Орталық Азиядағы тұңғыш романшы әйел Сара Мыңжасарованың әдебиетке келуінің өзі белгілі бір дәрежеде саяси қарсылықтың көрінісі еді. Ол совет дәуірі әдебиетіндегі әйел репрезентациясына қарсы шығып, әйел тәжірибесі туралы өзгеше тұрғыдан сөз қозғауға ұмтылды. Өз дәуірінде совет билігінен де, қолында билігі бар замандас ер-азаматтардан да теперіш көріп, шығармалары цензураға ұшыраған қаламгер туралы әдебиет зерттеушісі Лаура Бердіқожаева баяндап берді.
Қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы романшы, жазушы Сара Мыңжасарова (1924–2002) қаламгерлікке «атағым шықсын деп» армандағаннан емес, мәжбүр болғаннан келген. Мәжбүр еткен — сол кезде оқыған әдеби шығармалар. Әсіресе қазақ ер жазушылардың романдары мен повестері. Сол шығармалардан қазақ әйелінің шынайы келбетін таба алмағандықтан, «қазақ жігіттерінің адасуына тойтарыс берейін» деп қолына қалам алған екенiМыңжасарова С. Алған мақсатым орындалды деп ойлаймын: сұхбат / сұхбаттасқан Р.Төленқызы // Ана тілі. – 1999. – №37. – 5-бет. Жазушының өз сөзімен айтқанда, «әйелдер ер адамдардың шығармаларының шылдырмағына айналыпты». Оны таңғалдырғаны — ер қаламгерлердің қазақ әйелінің табиғатын, ұлттың даму тарихындағы рөлі мен бүгінгі әлеуметтік өмірін соншалық аз білетіні. Ал шындығына келгенде,
«қазақ әйелдерінің көпшілігі еркектерден асып түсіп жатады. Қазақ қыздары ер жазушылардың шығармаларындағыдай боркемік, нәзік, ұяң, ибалы, именшік, төменшік емес, ежелден келе жатқан тарих көрсеткендей, елгезек, ширақ, қайсар және өр болған».
Мыңжасарова әйелдердің шындыққа жанаспайтын образдарда бейнеленуін сол кездегі саясатқа икемделгенінің бейнесі деп санайды. Яғни қазақ әйелдерінің тарихтағы рөлін жағымсыз етіп көрсету — сол кездегі саяси талап. Ал Мыңжасарова шығармаларының мақсаты — сол саясатты сынай отырып, қазақ әйелдерінің тарихтағы рөлін шынайы суреттеу, сол арқылы әйелдің қадір-қасиетін қалпына келтіру. Ал әйелдің абыройын қалпына келтіру — мәдениетті қалпына келтірумен етене құбылыс. Дәл осы ұстаным оның екі романының — «Әйел бақыты» мен «Төзім шеңберінің» өзегіне айналды.

Шарль Эжен Уйфальви де Мезоковезд (1842—1904). Ауқатты қазақтардың отбасы (Семей), 1877 жыл / Франция Ұлттық кітапханасы, Société de Géographie / Gallica
Орталық Азия әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш романшы болған Мыңжасарованың шығармашылығы бір қарағанда совет әдебиеті заңдылықтарына бағынғанымен, шын мәнінде, ол тарихқа әйелдің көзқарасымен қайта қарау арқылы қоғамның отар және патриархал бетпердесін ашып, басқаша әлем құруға ұмтылады. Яғни әйелдің қадір-қасиеті дәріптелетін әлем — отар санадан ада әлем.
Әр табысты әйелдің артында басқа әйел тұр
Сара Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Қарашоқат ауылында дүниеге келді. Алты-жеті жасында қазақ даласын шырмаған алапат ашаршылық кезінде анасы Ылайықтың арқасында өлім аузынан аман қалады. Ал теміржолшы болып жүрген әкесі Рахман осы жылдары жоғалып кетеді. Кейіннен оралғанымен, Сара он екіге толғанда ата-анасы ажырасып, әкесін сол кеткеннен көрмейді. Кейін анасы Коммунистік партияның жауапты қызметшісіне айналғанымен, қисса-дастандарды жатқа айтқан, ең жақын ортасында діни ілімімен ерекшеленген жан екен. Ақындық таланты бола тұра, танымалдыққа ұмтылмапты.
Анасының қолдауымен Сара ауылдағы орта мектепті бітірген соң, 1941 жылы Ақтөбедегі мұғалімдер институтының тарих-әдебиет факультетіне түседі. Соғыс басталып, кадр тапшылығы туған кезде оқуын тастап, мұғалім болып еңбекке араласады. Он сегіз жасында жергілікті комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Ал 1944 жылы Алматыда алты айлық курстан соң Талдықорған облысына жіберіліп, онда партия комитетінде қызмет атқарып жүргенде жолдасы Мұқышты жолықтырып, отау құрады.

Мұғалімдер бөлмесі. Алматы, 1930 жылдар / ОМ КФДЖА
Оның келін болып түскен үйі «нағыз қазақ салты бұзылмаған» үлкен әулет екен. Ерте тұрып, үй айналасын жинап, сиыр сауып, «шын мәнінде қазақ келіні сияқты қызмет етемін» деп келген Сараны енесі Гүлбахрам қатты таңғалдырадыiМыңжасарова С. Мейірім // Ақ Желкен. – 1996. – №1(1). – 36-бет. Келін болып түсе салысымен оны үй шаруасынан босатып, қызметіне толық кірісуіне мүмкіндік жасайды. Кейін естелігінде атап өткендей, енесінің қолдауы болмаса Мыңжасарова мұндай жетістіктерге жетпес еді. Ол кісі Мыңжасарованың қызы Салтанат пен ұлы Мақанды өз бауырына басып қана қоймай, үй шаруасын да мойнына алады. Екеуі қазақ тарихы мен мәдениеті туралы көп сырласады. Осы естеліктер жазушының болашақ романдарының басты дереккөзіне де айналады.
1950 жылы Алматыдағы екі жылдық аудармашылар курсына түсіп, 1952 жылы үздік бітіріп шығады. Алайда дипломмен оралған күні анасы қайтыс болып, бұл оқиға Мыңжасарованы қайғыға батырып кетеді.

КСРО Главлиті. «Ашық баспасөзде жариялауға, радио мен теледидар арқылы таратуға тыйым салынған мәліметтер тізбесі». 1987 жыл / Wikimedia Commons
1960 жылы қызметі Алматыға ауысқан жолдасымен бірге қалаға көшіп келген ол, «Казахстанская правда» газетінде аудармашы болып қызметке орналасады. Кеңестік Қазақстандағы ең саясиланған осы басылымның ішкі саясаты Мыңжасарованың кәсіби өміріндегі ең ауыр кезеңге айналады. Редакцияның партия жиналысында қазақ тіліндегі кітаптарды азайту, қазақшаға аударманы тоқтату туралы мәселе көтерілгенде, «қазақ баспасөзіне жұмсалған ақша — желге ұшқан ақша» деген сөзді естігенде, ол советтік саясаттың бет-бейнесін өз көзімен көргендей болады. 1950 жылдары бастаған алғашқы романы «Қар қыздарын» жазуды жалғастырады.
Көп ұзамай жолдасы кенеттен қайтыс болып, екі жылға жетпей анасындай болған енесі өмірден озады. Ең ауыры — 1970 жылы жиырма жасар ұлы Оспанның да қаза табуы. Осы соққылардан кейін ол ұзақ уақыт қаламға орала алмайды.
«Тар жол, тайғақ кешкен» екі роман
Мыңжасарова алғашқы романын 1965 жылы баспаға тапсырады. Осы кезде ол романға қалам тартқан алғашқы қазақ әйел ретінде ақыл-кеңес беретін адам таппай қынжылған. Мысалы, романның алғашқы екі тарауын оқып шығуын өтініп, бұрынғы сыныптасы, сол кезде аты белгілі қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке апарады. Ол қолжазбаны екі айдан соң «қолым тимеді» деп қайтарып берген көрінеді. Мұндай «қол тимеуді» Мыңжасарова жазуына берілген баға әрі сылтау деп түсінеді. Бірде көшеде қаймығып келе жатқанда, алдынан қазақтың көрнекті композиторы Ахмет Жұбанов шыға кетеді. Сол кісі Мыңжасарованың қолжазбасын бір түнде оқып бітіріп, оған «басқалар не десе де, жаза бер» деп қолдау білдіреді.

Иосиф Будневич. Әбдіжәміл Нұрпейісов. 1967 жыл / Wikimedia Commons
Романның кей тараулары «Жұлдыз» журналында басылғанымен, кітап болып 1970 жылы ғана жарық көрді. Дегенмен кітап шыққанда, автор қуанудың орнына құлазиды. Себебі редакторлар романның көп жерін қысқартып жіберіпті.
1970 жылдардың аяғында «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев Мыңжасароваға «Қар қыздары» романын қайта басып шығаруға ұсыныс жасап, тіпті кітаптың атын «Әйел бақыты» деп өзгертуге кеңес береді.

Әбілмәжін Жұмабаев / Wikimedia Commons
«Төзім шеңбері» атты екінші романының тағдыры бірінші романынан да қиынырақ болады. 1961 жылғы «Толқу» атты әңгімесінің негізінде жазылған бұл романды Мыңжасарова 1982 жылы аяқтайды. Бірақ Жұмабаев қызметінен ауысып, баспа үйі, автордың сөзімен айтқанда, «пейілі тар, жаны ашымас жандардың қолына көшеді»iМыңжасарова С. Мейірім // Ақ Желкен. – 1996. – №4. – 49-бет. Қолжазбаны сол кездегі бас редактор Мұхтар Мағауин ескертпе жасап, қайта жазып шығуға кеңес береді. Мемлекет саясатына қайшы келетін тұстарын алып тастап, ашаршылық жылдарының суреттемесін «жұмсартуды» талап етеді. Сан рет кейінге қалдырылып, уәделер беріліп, ақыры роман 1987 жылы едәуір қысқартылған күйінде (он сегіз баспа табақтың төртеуі алынып тасталып) жарық көреді. Ең өрескелі — редактор романның алғашқы он бес бетін өзінше қайта жазып шыққан екен. Ал романның автор өзі мақұлдаған бастапқы нұсқасы 1996 жылы ғана оқырманға жетті.
«Әйел бақыты»: «дәстүрді» отарлық контексте қайта оқу
Мыңжасарова «Әйел бақытында» кеңестік дискурс «ескінің сарқыншағы» және «жабайы мәдениеттің қалдығы» санаған қалыңмал салты мен әмеңгерлік институты туралы сөз қозғайды. Кеңес билігі қалыңмал беруді адам саудасы, ал әмеңгерлікті әйел езгісінің түп-тамыры деп жариялап, 1920 жылдың желтоқсанында-ақ қалыңмалға тыйым салған декрет қабылдаған еді. Осындай «жабайы» дәстүр деген түсініктің астарында қазақ әйелін қазақ еркегінің «озбырлығынан құтқару» деген кеңестік саясат жатты. Ал бұл сөздің тамыры Ресей империясының отарлық дискурсында, әсіресе қоныстандыру науқаны күшейген тұстағы шенеуніктер мен этнографтардың жазбаларында жатқанын көруге боладыiБисенова А. Конструкт «Женщина Востока» // Qazaqstan: лабиринты современного постколониального дискурса. – Алматы: Tselinny Publishing, 2023. – Б. 415–416..
Мыңжасарова бұл салттарды қалай суреттеді? Біріншіден, Мыңжасарова қандай да болмасын «дәстүрді» нақты әлеуметтік-тарихи жағдай аясында түсінуге шақырды. Романдағы кедей отбасының қызы Қаншайым мен Досан байдың ұлы Асыл айттырылады. Романның басында автор Қаншайым жасауының сән-салтанатына ерекше тоқталады. Жасаудың молдығы қалыңмалдың молдығымен байланыстырылады. Бұл — қызға деген құрметтің көрінісі. Баяндаушының өзі түсіндіргендей, әуел баста
«Жастар ешкімнің қолына қарамасын, бірден үй болып кетсін деген жақсы ниетпен жігіттің әкесі қалыңмал беріп, қыз үйі жасау жасап, жаңа қосылған жастарды жеке шығару үшін пайда болған»iМыңжасарова С. Әйел бақыты. – Алматы: Жазушы, 1981. – 8-бет.
Күйеу жағы мал берсе, қыз жағы соған сай немесе одан да асырып жасау дайындаған. Қалыңмал қызды «сату-сатып алу» құралы емес, жаңа отбасын құруға жасалған «қоғамдық инвестиция» ретінде көрсетіледіiБисенова А. Конструкт «Женщина Востока» // Qazaqstan: лабиринты современного постколониального дискурса. – Б. 423.

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Кесте тігіп отырған қазақ әйелдері. Ақмола облысы, 1895 жыл / Франция Ұлттық кітапханасы, Société de Géographie / Gallica
Алайда Мыңжасарова салттың астарындағы бастапқы игі ниетін көрсете отырып, оның 20-ғасыр басындағы бұрмалануының себебін де іздейді. Ол үшін сол замандағы қоғамдық-тарихи өзгерістерді түсінуге шақырады. Асыл он бес жасында қайтыс болғанда, Қаншайым тұрмысқа шықпай жатып «жесір» атанады. Ал әмеңгерлік салты бойынша оның інісі, он үш жасар Қалдыбекке қосылуға тиіс болады. Қаншайым тағдырдың жазғаны осы екен деп отырмай, сүйіктісі Мұса деген жігітпен қашып кетуге бел буады. Бірақ ойлана келе, ата-анасы, бауырлары мен ауылдың қамын ойлап, ол ойынан бас тартады.
Себебі «...бай ауылдың дүмпуі мына сорлылардың быт-шытын шығарады... Қазақта жесір мен жер дауынан күшті дау» жоқ екеніне көзі жетеді»iМыңжасарова С. Әйел бақыты. – 9-бет.
Осы бір ауыз сөзде романның басты идеяларының бірі жатыр: жесір әйелге деген талас пен жерге деген талас — екі бөлек мәселе емес, бір-бірімен шиеленіскен құбылыстар. Екеуі де отарлау саясатымен тікелей байланысты. Әсіресе роман оқиғасы орын алған Жетісу өңірі 19-ғасырдың екінші жартысынан бері орыс отаршылдығының ошағы іспеттес еді. Осы өлкеге келген орыстар саны 1897 жылы 67 мың болса, 1914 жылға қарай 255 мыңға жеткен. Ең өрескелі — ең құнарлы деген жерлердің казактар мен Орталық Ресейден келген еуропалық қоныстанушыларға таратып берілгеніiБуттино М. Революция наоборот: Средняя Азия между падением царской империи и образованием СССР. – Москва, 2007. Мыңжасарованың баянында әйел езгісі және кейбір салттардың бұрмалануы – тек «дәстүр» емес, ғасырларға созылған отарлық қысымға қарсы туындаған қоғамдық құбылыс.

Петропавлдағы қоныс аударушылар. 20-ғасырдың басы / Wikimedia Commons
Десек те, Мыңжасарованың суреттеуінде, әмеңгерлік институты — әйелге ғана қарсы емес, Қалдыбек секілді жас баланы да өз еркінен айыратын патриархал институт. Бірақ романдағы үлкендер де «дәстүр» екен деп қадалып отырған үлкендер емес. Мысалы, Қаншайымның ата-енесі оның парасаты мен ар-намысқа беріктігіне көзі жеткен соң, оған сүйгені Мұсаға қосылуға рұқсат береді. Осылайша, романдағы әйелдер құтқарушыны күтіп отырған нысандар емес, өз моральдық компасына қарай әрекет ететін толыққанды тарихи субъектілер етіп көрсетіледі. Ал «дәстүр» болса, қатып қалған ескінің сарқыншағы емес, отарлық контекске сай бұрмаланған тарихи-әлеуметтік процесс.
Автордың сөзінше, кез келген соғыстың алғашқы нысаны — әйел және оның тәні. Ата-аналардың ат дүбірін естісе, қыз балаларын ұлша киіндіріп, жасыруы, оларды тезірек тұрмысқа беруге, айттырған үйіне аман-есен тапсыруға асығуы осындай соғыс кезінде белең алған шын оқиғалар мен қауесет сөздердің әсері. Осының дәлелі — «қорғансыз» қалған жетім қыз Зейнегүлдің тағдыры. Ол әуелі романның антагонисі Жұманның алдауына түсіп, кейін ақ пен қызыл әскердің зорлығына ұшырайды. Дей тұрғанмен тағдыры талан-таражға түскен Зейнегүлге Мыңжасарова «құрбан» ретінде қараудан бас тартады. Ауыл адамдары Зейнегүлдің өзін кінәлағанымен, баяндаушы оған өз шындығын айтуға мүмкіндік береді. Ақырында ел-жұрт оның қайсарлығын құрмет тұтады.
«Төзім шеңбері»: отарланған сана анатомиясы
Екінші романында Мыңжасарова отарлық тақырыбына одан әрі үңіле түседі. Романның желісі бізді 1930 жылдарға апарады. Басты тақырыбы — қазақ әйелі, әсіресе ауыл әйелі «артта қалған, жабайы, мәдениетсіз» деген советтік отар түсінікті еңсеру. Романның басты кейіпкері Күнсұлу — Мәскеуде оқып жүрген күйеуі Сәлкенге он жыл демеу беріп, қызы Іңкәрді жалғыз бағып-қағып, ашаршылық жылдардың ауыртпалығын күйеуіне де, баласына да білдіртпей, жалғыз өзі көтеріп шыққан еңбекқор әйел. Әңгіменің шыжығы Сәлкен оқуын бітіріп келген соң басталады. Әйелі мен баласы «енді қалаға көшеміз» деп бақыттан басы айналып жүргенде, жаңа оралған Сәлкен ажырасатынын мәлімдейді. Оның ойынша, Күнсұлу «мәдениеттен» жұрдай-мыс. Ой-өрісі де Сәлкеннің деңгейіне сай емес екен.
«Қасық ұстау, тіпті дұрыс отыра білудің өзі мәдениетті адамдардың әдетіне айналған сәні бар» деп түсіндіреді ол ағасынаiМыңжасарова С. Төзім шеңбері. – Алматы: Жазушы, 1996. – 26–27-бет.
Күнсұлуда мұның бірі де жоқ. Сол үшін де теңі емес екен. Сәлкеннің ойын осылай өзгерткен не жағдай екен?

Сауат ашу курсындағы қазақ әйелдері. Қазақ АКСР-інің құрылғанына бес жыл толуына арналған фильмнен кадр. Қызылорда, 1925 жыл / ОМ КФДЖА
Бақсақ, ол үш жылдан бері Инна атты орыс әйелмен жақын екен. Күнсұлуды «жабайы» деп санауы оны «мәдениетті» Иннамен салыстыру арқылы келген ұстаным екен. Яғни Инна — метрополия мәдениетінің символы. Сәлкен оған табынады, оның алдында өзін төмен сезінеді. Геродоттан Толстойға дейінгі классиктер кітаптары жинақталған Иннаның әкесінің кітапханасын көргенде ол орыс қызын «білім өзеніне» теңейдіiМыңжасарова С. Төзім шеңбері. – 37-бет. Ал өз әйелінің қисса-дастан тыңдап, араб қарпімен оқып өскенін «артта қалғандықтың» белгісі санайды. Осылайша, жазушы отарлық мәдениеттің адамды өз болмысы, санасы мен мәдениетінен қалай алшақтататынын көрсетеді. Сәлкеннің Күнсұлуға деген көзқарасы (gaze) шын мәнінде оның өзіне деген отарлық көзқарасы десек те болады.
Осылайша, Мыңжасарова совет үкіметі кезіндегі «халықтар достығының» дәлелі ретінде дәріптелген ұлтаралық неке тақырыбын қозғайды. Оның осы ойы кеңестік ұлтаралық қатынастарды зерттеушілердің тұжырымдарымен үндес: кеңестік дискурста Орталық Азия еркектерінің орыс әйелдеріне үйленуі мәдениетті «модерндейтін» жол саналғанiAdrienne Edgar, Intermarriage and the Friendship of Peoples: Ethnic Mixing in Soviet Central Asia. – Ithaca: Cornell University Press, 2022. – P. 5.. Осы дискурста орыс әйелі модерндік өмір-салтының символы болса, орыс емес әйел дәстүрлі және сол себепті «артта қалған» ортаның келбетімен байланыстырылды. Мыңжасарова үшін қазақ ауыл әйелінің «мәдениетсіз» және «жабайы» бейнесі — осы кеңестік «модерндік» ойлау жүйесінің салдарынан пайда болған ой.

Ораз Жандосовтың Қазақ АКСР-інің құрылғанына бес жыл толуын мерекелеуге арналған халықтық демонстрацияда сөйлеген сөзі. Қызылорда, 1925 жыл / ОМ КФДЖА
Мыңжасарова «Төзім шеңберінде» осындай қарым-қатынас моделін басқа қырынан сомдайды. Күнсұлудың кейіннен көңіл жарастырған адамы — әкесі орыс, шешесі қазақ Андрей деген жігіт. Андрей Сәлкен менсінбеген қазақ мәдениетін құрметтейді. Ол қазақша таза сөйлеп қана қоймай, домбыра тартып, күй орындайды. Ауыл адамдарын сыйлап, ауылда тұрғысы келеді. Осылайша, автор «қазақыланған» орыс жігітінің бейнесі арқылы модерндік дискурстың орысцентрлік табиғатын дөп басып көрсетіп қана қоймай, әйелді ұлттың санын өсіруші репродуктивті күш қана емес, ұлт мәдениетін сақтаушы және жалғастырушысы, жеке тұлға ретінде сипаттайды.
Ең бастысы, Күнсұлу өз құндылығын сырттан таңылған өлшеммен анықтауға көнбейді. Әуелі ажырасуды ар-намысына түскен таңба деп қабылдағанымен, кейін назарды Сәлкеннің өзіне бұрады: «қазақ еркегі өз отбасын ешқашан қараусыз қалдырмаған». Олай болса, Сәлкен неге отбасын тастап кетті? Бұл сұрақтың жауабын Мыңжасарова Сәлкеннің отарланған санасынан іздейді. Осы мақаланың кіріспесінде көрсеткендей, Сәлкен қазақ ер жазушылары секілді модернистік дискурсқа негізделген отарлық саясаттың қазақ әйелі туралы ұстанымын қайталады. Метрополиялық мәдениет пен білім жүйесі қалыптастырған отарлық сананы өзіне ғана емес, Күнсұлуға да бағыттады. Соның салдарынан адамдықты институттық білім мен Мәскеу «мәдениеті» призмасымен өлшеді.
Әйел және ислам білімі: балама әлем
Мыңжасарова шығармаларының тағы бір қыры — қазақ әйелін советтік модерндік дискурс шеңберінен тыс, исламдық таным әлемінің аясында көрсетуі. Кеңес идеологиясы исламды әйелді езуші күш деп жарияласа, жазушы, керісінше, әйелдерді исламдық этика мен білімнің сақтаушысы әрі таратушысы етіп бейнелейді. Олардың діндарлығын медреседе оқуы немесе араб тілі білімі арқылы емес, бойға сіңген этикалық мінез-құлық, бата беру, түс жору және әулие-әнбиелер туралы әңгімелер айту сияқты өмірдің «кішкентай» құбылыстарымен өлшейді.

Үйлену тойын атап өтіп жатқан қазақ отбасы. Ақтөбе облысы, 1926–1927 жылдар / ОМ КФДЖА
«Әйел бақытындағы» Қадиша — соның жарқын мысалы. Есімі Пайғамбардың алғашқы жары Қадишаға меңзейтін бұл кейіпкер қауымда беделді орынға ие. Қашып кетуге бел буған жастарға берген батасынан оның мұсылман пайғамбарлары мен қазақ батырларының аруағына сиынатынын көруге болады:
«Бисмилла, Алла тағалам, оң сапарын бере гөр. Жортқанда жорықтарың Жебе батырдың жолы, сүйеулерің Сүлеймен пайғамбардың қолы...»iМыңжасарова С. Әйел бақыты. – 33-бет
Ал Елпан баймен сөйлесуге келгенде, Бибәтима піріне сүйеніп келгенін айтып, байдың ашуына былай жауап береді:
«Атаң қазақ қарт әйелді ана демеуші ме еді, ана сөзін халқым ар көрмеуші еді ғой»iМыңжасарова С. Әйел бақыты. – 41-бет.
Қадиша кедей ауылдың адамы болса да, бай Елпанмен келіссөзде аналық рөлін алға тарта отырып, тәкаппар байды дегеніне көндіреді.
«Төзім шеңберінде» Күнсұлудың анасы Айбарша да қызының түсін исламдық лексикамен жориды:
«Жақсы түс екен, жарығым. Өрт — бақыт, шырағың жанар. Құдайдың сайтанынан адамның сайтаны күшті емес пе? Бір сайтан азғырды да... Мұхамбет пайғамбардың көруі, Сүлеймен пайғамбардың жоруы болсын. Әумин»iМыңжасарова С. Төзім шеңбері. – 58-бет.
Бұл көркем көріністер жазушының өз өмірбаянымен де үндесіп жатыр. Партия қызметкері болған анасы Құранын көк барқыт дорбаға салып, жастығының астына жасырып ұстаған екен. Ал иман-шартын жейдесінің жағасына тігіп, жүрегіне жақын алып жүріпті. Өсиеті бойынша кеудесіне Құран қойылып жерленген. Енесімен дін туралы ұзақ сөйлескенде, ол кісі «қазақшылықтың бәрі қылмыс саналатын заманда» исламды жасырын ұстануға мәжбүр болғанын айтқанiМыңжасарова С. Мейірім // Ақ Желкен. – №3. – 33-бет. Осылайша, өмірде де, әдебиетте де әйелдер далалық ислам білімін қазақшылықтың ажырамас бөлігі ретінде сақтап қалғанын көрсетеді. Бірақ әйел өміріндегі қазақшылық ұсақ, әдетте маңызсыз болып саналатын күнделікті істермен өлшенеді.

Сара Мыңжасарова отбасымен / Qazaquni.kz
Мыңжасарованың өмірі мен шығармашылығы — совет әдебиетінің өз ішінен өсіп шығып, оның отарлық, патриархалдық іргетасын сөзбен сөккен ерекше құбылыс. Тұңғыш қазақ әйел романшысы ер адамдар қалыптастырған жанрды алып, оны әйел көзқарасының құралына айналдырды. Оның кейіпкерлері біреудің қолындағы «шылдырмақ» емес, өз тағдырын, өз мәдениетін, өз әділдігін өзі анықтайтын тұлғалар.
Бүгінгі күні, «Төзім шеңберінің» толық нұсқасы жарық көргеніне отыз жыл толғанда, Мыңжасарованың мұрасын қайта оқу — тек әдебиеттану міндеті емес. Бұл – қазақ әйелінің өз тарихын өз аузынан тыңдаудың, «шылдырмақ» болудан бас тартқан дауысқа құлақ асудың жолы.
