12 сәуірде Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл күн елімізде тұңғыш университет не тіпті Ғылым академиясы ашылған күнге емес, әлем таныған геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күніне орайластыра белгіленгені де өз алдына бір нышан. Осы орайда Qalam Сәтбаевтың геология ғылымының шеңберінен де алысқа кететін өзге де ғылыми жаңалықтарын бір еске алмақ.
«Буржуа ұлтшылдардың жанашыры»
1951 жылғы 23 қарашада Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бюросы жабық жиын өткізіп, шұғыл шешім шығарып, Қаныш Сәтбаевты Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметінен алып тастайды. Қайта сайланғанына екі-ақ ай өткен президентке «жеке ісіне қосылатын» қатаң ескерту де береді. Қазақстандағы ғылымның басты ұйымдастырушысына тағылған айып — ғылымдағы қызметінің осалдығында емес, бұл жағынан ол басқарып отырған Академия КСРО-да алғашқы орындардың бірін бермей келе жатқан. Гәп басқада еді. «Партияға кірерде шыққан тегін жасырып қалды, өзі редактор болып «Ер Едіге» халық жырын басып шығарғаны қате болды деп мойындамады және ҚазКСР Ғылым академиясын «бөгде элементтермен» былғады» деді олар.
Достардың басқосуы. Солдан оңға қарай: Қаныш Сәтбаев — геолог-ғалым, КСРО ҒА академигі; Мұхтар Әуезов — жазушы; Жұмабек Тәшенов — Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы / ҚР ОМ КФДЖА
Ғалымның ғұмырындағы сол бір ауыр кезеңді жары Таисия Сәтбаева кейін былай деп сипаттайдыi
«Кейінгі екі жылда болған оқиғалардың бәрінен, сенімсіздік, күдік пен күмәннан, сансыз комиссияның бітпейтін тексерістерінен, өзі, туыстары, бала кезінен кейінгі күндерге дейінгі қызметі туралы, академияның өзіндегі де, жекелеген институттардағы да жұмыс туралы, ұлттық кадрлар арасынан академияда істеп жүрген өзінің туыстары-мыс, буржуаз ұлтшыл-мыс, өзінің әлдебір жеке басының қамын күйттеген, өзінің табиғатына жат «лас» тірліктері туралы бітпейтін түсіндірме хаттардан әбден титықтап шаршаған…»
Шын мәнінде, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевқа бірқатар көрнекі ғылым және мәдениет қайраткерін, арасында жазушы Мұхтар Әуезов пен композитор Ахмет Жұбановты да, «ұлтшыл» деп жұмыстан шығарып жіберсін деп тапсырма берілген. Сәтбаев оларды шығармаймын дейді де, көп ұзамай өзіне де «Алаш Орда» партиясын насихаттады деген айып тағылып, Ғылым академиясының президенті қызметінен босатылады.
«Ер Едіге» мен ұлтшылдық ісі
Сәтбаевқа ұлтшыл деп айып тағылғанда, оған басты сылтау — Томск технология университетінде оқып жүрген кезінен жиып-теріп, өзі редакторы болып «Ер Едіге» жырын басып шығарғаны болды.
Бұл іс Совет өкіметі «Алтын Орданы идеал көрді, совет тарихшылары «орыс халқының ата жауы» деп атайтын Едігені мадақтады» деп айыптаған бірқатар көрнекі қазақ ғалымына қарсы сын мен шабуылдың шарықтау шегі болды.
КСРО Жоғарғы кеңесінің делегациясы қатарындағы Қаныш Сәтбаев BBC радиокорпорациясында. 1947 жыл. Лондон / ҚР ОМ КФДЖА
Көп ұзамай Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің атына атақты домалақ арыз жолданады:
«Сәтбаевтың «Едіге» жыры туралы сөйлеген сөзі де, Сәдуақасов пен Асфендияровтың сөздері де сол кезде Ә.Бөкейханов басқарып отырған «Алаш Орда» контрреволюция орталығымен келісіп істелген нәрсе болса керек. Контрреволюционер Бөкейхановтың өзі 1927 жылы Мәскеуде тұрған, орталық «КСРО халықтары баспасында» жұмыс істеген. Сондықтан Едіге туралы жыр да, «23 жоқтау» (яғни реакцияшыл феодолдарды жоқтау) сынды халыққа қарсы кітаптар да, Нысанбайдың Кенесары мен Наурызбай туралы жырлары да сол буржуаз ұлтшылдардың, ең алдымен алашордашылардың басшысы Ә.Бөкейхановтың айрықша жанашырлық танытқаны арқасында шыға алар еді. Едіге туралы кітапқа жазған алғысөзінде Қ.Сәтбаев, ең алдымен «алаш» («Алаш Орда» дегеннің төркіні) сөзіне кеңінен тоқталып, анықтама береді»i
Содан кейін БКП(б) ОК хатшысы Михаил Сусловтың құлағына «Сәтбаев Алтын Орда ханы Едігені — қазақтың бүкіл батыры мен әділ биінің атасы, ал Абылай мен Кенесары — соның ізін жалғаған мирасқорлары деп мадақтап жүр екен» деген сөз жетеді.
КОКП ОК Бас хатшысы Никита Хрущевтің Геология музейіне бас сұққан сәті. Солдан оңға қарай: Қаныш Сәтбаев, Никита Хрущев және Дінмұхамед Қонаев, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы. Алматы, 1961 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
«Ер Едіге» жырына жазған алғысөзінде Қаныш Сәтбаев былай дейдіi
«Кейінгі кезде халықтың жалпы мәдениет деңгейі өзгергеніне орай халықтың ауыз әдебиеті туындыларына немқұрай қарай бастағанымыз, сөйтіп, олар біртіндеп көмескі тартып, жадымыздан өшіп бара жатқаны байқалады. Сондықтан қазір жер-жерде ашылып жатқан өлкетану ұйымдарының міндеті де қазақтың ауыз әдебиеті материалдарын жүйелі түрде жинау мәселесі болса керек. Әйтпесе қазақтар да, татарлар сияқты, келешекте өз әдебиетінің «бастауын» «Орхон жазуларынан» іздеп жүрмесін».
«Әмір Темір тасы»: даланың тарихын өзгерткен жаңалық
Жастайынан Әмір Темір мен Алтын Орда ханы Тоқтамыстың қарсылығында негізгі рөл ойнаған адам — Ер Едіге тарихына қызыққаны Сәтбаевтың тағы бір тосын да айрықша жаңалық ашуына сеп болады. Бұл жолғы жаңалығы металлургия ісінде емес, тарих ғылымында төңкеріс жасайды.
1935 жылы сол кезде КСРО ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының геология-барлау комбинаттарының бірінде бас геолог болып жүрген Қаныш Сәтбаев жергілікті тұрғындардың әңгімесінен қазіргі Ұлытау облысы аумағындағы Алтыншоқының төбесіне үйілген обаның жанында айрықша бір тас бар дегенді естиді. Сөйтіп, даланың ежелгі тарихының білгірі атақты «Әмір Темір тасын» тауып, оның бетінен орта ғасырдағы ұлы жаһангердің атын өзгелерден бұрын оқи алады. Ал жазудың өзін толық тануға ғалымдар әлі де талай жыл жұмсайды.
«Әмір Темірдің тасын» тапқан Қаныш Сәтбаев. 1935 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Сөйтіп, Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы 1391 жылғы жорығы тарихта шынымен болғаны да, жорық жолы Ұлытау тауынан өткені де дәлелденіп, оған Әмір Темірдің Дешті Қыпшақ даласын шапқан жорығын сипаттаған ортағасырлық шежірелердің мәліметі куә болады.
Көне моңғол тіліндегі жазуды түркітанушылар мен лингвистер былай деп оқыған:
«Жеті жүз тоқсан үшінші қой жылының көктемінің ортаңғы айында Тұран сұлтаны Темір-бек үш жүз мыңдық қолын ертіп, бұлғар ханы Тоқтамыс ханға қарсы дін жорығына шыққан. Осы жерге жеткенде ескерткіш болсын деп, осы обаны үйдірген».
Елдің бас археологі
Жалпы, Қазақстанның археология ғылымын қалыптастырып, ежелгі мәдени мұраны сақтауға Сәтбаевтың қосқан үлесі үлкен болғаны сондай — оның есімін еліміздің бас археологтары қатарына қосуға болады. Геологиялық экспедициялар мен зерттеулер барысында ол жартас бетіне салынған суреттер мен мазарлардан бастап көне кен орындары мен жәдігерлерге дейінгі ежелгі заманнан қалған материалдық мәдениетті сипаттап жазып, олардың мерзімін анықтап, тарихи контексін реконструкциялаумен де айналысқан.
Қаныш Сәтбаев Ертіс-Қарағанды каналының картасын қарап отырған бір топ геолог-ғалымдармен бірге. Алматы / ҚР ОМ КФДЖА
Қазақтың атақты археологі әрі өнертанушысы, кезінде Қаныш Сәтбаевтың айтуымен археология бағытына түскен Әлкей Марғұлан былай деп еске аладыi
«Оның назары тас мүсіндерге/бәдіздерге ауатын. Ондай мүсіндер Едіге мен Арғанаты тауының етегінде, Жетіқыз бен Бозай өзендерінің бойында көп ұшырасады. Ол Едіге мен Арғанаты тауының маңын мекендеген ежелгі мүсіншілер қылыш ұстаған мұртты сарбаздардың бейнесін, ал Жетіқыз бен Бозай аңғарларының мүсіншілері сәукеле киген жас әйелдердің мүсінін жасағаны неліктен екен деп ойланатын. Бір жолы Ұлытаудың етегінде Қаныш «Жетіқыздың жағасын зерттеп көрейік. Алтыншоқыға, Усабай қоңына барып қайту керек, онда талай қызық нәрсе шығары анық» дегені бар».
Ол он бес жыл бойы Сәтбаевтың өңірді аралаған экспедициясына еріп жүрген кәрі шопан Жайлаубай Кеңесұлының да сөздерін жазып алыпты.
«Қаныш далада жұмыс істеп жүргенде бәрін: ежелден қалған ғажап ескерткіштерді — қала жұрттарының қойтастарын да, ежелгі суару жүйелерінің орындарын да, жартас бетіне салынған сурет пен жазылған жазуды да, Ұлытау даласында бытырай жатқан тас бәдіздерді де байқайтын. Солардың көбін Қанышпен бірге жүріп қарап шыққанбыз.
«Біз мұнда көргендей ескерткіштерді, — дейтін Қаныш, — тек ежелгі су жүйесі орындарынан, Сырдариядан, Таластан, Шу мен Жетісудан көруге болады. Қазақстанның өзге өңірлерінен көрмейсің. Сірә, Ұлытау маңы бұрын қазақтардың бір мәдени орталығы болса керек. Осының бәрін індете зерттеу керек».
Музыкатанудан математикаға
Қызығы, Қаныш Сәтбаевтың тарихқа, археологияға, қазақтың әдеби дәстүріне деген құмарлығы, сол бағытта жазған сандаған мақала, зерттеу, баяндамасы — оның мол ғылыми мұрасының кішкене бір бөлігі ғана.
1926–1927 жылдары Сәтбаев музыкатанушы, этнолог Александр Затаевичтің өтінішіне жауап қатып, домбыраға қосылып қазақтың бірегей әндерін айтып беріп, «Қазақтың 500 әні мен күйі» деген жинақты шығаруға атсалысқан. Өзі қазақтың ұлттық театры туралы мақалалар жазып, олардың репертуарына халық ауыз әдебиетінің жауһарларын ұсынып, халық аузындағы әндер, соның ішінде Әміре Қашаубаев айтып жүрген әндер туралы да тарихи дерек жинай жүрген. Тіпті қазақ тілінде алгебра оқулығын да жазып үлгерген.
Отбасы ортасында домбыра шерткен Қаныш Сәтбаев. Алматы, 1950 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Студент кезінде жақын досы әрі ұстаз-ағасы қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, «Алаш» қозғалысы көсемдерінің бірі Әлімхан Ермеков болғанын ескерсек, бұл таңғалатын да нәрсе емес шығар. Кейін Ермеков Баянауылға ем алсын деп болашақ академик Михаил Усовты шақырып, сол Сәтбаев пен Усовтың таныстығы Қазақстандағы ғылымның келешегін түбегейлі өзгертеді: Усов айтып, Ермеков қолдап, Сәтбаев Баянауылда халық соты болып жүрген қызметін тастап, Томск технология университетінің тау-кен факультетіне оқуға түсіп, ол жерде көп ұзамай қазақ жерлестер қоғамын басқарады.
Кейін ғалымның студент кезін Әлкей Марғұлан былай деп еске алады:
«Қаныш сабақтан бос уақытын бір-ақ іске — білімін байытуға жұмсайтын. Сондықтан Томск университетінің оқу залынан шықпай, қазақ тарихы туралы еңбектерді жалықпай, қызыға қайта-қайта оқи беретін».
Сонда жүріп, 1924 жылы тау-кен факультетінің студенті Қаныш Сәтбаев қазақ тіліндегі тұңғыш алгебра оқулығын жазады. Әуелде төте жазумен жазылған оқулықты автор кейін латын қарпіне көшіріп, 1 400 бет қылып шығарадыi
Жан жары Таисиямен санаторийде демалып жатқан Қаныш Сәтбаев. Ессентуки, 1949 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Сөйтіп, жас Қаныш Сәтбаев Әлімхан Ермековтің өзінен бөлек, «Алаш» қозғалысының көсемдері Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов және Кәрім Жәленов сынды алгебра оқулығын жазған қазақ авторлары қатарына қосылады.
Ал досы Әлімхан Ермеков тарих беттеріне дарынды математик қана емес, 1920 жылы Лениннің алдына барып, Павлодар, Көкшетау, Семей және Каспий теңізінің жағалауы сынды қазақтың байырғы жерін Қазақ автономиясына тиесілі етіп алып қалған адам болып жазылды.