Билік туралы
Қолыңда билік барда сен абыройлы әрі қадірлі жансың, ал қызметтен кеткенде, ең жақсы дегенде келесі күні сені бәрі ұмытып кетеді.
Өз өмірім туралы
Егер де мен күнделік жазсам, оны оқу аса бір қызықты іс болмас еді. Отырыстар, жиналыстарда сөйлеу, іссапарлар... Күннен күнге, айдан айға, жылдан жылға осылай. Әрине, есте қалатын да және мүлде қуаныш әкелмейтін жайттар да болды. Мысалы, 1974 жылы Солтүстік Қазақстаннан оралғаннан кейін мен ауырып қалдым (инфаркт). Екі айдан кейін қалпыма келіп, тағы да бас көтерместен жұмысқа кірістім.
Ұлт және адамгершілік сипаттары туралы
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Сондықтан отандастарымыздың ұлты қандай болса да, игілікті істерін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Уақыт туралы
Әрине, уақытты кері бұру ешкімнің қолынан келмеген, бірақ оны жадымызда қайтара аламыз. Жылдар өтіп жатыр, бірақ, Құдайға шүкір, жадым жаңылдырмайды.
Цензура туралы
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен менің үнемі қарым-қатынасым болғанын бәрі де растайды, олармен араласқанда мен бұрын да ештеңені жасырған емеспін. Жақсыны да, жаманды да. Әрқашан да шындықты айтатынмын. Шындықты, шындықты және тек шындықты жазуды өтінетін едім. Жасыратыны жоқ, оның нәтижесінің көбінесе әбден бипаздалып, жылмита таралып, әдеміленіп шығатынына таңғалатынмын. Менің ойымша, мәселе тек қаһарлы цензурада ғана емес (өкінішке орай, цензура болды және орталықтың құпия нұсқауларына сәйкес жұмыс істеді, бұл жерде де жасыратын ештеңе жоқ, тіпті менің мақалаларым мен кітаптарымның барлығы қатаң цензураға ұшырайтын), сондай-ақ жеке адамның бас сауғалауында, өзінен өзі үркіп-қорқуында, азаматтық батылдығының болмауында жатыр. Қазір, әрине, бәрі де керемет батылданып кеткен, даусын қатты шығарып әрі әсерленіп, бірақ, өкінішке орай, бүлдіре сөйлейді десе де болады.
Жалғыздық туралы
Өзіңді миллиондаған адамдардың, елдің, бүкіл достастықтың, тіпті ғаламшардың да тағдыры өздеріне қараған адамдардың өздері де түсінбейтін немесе түсінгісі келмейтін кезде мен де жалғыздықты сезінемін. Бұл жайында мен жоғарыда айтқан болатынмын. Бірақ, негізінен, шағым айту күпірлік болар еді. Дегенмен осы өмірдегі ең үлкен байлық пен бақыт — адамдар арасындағы қарым-қатынас деп ұлы француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери данышпандықпен дұрыс айтқан деп санаймын. Барлық деңгейлердегі қарым-қатынас. Қарапайым шопанның соншалықты кемеңгер бола алатынына, ал кез келген саяси көсемнің кейде ақылының қаншалықты таяз болатынына менің неше рет көзім жетті.
Өмірдегі мақсатым туралы
Мен ұзақ ғұмыр кештім, онда жақсылық та көп болды, жамандық та болды. Бірақ бұл — менің өмірім және мен өмірді жоспарлап жүрген бозбала кезімде алдыма қойған мақсатыма күш-қуатым мен қабілетімнің арқасында жеттім.
Ұстанымдарым туралы
Мен халқыма әрқашан адал қызмет еттім және соңғы сәтіме дейін қызмет ете беремін. Мені түрлі адамдар мен қатал мән-жайлар қаншалықты мәжбүрлесе де, мен ешкімге кек сақтаған жоқпын. Өзіме ұнамаса да, кез келген адамның өз пікіріне деген құқығын қашан да, қайда да құрметтеуге тырыстым. Алайда мен ет пен сүйектен жаралған тірі адаммын, сондықтан өмірде кейбір аса беделді адамдардың менің қадір-құрметімнен айырылған кездері болды. Өмір солай болса, қайтесіз. Басқалардың өміріндегі сияқты, менің өмірімде де қасіретті күндер болды, бірақ олардың бірде-бірін мен жадымнан сызып тастаған жоқпын және де ештеңеге өкінбеймін де, ешкімге өкпелемеймін де.
Өткен өмір туралы
Өткен өмірден ештеңені — жаманды да, жақсыны да жасыруға болмайды. Тек өткен жайттарды жүрдім-бардым емес, терең білу ғана бізді ертеңге апаратын тарихи жолымызда «тағдыршешті» қателіктерді жасамауға көмектеседі.
Горбачев туралы
Горбачев партия мен елді маркстік-лениндік ұстанымдарды басшылыққа ала отырып әрекет етуге уағыздады. «Біз өз ұстанымдарымыздан ешқандай себептерден бас тартпауға тиіспіз, – деді ол 1988 жылы КОКП ОК-нің ақпандағы пленумында». Ал содан кейін не болды? Ол сол кездің өзінде-ақ марксизм-ленинизмнің ең бітіспес қарсыластарының өзін толық құптап, қолдайтынына сеніп және ондай қолдауға іштен де, сырттан да ие болып, осы ұстанымдарды ел ішінде де, бүкіл әлемде де жерге көму үшін қолынан келгеннің бәрін жасады.
Тоталитаризм және КСРО-ның құлауы туралы
Таласатын кім бар: тоталитаризм өзінің барлық түрлері мен нұсқаларының шын мәнінде түбіне жетті. Кез келген құбылыс пен процестің, соның ішінде қоғамдық процестің де өз бастауы мен соңы бар. Сірә, болуға тиіс нәрсе болған шығар. Бірақ, әрине, ең әуелі еңбек адамына соққы болған дәл осындай жабайы түрде болмауы керек еді. Еңбек адамының қазіргі қор болған күйі мен ең мүшкіл халын ешқандай лепірме сөздермен ақтауға болмайды.
КСРО-ның даму кезеңдері туралы
Біріншісі — сталиндік кезең, алғашқы қаһармандық бесжылдықтардың, индустрияландырудың, ұжымдастырудың басталған кезі, Ұлы Отан соғысының басталуы мен аяқталуы, атом ғасырының басталуы. Бұл Сталиннің жеке басына табыну өркен жайған жылдар еді.
Екіншісі — КПСС-тің XX съезінен кейінгі кезең, Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеу, догматизмнің құрсауынан босату. Бұл көптеген мемлекеттік органдар таратылған кезең, кеңестік халық шаруашылықтарының құрылуы, ауыл шаруашылығы органдары құрылымының қиратылуы, адамның алғаш рет ғарышқа ұшуы, партияға қарсы топтың талқандалуы, түгелдей дара басшылық кезеңі. Бұл жылымық кезеңі және сонымен қатар Хрущевтің субъективизмі мен волюнтаризмінің кезеңі болды. Хрущев Сталиннен кеткенімен де, Ленинге сол күйі жете алмады.
Үшінші кезең — КОКП ОК-нің 1964 жылғы қазандағы пленумынан басталады. Хрущевтің жұмыстан босатылуы, билікке Брежневтің келуі және одан кейінгі, соңынан тоқырау заманы деп түбірінен қате аталған кезең, оған елді Андропов пен Черненконың шамалы уақыт басқаруы кіреді.
Төртінші кезең — Горбачевтің билікке келуі, қайта құру деп аталады. Бұл — жариялылық пен демократияландыру, «адам факторы» туралы даңғаза мағлұмдамаларды бүркеніп, жүгенсіздіктің етек алуы, кеңес халқының 70 жылда өткерген тарихи жолын аяусыз әрі әділетсіз сынға алу кезеңі.
Сталиннің тұсындағы Қазақстан туралы
Ал Қазақстанда әкімшілік-бюрократиялық лаңкестік үстемдік құрды. Адамдарды кулак ретінде жер аударып, концлагерлерге қамады, атып тастады. Республиканың Сталин тағайындаған бірінші басшысы Ф. И. Голощекин мен оның қолшоқпарлары шын мәнінде халықпен азаматтық соғыс жүргізді, мұны бәрі де жасырып бақты. Тек ондаған жылдар өткеннен соң ғана Қазақстанда 1929 жылдан 1933 жылға дейін бес жыл ішінде тек БМСБ желісі бойынша 3386 адамның ату жазасына кесілгені белгілі болды. Қанқұйлы геноцидтің нәтижесінде Қазақстан өз халқының жартысына жуығынан айырылды. Бұл орайда көптеген орыстар, украиндар, татарлар, немістер, белорустар, дүнгендер, басқа ұлттардың адамдары зардап шекті. Кремльдің озбырлығы адамдардың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін, өмір салтын, әдет-ғұрпын, тілін біртіндеп жоғалта бастауына әкелді.
Хо Ши Мин туралы
Шілде айының соңында партия, кеңес органдарының қызметімен танысу үшін республикаға халықаралық коммунистік және жұмысшы қозғалысының көрнекті қайраткері Хо Ши Мин келді. Бұл кезде Беляев қалада жоқ еді, демалыста болатын. Кәрібжанов екеуміз қонақты қарсы алып, оған қажетті жағдайдың бәрін жасадық. Сапар барысында Хо Шин Мин ұжымшарларды, кеңшарларды, бірқатар өнеркәсіп орындарын, Алматы қаласы мен облыстың мәдени мекемелерін аралады. Біз оның назарын тартқан мәселелер бойынша жиі-жиі және ұзақ әңгіме-дүкен құратынбыз. Аттанар алдында Хо Ши Мин үлкен хат жазып, Қазақстанмен танысуға өзіне мүмкіндік берілгені үшін алғысын білдірді. Мынадай жайтты айта кеткім келеді: Хо Ши Миннің елімізге келуіне байланысты оған осында болған кезде жұмсау үшін кеңес ақшасы табыс етілді. Бірақ сапар аяқталғаннан кейін Хо Ши Мин өзіне бір тиын да жұмсамастан ақшаны қайтарып берді. Міне, ол менің есімде осындай зиялы, тартымды және кемеңгер кейпінде қалды.
Партиялық тәртіп туралы
Партиялық тәртіп — қатаң талап, коммунист ретінде мен оны әрқашан партияның басты, біріктіруші күші ретінде қабылдадым.
Зейнет демалысы туралы
Зейнеткердің бос уақыты көп. Ал менің бос уақытым, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында республикадағы барлық олқылықтар мен кемшіліктердің себебі мен, бұрынғы ОК хатшысы болды деп күн сайын айтылып жатқанда көбейе түсті. Қоңырау шалғандар ілуде біреу болатын. Менің қызметтестерім, тіпті шәкірттерім де менің пәтерімді анадайдан орағытып өтетін. Олар «бұрынғы басшымен» ымыралас деп айыпталудан қорықты. Мұны еске түсіргенді ұнатпаймын, бірақ солай болған.
Сапарлар туралы
Жыл сайын мен Қазақстанның барлық облыстарына дерлік сапарға шығатынмын. Аудандарға, шаруашылықтарға, зауыттарға, құрылыстарға, ғылыми, емдеу мекемелеріне, базарларға, сауда нысандарына баратынмын.
Жер ауып келгендер туралы
Сталин қайтыс болғанға дейін жер ауып келгендерде ең қарапайым құқықтар да болған жоқ. Олардың тұрғылықты жерді таңдауына және жүріп-тұру еркіндігіне қатаң шек қойылатын. Осындай аса ауыр жағдайда қазақ халқы жер ауып келген кәрістерге, кейіннен басқа да жер ауған Еділ немістеріне, поляк, шешен, ингуш, түрік, грек, күрд халықтарының өкілдеріне мейірім мен қонақжайлық танытып, оларға ақылақтық және материалдық көмек көрсетті. Оларды ұжымшарлар мен кеңшарларға, өнеркәсіп орындары мен құрылыстарға жұмысқа орналастырды.
Наурыз туралы
Соңғы жылдары тамаша мереке — Наурыз мейрамы қайта жаңғырды. Тек бір нәрсені ғана түсіне алмаймын: неге оны республикамызда әр облыс, аудан, жекелеген ұйымдар көп уақыт бойы әртүрлі мезгілде, ал Орта Азия республикаларының халықтары бір күнде тойлап келді?
Халықтар туралы
Біз Қазақстанды жан-жақты дамытуда басқа халықтардың өкілдері, бірінші кезекте украиндар мен белорустар атқарған елеулі рөлді ешқашан кемсіткен емеспіз, керісінше, атап көрсетуге тырыстық. Оның мысалдары толып жатыр.
Ауғанстан мен Чехословакия туралы
Қазір жариялық дәуірі, сондықтан елдің бәрі 1968 жылы Чехословакияға, содан кейін 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізуге келісім берді деп Брежневті жаппай айыптауда. Ол келісім берді, бірақ оны бұл шешімдерді қабылдауға итермелеген, тіпті мәжбүрлеген күштер, аса қуатты күштер болды емес пе? Өйткені бұл белгілі мәскеулік топ еді ғой және баспасөзде тіпті олардың аты-жөні де көрсетілді.
Қазақстанның жастық шағы туралы
Қазақстан — жастардың республикасы.