МАЙ, МЫС және ИМПЕРИЯНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Қазақ даласындағы индустриялану туралы британдардың жазғаны

~ 11 мин оқу
МАЙ, МЫС және ИМПЕРИЯНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Коллаж / Qalam

20-ғасыр басында қазақ даласы шұғыл өзгерістерді басынан өткеріп жатты. Жатжұрттық саудагерлер, инженерлер мен қызық қуған саяхатшылар жан-жақтан, елсіз иен дала көреміз деп келеді де, оның орнына қадақ-қадақ сары май шығарып жатқан өндірісті, көбейіп жатқан шахталар мен саудасы қайнаған кеңселерді көреді. Алайда олардың жазған куәліктерінде өндірістің өскені мен империялардың бақталастығы ғана емес, революция қарсаңындағы көшпенділер тұрмысы да сипатталады.

Мазмұны

Комиссар Куктің көргені

1903 жылғы 25 мамырда Ұлыбритания Сауда барлау комитетінің арнайы өкілі Генри Кук Мәскеуден шығып, Орал тауының шығысындағы Ресей империясының ең шалғай аймақтарын аралау үшін алты айлық сапарға аттанды. Мақсаты — британдардың Сібірде сауда жасау мүмкіндігін зерттеу еді. Кук бұл өңірден көргеніне, әсіресе Қазақстанның солтүстігі мен шығысын қамтитын, кезінде «Батыс Сібір» аталған аймақта еуропаша сауда мен өндіріс жүйесі қалыптаса бастағанын байқап таң-тамаша болған.

Омбыдағы соқа өндіретін зауыттың жарнамасы. Зауыт дат кәсіпкері С.Рандрупқа тиесілі болды. 1909 жыл/Wikimedia Commons

Омбыдағы соқа өндіретін зауыттың жарнамасы. Зауыт дат кәсіпкері С.Рандрупқа тиесілі болды. 1909 жыл/Wikimedia Commons

Қазіргі солтүстік-батыс Қазақстанның елеулі бөліктерін құрайтын Ақмола және Тобыл губерниялары аумағында немістер, француздар, америкалықтар, даттар мен ағылшындар орнығып, саудасын қайнатып, өндірісін нығайтып отырғанына таңғалған.

Ол өзінің ресми ақпархатында былай жазады:

«Қазірдің өзінде Сібірден жер ауып келген орыс переселендер, бар болғаны қарапайым шаруалар болса да, Лондон нарығына сары май жіберіп отыр, астығын америкалықтардың қырман машиналарымен жинайды және Милуоки мен Чикагодан келген машиналардың артықшылығын терең түсініп, талқылай алады»iH. Cooke, Report on the Condition and Prospects of British Trade in Siberia, HMSO, London, 1905, p. xii.

Әдетте Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңді сөз қылғанда, бұл аймақта шетелдіктердің коммерциялық, әсіресе ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібіндегі мүддесі күрт артып кеткені айтылмайды. Ресей империясы сан ғасырлық тарихы бар, сөйте тұра, орныққан өнеркәсіп өндірісі дәстүрі болмаған Орталық Азия елдерін басып алғанына бір ғасырға жетер-жетпес уақыт өткен тұста, сырттан қараған адамға бұл аумақ шеті мен шегі жоқ, елсіз иен дала болып көрінетін. 1895 жылы-ақ Транссібір магистралі салынғанымен, Бішкек пен Алматыдан өтіп, Ташкентті Семейге, Барнауыл мен Новосибирскіге жалғайтын Түрксіб теміржолының құрылысы 1931 жылы ғана аяқталды. Сөйте тұра, кемі екі салада — май шайқау мен пайдалы кен игеруде әжептәуір серпіліс байқалатын.

Даладағы май дүмпуі

Бір ерекшелігі, Кук Ертіс бойы шұрайлы жайылымдар маңындағы сары май өндірісіне айрықша мән беріп, жергілікті базарларда еуропалық тауарлардың көп екенін де байқаған. Қайда қарасаң — немістерді көресің, француздар айшықты тауарларын ұсынып, бельгиялықтар мылтығын, австриялықтар орақ-шалғысын сатып жүретін. Саяхатшының назарына ерекше ілінгені — даттардың май шайқау өнеркәсібі мен америкалық ауылшаруашылық техникасы болса керек. Жергілікті сары майдың негізгі тұтынушысы Британия болған: жыл сайынғы импорттан Ресейге 25–30 млн рубль түсіп тұратын. Сол табыстың арқасында жергілікті шаруашылықтар америкалық соқа-тырма сатып алып, өнімділігін арттырып отырған.

Алтайдағы май зауыты (Абат болысы). 20-ғасырдың басы/https://safe-rgs.ru

Алтайдағы май зауыты (Абат болысы). 20-ғасырдың басы/https://safe-rgs.ru

Сол маңдағы, әсіресе Ақмола облысы мен Алтайдың етегіндегі дала аумақтарына таяуда ондаған мың орыс переселендері қоныстанып, шабындық және мал шаруашылығын игергені үшін ақшалай жеңілдік алып отырған. 1900 жылға қарай Сібір халқы шамамен 7,8 млн адамға жетіп, қырық жыл бұрынғыдан екі еседен аса көбейген. Халықтың үш ширегі орыстар болса, бір миллиондайы — қазақтар еді, ал бурят, татар және якут жұртының әрқайсысы шамамен 250 мыңнан болатын. Орыстардың көбі бертінде ғана көшіп келген переселендер еді.

Петропавл маңы, Надеждин елді мекені, қоныс аударушылар қыстағындағы шаруалар тобы. 1911 жыл/Wikimedia Commons

Петропавл маңы, Надеждин елді мекені, қоныс аударушылар қыстағындағы шаруалар тобы. 1911 жыл/Wikimedia Commons

1890 жылдары жер ауып келген орыстар көбейе түсті: өкімет 9,4 миллион гектардай жерді егіндікке бөліп берді. Теміржол желілері кеңейгені өнеркәсіп дамуының басты факторына айналды. Енді қыста қатып қалатын өзен жолдарымен емес, ауылшаруашылық өнімдері мен пайдалы кенді пойызбен — алдымен Ресейдің батыс өңірлеріне, ары қарай Еуропаға тасуға мүмкіндік туды.

Сары май ғасырлар бойы сұрыпталып, даланың қақаған қысына төзімді болып кеткен тұрқы шағындау, қазақы ірі қара малдың сүтінен алынатын. Кук былай деп атап өтіпті:

«Бағымы анау айтқандай болмаса да, сібір малы климатқа төзімді. Сиырының сүті мол болмаса да, майлы келеді».

Қойдың да маңызы арта түсті. Әсіресе Қырымнан әкелінген мериностар жақсы жерсініп, 1902 жылға қарай Батыс Сібірден шығатын жүн экспорты 4000 тоннаға жетті.

 С.Дудин. Қойшы. 1899 жыл/Wikimedia Commons

С.Дудин. Қойшы. 1899 жыл/Wikimedia Commons

Куктің айтуынша, 1893 жылға дейін Сібірден тіпті де экспортқа май шықпаған екен. Кейін, Түмен уезінің бір орысына тұрмысқа шыққан ағылшын бикеш 1886 жылы сол заманның әдісіне салып май шайқай бастайды да, бір жылдан кейін шведтерден май айырғыш машина алып, бизнесін жолға қояды. 1893 жылы орыс кәсіпкері Қорғанда бірінші май шайқау өндірісін ашып, бірінші жылы-ақ экспортқа 6 тонна өнім шығарады. Алдағы онжылдықта сары май өндірісі өңірдегі негізгі салаға айналып, 1903 жылға қарай екі мыңнан аса май шайқау цехінен экспортқа 35 мың тонна өнім шығып отырған.

Транссібір теміржолындағы май тасымалдайтын тоңазытқыш вагондары бар пойыз. Қорған. 20 ғасырдың басы/https://www.charmingrussia.ru

Транссібір теміржолындағы май тасымалдайтын тоңазытқыш вагондары бар пойыз. Қорған. 20 ғасырдың басы/https://www.charmingrussia.ru

Назар аударарлығы — майдың көп бөлігі Дания арқылы Британияға жөнелтіліп, онда 1903 жылы 25 мың тоннадай өнім жеткен. Көбінесе ол «дат майы» ретінде әлі күнге танымал Lurpak маркасы қойып сатылады екен. Арнайы мұздатқыш вагондары бар «май пойыздар» жарақталып, сары май шамшат ағашынан жасалған бөшкелерге салынып Балтық айлақтарына жетеді де, ол жақтан тоңазытқыш құрылғылары бар кемелер алдымен Копенгагенге, артынша Британияға жеткізетін.

Майды шамшат бөшкелерге тиеу. Дания. 20-ғасырдың басы/https://lex.dk

Майды шамшат бөшкелерге тиеу. Дания. 20-ғасырдың басы/https://lex.dk

Барнауылда 14 экспорт кеңсесі істеп тұрған, олардың көбі даттар мен орыстардікі болса, екеуі британдарға тиесілі еді. Омбыда 15 кеңсе болыпты: жартысы — даттардікі, қалғаны — орыс не немістердікі, біреуі ғана британдардікі болған. Петропавлда 26 май шайқау цехі істеп тұрған. Осының бәрі бертінге дейін көшпелі қазақтарға тиесілі болып келген аймақта жұмыс істеп жатқан.

Тау, нарық, сүт

Май шайқаушы көпес әрі тәжірибелі альпинист Самуэль Тёрнер 1903 жылғы көктемде алдымен өзі Лондонда жүріп атағына қанық болған май шайқау кәсібін зерттеп алып, артынан Алтай шыңына шығып қайтпаққа Батыс Сібірге аттанады. Оның кітабыiSamuel Turner, Siberia: A Record of Travel, Climbing and Exploration, T Fisher Unwin, London, 1905 әлі күнге дейін жергілікті май шайқау кәсібінің тарихы жөнінде де, Алтай табиғатын сипаттау жағынан да құнды дереккөз болып келеді.

С.Тернер. Лондон. 1911 жыл/«Siberia: A Record of Travel, Climbing, and Exploration» кітабынан

С.Тернер. Лондон. 1911 жыл/«Siberia: A Record of Travel, Climbing, and Exploration» кітабынан

Ол айналдырған үш-ақ жылда сібір майы импорты британ сатып алушылары үшін бір фунт (қадақ) майдың бағасын 3 пенскеiкелісіне 7 пенс арзандатып жіберді деп жазыпты. Ол келтірген дерекке сенсек, май шайқау цехтері 1898 жылы 140 болса, 1901 жылы 1800, ал 1904 жылға қарай 2630 болған екен. Мұндай өсімнің басты бір факторы — сүттің сапасы болса керек: қыста сауылған сүттің 19 фунтынан, жазда сауылған сүттің 22 фунтынан бір фунт май алынған, ал Данияда дәл сондай бір фунт май алу үшін 28 фунт сүт қажет болған. Оған қоса, Тёрнер еңбек шығыны да тым төмен екенін атап өтеді: орта есеппен бір жұмысшы тура сондай жұмысқа Канадада төленетін ақының он екіден бір бөлігін алады дейді.

И.Кочешев. Сүтті қабылдау пунктіне жеткізу. 20-ғасырдың басы/Wikimedia Commons

И.Кочешев. Сүтті қабылдау пунктіне жеткізу. 20-ғасырдың басы/Wikimedia Commons

Май бизнесінің өркен жаюына бөгет болар бір-ақ жағдай — дамыған көлік инфрақұрылымының жоғы болса керек. Алтайдың кей аудандарында шаруалар майын шанаға тиеп, 500 шақырым жердегі Бийскіге жеткізіп, артынан ең жақын деген теміржол бекетіне тағы 650 шақырым керуен тартып апаратын. Логистикасы сондай қиын бола тұра, бүкіл Сібір мен Ресейден өтіп, артынан теңізбен Англияға жеткеннің өзінде, сол май Ирландиядан жететін майдан арзанға түседі екен.

Мыс пен көмір: жаңа өнеркәсіп майданы

Әйтсе де, даладан шығатыны — май ғана емес еді. Британ және француз компаниялары тау-кен өнеркәсібіне де көп инвестиция құйып, әсіресе қазіргі Қазақстанның солтүстігіндегі Павлодар маңында кен игеруге білек сыбана кіріседі де, ондағы мыс, темір, басқа да кен қоры игеріліп, құнды құймаға айналып, экспортқа кете бастады.

Спасск мыс балқыту зауытының акциялары. 1904 жыл/https://www.scripoworld.com

Спасск мыс балқыту зауытының акциялары. 1904 жыл/https://www.scripoworld.com

Кук мыс кені даланың әр бұрышында бар деген: Ақмола облысында 1901 жылы 6 мыс шахтасы жылына 4300 тоннадай кен шығарып отырса, Семейде тағы 29 шахта 3700 тонна беріп отырған. Спасск мыс қорыту зауытының маңындағы көмір кен орындары өндірісті жылдам кеңейтуге сеп болып, 1904 жылы-ақ ол зауытты британ инвесторлары сатып алды. Екібастұздағы көмір қатпарларын Кук «орасан зор әрі сарқылмас» деп сипаттап, соған таяу тұрған Қарағандыдағы көмір шахталары да ағылшындардың иелігіне өтті деп хабарлаған. Онда жыл сайын 20 тонна тас көмір коксы алынып, Спасск зауытының қажетін өтеуге жұмсалатын.

Екі әлем арасындағы тірлік: инженерлер, әулеттер мен көшпенділер

Қазақстанның солтүстігіндегі кен игеруші өнеркәсіп туралы деректер 1902–1908 жылдары Успенскідегі мыс кеніштерінің, сондай-ақ Спасскідегі мыс қорытуды алып тастап, балқыту зауытының иесі — Лондондағы Spassky Copper Mine Company компаниясын басқарған Эдвард Нельсон Феллдің естеліктерінде де айтылады. Ол былай деп жазған:

«Орыстар келгенге дейін бұл шексіз даланы өзін қазақ деп атайтын түркі-моңғол текті халық — қырғыздардың ірі тармағы мекендеген, дәлірек айтсақ, сол далада көшіп-қонып жүрген»iNelson Fell, Russian and Nomad: Tales of the Kirghiz Steppes, Duckworth, London, 1916, p. xiii..

Феллдің айтуынша, 20-ғасырдың басына дейін кеніштердің жан-жағындағы 150 миль жерде бір де бір ауыл болмапты, алайда 1909 жылға қарай үкімет зауыттарға таяу өзендердің ең шұрайлы деген алқаптарына 25–30 мың шаруаны көшіріп әкелген:

«Ол ауылдарға Оңтүстік-Батыс Ресейдің, Полтава, Харьков және Киев губернияларының халқы тығыз аудандарынан көшіп келген украиндар қоныстанды. Өкімет оларды 2000 шақырым жерге кісі басына бес доллар беріп көшіріп, жер бөліп беріп, елу доллар қолма-қол ақша, үй салатын ағаш, жер жыртатын техника мен тұқымдық астық берген».  

Ал көшпенділерді өз жерінен ығыстыра берген. Фелл ол туралы жаны ашып былай дейді:

«Өздері жайлап отырған жерді келімсектер тартып алып жатқаны олардың жанына батады-ақ. Еркін жайылымда жүрген малшылар мен отырықшы диқандардың бітіспес мәңгі дауы да сол»iNelson Fell, Russian and Nomad: Tales of the Kirghiz Steppes, Duckworth, London, 1916, p. xvii..

Спасск зауытының алғашқы қызметкерлерінің қатарында Феллдің күйеу баласы Фрэнк Ванс Агню де болған. Оның жазған күнделіктерін кейін, 2020 жылы, шөбересі Джейми Ванс жариялағанiFrank and the Fells in Kazakhstan, The Kazakhstan Papers of the Fell and Vans Agnew Families 1903-1905.. Агню отбасымен бірге Алтай тауына, Балқашқа барған сапарларын, Ертісті, Еділ мен Каманы бойлай жүрген саяхаттарын сипаттайды. Ағылшындардың көбі сияқты, ол да даладағы тіршілікке тәнті болып, жергілікті көшпенділердің тұрмысын тамсана суреттейді.

Фрэнк Агню күнделігіндегі фотосуреттер/https://archive.org

Фрэнк Агню күнделігіндегі фотосуреттер/https://archive.org

Бертінде бір аукционда 20-ғасырдың басында түсірілген Спасск зауытының фотосуреттерінен құралған құнды альбом табылды. Ол фотосуреттерді Камборн тау-кен мектебінің мүшесі Стивен Лэй түсірген деген болжам бар. 17 суретте Спасск кен қорытуды алып тастап, балқыту деп жазсаңыз цехінің 1913 жылғы көрінісі, мыс конвертері, компрессор цехі, тас қазатын жер, басқа да өндіріс процестері көрсетілген.

Спасск мыс балқыту зауыты. 1913 жыл/Wikimedia Commons

Спасск мыс балқыту зауыты. 1913 жыл/Wikimedia Commons

Спасск мыс балқыту зауыты мен мыс кеніштері туралы одан да толығырақ мәлімет британ тау-кен инженері Джон Уилфорд Уорделлдің естеліктерінде айтылады. Ол өз кітабында бес жыл бойы — 1914 жылдан 1919 жылғы қарашаға дейін құрал-жабдықты жаңарту жағынан жұмыс істеп жүреді де, Қазан төңкерісі салдарынан болған тәртіпсіздік кезінде бүкіл британ қызметкерлерін отбасыларымен қоса ертіп елден кетуге мәжбүр боладыiJ. W. Wardell, In the Kirghiz Steppe, The Galley Press, London, 1961..

Уорделлдің өзі зауытқа 1914 жылы, алдымен Омбыдан Ертіс бойымен кемеге мініп Павлодарға барып, одан 800 шақырым тарантаспен жүріп жеткен. Теміржол құрылысы аяқталғанға дейін мыс құймалары таяу маңдағы бекетке түйе жеккен арбамен төрт аптадай жүріп жеткізілетін. Уорделлдің сөзіне сенсек, ол кезде Спасскіде үш мыңдай адам тұрады екен, олардың үштен екісі қазақтар болыпты. 1915 жылға қарай зауытта үш жүздей орыс, 1500 қазақ, сондай-ақ оншақты британ істеген екен. Британдардың кейбірі отбасын әкеліп бірге тұрып жатқан көрінеді.

С.Дудин. Көш. 1899 жыл/Wikimedia Commons

С.Дудин. Көш. 1899 жыл/Wikimedia Commons

Уорделлдің айтуынша, Успенск маңындағы жұрт ежелгі заманнан-ақ мыс қазып алатын, алайда заманауи өндіріс тек 1853 жылы, Рязановтар әулеті Қарағандыдағы көмір шахталарын, сондай-ақ 1861 жылы жергілікті қазақтардан жер сатып алғанда басталыпты. 1904 жылы Рязановтардың кәсіпорындарының бәрін британдар сатып алып, 1919 жылға дейін басқарып отырған. Сол кезге қарай жоғары сапалы кеннің көп бөлігі игеріліп қойғанымен, өңірде игеруге, қорытуға жарамды кен қорлары әлі де көп болған. 1909–1914 жылдары ғана мұнда 149 мың тоннадай, құрамында 19% мыс бар кен игеріліп, одан 22 мың тоннадай таза мыс қорытылған.

Төңкеріс және үдере көшу

Алайда қиындық көбейіп, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін солтүстіктен шыққан агитатор большевиктер зауыттардағы ықпалын күшейте түскенде тіпті үдеп кетті. Әуелде жұмысшылар оларды елей қоймағанымен, Ақпан төңкерісінен кейін жұмысшы-шаруа комитеттері, яғни кеңестер құрыла бастады. Қазан төңкерісінен соң шетелдіктердің, әсіресе өндірісті басқарып отырған британдардың жағдайы күрт қиындай берді. Уордэлл былай деп жазған:

«Жергілікті кеңестің келісімінсіз бір де бір жұмысшыны жалдау, жұмыстан шығару, жазалау немесе қызметін көтеру мүмкін болмай қалды. Комитет әрдайым жұмысшыларды жақтап, әкімшілікке қарсы шыға берген соң тәртіп те әлсіреп кетті»iJ. W. Wardell, In the Kirghiz Steppe, The Galley Press, London, 1961. p. 144.

Қауіпсіздік жағдайы барған сайын нашарлай бергендіктен, 1918 жылғы 27 наурызда Spassky Copper Mine компаниясы мемлекет меншігіне алынды. Өміріне қауіп төніп тұр деп, британ тобы — 10 ер адам, 5 әйел мен 7 бала ол жақтан кететін болып ұйғарып, бар мүлкін сатып, 800 шақырым жерді бес күнде атпен жүріп өтіп, Петропавлға жетеді де, пойызбен Мәскеу мен Архангельскіден өтіп, ары қарай теңіз жолымен Англияға қайтпақ болады.

Қорытпа цехінің бастығы Гарольд Робсонның жұбайы балаларымен бірге 28 мамырда Петропавлға жеткен, ал Робсонның өзі көп ұзамай оларға қосылуға тиіс еді. Алайда сол уақытта қала қоршаулы еді: бытыраңқы, тәртібі әлсіз қызыл гвардия жасақтары даланы құрсап, теміржол стансасы чехтердің қолында қалған. Әйтсе де, 30 мамырда Петропавл казактар мен ақ гвардияшылардың шабуылына төтеп бере алмай, солардың қолына өтті.

Қызыл әскер сарбаздары. 1919 жыл/Wikimedia Commons

Қызыл әскер сарбаздары. 1919 жыл/Wikimedia Commons

Шілдеге қарай казактар Спасскіні қайта басып алып, британдарды мыс игере беруге көндіреді. Олар келіседі. Алайда тоқырап тұрған өндірісті, бүлінген жабдықтарды, су толып қалған шахталарды қалпына келтіру оңайға соқпайды. Оған қоса, Петропавлға эвакуациялануға дайындалып жүргенде бар мүлкін сатып жіберген британ мамандары мен олардың отбасы жұмыс пен зауыттан өзге іске мойын бұра алмай қалады. Тіпті күнделікті қажет тауарлармен жабдықтау да қиынға соғып, жергілікті кеңестердің қысымы мен талабы күшейе түседі.

1919 жылдың ортасына қарай Қызыл әскердің шабуылы үдеп, батысқа қарай шегінер жол толық жабылады. 21 шілдеде британ консулі ағылшындарға «Спасскіден эвакуациялансын — бұл жолы біржола кетсін» деп кеңес берді. Жоспар бойынша, олар Владивосток не Шанхай арқылы шығысқа кетсе керек еді. Робсон зайыбымен бірге қыркүйектің басында Владивостокқа жетіп, бұрын эвакуацияланған әріптестеріне қосылып, ары қарай Канадаға кетер амал іздейміз деп ұйғарады. 16 қарашада олар Ванкуверге жетіп, ары қарай Атлант мұхитын кесіп өтіп, Лондонға жол тартады. Өзгелері, соның ішінде Уордэлл мен оның отбасы Шанхайға кетіп, сол жерден теңізбен Марсель арқылы 1919 жылғы 26 қарашада, Спасскіден кеткеніне тура он алты апта болғанда, Саутгемптонға жеткен.

1900–1920 жылдары Қазақ даласында жұмыс істеген британ саудагерлері, май шайқаушылары, инженерлері мен басқарушылардың естеліктері 20-ғасырдың тарихын мәңгі өзгерткен шым-шытырық оқиғаларды ерекше тұрғыдан көрсетеді. Олар, бір жағынан, империяның қиыр шетіндегі қарқынды индустриялану кезеңін, 1905 және 1917 жылдардағы төңкерістерді, сондай-ақ соғыстың ауыр зардаптарын өз көзімен көрген куәгерлер болса, екінші жағынан, даланың дәстүрлі көшпелі өмірін де танып-білді: бүркіт салып қасқыр алды, ас пен тойдың бәйгесін көрді, қымыз ішіп, жеркепеде қыстап шықты. Солардың үшеуі көрген-білгенін суреттеп, жариялап үлгеріп, көшпелі халықтың тұрмысын жеткізетін баға жетпес көрнекі мұра қалдырды. Мәселен, Фелл Павлодарда балуан әйелдер мен бүркітшілерді фотоға түсірсе, Уордэлл өз кітабының тұтас бір тарауын қазақтың салт-дәстүріне арнаған.

Бәйге алдында. Қазақ даласы. «Түркістан альбомы». 1871–1872 жылдар/АҚШ Конгресі кітапханасы

Бәйге алдында. Қазақ даласы. «Түркістан альбомы». 1871–1872 жылдар/АҚШ Конгресі кітапханасы

Большевиктер төңкерісі Даладағы ерте индустриялану кезеңінің нүктесін қойды. Біраз жыл тоқтап тұрған өндіріс 1920 жылдардың аяғына қарай ғана қайта жанданды. Успенскі кеніші 1964 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылы түпкілікті жабылды. 1950 жылдардың ортасында бұл маңда жаңа вольфрам мен молибден кен орындары табылды. Бүгінде сол дәуірдің ғимараттары мен құрылыстары әлі де сақтаулы тұр. Жергілікті жұрт әлі де ескі шахталарға бір күні қайта жан бітер ме екен деген үмітпен келеді. Ол үміті ақталар-ақталмасын болжау қиын. Тек айқын нәрсе біреу-ақ: бізге ғасырдан астам уақыт бұрын Ұлы даланың төсінде өткен адам сенбес оқиғалардың тірі куәсіндей болып сол заманда өмір сүрген жандар қалдырған жазбалар мен естеліктер жетті.