ЖАҢА ЖАБАЙЫ ЖАНРЛАР

Техносиқыр, зомби, плазмоган және желілік самиздаттың басқа да қызықтары

ЖАҢА ЖАБАЙЫ ЖАНРЛАР

Тата Олейник. Альтраум IV "Көбелектердің иесі" кітабы

Әлем әдебиетінде ешбір әдеби сыншы назар аудармайтын, сыйлықтар, марапаттар берілмейтін, алайда айрықша әсерлі, өн бойына өмір тұнған шығармалар жетерлік. Қазір жазу-сызумен айналысып қағаз шимайлаған немесе пернетақтаны тақылдатуды меңгерген кез келген адам өзінің данышпан туындыларының тағдырын өз қолына ала алды. Баспалардан басын ала қашып, қатал рецензенттердің заставаларын айналып өтіп, интернетке өз бетінше жариялау мүмкіндігі туғалы бері, сөз өнеріне көптеген жаңалық келді.

Соның ішінде атап өтерлігі — керемет соны жанрлар. Қазір қалың оқырманы, іздеушісі бар қандай да бір танымал әдеби платформалардың үздік авторларының көптің назарынан тыс қалдық деп шағым айтар жөні жоқ. Аталмыш желідегі әдебиеттің орыс тіліндегі сегментіндегі жағдай ағылшын тілді авторлардың жағдайынан кем емес. Тіпті ортанқол авторлар да әдеби қызметінен түскен табысына тәп-тәуір өмір сүріп, отбасын асырай алады.

Желідегі әдебиет көбінесе циклдік жүйемен жарияланады. Бір оқиға, әдетте, 5–6 томды қамтиды, 30 том болса да шектеу жоқ. Шығармалар тарау-тараудан жалғасты түрде жүктеліп отырады, (соңында «сатамын» деп жазуды да ұмытпайды). Автор туындысын күнде жарияласа да, анда-санда бір жарқ еткізсе де өз еркі. Оқырман жаңа кітаптың «сатылымына» жазылу үшін ақша төлейді, ал автор мұндай жазылымдардан түскен қаражаттың көп бөлігін иеленеді, өйткені қазірдің өзінде аяқталған, сәтті шыққан кітаптарға көзді ала бере қарақшы («пираттық») сайттар «жеңгелік» жасайды. Ал дайын кітапты автордан тек заңға бағынатын әрі адал оқырман сатып алады. Сонымен бірге оқырман әрқашан «еркін еңбектенсін», «шығармашылыққа деген құштарлығы арта түссін» деп авторға қосымша қаржылай сыйлық та жіберуіне болады.

Орыс тілді платформаларда қазақтың да біраз жазушылары бар, олардың ішіндегі ең танымалы — Данияр Сугралинов, оның ЛитРПГ жанрында жазылған «Дисгардиум» деген көп томдық циклі қалың оқырманның ықыласына бөленуде.

Фанфик

Кез келген әйгілі кітапты, сериалды немесе фильмді өзгертіп, қайта жазу. Мысалы, сізге Джейме мен Серсеяның қайтыс болғаны ұнамайтын шығар? «Хәрри Поттерде» сіз әрқашан тыртығы бар балаға емес, Волен де мортқа көбірек жанашыр болған шығарсыз? Сіз Джейн Остиннің жаңа романын қатты оқығыңыз келеді, бірақ екі жүз жыл бұрын қайтыс болған жазушының алты романнан артық жаза алмай кеткені жаныңызға бата ма? Жарайды, фанфик бұл — «жанкүйерлер (фанаттар) әдебиеті» сіздің кез келген арманыңызды орындай алады. Фанфик шығарма ешкімнен авторлық құқығын алмай-ақ, сюжетке құрмет көрсетпей-ақ, оған қоса грамматикалық, орфографиялық ережеге пысқырмай-ақ жазылады, бірақ ондағы кейіпкерлер әрқашан жүрекке ыстық әрі сүйкімді. Әлемдегі ең танымал фанфик бұл — 1991 жылы Александра Риплидің «Скарлеті» десек асылық болмас. Ол «Жел өтіндегі тағдырлар» шығармасының авторы кейіпкерлеріне қайғыдан қан жұттырып кеткен шешімімен келісе алмады. Сөйтіп, Рипли осы оқиғаның жалғасын ойлап тапты. Иә, әрине, шығарманың әдеби мазмұны быт-шыт болды, бірақ «Жел өтіндегі тағдырларды» оқыған миллиондаған жанкүйерлері «Скарлетті» де жылы қабылдады. Жоқтан жақсы дейміз осындайда.

Не оқуға болады:

1. Веселый Демиург «Игра престолов: Джон Сноу»

2. Добрый Волдеморт «Темный лорд Кассиус Малфой»

3. Zang «Наруто. Кровавые тени войны»

Александра Рипли. "Скарлетт"

Александра Рипли. "Скарлетт"

ЛитРПГ

Кейіпкер компьютерлік ойынға тап болып, сол жерде өмір сүреді. Кейде ол ойыннан шыға алмайды, өйткені айықпас дертке ұшыраған және тіршілікті қамтамасыз ету камерасында ғана тіршілік ете алады, сондықтан бұл ойын оның медициналық шығындарын төлеудің жалғыз мүмкіндігі болып табылады. Кейде ойыншылар бағдарламаның бұзылуына байланысты ойыннан шыға алмай қалып қояды. Ал енді бірде кейіпкерлер ойын жазасына ұшырап, қайта тәрбиеленуі керек тұтқынға айналады. Алайда көптеген Әдеби РО-да кейіпкер ойыннан шыға алады, бірақ ол кезде ойынның қызығы қалмайды. Қалай болғанда да қылышты қолға алып, сиқырлы таяқшаны ауызға қыстырып, айдаһарлармен айқасуға алға ұмтылу керек! Бірақ алдымен жаттығу керек, деңгейден деңгейге өтіп, күш-қуат пен ақыл-ойды арттыру керек, жаңа жауынгерлік техникалар мен сиқырлауды үйрену, ақша мен кейіпкердің параметрлерінің өсуін көрсететін сандар жазылған парақтары бар құрал-жабдықтарды алу — мұның бәрі ойынның маңызды бөлігі. Компьютер ойындарының әлемінен алыс адамға мұның бәрі бос сандырақ сияқты көрінуі мүмкін, әсіресе, Әдеби РО жанрындағы кітаптар «нубка тимедым, сосын критануть етп жбердм да лутануть етвалдым» деген сияқты ойын жаргондарына толы, бірақ бұл жанрға бұған құмар ойыншылар қатты қуанады.

Не оқуға болады:

1. Дем Михайлов «Вальдира».

2. Данияр Сугралинов «Дисгардиум».

3. Тата Олейник «Альтраум».

Данияр Сугралинов. «Дисгардиум».

Данияр Сугралинов. «Дисгардиум».

РеалРПГ

ЛитРПГ-ге өте ұқсас, бірақ бір айырмашылығы бар. Егер ЛитРПГ-де кейіпкер ойын әлеміне келсе, онда РеалРПГ-де ойын адамдарға келеді. Барлығы шырт ұйқыда жатқанда, кенет аспан жақтан портал ашылады, сол жерден құбыжықтар түсіп, халықтың тоқсан пайызы аш-жалмауыз зомбиге айналады. Жүйе әлеміне қош келдіңіз, құрметті нөлдік деңгейдегі сиқыршы! Тоңазытқышты абайлап ашыңыз, онда улы гиенопаук тұр, ал жуынатын бөлмеде кем дегенде бесінші деңгейге жетіп, «отты шар» сиқырлы әдісін үйренгенге дейін бас тартпаған дұрыс... Жалпы, ойындағы өмірдің сипаттамасы бірдей, бірақ мұнда шынайы өмір! РеалРПГ-де әдетте ЛитРПГ-ге қарағанда қан мен қатыгездік көп, бірақ ешқандай ережеге бағынбайды.

Не оқуға болады:

1. Артем Каменистый «Альфа»

2. Т.А. Айтбаев «Охотник»

3. Олег Сапфир «Идеальный мир для социопата»

Артем Каменистый. «Альфа нөл».

Артем Каменистый. «Альфа нөл».

Исекай

Әдебиетке айналып кеткен жапондық манга мен аниме жанры. Мұнда кейіпкер үнемі басқа әлемге көшіріледі. Мысалы, оны жүк көлігі қағып кеткеннен кейін делік немесе бір күні ол денесі жатғаламдықтікіне, ақылы кіресілі-шығасылы күйде оянады. Әлем, әрине, сиқырлы немесе технологиялық болып шығады, кейіпкер барлық таңғажайып қабілеттерді ашады, дос табады, жаулармен күреседі, бәрі әдеттегідей. Жанрдың ерекшелігі — оның жапондық мәнерде жазылуы.

Не оқуға болады:

1. Аби Зулхарнай-Даулен «Наруто — синие капли».

2. Кирико Кири «Мир, в котором мне не рады».

3. Николай Метельский «Маска».

Николай Метельский. «Маска».

Николай Метельский. «Маска».

Боярьаниме

Орыстілді ортаның өз жанры бар, ол — боярьаниме. Мұнда кейіпкер әуелден Ресей империясының параллельді нұсқасында дүниеге келеді немесе сол заманға өтіп кетеді. Бұл — сиқыр әлемі, стеймпанк, дирижабльдер, кринолиндер, лазерлер, иә, тек бұл параллель өмір. Оның туған руы — Тоқтамыс хан, Волконский князьдері, Мазепаның гетманы немесе Шереметьев графтарының кейбірімен күреседі, ал біздің кейіпкеріміз әлі де үйреніп, жетіліп келе жатқан жасөспірім — сиқырлау, көзден инфрақызыл бомбалар ату, чи энергиясын үнемдеу және ұшақтарды жөндеуді меңгереді. Сол үшін ол мектепке барады, онда қандықол жауларымен бір партада отырады, олардан қысым көреді, тығырыққа тіреледі, бірақ ол ақырында бәрін еңсеріп, жеңіп шығады... Шамамен осылай.

Не оқуға болады:

1. Василий Маханенко «Смертник из рода Валевских».

2. Иван Шаман «Граф Суворов».

3. Дмитрий Дорничев «Пришествие бога смерти».

Василий Маханенко. "Валевский руынан шыққан жанкешті".

Василий Маханенко. "Валевский руынан шыққан жанкешті".

Постапок

Бұл постапокалипсис деген сөздің қысқарған түрі. Бұл жанрдағы әдепкі сюжеттер мынадай: әлем апаттан аман қалады, қалалар қирауда, мутант егеуқұйрықтар жертөлелерде айқай салып жатады, адам, сонымен қатар андроидтар, ақылды қолтырауындар немесе жатғаламдық мақұлұқтар жүреді. Бұлардың бәрі бір-біріне — дұшпан. Біз кейіпкерімізді осы иерархияның ең төменгі сатысында үміті үзілген күйде табамыз, бірақ от, су, қан, мазут және цифрлы галлюцинациялардан өткеннен кейін ол өзінің адал плазмоганымен күн астындағы орнын қайта іздейді.

Не оқуға болады:

1. Сергей Греков «Последняя Арена»

2. Александр Кронос «Аутем»

3. Ринат Тактарин S-T-I-K-S

Сергей Греков. "Соңғы Арена".

Сергей Греков. "Соңғы Арена".

Академка

Бұл негізінен әйелдер мен жасөспірімдер жанры болып саналса да, академкалар кең танымал. (Айталық, әйгілі «Сумерки» — классикалық үлгідегі академка.) ...Мектепте оқитын келбетті кейіпкер (сиқыр мектебі ме, қыздар институты ма, ғарыш қарақшылары колледжі ме — маңызды емес), оның да жауласпаққа бейім дұшпандары көп болады. Содан кейін планетаның тақ мұрагері, жоғарғы эльф, құпия қасқыр, вампир, үлкен кактус, жалпы, кейіпкер қызықты, жұмбақ және сыртқы жағынан керемет тартымды болуы тиіс. Ол алдымен кейіпкерге жаман қарайды немесе оған жаман болып көрінді, бірақ іс жүзінде ол оны қауіптен қорғайды немесе алдымен ол шынымен жаман болды, бірақ содан кейін ойланып, ойын өзгертеді дегендей... Кейіпкер мен басты зұлым арасындағы махаббат-жеккөрушілік шығарманың көп бөлігін алады, ал қалғанын әділетсіз мұғалімдер, сабақтар, киімдер мен сиқырлы билерді сипаттайды. Әдетте мұндай шығарма қыздарға ұнайды. Ересек қыздарға да ұнауы мүмкін.

Не оқуға болады:

1. Ольга Хусаинова «Академия зла»

2. Дарья Гусина «Ведьмочка в пролете»

3. Светлана Нарватова «Зачет по тварезнанию»

Светлана Нарватова. "Мақұлықтану сынағы".

Светлана Нарватова. "Мақұлықтану сынағы".

Гаремник

Бұл жеке жанр емес, құрама жанр. Мұнда бір батыр жігіт және оның назарын аудару үшін күресетін бірнеше сұлу қыздар жүреді. Көбінесе гаремникте ашықтан-ашық эротикамен жазыла береді, бірақ аса зияны болмайды. Аталған шығармалар бір-ақ жанрға негізделмейді, әдетте кітап «Боярьаниме, реалРПГ, гаремник» немесе «Постапок, гаремник, 18+» деп белгіленеді және бәрі де түсінікті.

Не оқуға болады:

1. Евгений Алексеев «Старшая школа Гакко»

2. Сергей Ефанов «Псимаг»

3. Сергей Карелин, Кай Ханси «Вечная война»

Сергей Ефанов. "Псимаг".

Сергей Ефанов. "Псимаг".