Qalam, әсіресе, әртүрлі мәдениеттердің байланыс аймақтарына қызығушылық танытады. Оларға, сөзсіз Израиль — үздіксіз өркениет алмасу кеңістігі жатады. Оның танымал музыкадағы ең көрнекті нәтижесі — мизрахи стилі болды. Американдық хип-хоп сияқты, ол төменнен — князьдерге, геттодан — стадиондарға көтерілді. Бізге мизрахи стилі туралы егжей-тегжейлі музыка сыншысы Лев Ганкин айтып берді.
16 ғасырдың екінші жартысында протестант священник және дін маманы Генрих Бюнтинг географиялық карта жасады, онда әлем үш құлақ түрінде бейнеленген: Еуропа, Азия және Африка гүлдің симметриялы күлтелеріне ұқсайды, олардың түбі бір нүктеде — Иерусалимде түйіседі. Жұмсартып айтқанда, яһуди мен христиан арасындағы қарым-қатынастың қиын екеніне қарамастан, бұл сурет әлі күнге дейін Израиль мектептерінің бастауыш сынып оқушыларына көрсетіледі, яғни Израильдің астанасы әлемнің орталығы, барлық жол соған апарады деген әңгіме догмалық даудан күштірек болып шықты. Бұл таңғаларлық нәрсе емес, өйткені шын мәнінде мемлекеттің өзі ортаға тартушы күшке негізделген. 19 ғасырдың аяғында бұрын дүние жүзінде шашырап жүрген еврейлердің тарихи Отанына қайтып оралу процесі — алия (сөзбе-сөз: «көтерілу») басталған болатын. Ол қазір де жалғасып жатыр: қайтып оралу туралы заң бойынша жыл сайын Батыс Еуропадан Латын Америкасына дейін және бұрынғы КСРО елдерінен Эфиопияға дейін әртүрлі аймақтан қайтып оралған он мыңдаған жаңа репатриант Израиль азаматтығын алады.iМысалы, қараңыз: Zvika Klein. Israel receives 70,000 new immigrants in 2022, highest rate in decades. Jerusalem Post, 22 Dec 2022, https://www.jpost.com/aliyah/article-725547
Олардың барлығы ең болмағанда ауыспалы мағынада құр алақан келмейтіні анық. Әркім өзі бұған дейін тұрған елдің дәстүрі мен әдет-ғұрпын өзімен ала келді, ал жаңа жағдайда бұл дүниелер бір-бірімен әртүрлі жолмен әрекеттесе бастайды. Израиль мәдениеттің, оның ішінде музыкалық мәдениетінің алдын ала белгіленген гибридті, көп құрамды сипаты да осыдан. Елдің аумағы — бар болғаны 22 мың шаршы километр, ол Израиль мемлекеті құрылғаннан бері өткен 75 жыл бойы үздіксіз мәдени алмасу жүретін кеңістік болған және атап өтетіні, бұл алмасу достық және зорлық, тең құқылы және абьюзивті сипатта болды. Танымал музыкада осындай мәдени алмасудың айтулы нәтижесінің бірі — мизрахи стилі болды. Бұл күтпеген жерден тасы өрге домалап, геттодан — стадионға, шоу-бизнестің ең шетінен оның қақ ортасына ауысқан американдық хип-хоптың жолын еске түсіретін өмірлік тарихы бар ерекше израильдік феномен. Бүгінгі күні мизрахит музыкасы (ивритте сын есімдерге жекеше не көпше түрде пайдаланылуына және зат есімнің тегіне қарай әртүрлі жалғау жалғанады) — іс жүзінде Израильдегі музыкалық мейнстримнің нақ өзі: кез келген радиохит толығымен осы стильде орындалған немесе ең болмағанда оның белгілі бір ерекше әуенін пайдаланады. Ал мизрахи әртісі Эяль Голан қатарынан жиырма жыл бойы елдің үздік әншісі деп танылды.iҚараңыз: Oded Erez. Bass and silsulim: Israeli Music after Muzika Mizrahit. В кн.: Routledge Handbook on Contemporary Israel. London & New York, 2022, p. 408
Иврит тілінен аударғанда «мизрах» сөзі «шығыс» дегенді білдіреді, бірақ бұл жағдайда әлемнің бағыттары Генрих Бюнтингтің үш құлақ түріндегі картасындағыдай шамалап түсіндірілген. 1950-жылдары «мизрахим» термині Израильге Ресей, Польша немесе Германия, яғни Еуропадан келіп, жас мемлекеттегі билік тізгінін ұстаған ашкенази еврейлері сияқты емес, басқа елден келген еврейлерге қатысты қолданатын болды.
Мизрахит музыкасына байланысты парадокс осы музыкалық ағымның атауынан-ақ басталады. Иврит тілінен аударғанда «мизрах» сөзі «шығыс» дегенді білдіреді, бірақ бұл жағдайда әлемнің бағыттары Генрих Бюнтингтің үш құлақ түріндегі картасындағыдай шамалап түсіндірілген. 1950-жылдары «мизрахим» термині Израильге Ресей, Польша немесе Германия, яғни Еуропадан келіп, жас мемлекеттегі билік тізгінін ұстаған ашкенази еврейлері сияқты емес, басқа елден келген еврейлерге қатысты қолданатын болды. Айталық, Ирак, Йемен, Мысыр немесе Мароккода туылған репатрианттарды жаппай шығыс еврейлері деп бөлетін болды, сонда, мысалы, Марокконың Израильге қарағанда батыста орналасқан ел екені мүлдем ескерілмеді.
Осындай үстірт, географиялық тұрғыдан дәл емес жалпылау елдің ашкенази элитасы мизрахим еврейлерін аса жақтырмағанын анық аңғартты. «Хаарец» газетінің журналисі Арье Гельблюм 1949 жылы былай деп жазған: «Бұл өте көргені аз адамдар, білім деңгейінің төмендігі сонша, оларды надан деуге болады, Израильдегі өмірге бейімделуі нашар, мүлде жалқау және жұмыс істегенді жек көреді».iHaaretz, 22 Apr. 1949. Цит. по: Meyrav Wurmser. Post-Zionism and the Sephardi Question. The Middle East Quarterly, Spring 2005. Тағы бір парадокс: жаңа мемлекетті күллі еврейдің үйі деп жариялаған оны құрушылар оның тұрғындарын екі стратаға: айрықша құқығы барлар мен дәрежесі төмендеу тапқа бөлді. Израильге келген шығыс еврейлері алдымен иврит тілінде «маабарот»iШығыс еврейлерінің «маабарот» лагерлеріндегі өмірі туралы, атап айтқанда, Эфраим Кишонның басты рөлде Хаим Тополь мен Арик Айнштейн түскен «Салах Шабати» (1964) фильмінде айтылады. Бұл үздік шетелдік фильм ретінде «Алтын глобус» алған және «Оскар» сыйлығына ұсынылған алғашқы израильдік кинокартина. деп аталатын транзиттік лагерьде тұрды, содан кейін олар көбінесе солтүстіктегі Кирьят-Шмонадан бастап оңтүстіктегі Сдерот пен Нетивотқа дейінгі аумақта орналасқан «даму қалаларына» қоныстандырылды. Ол кезде мұндай мекенді қала деп атау қиын еді, өйткені бұл елдің шет жағында асығыс салынған форпост, Израильдің аумаққа бақылау орнатқанының айқын дәлелі болды. 1950-жылдардың аяғында пайда болған осындай 170 елді мекеннің 120-сына Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан көшіп келгендер арнайы қоныстандырылған.iҚараңыз: Amy Horowitz. Mediterranean Israeli Music and the Politics of the Aesthetic. Detroit, 2010, p. 41.
Мизрахим еврейлерін геттоға тұрғызу олардың мәдениетіне де таралды: 1950-жылдардағы «шығыс» репатрианттарының арасында бұрын тұрған елдерінде атақ-даңқы шыққан музыканттар болды, бірақ олардың ешқайсысы да Израильдің музыка нарығына шындап шыға алмады. Зохра әл-Фассия сияқты кейбіреуінің мүлдем аты естілмейтін болды. Марокко королінің сарайында өнер көрсеткен солтүстік Африка музыкасының супер жұлдызы жаңа елдің мәдени болмысынан өз орнына таба алмай, қалған өмірі кедейлік пен жалғыздықта өтті. Ирак пен Кувейтте әлдеқашан музыкалық стандартқа айналған жүздеген композицияның авторы мен орындаушысы болған ағайынды Дәуіт пен Салех әл-Кувейтидің тағдыры да соған ұқсас: 1951 жылы репатриацияланған екеуі дүниеден өткенше базарда шаруашылық тауарларын сатуға мәжбүр болды. Ағайынды Әл-Кувейттің көңілі қалғаны сонша, екеуі де ұрпақтарына музыкамен айналысуға тыйым салды.iҚараңыз. Nirit Anderman. The Sound of Silence. Haaretz, 2011 жылғы 22 шілде. https://www.haaretz.com/2011-07-22/ty-article/the-sound-of-silence/0000017f-e4da-d7b2-a77f-e7df80020000
Мысырлық Фильфель әл-Масри мен марокколық Джо Амардың шығармашылық талпынысы бастапқыда біршама сәтті болды. Израильде екеуі де бірнеше тамаша пластинка шығарды, бірақ олардың өлеңдері «өздерінің» арасында ғана таралды. Әр әртістің негізгі хиттерінде жаңа өмірге бейімделудің қаншалықты қиын екені туралы айтылады: мысалы, әл-Масридің Ha-Kol Be-Tashlumim («Барлығы жарнамен (төленеді)», 1959) деген әні ол бұрын білмеген, бірақ бүгінгі күнге дейін елде өте кең тараған затты кредитке сатып алу тәжірибесіне арналған, Израильде кез келген төлемді, соның ішінде супермаркетте азық-түлік үшін төлемді мерзім-мерзімімен бірнеше жарнаға бөлуге рұқсат етіледі. Осылайша адам өзі байқамай қарызға батуы мүмкін. Осы композицияның лирикалық кейіпкері әйелінің дәл осындай жағдайға тап болғанына опық жейді. Джо Амардың Lishkat Avoda («Жұмыспен қамту бюросы», 1959) деп аталатын туындысы одан да мәнерлі шыққан: онда автор алдымен маабарот лагерінде өзінің басынан өткен келеңсіз жағдайды суреттейді, содан кейін жұмыс іздегенде көргені туралы айтады. Еңбек биржасында отырған клерк оның қайдан келгенін сұрайды да, «Марокко» деген сөзді естіген бойда қуып шығады. Бірақ оның кейіпкері ақымақ емес екен, ол келесі күні қайтып келеді де өзін поляк деп таныстырады, мұны естіген қызметкер сыпайы, тіпті жағына сөйлеп «кіріңіз, өтінемін!» депті.iLishkat Avoda әнінің толық мәтінін және Семён Парижскийдің орыс тіліне жасаған жолма-жол аудармасын мына жерден оқуға олады: https://drive.google.com/file/d/1ra-6NyjOjyfnf_eDUSyxVXY9Ja_l7fpI/view
Lishkat Avoda әнінің бір бөлігі араб тілінде шырқалған және бұл жағдай Израиль элитасының мизрахи мәдениетін бірден төмен және қарабайыр деп атауының бір себебі болды. Израиль мемлекетінің құрылғаны Тәуелсіздік үшін соғыстың қызған шағында (1948–1949) жарияланды және бүкіл тарихында дерлік көршілес араб елдерімен қақтығыс жағдайында болды. Осы тұрғыда арабтың және Таяу Шығыстың мәдениеті негізінен жаудың мәдениеті деп түсінілген және қоғамдық дискурста да соған сәйкес белгіленді (желіде бұрыннан таралып «біздің киелі жеріміз — олардың варварлық шөлі, біздің асыл халқымыз — олардың артта қалған жабайылары» және т.с.с. симметриялы мем-суретте орнығып кеткен қағида бойынша). Бұл ереженің күші таралмайтын жағдай да болды: мысалы, бір жағынан, шығыс реңкі айқын, ал екінші жағынан, талассыз тарихи беделі бар Йемен еврейлерінің шығармашылығына ерекше көзқарас танытты (Израильде осы этникалық топ көптеген ғасыр бойы Таяу Шығыс аймағынан кетпеген, сондықтан еврей халқының мыңжылдық дәстүрін қаз-қалпында дерлік сақтап қалған деп есептеді).iМысалы, қараңыз: Daniel Gouly. Hegemony and Middle-Eastern Music: Political and Musical evolution in Israel. p.2. https://www.academia.edu/3640752/Hegemony_and_Middle_Eastern_Music_Political_and_Musical_evolution_in_Israel Сол себептен йемендік музыканттардың бұл елде бойындағы дарынын іске асыруға мүмкіндігі көбірек болды. 1930-жылдары мұны бірінші болып әнші Браха Цфира жасады, одан кейін оның жолын қуған басқалардың, мысалы, 20 ғасырдағы Израильдің ресми музыкалық мейнстримінің нағыз супер жұлдызы Kalaniyot («Анемон», 1948) композициясын орындаған Шошана Дамаридің да жолы болды. Атап өтетіні, егер америкалық үлгі бойынша The Great Israeli Songbook корпусы жасалғанда, ол оған сөзсіз енетін еді. Бірақ екеуінің де орындаған әндерін ашкеназ композиторлар өздеріне тән еуропаланған стильде жазып, тек ара-арасында ғана шығыстың әуенін қосқан. iШошана Дамаридің репертуарында (оның ғана емес) атап айтқанда, Zekharia ben Ezra деген ән болған (музыкасы Моше Виленский, сөзі Яаков Орланд, 1954), онысы Джо Амардың Lishkat Avoda әнімен үйлесіп қызықты контрапункт құратын. Оның басты кейіпкері — Йеменнен келген репатриант транзиттік лагерьдегі өмірдің қиын екенін (қыста — қатты суық, жазда — күн ыстық, қапырық), бірақ «артық ештеңені талап етпейтінін» айтады. Ақырында ол Израильдің негізін қалаушы Давид Бен Гурионмен кездесіп, тіршіліктің қиындығына қарамастан, оған сөзсіз адалдығы мен берілгендігін жеткізеді.
Фильфель әл-Масри мен Джо Амардың музыкасының әуені оған қарама-қарсы түбегейлі басқаша еді және мәселе әнінде анда-санда ғана қолданылған араб тілінде де емес. Олардың әнінде иврит де өзгеше естілді: Еуропадан келген еврейлердің бірқалыпты сөйлеу мәнерінен айырмашылығы, онда көмейден шығып айрықша екпінмен айтылатын «хэт» және «айн» деген дыбыс бар. Аспаптары да өзгеше болды: бастапқыда уд, канун, дарбуканы пайдаланса, кейінірек гректің бузуки аспабы мен түріктің багламасы қосылды. Композицияның ладогармоникалық негізі көбінесе мажор мен минор емес, шығыс мақамы — көбіне-көп баяти немесе курд болды;iҚараңыз: Motti Regev, Edwin Seroussi. Popular Music and National Culture in Israel. Los Angeles, 2004, p. 210 музыка біркелкі-тұрақты жүйеден тыс шығып, ширек тондық интервал көп пайдаланылды. Орындаушылардың дауыстары мыңқылдап шықты, ал ұзын нотада әншілер жиі-жиі музыкалық әуендер қатарын шарлап, «қызықты мелизматикалық саяхат жасап қайтатын» Израильдің ән дәстүрінде бұл әдіс «сильсулим» деп аталып кетті (бұрым, бұйра шаш немесе музыкалық тар мағынада — құбылған дыбыс, өрнек).
Басым болған батысқа еліктеген стиль тұрғысынан алғанда, мұның бәрі өте оғаш естілетін және мизрахим еврейлері күдікті, тым «арабтанған» шетелдіктер деген көзқарасты растағандай болды. Алайда бұл дәстүр олардың өзі үшін ананың сүтімен сіңген дүние еді, өйткені Азия мен Африкадан келген репатрианттар талай ғасыр бойы бұрын тұрған елдерінде этникалық арабтармен қатар өмір сүрген. «(Ең сұмдығы,) олар бізге сіңісіп кетпей, қайта бізді жұтып қоятынға ұқсайды»,iHaaretz, 22 Apr. 1949. Қараңыз: сонымен қатар Amy Horowitz. Op. cit. p. 44. – деп жоғарыда аталған мақаланың авторы Арье Гельблюм осылайша өзінің ойын әрі қарай жалғастырды. Осынау қорқынышты сценарийді болдырмау үшін шығыс еврейлерін «израильдендіру»i Қараңыз: Erik Cohen & Amnon Shiloah. Major Trends of Change in Jewish Oriental Ethnic Music in Israel. Popular Music журналында, 5-шығ. (1985): pp. 199–223. және «арабсыздандыру»iҚараңыз: Yehouda Shenhav. Jews from Arab countries in Israel: The Split Identity of Mizrahim within the Realms of National Memory. Mizrahim in Israel: A Critical Observation into Israel’s Ethnicity кітабында, Tel Aviv, 2002. науқаны қолға алынды: азаматтық құқыққа ие болу және ұлттық еврей мемлекетінде өмір сүріп, іс жүзінде оның пролетариатына айналу мүмкіндігіне айырбас оларға өздерінің бұрынғы «истернизацияланған» («шығыстанған») кімдігінен бас тарту ұсынылды.
Біршама дәрежеде бұл нәтижесін берді: Израильдің тумасы болып саналатын мизрахим еврейлерінің келесі буынының көп өкілі басқа музыкалық ағымда, мысалы, рок-музыка жанрында шығармашылықпен айналысатын болды. Израильдің алғашқы рок-альбомдардың бірін шығарған Тель-Авивте құрылған The Churchill’s тобының музыкасынан оның авторының шығу тегін анықтау мүмкін емес деуге болады: тіпті мандолинада орындалған елең еткізер солосында да (Subsequent Finale финал әніндегідей) музыканттардың ата-бабалары сүйіп өскен шығыстың төл стилінен гөрі Англия мен АҚШ-тың психоделика рокерлерінің ориенталистік экспериментіне еліктеу бар. Жалпы осы стильді ұстанған әртістер көбіне ата-анасының тыңдайтын музыкасын жақтырмайтын: «Бала кезімде достарым келгенде анама өзінің араб музыкасын қоймауын өтінетінмін, өйткені олар Умм Күлсұмның (әйгілі Мысыр әншісі) мұңлы әнін келемеждейтін еді, – деп еске алды әнші Йегудит Равиц. – Анама оның ән айтқаны ұнайтын, оны тыңдап Мысырдағы балалық шағын есіне алатын. Ал маған әкем тыңдаған фолк-музыка көбірек ұнайтын. Ол Польшадан келген және барлық ескі сионистік әндерді, тіпті Еуропада жазылғандарын да білген».iДәйексөз: Amy Horowitz. Op. cit. pp 131-132. Израильдің оңтүстігіндегі Беер-Шевте өскен Равиц 1977 жылы Израильдің ресми ән фестивалінде әулиелер қатарына жатқызылған ақын Лея Гольдбергтің сөзіне жазылған Slihot («Кешірім») романсын оркестрдің тамаша сүйемелдеуімен орындаған кезде танымал болды. Одан кейін ашкенази рок-элитасының барлық өкілдерімен бірге Ha-Kevesh Ha-Shesh-Esre («Он алтыншы қозы») балалар альбомын жазуға қатысып, Израильдің музыкалық мейнстримінде жеке өнер көрсетіп табысқа жетті.
The Churchill’s музыканттары өз кезегінде мәдени абсорбцияда біршама жетістікке жетті: олар ашкенази зиялы эстрада әнінің көшбасшысы саналған Арик Айнштейн өзінің ең жақсы альбомдарын жазғанда оны сүйемелдеді, ал гитарист Ицхак Клептер 1970-жылдардағы ең танымал Kaveret («Араның ұясы») израильдік рок тобының алтын құрамына енді.
Алайда бұл мәміленің шарты да болды: өнерпаздар стиль жағынан ғана емес, күнделікті тұрмыстық деңгейде де дәстүрін ұмытып, түп-тамырымен өзгеруге тиіс болды, сөйтіп тазартылған израильдік мейнстримнің бір бөлігіне айналуға ұмтылған мизрахим музыканттары өздері өсіп шыққан қауымнан амалсыз алшақтады. Бір уақытқа The Churchill’s тобының штаб-пәтері тіпті Тель-Авив емес, Лондон болды, онда олар ағылшын тілінде Jericho Jones және Jericho деп аталатын екі мықты пластинка шығарды. Көп жыл өткен соң Иегудит Равиц анасынан оның өткені мен болмысы және сүйікті әндері үшін басқалардан ұялғаны үшін кешірім сұрады. Дәстүр бойынша жаңа сөзжасамға төзімділікпен қарайтын иврит тілінде lehishtaknez деген арнайы етістік пайда болды, оның мағынасы — «ашкеназиге айналу», «ашкеназдану» дегенді білдіреді.
Сол арада қауым өзінше өмір сүре берді, онда да өзінің әуендері, Таяу Шығыс дәстүрімен тығыз байланысты музыка ойналды. Мәдени элита оған бұрынғыдай менсінбей қарайтын: 1975 жылы Тунисте туған әнші, Eyni Yakhol («Шамам жоқ») және Ima («Ана») сентимент балладаларын орындап жүрген Нисим Серусси күтпеген жерден Ярон Лондонның телевизиялық ток-шоуына шақырылды, бірақ мұндағы мақсат жүргізушіге оны тікелей эфирде аяусыз кемсітуге мүмкіндік беру болған: Лондон мизрахит музыкасын талғамсыз деп атады және сырт келбеті Серуссиге ұқсайтын және оның мәнерімен ән айтатын адам ғана Израильде танымал әртіс болуға ұмтыла алады деп мысқылдады.iҚараңыз: Oded Heilbronner. Resistance Through Rituals: Urban Subcultures of Israeli Youth from the late 1950s to the 1980s. Israel Studies, Vol, 16, No. 3 (2011), p. 41. Келесі жылы Нисим Серусси Францияға қоныс аударып, әлі де сонда тұрады. Ярон Лондонның бағдарламасына берген сұхбатының жазбасы Израиль телеарнасының мұрағатынан жұмбақ жағдайда ғайып болды.
Алайда дәл осы уақытта Израиль қоғамының өзінде «тектоникалық қозғалыс» жүріп жатты, бұл жағдай ең алдымен Израильдің 2500-ден астам сарбазы қаза тапқан (және тағы 8000-ға жуық адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған) 1973 жылғы Қиямет Күні Соғысының қиын тәжірибесіне байланысты болды. Шағын ел үшін бұл өте үлкен көрсеткіш еді. Опат болғандардың айтарлықтай бөлігі мизрахим еврейлері еді, сөйтіп осы қақтығыстан кейін олардың көкейінде «Неге Израиль үшін өлу керек болғанда бізге келесіңдер де, елді басқару мәселесінде бізге дымдарыңды шығармай тыныш отырыңдар дейсіңдер?» деген сұрақ туындайтын болды.iҚараңыз: Daniel Gouly. Op. cit. p. 3. Шығыс еврейлері биліктегі толыққанды саяси өкілдік туралы ойлана бастады. 1977 жылғы сайлауда дауыс берген олар ел құрылған кезден бастап билік тізгінін ұстаған солшыл күштердің гегемониясын бұзып, оңшыл «Ликуд» партиясын билікке әкелді. «Ізін суытпай зерттегенде бұл маргиналданған мизрахи тұрғындарының толығымен дерлік ашкеназиден құралған үстемдік етуші социалистік истеблишментке наразылық ретінде дауыс беруінің мысалы деп есептелді, – деп жазды Дов Ваксман. Бірақ мизрахим өкілдерінің одан кейін де барлық сайлауда «Ликуд» партиясына дауыс беруі оның себебінің әлдеқайда тереңде жатқанын айғақтайды. Партияның (және әсіресе оның көшбасшысы (Менахем Бегиннің) еврейлікке, еврей дәстүріне баса назар аударғаны мизрахим еврейлерінің көкейіне қонымды болып көрінді, өйткені бұл идея олардың Израиль қоғамына тең құқылы негізде интеграциялануына жол ашатын. «Ликудқа» дауыс бере отырып, олар толығымен Израиль ұлтына тиесілі болуды қалайтындарын көрсетті.iDov Waxman. The Pursuit of Peace and the Crisis of Israeli Identity. New York, 2006, pp. 40-41.
Йемен еврейлерінің отбасынан шыққан және үндінің ішекті шертпелі музыкалық аспабында ойнаған әнші Ахува Озери Қиямет Күні Соғысына арнап Eykhan Ha-Khayal? («Сарбаз қайда?») деген ән жазды. Оның туындысы мизрахит музыкасына тән болмаған өзекті қоғамдық-саяси тақырыпты көтеріп, ұрыс даласында қаза тапқан жас жігіт, көршісінің ұлына арналған. Алайда жағдайдың беталысына, бір қарағанда ғана, соғыс қимылына тікелей қатысы жоқ оқиға одан да зор әсер етті.
1973 жылы негізінен Йеменнен қоныс аударып келген адамдар тұрған Тель-Авивтің Шхунат Ха-Тиква ауданында ағаларымен бірге электронды тауар сататын шағын дүкеннің иесі Ашер Реувени үйленетін болды. Бірақ үйлену тойы болар кезде қаралы хабар келіп жетті: қалыңдықтың ағасы соғыстан оралмады.
Бірнеше ай аза тұтқаннан кейін жас жұбайлардың достары олардың көңілін көтеру үшін арнайы кеш ұйымдастырмақ болды (мизрахи қауымдастығында оны арабша «хафла» деп атайтын) және оған Даклон деген атпен танымал Йосеф Леви және Моше бен-Моше есімді музыканттарды шақырды. Бұл екеуі кейін мизрахи қозғалысы үшін маңызды саналған Tslilei Ha-Kerem ансамблінің мүшесі болды (сөзбе-сөз: «Жүзімдік үні», бұл жерде жүзімдік дегенде осы музыканттың балалық шағы өткен Керем Ха-Тайманим ауданы туралы айтылады). Жағдайдың өзі әдеттен тыс ерекше емес еді, мизрахим әртістерінің көпшілігі үйлену тойы мен бар-мицвада концерт қойып ақша табатын.
Айталық, The Churchill’s тобы сән-салтанатты академиялық залда ұлы дирижер Зубин Мета басқаратын симфониялық оркестрмен 1960-жылдардың аяғындағы прог-рокерлердің өсиеті бойынша симфониялық оркестрмен концерт қойса, басқа шығыс еврей музыканттары жеке пәтер, мейрамхана немесе, мысалы, асығыс-үсігіс жасалған сахнасы бар бензин құятын бекетте өнер көрсетуді ұнататын. Ерлі-зайыпты Реувенидің «Хафласы» таңға дейін жалғасты, жас жұбайларды құттықтауға екі жүзден астам қонақ келді. Бірақ олардың әлі әскерде жүрген кейбір достары келе алмады. Сондықтан үйленген жігіт пен оның ағалары оларға арнап кешті кассетаға жазып алуды ұйғарды. Сөйтіп бөлменің бір бұрышына қойылған кішкентай арзан магнитофонның таспасы түні бойы айналып сусылдаумен болды.
Кейіннен бұл оқиға шығыс еврей музыкасының тарихында аңызға айналып, осы кассета мәдениеттің қалыптасып өркендеуіне түрткі болды деген пікір қалыптасты. Әрине, бұл асыра көрсету болады, бірақ мизрахит музыкасының индустриясы шынында да Ашер Реувенидің үйлену тойының фонограммасынан бастау алады. Көп ұзамай мақсатты аудитория сүйікті әндерін әртістің тікелей орындауында ғана емес, жазылған нұсқасын да тыңдағысы келетіні белгілі болды және олардың жазбада шырқалып жатқан әннің көбіне-көп қонақтардың у-шуынан естілмей қалатынына да қарамайтын. Жас жұбайлармен жеке таныстығы жоқ адамдар таспаны жүз лираға ұсынатын болды (Израильде шекель 1980 жылы ғана айналымға енгізілген). Ағайынды Реувени бұдан жақсы ақша табуға болатынын түсініп, рекорд-лейбл мен продюсерлік орталық құрды. Кейінгі жылдары ол мизрахит музыкасының өркендеуіне жол ашқан орындардың біріне айналды.iАшер Реувенидің үйлену тойы және оның мизрахит музыкасының кассета индустриясы үшін салдары туралы толығырақ ақпарат: Amy Horowitz. Israeli Mediterranean Music: Straddling Disputed Territories. The Journal of American Folklore, Vol. 112, No. 445, pp.457-458
Осы музыка ағымына табынушылар көптеп жиналатын тағы бір жер — Тель-Авивтегі автобус станциясы болды. Бұл зор көлік хабы ғана емес, сауда хабы да қызметін атқарды, төбе-төбе болып үйіліп жатқан киім-кешек, ұсталған тауарлар мен әртүрлі азық-түлік сататын орындардың арасында тез арада кассета, соның ішінде контрафактілі өнім сататын көп жайма пайда болды. «Он шекельге үш кассета алуға болатын, – деп 1990 жылдардың ортасында есіне алған еді баламалы рок пен мизрахит музыкасын тоғыстырған Teapacks тобының фронтмені Коби Оз. Мен көне станциядан түсетінмін, сонда мен үшін бұл жер мүлдем басқа ел: жаңбыр жауып түр ма, күн қайнап тұр ма, екіұдай болмыстың елі болды».iСемён Парижскийдің аудармасы. Дәйексөз келтірілген Ha-Takhana Ha-Yeshana әнінің толық мәтінін мына жерден қараңыз: https://drive.google.com/file/d/1Q3ezFYHj_kDxuS5E2v8XqUvA2PtQSWLs/view . Teapacks мүшелері Газа секторында орналасқан оңтүстіктегі «даму қаласы» — Сдерот қаласында туып-өскен; бозбала кезінде Оз көптеген басқа мизрахим еврейлері сияқты жүйелі түрде Тель-Авив автобус станциясынан өтіп бара жатқанда, жолай жаңа кассета сатып алып үйіне апаратын. Осылайша бұқара деңгейіндегі баламалы кассета инфрақұрылымының арқасында мизрахит музыкасының әуені мен ырғағы тез арада бүкіл елге тарады. Негізгі бағытты белгілейтін медиа — радио, теледидар, винил пластинка шығаратын ірі лейблдар әлі де иек астында не болып жатқанын елемеуді жөн деп есептеді, бірақ бұдан былай мұның маңызы болмай қалды.
Осы мәдени құбылыспен тығыз байланысты тағы бір парадокс: Еуропа мен АҚШ-та аудиокассета — арзан, пайдалануға оңай ақпарат тасымалдағыш — музыкалық андерграундтың символына айналып, музыкалық лейблмен келісімшартқа отыру түсіне де кірмеген әртістерге шығармашылығын мәңгілікке сақтауға мүмкіндік берді.iҚараңыз: мысалы, Robin James. Cassette Mythos. New York, 1992. Израильде де өзіндік «кассеталы андеграунд» қалыптасқаны анық, бірақ оның мазмұны мүлдем басқа әуен: авангард эксперименті емес, қайта керісінше, демократиялық, кең тыңдарман қауымына мейірімін төгетін ойын-сауық музыкасы болды. Менің мақсатым — адамдарды тебірентетін ән айту», – деді 1980 жылдарда мизрахит музыкасын орындаған басты тұлға Зоар Аргов. Менің байқағаным, Израиль жұртшылығы өте сезімтал. Ол жүрек елжіретер әндерді жақсы көреді».iДәйексөз: Amy Horowitz. Mediterranean Israeli Music and the Politics of the Aesthetic. Detroit, 2010. p. 96.
Йеменнен келген репатрианттардың ұрпағы, шығыс халықтарына тән есте қаларлық келбеттің, жарқын сахналық харизма мен күшті дауыстың иесі — Аргов ағайынды Реувенилер шығарған Elinor деп аталатын алғашқы синглі шыққаннан кейін мизрахи ортасында жұлдызға айналды (1980 ж.). Екі жылдан кейін ол Израильдің шығыс әндері фестивалінде Ha-Perakh Be-Gani («Менің бақшамдағы гүл») композициясымен жеңіске жетті. Дегенмен басты жеңіс жүлде алудың өзі емес, 1982 жылғы фестивальдің тұңғыш рет ұлттық телевизияда көрсетілуі болды.iИзраильде 40 жылға жуық уақыт бойы бір-ақ телеарна болған, 1986 жылы екінші арна іске қосылды — ол да мемлекеттік хабар тарату органына бағынған және 1993 жылы ғана елде коммерциялық телевизия пайда болды. Осылайша тректі әртістің туған қауымының өкілдері ғана емес, сондай-ақ бұрын мұндай музыканы тыңдауға мүмкіндігі болмағандар да тамашалады: естіді де, ұнатты. Күнтізбелік жылдың қорытындысы шығарылғанда Ha-Perakh Be-Gani әні израильдік хабар таратушылардың қорытынды рейтингіне енген мизрахи стиліндегі алғашқы ән болды — ол бірден құрметті төртінші орынға шықты. Оның бір емес, көп тыңдарманның жүрегінің төрінен орын алғаны анық болды.
Зоар Арговтың классикалық жазбаларын Джо Амардың немесе Фильфель әл-Масридің орындауындағы мизрахит музыкасының ертедегі үлгілерімен салыстыра отырып, оларды бір мәдени континуумның бөлігі десек қателеспейміз, бірақ айырмашылығын да естиміз. Моти Регев пен Эдвин Серусси «Израильдің танымал музыкасы және ұлттық мәдениеті» атты кітабында мизрахит музыкасының өрлеу заманындағы жеті ерекше белгісін (музыкалық кодын) көрсеткен.iMotti Regev & Edwin Seroussi. Op. cit. pp. 209-210.
Бұл тізімнің ішінде Lishkat Avoda әніне тән болған белгілер де бар: бұл статикалық гармония, ырғақ секциясындағы циклдік сурет, вокалдық мелизматика, шығыс мақамына сүйену (Арговпен көп жұмыс істеген гитарист Йегуда Кейсар сонау 1970-жылдары тіпті ширек тонды пернелері бар арнайы гитара жасап алған).i Қараңыз: Amy Horowitz. Op. cit. p. 17. Бірақ ең алдымен, аспапқа немесе оның пішініне байланысты басқа өзіндік ерекшеліктер шығыс еврей музыкасына оның жаңа, шыңға жеткен деуге болатын кезеңінде ғана тән болды. Джо Амар электр рок аспаптарын пайдаланбаған. Аргов пен оның замандастары үшін ол аспаптар канун және дарбукамен қатар әнді көркемдеу құралдарының ажырамас бөлігіне айналды. Жұмыспен қамту бюросы немесе жарна төлеу туралы әндер 8 немесе 16 тактіден тұратын біркелкі сегменттерге бөлінбеген және онда шумақ-қайырма деген қатаң құрылым жоқ, ал Ha-Perakh Be-Gani әні, керісінше, осылай құрылған. «Кең таралған құрылымды пайдаланатын мизрахит музыкасы — батыстың музыкасы екені даусыз, – деп жазды Ави Пикард. – Жаңа стиль студиялық технологияға және дыбыс жазбалары дистрибуциясына негізделген. Оның негізі — бір ғана, бірегей тікелей орындау емес, музыкалық бөлімдерді дәл қайталауға мүмкіндік беретін жазбаша партитура.
Кеңейтілген импровизацияның және бір-бірімен байланысты музыкалық фрагменттердің орнына (өлшем бірлігі) мұнда шамамен үш минутқа созылатын бөлек ән беріледі. Мұның ешқайсысы мұсылман елдерінен келген еврейлердің музыкалық дәстүріне тән болмаған дүние». iAvi Picard. Like a Phoenix: The Renaissance of Sephardic/Mizrahi Identity in Israel in the 1970s and 1980s. Israel Studies, Vol. 22, No. 2, Summer 2017, p. 5.
Әрине, бұл эволюция біршама дәрежеде таза тұрмыстық себепке байланысты болды: Джо Амардың электр гитарасын алуға мүмкіндігі болмады, ал Зоар Аргов ол жағынан қиындық көрген жоқ. Бірақ мұның басқа себебі де бар сияқты. 1950-жылдардағы мизрахит музыкасы репатрианттардың алуан түрлі дәстүрінің ала-құла жинағы іспетті болған, ал «мизрахим» терминінің өзі ол кезде менсінбей қарап жалпылау секілді естілді және элитаға «бөтен» адамды анықтап, оған жоламауға мүмкіндік беретін тәсіл сияқты еді. 1980-жылдары, бұған керісінше, бұл сөзбен Азия мен Африканың мұсылман елдерінен келген репатриант ұрпағының нақты кімдігі сипатталған: Израильде туылған мизрахим буыны өздерін біртұтас әлеуметтік-мәдени топ деп сезініп ұғынды. Зоар Арговтың, оның замандастары мен ізін қуушылардың әндері — тағдырдың қалауымен басқа аумаққа көшіріп әкелінген Марокко, Ирак немесе Йеменнің музыкасы емес, енді ол Израиль қоғамының нақты бөлігінің арманын білдіретін сөздің тура мағынасындағы мизрахит музыкасына айналды.
Сондықтан онда мизрахидің өздері жақсы көрген және тыңдаған дүниенің бәрі әдейі араластырылған. Мысалы, онда 1960-жылдары Израильде танымал болған Арис Санға еліктеген грек эстрадасымен үйлесім бар, Арговтың Elinor әні грек композициясының кавер нұсқасы болды, ал Йегуда Кейсар гректің аспабы бузуканың үніне ұқсастырып гитара тартудың стакато мәнерін меңгердіi Қараңыз: Motti Regev & Edwin Seroussi. Op. cit. p. 200. немесе түріктің арабеска стилі: мизрахи әншісі Зехава Беннің Tipat Mazal («Бір тамшы сәттілік») деп аталатын әйгілі хитінің негізіне талай қыз ғашық болған мұртты жігіт Орхан Генджебай әндерінің бірі алынған (1990 жылы Израиль мен Түркия арасында авторлық құқық саласында келісім болған жоқ, сондықтан түрік эстрадасының әуендерін тегін ала беруге болатын),iҚараңыз: Amy Horowitz. Op. cit. p. 139. Ha-Perakh Be-Gani әнінің кіріспесінде арабша вокализация бар; араб дәстүрінде бір буынды әндетудің бұл әдісі «мәуәл» деп аталады.
Бұған Сан-Ремоның шабытты романтикасын, әсерлі рок-н-ролл энергиясын, әнді Балқан мен басқа да Шығыс Еуропа елінің дәстүрімен үрмелі аспаптармен көркемдеуді (Ha-Perakh Be-Gani әнін көркемдеген Нэнси Брандес Румынияда туылған) қосуға болады, сондай-ақ кейде ресми ашкенази эстрадасы да бар: 1980-жылдардағы танымал мизрахи әншісі Хаим Моше тіпті «Алтын Иерусалимді» жазған Наоми Шемерге жаңа композицияға және The Great Israeli Songbook-тегі ондаған әнге тапсырыс берген. Шемердің және басқа да құрметті ашкенази авторларының онжылдықтың соңына қарай мизрахи әртістерімен қоян-қолтық жұмыс істеуді ұят санамағаны, сондай-ақ Алты күндік соғыстың ардагері, көбіне-көп бейресми түрде Израильдің Боб Диланы деп аталатын жыршы-ақын Меир Ариэльдің өз репертуарына Зоар Арговтың Kvar Avru Shanim («Талай жыл өтті») әнінің кавер нұсқасын енгізгені де парадигманың өзгергенін айқын дәлелдеп отыр.
Мизрахит музыкасы әлі де ТВ-дегі прайм-таймда сирек берілетін, бірақ оны ең болмағанда, содан он жыл бұрын студияда бейбақ Нисим Серуссидің итін шығарған сияқты талқандамайтын. Қайта керісінше, шығыс еврейдің әнші жігіттері мен қыздары бұрын ашкеназдар оларға қойған «чахчах» немесе «фреха» сияқты қорлайтын лақап аттарға жаңа мағына берді.iАлайда осындай реклеймингпен қатар кері процестер де жүрді: шығыс еврей қоғамдастығында, керісінше, жағымсыз коннотацияға ие «мизрахит музыкасы» деген терминнен бас тартуға үндегендер де болды. Қазіргі әдебиетте тиісті дыбыстар кейде «ям-тихонит музыкасы» («Жерорта теңізінің музыкасы») деген бейтарап тіркеспен сипатталады. Shir Ha-Frecha әні («Фреханың әні», 1979) Йеменнен шыққан, бірақ мизрахи сахнасына жанамалап жақындаған әртіс Офра Хазаның алғашқы хиті болды. iShir Ha-Freha музыкасын жазған композитор — Польшадан шыққан израильдік рок-музыкант Цвика Пик. Кейіннен Офра Хаза негізінен канондық израильдік эстрада әнінің кеңістігінде жұмыс істеп, Евровидение байқауында елге өкілдік етті, ал шетелде worldbeat стилі және әртүрлі экзотикалық дыбыстың би-электрондық ремиксін жасау өркендеген кезде шынымен кеңінен танымал болды.
Ақырында, тағы бір элементі — сефард синагогасының сазы немесе пиют (ол өз кезегінде зайырлы еврей немесе араб эстрадасының әуендеріне жиі негізделеді). Орташа есеппен алғанда мизрахим еврейлері мемлекеттің бастауында тұрған еуропалық сионистерге қарағанда әлдеқайда діндар болды, уақыт өте келе «Ликудтан» кейін олардың саяси өкілдігінің тағы бір органы ультраортодокс «ШАС» партиясы болды. Мизрахит музыкасының көптеген басқа өкілі сияқты, Зоар Аргов жастайынан синагогада ән айтқан; оның әндерінің сөзі көбінесе көне лепірме тілде жазылған. «Күндіз-түні мен үшін көзімнің қарашығы едің, мен үшін қара түнектегі Құдайдың періштесі болдың», – деп айтылады Ha Perakh Be-Gani әнінде;iСемён Парижскийдің аудармасы. Әннің толық мәтінін және орыс тіліндегі жолма-жол аудармасын мына жерден қараңыз: https://drive.google.com/file/d/16wzm6-nOPfpVYuXEqM5_UdfmlMV9rbWu/view. Ha-Perakh Be-Gani әнінің сөзін жазған Аргов емес, оның авторы әнін алғашқы махаббатына арналған оның композиторы Авиху Медина еді. бұл композиция израильдік поп-музыкаға тән иврит тілінен гөрі «Әннің әнін» (Сүлеймен патшаның жыры) еске түсіретін тілде жазылған», – деп атап өтті Бен Шалев.iBen Shalev. Zohar Argov's Flower That Launched a Million Cassettes. Haaretz, 2012 жылғы 4 мамыр. https://www.haaretz.com/2012-05-04/ty-article/zohar-argovs-flower-that-launched-a-million-cassettes/0000017f-ec86-d4cd-af7f-edfeb8cb0000 Діндарлық көп жағдайда идеологиялық консерватизммен қатар жүрді: израильдік супер жұлдыз Сарит Хададтың ата-анасы музыка саласы қыздар үшін лайықты кәсіп деп санамады, сөйтіп ол продюсерлердің көзіне түскенге дейін клубта өнер көрсету үшін үйден жасырын қашуға мәжбүр болған.
Мизрахит музыкасының ең болмағанда коммерциялық тұрғыдан жаңа сапаға өтуі Хадад, Зехава Бен, Эяль Голанның және 1990 жылдардағы кейбір басқа дебютанттардың есімдерімен байланысты. Жаңа онжылдыққа дейін өмірден озып кеткен Зоар АрговтанiАргов толыққанды музыкалық мансабын бастағанға дейін бірінші рет (зорлағаны үшін) қамауда отырған және өмір бойы қайта-қайта заң бұзған. 1987 жылы ол түрме камерасында өз-өзіне қол салды. Айырмашылығы, үшеуін кроссовер әртіс деп атауға болады: олар стиль аралық эксперимент жасаудан қорықпағаны былай тұрсын, қайта керісінше, оған сүйенді. Бен 1992 жылы танымал Ethnix электропоп тобының Kitorneh Masala (тілдердің қоспасында «Сәттілік оралғанда») әні орындалғанда микрофон алдына шықты: оның «сильсулим» мелизмдері ансамбльдің көшбасшысы Зеев Нехаманың қарапайым рок-вокалын ерекше етіп көрсетті. 1997 жылы дәл сол Ethnix тобы Голанмен бірнеше коллаборацияның біріншісін бастап жіберді және жоғарыда аталған Teapacks ансамблі Сарит Хададты Lama Alacht Mimenu («Неге бізді тастап кеттің?») әнін жазуға шақырды. Мизрахит музыкасы мейнстриммен тікелей әрекеттестікке түсті, бірақ осы орайда «ашкеназилендіруге» ұшыраған жоқ: «Бұл бірлескен жазбалардағы «фиттарда» (Эяль) Голан мен (Сарит) Хададтың өзі емес, олардың стилі болды, осылайша ол өзінің ерекше (дыбыстық) сипатын сақтай отырып, мейнстримге қабылданды».i Oded Erez. Op. cit. p. 481. Ethnix және Teapacks топтарының музыканттарына мизрахи әншілері кәсіби тұрғыда — ағымға тән вокалдық стильдің иелері ретінде керек болды, 2000 жылдары израильдік рэперлер де оларға осындай бірлесіп ән жазу жөнінде ұсыныс жасайтын болды. Кейбірі, мысалы, Иерусалимнің танымал HaDag Nahash («Жылан балық») хип-хоп ұжымы сондай-ақ мизрахи-инструменталистерінің ерекше машығын да керек етті: олардың Shir Nehama («Жұбаныш әні», 2010) әнінде Иегуда Кейсараның бірден танылатын грек стиліндегі электр гитарасының үні естіледі. Одед Эрез дұрыс байқағандай, бұл жерде ол хип-хоп трекінің негізінде болатын ескі пластинкадан алынған семпл сияқты, тек мұндағы айырмашылық — HaDag Nahash тобының әнінде бұл семпл жазба емес.iOded Erez. Op. cit. p. 482. Мизрахим вокалистеріне келетін болсақ, израильдік хип-хопта олар R&B әншілерінің функциясын орындайтыны анық, американдық хип-хопта олардың әуезді ән айтуы басты солистер орындайтын желдірменің контрапунктіне айналады. 2010–2020 жылдардағы ең көп табыс алған израильдік Static & Ben EliStatic & Ben El жобасы дуэт деп көрсетіледі, бірақ шындығында ол өнер көрсетіп жүрген бүкіл уақыт бойы оған үшінші музыкант-продюсер Ярден Пелег кіреді. Поп-дуэті дәл осы қағида бойынша құрылған: эмси (Static, сондай-ақ ол Лираз Руссо) және мизрахи әншісі (Бен Эль-Тавори).iБен Эль-Тавори — мизрахи музыканттарының тұтас бір әулетінің буыны: оның әкесі Шими Эль-Тавори де табысты әртіс болды, Зоар Арговтың орындауында хитке айналған Ha-Perakh Be-Gani әні бастапқыда оған жазылған еді.
Мизрахи музыкасының 1990-жылдардың аяғынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы — бұл бірден барлық деңгейде: дыбыстық, медиа, саяси, мағыналық тұрғыда үздіксіз экстенсивті дамудың шежіресі. «Менің досым, Иерусалимдегі дыбыс режиссері айтқандай, 2015 жылы мизрахи — Израиль поп-музыкасының бір жанры деп айтуға болмайды, тіпті бұл негізгі мейнстриммен бәсекелесетін сәтті жанр деп те айтуға болмайды», – деп атап өтті мизрахи әртістері Лираз Руссо мен Омер Адамның әнінің құрметіне жазылған «Израильдің бақыт революциясы» атты мақаланың авторы Матти Фридман. Бұл мейнстримнің өзі, бұл Израиль поп-музыкасының өзі. Егер бүгін бір елдің кеудесін стетоскоппен тыңдасаңыз, оның жүрегі мизрахи ырғағында соғып жатқанын естисіз».iMatti Friedman. Israel’s Happiness Revolution. https://www.tabletmag.com/sections/arts-letters/articles/israels-happiness-revolution . Рок пен хип-хоптан кейін мизрахит музыкасының шығысқа тән әуезді профилі мен вокалдық әшекейі EDM-нен бастап трэп пен реггетонға дейін жаһаншыл клуб-электрондық поп-саундпен еш қиындықсыз үйлестірілді. «Израильдіктерге не ұнайды? Бас және сильсулим!» — топ жарған Silsulim (2016) атты хитінде Static & Ben El осылай айтты. YouTube арнасында клиптің 59 миллион рет қаралғаны әншілердің не айтып жатқанын түсінгенін айғақтайды. Жаңа медиамен қатар, ескілерінің де радио мен телевизияның мизрахит музыкасының шабуылына төтеп бере алмай келе жатқанына көп болды: мысалы, ұзақ жылдар бойы Израильдегі көптеген вокал байқауында дәл осы стиль үстемдік құрып отыр (Эяль Голанның тіпті жас таланттарды іздеуге арналған жекеменшік, дербес телешоуы болды). 2008 жылы Голан оған дейін негізінен Шломо Арци сияқты құрметті израильдік поп және рок әртістері ғана өнер көрсеткен елдің ең беделді концерт алаңы саналатын Кейсария амфитеатрында аншлаг жинады.
Әлбетте, бұл жағдай барлығына бірдей ұнай бермейді. «Түріктер Тель-Авивті басып алды!»iДәйексөз: Amy Horowitz. Op. cit. p. 135. – деп «көне» ашкенази мәдени элитасының көрнекті өкілі Йонатан Гефен 1992 жылы «Маарив» газетінің бағанасында осылай жазған болатын; бұған Зехава Беннің Tipat Mazal және басқа да әндеріндегі түрік әуендері себеп болды. Ал он жылдан кейін радиоротациядан мизрахи әртісі Амир Бенаюннің бір шығармасын тыңдаған саясаткер Йосеф Лапид: «Түлкарем (Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Палестина қаласы) бізді емес, біз Түлкаремді жаулап алдық деп ойлап жүргенмін»,iAmos Noy. Proekt Ha-Buz: 4. Muzika Mizrahit. Мұрағаттағы көшірме: https://web.archive.org/web/20150330161051/http:/cafe-gibraltar.com/2012/10/nopmizrahit/ . – деді. Гефен мен Лапид үшін мизрахит музыкасы бөтеннің, тіпті жаудың мәдениетінің белгісі болып қала бергені анық («басып алу» және «жаулап алу» туралы симптоматикалық тұжырымдары да осыдан). Ал шындығында ол soft power сияқты жұмыс істейді және Израильдің саяси және мәдени өмірінің басқа қайраткерлері жағдайды шиеленістіруді жөн көретін жерге көпір салады: мысалы, 1990-жылдары аталмыш Зехава Беннің әндері жазылған кассетаны өнеркәсіптік мөлшерде тек Тель-Авивтегі автобус станциясынан немесе Иерусалимдегі Махане-Йегуда базарынан ғана емес, көрші араб елдеріндегі үйлер қирап жатқан көшелерден, сондай-ақ Палестина автономиясынан да табуға болатын. Ал әртістің өзі мүмкін болған кезде Мысыр, Иордания, тіпті Иерихон мен Шхемде сәтті өнер көрсетті.
Заманауи мизрахи-мейнстрим көп жағдайда басқа мәселеде де әртүрлі қайшылықты жоюға ұмтылады. Айталық, бұл музыкаға әлі де терең діни сипат тән — бұл дінді қатаң сақтайтын яһуди, шаббат кезінде өнер көрсетуден бас тартатын хитмейкер Омер Адамның концерттерінің міндетті элементі, оның Modeh Ani («Алғыс айтамын», 2015) балладасы таңғы дұғаның мәтініне негізделген. Сонымен қатар оның концерттерінің тағы бір міндетті элементі — өзіндік жаргонизмге толы Tel Aviv (2013) еркінсінген гей әнұраны. «Адамның мансабындағы бұл әрекеттерді бір-біріне қайшы деп бағалаудың орнына, оның мизрахим еврейлері басымдық ететін және шынымен де, бір қарағанда, өте алуан түрлі үрдістен: шығысқа тән квирлік, діни дәстүршілдіктен және гедонистік гипермаскулинизмнен құралған қазіргі Израиль орта табының сұлбасын мүмкіндігінше толығырақ қамтуға ұмтылатынын түсіну керек»,i Oded Erez. Op. cit. p. 484. – деп есептейді Одед Эрез.
Бір қызығы, Адам — мизрахи емес немесе ең болмағанда толық мизрахи да емес: оның анасы — ашкеназ, әкесі — тау (кавказ) еврейі, ал Адамның өзі АҚШ-та туып-өскен. Қазіргі мейнстрим ретіндегі түрінде мизрахит музыкасы бұдан былай тиісті субэтностардың айрықша дүниесі емес, ол ерекше белгілердің жиынтығы бар (айтарлықтай ауқымды) толыққанды космополиттік саунд-әуен. Static & Ben El дуэтінің Silsulim әнінде бұл стильдің айқын белгілері бар, бірақ сонымен бірге ол тіпті Despacito композициясы сияқты, әлемнің түкпір-түкіпірінде жазылған көптеген жазғы, жағажайлық дэнс-поп-хиттердің қатарына жатады.
Осындай жағдайда соңғы он жылда қоғамдастық ішінде балама страта қалыптасып жатыр, оның өкілдері мизрахи стилін оның бастауына, соның ішінде сөздің тура мағынасында да, қайнар көзіне қайтаруға ұмтылып жатыр. Иерусалим әншісі Нета Элькаям 20 ғасырдың ортасында Мароккода тасы өрге домалап жұлдыз болған, бірақ Израильге репатриациядан кейін ұмыт қалған Зохра әл-Фассияның музыкасын әлемге қайта ашты. Елдің оңтүстігіндегі шөл далада өскен апалы-сіңлілі Хаимдер (олардың америкалық HAIM тобымен ешқандай байланысы жоқ, бірақ бір қызығы, ол да үш апалы-сіңліліден тұрады) өз отбасының тарихын тілге тиек етеді. A-WA жобасына қатысу арқылы олар йемендік еврейлердің, дәлірек айтсақ, еврей әйелдерінің ауызша музыкалық дәстүрін жаңғыртуға үлес қосып жатыр. «Ер адамдар синагогаға барып, онда діни ән шырқаған кезде әйелдер үйде қалып, араб қауымымен тығыз қарым-қатынас жасайтын», – дейді музыкалық этнографиядан бакалавр дәрежесін алған олардың бірі.iRichard Gehr. A-Wa: The Israeli Trio Turning Yemenite Tradition Into a Global Groove. https://www.rollingstone.com/music/music-features/a-wa-the-israeli-trio-turning-yemenite-tradition-into-a-global-groove-193320/ . A-WA әндері иврит тілінде емес, араб тіліндегі йемен диалектісінде айтылатыны таңғаларлық емес.
Өздері көшіп кеткен елдің музыкалық стандарттарының корпусын жасаған ағайынды Ирак еврейлерінің бірі — Дәуід әл-Кувейтидің немересі Дуду Тасса атасының салған тыйымына бағынбай, музыкант болды. Оның көп жанрлы бастамаларының ішінде Dudu Tassa & the Kuwaitis «кросс-мәдени еврей-араб жобасы» ерекше көзге түседі, онда әртіс Израиль және Ирак аспапшыларымен бірге ата-бабасы сусындаған төл музыканың заманға лайықталған нұсқасын ұсынады. Топ АҚШ-та «Коачелла» фестивалінде қатысты, ал 2017 жылы олар Radiohead тобының гастрольдік туры кезінде әр концерттің ашылуында тыңдарман қауымның ықыласын оятып өнер көрсетті, сондай-ақ Тасса әдет бойынша Таяу Шығыстың (бірақ бұл жолы еврей емес) музыкалық дәстүріне арналған Jarak Qaribak деп аталатын ең соңғы альбомын (2023) Джонни Гринвудпен бірге жазды.
Парадок-парадокстан тоқылған, Зоар Аргов шығарған әндердің әуені сияқты бұралаң жолға ұқсайтын мизрахит музыкасының тарихы дәл қазір қарқынмен дамып келеді және оның беталысын алдын ала болжап білуге болмайды. Тек оның кіндігі ғана Генрих Бюнтингтің географиялық картасындағы гүлдің түрлі түсті үш күлтесі түйіскен нүктеде өзгеріссіз қалды.