ӘҢГІМЕ: «ҚОНАҚЖАЙ МЕНІҢ АУЫЛЫМ»

Шіркін ауылы

Мазмұны

Менің ауылым — Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ округіне қарасты Шіркін ауылы. Біздің ауылда көптеген ұлттар өмір сүреді. Өзге ұлттардың басым көпшілігі түрік, хемшил ағайындар. Мен бірде, осы ұлттың біздің ауылға қалай келу тарихын білгім келіп, қызығушылығым арта түсті. Жасы үлкен қария аталарымызды сөзге тартпақ болдым.

1956 жылғы Сталиннің қуғын-сүргін құрбаны болған, сол кезеңдерді өз көзімен көрген Лутви ақсақалға барып, өз аузынан болған оқиғаны естіп қайттым. Лутви қария ол кезде небәрі он жаста болған екен. Көзіне жас алып, сол түнді есіне алды.

Он екі жастағы ағасы екеуі төсекте ұйықтап жатып, оянса, қолдарында автомат, жүздері суық солдаттар үйлеріне баса көктеп кіріп келеді. Ешнәрсе түсінбейтін балалар қорыққанынан жылап, әжесі мен анасының құшағына тығылғандары әлі есінде. Солдаттар оларға киім-кешектерін де, қажетті басқа заттарын да толық қамданып алуына рұқсат бермепті. Барлығын вокзалға алып барып, жүк көліктеріне мінгізіп жібереді. Қыстың қақаған аязында оларды вагондарға бөліп отырғызып, 17 эшалон жолға аттандырады. Вагондарға бөлген кезде, бала Лутви өз отбасынан адасып, ажырап қалады. Он сегіз күнге созылған жолда, Лутви бала болса да, шын жүрегімен құдайдан отбасының амандығын және олармен қайта қауышуын тілеп келеді.

1 / 4

Тоқтаусыз жүрген эшалон Талас облысы, қазіргі Жамбыл өңіріне келіп тоқтайды. Вагондардан түскен бетте, жас баланың тілегін қабыл етіп, Лутви әр вагоннан түсіп отырған өз туыстарымен қауышады. Әр отбасын ауыл-ауылға бөле бастайды. Өгіз арбаға балалар мен қарияларды отырғызып, Покровский ауданындағы Жайылған ауылына жиырма бес шақырым жол жүреді.

Лутви ата өз сөзінде былай деді:

– Бізді ауылдың шетінде орналасқан кепе сарайға алып келіп, сонда қалдырып кетті. Үйдің ешбір терезесі мен есіктері болмаған. Шатыры жұқа қамыспен жабылған. Қолымыздағы бар матамен, киімдерімізбен есік-терезенің орнын жауып, жылыну үшін бір-бірімізді құшақтап жатып, түнеп шықтық. Ауылдың қырғыз тұрғындары таң атысымен отынмен жәрдем қолын созды. Мұржасы ғана қалған пештің орнына қайта пеш соғып, аязды қыстың суығынан аман шыққанымызға шүкір етемін, – деп өз ойын ары қарай жалғастырды:

– Сол ауылда аштықты да, суықты да көріп, бірінші — Алланың, екінші — көрші-қолаңның арқасында аман жүріп, күн кешіп жаттық. Кей күндері аш жататынбыз, кей күндері бір отбасына бір қара наннан беретін. Мұз қатқан бір үзім қара нанды пештегі отқа жылытып жейтінбіз. Тоғыз жыл сол ауылда өмір сүріп, күн кештік, - деп, қария ауыр күрсінді. Содан, он баласы бар Лутвидің әкесі балаларын алып, қазіргі отырған Шіркін ауылына, біздің ауылға келіп, қоныстаныпты.

– Шіркін аулының тұрғындары бізді өте жақсы қарсы алды. Барлығы қолынан келгенінше жәрдем беріп, көмек қолын созғанының арқасында, қазіргі уақытта екі жүз шаңыраққа дейін көбейіп отырмыз. Мың алғыс, шексіз рақмет!, - деп, қария ата көзінен еріксіз жас кетіп, әңгімесін аяқтады.

Лутви ата әскерде борышын өтеп жүріп, Қыпшақ рулы қазақ қызымен кездесіп, өзіне жар қылып алып келіпті. Дәл бүгін 19 немере, 12 шөбере сүйген, үлкен әулеттің қариясы болып отыр.

«Қазақ — қонақжай халық» деген сөз ертеден келе жатқан сөз. Тұрмыс — дәстүрімен қанына сіңген қасиет — адамгершілік пен сыпайылықтың алғашқы сатысы десе де болады. Ауылдың көркеюіне барлығы бір кісідей ат салысып отырған ауыл жұртының арасында ешқашан ұлтқа бөлініп, араздасу болмаған. «Көрші ақысы — Тәңір ақысы» дегендей, ауыл тұрғындарының достығы мен татулығы жылдан-жылға артып келеді.

Міне, менің ауылым — қонақжай халқы бар, алтын бесігім!

Подкаст