ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ:

«Аштық жайлаған дала» кітабының авторы Сара Камеронмен сұхбат

~ 7 мин оқу
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ:

Коллаж / Qalam

Қазақстандағы 1930–1933 жылдардағы ашаршылық әлі де совет тарихының ең бір зұлматты, сөйте тұра, аз түйсінілген парақтарының бірі болып отыр. Сол нәубеттен қазақ халқының үштен бірі қырылып, онымен бірге сан ғасырлық көшпелі мәдениет те жоғалып кетті.

 

Америкалық тарихшы, «Аштық жайлаған дала» кітабының авторы Сара Камерон Qalam порталына берген сұхбатында 1930 жылдардың басындағы оқиғаларға ой жүгіртіп, әлі күнге біржақты жауабы табылмай келе жатқан сұраққа оралады: ашаршылық қасақана жасалды ма?

Сара Камерон / Qalam

Сара Камерон / Qalam

Қазақстандағы ашаршылықтың ССРО аумағындағы осындай өзге зұлматтардан айырмасы неде еді?

Қазақстандағы 1930–1933 жылдардағы ашаршылық совет дәуірінің ең ауыр, ауқымы да, сипаты да бөлек нәубеттерінің бірі болды. Айталық, Украинада аштан өлгендер саны көбірек болғанымен, ССРО өзге ешбір аймағында қырылғандардың жалпы халық санына шаққандағы үлесі Қазақстандағыдай көп болған жоқ. Мұнда өлік шықпаған үй қалмаған, әрі ашаршылық өзге совет елдеріндегіден ертерек — 1930 жылдың қысында-ақ басталып кеткен. Тағы бір маңызды сипаты — мұнда ашыққан — көшпенді халық. Бұл жақта ашаршылық тіршілігі малға қарап тұрған, далада еркін көшіп-қонып жүрген елді жайлады. Украинада диқандар мен шаруалар нәубет шегіп жатқанда, Қазақстанда аштық ғасырлар бойы табиғатпен үйлесімде өмір сүріп келе жатқан көшпелі қоғамға соққы болып тиді.

Бұл ашаршылықтың тағы бір маңызды сипаты — халықтың жаппай үдере көшуі болды. Не Украинада, не Совет одағының өзге бір елінде мұндай үркін көш болған емес. Зұлмат жайлаған жылдары алты миллион адамдай халқы бар республикадан миллионнан аса адам кеткен. Бұл бүкіл елдің басына нәубет болып, Қазақстанның өз ішіндегі ғана емес, одан шалғай аймақтардағы демография мен халықтың қоныстануына да әсер еткен жағдай болды. Әлі күнге дейін Қытайда, өзге елдерде тұрып келе жатқан қазақ диаспоралары да ол елдерге барған себебін дәл сол үркін көшке байланыстырып келеді.

Ашаршылық кезінде малдың қырылуы, 1934 жыл / Bridgeman images

Ашаршылық кезінде малдың қырылуы, 1934 жыл / Bridgeman images

Айналып келгенде, ашаршылық — Қазақстанның қазіргі тарихын қалыптастырған негізгі оқиғалардың бірі. Олай дейтініміздің басты себебі — адам шығыны. Қырылғандардың нақты саны әлі де бөлек зерттеуді қажет етіп келеді, әйтсе де бір жарым миллиондай адам аштан өлді деп нық сеніммен айтуға болар. Ал жағдайды этнос құрамына шағып қарастырсақ, тегі қазақ халықтың кемі үштен бірі және жалпы республика халқының бір ширегі қырылса керек. Қазақстан сол кездің өзінде-ақ көпұлтты ел болғанын ескерсек, бұл зұлмат жұрттың бәрін, тегің кім демей жалмағаны анық.

Сол нәубеттен кейін қазақтар көшпенді ел болудан қалды. Оған дейін қазақтың мәдениеті мен болмысының өзегі көшпелі өмір салты болатын. «Қазақ» деген сөздің өзі көп уақыт бойы «көшпенді» ұғымымен үндес қолданылып келгені де содан. Сондықтан отырықшылыққа көшкенде өмір салты ғана емес, тұтас дүниетаным мен болмыс та түбегейлі өзгерді. Ашаршылықтың ізі әр үйде, әр әулетте қалды: біреу жақынынан айырылды, енді біреу шекара асып, жат жерден пана іздеп босып кетті.

Мен «Аштық жайлаған дала» деген кітабымда қазақ қоғамы сол зұлматтан түгел жойылып кеткен жоқ деген ойды жеткізгім келді. Иә, бұл бір аса ауыр әрі жанға жара салған кезең болғаны рас. Әйткенмен мәдениет аман қалды. Мәскеу қазақы тіршіліктің көп қырын өшіруге тырысқанымен, бәрін түбегейлі жойып жібере алған жоқ.

Сара Камерон. Аштық жайлаған дала: ашаршылық, озбырлық және кеңестік Қазақстанды орнату

Сара Камерон. Аштық жайлаған дала: ашаршылық, озбырлық және кеңестік Қазақстанды орнату

Отырықшылық саясаты Қазақстанда жұрттың қырылуына сеп болды ма?

Совет билігінің отырықшылық саясаты қалайша жаппай қырғынға ұласқанын түсіну үшін алдымен ашаршылықтан нақты қанша адам көз жұмғанын анық білу керек. Украинада ғалымдар зұлматтың ауқымын егжей-тегжей зерттеп, әр аудандағы аштан өлгендердің нақты санын шығарып қойған. Ал Қазақстанда ондай деректер әлі де толық емес. Себебі ашаршылық жылдары миллиондаған адам елден көшіп кеткен. Бірі жолда қаза тапты, бірі өзге елде тұрақтап қалды, енді бірі кейін елге оралды. Сондықтан зұлматтың толық суретін қалыптастыру үшін Қазақстан мұрағаттарымен шектеліп қалмай, көрші елдер мен республикалардың демографиялық деректеріне де үңілу қажет — сонда ғана ол кезеңдегі халықтың көші-қонын нақты зерттеуге болады.

Осындай нақты деректерге сүйенген украиналық демографтар өкіметтің қай шешімдері қай өңірлерде өлім-жітім күрт артып кеткеніне түрткі болғанын анықтай алды. Өз зерттеулеріме сүйеніп, мен де Қазақстанда ашаршылықты ауырлатып жіберген нақты шараларды атауға тырыстым. Украинадағы жағдай сияқты, Қазақстанның да кей елді мекендері «қара тізімге» іліккен: бұл, шын мәнінде, азық-түліктен де, сырттан келетін көмектен де ажырап, толық оқшау қалу деген сөз. Жұрт дүниеден сырт қалғандай күй кешті. Бұдан бөлек, жағдайды ушықтырған өзге де шешімдер болды. Әр кезеңде өкімет республика шекарасын жауып тастап, халықтың кететін не қайтып келетін жолын үзіп тастап отырған. Мыңдаған адам аштық күннен күнге үдей түскен өңірлерде қамалып қалды.

Оған қоса, 1928 жылы басталған, қоғамның «кедей таптарын қанаушы» деп сипатталған ауқатты топтарға қарсы жүрген байларды кәмпескелеу науқанын да ерекше атап өткен жөн. Алайда көшпелі шаруашылық құрылымына тереңірек қарасақ, малдың көп бөлігі жеке адамдікі емес, ортақ меншікте болғаны аңғарылады. Аты байлардікі болғанымен, мыңғырған сол малға бір ауылдағы талай үйдің тірлігі қарап отырған. Әрине, жағдайды ушықтырған басты әрекет — көшпенділерді күштеп отырықшы өмірге көшірген ұжымдастыру болды. Өкімет бәрін бір мезетте істегісі келді: көшпенді жұртты отырықшы елге айналдырып, оларды бірден колхоздарға кіргізіп жібермек болды.

Байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезіндегі митинг. Қазақ АССР / РИА

Байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезіндегі митинг. Қазақ АССР / РИА

Қазақстандағы ашаршылық қасақана пиғылдың нәтижесі ме, мүлт кеткен қателіктің салдары ма?

Бұл сұраққа нақты жауап беру оңай емес. Өкіметтің кей шешімдері әдейі, қасақана жасалғаны анық. Басшылар отырықшылықты күштеп таңудың соңы адам шығынына ұласатынын білген. Зұлматтың ауқымы дәл осындай болады демеген шығар, алайда қатер көп екенін жақсы түсінген.

Көшпелі өмір салтын жою — ашық жарияланған мақсат болғаны сол кезеңдегі ресми құжаттар мен бұйрықтардан анық көрінеді. Әйтсе де өкімет болжай алмаған салдар да болды. Соның бірі — Мәскеудің экономикалық жоспарына қайшы жағдай — республикадағы малдың 90 пайызы қырылып қалғаны. Мұндай апатқа дұрыс жоспарламау, алысты болжай алмай, бір күндік шешімге байланып қалған ұстаным себеп болды: еркін жайылып жүрген мыңғырған малды тар қораға қамағаннан індет бұрқ ете қалатынын да, ашынған халық жан сақтаймын деп қалған малын өзі сойып ала бастайтынын да ешкім ескермеген.

Тағы бір тосын салдар — халықтың жаппай босып кеткені болды. Аштықтан қашқан миллиондаған адам үй-жайын тастап, үдере көшті. Бұл тікелей совет саясатының салдары еді. Аштықпен қатар індет те қоса жайлады. Адамдар әлсірегенде, індет тұтас республикаға жайылып кетті. Көп ұзамай жұмыс істейтін адам қалмай, колхоздар жұмыс күшінен тарыға бастады. Уақыт өте келе өкіметтің кей шешімдерінің салдары өкіметтің өзін де тығырыққа тіреді.

Қазақ отбасы. Шамамен 1932 жыл / КФҚД ОМА

Қазақ отбасы. Шамамен 1932 жыл / КФҚД ОМА

Ал бұл қасақана істелген әрекет пе деген мәселеге қайта оралсақ, бір жағдайды анық айтуға болады: қазақ мәдениеті мен көшпелі өмір салтын жою ниеті болғаны рас. Бұл жөнінде нақты дәлелдер жетерлік. Өкімет өз саясатының арты шығынға ұласатынын ұққан, соны ұға тұрып, сол қатерге әдейілеп аяқ басқан. Әйтсе де бүгінге дейін пікірталастың өзегінде тұрған басты сұрақ — қазақ халқын этнос тобы ретінде жойып жіберуді көздеген ниет болды ма, болмады ма? Ашаршылыққа баға бергендегі ең күрделі әрі ең даулы мәселе — осы.

Екі тұжырымды да жақтайтын деректер бар. Алайда мәселені қиындатып тұрған бір жайт — біз архивтердің бәріне толық қол жеткізе алмай отырмыз. Оның үстіне, Сталин мен оның төңірегіндегілер өз ниеттерін хатқа басып, тіркеп қалдыруға құлықты болмаған. Сондықтан тарихшылар оқиғалардың жалпы көрінісін уақыт сүзгісінен өтіп аман қалған сирек құжаттар мен сөздерге, оқшау әрекеттерге қарап құрастыруға мәжбүр.

Совет өкіметінің пиғылы қазақ даласындағы тіршілікпен тоғысқанда не болды?

Мәскеудің Қазақ даласына қатысты жоспары сондағы шындықпен беттескенде күйреп жатты. Совет шенеуніктері бұл жерді мүлде білмейтін. Бір жылы жауын-шашын көп жауса, енді бір жылы тамшы тамбай қалатынын, жердің құнары мен өзгермелі табиғи жағдайын да түсінбейтін. Ең бастысы — олар көшпелі өмір салтының мәнін ұғына алмаған. Бұл тіршілік салты маркс-ленин теориясына тән қалыптарға сыймайтын. Малмен бірге көшіп-қонған өмір салты да бір қарағанда бейберекет көрінгенімен, шынтуайтында, орнықты, ұйымдасқан әрі ішкі қисыны бар құрылым екенін олар тіпті түсінбеді.

Киіз үйдегі отбасы. «Түркістан альбомы». 1871–1872 жылдар / Конгресс кітапханасы, АҚШ

Киіз үйдегі отбасы. «Түркістан альбомы». 1871–1872 жылдар / Конгресс кітапханасы, АҚШ

Совет өкіметі алғаш рет көшпенді қазақтарды — дәл Ресейдің еуропалық бөлігіндегі отырықшы халық секілді санамақ болады. Алайда отырықшы елге арналған халық санағы тәсілі көшпенді жұртқа келгенде жарамай қалады. Картографтар жиналыстарда бір де бір елді мекен белгіленбеген карта көрсетіп жатқанда, біреу: «Бұл өңірде адам тұрмай ма?» деп сұрайды. Өйткені көшіп-қонып жүрген халықты қалай есепке аларын да ешкім білмеген. Сол құжаттардың өзі-ақ көп нәрсені аңғартады: совет шенеуніктері маркс-ленин идеологиясы мен ғылыми әдісті өзіне мүлде бейтаныс дала кеңістігі мен көшпелі өмір салтына икемдеуге тырысқан. Тек даланың өмір салты олардың түсінігіне сыймайтын.

Украинадағы аштықпен параллель жүргізуге бола ма?

Иә, Қазақстан мен Украинадағы аштық бір-біріне қатты ұқсас болғанын толық мойындаймын. Осы қос оқиғаға үңілген сайын, олардың арасындағы параллельдер анық көріне бастайды. Зерттеуімдегі ең маңызды тұжырымдардың бірі — Украина зерттеушілерінің көбінің пікіріне қайшы келген жайт: олар «қара тізімге» енгізу сияқты шаралар Украинада ғана қолданылған, сол себепті ондағы ашаршылықты геноцид деп тану керек деген уәжді алға тартқан. Алайда дәл осыған ұқсас әдістер Қазақстанда да қолданылған — мұнда да тұтас ауылдар мен елді мекендер «қара тізімге» іліккен.

1 / 2

Шын мәнінде, бұл екі зұлматтың арасында ортақ тұстар жұрт ойлағаннан әлдеқайда көп. Сондықтан маған салса, бұл оқиғаларға баға берудегі ұстаным бірізді болуға тиіс: бірін геноцид деп танысақ, екіншісін де солай тану керек; ал керісінше болса, екеуіне де солай қарау керек. Әйтсе де даусыз бір нәрсе бар — Қазақстандағы да, Украинадағы да ашаршылық адамзатқа қарсы жасалған ауыр қылмыстар еді.