ҰЛЫ ДАЛА ДИПЛОМАТИЯСЫ

Ғұндардан Қазақ хандығына дейінгі екі мың жылдық бейбіт келісімдер тарихы

~ 10 мин оқу
ҰЛЫ ДАЛА ДИПЛОМАТИЯСЫ

Коллаж / Qalam

Ұлы дала тарихы дегенде әдетте аяусыз жаулап алу, қанды шайқастар мен жауынгер мемлекеттер сөз болады. Дегенмен дала тарихында дипломатия да маңызды рөл атқарды: ел билеушілер соғыстарды тоқтатып, құдаласу арқылы мемлекеттер арасында бейбітшілік орнатып, тіпті кей жағдайларда күллі Еуразияның тағдырына әсер еткен саяси одақтар құрды.

Бейбітшілікке түркілерше мәжбүрлеу

1893 жылы 15 желтоқсанда дат тарихшысы әрі лингвист ғалым Вильгельм Томсен айдай әлемге: «Көне түркі жазуының кілтін таптым» деп жар салды, сол сәттен бастап дүниежүзі тарихында мүлде жаңа кезең басталды. Түркі халқы туралы осыған дейін негізінен өзге халықтардың жылнамалары мен тарихи жазбаларында көбіне жағымсыз сипатта ғана айтылып келсе, енді олар жазба мәдениеті дамыған, күрделі саяси жүйесі бар өркениет ретінде таныла бастады.

Вильгельм Томсен. 1912 жыл / Wikimedia Commons

Вильгельм Томсен. 1912 жыл / Wikimedia Commons

Осылайша, әлем түркілердің өз тілінде, өздеріне ғана тән әліпбимен жазылған аса маңызды тарихи мәтіндерімен алғаш рет танысты. Бұл жазбалар көне түркілердің ерте тарихын олардың өз көзқарасы тұрғысынан қайта тануға мүмкіндік берді.

Оған дейін көне түркі империялары туралы біліміміздің басым бөлігі Қытай, Византия, парсы деректеріне негізделген-ді. Олар көне түркілерді өздерінің саяси құрылымы мен мүдделері тұрғысынан сипаттағандықтан, мәліметтер бір-бірімен әрдайым сәйкес келе бермейтін. Бұған мәдени және өркениеттік айырмашылықтармен қатар, Еуразия кеңістігіндегі геостратегиялық бәсекелестік те әсер етті. Алайда орталық Моңғолияның Орхон аңғарындағы ескерткіштерден табылған көне түркі жазуының мағынасы анықталғаннан кейін, түркі билеуші элитасының өз тарихы мен мәдениетін, өркениеттегі рөлін, саяси құрылымын һәм алыс-жақын көршілерімен қарым-қатынасын қалай түсінгенін білу мүмкін болды.

Көне түркі жазуы қашалған Күлтегін ескерткіші. Орхон аңғары, Моңғолия. 8-ғасыр / Vezirtonyukuk / Wikimedia Commons

Көне түркі жазуы қашалған Күлтегін ескерткіші. Орхон аңғары, Моңғолия. 8-ғасыр / Vezirtonyukuk / Wikimedia Commons

Вильгельм Томсен өзінің “Déchiffrement des inscriptions de l’Orkhon et de l’Iénisséi” деген мақаласында көне түркі әліпбиінің кілтін тауып, бүгінде көпшілікке кеңінен таныс «Тәңір» және «түрік» сөздерінің жазылуын алғаш рет таныстырды. Ал үш жылдан кейін, 1896 жылы "Inscriptions de l’Orkhon déchiffrées" атты іргелі еңбегінде Орхон жазбаларының толық дешифровкасын, егжей-тегжейлі лингвистикалық талдауын, транскрипциясы мен аудармасын ұсынды. Солайша, бұған дейін жұмбақ болған жазу көне түркілер тарихының негізгі жазба дереккөзінің біріне айналды.

Аса бір қызық жайт: бұл мәтіндерде бейбітшілік туралы өте көп айтылған екен. Ұзақ уақыт бойы еуропалықтар мен азиялықтар санасында көшпелілер жауынгер халық ретінде қабылданғандықтан, бұл жағдай біршама тосын естілді.

Күлтегінге арналған ескерткіштегі үлкен жазу былай басталады:

«Жоғарыда көк аспан, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам ұлы жаралды. Адам баласының үстіне ата-бабам Бумын қаған мен Естемі қаған билік құрды. Таққа отырып, түркі халқының бірлігін нығайтып, заң-жоралғысын тәртіпке келтірді.

Ол кезде төрт тараптағы халықтың бәрі жау еді. Қол бастап, төрт тарапты бағындырып, бастыны идіріп, тізеліні бүктірді, оларды бейбітшілікке мәжбүр етті»iС.Е.Малов, Памятники древнетюркской письменности: Тексты и исследования. М.; Л., 1951. С. 36.

Әрине, Күлтегін мен Білге қағанға арналған ескерткіш жазбаларда екі ағайындының айбынды әскери жеңістері жайлы көп айтылған, олардың көпшілігі бірінші жақтан баяндалған. Сөйте тұра, ерте орта ғасырдағы алмағайып әлем мен сол кездегі қанқұйлы соғыстар заманы үшін ерекше жолдар да бар: онда шамадан тыс қантөгіс пен қажетсіз соғыстарға жол бермеу жайлы айтылады, бұл bellum iustum, яғни «әділ соғыс» құқықтық доктриналарын еске түсіреді.

«Бауырым Күлтегінмен және екі шадпен бірге әбден әл кеткенше жорық жасап, елдер бағындырдым. Осыншама жер мен жұртты қаратып алсам да, бізге қосылған халықтарға от пен судай қаталдық көрсетпедім (яғни олармен бейбіт өмір сүруге тырыстым).

...Сенімді тайпалық бірлестіктер мен адал қағандар бар жерде жақсылық жасадым (яғни әділ және мейірімді әрекет еттім). Төрт тарапта өмір сүрген халықтардың бәрін бейбітшілікке мәжбүрлеп, өзіме жау болмастай еттім...»iС.Е.Малов, Памятники древнетюркской письменности: Тексты и исследования. М.; Л., 1951. С. 40

Білге қаған мен Таң империясы

Практикалық саясатқа келсек, бұған дейін Қытайға қашып кеткен түркі және оғыз тайпаларынан қалған жұрт 718 жылы қайта орала бастағанда, Білге қаған дұшпандарына пана болған оңтүстіктегі көршілеріне соғыс ашуды ұйғарды. Алайда кеңесшісі Тоныкөктің табанды қарсылығынан кейін Таң империясының астанасы Чанъаньға елші жіберіп, бейбіт келісім жасауды ұсынды.

Білге қағанның мәрмәр мүсіні. 8-ғасыр / Моңғолия Ұлттық музейі, Ұланбатыр / Wikimedia Commons

Білге қағанның мәрмәр мүсіні. 8-ғасыр / Моңғолия Ұлттық музейі, Ұланбатыр / Wikimedia Commons

Император Сюань-цзун Шығыс Түрік қағанатының жаңа билеушісінің ұсынысын қабылдамай, басмылдар мен қидандармен одақ құрып, түркілерге қарсы соғыс бастады. Дегенмен Білге қаған, «Синь Тан шу» («Таң әулетінің жаңа тарихы») дерегінше, «300 000 сарбазы бар қытай және өзге ел әскерлерін» жеңіп шықтыiН.Я.Бичурин (Иакинф), Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древнейшие времена, Том 1. М.; Л., 1950. С.274. Ойсырай жеңілген император қағанмен бейбіт келісімге келуге мәжбүр болды. «Синь Тан шу» бұл дипломатиялық келісімді былай сипаттайды:

«Осыдан кейін Тукуйе халқы [яғни түркілер] қаһарына мініп, Мочжо империясының қарамағындағы барлық халықты бағындырды. Келесі, 721 жылы Тукуйе ханы бейбітшілік сақтауды табанды түрде сұрап, Аспан Ұлын әкесіндей құрметтеуге уәде берді. Император келісті. Бірнеше жыл қатарынан хан елші жіберіп, өз өлкесінің өнімдерін тарту етті және некелік одақ құруды сұрады».

Қытайдың «Цзи чжи тонг цзянь» шежіресіне сәйкес, Білге қағанның некелік одақ туралы ұсынысы қабылданбайды, дегенмен бейбітшілік туралы келісімнен кейін император Сюань-цзун қағанға былай деп хат жазады:

«Егер бұрынғы араздықты ұмытып, мәмілеге келуге дайын болсаң, өткен қателіктеріңді кешіремін. Білге қаған, ниетің ақ болса, алдағы игілікті бірге көреміз. Ал сөзіңде шындық болмаса, маған елші жіберудің жөні жоқ»iChen Hao, A History of the Second Türk Empire (ca. 682–745 AD) (Leiden & Boston: 2021): 108.

Таң әулетінің императоры Сюань-цзун (Ли Лунцзи). Мин дәуіріндегі белгісіз суретшінің портреті / Wikimedia Commons

Таң әулетінің императоры Сюань-цзун (Ли Лунцзи). Мин дәуіріндегі белгісіз суретшінің портреті / Wikimedia Commons

Неке дипломатиясымен бекіген бейбітшілік

Бейбітшілік келісімін бекіту мақсатында Білге қаған ұсынған некелік одақ дипломатиясы Ұлы далада шамамен 1000 жыл бұрын-ақ биік дәргейлі дипломатияның стандартына айналған. Бұл дәстүрдің негізін қалаған көшпелі Ғұндар мен қытай Хань империяларының шенеуніктері еді. Түркі және моңғол тайпалары ғұндардан тарайды деген көзқарасты ескерсек, Білге қағанның бейбітшілік келісімін қытай ханшайымымен ресми неке құру арқылы «заңдастыруға» деген ұмтылысын мыңжылдық дипломатиялық дәстүрге көрсетілген құрмет ретінде қабылдаған жөн.

Дегенмен Ғұн-Хань қарым-қатынасының Шығыс Түрік қағанаты мен Таң империясы арасындағы жағдайдан айырмашылығы — бұл келісім Қытай тарапынан басталған еді. Б.з.б. 200 жылы Байден тауы маңында қытай әскері жеңіледі, осыдан кейін біріккен Ғұн империясын әскери жолмен тоқтату мүмкін еместігін түсінген Хань империясы бейбіт келіссөзге баруға мәжбүр болған.

Хань әулетінің императоры У-ди (б.з.б. 141–87 жылдары билік құрған) мен ғұнтекті тең билеуші Цзинь Миди. У Лян ғибадатханасындағы бедер, Цзясян, Шаньдун провинциясы. Б.з. 2-ғасыры / Pictures from History / Getty Images

Хань әулетінің императоры У-ди (б.з.б. 141–87 жылдары билік құрған) мен ғұнтекті тең билеуші Цзинь Миди. У Лян ғибадатханасындағы бедер, Цзясян, Шаньдун провинциясы. Б.з. 2-ғасыры / Pictures from History / Getty Images

Сол кезде император кеңесшісі әрі дипломат Лю Цзинь ғұндармен мағынасыз һәм пайдасыз соғыстарды тоқтату мақсатында Еуразиядағы бейбітшілік келісімдерінің форматын көп ғасырға өзгертетін «хэцинь» келісімшартын, яғни «Бейбітшілік әрі туыстық туралы шартты» ойлап тапты. Осылайша, б.з.б. 197 жылы Ғұн империясы мен Хань әулеті арасындағы бейбітшілік келісімі асында Мөде қаған мен қытай ханшайымы үйленді. «Хэцинь» келісімінде ресми түрде өзара тең егемен державалар арасындағы некелік одақ және бауырластық алға тартылғанымен, шын мәнінде, бейбітшілік бітімі жыл сайын міндетті түрде жібек пен алтыннан алым алуды көздеді, оның мөлшері жеке келісімдермен реттеліп, үнемі өсіп отырды. Қалай болғанда да, бұл бейбітшілік келісімі тараптарға үздіксіз де қалжыратар соғысты айналып өтуге мүмкіндік берді, ал әскери шығындардан босатылған ресурстарды экономиканы қалпына келтіруге пайдалану мүмкін болдыiNicola Di Cosmo, “The Relations between China and the Steppe. From the Xiongnu to the Türk Empire.” In Empires and Exchanges in Eurasian Late Antiquity. Rome, China, Iran, and the Steppe, ca. 250–750 (eds. Nicola Di Cosmo & Michael Maas) (Cambridge:2018): 42.

Тақырыпқа орай

Шығыс

ЕЖЕЛГІ ҚЫТАЙ МЕН ДАЛАЛЫҚ ИМПЕРИЯЛАР

1-дәріс.

Ғұн мен Хань империяларының бейбітшілік келісімінен отыз бес жыл өткенде, яғни б.з.б. 162 жылы Хань империясымен бітімгершілігін нығарлап, қытай ханшайымына үйленетін Мөденің ұлы Лаошан император Вэнь Диге жазған жеке хатында қос империяның қарым-қатынасын былай сипаттады:

«Екі мемлекетіміздің арасында туыстық қатынасқа негізделген бейбітшілік орнады. Екі билеуші ​​де осы тыныштықтың игілігін көріп, соғысты тоқтаттық, сарбаздарымызға демалыс бердік және аттарымыз қоң жинады. Осылайша, қос жұртымыз ұрпақтан-ұрпаққа өсіп-өніп, бейбіт өмірдің қуанышына бөленіп, жаңа дәуірге қадам басады»iСыма Цянь. Исторические записки (Ши цзи). Том VIII. Москва. 2002. С.338.

Ұлы дала дипломатиясындағы маңызды рөлді қытай ханшайымдары ғана атқармаған еді. 19-ғасырдың ортасы, яғни Орталық Еуразияның соңғы тәуелсіз мемлекеттерінің ыдырауы кезеңіне дейін әйелдер дипломатиялық қатынастардағы негізгі элемент болып қалды. Дала елшілігі дәстүрінде этникалық азшылықтар, қолөнер шеберлері, сауда және діни қауымдастық өкілдері де маңызды рөл атқарды. Еуропалық монархиялар мен Қасиетті тақтың дипломатиялық қызметінде францискандықтар мен иезуиттер секілді діни орден өкілдері ерекше көзге түссе, Моңғол империясы қалыптасқан кезеңде бұл қызметті көбіне саны аз мұсылман қауымының өкілдері мойнына алды. Бұл жұмыспен қатар, олар көбіне саудамен де айналысты.

Тақырыпқа орай

Сұхбат

ШЫҢҒЫС ХАН ТУРАЛЫ БАР ШЫНДЫҚ

Моңғол империясын зерттейтін әлемдегі жетекші ғалымдардың бірімен сұхбат

Pax Mongolica — «Моңғол бейбітшілігі»

1214 жылы моңғол-цзинь соғысы кезінде Шыңғыс хан бейбітшілік келісімі туралы келіссөзді мұсылман саудагері Жафар Қожаға тапсырып, оны өз елшілігінің басшысы ретінде аттандырды. Ол кезде Моңғол әскері Цзинь империясының астанасы Чжундуды қоршап алғанымен, Шыңғыс хан сәтті жорығын жалғастырудың орнына, алтын мен жібектен көп мөлшерде алым төлетуді көздейтін бітім жасасты. Ескі дала дәстүріне сәйкес, келісім әулеттік некемен де бекітіліп, ол Цзинь ханшайымы Циді жар қылып алды. Білге қаған жағдайынан айырмашылығы, «әлемді дүр сілкіндіруші» Шыңғыс хан келгенде, оның ұсынысынан ешкім бас тарта алмаған-ды.

Моңғолдардың Чжундуды қоршауы. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегіндегі миниатюра. Шамамен 1300 жыл / Getty Images

Моңғолдардың Чжундуды қоршауы. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегіндегі миниатюра. Шамамен 1300 жыл / Getty Images

Айта кетейік, Ұлы даладағы бейбітшілік шарттары тек ауыр соғыстарды тоқтату үшін, яки бір тарап жеңіліп, жер, жібек не алтын түрінде көлемді алым төлеуге уәде бергеннен кейін ғана жасалған жоқ. Я мұндай бітімдер әртүрлі өркениеті, саяси құрылымы мен дүниетанымы қалыптасқан мемлекеттер арасында ғана жасалмады. Бейбіт келісім егемендік қағидаларын айқындауға, тараптардың бір-бірінің аумақтық тұтастығын тануға, саяси ықпал шектерін белгілеуге, стратегиялық өзара көмек тетіктерін және мемлекетаралық дипломатиялық қатынастардың тәртібін қалыптастыруға құқықтық негіз болды. Бұған 1304 жылы Моңғол империясының ұлыстары арасында жасалған бейбіт келісім айқын мысал бола алады.

Бір кездері дүниежүзі тарихындағы ең үлкен біртұтас аумақты алып жатқан Моңғол империясының ішіндегі қақтығыстардың себебі оның табиғи түрде кеңеюінен, жергілікті мүдделер мен мәдени ерекшеліктердің біртіндеп оқшаулануынан еді. Бейбіт келісім әр ұлыстың тәуелсіз мемлекеттік жүйесі мен саяси мүдделерін сақтай отырып, сауда, ақпарат және мәдени байланыстарды үзбеуді көздеді. Мысалы, Юань империясының билеушісі «Ұлы хан» атағын сақтап, басқа билеушілердің үстінен формалды түрде жоғарғы мәртебеге ие болды.

Ильхан Олжейтудің Юань империясы елшілерін қабылдауы. Хафиз-и Абрудың «Маджма ат-тауарих» еңбегіндегі миниатюра. 15-ғасыр / Wikimedia Commons

Ильхан Олжейтудің Юань империясы елшілерін қабылдауы. Хафиз-и Абрудың «Маджма ат-тауарих» еңбегіндегі миниатюра. 15-ғасыр / Wikimedia Commons

Моңғол империясының ұлыстары арасында бейбіт келісім жасалғаннан кейін бірден Хулагу әулетінен шыққан Олжейту хан Франция королі, тарихта «Сұлу Филипп» деген атпен қалған IV Филиппке хат жолдады. Ол хатында мәмлүктерге қарсы бірге күресуге барынша емеурін танытады. Сондай-ақ Олжейту бұрынғы Моңғол империясының барлық ұлысында ортақ жеткізу қызметінің барын және егер олардың кез келгені сатқындық жасаса, өзгелері бірігіп оған қарсы шығуға міндетті екенін жазды.

Дипломатия қызметіндегі әйелдер

Орталық Азия тарихындағы әйелдердің дипломатиядағы рөлі қытай ханшайымдарының ғұн немесе түркі билеушілеріне тұрмысқа шығуымен ғана шектелмеді. Кейде әйелдердің өзі бейбіт келісімдердің бастамашысы болды. Мысалы, 676 жылы Бұхараның билеушісі Хутак-хатун Омейяд халифатының қолбасшысы Убайдуллах ибн Зиядпен бейбіт келісім жасады.

Бұл дәстүр Алтын Орда дәуірінде де жалғасын тапты. 1239 жылы Грузияның Русудан патшайымы бастаған елшілік Бату ханның ордасына келді. Көп ұзамай гүржі-моңғол бейбіт келісімі жасалып, нәтижесінде моңғол әскерлерінің Грузияға жорығы тоқтатылды.

Тақта отырған Бату хан. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегіндегі миниатюра. 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Тақта отырған Бату хан. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегіндегі миниатюра. 14-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Ал 1319 жылы мәмлүк сұлтаны Мұхаммед ан-Насырды әулеттік одаққа көндіріп, оны Ильхан мемлекетіне қарсы ұзаққа созылған күресте өз жағына тартуға бірнеше жыл бойы әрекет жасаған Өзбек хан Мысырға өзінің жиені Тұлынбай-хатунды жіберді. Бір жылдан кейін ол сұлтанға тұрмысқа шығып, одақты неке арқылы бекітті. Ортағасырлық мысыр тарихшысы Ибн Дукмактың айтуынша, олардың үйлену тойындай той бұрын-соңды Мысыр билеушілерінің ешқайсында болмаған. Алайда сегіз жылдан соң Тұлынбай-хатун сұлтанмен ажырасты. Ал Өзбек хан ақыр соңында мәмлүктерді Ильхандарға қарсы соғысқа тарта алмады.

Тақырыпқа орай

Шығыс

Моңғол хандарының византиялық жұбайлары

Әйелдер империяны қалай құтқарып қалды?

Абылай ханның құтқарушы дипломатиясы

Бір қызығы, Қазақ хандығы дипломатиясының «алтын ғасыры» — аумағы айрықша кеңейген Қасым хан дәуіріне де, Ташкент пен Самарқанды басып алған Тәуекел хан кезеңіне де емес, қырық жылға жуық билік құрған Абылай ханның дәуірінде болды. Бұл қазақ жерлерін жоңғарлар ойрандап, қазақ элитасының ішінде алауыздық күшейіп, Ресей мен Цин империяларының аумағы күннен-күнге кеңейіп жатқан аса күрделі кезең еді. Дәл осындай ауыр кезеңде Абылайдың дипломатиялық қабілеті жарқырай көрінді. Ол екі империяның арасында тепе-теңдік сақтап, көп жағдайда бірін екіншісіне қарсы құрал ретінде пайдаланды. Сонымен бірге хан билігін нығайтып, қазақтардың экономикалық мүдделерін ілгерілетті.

Жоңғар хандығы ыдыраған соң екі ел арасындағы жер дауына, Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы жаңа шекараларға қатысты дауларға, ішкі қақтығыстарға және Абылайдың Цинге қарсы көтеріліс жетекшісі Әмірсананы ашық түрде паналатуына қарамастан, Абылай хан әрдайым бейбіт дипломатия стратегиясын таңдады.

Абылай ханның Қытай императорына жолдаған хаты. 1760 жыл / Wikimedia Commons

Абылай ханның Қытай императорына жолдаған хаты. 1760 жыл / Wikimedia Commons

1757 жылдан бастап ол Цин империясының сарайына ұдайы түрде елшілер жіберіп отырды. Мұның нәтижесінде хан билігінің легитимділігі ресми түрде мойындалып қана қоймай, Цин билігі тарапынан аумақтық және экономикалық тұрғыдан елеулі жеңілдіктер де жасалды. Әрине, елшілер Қытайда аса құнды сый саналған қазақ жылқыларын жетелей баратын. 1769 жылы Абылай хан Цин империясының астанасына өзінің ұлы Уәлиді жіберді.

Тақырыпқа орай

Адамдар

АБЫЛАЙ ХАН — ҚАЗАҚ ЖЕРІН БІРІКТІРГЕН ҰЛЫ ХАН

Түйе баққан бозбала қалай хан атанды?

Бір ғасыр өткен соң Абылай ханның шөбересі, Уәли ханның немересі Шоқан Уәлиханов былай деп жазды:

«Абылай өз балаларына Қытаймен жақынырақ болуды, бірақ Ресеймен тату болуды өсиет еткен. Оның пікірінше, қытайлар хан билігіне ешқашан қауіп төндірген емес»iСочинения Чокана Чингисовича Валиханова. Санкт-Петербург: 1904, С.4.

Нәтижесінде 1767 жылы Абылай хан бұрынғы Жоңғар империясының жері болып, ол күнде Цин империясының билігіне өткен аумақтарға кіруге мүмкіндік алды, дегенмен бұл үшін алым төлеуі қажет болды. Ал 1758 жылы Абылай ханның бастамасымен Үрімжіде қазақ көпестеріне арналған арнайы сауда орындары ашылды. 1760 жылы Қорғас маңында қазақтармен сауда жасауға арналған жеке базар пайда болды.

Үрімжі маңындағы қазақтар. Шыңжаң, 1956 жыл. Tom Hutchins / Getty Images

Үрімжі маңындағы қазақтар. Шыңжаң, 1956 жыл. Tom Hutchins / Getty Images

Кейін қазақтар біраз уақыт басқа мемлекеттің құрамында болғанымен, Абылай хан бар күш-жігерін сарқи отырып сақтауға тырысқан тәуелсіздікті Қазақстан да, төңірегіндегі көршілері де қайтарып алып, өз мүдделерін дипломатиялық жолмен ілгерілетуге, соның ішінде бейбіт бітімгершілік арқылы дамытуға жол ашты. Өйткені Орталық Еуразияда мұндай келісімдер көне замандардан бері жасалып келеді. Түркі ойшылы, «Құтадғу білік» («Құтты білік») шығармасының авторы Жүсіп Баласағұн:

«Ел жаулаушы қылышымен алады,

Ел бастаушы қаламымен алады.

Қылышпенен басылар ел ашынар,

Ал қаламсыз — басшысыз ел шашылар», — деп бекер жырламаса керек.