада , соғымды да көз мөлшерімен дәл бөліп таратқан. Сонымен қоса алма ағашы мен өрік ағашын көз көріп, жемісінде жедік. Ата-бабаларымыз тал егуді мұра етуі тек емес екен. Шөбере шөпшектеріне дейін атамыздың жемісінің дәмін таттық. Атадан мал емес тал қалды деген осы шығар.

Қол шеберлігінде керемет дейді: ат әбзелдерін: ер-тұрманды сәндеп, қамшы өріп, жүген, ауыздық т.б қолдан жасап қойшыларға таратқан екен. Тон да, бөрік те, мәсі де тіккен. Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер деп айтқандай осы шеберлік әкемнің бойына екі жақтан да қалған. Екі жақтан дейтінім әжеміз Үпірза ешкінің қылынан арқан, жіп, шылбыр жасап, тері илеп, текемет басқан. Қымыз, күбі, құрт қайнатып, жент , талқан, алама-нан пісірген. Нанды ашытып, ортасына алманы салып көмбеге салып пісіріп, иісі деген мұрынды жарып, балалықтың әдемі дәмі болған (әкемнің балалығының)…..

Атамыз ауылдағы берекесі кетіп, ұрысып, ажырасқалы жатқандарды да қасына өзіндей ақсақалдар ертіп татуластырған. Ауылдағы тұрмыс-тіршілікке бейжай қарамай, ауылдың тұтастығы, бірлігі, ауызбіршілігін, берекесін сақтауға тырысқан. Оған қоса ауыл жастарын еңбекке де баулыған. Шарбаққа картоп егіп мектеп балалары қазып берген. Осы картоппен қыстап, көктемде тағы еккен.

Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы демейтін бе еді? Атам тура сондай дер едім. Жоғарыдағы өнерлеріне қоса орысша, қазақша, арабша сауаты мықты болған. Ауылға үй салуға, пеш салуға келген орыс шеберлерімен атамыз тілмаш, аудармашы болып жүрген. Сонымен қоса Төртқарада орыс достарымен де араласқан. Арабша сауатты дейтініміз Бұқар Жыраудың «бесінші тілек тілеңіз бес уақытты бес намаз біреуі қаза болмасқа» деп айтқанындай атамыз тәртіп пен тазалыққа қатты берік болған. Бір намазын қаза қылмай, ол кезде ауылда мешіт жоқ, сонау елу сегіз км қашықтықтағы Меркеге жұма сайын өзіндей бірнеше ақсақалмен барып тұрған. Бұл тазалық пен тәртіпке немерелерін де үйреткен. Атамыз сол мешіттен келгенше үйде қалған немерелері: Шәкен апкеміз үйдің алдын, әкеміз Оразбай үйдің қапталын сыпырып, тазалап қоюын қадағалаған. Мен сол бала күнгі сіңген бұл тәрбиені әкемнің бойынан әлі күнге көремін. Әкеміз жігіт күнінде шалбарының қыры пышақтай болатын дегенді көп естігем. Бұл қасиет тек атамыздан болу керек тамызда жұма жайын ақ жиде, барқыттан тігілген костюм шалбарын киіп, өзін бойын жіті таза ұстаған.

Атамыздың дінге беріктігін тағы мына жерде көруге болады: сол заманда мектепте құрай жоқ деп үйреткен. Үйден атамыз бес уақыт намазын үзбей немерелерінің құлақтарына Алланың барын, адал ас ішіп, адал жүруді, ешкімнің ала жібін аттамауды, қолда барын беруді, жоқ деп айтпаңдар жоғалып кетесіңдер деп құйған. Бұл сөздер бізге дейін де жетті әкемізден. Әкеміз де тәрбие ретінде айтып отыратын. Шерхан Талаптың

Бабалар өтті құла дүз кезіп,

Мал емес одан тал қалды.

Беймезгіл айтқан бір ауыз сөзі,

Бір елге мұра болған-ды. – дегені біздің осы тұста сай келіп, дүп басып айтқандай.

Ата-әжемізден бес бала болған. Сол бес баланың бүлдіршін кезінде қилы-қилы заман көрген бұл қазақ «қасірет-қайғы шеге шеге сау жерің жоқ жарадан» деп Иран Ғайып айтқандай қолдан жасалған ашаршылыққа тап болады. Бұл күндері біз ол күндерді (Сталин тұсындағы аумалы-төкпелі кезең) ең залы күн ретінде 1997 жылдан бері 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде білеміз. Сондай күндерде әжеміздің айтуынша атамыздың пысық, еті тірі болғаны үшін аман қалыпты. Олай дейтіні атамыз сондай қысылтаяң кезде аң құс аулап түнде, ел жатқанда үйге алып келіп үй ішін асыраған. Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттерінде» айтқанындай:

Айқыра ала асқарлар жатыр шөгіп,

Жер жаншып, көктің көлбеп төсін еміп.

Ойнақы, құба, тарлан тағы аңдарын

Тәбеті тау – тасына қойған теліп

Атамыз құба, тарландай амалсыздан тәбеті тау-тас, орман кезді. Асқар да болып жердің төсінде емді. Осыны жазып отырып есіме Сүлеймен қарақшы түсіп кетті, кім білсін біздің Сүйіндік атамыз қара балалардың қарын қамымен жүріп не қиындықтар көргенін?

Тағы сол әжеміздің айтуынша әжеміз бай болыстың қызы болған. Қолдан жасалған аштық дейтініміз сол кезде бай болыс көзге түртіп алардың бәрін жинап, мың өліп мың тірілген қазағым сонда тағы бір өліп тірілді. Әжеміздің әке-шешесі де байлардың қатарынан болғандықтан елден шет қалмады. Сондай қиын заманда түнделетіп әжемізге екі қыш құманнан алтын мирас тастапты. Оны ата-әже еденге жер қазып сонда жасырып ұстаған. Бай болысты тәркілеп болғанда аштық келгенде әжеміз сол алтын білезік әшекей бұйымдарына талқан алып оның өзі бір алтын білезікке бір кесе талқан береді екен. Түн ортасында бес баласына пісіріп, атамыз аңшылықтан алған олжасымен аман қалыпты.

Тіпті сондай күндері әжеміз жан түршігерлік оқиға - адам жегіштерді көзі көріпті. Бір күндері әдеттегідей алтындарын талқанға айырбастап келе жатса, аш халықта қайбір түр сипат болсын арыған, терісі сүйегіне жабысқан бірнеше ер кісі далада бірдеңе жеп отырған жерлерінен өтіп бара жатқан әжеме қарай атып тұрып ұмтылып ұстап алғылары келеді бірақ, аш адамда ондай күш-қайрат қайдан әзер- әзер аяқтарын басып әжем жаққа бұрылыпты әжемнің түнде балалардан қалған тамақтың күшімен лезде қашып құтылған. Келесі күні әдет бойынша сол жермен өтіп бара жатса адамның алақаны, табаны, беті жатқанын көрген. Сонда ішінен кешегі ер-азаматтар адам жеген екен ғой деген ойдан әжеміз дірр ете түсіп, сол сәт жүрегінде жаман сезіммен қалып қойған.

Ол қилы замандар да өтіп әжеміздің ән- жыр өнерінің шалқыған дәуіріне келсек. Әжеміздің осы қасиеті немерелеріне берілген. Ағаларымыздың домбыра, гитара тартқанын көзім көрді. Ауылда, аулада кейізден текемет басқанда, жиын-тойларда айтатын әндері мыналар екен:

Бес кәмпит, он бауырсақ, алты жаңғақ,

Барады жылдан-жылға-ай

Дүние- ай, өткенді аңсап- ай!!!

Күміс құмған-ай, отта тұрған-ай

Айналайын көзіңнен ашып жұмған-ай

Бекзаттарым-ай жекжаттарым-ай

Жекжат болып ауылыңа кеп жатқаным-ай

Алма ағаштың гүліндей ау

Текеметтің түріндей ау

Өтіп дәурен бара жатыр

Сіз бізге білінбей ау

Тауда жүрер кекілік, Тастан-тасқа секіріп, Жас кезінде ойна да күл, Кейін жүрме өкініп

Айт дегенде өлеңді тұрамыз ба

Жақсылардың көңілін бұрамыз ба- дер әжеміз өз ойынан да қосқан. Таңға дейін жиын-тойларда айтыс та ұйымдастырып отырған.

Киізден теметті көрші-қолан болып асар салтымен басқан. Бір үйдің күші келмейтін осындай жұмыстарда көрші-қолан жиналып, әндетіп жүріп жұмыла көтерген жүк жеңіл деп ауызбіршілікпен өткізген.

Жетісу, кеудең – асқар, аяғың – көл,

Қоңың – құм, мықыныңда бар сексеуіл.

Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап

Ол бір маң – мол өсірген өлкедегі ел

Тағы да Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері өлеңіндегідей менің аталарым да Жетісуда тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстаған.

Көзі қырағы атамыздың төлдемейтін малы, жеміс бермейтін ағашы, берекелі болмаған егіні болмаған. Қолының берекелі, шеберлігін қарап бар өнерді Алла атамызға көз бен қолға бергендей. Осындай өнегелі өмір жолы бар атам сексен бір жасында қаусаған шал емес екі беті албырттанып, нұры жайнап жүріп қайтқан екен. Қымыз бен ет жеп, адал еңбекпен тер төгіп, елі мен жері үшін, мейлі ол жүз шақты үйлі ауыл болса да қызмет еткен адам болғандықтан сол нұрымен кеткен шығар.

Өзім айтамын өз жайымды дегендей өз атамның өмір жолы маған өнеге, шабыт, күш-жігер береді.

Подкаст