Константинополь құлағаннан кейін ислам әлемінің тағдыры шайқас даласында ғана емес, саясаттың бағыт-бағдарын анықтаған сәуегейліктер аренасында да шешіліп жатты. Османдар мен мәмлүктер хақ діннің қорғаны деп аталу үшін өзара шайқасты, әрі бұл бұқара халық қиямет-қайым жақындады деп сенген өліара шақта болған тайталас еді. Шайқас даласында алғашқы оқ атылғанға дейін-ақ басымдық «көріпкелдіктер мен көктен түскен аяндар» арқылы болашақ жеңісінің дақпыртын жая алған тарапқа қарай ауып отырған.
Мардж-Дабиқ: оқ атылмай-ақ орнаған жеңіс
16-ғасырдың басында күллі Таяу Шығыстың тағдыры қазіргі Сирия аумағындағы Дабиқ даласында, яғни Осман сұлтаны I Селимi1512–1520 мен Мысыр сұлтаны Қансух әл-Ғауриi
1501–1516 әскерлері қарсы тұрған Мардж-Дабиқта шешілді. Бұл шайқаста жеңіске жеткен тарап, яғни қос түркі мемлекетінің (Османдар мен Мәмлүктер) бірі ислам әлеміне өз билік үлгісін таңар еді. Осынау діни және саяси дағдарыс тереңдеген тұста аймақ саясатында Арнольд Тойнби «сиқырлы билік» деп атаған құбылыс шешуші факторға айналды. Қай тарап Еуропадағы «ғажайып жасайтын патшалар» (Марк Блок) секілді өзін «Құдайдың жер бетіндегі көлеңкесі» деп жариялап, соған ел-жұртты сендіре алса, жеңіс соның уысына түспек еді.
Айта кетерлігі, бұл тұста экономиканың әлсіреуі мәмлүктердің жылдар бойы қалыптасқан жағымды бейнесін шытыната бастаған. Мысырлық сопы Абд әл-Уаххаб әш-Шаарани әмірлер билігінің әлсірегенін «Құдайдың қолдауы Мысырды тастап кеткенінің» белгісі деп біліп, Алла Тағала «солтүстіктен жаңа билеуші әкеле жатыр» деп жар салды. Және бұлай дейтін жалғыз ол емес еді: Каир мен Шам шаһарындағы (Димашқ/Дамаскі) мистиктер арасында «әне-міне әлем оңалады» деген әңгіме желдей есті.
Бұл кезде араб дүниесі интеллектуалдық әрі эмоциялық тұрғыда түрік ықпалына, яғни «османшылдық» деп аталатын ағымға тартыла берді. II Мехметтіңi1444–1446 және 1451–1481 жылдары билік құрған жеңістері Мұхаммед пайғамбардың Константинопольді алатын «қасиетті қолбасшы мен әскер» жайлы хадисінің тірі дәлеліндей қабылданды. Осы сәуегейлік орындалғандықтан, демек, сүнниттерді исламның барша жауына, алдымен христиан Батыс пен шиит Шығысқа қарсы бастап жүру Осман әулетінің пешенесіне жазылған деген сенім туды.
Сауда айлақтарында Осман мемлекетінің «Пайғамбар заңын португал кресінен қорғау» туралы манифестері оқылатын, ал шұға сататын дүкендерде Иранның «діннен безгендерін» — «қызылбас» шииттерді тәубесіне келтіру түріктердің ғана қолынан келеді деген сөз желдей есті. Мәмлүктер күйрей жеңіліп жатқан кездері Константинопольдің бейнесі «ғази» (кәпірлермен соғысатын жауынгер) мен сопылық тақуалық арасындағы мінсіз үйлесім болып көріне бастады.

Джентиле Беллини салған ІІ Мехмет сұлтанның портреті. 1480 жыл / Wikimedia Commons Gentile
Осылайша, сыртқы қысым мен мәмлүк қоғамының іштен титықтағаны қосыла келе мистикаға бас ұруға қолайлы жағдай туғызды. Бұл көңіл-күйдің өзегі біреу-ақ еді: бүгінгі нәубеттер күнәһар билеушілердің кесірі деп саналды. Сәуегейліктер көмегімен қарапайым қала тұрғындары үрейін үмітке, ал үмітін жаңа саяси бағдарға жалғады. Ақыры, Дабиқ даласында алғашқы оқ атылмай тұрып-ақ, мәмлүктердің насихаттағы дағдарысы Осман идеясының жеңісіне айналды.
Константинопольдің құлауы және исламдағы ақырзаман
Ғасырлар бойы Византия империясының ежелгі астанасы Константинополь — мұсылман әлеміндегі ақырзаман жайлы сәуегейліктің негізгі элементтерінің бірі болды. Хадистерге сәйкес, қиямет-қайым алдында ислам әскерлері мен «Рум», яғни христиан әлемінің күштері арасында шешуші шайқас дәл осы жерде өтуге тиіс болатын. Кейбір риуаяттар мұсылмандар бұл қалаға мүлде соғыссыз кіреді десе, енді біреулерінде Константинополь құлардан бұрын «Тажал», яғни мұсылман дәстүріндегі Антихрист келеді және одан кейін ислам эсхатологиясындағы құтқарушы мессия — «Мәді» шығады дейтін.
Ахмад ибн Ханбалдыңi855 ж. қайтыс болған «Мүснад» жинағында мынадай хадис бар: «Сендер Константинопольді бағындырасыңдар, ол сөзсіз. Сол билеушінің де, сол әскердің де даңқы асады!» Сондықтан да қала құлаған сәттен бастап-ақ, әсіресе сұлтан сарайындағы осман авторлары бұл оқиғаны сәуегейліктің орындалғаны деп түсіндірді. II Мехмет сұлтан сол аңыздарда айтылатын «даңқы асқан билеуші» деп танылды, ал оның әскері «даңқы асқан әскер» деп мойындалды. Сондықтан тарихта оның Фатих — «Жаулаушы» деген лақап аты орнығып қалды.

Ахмад ибн Ханбал. Осман қолжазбасынан миниатюра. 1585–1590 жылдар арасы / Wikimedia Commons
Түрік тарихшысы Феридун Эмедженнің айтуынша, Ыстанбұлдағы «ақырзаман әне-міне төніп келеді» деген зұлматты жорамал сол дәуірде кең тараған құбылыс екен. Константинопольдің өзі-ақ ақырзаманның символына айналып, ондағы кез келген әскери әрекетке метафизикалық мән даритын. Қала қирап не толық қаңырап қалуы төніп келе жатқан зұлматтың айқын белгісі деп қабылдануы мүмкін еді. Алайда осман сұлтандары, әсіресе II Мехмет сол сәуегейліктің өңін айналдырмақ болды.
Ол қаланы толық қиратуға жол бермей, оған қоса, өзін ежелгі сәуегейлікті орындаушы деп жариялады: Константинопольді жаулап алу арқылы ол Қиямет күнін жақындатпақ түгілі, оны керісінше кейінге шегеріп, қалаға жаңа міндет жүктеді. Жаулап алынғаннан кейін Ыстанбұл Осман сұлтанының жаңа резиденциясы деп жарияланып, империя астанасына айналды.

«ІІ Мехмет сұлтанның Константинопольге кіруі», Фаусто Зонароның (1854–1929) картинасы / Wikimedia Commons
ІІ Мехмет Мысырдың мәмлүк сұлтаны мен Қара Қойлы (Қара Қоюнлы) мемлекетінің шиит билеушісіне жолдаған екі жеңіс жарлығында да ақырзаман туралы хадистерді келтіреді. Хадистен ІІ Мехметтің мақсатына сай болатындай етіп шала-шарпы үзінділер алынып, ислам әлеміндегі ежелгі сәуегейліктерге жаңа тарихи мән үстелген. Хадистен алынған алғашқы дәйексөз мынадай еді:
«Олар қылыштарын зәйтүн ағаштарына іліп қойса да, Константинопольді жаулап алып, соғыс олжасын бөліске салды».
Келесі дәйексөз — алғашқысының ықшамдалған нұсқасы:
«Олар соғыс олжасын бөліске салғанда, Константинополь жаулап алынады».
Бұл хаттарға келген жауаптарға айрықша назар аударсақ керек. Мәмлүк сұлтанының жолдауында хадиске тікелей сілтеме жасалмаса да, оның «Алланың елшісінің жаулары — Бану Асфарды (бас идіріп) қорлау» деген сөзінің мәні бөлек. Ислами дәстүрде «Бану Асфар» (мағынасы — «сарының ұлдары») деп христиандар, яғни ақырзаман туралы аңыздардағы мұсылмандардың архетип қарсыластары аталған. Сөйтіп, көне сәуегейліктерге тікелей сілтеме жасамай-ақ, мәмлүк билеушісі Османдардың Константинопольді — «ислам жауларының қаласын» жаулап алғанын киелі мәні бар жеңіс деп мойындады.

Жан Ле Тавернье, «Константинопольді қоршауға алу». 15-ғасырдың екінші жартысы / Wikimedia Commons
Сандар мен әріптер мистикасы
Осман басқыншылығын қайта түйсінуде әріп пен сандар символикасына сүйенетін «жафр» атаулы шығармалардың орны бөлек. 1470 жылдары жазылған космографиялық трактат «Дүрр-и мекнүн» («Жасырын інжу») мәтінінде мынадай бір болжам айтылады: «Румға билік жүргізетін адам — сақалы жоқ жас жігіт болады… Оның есімінде екі мим бар: бірі — басында, бірі — ортасында». Мұндағы мим — араб әрпі, ол шын мәнінде ІІ Мехмет сұлтанның есімінде екі рет кездеседі. Трактат авторлары бұл адамды «қияметтің патшасы» деп танығанын жасырмайды: оның бейнесінен олар Qaf (арабша қайсар не кесарь сөзінің алғашқы әрпі) есімді жаңа Кесарьді көрді. Осы Кесарьдің билігі заманақыр алдындағы соңғы дәуірдің басталуын білдіреді деп саналды.
Осы мәтінде тағы бір сәуегейлік айтылады: «Жаһанжах есімді адам билікке келмейінше қиямет сағаты соқпайды». Алайда трактаттың авторы оқырманға бұл жұмбақты шешудің кілтін өзі ұсынады. «Әбжад» жүйесіндегі (әріптердің сандық мәні) есептеулер арқылы ол ақыры бұл сөзді «Шаханшах» — иранның «патшалардың патшасы» титулы деп оқу керек деген қорытындыға келеді. Мұның бәрінен шығатын мағына — Осман сұлтандары Ыстанбұлды ақырзаман жайлы зұлматты сәуегейліктерден арашалап қана қоймай, ислам әлемінде тәртіп орнату арқылы қиямет күнінің өзін кейінге шегерді.

Жаулаушы ІІ Мехметтің қос тілді (осман және шағатай) «Фетихнамесі» (Жеңіс туралы жарлығы), Отлукбели шайқасынан кейін жазылған / Wikimedia Commons
Тіпті сұлтанның саяси қарсыластарының өзі ақырзаман жайлы аңыздардан орын тапқан еді. Мысалы, онда «Дүрр-и мекнүнде» «зұлым sin»iараб әліпбиіндегі тағы бір әріп есімі аталады. Бұл бейне алғашқы түрікмен сұлтаны, шиит болған Ақ Қойынлы Ұзын Хасанменi
1453–1478 сәйкес келетіндей етіп сипатталған және оны османдарды құртып жібере жаздайтын құзғын күш деп көрсеткен. 1473 жылғы Отлукбели шайқасында ІІ Мехмет Ұзын Хасанды ойсырата жеңгені жақсылық пен жамандықтың көктегі шайқасымен парапар деп түсіндірілді; сол шайқастан кейін ислам аман қалып, Мәді келетін уақыт ұзартылды деп қабылданды.
Сөйтіп, 15-ғасырдағы мәтіндерде Константинопольдің жаулап алынғаны жай ғана бір әскердің екіншіні жеңгені емес, таңғажайып құбылыс әрі көктен берілген нышан деп қабылданды. Османдар солайша дүниедегі әр есім мен әр әріп, көкте көрінген әр белгі адамзат тарихы баяғыда жазылып қойған жазмыш сценарийіне сәйкес жүреді дейтін сәуегейлік әлемінен ойып тұрып орын алды.
Араб жерлерін жаулап алатын түрік туралы аян
Бұл кезде мәмлүктер билеп отырған Мысырда «османшыл» көңіл-күй сопылық дәстүрге кіріктірілген мистикалық-саяси сәуегейліктер түрінде көрініс тапты. Осы ағымның ең маңызды мәтіндерінің бірі — атақты мистик Ибн Арабигеi1240 ж. қайтыс болған телінетін қиямет-қайым туралы трактат — «Шәжарат ән-Нұғмания» («Нұғман ағашы») болатын. Оның есімі Сирия мен күллі мұсылман әлемінің тағдырымен қатар өрілді.

Мәмлүк сұлтаны Қансух әл-Ғауридің басын І Селимге ұсыну. «Хүнернаме» («Ерліктер кітабы») қолжазбасынан. 1584 жыл / Wikimedia Commons
Трактаттағы тағы бір сәуегейлікте былай делінеді:
«Ақырзаман болғанда Осман әулетінен шыққан салауатты да ізгі адам Арабия түбегін билеуі тиіс. «qaf ‘ala qaf»… үшін «йа» мен «ра» әріптеріне салауат айтыңдар… Мәді келмей тұрып, ол екі киелі мекен мен араб жерлерінің бәрін өз билігіне алады».
«Селим» (немесе арабша salim) сөзі «салауатты», «сау-саламат» дегенді білдіреді, ал мәтінде шифрланған «йа» (10) және «ра» (200) әріптерінің сандық мәні — 210. Егер осыны хижра жыл санауы бойынша Осман әулетінің негізі қаланған делінетін 668 жылға қоссақ, 878 санын аламыз, яғни григориан күнтізбесі бойынша 1473 жыл. Дәл сол жылы сұлтан ІІ Мехмет Отлукбели түбінде Ақ Қойынлы Ұзын Хасанды күйретіп, маңызды жеңіске жеткен еді.

Отлукбели шайқасы. Осман миниатюрасы. 16-ғасырдың соңы / Wikimedia Commons
«qaf ʿala qaf» (қаф пен қаф) тіркесі, шамасы, ІІ Мехмет Константинопольді жаулап алғаннан кейін иеленген Византия императорының титулы «қайсар» мен мәмлүк сұлтаны Қайт Бей (оның да есімі қаф әрпінен басталады) арасындағы текетіресті меңзесе керек. Ал «екі киелі мекен» дегені — Селимнің Сирия жорығынан кейін Османдардың қол астына өткен Мекке мен Мәдина екені сөзсіз.

Даниэл Хопфер. 16-ғасырдың басындағы мәмлүк салт аттылары. Британ мұражайы, шамамен 1526–1536 жылдар / Wikimedia Commons
15-ғасырдың аяғына қарай жатжерлік жауынгерлер — мәмлүктер Мысырды, Сирияны, Мекке мен Мәдинаны бақылап ұстағанымен, олардың «екі киелі мекенге қамқорлығы» біртіндеп әлсірей бастады. Мысыр Үнді мұхиты мен Қызыл теңізде қаржы керуендерін португал шабуылдарынан қорғай алмайтын халге жетті. Мысыр сұлтандары Сирия мен Ирактағы шииттер экспансиясын да тоқтата алмады. Осы арада РумдыiКіші Азияны мекендеген түркі халықтарының жауынгерлік дәстүрін және әділ билеуші туралы сопылық идеалды мұра еткен Осман империясы әлемге әлдеқайда тартымды бейне ұсынды.
Османдардың «билік сиқыры»
Османдар сұлтанды «Құдайдың ықыласы түкен» билеуші ретінде насихаттауы бекер емес. 1453 жылы Константинополь жаулап алынғаннан кейін ислам әлеміне тереңдеп ене берген Османдар ежелгі сәуегейлікті орындаушылар әрі ислам дінінің қорғаны ретінде танылды.
Мәмлүктер бұған өзінің «екі киелі мекеннің қызметшісі»iХадим әл-Харамайн әш-Шарифайн деген мәртебесіне сүйеніп, османдарға қарсы сүннит көпшілікті жұмылдыруға тырысты. Алайда олардың діни-саяси дискурсы қоғамның талап-тілегінен әлдеқашан қалып қойған еді. Мысыр жылнамашылары бұл кезде сұлтанат моральдық жағынан ыдырап кетті деп мойындайды: уәде етілген заңға сүйенетін тәртіптің орнына жемқорлық пен зорлық-зомбылық үстемдік құрды, ал кедейлік қамытынан шаршаған шаруалар «әділетті түріктерге» үміт артып, солтүстікке қарайлай берді.

Констанцо Феррара. Мехметті «Византия императоры» деп көрсеткен медальон. 1481 жыл / Wikimedia Commons
Ал мұның бәрі сол кезгі Осман астанасы Едірнеде басталды — II Мұрат сұлтанi1421–1444 және 1446–1451 жылдары билік еткен мұрагері ІІ Мехмет символдық басымдығын насихаттауды жүйелі түрде қолға алды. Өз шежіресіне ол селжұқтарды ғана емес, дін жолындағы жауынгерлер — ғазиларды да енгізіп, дінсіздерге қарсы «исламның семсері» рөлі дәл Османдарға бұйырғанын айқындай түсті. Венгр шебері Урбан оған «ғажайып зеңбіректер» құйып берді; йенишер (янычар) әскерлері от қаруды меңгеріп, жеңбей қоймайтын исламның жанды «белгісіне» айналды. Техника жаңалықтарының өзін құдайдан түскен рақымның дәлелі деп көрсете алатын Сұлтанның өзін жалпы жұрт Тойнби айтқан «сиқырлы биліктің» иесі ретінде тани бастады.
Осылайша, 16-ғасырдың басындағы идеялық басымдық Ыстанбұл жағында болды. Османдар «ғажайып жасайтын патша» культін ханафилік құқық доктринасымен әрі Константинопольдің басып алынуы туралы сәуегейлікпен шебер ұштастыра алды. Ал мәмлүктер билеп отырған Мысыр, керісінше, қорғану дискурсынан шыға алмай, әлемге не тың идеология, не сенімді келешек ұсына алмады. Сондықтан Мардж-Дабиқ түбіндегі мәмлүктер мен османдар арасындағы шешуші шайқастың әскери ғана емес, символдық та сипаты болды: бұл — биліктің екі бейнесінің қақтығысы еді және қайсысының «сиқыры» күштірек болса, сол жеңіске жетті.

