Тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы:

Абылай хан кезіндегі қазақ-қытай қарым-қатынасы жайлы

~ 5 мин оқу
Тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы:

Нәбижан Мұқаметханұлы/Qalam

Қытай жазбаларында «қазақ» атауы қашан алғаш рет ұшырасады? Екі ел арасындағы сауда-саттық қалай жүрген? Қазақтар қалай салықтан босатылды? Абылай хан Қытайдың вассалы болды ма? Тарих ғылымдарының докторы, қытайтанушы Нәбижан Мұқаметханұлымен YouTube-арнамызда осы және басқа тақырыптар төңірегінде сөйлескен едік. Бұл мақалада Абылай хан дәуіріндегі қазақ-қытай қарым-қатынасы жайлы айтқан сөздерін ұсынып отырмыз.

Қытай жазбаларындағы «қазақ» атауы

Қазақ деген атау қытай жазбаларына қай уақытта түсті екен деп зерттеп көрсем, 1697 жылы түскен екен. «Һасакы» деп атайды бұлар (Hāsàkè (哈萨克) қазір де қытайша «Қазақстан» дегенді білдіреді – ред.). Бірақ бұл кезде Цин империясы мен қазақтар арасында қарым-қатынас болмаған. Цин империясы қазақтарға назар да аудармаған. 

 Хуаң Чиң Жигоң Ту. Қазақ ақсүйегі мен оның әйелі/Gallica

Хуаң Чиң Жигоң Ту. Қазақ ақсүйегі мен оның әйелі/Gallica

Ал олардың Қазақ хандығына назар аударған кезі — 18-ғасырдың 50-жылдары. Неге? Өйткені Цин империясына Жоңғар хандығын жою керек болды. 1753–1754 жылдардан бастап «Егер біз Жоңғар хандығын әскери күшпен жоятын болсақ, оның ар жағындағы қазақтарда қандай реакция болады? Жоңғарларға болысып, бірге қарсылық көрсете ме? Әлде оларға бұрыннан жау болып келе жатқан қазақтар ар жақтан жоңғарға қарсы шабуылға шыға ма?» деген мәселе бойынша ақпарат жинай бастаған. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Цин империясының шекарасы қазақтардың жеріне келіп тірелді.

Әмірсана

Цин империясына қарсы күресте Әмірсана деген тұлға бар. Бұл – Жоңғар хандығының ханы боламын деп жүрген бәсекелестердің бірі. Басында ол Цин империясының көмегі арқылы хан болуды көздеген. Бірақ жоңғарлар жойылғаннан кейін Цин Әмірсанаға хандық жүйені берген жоқ. Тек бір тайпа елдің нояны деген титул тағайындады. Ал ойраттарды тікелей өзі басқаратын жүйе қалыптастырды. 

Осыған байланысты Әмірсана 1755 жылдың күзінде және 1756–1757 жылдары Цин империясына қарсы қарулы көтеріліс жасаған болатын. Бірінші шайқастағы жеңілістен соң Абылай ханға қашып келеді. Абылай хан оны қорғауына алған. Бір жылдан кейін Әмірсана қайтадан Тарбағатайдан өтіп, екінші рет көтеріліс жасайды және қайта жеңіледі, сөйтіп екінші рет қазақ даласына қашып өтеді. Міне, осы барыста Цин империясы Әмірсананы тұтқындау үшін (қазақ жеріне – ред.) үш бағытта үш түмен әскерін аттандырады.

1 / 2

Соғыстан саудаға

Цин империясының жер қайысқан қалың қолы қазақ даласына баса-көктеп келгенде, Абылай хан оған қарумен қарсылық көрсетті. Екі-үш жерде шайқас болды. Бірақ Абылай хан Қытайдың жер қайысқан қалың қолын қарумен емес, дипломатиялық жолмен тоқтатуды ойластырды. Өзінің елшісін Цин әскерін бастаған генералдарға жіберіп, келіссөз жүргізді. «Біз ұлы империяға қарсы тұрушы емес едік. Өздерің бізге шабуыл жасап, екі жақ бірдей арандадық» деген сөзі қытай деректерінде нақты жазылған. 

Цин империясы 1755 жылы Абылай ханға елшілік жіберген болатын. Ондағы бірінші мақсаты — Абылайға өзінің алда болатын іс-әрекетін, содан кейін қазақтарға ешқандай залал келмейтіндігін түсіндіру. Абылай хан да бұл кезде Жауғаш батыр бастаған елшілігін Цин империясының Іледегі штаб-пәтеріне жіберген. Демек, 1755–1757 жылдар арасында екі тарапта бір-бірін аңдысу процесі болды. 

Ал Әмірсана оқиғасынан кейін қазақ пен Цин империясының шекарасы тоғысады. Мәселе туындады ғой. Енді қайту керек? Абылай хан «Біз сіздермен сауда жасайық» деді.

Қытайға жылқы сатқан қазақтар

Ол кезде Цин империясы үшін мініс көлік — басты мәселе болды, яғни әскери ат керек. Оны тек қазақтармен шеше алады. Осыдан келіп жер мәселесі пайда болды: сауда қайда өтуі керек? Абылай хан алғашында қазіргі Қытайдағы Үліңгір көлін ұсынды. Бірақ Цин империясы оны тым алыс деп, Үрімжіні айтты. Сөйтіп 1758 жылдың күзінде Қабанбай батыр бастаған қазақтар Үрімжіде алғашқы сауданы жүргізді. Үш жүзден аса жылқыны айдап апарған деген нақты деректер бар. 

Ол жерде тек сауда-экономикалық емес, саяси-дипломатиялық байланыстар да болды. Абылай хан 1757 жылы он бір адамнан тұратын елшілігін жіберді. Сол елшілер арқылы Абылай ханға жіберген хатында Цин империясы «қазақ ханы Абылай» деп жазады. Көрдіңіз бе? Грамотасында «Қазақтың ханы екенсің, патша хандығыңды деп бекітті. Бұдан да жоғары титул сұрасаң, оны да бекітіп береді» дейді. Бұл жердегі «бекіту-бекітпеу» — қытай дипломатиясында «мойындады, сені таныды» деген сөз ғой. Демек, Абылай хан қазақтың ханы ретінде Цин империясымен тікелей байланыста болды, дипломатиялық келіссөздер жүргізді.

 Цинь династиясы кезеңі. Қазақтар қытай императоры Чианлұңға салықты жылқымен өтеп жатыр. 1757

Цинь династиясы кезеңі. Қазақтар қытай императоры Чианлұңға салықты жылқымен өтеп жатыр. 1757

Абылай ханның этнотерриториялық шекара қалыптастыруы

Абылай ханның этнотерритория көзқарасына таң қаламын. Бірінші делегациясы арқылы-ақ «Тарбағатай — біздің байырғы мекеніміз. Соны патша жарылқап бізге берсе» дейді. Бұл жерде территория сұрап тұр. Байырғы қазақтардың атамекені, қазіргі Қытай Халық Республикасындағы Тарбағатай аймағын айтып отыр.

Осыған қатысты жазған хатында Цин империясы «Ол — біз жаңадан тыныштандырған жер. Болашақта онда тың игереміз. Қазақтар бізге ешқандай еңбек сіңірген жоқ. Сендерге ол жерді жарылқап бере салу мемлекеттің тәртібіне қайшы келеді» деп жауап қайырады. «Әмірсананы тұтқындап берсеңдер, біз сендерге жер беретін едік» деген де хаттары бар.

Ал 1763 жылы Абылай хан екінші рет хат жазады. Тағы жер мәселесіне қатысты. Онда «Біздің малшылардың Ілеге барып мал бағуына рұқсат етсеңіз» дейді. Оған Цин империясы былай деп жауап береді: «Абылай хан, сенің жерің — ұлан-ғайыр кең дала. Жер жетпей жатқан жоқ қой. Жоңғарлар кезінде бұл жаққа келе алмаушы едің. Мен жоңғарларды жойғаннан кейін ентелеп келіп жатырсың. Өткенде Тарбағатайды сұрадың, патша бермеген. Енді мына сұрауың — артық талап. Біз ол жерді бере алмаймыз».

Абылай ханның расында кең-байтақ жері бар. Бірақ оның ойлағаны — этнотерритория. Ол жайында Шоқан Уәлиханов та жазған. Абылай хан 50-жылдарға дейін қазақ этнотерриториясын құрған. Мына жақта қырғыздар болсын, ана жақта Қоқан болсын, Хиуа болсын — оңтүстік-солтүстіктің бәрін Абылай хан қалыптастырған. Енді шығыстағы территориясын бүтіндеу үшін осындай талап қояды. Бұл — қытай жазбаларында, Цин империясының орда күнделіктерінде жазылған деректер. 

Хуаң Чиң Жигоң Ту. Қарапайым қазақ пен оның әйелі/Gallica

Хуаң Чиң Жигоң Ту. Қарапайым қазақ пен оның әйелі/Gallica

Қазақтардың салықтан босатылуы

Абылай хан Цин империясымен сауда байланыстарын жүргізуді мемлекеттік деңгейде ұйымдастырған. Қазақтың саудагерлерін сұлтандар бастап барады екен. Мысалы, сауда орындары Үрімжіде, Іледе — қазіргі Қорғас өңірінде, одан кейін Тарбағатайда ашылды. Міне, осының бәрінде Абылай халықаралық тәртіп сұрайды. Сол жерде қазақтардың салықсыз сауда жасауына қол жеткізген. Ал Цин империясы ол кезде Қоқанмен де, оның ар жағындағы бадақшандық тәжіктермен де сауда жасағанда салық салған болатын. Тек қазақтарға салық салмаған. 

Цин империясы сауда ережесін жазған. Онда қазақтармен саудада қандай позицияны ұстану керек деген мәселе айтылып, «Екі жақ тең пайда көретін болуы керек» деген принцип келтірілген. Ал сауданың орны, жүргізу процестерінің бәріне тікелей Абылай қатысқан. Цин империясының өзі «Біз мұны Абылай ханмен ақылдасып шешкенбіз» дейді. Демек, бұл жерде саяси қарым-қатынаста, экономикалық саудада, одан кейін қазақтармен арадағы қақтығыстарда, кикілжіңдерді шешуде Абылай ханмен санасып отырған.

Абылай хан Қытайдың вассалы болды ма?

Вассал болудың қандай критерийлері бар? Біріншіден, (сюзерен – ред.) вассал мемлекеттің басқару жүйесін өзгертеді. Мысалы, Жоңғарды өзгертті ме? Өзгертті. Екіншіден, қоғамдық құрылым өзгереді. Одан салық алады, әскери борышын өтетеді, — әскер алады. Ал Цин империясы қазақтарға қатысты мұның бірін істеген жоқ. Абылай хан да «Цин империясы қазақ хандығына қауіпті емес» деп айтқан.

Олардың «Сендер шекара өңірін тыныш сақтап тұрыңдаршы» деген бір-ақ талабы бар еді. «Бізді әуре қылмасаң болды», – деді. 

Бұл сұхбат — Абылай ханнан Тоқаевқа дейінгі қытай-қазақ қарым-қатынасы жайлы үлкен әңгіменің бір бөлігі. Нәбижан Мұқаметханұлы осы мақалада айтылғаннан бөлек, Қытайдың Қазақстан мен Орталық Азияны қалай зерттейтіні, қытай патриотизмі, Қытайдағы қазақтардың жай-күйі секілді маңызды мәселелер төңірегінде ойын бөліскен еді. Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube-арнамыздан қараңыз.