Заманауи ғылым дамымай тұрған тұста табиғат әлемімен етене араласқан көшпенділер ауа райының құбылуын, маусымдар мен амалдардың ауысуын дәл болжап отырған. Сол арқылы түрлі қиындықтарды еңсеріп, тіршіліктің қамын жасаған. Алайда дәстүр мен тұрмыста қолданылған сол бір жүйені ғылым деңгейіне көтерген көшпенділердің сыры мен сиқыры неде? Бұл ретте фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы арнайы Qalam үшін қазақтың күнқайыру жүйесінің ерекшелігіне тоқталып көрді.
Фольклорға айналған ғылым
Қазақтың күнқайыру жүйесі — табиғат әлемі, аспан шырақтарын ғасырлар бойы бақылап, қорытқан тәжірибе-деректер жинақталған халық білімінің кеніші. Жыл мезгілдері, күн мен түннің ауысуы, ұзарып-қысқаруы, Айдың жаңаруы, Үркер мен Айдың тоғысуы, соған сәйкес күн райының құбылуы, өсімдіктер мен жан-жануарлардың соған бейімделе тіршілік етуі және осының бәрін бақылау тәжірибесі дәстүрлі күнтізбеге негіз болған. Есепшілер табиғаттың аумалы-төкпелі мінезін ұрпаққа ұқтыру, құлағына құю үшін амалдардың қимыл-әрекеттерін мифологиялық кейіпкерлерге ұштастырып, көркем сөзбен жас ұрпаққа қызықты да ұғынықты етіп таратқан. Яғни ілім-білім фольклорға: ай мен амалдар туралы желі мифтерге, ертегілерге, мақал-мәтелге айналып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған.

Плеядалар (жұлдыздар шоғыры) мен Ай тұтылуы, 2021 жылғы 19 қараша / Getty Images
Есепші — күн райын алдын ала есептеп, шаруашылықты орамды жүргізуі үшін халыққа ақыл-кеңес беріп, жол сілтеп отырған маңызды білім иесі. Мысалы, «Есепшінің есебі кісесінде, есепсіздің есебі тізесінде» деген мақал бар. Бұл сөздің түп-төркіні мынада: есепші тоғым, күн райын бақылап, қатирасын кісесіне салып сақтаған, соған жүгінетін болған. Ал қатардағы қариялар күн райы бұзыларда тізесі сырқырап, буыны қақсап ауырса, боран борайды, қар жауады деп болжайтын. Сол сияқты, «Күнәң аз болса, күн есепте», «Есепшіні жұт алады, жауырыншыны жау алады» деп, есепшілікті тазалыққа, даналыққа балап, күн райын болжаудың серті ауыр болатынын, ал жаңсақтық, қателігі болса, салдары мен жауапкершілігі қатал екенін ескерткен.

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Қажылық ғұрпын атқарушы қария. 19-ғасырдың аяғы / Bibliothèque nationale de France / Gallica
Қазақтың күрделі күнқайыру жүйесі
Қазақ халқы ықылым заманнан бері күнқайырудың бірнеше жүйесі мен үлгісін қолданған: күн қозғалысына негізделген шәмси есебі; ай қозғалысына негізделген қамари есебі; румие есебі; хижра есебі; тоғыс жүйесі (Үркер тоғысы, Қамбар тоғысы); зодиак шоқжұлдызы жүйесі; азаматтық ай есебі (амал есебі). Есепшілер бұл жүйелерде күнқайыруды ескі санатпен (юлиан күнтізбесі) де, жаңа санатпен (григориан күнтізбесі) де (арасы — 13 күн) жүргізе беретін болған. Сонымен бірге әр есепшінің өзі өмір сүретін өңірдің табиғатына сай сол аймақта ұстанған күнқайыру дәстүрлері де болған. Мысалы, Бұқар есебі, Байбақты Қазыбек есебі, Келдембектің кері есебі және т.б.

Ислам күнтізбесі. 19-ғасыр қолжазбасы. Үндістан / Wikimedia Commons
Қазақ күнқайыру жүйесінде айлардың аты мен орналасу реті де әртүрлі сипатталып келген. Мәселен, Ш.Уәлиханов, В.Радлов, А.Левшин, Қ.Халиди еңбектерінде ай аттарында айырмашылықтар бар. 1923, 1930 жылдары басылып шыққан шаруа күнтізбесінде де сол тектес айырмашылықтар байқалады [1]. Олар мәлімет берушілердің күнқайырудың қандай жүйесі, үлгі-тәсілі немесе санатын қолданғанына қарай өзгеріп отырған: біреулер шоқжұлдыз айлар мен азаматтық айларды араластыра қолданса, енді біреулер араб айлары мен тоғыс айларын қосарлаған. Нәтижесінде аралас-құраластық, тоғысу-ығысулар байқалған. Бұл кемшілік емес, керісінше, қазақ күнқайыруының алуантүрлілігі мен көпнұсқалығын, яғни қабат-қыртысы мол қазына екенін байқатса керек.
Ұлы далада күнтізбе жүйесінің әр түрі қолданылған. Соның бірі — Шығыс Қазақстан, ҚХР, Моңғолиядағы қазақтар қолданып келген күнтізбе үлгісі [2; 3].

Шаруашылықты бағыттаған амал есебі
Қазақ күнтізбесінің алуан қатпарлы екенінің бір көрінісі — амал есебі [4]. Жыл сайын белгілі бір мезгілде қайталанып, мал мен жанға зиянын тигізетін кезеңдерді есепшілер амалдар деп атаған [15]. Сондай қайталанбалы мезгілдік ерекшеліктерді есептеп, сақтық шарасын жасау үшін қолданған күнтізбені амал есебі деуге болады.

Тәңіршілдік (көне түркілік) күнтізбе. Заманауи реконструкция / Wikimedia Commons
Үркер мен Айдың тоғысуы, әр айдың бедерінде болатын өзгерістер, қысқы-жазғы шілденің кіріп-шығуы, тоқсанның ауысуы, маусымның алмасуы секілді құбылыстар жіті бақыланып, қырағылықпен зерттелген. Бұл халықтық табиғаттану білімінің жүйеленуі еді.
Мұның бәрі теориялық білім емес, шаруашылықтың негізіне айналғанын алға тартқан Н.Уәлиұлы:
«…Есепшілер амалдың қай кезде, қалай өтетінін алдын ала есептеп, болжап отырған. Осы есепке сүйене отырып малшы қауым мал төлдету, қыстаудан көктеуге, одан жайлауға көшу, қысырақ матау, үйірге айғыр салу, қой қырқу, күйек байлау, күзем алу, күздеуге, одан қыстауға көшу, күйек шешу тәрізді т.б. шаруашылық жұмыстарын ұйымдастырған» деп жазады [5].

Қазақ жайлауы. Қытай, Шыңжаң, 2008 / Getty Images
Алайда әр өңірде қолданылатын айлар мен амалдар жүйесінде елеулі ерекшеліктер бар. Мәселен, Шығыс қазақтарының амал жүйесін М.Әуезовтің еңбектерінен байқауға болады. Айталық, «Абай жолы» романына сенсек, отамалы 11–17 көкек аралығына, яғни қазіргі 11–17 наурызға сәйкес келеді. Бұл есеп Қ.Халиди, Б.Кәмәләшұлы деректерімен де үйлеседі.
Көшпелі өркениеттің ең тұнық үлгісі
Қазақ күнқайыру жүйесі мен әдісін, ай мен амалдардың атауын, олар туралы шығарылған мифтер, хикаялар, мақал-мәтел, өлеңдерді басқа түркі халықтары мұрасымен кешенді салыстыра тексергенде, көшпелі өркениет құндылықтарының төлтума сипатын қазақтай сақтаған ел жоқ екені байқалады. Мұны байқаған Б.Куфтин:
«Мұнда тізілген ай аттары тек қана қазақ халқына тән, Азияны мекендеген басқа түркі халықтарында бұлар кездеспейді... Ай атауларында айрықша ерекшеліктер бар, жалпы түркілік ай есімі мұнда табыла қоймайды» деп жазады [6].
Академик Ә.Марғұлан еңбегінде жүйеленген еліміздегі қазіргі қолданыстағы ай аттарын көршілес татар, башқұрт, өзбек, қырғыз зерттеушілері «қадым түркі күнтізбесіндегі» ай аттары есебінде зерделейді. Оның себебі — қазақта сақталған көшпелі сана тұнығы мен туысқан халықтардың мұрасы бір-бірін толықтыруында болса керек.

Самуил Дудин. Киіз үй ішіндегі отбасы. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / КФҚД ОМА
Түркі халықтарының ай аттарында бірізділік болмағанымен, ай сайын келетін амалдар, әр амалдың суреттелуі, кейіпкерлер образы, олар туралы айтылатын өлең, мақал-мәтел, мифтерде ортақ сипат көп екені аңғарылады. Қазақ ішінде де солай. Әйткенмен ішінара бөгенайлар жоқ емес.
Сарыарқа халқының амалдарды негізінен аң-құстардың өмір-тіршілігіндегі маусымдық әрекет-дағдылармен (текебұрқылдақ, бөрі сырғақ, құралайдың салқыны, бұғының мойын жуары, құс қанаты, құлжаның ауыз шайқары) байланыстырып, ежелгі аңшылық заман тұрмысын елестетеді. Алтай, Тарбағатай тауын мекендеген Алаш баласы амалдарды көбінде малшылық кәсіппен ұштастырып, олардың әрқайсын белгілі бір мифтік кейіпкерлердің қайғылы тағдырымен тоғыстырып, желілі хикаялар тудырған. Бір ескертетін мәселе — бұл тараптағы жұрт амалдардың атауын зодиак шоқжұлдызының арабша атауларымен атайды. Қысқасы, батыс пен орталықта ай атауы ретінде арабша жұлдыз атаулары қолданылса, шығыс қазақтарында негізінен амал кейіпкерінің есімі жүреді деуге болады.

Мерген және Тауешкі шоқжұлдыздары. Ортағасырлық парсы философиялық трактатынан алынған иллюстрация, 13-ғасыр / Getty Images
Әрине, бауырлас қырғыз, өзбек халықтарында олар мекендеген өңірдің географиялық өзгешеліктеріне байланысты әр айда келетін амалдардың рет-тәртібі, кіру-шығу мерзімдері өзгешелеу. Сонымен бірге амалдарды білдіретін кейіпкерлердің аты да әр алуан, әйткенмен олар туралы айтылатын өлең, бейнелі сюжеттер көбіне ұқсас екені аңғарылады.
Халық түсінігінде амалдар жыл сайын белгілі бір мерзімде ұшырасатын күн райының құбылмалы мезгілдерінде келеді, сол күндері шаруалар алдын ала қам жасап, сақтануы керек, әйтпесе жұтқа ұрынуы ықтимал. Сол себептен халық әр амалға мінездеме беріп, ерекшеліктерін көркем сөзбен кестелеген. Кей мәлімет берушілер 12 айда барлығы 8 амал енеді десе, кей зерттеушілер, нақтырақ айтқанда, ҚХР қазақтары мен қырғыздары 12 айда 24 амал бар деген дерек келтіреді [7; 8].
Этнограф Б.Кәмәләшұлы:
«Отамалы көкек айының 10–15 күндерінде, ал Әз мамырдың 10–15-і, Сәуір мамырдың 20–25-і, Саратан-Зауза маусымның 10–15-і, Ақпан үштің айының 10–15-і, Үт үштің айының 20–25-і, Көкірекшал бірдің айының 10–15-і, Наурыз бірдің айының 20–25-і болмақ. Бұл айлардың атауын қазақтың кей тайпалары мен Қазақстандағы қазақтар арасында келесідей деп түсіну дұрыс: көкек — наурыз, мамыр — көкек, маусым — мамыр, үштің айы — қаңтар, бірдің айы — ақпан. Амалдар басталғанда қазақ халқы күн суытады деп сақтанады» деп жазады [9].
Амалдар — суықта адасып, үсіп өлгендер рухы
Халық осындай амалдардың әрқайсын мифтік кейіпкер ретінде елестетіп, олар туралы әңгіме-аңыздар таратқан. Халықтың ұғымында бұл амалдар — қарлы боран, суықта адасып, үсіп өлгендердің елесі, рухы. Сол жандардың рухы мифтік түсінікке сай құбылып, амалдарға, яғни аяз, суық, дауыл не боранға айналып кеткен. Сол кейіпкерлер жыл сайын белгілі бір маусымда келіп, ауа райы бұзылады деседі.
Амалда келетін әр кейіпкердің өзіне тән монологі, дағдылы серт сөздері болады. Сол сөздер арқылы олар қаһарлы қыстың буырқанған аяз, ызғарын суреттеп, күн райы туралы дабылды ескерту жасап, айбат көрсеткендей болады. Ғасырлар бойы ауызша таралған бұл өлең, тақпақтар ел құлағына әбден үйреншікті болып кеткен. Орталық Азиядағы қазақ, өзбек, башқұрт, қырғыздар арасында бұл машықты сөздердің ширек бөлігі ортақ, ал орманды мекендейтін, аңшылық кәсіппен шұғылданатын Сібір түркілерінде жергілікті аңшылық-балықшылық кәсіпке байланысты біраз өзгешелік бар.
Ақпанның серті қандай?
Ат құлағы көрінбес ақ түтек боранда келетін амалдың бірі — Ақпан. Ақпан амалы — қаңтар айының (ескіше үштің айы) 10–15-і аралығында болатын қаһарлы қыстың сары аяз боранды күндері. «Үштің айы — күштің айы» дейтіні сол.

Қыран құс салып аң ілу. Алтай, қысқы маусым / Getty Images
Ақпан амалын өзбектер Ақпан, Дақпан, башқұрттар Ақпан, Тоқпан деп атайды. Қырғыздар қыс шілдесінің нөкерін Қырлач деп атайды. Бұл атау көне түркілік сипатқа ие, себебі Сібірдегі түркі халықтарында, чуваш, татарларда ұлы Қырлаш, кіші Қырлаш деген ағайындас ай аттары бар. Қырлаш деген сөз түркі тілдерінде «аяз, суық, қырау» деген мағына береді. Ақпан амалының ызғар шашып айтатын мынадай монолог-серті бар:
«Кебенектіні кертемін,
Шекпендіні шертемін,
Ақ тондыдан қорқамын,
Қызыл жұдырық жас баланы қайтемін?!»
Мұнда кебенек деген — жылқышылар киетін, киізден мол етіп тұтас басып істелген арнайы қыстық сырт киім. «Кебенектіні кертемін, шекпендіні шертемін» деп доңайбат көрсеткен Ақпан қойдың терісінен істелген сеңсең «ақ тоннан қорқамын» деп жеңіліс тапқандай болады. Әдетте ақ тон, «қар жауса да тоңбайды бай баласы, үй жылы, киіз тұтқан айналасы» дегендей, аппақ тонын киіп, белін кемер белдікпен буып, буы бұрқырап отырған бағлан мырзаға тән. Кебенек пен шекпен кигендер — далада ақырған аязбен арпалысып мал бағатын қара шаруалар, соларды «кертемін, шертемін» деу арқылы Ақпан «малыңды түгел қырып саламын» дегендей үрей туғызады. Ал омбы қарда алаңсыз ойнап жүрген қызыл жұдырық балақайға «Үсіте салайын ба?» деп сес көрсеткендей болады.

Орал маңындағы жылқышы / Alamy
Ел аузында «Қаңтардың Ақпанға тапсыруы» деген өлеңдер бар:
Ақпанда ақпан алты күн,
Айқайлап соқсаң жеті күн,
Бойшаң қызда бұғақ қалды,
Бой тоқтыда құйрық қалды,
Қырлан, Ақпан, қырлан!
Мұндағы «қырлан» деген сөз — чуваш пен Сібірдегі түркілерде сақталған айдың аты. Бірақ ол халықтарда Қырлаш айының өлеңдері сақталмаған. Қырғыздарда Кырдач — қыс шілдесінің нөкері. Қыстың пірі Шілде жақтас нөкері Қырдачқа қатал талаптар қояды [10]. Оның монологі былай:
Жаным Қырдач қамшылан...
Мал майлы қалды,
Бәрісі жайлы қалды,
Түйе қомды қалды,
Қой жонды қалды,
Бұқа бұлқынып қалды,
Бура жұлқынып қалды,
Қысыр жалды қалды...
Аязға төтеп берген осыларды арықтату керек деп тапсырған қыс Шілдесі «қыз емшекті қалды, боз ұлан боғақты қалды, бой тоқты құйрықты қалды» деп, «бұларға да тізеңді батыр» дегендей үгіт айтады. Аяз бен бораны бет қаратпайтын Ақпанның «семіздің шелін, арықтың терін сыламын» деген серті де бар.
Көшпелі қауымның бозбаласы мен бойжеткені қыс маусымында ала таңнан қара кешке дейін ересектерден қалыспай, «қар төсеніп, мұз жастанып» жүріп мал жайғауда төтенше жігер, қайрат көрсететін. Сондықтан Шілде малшылардың сенімді қолғанаты болған жасөспірімдердің мазасын алып, тұралатып, шаршату керек дейді.

Жюль Мари Кавелье де Кювервилль. Қазақтың жылқышы қызы. 19-ғасырдың аяғы / Bibliothèque nationale de France / Gallica
Өзбектерде «катта Шілде» «кішік Шілдеге» былайша насихат айтқан деседі:
Нар түйенің өркеші қалды, үкәм, аларсың,
Ер жігіттің жүрегі қалды, үкәм, аларсың,
Бой қыздардың білегі қалды, үкәм, аларсың [11].
Кейде Ақпан амалын «Ақпан-Тоқпан» деп қосарлап та айтады. Яғни амалдың екінші бір дәстүрлі атауы — «Екі ағайынды». Қорыта айтқанда, қаңтар айында келетін Ақпан, Дақпан — қазақ, өзбек, башқұрт халық күнтізбесінде кездесетін амал. Оны қырғыздар Шілде мен Кырдач десе, өзбектер ұлы Шілде, кіші Шілде деген. Ал Сібірдегі түркі жұртында аға Кырлач, іні Кырлач — айдың аты [12].
Алтай түріктері «Қаңтардың Ақпанға тапсыруын» «Чагаан ай Кочкор айга айдып жатат» деп біз талдаған өлеңнің алтайлық нұсқасын жариялайды:
Кочкор ай, Кочкор ай,
Кызыр малда каазы калт,
Кыс балдарда эмчек калт!
Соокты тыңытла тыңытiҚошқар ай, қошқар ай, Қысыр малда қазы қалды, Қыз балада емшек қалды, Суықты күшейт, күшейт! !
Жыл сайын оралып соғатын циклдік сипаттағы амалдарға сәйкес кейіпкерлер тобы бар. Сөз өнері арқылы кейінгіге жеткен жолдар шаруашылық-өндірістік әрекеттермен тығыз байланысты болғандықтан, күнқайыру жүйесін әжептәуір өміршең еткен.
Амал мен Хамал бір емес
Көптеген зерттеуші амал деген сөзді «ауа райының амал-айласы» деген мағынада түсіндіріп келді [9]. Сонымен бірге күн райының өзгерісін білдіретін біз талдап отырған амал ұғымын Хамал айымен, яғни «Амал келді, жыл келді» дейтін батыс қазақтарының ұғымымен шатастырады.
Шындығында, амал мен Тоқты шоқжұлдызын белгілейтін Хамал айының ешқандай қатысы жоқ. Қырғыздар амалды «маал» деп атаған. К.Юдахин «Киргизско-русский словарь» сөздігінде «Маал.араб. – Время.момент» деп түсінік берген. Қазақтың жыр-дастандарында «сәске мәл» деген сөз орамы, уақыт ұғымы кездеседі. Мысалы, «Келіппін сексен үшке мәлден өтіп» деген жыр шумағы бар. Бұл туралы Н.Уәлиұлы мұндай сөз орамындағы «мәл» сөзі белгілі бір «кез, шақ» деген мағынада қолданылғанын айтады [14]. «Амал» сөзінің осы мағынасына тоқтауға болады.

Е.Ким. Қазақ тұрмысы. 2019 / www.antika.kz
Түйіндей келе, қазақ шаруалары халықтық болжамдарға сүйене отырып, күйек алу, малды қолайлы мезгілде төлдету, жер жыртып, егін салу, түсім жинау, соғым сою, оны ықтиятпен сақтау секілді шаруашылықтарды ғылыми дәлдікпен жүргізген, ұтымды ұйымдастыра білген. Көшіп-қонудан бастап мал күзету, жолаушылау, тіпті адасқанда жол табуға дейін аспан денелері, ай-жұлдыздардың қозғалысын басшылыққа алып бағытын түзеген. Қадым заманнан бері қалыптасқан табиғат құбылыстары жөніндегі ілім-білімдер мен бағалы тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа фольклор арқылы жетіп отырған.
Әдебиеттер
1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі / Энциклопедия. Ғыл. ред. және жоба жетекшісі — Н.Әлімбай. Алматы, 2017.
2. М.Ысқақов. Халық календары. Алматы: Қазақстан, 1980.
3. Б.Базылхан. Монгол-казах толь (Моңғолша-қазақша сөздiк). Улаанбаатар-Өлгий, 1984 .
4. Т.Алданыш, Р.Шынай. Түс жоритын кітап. Өлгий, 1994.
5. Х.Абишев. Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов. Алма-ата, 1949.
6. Б.Куфтин. Календарь и первобытная астрономия киргиз-казацкаго народа. Москва, 1916.
7. Н.Солтаншәріп. Қазақтың әр айда келетін амалдары. «Ұлттар ынтымағы» журналы, Үрімжі, 1994, N4.
8. М.Өмүрбайуулу. Кыргыз саресепчилиги. Бишкек, 2021.
9. Б.Кәмәләшұлы. Ауа райының қазақи дәстүрлі болжамдары. Алматы: Өнер, 2006.
10. Кыргыздар:он төрт томдук.12 том. – Б.:2011.
11. М.Жураев. Узбек халк таквими ва мифологик афсоналар. Тошкент, 1994.
12. О.Балакина, В.Дедеева. Алтаиские-русские словарь. Горно-Алтайск,2015.
13. Алтай кеп-куучындар. Горно-Алтайск, 1994.
14. Н.Уәлиұлы. Фразеология және тілдік норма. Алматы,1998.
15. Ә.Нұрбаев, А.Тойшанұлы. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы қазақтарына 27.09.2005–18.10.2005 аралығында жүргізген фольклорлық-музыкалық экспедициясы материалынан.
