БУЦЕФАЛ

Құрметіне тұтас қаланың аты берілген, Александр Македонскийдің жылқысы - Буцефал

Ескендір Зұлқайнарын. Мозаика фрагменті. Помпейдегі Фавн үйі. б.д.д. 1 ғасыр/Wikimedia Commons

Тарихи жазбалар мен халық дәстүрінде жиі аталатын ең атақты жануарлардың бірі — ұлы патша және қолбасшы Александр Македонскийдің жылқысы — Буцефал.

«Буцефал» сөзі грек сөзінің қос түбірінен тұрады және тура мағынасында «өгіздің басы» деп аударылады. Бұл атаудың бірнеше түсіндірмесі бар: кей авторлар бұл есімді жануардың асау мінезімен байланыстырса, кейбірі жылқының жамбасындағы таңбамен байланыстырады. Ежелгі тарихшылардың жазбаларында Буцефалдың бейнесі танымал болғанына қарамастан, мұндай сәйкессіздіктер оның өмір жолына тән дүние.

Атақты жылқының түр-сипаты дереккөздерде өте жетік сипатталған, басы ірі, қараторы келген деп жазылады. Кейбір мәтіндерде жылқыларда сирек кездесетін таңбалар (мысалы, маңдайындағы ақ жұлдыз) мен ерекше көк көзі туралы да баяндалады. Буцефалдың қай тұқымға тиесілі екені белгісіз, бірақ бірқатар тарихшылар оны бірнеше тұқымның қоспасы бар ақалтеке жылқысы деп санайды. Буцефал ерте заманнан жылқы шаруашылығымен танылған Балқан түбегінің солтүстігіндегі Фессалия жазығынан шыққаны белгілі.

Грек тарихшысы Арриан (б.з 1–2 ғғ.) Македония патшасының жылқысы отыз жыл өмір сүрген деп жазады. Буцефал өз иесіне ұзақ жыл қызмет етсе де, дереккөздерде оның өмірінің екі тұсы терең сипатталады, яғни оның иесімен алғашқы кездесуі және жылқының өлімге душар болған сәті.

Әйгілі жануардың шығу тегі туралы кемінде екі нұсқа бар. Оның ең танымалы ежелгі грек тарихшысы Плутхарға тиесілі (б.з 1–2 ғғ). Өзінің «Салыстырмалы өмір сипаттары» атты еңбегінде автор Буцефалды Александр Филипп II-нің әкесіне Фессалия көпесі Филоник сыйлағанын айтады. Тарихшы жылқы үшін көпес 13 талант (300 келіден астам күміс!) сұрағанын жазады. Бірақ Македония патшасы жылқыны сатып алуға асықпапты, жануар тым шымыр еді әрі өзін бағындырғысы келгеннің бәрін асаулықпен қағып тастайтын.

Дәл сол кезде, Плутарх айтқандай, болашақ жауынгер патша мен Буцефалдың кездесу сәті болады. Он екі жасар тақ мұрагері асау жануарды тежеуді өз қолына алады. «Александр асау жылқының жалына жармасып, тізгінінен ұстап, басын күнге бұрды: ол аттың алдында көлбең қағып тұрған көлеңкеден үркіп тұрғанын байқаса керек. Біраз уақыт Александр жылқыны жалынан сипап, оның қасында жүрді. Буцефалдың сабырға келіп, терең тыныстағанына көзі жеткен Александр үстіндегі плащын тастай салып, жылқының үстіне жеп-жеңіл қарғып мінді… «Әрі қарай, Плутарх македониялықтардың таңғалғандарын әрі Филипп ІІ-нің: «Балам, өз патшалығыңды ізде, әйтпесе Македония сен үшін тым тар!», – деген сәуегейлік сөзін келтіреді.

Танымал сюжеттің басқа нұсқасы «Александр туралы» романда жазылған. Бұл дереккөз бірнеше рет көшіріліп, ал бастапқы мәтіні (б.з.б. 1–2 ғ.) біздің уақытқа жетпеген. «Тарих» Буцефалдың шығу тегін македониялық дейді әрі оны аңыздағы Пегаспен салыстыра отырып, оған таңғажайып қасиеттерді үстейді. Мәтінде сондай-ақ өгіздің басы бейнеленген таңбасы бар жылқы мінген адамды ұлы даңқ әрі билікпен марапаттайтын Дельфий оракулының сәуегей сөзі де бар.

Қайткен күнде, аңыздың екі нұсқасында да Буцефал болашақ әлем билеушісінің билігінен хабар беретіндей. Жылқыны қолға үйрету өзінше бір сынақ, ырым рәсімі сияқты көрінеді. Кейбір сюжеттерде Александр мен оның адал серігінің арасында тығыз байланыстың болуы заңды. «Александр Македонский тарихының» кейбір нұсқаларында патша мен оның жылқысы жасты дейді, кейде тіпті олардың өлімі де тұспа-тұс келеді.

Буцефалдың өлімін сипаттау мәселесінде ежелгі авторлар мен кейінгі дәуір авторларының арасында сәйкестік жоқ. Бір деректерде жылқы отыз жасқа жетіп, өз ажалымен өледі. Алайда Александрдың серігі Онесикритке сілтеме жасаған Арриан ұсынған сюжет әлдеқайда кең таралған. Аталған нұсқаға сәйкес, Буцефал Александрдың Үнді жорығы кезінде (б.з.б. 326 ж.) Гидасп түбіндегі Пор патшамен болған шайқаста алған жарақатынан қаза табады.

Александрия, яғни Буцефалдың қаза тапқан жерінде Александр өз «серігінің» құрметіне тұтас қалаға атау бергені туралы сюжет те кең танылған. Өкінішке орай, бұл ежелгі қаланың орнын нақты анықтау қиын, себебі қала біздің күнге дейін сақталмаған. Кейбір дереккөздер елді мекен Гидасптың батыс жағалауында (қазіргі Джелум өзені, Пәкістандағы Индтің бір саласы) құрылған деп жазады. Алайда өзен ағысының бірнеше рет өзгеруіне және археологиялық материалдардың толық болмауына байланысты бұл дәлелдер зерттеушілерге қоныс орнын табуға жеткіліксіз.

Александрдың үнді жорығы оның Шығыстағы атышулы жорықтарының соңғы нүктесі болды. Адал серігінің өлімі хронологиялық тұрғыда қолбасшының соңғы жорықтарымен сәйкес келеді және кейбір ежелгі авторлар Македонияның Шығысты басып алу жорығын тоқтатуға түрткі болған себептердің бірі ретінде көреді. Қазіргі суық ақылды серік еткен зерттеушілер ежелгі автор әріптестерімен келіседі деу неғайбыл; алайда Шығыс жорығына байланысты әңгіменің өң бойы Александр Македонский мен Буцефалдың бір-бірінен бір елі ажырамай, тізе қосып жүрген бейнелері ақиқатқа жанасады. Ал Буцефалдың әлем тарихындағы ең танымал жылқы екені сөзсіз.

Буцефалды қолға үйретiп тұрған Ескендір. Фреска. Фарнезина вилласы. Рим, 1477-1549 жж. /Alamy

Не оқуға болады?

1. Плутарх. Сравнительные жизнеописания. — СПб.: Наука, 1994. — Т. 2.

2. Арриан. Поход Александра / Пер. с древнегреч. Сергеенко М. — М.: Миф, 1993.

3. Руф К.К. История Александра Македонского. С приложением сочинений Диодора, Юстина, Плутарха об Александре. — М.: Издательство МГУ, 1993.

4. Холл, Джеймс. Словарь сюжетов и символов в искусстве / Пер. с англ. и вступительная статья А. Майкапара. — М.: «Крон-пресс», 1996.

Сергей Никольский

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді