ӘЙЕЛДІҢ ҚҰҚЫҒЫ, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ПЕН ҚАРЫЗДАҒЫ ҚҰЛДЫҚ ТУРАЛЫ

Саяхатшы әйел Мари Уйфалви-Бурдонның жазбалары

ӘЙЕЛДІҢ ҚҰҚЫҒЫ, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ПЕН ҚАРЫЗДАҒЫ ҚҰЛДЫҚ ТУРАЛЫ

Л.К. Полторацкая. Семей губерниясындағы қазақтар. 1870-ші жылдар/Wikimedia Commons

Ежелгі салт-дәстүрлердің бесігі, әртүрлі идеологиялар, мәдениет пен наным-сенімдер тоғысқан мекен — Орталық Азия ертеден алыс-жақыннан жол арылтып келген саяхатшылардың қиялына қанат бітірген. Саяхатшылар өздерінің жарқын жазбалары мен ой-толғамдарында бұл аймақтың шулы базарын, көшпелі өмір салты мен мәңгілік мәдени мұрасын риясыз жазып, сол әлемге сүңгіді. Бұл серияда Qalam әртүрлі дәуірлерді қамтитын және аймақтың санқилы болмысын ашатын әңгімелер мен естеліктерден үзінділер ұсынады. 

 

Бүгін біз сіздерге әйгілі француз саяхатшысы Мари Уйфальви-Бурдонның қазақтар, қырғыздар және сарттар туралы жазбаларын ұсынамыз.

Әйгілі француз зерттеушісі және саяхатшысы Мари Уйфальви-Бурдон (1842–1904) өзінің жолдасы, әйгілі француз-венгр этнографы Шарль Эжен Уйфальви де Мезоковездпен (1842–1904) бірге 1876–1878 жылдары Сібір мен Орта Азияға жасаған француздың ұлы экспедициясының мүшесі болды. Ол өзінің жазбаларын 1880 жылы «Парижден Самарқандқа, Ферғанаға, Құлжаға және Батыс Сібірге дейін. Париж әйелінің саяхаттан алған әсері» (De Paris à Samarkand, le Ferghanah, le Kouldja et la Sibérie Occidentale: Impressions de Voyage d'une Parisienne) атты әйгілі кітабында жариялады.

Кітапта жергілікті тұрғындардың өмір салты мен әйелдердің жағдайына қатысты көптеген қызық бақылаулар бар. Алайда алғашқы ақпаратқа қарамастан, кітап сол кезеңдегі орыс және еуропалық этнографияға тән таптаурындар мен жаңылысқа толы. Мысалы, оның баяндауларында қазақтар жиі қырғыздармен араласып кетеді, кейде Жетісудағы қырғыздары (қара қырғыздар) қазақтың құрамындағы үш жүзбен және Бөкей ордасымен қатар аталады. Саяхатшы:

Біріншісін қырғыздар, ал қалғандарын казактар немесе қайзақтар деп атайды. Алайда олар бір халық. Олар бір тілде сөйлейді, дене бітімдері бір, әдет-ғұрыптары, дәстүрлері, тіпті ырымдары да бір. «Қара-қырғыздар — тау көшпенділері, қалғандары — дала көшпенділері», – деп жазады.

Шарль Эжен Уйфальви де Мезоковезд (1842–1904). Түркістандағы сарт әйелдер, 1877–1880 / gallica.bnf.fr/Bibliothèque Nationale de France

Шарль Эжен Уйфальви де Мезоковезд (1842–1904). Түркістандағы сарт әйелдер, 1877–1880 / gallica.bnf.fr/Bibliothèque Nationale de France

Ол жергілікті отбасылардағы «гендерлік тепе-теңдікті» мысқылмен суреттейді:

Көшпелі қазақтардаiтүпнұсқада «les Kirghises» әйелдер бәрін жасайды, тіпті жылқыға да қарайды, ал еркектер шетте демалып жатады. Нағыз тепе-теңдік саясаты. Өйткені үй шаруасы осылайша өз орнында болады ғой. Біреуінің құқығы бар, ал екіншісінің міндеті болған кезде үйде жанжал болуы мүмкін бе? 

Ал сарттарда (Орталық Азия қалаларының тұрғындары) бәрі керісінше. Онда әйелдер тек сырт келбетіне мән беріп, үй шаруасымен айналыспайды. Күйеулері үй қызметшісі сияқты: еден сыпырады, кесте тігеді, тігінмен айналысады.

Ол сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне де тоқталды:

Менің байқағаным, мұнда ер адамдар әйелін өлтіруден басқаның бәрін жасауға құқылы. Әйелдерді ұрудың еш әбестігі жоқ деп саналады, бұл кейде тіпті сезімді жылытатын сүйіспеншілік әрекеті ретінде қаралады. Ал орыс шаруаларының арасында әйелі күйеуі өзін соққығы жықпайынша, оның жақсы көретініне сенбейді. Бұл талғамға талас жоқ демей немене?

Эмиль Баярд. Гравюра. Кедей қазақтар мен бай қазақтар. «Парижден Самарқанға, Ферғанаға, Құлжаға және Батыс Сібірге. Париж әйелінің саяхаттан алған әсері» кітабындағы сурет (1880). Мари де Уйфальви-Бурдон. Эдуард Шартонның жетекшілігімен 1876-1878 жылдар аралығында өткен «Әлем турынан» /Bibliotheque nationale de France

Эмиль Баярд. Гравюра. Кедей қазақтар мен бай қазақтар. «Парижден Самарқанға, Ферғанаға, Құлжаға және Батыс Сібірге. Париж әйелінің саяхаттан алған әсері» кітабындағы сурет (1880). Мари де Уйфальви-Бурдон. Эдуард Шартонның жетекшілігімен 1876-1878 жылдар аралығында өткен «Әлем турынан» /Bibliotheque nationale de France

Ол әлеуметтік теңсіздікті де назардан тыс қалдырмайды:

Бай қазақтар жарлы қазақтардан әуелі киімімен ерекшеленеді: олар тазарақ және әдемірек келеді. Көбіне өсімқорлықпен айналысатын байлар байлығын арттырудың біршама тапқыр жолын ойлап тапқан. Мысалы, олар кедейге он қой береді, бірақ бір жылдан кейін қарыз алушы несие берушіге жиырма қой, екінші жылы — қырық, үшінші жылы — сексен қой қарыз болып қалады. Кедей қарызын өтей алмайтын күйге түскенге дейін солай болады. Сосын бай несие беруші борышкерді оның қарыз сомасына сәйкес мерзімге өзіне жұмысқа алады. Осылайша заң жүзінде тыйым салынған құлдық іс жүзінде жасырын түрде өркендей бастайды. Рим құқығын шебер пайдалану осы болса керек!