СУЙ ЖӘНЕ ТАҢ ӘУЛЕТІ МЕН ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ

2-дәріс. Соғыс, дипломатия және сауда-саттық

~ 16 мин оқу
СУЙ ЖӘНЕ ТАҢ ӘУЛЕТІ МЕН ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ

Коллаж / Qalam

Қытайдың Суй және Таң империяларының Түрік қағанатымен қарым-қатынасын сөз еткенде, екі ортадағы толассыз шапқыншылықты ғана емес, достастық пен бәсекелестіктің күрделі жүйесін естен шығармаған абзал. Өйткені Орталық Азияға үстемдік жүргізуді көздеген әскерлер жан алысып, жан берісіп жатқанда, керуендер Жібек жолы бойымен әрі-бері ағылып, олармен бірге дін, технология мен өнер тараған болатын. Бұл көп ғасырға жалғасқан текетірес ақыр соңында Түрік қағанатын құлатып тынса, керісінше, Таң әулетінің әлеуеті асқақтап кетті. 

Қазақ-қытай қарым-қатынасына арналған курстың екінші дәрісінде профессор Нәбижан Мұқаметханұлы қытай әулеттерімен арадағы қақтығыста Түрік қағанатының Шығыс және Батыс деп екіге бөлінгені, арабтардың Орталық Азияға келуі аймақтағы күштердің арасалмағын қалай реттегені және қаңлы биінің Қытайдың сарай мәдениетіне қалай әсер еткені жөнінде айтып береді. 

Мазмұны

Қытайлар мен түркілер: әріден басталған араластық

Қытай тарихында Суй патшалығы (581–618 ж.ж.) мен Таң патшалығының (618–907 ж.ж.) орны айрықша. Әсіресе Таң династиясы тұсында қытай әлемдік алып империяға айналса, түркілердің де қоғамдық дамуы сол кезде биік деңгейге көтерілді. Түркілер туралы алғашқы жазба дерек «Чжоу шу»i«Чжоу патшалығы тарихы» немесе «Чжоунама» атты Қытай жылнамасында сақталғанi令孤德棻等 ( Ling Gu Defen және басқалар. 周书,异域下. 突厥. Zhou shu (Чжоу патшалығы тарихы. Жат өңірлер, 2-бөлім. Түркілер). — Beijing : Zhonghua shuju. 1997, 7 t., -485 p., -234 p. .

Түрік қағанаты / Qalam

Түрік қағанаты / Qalam

581 жылы Қытайда Суй патшалығы құрылған кезде-ақ Түрік қағанаты Орталық Азияны билеп-төстеп тұрған алып империя болатын. Әйтсе де қытайлар мен түркілер соған дейін де аралас-құралас болғаны бар. Қытайда өзара жауласып келген Солтүстік Чжоу мен Солтүстік Ци патшалықтары Түрік қағанатының әскери көмегіне үміттеніп, әрқайсы өз жағына тартуға тырысқан. Мысалы, 563 жылы қыркүйекте Солтүстік Чжоу патшалығы, 565 жылы мамырда Солтүстік Ци патшалығы Түрік қағанатына елші жіберіп, Мұқан қағанның қызына құда түсіп, бірінен бірі асырып қалыңмал ұсынған-ды.

Түркілер мен соғдылардың алқауындағы түркі ақсүйегі. Ань Цзя мазарындағы бедер, Сиань. Б.з. 6-ғасыры / Wikimedia Commons

Түркілер мен соғдылардың алқауындағы түркі ақсүйегі. Ань Цзя мазарындағы бедер, Сиань. Б.з. 6-ғасыры / Wikimedia Commons

572 жылы Мұқан қаған өліп, оның орнына інісі Таспар қаған отырды. Солтүстік Чжоу патшалығы Таспар қағанмен құдандалы болып, жыл сайын қисапсыз торғын-торқа беріп тұрады. Түркілердің шабуылынан қорыққан Солтүстік Ци патшалығы болса, оларға мол пара беріп отыратын. Қытайдың екі патшалығынан бірдей пайда көріп тұрған Таспар қаған:

«Менің оңтүстігімдегі екі баламiЧжоу мен Ци патшалықтары. — Автор өте қайырымды, мен қалайша кедейлік көрейін?!»iБұл да сонда. -235 p. деген екен. 

Одан ертерек тарихқа үңілсек, 220 жылы Шығыс Хань патшалығы ыдыраған соң Қытай елі бөлшектеніп, оның орнын басқан түрлі дербес мемлекеттер бір-бірімен тоқтаусыз соғыс жүргізген уақытта да түркілердің дәурені жүріп тұрған. Бұл жайында қытай ғалымы Ван Чжэлайдың:

«Әрқашан қытайлар іштей бөлшектеніп құлдыраған кезде, олар [түркілер] дамып, нығайып отырады»i王治来 (Wang Zhilai). 中亚史纲 (Zhong ya shi gang — Орталық Азия тарихы очеркі). — Changsha: Hunan jiaoyu chubanshe. 1986, -664 p., -185 p. деген тұжырымы тарихи шындыққа жанасады.

Қағанат қалай құрылды?

Түрік қағанаты — Ғұн империясының солтүстік-батыс өңірінде өсіп-өніп, тарих сахнасында соларды алмастырған көшпелі империя. Ал түркілердің тарихи сахнадан көріне бастаған кезі 540 жылдарға тұспа-тұс келеді. Қытай тарихшысы Ма Чаншоу:

«Түркілер — динлиндер немесе телэлердің ішіндегі бір бөлігі, нақтылап айтқанда, олар түркітілдес этностың ішіндегі бір тармағы»i马长寿 ( Ma Changshou). 突厥人和突厥汗国 (Tujue ren he Tujue hanguo — Түркілер мен Түрік қағанаты). — Guilin: Guangxi shufandaxue chubanshe. 2006, -1006-5 p.  деген тұжырым жасайды.

552 жылы түркілердің қолбасшысы Бумын қалың қолмен жужандарға шабуыл жасап, тас-талқанын шығарады. Ал жеңілген жужан ханы Анағүй өзін-өзі өлтірді. Бумын Түрік қағанатын құрып, «Ел қаған» атанғанымен, 553 жылы қайтыс болады. Баласы Қара әкесінің жолын жалғағанымен, ол да көп ұзамай өмірден өтеді де, інісі Иркін (Ицзинь) билікке келіп, Мұқан қаған атандыiМугань қаған, 553–572 ж.ж..

Жужан қағанатының өкілі. «Патшалар жиынынан» иллюстрация, шамамен б.з. 650 жылдары / Wikimedia Commons

Жужан қағанатының өкілі. «Патшалар жиынынан» иллюстрация, шамамен б.з. 650 жылдары / Wikimedia Commons

Қытай деректерінде Иркіннің келбеті ғажайып, көзі әйнектей жылтыр, мінезі қатаң әрі жорық үшін туған жандай болғаны айтылады.

«Ол батысындағы ябталиттерді жеңіп, шығысындағы қидандарды ығыстырды, солтүстігіндегі шигуларды (қырғыздарды) өзіне бағындырды. Ол айбарымен Ұлы қорғанның сыртындағы елдің бәрін тізе бүктірді. Оның иелігі  шығысы Лиаохайдың батысынан тартып, батысы СихайғаiБатыс теңізге — Арал теңізі. — Автор дейінгі түмен шақырым жер, оңтүстігі Құмдықтың теріскейі, солтүстігі Солтүстік теңізгеiБайқал көлі. — Автор дейінгі 5–6 мың лиi 1 ли — 500 м. жердің бәрін бағындырды»iZhou shu (Чжоу патшалығы тарихы). -234 p. деген мәліметтен Түрік қағанатының қанша аумақты алып жатқанын көреміз.

Ал астанасы Орхон өзеннің шығысындағы ӨтүкенiУтыкан, Utukan тауында орналасқан.

Түрік қағанатының қатал заңы

Тарихшылар Түрік қағанатын далалық құл иеленуші мемлекет деп санайды. Оларда жерге қатысты жекеменшік жүйесінің болғанын

«дамылсыз көшіп жүргенімен, әрқайсының өзіне тән иелік жерлері бар»iZhou shu (Чжоу патшалығы тарихы). -234 p.  деген қытай деректерінен көреміз.

Түркі қоғамындағы адам өмірі, тіпті жекеменшік мал-мүлік заңмен қатаң қорғалатын. Мәселен, қағанат заңында:

«Сатқындық жасағандар мен адам өлтіргендердің бәрі өлім жазасына кесіледі; әйел зорлағандардың мүшесі кесіліп, белі үзіледі; тұсаулы атты ұрлағандар өлім жазасына кесіледі; біреудің көзін шығарғандар қыз төлейді, қызы болмаса бір әйелдің құнын төлейді; төбелесіп біреудің аяқ-қолын сындырғандар оған жылқы төлейді; ат ұрлағандар он есе артық төлем төлейді»i魏徵 (Wei Zheng). 隋书.突厥 (Sui shu. Тujue — Суй патшалығы тарихы /Суйнама/. Түркілер.). — Beijing: Zhonghua shuju. 1997, 7 t., -485 p., -475 p.  деп жазылған.

Бұл заңды сол кездегі феодал қытайлар «өте қатыгез» деп бағалаған екен. Бірақ бұл түркі қоғамындағы саяси-құқықтық мәдениеттің дамығанын көрсетіп тұр.

Ян Цзянь, Суй династиясының негізін қалаушы императордың портреті (581–604 ж.ж. билік құрған) / Getty Images

Ян Цзянь, Суй династиясының негізін қалаушы императордың портреті (581–604 ж.ж. билік құрған) / Getty Images

Түрік қағанатының құрылым жүйесі жөнінде жазылған қытай деректерінде:

«Түркілердің ең жоғарғы басшысы «кехань — қаған», бейне ғұндардың тәңірқұты (шаньюйі) сияқты» дейді.

Ал олардың билік иерархиясы жөнінде:

«шенеуніктері — Ябғұ, одан кейін — Тегін, одан кейін — Елтебер, одан кейін — Тұтұқ (Тутунфа), одан төменгі кіші шенеуніктері 28 дәрежелі»iБұл да сонда.  деп жазған.

Бұдан Түрік қағанатының қоғамдық басқару құрылымының біршама жүйелі, қалыпқа түскенін байқаймыз.

Түрік қағанаты дамуының бірінші кезеңі 552–583 жылдар деп саналады. Мұның да өзіндік негізі бар. Солтүстік Чжоу патшалығынан шыққан Ян Цзянь күллі Қытайды біртұтастандырып, 581 жылы Суй патшалығын құрды. Содан бастап Қытай елі бірегейленіп, дами түсті де, Түрік қағанаты бөлшектеніп, құлдырауға бет алды. Өйткені Суй патшалығы Түрік қағанатына әскери шабуыл жасау және іштен бөлшектеп ыдырату стратегиясын қолданды. Әрине, түркі қоғамындағы ішкі алауыздық пен берекесіздіктер де олардың құлдырауына себеп болды.

Қақ жарылған қағанат

581 жылы түркілерге Шэту қаған болып, Ашбара-Термиш қаған аталды. Ол Солтүстік Чжоу әулетінің Чаньчжин ханшасынаiДа-и ханша деп те аталады үйленіп, сол ханшаның ақылымен 583 жылы Суй патшалығына шабуыл жасайды. Патшалық императоры оларға қарсы жойқын әскер аттандырып, Ұлы қорғанның сыртына шығып соққы береді. Байдау (қазіргі Ішкі Моңғолия, Хухо-хотоның батыс-солтүстігі) деген жерде Ашбара-Термиш қаған қолы ауыр жеңіліске ұшырап, бас сауғалап кетеді. Олар азық-түліктен тарығып, жұқпалы ауруға шалдығып, көп шығынға ұшырайды. Ал Лянчжоудан (қазіргі Ганьсудың Увэй ауданы) шабуылға шыққан қытай әскерлері түркі тағына үміткердің бірі, Мұқан қағанның төмен текті қызметшіден туған ұлы Апа қаған әскерлерін шабуылдап, жеңіске жетеді де, елші жіберіп, оны берілуге көндіреді.

Елшілермен бірге жүрген түркі салт аттылары. Б.з. 5–6 ғасыр аралығы / Wikimedia Commons

Елшілермен бірге жүрген түркі салт аттылары. Б.з. 5–6 ғасыр аралығы / Wikimedia Commons

Ашбара-Термиш қаған Байдаудағы соғыста жеңіліп қайтып келе жатқан жолында Апа қағанның Суй патшалығына берілгенін естіп ашуланып, солтүстіктегі оның ордасына шауып, оның ел-жұртын өзіне қосып алады, әрі анасын өлтіреді. Апа қаған Ұлы қорғаннан қайтып келерде барарға жер таппай, батысындағы Дарту қағанға барады. Дарту қаған оған қол жинап беріп, оны шығыс жақтағы еліне қайта жібереді, оның ру-тайпалары оған қайта қосылады, сонымен, әскері жүз мың адамға жетеді. Дарту қаған Ашбара-Термиш қаған әскерлерімен соғысып, өзінің көне жұртын қайтарып алады, сөйтіп, әскери күшін нығайта түседі. Бұл кезде бұрыннан бері Апа қағанмен дос болып келген Танхан қағанды Ашбара мансабынан айырып, оның елін өзіне қосып алған еді. Сонымен, Дарту, Апа және Танхан қағандар басқа да ру-тайпалардың басын қосып, Ашбараға қарсы тұрадыiSui shu. Тujue — Суй патшалығы тарихы. Түркілер. 7 t. -478 p. .

Афрасиаб қабырға суреттеріндегі ұзын бұрымды түркі сарай қызметкерлері.  «Елшілер залының» батыс қабырғасындағы өрнек, Самарқан. Б.з. 7-ғасыр ортасы / Wikimedia Commons

Афрасиаб қабырға суреттеріндегі ұзын бұрымды түркі сарай қызметкерлері. «Елшілер залының» батыс қабырғасындағы өрнек, Самарқан. Б.з. 7-ғасыр ортасы / Wikimedia Commons

Қытай тарихшылары сол оқиғалардың салдарынан Түрік қағанаты 583 жылы ресми түрде Шығыс және Батыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінді деп есептейді. Ал түркілер тарихын зерттеуші Сюэ Цзунчжэн: «Дербес Шығыс және Батыс Түрік қағанатының қалыптасуына өз іштеріндегі 20 жылдық (583–603 ж.ж.) соғыс әсерін тигізді»i薛宗正(Xue Zongzheng. 中亚内陆 大唐帝国 (Zhongyaneilu Da Tangdiguo — Азия ішкі құрлығындағы Ұлы Таң империясы). — Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы. 2005, -493 б., -10 б. дейді. Бірақ қазақстандық тарихшылар Түрік қағанаты 603 жылы екіге жарылды деп санағандықтан, бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.

Кім кінәлі?

Қағанаттың екіге бөлінуінің себеп-салдарын алыстан іздеуге бола ма, әлде оған ықпал еткен өзге де жағдайлар бар ма? Бір анығы, Суй патшалығы құрылғаннан бастап орда кеңесшісі Чан Суньчэн ұсынған «алыспен байланыс жасап, жақынға шабуыл жасау, күштілерді бөлшектеу» саясаты нәтижесін берді. Соның кесірінен түркілерде ішкі алауыздық пен қақтығыс өршіді. Чан Суньчэн кезінде Чэньчжинь ханшаны Түрік қағанатына ұзатып барғанда олардың қоғамдық-саяси жағдайын жан-жақты барлап келген болатын.

Дегенмен қытай тарихшысы Лин Ганьның пайымдауынша, Түрік қағанаты көшпелі экономиканың салдарынан екіге бөлінген. Экономикадағы әлсіздік пен тұрақсыздыққа қоса, саяси билігі де ұзақ уақыт мықты бола алмады. Мемлекет бірде тез өрлеп, бірде тез құлдырап отырғандықтан, әр аймақтағы жергілікті күштер Орталықтың басқаруынан қол үзіп, өз алдына өктем күшке айналды. Демек, экономикалық тығыз байланыс пен саяси қатаң жүйе кемшін түскендіктен, жоғары билеуші жергілікті шонжарларды бақылауында ұстай алмады.

Белгісіз түркінің бюсті. Б.з. 5–7 ғасыр аралығы. Афрасиаб, Самарқан / Wikimedia Commons

Белгісіз түркінің бюсті. Б.з. 5–7 ғасыр аралығы. Афрасиаб, Самарқан / Wikimedia Commons

Екіншіден, Түрік қағанатын басқарушы топ ішіндегі алауыздық болды. ЕстемиденiБумын қағанның інісі, жүз мың әскермен Батыс өңірдегі елдерді бағындырып, өзін хан деп жариялайды (562–576) бастап Түрік қағанатының батысында жартылай дербес билік қалыптасқан. Дарту қаған бастаған батыстық күштер мен Ашбара-Термиш қаған бастаған Орталық қаған ордасындағы күштер екі лагерьге бөлінді. Ол кезде Дартудың әскери әлеуеті басым болды, бірақ оның мәртебесі Орталықтың өкілі болған Ашбара-Термиш қағаннан төмен еді.

Түркі көсемімен бірге киіз үйде отырған соғды көпесі. Ань Цзя мазарындағы бедер, Сиань. Б.з. 6-ғасыры / Wikimedia Commons

Түркі көсемімен бірге киіз үйде отырған соғды көпесі. Ань Цзя мазарындағы бедер, Сиань. Б.з. 6-ғасыры / Wikimedia Commons

Бұл жағдайға Дарту наразы болады. Екеуара бақталастықты білген Чан Суньчэн «өзара наразылығын қоздырсақ, олар сөзсіз соғысады» деп пайымдаған. Алайда Суй патшалығының оларды арандатуы түркілердің Шығыс пен Батысқа бөлінуін тездеткен фактордың бірі болғанымен, ең маңыздысы сол деп айту қиын. Себебі мұндай арандатусыз-ақ түркілер сөзсіз бөлшектенетін едіi林幹(Lin Gan. 突厥史 (Tujueshi — Түрік тарихы). — Huhehaote: Neimenggu renmin chubanshe. 1988, -301p., 6–67 p. .

Ал француздық қытайтанушы Эдуар Шаванн болса, сол заманда қытайлар түркілерді арандату арқылы бақылауда ұстаған деп санайды: «Үнемі арандату арқылы олардың өзара күмән-күдігін қоздырып отырды. Сондай саясат — түркілердің тұрақты империя құруына кедергі болған басты фактор»iEdouard Chavannes. 西突厥史料(Xi tujueshiliao — Батыс Түрік тарихи деректері. Feng Chengjun қытайша аудармасы. — Beijing: Zhonghuashuju. 2004, -339 p., -110 p. .

Батыс Түрік қағанаты: Каспийден Байқалға дейін

Батыс Түрік қағанатының географиялық кеңістігі туралы жазылған нақты деректер бар. «Суй шуда»:

«Шығысы Дучжинь (Орхон), батысы Алтын таудан (Алтай тауы) өтіп, Күша, Телэ, Құмыл (Аратүрік) және Батыс өңірдегі варварлардыңi«олар аспан мен жердің ортасында орналасқан Чжунго (Zhong guo — Орталық мемлекет) боламыз, ал аспан мен жердің шет жағында тұрғандар — варварлар («Siyi» жабайылар немесе бұратаналар)» деп санайды. — Автор барлығы оларға тәуелді» деп жазылған.

Ал «Таң патшалығының көне тарихында»i«Цзю Таншу»: «Шығысы шығыс Түрік қағанатына дейін, батысы Каспий теңізіне дейін, оңтүстігі Шулэ (Қашғар), солтүстігі Байқалға дейін» деп айтылады. Бұл деректер «Таң патшалығының жаңа тарихында»i欧阳修 (Ou Yangxiu). 新唐书 (Xin Tangshu — Таң патшалығының жаңа тарихы, Жаңа Таңнама ). — Beijing: Zhonghua shuju. 1997, 12t., -1650 p., -1539 p. қайталанып жазылған.

Тегин шах (Sri Shahi), түркі шахилерінің билеушісі. Б.з. 679 жылынан соң соғылған теңге, Батыс Түрік қағанаты

Тегин шах (Sri Shahi), түркі шахилерінің билеушісі. Б.з. 679 жылынан соң соғылған теңге, Батыс Түрік қағанаты

Батыс Түрік қағанаты батыс өңірдегі — Орталық Азиядағы елдердің билеушілеріне мансап-лауазым тағайындау, олармен құдандалы болу арқылы басқару саясатын жүргізді. Әр елде өздерінің ұйымдық құрылымдары, әскери күштері, заң-ережелері болды. Яғни Батыс Түрік қағанаты құрамындағы елдерде өзін-өзі басқаруда айтарлықтай еркіндік болған. Сәйкесінше, әр ел көбіне өзінің әлеуетін нығайтуға тырысатын.

Суй патшалығы әдеттегідей Батыс түркілерге әскери шабуыл жасау мен іштей ыдырату саясатын жалғастырып, нәтижесінде Телэ тайпалары Батыс Түрік қағанатының үстемдігіне қарсы қарулы көтеріліске шықты. Бірақ бәрінде жеңіліске ұшырады. Алайда соның салдарынан Түрік қағанатының әлеуеті әлсіреді де, Суй патшалығының Батыс өңірге ықпалы арта түсті.

Таң патшалығының құрылуы

7-ғасырдың басында Суй патшалығының алып құрылыстар салуы және Кореяға қарсы соғыс ашуы қазынаның сарқылып, адамдардың қырылуына әкеп соқты. Оған қоса, құрғақшылық пен су апаты қатар жүріп, шаруалардың тұрмыс-тіршілігін тұралатып жіберді. Сөйтіп, 611 жылы Шаньдун провинциясында басталған шаруалар көтерілісі бүкіл елді шарпып, ақыры Суй патшалығының шаңырағы ортасына түсті. 618 жылы Ли Юань Таң патшалығын құрып, император атанды.

Ли Юань, Таң династиясының императоры. Мин династиясы дәуірінен жеткен портрет (1368–1644). Ұлттық сарай музейі, Тайбей / Wikimedia Commons

Ли Юань, Таң династиясының императоры. Мин династиясы дәуірінен жеткен портрет (1368–1644). Ұлттық сарай музейі, Тайбей / Wikimedia Commons

Осылайша, Таң династиясының дәуірі басталғанымен, алғашқы жылдары олар Шығыс Түрік қағанатының қысымына ұшырады. 626 жылы тамызда Ел қаған жүз мыңнан астам әскерін бастап Чан-ань қаласына жақын жердегі Вэйшуй өзенінің солтүстік жағасына жетіп, Таң патшалығына қауіп төндіреді. Жаңа таққа отырған Ли Ши-минь оның алдынан шығып, Ел қағанмен келіссөз жүргізіп, мәмілеге келіп қайтады. Алайда Шығыс Түрік қағанатының қалың қолы кері қайтысымен, ол түркілерге соғыс ашуға қызу дайындалады. 628 жылы Шығыс Түрік қағанаты құрамындағы Сір-янто тайпасымен байланыс орнатып, қағанаттың шығысын басқарып тұрған Түли қағанды өзіне қаратады. Ізін ала бірнеше түмен әскермен екі бағыттан шабуыл жасап, ақыры 630 жылы Шығыс Түрік қағанатын жояды.

Тайцзун (Ли Ши-минь), Таң династиясының императоры. Мин династиясы дәуірінен жеткен портрет (1368–1644). Ұлттық сарай музейі, Тайбей / Wikimedia Commons

Тайцзун (Ли Ши-минь), Таң династиясының императоры. Мин династиясы дәуірінен жеткен портрет (1368–1644). Ұлттық сарай музейі, Тайбей / Wikimedia Commons

Шығыс Түрік қағанатының жойылуы Батыс өңірдің саяси жағдайына айтарлықтай кері әсер етті. Батыс өңірдің шығысындағы Құмыл (Хами) аймағындағы жеті қала бұрын Батыс Түрік қағанатына қарап келсе, Шығыс Түрік қағанаты жойылғаннан кейін, олардың қожайыны өздігінен Таң патшалығына беріледі. Мұнда Таң империясы Иуы (Аратүрік — Құмыл) аймағын құрады. Ал олардың батысы, Тұрпан аймағында өзіне қарсы шыққан Едіқұт патшасын 640 жылы бағындырып, өз әскери-әкімшілік құрылымын орнатты. Осылайша, «батыс өңір» — Орталық Азияға ықпалын нығайтып отырды.

Тибет пен Таң әулеті: «батыс өңірге» талас

7-ғасырдың орта шенінде тибеттер өркен жайып, бірегей патшалыққа айналды. Олар да төңірегіне шапқыншылық жасап, Ганьсу провинциясының көп бөлігін иеленіп алады. 670 жылы тибеттер Батыс өңірге өкшелей кіріп, ақыр соңында Таң патшалығымен арада Орталық Азияға талас басталып кетті.

692 жылы қазан айында Таң патшалығының қалың қолы тибеттердің тас-талқанын шығарып, олар басып алған жерлерге өз бақылауын күшейтіп, мыңдаған әскерін орналастырады. Содан кейін қытайлар сыртқы саясатта тибеттерге соншалықты назар аудара қоймадыiDenis Twitchett. The Cambridge History of China Volume 3. Sui and T’ang China, 589–906, Part 1. London: Cambridge University Press, 1979. Қытайша аудармасы. — Beijing: Zhongguo shehuikexue chubanshe. 2020, -731 p., -33 p. .

Генерал Чжан Ичаоның 848 жылы тибеттіктерді жеңгенін әйгілейтін қабырғадағы сурет. Могао үңгірлер кешенінің 156-үңгірі, кейінгі Таң әулеті дәуірі. Ганьсу, Қытай / Wikimedia Commons

Генерал Чжан Ичаоның 848 жылы тибеттіктерді жеңгенін әйгілейтін қабырғадағы сурет. Могао үңгірлер кешенінің 156-үңгірі, кейінгі Таң әулеті дәуірі. Ганьсу, Қытай / Wikimedia Commons

Алайда тибеттер қарымта қайтаратын сәтті сарыла күткен еді. Мысалы, Қытайдағы Ань Лушань көтерілісі (703–757 ж.ж.) ұзаққа созылып, 755 жылы Таң патшалығы Батыс өңірдегі әскерлерінің көбін кері қайтарып, сол дүрбелеңді жаныштауға салды. Сөйтіп, Таң империясының Батыс өңірдегі әскери әлеуеті әлсірегенде тибеттер Батыс өңірге қайта кіріп, жиырмадан астам елге үстемдік орнатып, олардан алым-салық жинай бастады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің Таң патшалығымен байланыс жасауына кедергі келтірді. Бірақ Таң билігі 742–746 жылдар аралығында тибеттіктерге қарсы үш рет соғыс ашып, бірақ бәрінде жеңіліс табады. Тек 747 жылы ғана таң әскері жеңіске жетіп, тибет күштерін Орталық Азиядан ығыстырып тастайды. Сол жорықта Түркеш ханы, тибет басшысы мен Ташкент билеушісі тұтқындалып, патша ордасы Чан-аньге әкелінген болатын.

Талас шайқасы: араб пен қытай соғысы

8-ғасырдың орта шенінде Орталық Азияға енген араб күштері мұндағы Таң империясы күштеріне пәрменді қарсылық көрсетті. Ташкент билеушісі тұтқындалған кезде, оның қашып құтылған ұлы аймақтағы елдерге былай деген:

«Гао Чэнчжэніңiтибеттерді жазалауға аттанған қолбасшының бірі, тегі кәріс елді алдап-арбап, ашкөздікпен талан-таражыға салғанын әшкерелейді. Барлық варвар ашуланады, жасырын түрде араб әскерлерін бастап барыпiҚытай әскерлері тұрған, Төрт қалаға (Sizhen) шабуыл жасайды. Бұл хабарды естіген Гао Чэнчжэ вассалдардан үш түмен және қытайлардан үш түмен әскер жинап, араб әскерлеріне шабуыл жасау үшін жорыққа шығады. Олар 700 лиден астам жол жүріп, Талас қаласына келіп, араб әскерлерімен соғысады. Соғыс бес күнге жалғасады, қарлұқтар сатқындық жасап, арабтар жағына шығып, Таң әскерлеріне шабуыл жасайды, Гао Чэнчжэ ойсырай жеңіледі, әскерлері түгел қырылып, бірнеше мың адамы тірі қалады»i 司马光(Si Maguang. 资治通鉴 (Zizhitongjian — Билік ғибратнамасы). — Beijing: Zhonghua shuju. 1997, 2 t., -2480 p., -1755 p. .

Ал араб деректерінде: «Талас өзені бойындағы соғыста мұсылман әскерлері оларды жеңді, 50 мың адамды өлтіріп, 20 мың адамды тұтқындады, қалғандары өз еліне қашып кетті»i薛宗正 (Xue Zongzheng). 突厥稀见史料辑成 (Tujue xijian shiliao jicheng — Түркілер тарихына қатысты сирек кездесетін деректер жинағы). — Urimji: Xijiang renminchubanshe, 2005, -553p., -453p. деп жазылған. Профессор Ван Чжэлай: «Гао Чэнчжэ Ташкент патшасын жазалау үшін жасаған Талас өзені бойындағы соғыста 70 мың адамынан айырылды» деген дерек араб жазбаларымен үндеседі»iZhong ya shi gang — Орталық Азия тарихы очеркі. -278 p. дейді.

Таң династиясының жауынгерлері бейнеленген қабырғадағы сурет. Таң династиясы дәуірі (618–907 ж.ж.) / Getty Images

Таң династиясының жауынгерлері бейнеленген қабырғадағы сурет. Таң династиясы дәуірі (618–907 ж.ж.) / Getty Images

Бұл аса зор тарихи оқиға еді. Батыс зерттеушілерінің айтуынша, 8-ғасырдың орта шенінде арабтардың саяси үстемдігі және ислам дінінің позициясы Тоқарстанда, Мәуереннахр мен Ферғана аймақтарында мықтап орнықты. 751 жылы араб әскерлері Таң патшалығы әскерлерімен Таласта шайқасып, таң қолы ауыр жеңіліске ұшырады. Соның салдарынан қытайлықтар Дуньхуан мен Құмылдың (Аратүрік — Хамидың) батысын бақылауында ұстай алған жоқ едіiКонбриж. 33–34 б. .

Цяньлин мавзолейінің қабырғасында бейнеленген салт аттылар. Таң династиясының Цяньлин мавзолей кешені, Цянь уезі, Қытай / Getty Images

Цяньлин мавзолейінің қабырғасында бейнеленген салт аттылар. Таң династиясының Цяньлин мавзолей кешені, Цянь уезі, Қытай / Getty Images

751 жылғы шілде айында «Тараз (Талас) қаласына іргелес жатқан шағын ғана Атлах бекінісі маңында күллі Азия мен қазақ жері үшін тағдырлы шайқас болған еді. Ғалымдар мұны бірде «Талас шайқасы» деп жазса, бірде «Атлах шайқасы» деп айтады. Бұл алапат айқасты «Атлах-Талас шайқасы» деп атауды жөн көрдік»iДәуелхан Ә. Атлах-Талас шайқасына 1250 жыл // Хұн-Түрік-қазақ тарихын зерттеу мәселелері. — Алматы: Қазақпарат. 2005, -150 б., -126 б. дейді тарихшы Әлімғазы Дәулетханұлы. Расында бұл шайқастың тарихи маңызы өте орасан. Себебі Қытай күштері осы жолғы ауыр жеңілістен кейін Орталық Азиядан толық шегініп шыққан болатын.

Сауда-саттықтың жандануы

Дегенмен Қытайдың Суй және Таң патшалықтары мен Орталық Азия арасында сауда-экономикалық байланыстар ешқашан үзілген емес. Екіжақты сауда байланыстары негізінен Жібек жолы арқылы жолға қойылатын. Қытайдың тоқыма мата, фарфор ыдыс және металл бұйымдары Орталық Азияға әкелінсе, бұл жақтан жүзім, жоңышқа, жаңғақ (Hutao), сәбіз (Hu luobu) және басқа да өсімдіктер мен көкөністер Қытайға тарадыi张星烺 (Zhang Xinglang).中西交通史料汇编 (Zhong Xi jiaotong shiliao huibian — Қытай-Батыс қатынастарының тарихи материалдар жинағы). — Beijing: Zhonghua shuju. 1978, 4-кітап, -330 p., -32–39 p. .

Түйе мінген соғдылық. Таң дәуірінен жеткен қыш бұйым. Шанхай музейі / Wikimedia Commons

Түйе мінген соғдылық. Таң дәуірінен жеткен қыш бұйым. Шанхай музейі / Wikimedia Commons

Әсіресе Таң патшалығы мен Батыс Түрік қағанаты арасындағы жібек саудасы айтарлықтай дамыды. 629 жылы Таң империясының монахы Сюань Цзанның Үндістанға саяхатнамасында былай жазылған:

«Мыңбұлақтан батысқа қарай 140–150 ли жол жүріп Талас қаласына жеттік. Бұл қаланың айналасы 8–9 ли келеді. Онда әр елден келген көпестер мен хулар (соғдылар) бірге өмір сүреді»iР.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. 1-том. Ұлы Таң әулеті заманындағы батыс өлке туралы жазбалар. Аударып түсініктемесін жасаған — С.Сұңғатай. – Алматы: Дайк-Пресс. 2005, -396 б., -25 б. .

Ал 568 жылы Византия патшасы Батыс Түрік қағанатына жіберген Земарх бастаған делегацияның саяхатнамасында да нақты сипаттамалар жетерлік. Онда:

«Біз Естеми қағанның ордасына келдік. Земарх ұсыныс бойынша Естемимен сөйлесіп отырды. Земарх сыпайы, әдепті сөз сөйледі, Естеми де өте сыпайы жауап қайтарды. Содан кейін бірнеше күн киіз үйдің ішінде бізге үлкен қонақасы берді. Бұл киіз үйлер көздің жауын алатын жібек маталармен безендіріліпті. Оларда сусындық бар екен, бірақ біздікі сияқты шарап емес, ішкендері — өздері жасағанiқымыз ішімдік. Ертесі біз сол сияқты безендірілген, әртүрлі бедері бар шымылдықтармен әрленген киіз үйде бас қостық. Естеми алтынмен апталған патшаның үлкен тұғырына отырды, оның саптаяғы мен су ішетін тостағаны да сары алтын екен» делінген.

Сондай-ақ келіссөзде түркілер мен Византия арасында жібекпен тікелей сауда жүргізуі туралы сөз боладыi ҚРҒБМ Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты. Қазақстан тарихы. — Алматы: Атамұра. 1996, -544 б., -300 б. . Бұл деректерден Батыс Түрік қағанаты кезінде Тараз қаласының гүлденгенін және қытайлармен жібек саудасы өрлегенін көруге болады.

Орталық Азия өнері

Қытайдың Суй және Таң патшалықтары мен Орталық Азия елдері арасында мәдени байланыстар айтарлықтай жақсы дамыды. Себебі Сюань Цзанның аталмыш саяхатнамасынан рухани-мәдени байланыстар анық байқалады. Орталық Азия арқылы Қытайға тараған буддизм, зороастризм, манихеизм, несторианизм діндерін мысалға келтіруге болады. Бұл діндер ілгерінді-кейінді Үндістан және Парсыдан Орталық Азияға таралып, одан Қытайға жайылған болатын. Батыс тарихшылары осы сынды рухани алмасудан тыс, Орталық Азиядан музыка мен би, тіпті металдан жасалған бұйымдар, тағам жасау өнері де Қытайға тарады деп санайдыi The Cambridge History of China Volume 3. Sui and T’ang China, 589-906, Part 1. London, Cambridge University Press, 1979. Қытайша аудармасы. — Beijing: Zhongguo shehui kexue chubanshe. 2020, -731 p., -32 p. .

Расында, Орталық Азия өнері Қытайда жоғары бағаланған. «Суй шуда» Кайхуан жылнамасының алғашқы жылдарындаi581 ж. — Автор император жарлығымен жеті ән-би үйірмесі құрылды: ұлттық, Sheng xiang jiiбұл да ұлттық өнер. — Автор, корей, үнді, Бұқара, қашғар және қаңлы ән-би үйірмесі. Ал 612 жылы император Тан-ди Qingyue музыкасын, силян, үнді, қаңлы, шулы (қашғар), Бұқара, корей, либи сияқты тоғыз оркестр құрады. Сонымен қатар жылнамада мынадай деректер бар:

Сюй Сяньсю мазарының қабырғасындағы суреттер, мұнда люцинь мен пипа аспаптарын тартып тұрған музыкашы ерлер мен конхоу тартып отырған әйел бейнеленген. Тайюань, Шаньси провинциясы. Б.з. 571 жылы, Солтүстік Ци дәуірі / Wikimedia Commons

Сюй Сяньсю мазарының қабырғасындағы суреттер, мұнда люцинь мен пипа аспаптарын тартып тұрған музыкашы ерлер мен конхоу тартып отырған әйел бейнеленген. Тайюань, Шаньси провинциясы. Б.з. 571 жылы, Солтүстік Ци дәуірі / Wikimedia Commons

«Қаңлы оркестрі Чжоу патшалығының У-ди императоры Солтүстік варварлардың қызын бәйбіше етіп алған кезден бастап Батыс варварларының музыкасы келді. Олардың би музыкасы төрт түрлі. Музыка аспаптары — сыбызғы, дағыра (барабан), қосдағыра және тоңбоitong ba, думбақ әлде домбыра? — Автор Бұл аспаптарды бір топ болып жеті адам орындайды»iSui shu. Тujue — Суй патшалығы тарихы. Музыка, 2-бөлім. 7 т., 101–102 бб. .

Ал қаңлы музыкасын орындаушылар

«Басына қара желек салады, үстіне жібек матадан тігілген, жеңі гүлденген, ұзын көйлек киеді. Биді екі адам орындайды. Олар жағасы кестелі, қызғылт түсті, жеңі көк түсті келетін жұқа шапан, ауы кең сым, аяғына қызыл былғары етік киіп, белін ақ белбеумен буады. Билегенде құйындай шыр көбелек айналады. Міне, мұны варварлар ырғағы деп атайды»iБұл да сонда. деп сипаттайды қытай сыншылары.

Тіпті патша ордасында қаңлы қыздарының мың бұралып билегенін көрген қытай ақындары ерекше әсерге бөленіп, шабыттана жазған жырлары сақталған. Сол дәуірдегі қытайдың классик ақыны Бай Чжуи-и (772–846) жазған «Келіпті бикеш қаңлыдан…» деп келетін жолдар бар «Биші бикеш» өлеңі ғасырдан-ғасырға тарап келедіiН.Мыңжанидің қазақша аудармасы. Қазақтың қысқаша тарихы. Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы. 1986, -685 б., -135 б. .

«Қатты да жұмсақ» саясат

Суй және Таң патшалықтары тұсындағы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы саяси мақсаттағы текетіресті, сауда-саттық пен мәдени-рухани байланыстарды сөз еткенде, бәрібір біржақты қарастыруға болмайды. Әсіресе саяси-әскери мүдде тұрғысындағы қарым-қатынас өте күрделі әрі шым-шытырыққа толы. Суй патшалығы не одан кейінгі Таң империясы болсын, қашан да Түрік қағанатына қарсы әскери шабуыл жасау, сонымен қатар іштен ыдырату стратегиясын қолданды. Оған қоса, батысқа қарай кеңеюді көздеп, әскери бақылау орнатуды қатар жүргізді. Бірақ олар «қатты да жұмсақ» тәсілдерді қатар қолданып, мақсаттарын іске асырды.

Әскери қолбасшы Күлтегіннің мәрмәр тастан жасалған бас мүсіні (684–731 ж.ж.), Екінші Түрік қағанаты. Кошо-Цайдам, Моңғолия / Wikimedia Commons

Әскери қолбасшы Күлтегіннің мәрмәр тастан жасалған бас мүсіні (684–731 ж.ж.), Екінші Түрік қағанаты. Кошо-Цайдам, Моңғолия / Wikimedia Commons

Десе де өзара қарама-қайшылық көп. Мәселен, түркілер бастапқыда алып империя ретінде Суй патшалығымен қарым-қатынас құрғанымен, қытай патшалықтарына төтеп бере алмады. Сөйтіп, көп өтпей-ақ алдымен өз ішінен екіге бөлінді, кейін де ұдайы бөлініп-жарылып жүрді. Мұның күрделі ішкі себептері де болды. Ал қытай патшалықтары өз ішінен бөлшектеніп, құлдыраған кезде оның төңірегіндегі этностар дами түсетін де, қытай патшалықтары бірегейленіп күшіне мінгенде олар дербестігінен айырылып, вассалына айналатын. Бірақ Қытайдың феодалдық патшалықтары — Суй мен Таң империясы қанша шарықтап дамыса да, тарихи циклдік заңдылық бойынша жойылып кеткені айдай ақиқат.

Нәбижан Мұқаметханұлы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ