Бүгінде бізге таныс Абай бейнесі бір сәтте қалыптасқан жоқ: бұл ұзақ әрі күрделі көркемдік ізденістің нәтижесі еді. Ақынның көзі тірісінде салынған сирек бейнелер мен жеке фотосуреттерден бастап 1934 жылғы алғашқы кәсіби байқауға дейін қазақстандық суретшілер ақынның визуалдық канонын біртіндеп қалыптастырды. Бұл Абайдың қоғамға белгілі бейнесін айқындап қана қоймай, қазақ бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуында маңызды рөл атқарып, ұлттық портрет жанрын дамытуда кәсіби бағдар болды.
Абайдың портретін жазбаған суретші кем де кем, алайда «портреттік ұқсастық» туралы пікірталас толастаған емес. Бір қызығы, бүгінде орныққан Абай бейнесі — сирек сақталған фотосуреттер мен бірнеше буын суретшілердің үздіксіз, табанды ізденістерінің жемісі. Бұл ізденістер 1887 жылы Семейде, Абайдың көзі тірісінде орындалған П.Д.Лобановский портретінен басталады. Одан бөлек, Семейге театр суретшісі болып келген Н.Крутильниковтің 1924 жылғы картинасы да Абай бейнеленген алғашқы жұмыстардың бірі.

П. Лобановский. Абай. 1887 жыл / «Абай бейнесі — Қазақстан суретшілерінің көзімен» кітабынан, Алматы, 2020
Алайда Абайдың түпнұсқалық, деректі фотосуретінің табылуы визуалды дәлел ретінде ақынның көркем бейнесін қалыптау мәселесіне парадигмалық өзгеріс әкелді. Ал кәсіби деңгейдегі Абай портретін жасау 1934 жылдан бастау алды. Себебі осы жылы Алматыдағы Орталық музейде Қазақстан Суретшілер одағының Оргбюросы мен Қазақ ұлттық мәдениеті ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырған Абайдың канондық бейнесін қалыптастыруға бағытталған тұңғыш ресми портрет конкурсы өтті. Бұл байқау қазақ бейнелеу өнеріндегі Абай образын іздеудің бастамасына айналып, ұлттық портрет жанрының кәсіби арнаға түсуіне түрткі болды.
Абай портретіне арналған алғашқы кәсіби байқау
Бір қызығы, Абай бейнесін қылқалам өнерінде кәсіби тұрғыда іздеу үдерісі Қазақстандағы бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуымен тығыз әрі қатар жүрді. Еліміздегі Суретшілер одағының ұйымдасып-құрылуы бірнеше кезеңді қамтиды. Шығармашылық одақтар алғаш Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетінің 1932 жылғы 23 сәуірдегі «Әдебиет және көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысының негізінде жер-жерде құрыла бастаған еді.
Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті 1933 жылы құрылған болатынiСоюз художников Республики Казахстан в документах и фотографиях. 1933–1991 года. Алматы: Интерпринт, 2009. – 279 б., 17-б.. Одақ құрылысымен қолға алған алғашқы шығармашылық бастамалардың бірі — Абай бейнесі тақырыбындағы суретшілер арасындағы кәсіби байқау болды. Одақтың бұл тақырыпты таңдауы да кездейсоқ емес еді: бұл шара 1934 жылы ақынның қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Мақсат — қазақ бейнелеу өнерінде Абайдың канондық, яғни қоғамдық санада орнығатын тұрақты көркем бейнесін қалыптастыру еді.

Абай Құнанбаев ұлдарымен бірге. 19-ғасырдың аяғы / Wikimedia Commons
Бұл бастаманың алғышарты бір жыл бұрын, Мәскеуде өткен қазақ бейнелеу өнері көрмесінде қаланған. 1930 жылдардың ортасында КСРО-ның әр ұлттық республикасында социалистік мәдениеттің алғашқы жетістіктерін көрсету мақсатында көрмелер ұйымдастырылды. Соның бірі — 1934 жылы 8 мамырда Мәскеудегі Шығыс мәдениеті музейінде ашылған қазақ бейнелеу өнерінің көрмесі еді.
«Мәскеудегі осы көрменің қорытындысы бойынша, Қазақстанда бейнелеу өнерінің сапасын арттыру мақсатында «суретшілер арасында жекелеген тақырыптар бойынша жарыстар ұйымдастыру» ұсынылды. Демек, 1934 жылғы Абай портретін жасауға арналған конкурс — сол ұсыныстың алғашқы іске асқан үлгісі болып саналады»iА.Джадайбаев. – Материалы жизни и творчества А.Кастеева. Рукопись.
Байқаудың қорытынды көрмесі Қазақстанның Орталық музейінде ұйымдастырылып, оған 20 суретші қатысты. 25 шілдеде өткен қорытынды отырыста барлығы 22 портрет талқыланды. Майлы бояу техникасында орындалған үздік жұмысқа бірінші орын берілмеді. Екінші орын А.М.Зотиковтің, үшінші орын А.А.Ритихтің туындысына берілді. Ал графика жанрында бірінші орын А.С.Пономаревтің еңбегіне бұйырдыiСоюз художников Республики Казахстан в документах и фотографиях. 1933–1991 года. Алматы: Интерпринт, 2009. – 279 б., 20-б..
Беймәлім Абай: дерек пен диссонанс
Қорытынды көрмені тамашалаған жазушы Юрий Домбровский: «Барлық полотнолардан маған бір ғана қарт қазақ қарап тұрғандай болды» деп, жұмыстарға көңілі толмағанын жеткізгенiА.Джадайбаев. – Материалы жизни и творчества А.Кастеева. Рукопись. Бұл пікір туындылардағы визуалды біркелкілікті һәм ұқсастықты меңзесе керек. Мұның басты себебі — қолда бар дереккөздердің тым шектеулі болуы, яғни бәрінің бір дереккөзге сүйенуі еді деген тұжырым туындайды.
Алайда бұл тұжырымға кедергі болатын бір жайт бар. Ресми деректерге сүйенсек, Абайдың ұлдары Ақылбай мен Тұрағұлмен түскен фотосуреті (және оның картонға жапсырылған нұсқасы) 1941 жылы 6 ақпанда Семейдегі Абай музейіне өткен. Фотоны тапсырған — Мұхтар Әуезов, №40 қабылдау актісіне Алматыдағы мекенжайын көрсеткенiАбайдың фото-бейнесі // Абай. – 1995. – № 3. – 36–37 бет.. Осы орайда «егер Абайдың канондық бейнесінің түпнұсқалық негізі (фотосуреті) тек 1941 жылы, яғни конкурстан жеті жылдан кейін ғана музей қорына ресми өтіп, көпшілікке таныстырылса, онда 1934 жылы суретшілер Абайдың бірегей бейнесін қалай және қандай дереккөзге сүйеніп жасады?» деген маңызды сұрақ туындайды.
Фотосуретті М.Әуезов мұражайға 1941 жылы ғана тапсырғанымен, оған дейін де жазушының бұл конкурстың ұйымдастырылу барысына қатысуы әбден мүмкін. Себебі кейбір деректерде Әуезов бұл фотосуретті 1933 жылы Манап Молдабаев деген кісіден сыйға алғаны айтылады. Ғалым Қайым Мұхамедхановтың архивтегі жазбаларына сүйенсек, бұл фотосурет 1941 жылғы 6 ақпанға дейін Әуезовтің жеке қорында сақталғанiАбай с сыновьями: судьба снимка // Вечерняя Астана. – 2020. №20. – 6-б..

Мұхтар Әуезов. И. Будневич түсірген фото, 1958 жыл / РИА Новости
1934 жылы Әуезов Қазақ драма театрында қызмет етті және Алматыдағы мәдени-ағарту жұмыстарының бел ортасында болды. Ол Абай мұрасын насихаттаушы ретінде бұл фотоны конкурс ұйымдастырушыларына немесе тікелей суретшілерге көрсетуге немесе көшірме жасауға рұқсат беруі мүмкін еді.
Яғни 1934 жылы-ақ суретшілер Абайдың портретін осы фотосуретті негізге алып отырып жасады деп тұжырымдай аламыз. Оған қоса, конкурсқа қатысқан бірлі-жарым портреттердің сақталған фотоларынан олардың Абай фотосына ұқсастығын анық байқауға болады. Бұл туралы өнертанушы Е.Микульская өзінің «Қазақстан портреті» еңбегінде:
«Портрет авторлары (көбі аты-жөнін де көрсетпеген) ақынның жүзін қатаң фронталды қалыпта бейнелеуге ұмтылған, бұл сол кезеңде белгілі жалғыз фотосуреттегі Абайдың отырысына сәйкес келетін» деп жаздыiКлассические исследования: Многотомник. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2012. Т. 10: «Избранное. Искусствознание Казахстана». – 392 б. 76-б..
Портреттен оқылатын дерек
Шынында да, графика номинациясы бойынша бірінші орын алған А.С.Пономаревтің жұмысын алайық. Пономаревтің бұл жұмысы фотоқұжаттық дәлдікке басымдық бергеніне бірнеше жағдаят дәлел болады. Атап айтсақ, ең алдымен суретші фотодағы жарық пен көлеңке ерекшеліктерін толықтай қайталаған. Сол жақтан түскен жарық беттің контурларын анықтаған. Мұны біз мұрынды бейнелеу сызығы және астыңғы ерінге түскен жарық арқылы айқын көре аламыз. Портреттің негізгі композициялық құрылымы, яғни көлемдік моделін қалыптастыру тікелей фотосуреттің көлеңкесін көшіру арқылы жүзеге асқан. Суретші акварель қолданғанына қарамастан, бет-әлпеттің ең шағын детальдарын (көздің айналасы, қастың орналасуы, сақалдың ағы) фотосуреттегідей контрасты етіп бейнелеуге тырысқан. Бұл суретшінің фотодан тікелей немесе арнайы проекциялық құрылғылар арқылы көшірме жасағанын көрсетеді.

А.Пономарев. Абай Құнанбаевтың портреті. 1934 жыл / Санжар Сырғабаевтың жеке қорынан
Мұнымен қоймай, сыртқы киім (шекпен немесе шапан) матасының оң иықтағы бүктеліс сызықтары мен ішкі ақ жейденің жоғарғы жиек сызығы фотодағыдай дәлме-дәл салынып, бұл портреттің авторлық интерпретациядан гөрі құжаттық дәлдікке басымдық бергенін нұсқайды.
Фотодан салынғаны анық келесі жұмыс — кескіндеме номинациясы бойынша 2-орын алған туынды. Бұл да тек фото-нұсқасы сақталған А.М.Зотиковтің Абай портреті. Суретшінің портрет композициясын Абай фотосынан еш ауытқытпай көшіргенін сақал-мұрт пен бет-әлпеттің дәл қайталанғанынан байқай аламыз. Әсіресе көзінің, қабағының ауырлығы және ернінің сызығын қайталауға тырысуы — соның нышаны.

А.Зотиков. Абай Құнанбаевтың портреті. 1934 жыл / Санжар Сырғабаевтың жеке қорынан
Зотиков Абайдың денесіне динамика (сәл бұрылыс) беріп, оны «тірілте түскісі» келгенімен, бас пен бет әлпетінде өзгеріс жоқ. Мұның басты себебі — суретшінің ақынның бет-жүзін өзгертіп жіберуден қорыққаны болса керек. Себебі осы ракурс ақынның жалғыз ресми бейнесі болғандықтан, оның бетіндегі болмашы сызықты өзгерту тарихи қателік деп танылу қаупі бар еді.
Одан бөлек, Зотиковтің жұмысында Абайдың киімі, оның қатпарлары мен түймелерінің орналасуына дейін дәл фотодағыдай қайталанған. Ақынның шапаны да фотодағыдай вертикал жолақты болуы — өте маңызды деталь. Егер суретшінің мақсаты тек «тарихи образ» жасау болса, ол шапанға өзінің қиялындағы оюды немесе жалпылама бір реңк берер еді. Сызықты не жылтыр жолақты киімді дәл беруі оның фотосуреттің әрбір бөлшегін құжаттық құнды дерек ретінде қабылдағанын көрсетеді.
Музейде сақталған Абай
Әрине, 1934 жылғы көрменің толық әлеуетін бағалау қиын, өйткені көрмеге қойылған портреттердің көбі бүгінгі күнге жетпеген не арнайы ғылыми каталогтар мен альбомдарға енбеген. Қазіргі таңда Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде (ары қарай музей) солардың екеуі ғана сақталған. Сол сирек сақталған еңбектердің бірі — қазақ даласынан шыққан алғашқы кәсіби суретшілердің бірі Бейсенбай Сәрсенбаевқа тиесілі.
Есімі кеңінен танылмай қалған Бейсенбай Сәрсенбаев 1914 жылы Көкшетау облысында дүниеге келіп, кәсіби жолын 20-ғасырдың 30 жылдары бастаған. 1938 жылы Алматы қаласында небәрі 24 жасында мезгілсіз қайтыс болдыiКескіндеме. Ғылыми каталог / ҚР Ә.Қастеев атынд. Мемлекеттік өнер музейі. – Алматы: Өнер музейі, 2017. – Т. 1: А–К. – 431 б..

Б. Сәрсенбаев. Абай. 1934 жыл / «Абай бейнесі — Қазақстан суретшілерінің көзімен» кітабынан, Алматы, 2020
Оның 1934 жылғы «Абай» картинасы (1934 ж., картон, майлы бояу, 57×38 см) 1936 жылы автордың өзінен қабылданып, оның бізге жеткен жалғыз туындысы ретінде бүгінде музейде тұрақты экспозицияға қойылған. Мұнда кәсіби жолын жаңа бастаған суретші классикалық анфастан бас тартып, модельдің басын сәл бұрып бейнелеуді таңдайды. Бұл шешім бет-әлпет пластикасын, көзқарас бағытын және жарық пен көлеңке қатынасын түрлендіру үшін қабылданған болса керек. Композицияның басты назары ақынның бет-жүзінде, ал артқы фонда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі бейнеге ұлттық нақыш қосқан.
Портреттің Абайдың фотосуретіне негізделгенін біз ақынның киімінен, тақиясынан және бас сүйегін кескіндеудегі жеке ерекшеліктерден байқай аламыз. Сәрсенбаевтың бұл жұмысын Абайдың фотодан алынған бейнесін қабылдап, оны өз шеберлігі деңгейінде қайталауға тырысқан қазақ суретшілерінің алғашқы талпынысының бірі ретіндегі тарихи-көркемдік құжат деуге болады.

Ә. Қастеев. Абай киіз үй жанында. 1934 жыл / «Абай бейнесі — Қазақстан суретшілерінің көзімен» кітабынан, Алматы, 2020
Музейде сақталған екінші жұмыс — Әбілхан Қастеевтің 1934 жылы жазған «Абай киіз үйдің жанында» композициясы. Е.Вандровская бұл жұмыс туралы: «Байқауға Қастеев акварель бояуларымен әрленген бірнеше жұмыс ұсынды, олардың ішінде тек біреуі ғана сақталған» деп көрсетіледіiА.Джадайбаев. – Материалы жизни и творчества А.Кастеева. Рукопись. Қағазға акварельмен орындалған бұл туындының көлемі — 68×56 см, бұл — әйгілі «Жаз» өлеңіне иллюстрация. Суретші мұнда өлеңдегі табиғат пен өмір тынысын, Абайдың поэтикалық әлемін көркем тілге аударуға тырысқандай.

Ә. Қастеев. Абай портреті. 1934 жыл / «Абай бейнесі — Қазақстан суретшілерінің көзімен» кітабынан, Алматы, 2020
Қастеев дәл сол 1934 жылдан бастап көрмелерге қатыса бастағанын ескерсек, бұл суретшінің ең алғашқы туындыларының бірі деуге болады. Музей қорында Қастеевтің 1934 жылы Абайды бейнелеген тағы екі туындысы бар. Бірі — қағазға қарындашпен салынған 25×14 см форматындағы ақынның түрегеп тұрған бейнесі. Бұл қарапайым реализм бағытындағы, Абайдың бет-әлпет ерекшеліктерін дөп басуға тырысқан жұмыс. «Абай портреті» деп аталатын екінші жұмыс қағазға тушьпен салынған, 88×62 см форматында. Мұнда отырған Абай бейнеленіп, бұрынғы нобайдағы портреттік ұқсастық нақтылана түскен. Суретші фотодағы образдан алшақтамай, шапан мен тақия арқылы портреттік ұқсастыққа жеткісі келгендей.
Әубәкір Ысмайыловтың Абайы
Әубәкір Ысмайыловтың айтылған көрмеге қатысып-қатыспағаны белгісіз. Алайда 1933 жылы оның Қазақстан Суретшілер одағының алғашқы төрағасы болып сайланғаны белгіліiСоюз художников Республики Казахстан в документах и фотографиях. 1933–1991.– Алматы: Интерпринт, 2009.– 20 б..
Музей қорындағы оның дәл осы жылдары жазылған «Абай» атты акварелінің де көлемі небәрі 22,3×26 см. Шығарма 1976 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Өнер туындылары дирекциясынан Ә.Қастеев музейіне түскенiКескіндеме. Ғылыми каталог / ҚР Ә. Қастеев атынд. Мемлекеттік өнер музейі. – Алматы: Өнер музейі, 2017. – Т. 1: А–К. – 431 б.. Бұл жұмыстан суретшінің композициялық ізденістері айқын байқалады.

Ә. Ысмайылов. Абай. 1934 жыл / «Абай бейнесі — Қазақстан суретшілерінің көзімен» кітабынан, Алматы, 2020
Суретші Абайды ой үстінде бейнелеген: қолында қағаз бен қалам, денесі сәл еңкейіңкі. Фондағы қазақ ауылында киіз үйлер, жайылып жүрген жылқылар, тау мен дала бейнеленген. Бұл бейненің фотоға сәйкестігі туралы айту орынсыз, себебі мұнда портреттік ұқсастықтан гөрі, Абайдың шығармашылық әлемін, ақындық ой-арманын және өмір сүрген тарихи ортасын біртұтас көрсететін лирикалық-сюжеттік композициялық ізденіс байқалады. Бәлкім, бұл дерек суретшілердің 1934 жылғы байқауға дейін де Абай бейнесін белсенді іздегенін және оның тарихи ортасын көркемдеуге ұмтылғанын дәлелдейді.
Қазақ бейнелеу өнеріндегі Абай дәстүрі
1934 жылғы экспозицияда ұсынылған жұмыстардың сапасы мен орындау мәнері біркелкі болмады және көрме өзі көтерген тақырыптың ауқымы мен маңызына қарамастан, көрермен мен өнертанушылар арасында үлкен резонанс тудыра алмады. Дегенмен бұл іс-шара қазақ суретшілері арасында тұрақты түрде өткізіліп тұратын байқаулар легіне жол ашты. Кейінірек Қазақстанда Жамбыл Жабаев (1937), Амангелді Иманов (1936), Абай (1945), Құрманғазы (1958) бейнелерін жасауға арналған тақырыптық көрмелер ұйымдастырыла бастады.

Ә. Қастеев. Амангелді. 1950 жыл / Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі
Бастысы, 1934 жылғы конкурс қазақ бейнелеу өнерінде Абай бейнесін іздеудің бастапқы нүктесі еді. Сол сәттен бастап әр буын суретшілері ұлы ақынды өз дәуірінің рухымен, өз көркем тілімен репрезентациялауға тырысты. Бүгінгі суретшілер де ұлы ақынның тұлғасын жаңа қырынан ашуға ұмтылып, тың интерпретациялар ұсынып келеді. «Абайды іздеу» — қазақ бейнелеу өнерінің ажырамас тақырыбы.
