Ежелгі Римдегі жолдардың рөлін әсіре бағалау мүмкін емес. Бастапқы кезде римдіктер жолдарды әскери мақсатта сала бастаған. Осы тұста жол сапасының мінсіз болғанын тілге тиек еткен жөн. Бірақ империя шегарасының кеңеюіне байланысты жолдардың қызмет аясы да ұлғая берген. Ендігі жерде жолдар жаңа қосылған провинцияларға бақылауды арттыруға септесіп, ақпарат тарататын желіге және сауда-саттық жүретін негізгі күре жолға айналды. Рим ұлғая берді және империя жұрты мінсіз ойластырылған жол жүйесінің арқасында күнін көріп, жайлы өмір сүрді.
Империя құлдырауға шақ қалған сәтте сан тарапқа жайылған жол жүйесінің жалпы ұзындығы 400 мың шақырымға дейін жетті. Айталық, бір басы Шотландияға дейін барса, екінші басы солтүстік Африкаға созылып жатты. Жолдар төселетін жерлердің сәтті таңдалғаны сонша, қазіргі кезде де заманауи жолдар ежелгі римдік жолдың үстіне немесе соған параллель төселіп жүр. Бұл ежелгі римдік инженерлердің біліктілігін көрсетеді.
Римдік жолдардың төселгеніне екі мың жылдан асса да, кейбір бөліктері әлі де қолданысқа жарамды. Ал қысқа уақытта үгітіліп кететін заманауи жолдардың сапасына қатысты бұлай дей алмаймыз. Бұған қарап адамзат ұзақ уақытқа жарамды жол салудың ежелгі мінсіз архитектуралық ғаламат құпиясын жоғалтып алған болар деп ойлап қалған боларсыз. Бірақ шын мәнінде жоғалтқан дәнеңе де жоқ. Тек қазіргі уақытта инженерлер жолдың ұзақ уақыт қызмет етуіне емес, заманауи көліктердің жүруіне қолайлы болу үшін жолдың тегістігіне мән береді. Қазір жолда шұңқырлар пайда болса, тез арада әртүрлі әдіспен жөндеу маңызды. Ал римдіктер болса, ғасырлар бойы мызғымай тұратын жолдарды салуды мақсат еткен. Сондықтан Рим жолдары — қашан болмасын ғаламат жоба саналған.
Рим архитектурасы жөнінде, оның ішінде жол құрылысына қатысты толымды ақпарды біз Рим ғалымы, инженер әрі сәулетші Марк Вирувий Поллионнің еңбектерінен білеміз. Ол ежелгі заманның сәулет өнеріне қатысты барлық ілімді сипаттаған өзінің «Архитектура жөніндегі он кітап» деп аталатын трактатында, қазіргі кезде «Витрувий үштігі» ретінде белгілі (беріктік, пайдалылық және әсемдік) Рим архитектурасының үш негізгі қағидасын баян еткен.
Аталған үш қағида ежелгі Рим архитектурасының өзегіндегі жатқан ұстанымдар болғанымен, барлығы тек осыларға ғана сүйенді деп айтуға да болмайды. Мәселен, жол салу мен өзге де стратегиялық тұрғыдан маңызды нысандарды тұрғызу ісінде жылдамдық пен оған жұмсалар қаражат маңызды саналды. Римдіктер бұл мәселелерді шешуге рационалды тұрғыдан қарап, ешқашан құрылысқа қажет материалдарды алыстан тасымалдаған емес. Бұл шешім уақыт пен адам еңбегін үнемдеуге септесіп отырды. Инженерлер қолда бар заттарды пайдалануға тырысты. Таяу маңда сөніп қалған жанартау тұрса, онда соны кен қылып, тастарын жолға төсейді. Осыған байланысты рим жолдары бір-біріне мүлдем ұқсамайтын ала-құла болып соғылған. Бірақ аталған ала-құлалық тек жолдардың сырт-келбетіне ғана қатысты. Ал жалпы алғанда жолдар ғасырлар бойы қалыптасқан технология стандарттары сақталып төселетін болған.
Олай болса, тағы екі мың жыл бойына қолдануға болатын жолдарды қалай салуға болады? Бірінші әрі ең маңыздысы — дұрыс жоспарлау қажет. Жоспарлау белгі қоюдан басталады.
Бұл іспен громатиктер (римдік геодезист) айналысқан. Арнайы құрылғының көмегімен (гром деп аталады) мамандар есептеп, жол салынатын жерлерге белгі қойып отырған. Осы бір белгінің арқасында жол барынша түзу әрі тегіс болған. Осы жұмыстармен қатар елді мекендер мен таяуда орналасқан ресурс көздерін есепке алып отыратын жол жоспары да жасалған. Жоспар толық бекітілген соң не құлдар, не сарбаздар араласқан құрылыс жұмыстары басталған.
Құрылысшылар жер қыртысын нығыздау үшін, алдымен үлкен тас тақталарын төсеген. Тақталарды орнатып болған соң, оның үстінен римдік бетон (құрамы қолда бар материалдарға байланысты өзгеріп отыратын, дегенмен міндетті түрде құм, әк және қыш қосылған қойыртпақ) құйылған. Құрылысшылар бетон құрамындағы барлық затты мұқият араластырып, үстінен су мен қиыршық тас салып отырған. Экономикалық және стратегиялық тұрғыдан аса маңызды болған жолдарды салу үшін осындай төрт-бес қабатты төсейтін болған. Ал егер салынған жол қала шетінде болса, онда қосымша көпір салу жұмыстары қосылған. Ақырында мұндай жолдардың қалыңдығы 240 сантиметрге дейін жеткен. Қазіргі салынып жатқан жолдардың қалыңдығын мұнымен салыстыруға келмейді.
Қалған жағынан римдіктердің жол салу заманауи технологияға ұқсайды. Мәселен, римдіктерде жолдың беткі қабатын сәл-пәл дөңестеу етіп салған. Бұл әдіс жаңбыр суы жол бетіне жиылып қалмай, жиектегі су арықтарына сырғып кетуі үшін ойлап табылған.
Аталған әдістердің бәрі римдік жолдардың қызмет ету уақытын едәуір ұзартқанымен, бірақ ең жақсы деген жолдардың өзіне жөндеу жұмыстары қажет. Ең таңданарлығы, римдік жолдарды жөндеуге адам баласының қолы керек емес. Егер жол бетінде ойық пайда болса, оған жиылған су әкпен араласып, кальцийге бай еріндіге айналады. Аталған ерітінді уақыт өте келе қатып, тесікті жамап отырған. Ал пайда болған шұқырлар тым үлкен болса, онда қолмен жөндеуге тура келген. Жақында Помпейден табылған дәлелдер жергілікті тұрғындардың жолдардағы шұңқырларды балқытылған темірмен бітеп отырғанын көрсетті. Мұндай темір балқытпалар көпірдегі күл қабатының астынан табылды. Мұнда балқытылған темірдің тамшылары сақталып қалған. Бұл тамшылар ежелгі жұрт темірді пеште қыздырып, шұңқырға қарай тасығанда шашырап кетсе керек.
Дегенмен мұндай жөндеу жұмыстарын тек Помпей тұрғындары ғана жасады ма әлде басқа қалалар да жүргізілді ме — ол жағы белгісіз қалып отыр.