ОРТАҒАСЫРЛЫҚ БАҒДАТТАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

Неліктен Бағдат халқы жаңа жылды бірнеше мәрте тойлаған?

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ БАҒДАТТАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

Бағдаттағы әл-Кадимия мешіті. Дүниежүзілік тур, 4 том. 1 шілде, 1861 жыл/Wikimedia Commons

Әр елдің салты басқа. Сондықтан әр аймақтың жаңа жылы әртүрлі уақытта келеді әрі тойлау әдебі де бір-бірінен қатты айрықшаланады. Дегенмен заманауи әлемде жаңа жыл мерекесі, негізінен григориан күнтізбесі бойынша, жылдың алғашқы күнімен сәйкес келеді. Дегенмен Жер бетіндегі миллиардтаған адам жаңа жылды ай немесе ай-күндік күнтізбеге сәйкес, мүлдем бөлек уақытта тойлайтынын да атап өткен жөн. 

Олай болса, орта ғасырлық әлемдегі полиэтникалық және көп конфессионалдық алып шаһар Бағдатта жаңа жыл қалай тойланғаны жөнінде әңгіме өрбітейік.

Шынтуайтында григориандық Жаңа жыл біздің заманауи түсінігімізде – ең алдымен, постсоциалистік кеңістікте әсіре танымал болған айрықша мереке. Ал христиандық әлемде (мұны тобырлық мәдениеттің көптеген мысалдарынан көріп отырмыз) негізінен Рождество мерекесі көп атап өтіледі. Мерекенің танымал боуына жаһандану маңызды рөлдердің бірін атқарды. Орта ғасырларда қауымдар арасындағы байланыс әлсіз еді, сәйкесінше жергілікті дәстүрлер мен мейрамдардың салмағы басым болатын. Сол Еуропада да ол заманда бұл өз әулие-әмбиелерін құрметтеудің бір көрінісі еді.

Бағдаттағы Жолбарыс өзені. Солтүстік Иранның Ширван (Самаха) қаласында жасалған әртүрлі авторлардың антологиясынан. 1468 жыл/Wikimedia Commons

Бағдаттағы Жолбарыс өзені. Солтүстік Иранның Ширван (Самаха) қаласында жасалған әртүрлі авторлардың антологиясынан. 1468 жыл/Wikimedia Commons

Жалпы алғанда ортағасырдағы Таяу Шығыс пен Бағдат қаласы, үлкен аймақта мұсылмандар, христиандар мен иудейлер қатар өмір сүруімен тартымды көрінеді. Бұл тұста біз дінге қатысты бөліністі ғана айтып тұрмыз. Ал онда мекен еткен халықтардың алуандығына келер болсақ, үшеуден көп болғаны анық. Айталық алып шаһарда арабтар, еврейлер, гректер, сириялықтар, коптар, парсылар мен өзге де басқа халық өкілдері өмір сүрген. 8-10 ғасыр аралығында Араб халифатының астанасы болған Бағдат аталған барлық халықтар мен діндердің басын қосты. Бұл тұрғыдан орта ғасырлық Бағдат ерекше жаһанданған ортаның жарқын үлгісі болды. Мәселен, орта ғасырда Бағдатта мұсылмандар христиандардың мерекелеріне, ал зороастризмді ұстанатындар мұсылмандардың мерекесіне емін-еркін қатысып жүре берген. Бұл қағидат жаңа жылға қатысты да қолданылған. Сондықтан ортағасырлық қарапайым бағдаттық бір жылда үш бірдей жаңа жылды тойлаған болуы да бек-мүмкін.

Май жасап тұрған несториандық христиан (ассириялық) отбасы, Мавана, Парсы мемлекеті. Несториандықтар  ортағасырлық Бағдатта тұрды/Wikimedia Commons

Май жасап тұрған несториандық христиан (ассириялық) отбасы, Мавана, Парсы мемлекеті. Несториандықтар ортағасырлық Бағдатта тұрды/Wikimedia Commons

Құдды бір өмірді одан әрмен алуантүрлі ету үшін осы бір жаңа жыл мерекесінің біреуін Бағдаттықтар арнайы әр түрлі уақытта тойлағандай көрінеді. Мұнда біз мұсылмандардың жаңа жылын айтып отырмыз. Мұсылмандардың күнтізбесі күнге емес, айдың қозғалысына сай құрылғандықтан, олардың ай күндері қысқа келеді. Сондықтан олардың жаңа жылы әртүрлі күнге түсіп отырады. Дегенмен мұсылмандар үшін жаңа жыл қастерлі мереке емес екенін де атап өткен жөн.

Мақамат әл-Харири. Суретші Абу Зайд ас-Саруджи. Рамазан айының соңындағы шеру. 1237 жыл/Bibliothèque nationale de France/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Мақамат әл-Харири. Суретші Абу Зайд ас-Саруджи. Рамазан айының соңындағы шеру. 1237 жыл/Bibliothèque nationale de France/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Бағдаттағы екінші мәрте тойланатын жаңа жыл парсылық Наурыз мерекесі болған. Уақыт өте келе сириялықтардың жаңа жылымен сәйкес (21-22 наурыздағы күн мен түннің теңелген уақыты) келетін аталған мереке түркі әлеміне де тараған.

Мырза Әл Насыр Д. Халили. Наурыз мейрамына дайындық/Wikimedia Commons

Мырза Әл Насыр Д. Халили. Наурыз мейрамына дайындық/Wikimedia Commons

Ал тамыз айының аяғына қарай Бағдатта коптардың (мысырлық христиандарды коптар деп атайды) жаңа жылы тойланған. Дегенмен коптардың саны Бағдаттан гөрі, Мысырда көп болғанына қарамастан, аталған мереке бұл жақта да тойланған. Айтпақшы, коптардың жаңа жылының атауы парсылардың Наурыз атауына ұқсас келеді. Парсылар мен коптарда мереке кезінде жұрттардың бір-біріне су шашу жоралғысы болған. Дегенмен аталған жоралғыны Шығыста ислам дініне қайшы келеді деп тыйым салуға тырысқанымен, халық қарсы тұрған. Аталған жоралғы кезінде адамдар бір-біріне қолмен я күміс немесе жез түтіктермен су шашқан. Халықтың түсінігінде су бүкіл ауру-сырқауды жояды деп сенген.

Мақамат әл-Харири. Әбу Зәйд пен оның тыңдаушылары Бағдаттағы мәдени бас қосуда. 1237 жыл/Bibliothèque nationale de France/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Мақамат әл-Харири. Әбу Зәйд пен оның тыңдаушылары Бағдаттағы мәдени бас қосуда. 1237 жыл/Bibliothèque nationale de France/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Аталған мерекенің бәрі мемлекеттік мейрамдар саналған. Мәселен, бізге дейін Халифтің түрлі «жаңа жылдарды» тойлауға бөлінген қаражатты көрсететін құжаттары жеткен. Мереке күндері жұрт арасында бір-біріне сыйлық беру әдебі қалыптасқан. Ел астанасында исламдық Жаңа жылға дейін халифтер амбрадан жасалған, айталық, қызыл раушан секілді түрлі бұйымдарды сыйлық етіп таратқан.

Ирақтың Бағдат қаласындағы базар өмірі. Әл-Харири мақаматынан/Photo by Culture Club/Getty Images

Ирақтың Бағдат қаласындағы базар өмірі. Әл-Харири мақаматынан/Photo by Culture Club/Getty Images

Оңтүстік Арабияда өндірілген амбраның жоғары сорты, хош иісі үшін қымбат бағаланып, қымбат материал саналған. Бертін келе билеушілердің сыйлық тарату салты Бағдаттан тысқары аймақтарда да кең етек алды. Айталық, Бұқарада Саманилер (875—999) әскеріне жазғы киім-кешегінің құнын төлесе, Мысырдағы Фатимилер (909—1171) өз халқына көйлектер мен азық-түлік таратқан. Сарай қызметкерлері мен шенеуніктері бір-бірімен сыйлық алмасып, халифке арнайы сый-сияпат беріп отырған.

Мерекедегі көрініс, «Хафиз лирикасынан» сурет,  Парсы мемлекеті, 16 ғасыр/DeAgostini/Getty Images

Мерекедегі көрініс, «Хафиз лирикасынан» сурет, Парсы мемлекеті, 16 ғасыр/DeAgostini/Getty Images

Сондай-ақ Бағдатта, халиф алдында маскалы көрсетілімдер де ұйымдастырылған. Өз кезегінде билеушілер әртістерге ақша шашып отырған. Бірде әртістердің бірі билеушінің мерекеде киетін киімінің етегінің астына түскен алтын теңгені алуға ұмсынған көрінеді. Содан бері маска киген әртістердің халифтің жанына жақын келуі қауіпті деп саналып, билеушілер көрілімді биік мінберден тамашалайтын болған.

Осы бір мерекелерді жаппай тойлау кезінде жұрт шарап пен сыра сынды алкогольді сусындарды ішкен. Осы тұста Бағдат егіншілік өркениеттің орталығы болғанын естен шығармаған жөн.

Той. Әл-Хариридің мақамасы. Шамамен 1225-35/Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Той. Әл-Хариридің мақамасы. Шамамен 1225-35/Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Қазіргі уақытта біз үшін жаңа жылмен тұспа-тұс келетін желтоқсан-қаңтар айына оралар болсақ, ортағасырлық Бағдатта бұл уақытта мүлдем басқа мерекелер тойланған. Зороастризмді ұстанатын парсылар Ша́б-е Я́лда (21-22 желтоқсанда) деп аталатын күннің тоқырауын тойлаған. Осы тұста дәл осы мереке заманауи Жаңа жылға ұқсайтынын тілге тиек еткен жөн. Аталған мереке кезінде жұрт үйін жинап, кілемдерін тазалап, керек-жарақтары мен киімдерінің басым бөлігін жуатын болған. Мереке кезінде отбасы түрлі жеміс-жидек (қарбыз, анар) пен жаңғақ қойылған дастархан басына жиналып, ас ішкен. Осы жоралғының бәрі кешке орындалған және бұл түні ұйықтауға тиым салынған. Өйткені жылдың ең ұзақ түнінде зұлым күштер адам ішіне кіріп кетуі мүмкін деп саналған.