ЕР-ТОҚЫМ МЕН ҮЗЕҢГІНІҢ ТАРИХЫ

Ежелгі аңшылардан бастап ковбоиларға дейін

ЕР-ТОҚЫМ МЕН ҮЗЕҢГІНІҢ ТАРИХЫ

Уильям Генри Джексон «Қорада. Лариат»/Buyenlarge/Getty Images

Неліктен көшпенділер үзеңгі пайдаланбады, рыцарлық атқа қандай ер-тоқым қажет және әйелдерге арналған ер-тоқымды кім ойлап тапты?

Мазмұн

Жылқылар ғасырлар бойы адамға еңбекте де, соғыста да серік болды. Десек те бастапқыда олар адам үшін тек аңға шыққандағы олжа саналып келген еді. Неолит дәуіріне жататын үңгір қабырғаларында алғашқы қауымдық кезең аңшыларының жабайы жылқыларды аулау көріністері жиі бейнеленген. Он мыңдаған жыл бұрын келешекте Азия мен Еуропа құрлығын құрайтын жерлерде сан жетпейтін үйір-үйір жылқы жайылып жүретін. Адамдар жылқыны шамамен бұдан 60 ғасыр бұрын қолға үйретті.

Қытай жылқысының үңгірдегі суреті, Ласко, Франция/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Қытай жылқысының үңгірдегі суреті, Ласко, Франция/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Бірақ ол дәуірде де жылқыны негізінен ет үшін өсіріп, биенің сүтін сауып ішу мақсатында ұстаған. Дегенмен ол уақытта бұл жануар ендігі көбеюін адамдар бақылауда ұстайтындай үй жануарына айналып үлгерген де еді. Шамамен б.з.д. 40-ғасырларда шумерлер жылқы малын алғаш рет соғыс арбасына жеге бастады. Алайда бұл арбалар ұрыс даласының ортасында жүйткімейтін, оны тек көсемдер мен ауыр қаруланған жауынгерлерді шайқас алаңына жеткізу үшін пайдаланатын. Сондықтан бұл арбалар римдік квадригаларға емес, ауыр әрі икемсіз арбаларға көбірек ұқсайтын.

Арбалар мен сарбаздарды көрсететін Ур штандартының фрагменті, Ирактың оңтүстігі, шамамен б.з.б. 2600-2400 жж./Getty Images

Арбалар мен сарбаздарды көрсететін Ур штандартының фрагменті, Ирактың оңтүстігі, шамамен б.з.б. 2600-2400 жж./Getty Images

Қызығы, арбалар жылқыдан бұрын ойлап табылған. Сол кезде оларды қозғалту үшін жылқы емес, кунгамдар пайдаланылған. Кунгам — үй есегі мен жабайы құланның буданы, айдаушыға мойынсұнатын, жылдам әрі төзімді жануар. Бірақ бұл будан жануардан ұрпақ алып қалу мәселеге айналды, сондықтан әр жолы жабайы құланды ұстап, оны есектің аналығымен будандастыру қажет еді. Арбалар үшін сенімді «қозғалтқыш» табу мәселесінің шешімі жабайы жылқыларды қолға үйрету болды. Жылқы өсіру мен көбейтуді еңсеру соншалық қиын іс емес болып шықты.

Жылқыны қолға үйрету

Қолға үйретілген бойы аласа жылқылар б.з.д. 20-ғасырдан бастап Таяу Шығыста, Месопотамия мен Кіші Азия арасында жүк таситын жануар ретінде пайдаланылды. Олар сол замандағы «ашатұяқты жүк көлігі» еді. Ал жылқыларды алғаш рет «жеңіл көлік», яғни ақсүйек немесе қарапайым адамдарды тасымалдау үшін пайдалану идеясы қайда және кімнің ойына келгенін кесіп айту қиын. Дегенмен кім бірінші атқа мінді дегенге қатысты кем дегенде екі теория бар.

Бір теорияға сәйкес, жабайы жылқыларды алғаш қолға үйретіп, оларға алғаш мінген адамдар — қазіргі Қазақстан аумағындағы Ботай ауылының жанындағы археологиялық қазбалар кезінде анықталған Ботай мәдениетінің өкілдері. Бұл халық шамамен б.з.д. 5000 жылдары өмір сүрген, яғни бұл оқиға шумерлердің Қос өзен бойында жылқыларды арбаға жегуді меңгеруінен әлдеқайда бұрын болған.

Ботай мәдениеті жылқысының қалдықтары, б.з.б. 4-3 мың. Солтүстік Қазақстан, Ботай мәдениеті. Түркістан, Қазақстан мәдени орталығы/Alamy

Ботай мәдениеті жылқысының қалдықтары, б.з.б. 4-3 мың. Солтүстік Қазақстан, Ботай мәдениеті. Түркістан, Қазақстан мәдени орталығы/Alamy

Ботайлық жылқылар қазіргі заманғы мініс аттарының арғы тегі емес, кейін жабайыланған Пржевальский жылқысының ата-бабалары болған. Олар ер-тоқым пайдаланбаған, бірақ жүген тәрізді құралдарды қолданған. Дегенмен Ботай мәдениеті мен олардың шабандоздық дағдылары қайда жоғалып кеткені белгісіз: оларды басқа халық басып алып, жойып жіберді ме, әлде басқа этностарға сіңісіп кетті ме, нақты айту қиын. Орта және кейінгі қола дәуірінде бұл халықтың ізі табылмаған. Кейінгі кезеңдерде бұл аймақтағы басқа халықтардың да атқа мінуді меңгергенін көрсететін дәлел жоқ. Ботай мәдениетінен қалған жалғыз естелік — бүгінде жабайы жануар ретінде танылған Пржевальский жылқысы.

Екінші теорияны фин археологы Фолькер Хейдтің Хельсинки университетіндегі зерттеулері растайды. Бұл теорияға сәйкес, алғашқы атқа мінушілер б.з.д. IV мыңжылдықта, бірақ Ботай мәдениетінен айтарлықтай батыс тарапта пайда болған. Батыс Еуразия даласында өмір сүрген «Ямна мәдениетінің» өкілдері жылқыны жүгендеуді үйренген. Айта кету керек, жазуы болмағандықтан, тарихшылар бұл ежелгі халықтардың өзін қалай атағанын білмейді. Сондықтан археологтар оларды алғашқы қазба орнына қарап (мысалы, ботайлықтар сияқты) немесе жерлеу дәстүрлеріне байланысты «ямна мәдениеті» деп атаған. Егер сол замандағы адамдардың бірі қазіргі уақытта тіріліп, оқулықтардан өзі жайлы тарауды оқыса, бәлкім, қатты таңғалар ма еді?

Дала арбалары бейнеленген петроглифтер, үнді-еуропалықтар б.з.б. 2000 ж./Indo-European.eu

Дала арбалары бейнеленген петроглифтер, үнді-еуропалықтар б.з.б. 2000 ж./Indo-European.eu

Қалай болғанда да, бұл көшпелілер жылқыларды қолға үйретіп, өсірумен айналысқан, сондықтан табынды айдап жүру үшін олар атқа мінуді үйренуге мәжбүр болды. Әйтпесе, үйір-үйір табынды қалай қуып жетпек? Археологтар Ямна мәдениеті өкілдері өмір сүрген Еуразия даласынан табылған б.з.д. 3021–2501 жылдарға жататын адамдардың сүйектерін зерттеген. Зерттелген 217 қаңқаның 24-інен аттан құлауына, жылқы тұяғынан жарақат алуына немесе жылқының тістеуіне байланысты болуы мүмкін зақымдану түрлері анықталған. Жарақат алатындай қателікке ұрынбас үшін белгілі бір дағдыларды меңгеріп шабандозға айналғанына салыстырмалы түрде сенімді болуға мүмкіндік беретіндей критерий жасалды.

Бұл критерий алты түрлі белгіден тұрды. Критерий тізіміне жарақаттанудан бөлек, келесідей белгілер кірді: аттың желіп шапқан кезінде жиі ұрылуына немесе «тақымды қысқан» кезінде сүйек пен буындардың тозуы, омыртқа сүйектерінің қажалуы, атқа мінушілердің жамбас және ортан жілік бұлшықетінің ерекше дамуына орай қалдырған іздері кірді.

Ирак, Хорсабад, жылқы мен салтаттыларды бейнелейтін рельеф, II Саргон сарайынан (шамамен б.з.б. 722-705 жж.), тас/Getty Images

Ирак, Хорсабад, жылқы мен салтаттыларды бейнелейтін рельеф, II Саргон сарайынан (шамамен б.з.б. 722-705 жж.), тас/Getty Images

Қалай болғанда да, қазіргі түсініктегі кавалерияның (атты әскердің) әлемге таралуы негізінен Қосөзен (Месопотамия) аймағынан басталды. Шамамен үш мың жыл бұрын бұл әскер түрі ассирия әскерінде пайда болды. Араб тілінде жылқы «фарас», ал кавалерия мен парсы халқының атауы «фарисийа» деп аталуы кездейсоқ емес, яғни парсылар сөзбе-сөз «салт аттылар халқы» деп аталған. Сонымен қатар кельт және ағылшын тіліндегі «хорсе» (horse) сөзі де осы түбірден шыққан болуы мүмкін. Парфия патшалығы (қазіргі Иран мен Ирақ аумағында орналасқан, астанасы көне Ниса қаласы) арнайы әскери жылқы тұқымын өсіру орталығы болған. Бұл тұқым «нисей жылқылары» деп аталған.

214 күн — Хетт штатындағы жауынгерлік жылқыларды оқыту циклі.

Хеттердің Хаттуса қаласындағы архив қирандысынан табылған саз тақтайшасына жазылған мәтін — «Киккули Миттани елінен» атты жазба б.з.д. 1300 жылға жатады. Онда әскери жылқыларды үйретудің 214 күндік циклі сипатталған. Алғашқы кавалерияға шопандар мен керуеншілер қолданатын құрал-жабдықтардан гөрі күрделірек жабдықтар қажет болды. Соғыста тек жүгенмен шектелу мүмкін емес еді. Алайда бұл құрал-жабдықтардың ойлап табылуы тым ұзаққа созылды, сол себепті көне заман кавалериясы көмекші әскер рөлінен аса алмаған еді. Маңызы жаяу әскерден, садақшылар мен соғыс арбаларынан жоғары болмап еді.

Кирдің Вавилонға келуі, шамамен б.з.б. 540 ж/Getty Images

Кирдің Вавилонға келуі, шамамен б.з.б. 540 ж/Getty Images

Ер-тоқымның эволюциясы

Ассирияда шамамен б.з.д. 700 жылы тығыз әрі жұмсақ ер-тоқым қолданыла бастады. Олар жылқының арқасын қажалудан, ал шабандозды аттың өткір тер иісінен қорғауға арналған еді. Мұндай ер-тоқым түрі шепрак деп аталды да кейіннен македониялық гетайлардан бастап рим кавалериясына дейін әлемнің көптеген атты әскерінде қолданылды. Шепрак, яғни ер-тоқымдар қайыс пен құйрықасты белбеулер арқылы жылқының үстіне бекітілетін.

Ашурбанипал сарайының тас бедері/Werner Forman/Universal Images Group/Getty Image

Ашурбанипал сарайының тас бедері/Werner Forman/Universal Images Group/Getty Image

Ал алғашқы, бірақ әлі де қарапайым ер-тоқымдарды болашақ Қазақстан, Ресей және Моңғолия аумағында өмір сүрген пазырық мәдениетінің шабандоздары ойлап тапты. Бұл мәдениеттің өкілі — атақты «Алтай ханшайымы» (немесе «Укок ханшайымы», табылған жердің атауымен аталған) б.з.д. 5–3 ғасырларға жатады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, әйел мумиясы салынған ағаш табыттан бөлек, жерлеу орнынан алты жылқының қаңқасы, ер-тоқымдарымен қоса, басқа да ат әбзелдері табылған. Бұл жылқылар мәртебелі иесін о дүниеге алып жүруі үшін қабірге қойылған деп есептеледі.

Салт атты, Пазырық киіз жәдігері (кілем егжей тегжейі), б.з.б. 5-4 ғ. Сібірдегі Алтай тауындағы Пазырық қорғандарынан/Fine Art Images/Heritage Images/Getty Images

Салт атты, Пазырық киіз жәдігері (кілем егжей тегжейі), б.з.б. 5-4 ғ. Сібірдегі Алтай тауындағы Пазырық қорғандарынан/Fine Art Images/Heritage Images/Getty Images

Көшпелі сармат тайпалары жұмсақ былғарыдан жасалған ер-тоқымдарды пайдаланған. Ал Қытайдың солтүстігіндегі далалық аймақта өмір сүрген көшпелі хуннулар б.з.д. 3 ғасырдың соңына қарай қатты ағаш ер-тоқымдарды ойлап тапқан. Ағаш қаңқалы ер-тоқымдар, алдыңғы және артқы доғалары арка тәрізді шығыңқы келгендіктен, шайқас кезінде ат үстіндегі адамды сенімді ұстап тұратын. Мұндай ер-тоқымдарды хуннулардың ықтимал ұрпақтары — ғұндар да қолданған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, римдіктер Аттила басқарған ғұн жауынгерлерінен жеңілуінің бір себебі — олардың ер-тоқымды білмеуі және әлі де Месопотамия халықтары пайдаланған шепракпен шектелуінде болды.

Евгений Делакруа фрескасының фрагменті. Аттила. 1840 ж/Wikimedia Commons

Евгений Делакруа фрескасының фрагменті. Аттила. 1840 ж/Wikimedia Commons

Осы себепті рим кавалериясы тек қапталдан шабуыл жасауға немесе шегінген жауды қууға пайдаланылатын, бірақ қуатты тікелей шабуылдарға жарамайтын еді. Ер-тоқым жоқ жағдайда найзамен немесе тіпті қылышпен шайқасу қиынға соғып, қаруды абайсыз қолданған кезде немесе қарсыластың соққысын қайтарғанда аттан құлап кету қаупі жоғары болды. Сондықтан Рим әскерінің негізгі күші тығыз саптағы қалқандары бар легионер жаяу әскер болып қала берді, ал көшпелі ғұндардың басты әскери күші атты әскер болды.

Дегенмен 451 жылы Каталаун даласындағы шайқаста римдіктер вестготтармен одақтаса отырып ғұндарды жеңіп, олардың Еуропаға жеңісті жорығын уақытша болса да тоқтатты. Көшпелілер бекініс ретінде қолданған лагерлеріне шегініп, Аттила өзіне арналған жерлеу алауын тұрғызуға бұйрық берді... бұл мақсатта дәл сол қаңқасы ағаштан жасалған ер-тоқымдарды отқа салды. Аттила жау қолына тірідей түспеу үшін өзін-өзі өртеуді жоспарлаған еді, бірақ бұл әрекетке барудың қажеті болмады. Дегенмен ғұн шапқыншылығының арқасында биік алдыңғы және артқы доғалары бар қатты ер-тоқымдар Шығыс Еуропада кең таралды. Дәл осы ағаштан жасалған қатты ер-тоқым кавалерияны кез келген әскердің ең қуатты бөлігіндей етіп жасап ат үстіндегі сарбазға әрекет еркіндігін және сенімді отыру мүмкіндігін қамтамасыз етті.

Орта ғасырларда бронь киген рыцарьлардың пайда болуымен олардың ер-тоқымдары да өзгерді. «Темір жауынгердің» найзамен қатты соққы жасаған кезде ер-тоқымнан ұшып кетпеуі үшін, ер-тоқым атаулының алдыңғы және артқы доғаларын өте биік етіп жасады. Темірмен қапталған ағаш алдыңғы доға рыцарьдың кеудесіне дейін жететін, ал сол қолымен ол доғаның тұтқасын ұстайтын. Артқы доға белдің орта тұсына дейін жететін биік арқасын тірейтін тірекке айналып, жауынгерге сенімді тірек қызметін атқаратын.

1 / 4

Көпшілік кавалерияға арналған ауыр сауытсыз әрі ықшам ер-тоқымдардың басқа түрлеріне де қажеттілік туындады. Азияда мұндай ер-тоқымдар биік алдыңғы және артқы доғалардан тұтастай дерлік ада болып келетін, бұл жауынгерге ат үстінде қылыш сермеуге және садақ атуға көбірек еркіндік беретін еді. Жігіттік өнері (джигитовка) дәл осы ер-тоқымдармен байланысты дүние еді. Ал еуропалық ер-тоқымдар, керісінше, биік доғалармен ерекшеленіп, жауынгерді ер-тоқымда тығыз ұстап тұратын, оны жерге құлату қиын болды. Жеңіл атыс қаруының дамуы мен найзамен шабуылдау тактикасынан бас тарту барысында атты үстіндегі жауынгерге маневр жасау еркіндігін көбірек беретін азиялық үлгідегі ер-тоқымдар осылайша көбірек сұранысқа ие болды.

Атын дайындап тұрған қазақ бүркітшісі/Getty Images

Атын дайындап тұрған қазақ бүркітшісі/Getty Images

Америкадан шыққан ковбой ер-тоқымдарын ерекше атап өту қажет. Олар жылқының омыртқасына жақын орналасып, тіпті иық аймағын да қамтиды. Жылқының анатомиясына осындай бейімделу шабандозға ат үстінде бірнеше сағат бойы зиянсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бұл мал шаруашылығында ірі қараны аулаумен айналысатын ковбойлар үшін маңызды болды. Ал 19–20 ғасырларда арнайы спорттық ер-тоқымдар пайда болды. Спорттық ер-тоқымдар шабандозды алға қарай еңкейтуге мүмкіндік беріп, ипподромда кедергілерден өту кезінде ыңғайлы болу мүмкіндігін арттырды.

Сонымен қатар 16 ғасырда Еуропада ханымдарға арналған ер-тоқымдардың алғашқы прототипі пайда болды. Дегенмен мұндай ер-тоқым түрлері тек 18 ғасырда кеңінен тарады. Дала әйелдері ерлер сияқты атқа мініп жүрген болса, Еуропада шалбар кимейтін христиан әйелдері мұндай еркіндікке көп уақыт қол жеткізе алмады, өйткені ұзын көйлек атқа еркін мінуге кедергі келтіретін еді. Осы себепті әйелдер бастапқыда ер адамдардың артында отырып қана атпен жүретін. Алғашқы әйел ер-тоқымдары ағаштан жасалған доғасы бар жастыққа ұқсайтын, яғни жылқының арқасына бекітілген бүйірінен қарғып мінуге мүмкіндік беретін орындық тәрізді дүние болып келді. Кейінірек бұл ер-тоқымдар ыңғайлырақ бола түсті, бірақ әлі де ерлерге арналған ер-тоқымдардың ығайлы әрі сенімді қалпына жете алмап еді. Сондықтан көптеген ақсүйек әйел, мысалы, Ұлыбритания патшайымы І Елизавета мен Ресей императрициясы ІІ Екатерина кейде этикет деген дүниені елемей ерлердің костюмдері мен ер-тоқымдарын қолданып серуендеуді жөн көретін. Тек 19 ғасырдың басында ғана француз Жюль Шарль Пеллье әйелдерге арналған ерекше ер-тоқымды ойлап тапты. Бұл ер-тоқым екі бірдей алдыңғы доғамен жабдықталды: жоғарғы доғаның аяқпен қапсырып алуға болатын, ал төменгі доға сол аяқтың пішінін қайталап, атқа мінген әйел затына ат үстінде бекем тұруға мүмкіндік беретін. Мұндай ер-тоқым әйелдерге ат үстінде «тиісті» отырысты сақтай отырып, аңшылыққа баруға, тіпті кедергілерден өтуге мүмкіндік беретін еді.

Суретші Анри д'Энеси Монпезат. Жылқыға арналған әйелдер ер-тоқымы. С.Сиднейдің «Жылқы кітабынан», шамамен 1840 жылдар/The Print Collector/Heritage Images via Getty Images

Суретші Анри д'Энеси Монпезат. Жылқыға арналған әйелдер ер-тоқымы. С.Сиднейдің «Жылқы кітабынан», шамамен 1840 жылдар/The Print Collector/Heritage Images via Getty Images

Үзеңгі артықшылық па?

Үзеңгілер ер-тоқымнан кейін пайда болды және алғашында тек атқа мінуді жеңілдету үшін тіреуіш ретінде қолданылған, сондықтан олардың пайда болуы қатты ағаш ер-тоқымдардың таралуымен байланысты болды. Алғашқы үзеңгілер қазіргі түрінен айтарлықтай өзгеше. Мысалы, Ежелгі Үндістанда б.з.д. II ғасырда шағын сақина тәрізді үзеңгілер қолданылған, оған шабандоз атқа міну кезінде жалаңаяқ башпайын тіреп алып секіретін. Бұл үзеңгілердің бейнесі қазіргі Махараштра штатында орналасқан Бхаджа үңгіріндегі б.з.д. II ғасырда тиесілі рельефте кездеседі. Алайда басқа елдерде, әсіресе қатал климат жағдайында өмір сүретін жерлерде жалаңаяқ жүру әдеті болмағандықтан, бұл идея Үндістаннан тыс жерлерде таралмаған еді.

Шыңжаң, Тұрфан, Астана қорымы. Ер-тұрманы мен үзеңгісі бар аттың саздан жасалған мүсіні/Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Шыңжаң, Тұрфан, Астана қорымы. Ер-тұрманы мен үзеңгісі бар аттың саздан жасалған мүсіні/Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Тарихшылардың пікірінше, жалғыз сол жақ үзеңгі б.з. 3 ғасырда Солтүстік Қытай даласының көшпелілері арасында пайда болған. Ал екі жаққа бірдей салбырап тұратын металл үзеңгілер бейнеленген алғашқы сурет Қытайдың Ляонин провинциясындағы Солтүстік Ян әулетінің қабірінен табылған және ол 415 жылға жатады. Бұдан да ертерек жылқының тек бір жағында тұратын үзеңгі Батыс Хань әулетіне тиесілі №18 қабір ретінде таңбалаған қабірден табылған. Неліктен жалғыз үзеңгі сол жаққа бекітілгені және неліктен атқа осы жақтан мінетінін қарапайым себеппен түсіндіруге болады: адамдардың басым бөлігі оңқай болған, Тіпті жауынгерлер қылышты оң қолымен оңай суырып алу үшін сол жағына асынған. Осыған байланысты атқа оң жақтан міну қару белбеуіне кедергі келтіріп, ыңғайсыздық тудыратын болған.

Алтын жалатылған ағаш үзеңгі/Wikimedia Commons

Алтын жалатылған ағаш үзеңгі/Wikimedia Commons

Аварлар шамамен үзеңгіні Еуропаға 6 ғасырда алып келген. Еуропалықтар оларды тек ер-тоқымға мінуді жеңілдететін арнайы «баспалдақ» ретінде ғана қабылдаған еді. 6-7 ғасырларда жазылған «Стратегиконда» ер-тоқымдарда екі темір үзеңгі болуы керек деп көрсетілген, олар грек тілінде «скала» (σκάλα) – «баспалдақ» деп аталған. Алайда екі үзеңгі де ер-тоқымның сол жағына, біреуі алдыңғы доғаға, екіншісі артқы доғаға бекітілуі тиіс еді.

«Византия әскерінің жараланған және аттан құлаған жауынгерлерін қарайтын депотаттардыңiВизантия әскері құрамындағы санитарларды солай атайтынатқа мінуін жеңілдету мақсатында олардың ер-тоқымдарының сол жағына қосарлы үзеңгі бекіту қажет болды. Яғни  әдеттегі алдыңғы үзеңгіден бөлек, артқы доғада да үзеңгі болуы керек еді. Осы арқылы атқа бірден екі адам: жаралы жауынгер мен оны көтеріп мінгізуші міне алатын. Біріншісі алдыңғы доғадағы үзеңгіге, екіншісі артқы доғадағы үзеңгіге сүйенетін»

Ал шайқас кезінде жауынгер үзеңгілерге аяқ тірей ала ма?

Жоқ. Шабандоз тек бөксесі мен жамбасы арқылы жылқының бүйірлерін қысып қана ат үстінде тұрақтай алатын. 768–814 жылдары өмір сүрген Ұлы Карлмен қоса оның әскері де үзеңгіні пайдаланбады. 820–835 жылдардағы «Утрехт Псалтирінде» бейнеленген шабуылшы шабандоздардың да үзеңгісіз болғаны анық көрінеді. Алайда сол кезеңдегі Еуропаға үзеңгі жақсы таныс дүние болатын. Археологтар Францияның шығысында 7 ғасырдың аяғы мен 9 ғасырдың басы аралығында қаза тапқан 704 жауынгердің жерлеу орындарын қазған кезде, олардың ішіндегі 85 жауынгердің атты әскер болғаны анықталды. Соған қарамастан тек төрт қабірден ғана үзеңгі табылған, ал қалған барлық атты әскерде тек тепкі болған.

Каролинг қолжазбасы. Утрехт жырының 44-ші діни өлеңіне салынған сурет/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Каролинг қолжазбасы. Утрехт жырының 44-ші діни өлеңіне салынған сурет/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Айтпақшы, Ресей империясында 20 ғасырдың басына дейін кавалерия бөлімдерінің жарғыларына сәйкес атты әскерді үзеңгісіз атқа мінуге үйреткен. Үзеңгілер ыңғайлы екені даусыз, бірақ мықты атты әскер оларға тәуелді болмау қажет, теңгерімді сақтап, аяққа сүйенбей-ақ ер-тоқым үстінде тұрақты қалпын сақтап алуы тиіс. Ер-тоқымдағы тұрақты күйді «шлюсс» (ер-тоқымды тізе және жамбастың қысымы арқылы ұстап тұру) ұстап тұруы тиіс. Тіпті тәжірибелі деген атты әскерлер тек теңгерімді бүкіл денесімен сақтау арқылы ұстап тұра алауы қажет. Басқаша айтқанда, бүгінде кавалерияның ажырамас элементіне айналған үзеңгі атты әскер технологиясында қатты ер-тоқым сияқты үлкен революция жасамады. Айтарлықтай ыңғайлы бұл технологияның қажеті соншалық бағаланбады. Негізі ең ыңғайлысы екі жақты үзеңгі еді.

Николай Поликарпов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ