Бағзы замандардан келе жатқан дәстүрлердің бесігі саналатын, алуан түрлі идеология, мәдениет һәм сенім тоғысып, мидай араласып кеткен Орталық Азия — ежелден бері алыс-жақын елдегі саяхатшылардың арман-қиялына айналған аймақ. Біздің өңірді аралаған бұл жандар жолжазбаларында әр кезде бейтарап деуге келмейтін, бірақ өзіне тән айрықша тұжырымдарын айтып, думанды базарлар мен көшпенділердің салт-дәстүрі, мәңгілік мәдени мұрасы туралы көрген-білгенін ортаға салады. Qalam арнайы мақалалар топтамасын жариялауды бастады: осындай саяхатшылардың аймақтың түрлі дәуірін қамтитын және көпқырлы келбетін айшықтайтын әңгімелері мен естеліктерінен үзінділер ұсынып отырамыз.
Ең тәтті жеміс-жидек өсетін аймақтың қайда екені жайлы дау мыңдаған жыл бойы жалғасып келеді. Мұны Мағрибтың 14-ғасырда өмір сүрген атақты саяхатшысы Ибн Баттутаның жазғаны да растайды. Ибн Баттута — Ибериядан11Иберия қазіргі Испания мен Португалия орналасқан Пиреней түбегін қамтыған аймақтың тарихи атауы Қытайға дейін бүкіл Еуразияны аралап шыққан адам. Алтын Ордадан Үндістанға бара жатқанда Орталық Азияға да жолы түсіпті.
Бұл сапарында саяхатшы қыпшақ даласын да кесіп өткен, Хорезм22Хорезм Орталық Азияның қазіргі Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанның аумағында болған, Әмударияның төменгі ағысы бойында орналасқан тарихи аймағы қалаларында да тоқтаған. Көрген-білгені жайлы Ибн Баттута түрлі мәліметке толы жазбалар қалдырыпты. Саяхатшыға ең қатты әсер еткен дүниелердің бірі — жергілікті тұрғындардың әртүрлі әдіспен жейтін қауыны болыпты.
Әлемніңiмұсылман әлемі шығысында да, батысында да Хорезм қауынына тең келері жоқ, онымен тек Бұқар қауыны бәсекелесе алады, одан кейінгі орында исфаһандық33Исфаһан Ирандағы қала қауын тұр. Хорезм қауынының қабығы жасыл, мәйегі қызыл, өте тәтті һәм қап-қатты болып келеді. Бір таңғалдыратыны, тура біздің інжір кептіргеніміз секілді, бұлар да қауынды бөліп-бөліп кесіп, күнге қақтап, қоржынға жинап қояды да, Хорезмнен Үндістан мен Қытайдың алыс қалаларына жеткізеді. Кепкен жеміс-жидектің арасында бұдан дәмдісі жоқ. Үндістанның Делиінде болған кезімде, саяхатшылар келіп жатса, біреу-міреуді осы кепкен қауын сатып алуға жіберетінмін. Үндістан патшасы өзіне бұйырғанын, қанша аз болса да, менімен бөлісетін, себебі бұл асты сүйсініп жейтінімді білуші еді. Патша жат жерліктерге елінде өсетін жеміс-жидек сыйлауды әдетке айналдырған адам болатын, осылайша оларға деген қамқорлығын көрсеткісі келетін.