ӘР АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ – ТАРИХ

Алматы облысы

Мазмұн

Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.
Ахмет Байтұрсынұлы

Кез-келген нәрсенің тарихын, қалай пайда болғанын, неге олай болғанын білу адамды қызықтырмай қоймайды. Ал адамдардың, жалпы адамзаттың тарихын білу қазынаға кенелгенмен бірдей. Адамның қазіргі қалпына қарап өткенінде осындай болды-ау деп кесіп айта алмаймыз. Біз қазір ХХІ ғасырдың бақытты ұрпағымыз. Ал біздің бабаларымыз тарих қойнауында қалған талай қиындықты көрді, талай белесті басып өтті, тағдырдың тауқыметін тартып, өмірдің ғажап сәттеріне куә болды.

«Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.

Алдыңғы толқын — ағалар,

Кейінгі толқын — інілер.

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер.» деп дүниені бір шумақ өлеңмен өрнектеп кеткен Абай атамыз да тарих болып қалды.

Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Әр адам өз бабасының, өз әулетінің шежіресін, тарихын білсе ғибратты өнеге алар еді. Мен баяндағалы отырған екі кісінің де ғұмыры біз үшін, сол екі кісіден тараған бір қауым ұрпақ үшін үлгі, өнеге, терең тарих. Біреуі — өз атам. Менің тегім атамның атымен Қадыржан деп жазылған. Тұңғыш немересі болғандықтан ол атам мені ерекше жақсы көреді. Атамның мінезі сабырлы, өзі еңбекқор, көп сөйлегенді ұнатпайды. Кеңес Одағының дәурені жүріп тұрған шақта механизатор болып, озат тракторшы болған. Зейнеткерлікке шығып, жасы жетпістен асса да жастық шағын бірге өткізген көк тракторын әлі де тоқтатпай жүргізіп келеді. Бұзылса — өзі жөндеп алады, шөп шауып, шөп тасиды. Жұмыстан келе жатқанда қанша шаршаса да тракторын алыстау жерге тоқтатып, алдынан жүгіріп шыққан бізді — немерелерін отырғызып алатын. Қанша шуласақ та, қабағын шытып, қатты ұрыспайды. Көзілдірігін тағып алып, кітап оқып, бізге үлгі көрсетеді. Атамды қатты жақсы көремін. Ал екіншісі — нағашы атам Сембай. Нағашы атам ұзақ жыл бойы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болған екен. Өте білімді, әңгіменің майын тамызып, қызықты етіп айтады. Ол кісі де еңбекқор. Атам сияқты зейнеткерлікке шықса да картоп егіп, қолмен шөп шауып бір тыным таппайды. Мен осы екі атамның өмірбаяны бізге естелік болып қалсын деп, сұқбат алдым.

ХХ ғасырдың басында қазақтың басынан қилы кезеңдер өткенін тарихи кітаптардан, тарих сабағынан оқып өстік. Бірақ басымызға түспегеннен соң ба, сезіне алмауымыз анық. Ал сол КСРО кезеңінде өмір сүрген, әкелері ұрпағын аман алып қалу үшін амалсыз Қытайға барып бас сауғалаған адамдардың оқиғасын өз құлағыңмен естіген бөлек екен. Ол кісілер айтып отырса бізге ақтар мен қызылдар, орыс-казактар, КСРО дегеннің бәрі ертегі сияқты естіледі.

Бабалары қуғыннан қашып, қазақпен шегаралас Қытай жеріне ауған екі отбасының бірі Текес, бірі Ақдала деген жерде дүние есігін ашқан. Текесте дүниеге келген өз атам туралы әңгімемді бастайын.

Қадірі мол Қадыржан атам.

– Ата-ау, балалық шағыңыз туралы бір сыр шертіп жібересіз бе?

– Мен Қытай Халық Республикасындағы Текес ауылында 1952 жылы тудым. Он жасыма дейін сол жерде тұрдым. Бірінші сыныпты латынша оқыдым. Бір жылдан кейін қайтадан бірінші сыныпты төте жазумен оқыдым. Қазақстанға 1963 жылы өттім. Бізді Талдықорған облысы Ақсу ауданы Көкжиде совхозына апарды. Бір жылдай сонда болдық. Онда үшінші сынып оқыдым. Әке-шешем малмен айналысты. Көкжиде совхозы жидеге толы болды. Ол Лепсі өзені бойында орналасқан. Жазда қызыққа батып, өзеннен шықпайтынбыз. Қысында қар қалың жауатын. Бір жылдан кейін Еңбешіқазақ ауданы Қаражота ауылына көшіп келдік. Төртінші сыныптан сегізге дейін осы ауылда оқыдым. 1969 жылы мектепті сегізінші сыныппен аяқтадым. Үш жылдай әке-шешеме көмектесіп мал бақтым. 1972 жылы бұрынғы Сталинград, қазіргі Волгоград қаласына әскерге шақырылып, 2 жыл міндетімді өтеп келдім. Сөйтіп ауылда 3 жыл электрик болып істедім. Кейін механизатор болдым. Күні бүгінге дейін зейнеткерлікке шықсам да бұл жұмысты тастамадым. 1975 жылы отау құрдым. Апаң екеуміз 2 ұл, 3 қыз өсірдік. Аллаға шүкір, ұлдарды үйлендіріп, қыздарды құтты қоныстарына қондырып қазір немерелі болып отырмын.

Қадыржан атамның жас кезі

Қадыржан атамның жас кезі

– Қытайда жүргенде және Қазақстанға келгенде болған, есіңізде қалған қызықты оқиғаларың бар ма?

– Бұл оқиға 8 жасымда болған. Қытайда кіші әкемнің шешесі қызыма апарып тасташы деп өтінген еді. Қызы ауылдан 14–15 шақырымдағы таулы жерде қой бағатын. Сөйтіп қызына апарып тастап таулы-тасты жерде жалғыз қайтып бара жаттым. Ол сәтте көзге түртсе көргісіз қараңғы болып кеткен. Жол бастар жұлдыз да, нұрлы ай да жоқ. Үйге тез жетудің амалын істеп, атпен шауып келе жатқанмын. Сол жолда атым болдырып, үрей алқымымнан алды. Кішкентай болған соң, қалтырамай қайтесің. Сөйтіп атымның ер-тоқымын шешіп алып, өзін шөпке қойдым да алақ-жұлақ етіп үйге бет алдым. Үйге дейін әлі 5-6 шақырымдай бар еді. Содан әрең дегенде ауылға жетіп, кіші әкеме айттым. Белді атқа екеуміз мінгесіп жолда қалдырып кеткен атқа жөнелдік. Атым тік жерде болдырып қалған еді. Оны кіші әкем екеуміз амалдап өрге қарай шығардық. Аз уақыт ішінде болдырғаны басылып, жүруге шамасы келіп ауылға атты алып қайттық. Ондай жерлерге бала кезінде ешкімді жібере бермейтін. Сөйтіп басымнан осындай қорқынышты сәтті өткіздім.

Қадыржан атам мен Күләш апам

Қадыржан атам мен Күләш апам

Екінші бір оқиға Қазақстанда, үйленген кезімде болған еді. Ол кезде электрик болып істейтінмін. Әкем Ұрғансу деген жерде тұратын. Әкеме көмек керек болып жұмыстан 15 күндей қалдым. Ол кезде отбасым ауылда еді. Жұмыстан ұрсып шақырған соң әкеме бір ауыз айтпай ауылға бет түзедім. Ұрғансудан ауылға қарай сағат бестерде шықтым. Жаз мезгілі болатын. Қырдың үстімен келе жатқанда боран басталып кетті. Боран болғанда да жай емес, жойқын дауыл болды. Сайдың топырағы көзіме түсіп, өзімді үш метрдей сайдың табанына қарай лақтырып жіберді. Үстімде жұқа жейде, басымда шиден тоқылған қалпақ болатын. Сөйтіп әлгі боран басылып, артынан нөсерлетіп тұрып жауын жауды. Аспан жарылардай күн күркіреп, найзағай соқты. Жауында малмандай су болып қыр үстімен жолға түстім. Жақын маңда тірі жан жоқ. Қасқырлар жортып жүретін жерде дірдектеп әрең келе жатырмын. Қасқыр қайдан шығып қалар екен деп жан-жағыма қараймын. Қолымда қорғанатын кішкентай таяқ қана бар. Қасқыр келе қалса бар үмітім осы таяқта болатын еді. Айналада да қорғанатын ештеңе жоқ. Ашық жермен келе жатқанмын. Сөйтіп жолда Киікбай деген қой қырқатын жерді көзім шалып, соған қарай аяңдадым. Барсам қазақ үй тігілген екен. Күзетшіден басқа ешкім болмайтын. Біраз уақыттан кейін өзен жақтап бала-шағасымен күзетші келіп, үйге жайғастырды. Үсті-басым малмандай су болып, киімдерімді кептіріп қойдым. Үстіге іліп алар ештеңесі жоқ екен. Бір тұлыпты алып оранып алдым. Сөйтіп шай ішіп, ұйықтауға жаттық. Ертесі тұрып үйге қарай бет алдым. Жолда алдыңғы түнгі бораннан құлаған бағаналар, ағаштарды көрдім. Бәрінің астаң-кестеңі шығыпты. Ауылда да жағдай солай екен. Ауылға аман-есен жеткеніме қуанамын.

– Қытайда қалып қалған, 56 жыл бойы көрмеген әпкеңіз туралы айтып бересіз бе?

– Ол кісі балалардың ішіндегі үлкені болатын. Жас кезінен күйеуге тиді. Қазақстанға кетуге құжаттар жасалып жатқанда, әпкем жазылмай қалған. Оған қоса күйеуі бар, бірге алып кетуге болмайтын еді. Алып кетсе шу болып, шегарадан өте алмай бүкіл халық қалып қалатын еді. Әкемнің қарындасымен бірге қалды. 1963 жылдар еді. Отбасынан ажырап жылап, еңіреп Зұлқия әпкем Қытайда қалды. 2019 жылы әпкем бала-шаға, немерелерімен аман-есен Қазақстанға өтіп келді. Әулет болып жиналып, әпкемді жыласып, көрісіп күтіп алдық. Қазір осы Қаражота ауылында тұрып жатыр. Жездеміз ауылға келіп, 84 жасында дүниеден өтті. Қазір әпкем 79 жаста.

Атамның өмір тарихының бір бөлігі осындай екен. Әпкесін 56 жыл бойы көре алмай жақында көріскені, сағынышын басқаны ерекше әсерлі болды. Ол көрісуге өзім де куәмін. Барлық бауыры жылап-еңіреп қүтіп алды. Не дегенмен бауыр деген бөлек қой.

Қара қазанның қасиеті. Нағашы атам Сембай.

Ақдала ауылында дүниеге келген нағашы атамның да өткен ғұмыры туралы естеліктері ерекше екен.

– Нағашы ата, жас кезіңіз туралы айтып беріңізші.

– Мен Қытай Халық Республикасында Ақдала ауылында 1953 жылы дүниеге келдім. Алдымдағы аға-әпкелерім тұрмай, шетінен шиттей кезінде шетіней берген соң мені Құдайдан сұрап алған екен. Тұмаққа салып, керегенің басына іліп қойып, қырық кемпірдің аяғының астынан өткізіп, үзеңгінің бүлдіргіснен өткізіп өсірген. Ол кезде әкем 44 жаста болған. 1959 жылы Қытайдан Қазақстанға өтіп келдік. Содан Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында балалық шағым, мектептегі кезімді өткердім. Мектепті бітіріп Талғар қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, бір жылдан кейін әскерге бардым. Екі жыл міндетімді өтедім. Қайтып келіп техникумды жалғап, 1975 жылы бітіріп шықтым. Нарынқолда бір жыл жұмыс істеп 1980 жылы Тоғызбұлақ орта мектебінде мұғалім болдым. Зейнетке шыққанға дейін ұстаздық қызметте болдым. 1976 жылы ұлты өзбек деп паспортта жазылған, бірақ арғы аталары қазақ болған Әділетхан апаң екеуміз шаңырақ көтердік. Екі ұл, үш қыз өмірге келді. Оларды өсіріп, бәрін жоғарғы оқу орнына түсірдік. Қазірде қыздар отау құрып, балалар үйленіп немерелі болып отырмын.

Нағашы атамның жас кезі

Нағашы атамның жас кезі

Нағашы атам Сембай мен нағашы апам Әділетханның жас кезі

Нағашы атам Сембай мен нағашы апам Әділетханның жас кезі

Нағашы атамның жас кезі осындай болған екен.

– Нағашы ата, анамнан естігенім бойынша әкеңізді анасы қазан астына жасырып, содан аман қалған екен. Сол оқиға туралы айтып беріңізші.

– Әкем 1909 жылы Қазақстанда туылған. Ол кезде қазақтар малмен ғана айналысып, көшіп-қонып жүрген кез болды. 1916 жылы Қарқарада ұлт азаттық көтерілісі болды. Көтерілісті басып-жаншығаннан кейін орыс-казактар ауыл ауылды аралап халықтың мазасын алып, ауылдарды бейберекет қырып кеткен кез еді. Сол жылы Тоғызбұлақтың маңындағы Жалаңаш ауылында көбінесе орыс-казактар тұрған. Ал қазақтар жазда жайлауда, қыста қыстауда жүретін. Торайғыр тауының қыстауында бір ауыл отырған. Содан Жалаңаштың бес орыс-казагы келіп бүкіл ауылды қырып кетіпті. 22 адамды атып кеткен. Мамытбай әкемді шешесі қара қазанның астында жасырып үлгеріп, аман қалыпты. Қамытбай деген бас жасар інісін далада тұрған жерінен, шешесін толғатып отырған жерінен баламен атып кетіпті. Әкесі мал қарауға кеткендіктен аман қалған. Бұл оқиға сол ұлт азаттық көтерілісі жылында болды. Кейін әкемнің айтуынша ауылды қырып кеткен бес орыс-казакты Жалаңашта қызылдардың Масанчи бастаған полк командирі халықтың көзінше атыпты. Көтеріліс басылған соң орыс-казактар ауыл-ауылда білгенін істеп халыққа қысымшылық көрсеткен. Кейін әкемнің әкесі Ыбырайым әйелі қайтыс болғаннан кейін қайтадан үйленіп одан Жүнісбай, Белқожа деген екі бала дүниеге келген екен. 1926 жылдары үркіншілік кезінде әкем, атам бәрі Қытайға қарай өткен. Қытайда сол 1959 жылға дейін тұрып, отанымызға оралдық. Кейінгі шешемізден туған әкемнің екі бауыры Қытайда қалды. Қазір ол кісілерден 15 шақты отбасы өсіп-өніп отыр.

Екі атамның әңгімесін тыңдап отырып көп нәрсені түсіндім. Бізге қарағанда олардың өткен өмірлері әлдеқайда қиын болыпты. Бірақ соған қарамастан ешқашан жігері өшпеген, қиындыққа мойымаған, үнемі еңселі болып жүреді. Атам мен нағашы атам өз жастарынан жас көрінеді. Екеуі зейнетке шықса да әлі күнге дейін тынбай еңбектенеді. Атам трактормен шөп тасып, көршілердің бүлініп, сынып қалған заттарын жасап беріп жүреді. Қолынан келмейтіні жоқ, шебер. Есік алдындағы қорада мал ұстап, олардың жем-суын уақытылы беріп, жақсы күтеді. Атам өте балажан. Бәріміз кішкентай кезімізде аталап жанынан шықпай, тракторына отырып алсақ та қабағын шытпайтын. Менің атам ауылға да, әулетке де, көршілерге де, бізге де қадірі мол жан. Нағашы атам да бала-шағасы өсіп кетсе де ауылда жыл сайын картоп егіп, оны күтіп баптап, шөп шауып ауылдың тірлігінен қол үзбеді. Атамның Қытайда қалып қалмай Қазақстанға келуі, нағашы атамның әкесінің қазан астында қалып аман қалуынан үлкен әулеттің таралуы бүгінгі біздердің осы өмірді сүріп отыруымызға себепші. 2006 жылы 7 қыркүйекте атаммен 30 жыл өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, 5 бала дүниеге әкеліп бағып-қаққан апам 54 жасында қайтыс болды. Алты айдан кейін нағашы апам да 54 жасында қайтыс болыпты. Осындай ауыр қиындықты екі атам бірге көтеріп, әлі күнге дейін «біз сырлас, мұңдас адамдармыз» деп жақын бауырлардай сыйласып келеді. Нағашы атам ауыл мен қаланың арасында жүрген сайын біздің үйге міндетті түрде соғып кетеді. Жаз айында ауылына апарып, «Үлкеннің жүзін қуантқанша, баланың бірін қуант» деп Орта Меркі, Шет Меркі, Көк иірім, Көлсай сияқты көрікті жерлерді аралатып келеді. Мен екі атамды да жақсы көремін. Ол кісілердің ғұмыры, жігері, шыдамдылығы мен еңбекқорлығы, парасаттылығы мен үшін үлгі.

Бәлкім ол кісілердан алған осы сұқбатым естелік болып, тарих бетінде қалар. Әр адамның тағдыры — тарих.

Атам мен нағашы атам. 2024 жыл

Атам мен нағашы атам. 2024 жыл

Атам мен нағашы атам 60 жылдан кейін туған жері Қытайға барып, сағынышын басып қайтты. 2024 жыл

Атам мен нағашы атам 60 жылдан кейін туған жері Қытайға барып, сағынышын басып қайтты. 2024 жыл

Гүлназ Қадыржан

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ