Автономиядан одақтық мәртебеге дейін

Алаштан кейінгі айқас: қазақ қайраткерлері ұлттық мемлекеттілікке қалай ұмтылды?

~ 13 мин оқу
Автономиядан одақтық мәртебеге дейін

Коллаж / Qalam

Биыл Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының КСРО құрамындағы одақтас республика болып қайта құрылғанына 90 жыл толады. 1936 жылғы 5 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы — қазақ мемлекеттілігінің екі мың жылдық тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық белес әрі Қазақстанның болашақ тәуелсіздігіне негіз қалаған тарихи оқиға. Алайда бұл тағдыршешті өзгерістің алғышарты 1920 жылдардың басында, Орталық Азияда ұлттық-аумақтық межелеу жүргізілген тұста-ақ қалыптаса бастаған еді. Сол кездің өзінде қазақ қайраткерлері Қазақстанға одақтас республика мәртебесін беруді талап етті. 

Тарихшы Сәбит Шілдебай арнайы Qalam үшін жазған мақаласында ұлттық мемлекеттілікті жақтаушылар мен кеңестік орталықтандыру саясатын қолдаушылар арасындағы тартысты, сондай-ақ жарияланған федеративтік құқықтар мен партиялық-мемлекеттік өктемдіктің іс жүзіндегі тетіктері арасындағы қайшылықты талдайды.

Совет одағын құрудың тарихи алғышарттары

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін бұрынғы Ресей империясының шет аймақтарында ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыруға бағытталған қозғалыстар едәуір жанданды. Олардың саяси талаптары ұлттық-мәдени және аумақтық автономия алудан бастап дербес мемлекет құруға дейінгі мәселелерді қамтыды. Большевиктер үкіметі 1917 жылғы 15 қарашада (ескі күнтізбемен 2 қараша) қабылдаған «Ресей халықтары құқықтарының декларациясында» халықтардың теңдігі мен егемендігі, сондай-ақ олардың өзін-өзі билеп, бөлініп шығуға және тәуелсіз мемлекеттер құруға құқығы жарияланды. Алайда бұл декларация қабылданғанға дейін-ақ өріс алған ұлттық қозғалыстардың барысы революцияның, Бірінші дүниежүзілік соғыстың және бұрынғы империялық құрылымдар ыдырауының ықпалымен айқындалды.

«Ресей халықтары құқықтарының декларациясы». 1917 жылғы 15 қарашадағы құжаттан үзінді / Wikimedia Commons

«Ресей халықтары құқықтарының декларациясы». 1917 жылғы 15 қарашадағы құжаттан үзінді / Wikimedia Commons

1922 жылы жаңа мемлекеттік бірлестіктің жобасын әзірлеу барысында Владимир Ленин мен Иосиф Сталин арасындағы түбегейлі пікір қайшылықтары байқалды. Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталин тәуелсіз кеңестік республикалардың Ресей кеңестік федеративтік социалистік республикасы (РКФСР) құрамына автономиялық республикалар құқығында кіруін көздейтін «автономияландыру» деп аталатын жобаны ұсындыiГросул В.Я. Образования СССР (1917–1924). — Москва: Издательство ИТРК, 2007. – C. 75. . Мұндай үлгі бірлестіктегі Ресей Федерациясының жетекші мемлекеттік-құқықтық рөлін іс жүзінде орнықтырар еді.

Ленин бұл үлгіге қарсы шығып, кеңестік республикалардың бірігуін формалды теңқұқықтылық қағидаттары негізінде рәсімдеу қажет деп есептеді. 1922 жылғы қыркүйекте ол РКФСР басқа кеңестік республикалармен тең негізде кіруге тиіс болатын жаңа одақтық мемлекет — «Еуропа және Азия Советтік Республикаларының Одағын» құруды ұсындыiСонда, 83-б. . Кейіннен бұл тұжырымдама республикаларды біртұтас федеративтік мемлекет шеңберінде біріктіруді көздеген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының жобасында одан әрі дамыдыiСонда, 89–90-б. .

КСРО-ның құрылуы және оның алғашқы Конституциясы

1922 жылы 30 желтоқсанда осы мақсатта өткізілген Кеңестердің бүкілодақтық І съезінде Ресей КФСР, Украина КСР, Беларусь КСР және Закавказье КФСР өкілдері КСРО-ны құру туралы декларация мен Одақтық шартқа қол қойдыiГА РФ. Ф. Р-3316. Оп. 1. Д. 4. Л. 42-46. . Осылайша, әлем картасында географиялық орналасуы мен ұлты атауында көрсетілмеген жаңа мемлекет пайда болды.

Степан Дудник. «Кеңестердің Бүкілодақтық I съезінде КСРО-ны құру туралы шартқа қол қою». 1953 жыл / Wikimedia Commons

Степан Дудник. «Кеңестердің Бүкілодақтық I съезінде КСРО-ны құру туралы шартқа қол қою». 1953 жыл / Wikimedia Commons

Ленин КСРО-ны бүкіләлемдік біртұтас социалистік мемлекеттің бастамасы ретінде бағалап, революция өрістеген сайын бұл одаққа жаңа кеңестік социалистік республикалар қосылып отырады деп есептеді. Шартқа РКФСР үшін қол қойған 24 өкілетті өкілдің бірі — Кеңестік Қазақ республикасының (1925 жылға дейін республика орыс тілінде Қырғыз республикасы аталып келді) басшысы Сейітқали Меңдешев болдыiСонда, 46-п. .

1924 жылғы 31 қаңтарда КСРО Кеңестерінің II съезі елдің алғашқы Конституциясын бірауыздан қабылдап, КСРО-ның біртұтас мемлекет ретінде құқықтық тұрғыдан рәсімдеуді аяқтадыiКонституция (основной закон) Союза Советских Социалистических Республик. 2-ое дополненное издание. — М.: Юриздат Наркомюста РСФСР, 1925. — С. 3-5. .

Қазақ АКСР-інің алғашқы Конституциялық құжаттары

Қазақ АКСР-інің мемлекеттік құрылым ретінде даму барысында екі конституциялық құжат қабылданды. Оның біріншісі — Қырғыз (Қазақ) Кеңестерінің Құрылтай съезінің 1920 жылғы 6 қазанда көпшілік делегаттар қабылдағанiУчредительный съезд Советов Киргизской (Казакской) АССР. 4–12 октября 1920 г. Протоколы. / Под ред. и со вступ.стат. Е.Г.Федорова. — Алма-Ата–Москва: Казакстанское краевое издательство, 1936. – С. 32. «ҚКСРiҚұжатта осылай жазылған, ҚАКСР деп оқыған дұрыс. еңбекшілері құқығының декларациясы»iУчредительный съезд Советов Киргизской (Казакской) АССР. 4–12 октября 1920 г. Протоколы. / Под ред. и со вступ.стат. Е.Г. Федорова. — Алма-Ата–Москва: Казакстанское краевое издательство, 1936. – С. 85–88. болды. Съезд ҚАКСР-ды жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің республикасы ретінде бекітті.

Ал екіншісі — 1918 жылғы РКФСР Конституциясының негізінде 1920–1923 жылдары дайындалып, 1924 жылдың 4–10 қаңтарындағы Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің төртінші съезінде қабылданғанiСъезды Советов Союза ССР, Союзных и Автономных Советских Социалистических республик. 1917–1937 гг.: Сборник документов в семи томах. Т. 4, часть 1. — Москва: Госиздат юридлит, 1962. — С. 745–749. «ҚАКСР Конституциясының жобасы» еді. Съезд қаулысында: «жалпы бекітілсін және аяғына дейін редакциялап, Бүкілодақтық орталық атқару комитеті (БОАК) бекітуіне ұсыну ҚазОАК-іне тапсырылсын»iСъезды Советов Союза ССР, Союзных и Автономных Советских Социалистических республик. 1917–1937 гг.: Сборник документов в семи томах. Т. 4, часть 1. — Москва: Госиздат юридлит, 1962. – С. 749. деген шешім қабылданды. Бірақ 1923 жылғы 6 шілдеде қабылданыпiКонституция и конституционные акты РСФСР (1918–1937) / Сб. док. под общей ред. академика А.Я. Вышинского. — Москва: Издательство «Ведомостей Верховного Совета РСФСР», 1940. — С. 150. , 1924 жылғы 31 қаңтарда бекітілген КСРО Конституциясына сәйкес, барлық одақтас республикалар өз Конституцияларын жаңа одақтық заңға сәйкестендіріп өзгертуге міндеттелдіiСонда, 171-б. .

«Шығыс елдерінің езгідегі еңбекшілерінің социализм жолындағы күресте дүниежүзі жұмысшыларымен бірлігі жасасын!» Советтік үгіт плакаты / Wikimedia Commons

«Шығыс елдерінің езгідегі еңбекшілерінің социализм жолындағы күресте дүниежүзі жұмысшыларымен бірлігі жасасын!» Советтік үгіт плакаты / Wikimedia Commons

Осыған байланысты 1924 жылғы 29 қаңтарда РКФСР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы қаулы қабылдандыiСонда, 150-б. . Ал 1925 жылғы 11 мамырда РКФСР жаңа Конституциясының бекітілуіне байланыстыiСонда, 162-б. Сонда 162–171-б. БОАК Қазақ АКСР Конституциясының жобасын қараусыз қалдырды.

Жоғарыда қарастырылған Конституциялық құжат пен Конституция жобасы негізінде Қазақстанда құрылған мемлекеттік басқару аппараты Коммунистік партияның Қазақ бюросына тікелей бағынышты болды. Ал Ресей коммунистік большевиктер партиясы (РК(б)П) Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросы орталықтың тікелей ұлт аймақтарындағы саясатын жүзеге асырушы саяси ұйым болды. Сонымен қатар ҚАКСР мемлекеттік билік органдары да РКФСР мемлекеттік органдарына тікелей бағынышты болды. Бұл бағыныштылық Қазаткомның 1920 жылдың 17 қарашасындағы РКФСР декреттерін орындау тәртібі туралы қаулысындаiДекреты и постановления ЦИК Советов Киргизской Советской Социалистической Республики. Сб. № 1. Кн. І-IV. 14.Х.1920-1.04.1921 г. — Оренбург: Киргосиздат, 1921. — С. 33. заңдастырылды.

Онда «РСФСР орталық кеңестік билігінің жұмыс барысына және оның жекелеген салаларына қатысты декреттері ҚКСР аумағында да орындалуға тиісті»iСонда. деп атап көрсетілді.

Ташкент үшін күрес

Ұлттық межелеу кезінде, 1924 жылғы 12 маусымдағы қаулы бойынша, қазақ халқынан саны аз өзбектер мен түрікмендерге одақтық республика мәртебесі берілдіiПолитбюро ЦК РКП (б) — ВКП (б). Повестки дня заседаний. 1919–1952: Каталог / Т. І. 1919–1929. — Москва: «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН), 2000. — С. 299. . Осы кезде Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақстанға қосылды, бірақ соған қарамастан, халқы мен жер көлемі жағынан үлкен ҚАКСР басқа Орталық Азия республикалары сияқты одақтық мәртебе алмай, РКФСР құрамында қалдырылды.

РК(б)П ОК Саяси бюросының мұндай саясатына наразы болған «түркістандық» қазақ қайраткерлері одақтас республика мәртебесіне табандылықпен ұмтыла бастады.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ҚАЗІРГІ ШЕКАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеу тарихы

1924 жылы 26–28 қыркүйек аралығында өткенiАП РК. Ф. 139. Оп. 1. Д. 816. Л. 53–86. РК(б)П Қыробком Пленумының 27 қыркүйектегі мәжілісінде Меңдешев «ҚКСР-ге түркістандық қырғыз аудандарын қосу туралы» баяндама жасапiСонда, 53-п. , ізімен қызу жарыссөз жүрді. Ортаға шығып сөз сөйлеген Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенев, Смағұл Сәдуақасов, Николай Ежов, Аллаяр Досназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Жұмағали Бәрібаев, Әліби Жангелдин, Сүлеймен Есқараев, Ізмұхан Құрамысов сынды қазақ, орыс және қарақалпақ қайраткерлері Ташкентті ҚАКСР құрамында қалдыру, ұлттық республика құру және Қазақ республикасын КСРО құрамына тәуелсіз республика ретінде кіргізу жөніндегі пікірлерін ортаға салды. Әсіресе Жүргенев:

«ҚКСР-дің КСРО құрамына шарттық негізде кіруі туралы мәселе дұрыс қойылып отыр. Бұған саяси негіздер бар»iСонда, 78-п. деп, Меңдешевтің баяндамасына қолдау білдірді.

Межелеу мәселесіне қатысты жарыссөз 28 қыркүйекте жалғасып, Қожанов пен Меңдешев қорытынды сөздерін айтты. Меңдешев:

«Түркістандықтардың, егер астана Орынбордан көшірілмеген жағдайда, тағы бір ҚКСР құру туралы ұсынысына келсек, бұл саяси тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да мүлдем дұрыс емес, сондықтан оны да қабылдамау керек. Олардың тағы бір ұсынысы — ҚКСР өзінің жаңа шекараларында КСРО құрамына шарттық негізде кіруге тиіс. Мен мұны қолдаймын, оның үстіне саяси тұрғыдан алғанда, бұл — Шығысқа, Қытайға қарай жасалған бір қадам, өйткені онда қырғыздар тұрады»iСонда, 85-86-п. деп, қазақ қайраткерлерінің ұсыныстарына қатысты ҚАКСР басшысы ретіндегі ұстанымын жеткізді.

Нәтижесінде Меңдешевтің баяндамасына орай қабылданған қарарда:

«ҚКСР өзінің жаңа шекараларында аумағының едәуір кеңдігі, халық саны, сондай-ақ экономикалық және саяси маңызы (Қытаймен шектесіп орналасуы) жағынан Орта Азиядағы басқа ұлттық республикалардан ешбір кем түспейді және солармен тең дәрежеде тәуелсіз республика ретінде КСРО құрамына шарттық негізде кіруге тиіс деп есептелсін»iСонда, 848-іс. 22-п.; РГАНИ. Ф. 3. Оп. 61. Д. 688. Л. 72 об. деген шешім қабылданды.

Көп ұзамай, 1924 жылдың 29–30 қыркүйегінде өткен IV сайланған Қазаткомның III сессиясында Жүргенев жасағанi«Вопросы по объединению Туркестанских-киргизских районов с КССР» баяндама бойынша қабылданған қарарда қазақ қайраткерлерінің жоғарыдағы пікірі тағы да қайталанды:

«ҚКСР өзінің жаңа шекараларындағы аумағының едәуір кеңдігі, халық саны, сондай-ақ экономикалық және саяси маңызы (Қытаймен шектесіп орналасуы) жағынан Орта Азиядағы басқа ұлттық республикалардан ешбір кем түспейді және олармен тең дәрежеде тәуелсіз республика ретінде шарттық негізде КСРО құрамына кіруге тиіс деп есептелсін»iРезолюции 3-й Сессии Киргизского Центрального Исполнительного Комитета 4-го Созыва. — Б.м.: б.и., б.г. — С. 2-3. .

Бұл кезде РК(б)П ОК Саяси бюросы Ташкентті Өзбекстанға беруді қолдағандықтан, Жүргенев Шымкентті Қазақстан астанасы етуді ұсынды. Алайда сессия алдымен Ташкентті Қазақстанға беруді сұрап, мәселе шешілмесе, астананы шұғыл түрде Шымкентке көшіру туралы қаулы қабылдадыiРезолюции 3-й Сессии Киргизского Центрального Исполнительного Комитета 4-го Созыва. — Б.м.: б.и., б.г. — С. 3. .

Дегенмен қазақ қайраткерлерінің Ташкентті астана етіп, Қазақ АКСР-ін одақтас республикаға айналдыру бастамасы РК(б)П ОК Саяси бюросы тарапынан қолдау таппады. Осындай жағдайда 1924 жылы 6 қазанда Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенев, Сейітқали Меңдешев, Ізмұхан Құрамысов, Әлиасқар Әлібеков, Санжар Асфендияров сияқты қазақ қайраткері қол қойған «Орта Азиядағы ұлттық межелеуге байланысты Қырғызстан (Қазақстан) туралы» деп аталған хат РК(б)П ОК-не жіберілдіiРГАНИ. Ф. 3. Оп. 61. Д. 688. Л. 70-71.; Сейітқали Меңдешев: құжаттары мен материалдар жинағы. Сейткали Мендешев: сборник документов и материалов / Құраст.-автор: С.Қ.Шілдебай; Құраст.: А.Б.Ордаханова. — Алматы: «Полиграфия-сервис и К°», 2021. — 319–321-б. (590 б.). .

Қазақ қайраткерлері: одақтық мәртебе жолындағы тайталас

Қазақ қайраткерлері Қазақстан мәртебесін Өзбекстан және Түрікменстанмен теңестіруді саяси қажеттілік деп санап, 26 тамыздағы пленумда бұл ұсыныстың бір ауыздан қолдау тапқанын атап өтті. Бұл хатта былай көрсетілген:

«ҚКСР-ді КСРО құрамына тікелей кіретін тәуелсіз республика деп жариялау болуға тиіс», сондай-ақ «қырғыздарға қатысты ұлттық межелеу олардың құқықтық мәртебесін кеңейтумен, саяси маңызын арттырумен және Қырғызстанның мәдени әрі экономикалық өрлеуі үшін қолайлы жағдайлар жасаумен аяқталуға тиіс»iРГАНИ. Ф. 3. Оп. 61. Д. 688. Л. 70 об.-71. . 

Сонымен бірге ұлттық партия Орталық Комитетін құру қажеттігі айтылды.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ЕКІ АВТОНОМИЯНЫҢ ТАРИХЫ

Революция кезіндегі Орталық Азия (1917–1918)

Алайда қазақ қайраткерлерінің одақтас республика мәртебесін алу талабы Орталық билік тарапынан қолдау таппады. РК(б)П ОК Саяси бюросының 1924 жылғы 11 қазандағы қаулысында:

«Ташкент қаласын Өзбек Республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы қаулысы күшінде қалдырылсын» деп бекітілді. Ал ҚКСР-дің КСРО құрамына шарттық негізде кіруіне қарсылық білдірілмегенімен, «бұл шешімді іс жүзінде жүзеге асыруды [...] кейінге қалдыру қажет» деп танылды. Сонымен қатар мәселені одан әрі талқылауға тыйым салынып, «Қырғыз ұйымының атауын Қырғыз Коммунистік партиясы деп өзгертуді орынсыз» деп есептедіiРГАНИ. Ф. 3. Оп. 61. Д. 688. Л. 103. .

Осылайша, одақтық мәртебе алу жолындағы талпыныс аяқсыз қалды. 1924 жылы 14 қазанда тағы бір маңызды оқиға болды. БОАК-тің XI шақырылымының II сессиясы Түркістан АКСР-ін қайта құру туралы қаулы қабылдады. Оған сәйкес, Түркістан құрамындағы қазақ жерлері Қазақ АКСР-іне қосылғанымен, республика РКФСР құрамындағы автономиялық мәртебесін сақтап қалдыiРГАСПИ. Ф. 17. Оп. 112. Д. 566. Л. 29-30.; Конституция и конституционные акты РСФСР (1918-1937). Сборник документов. — Москва: Издательство «Ведомостей Верховного Совета РСФСР», 1940. — С. 155–156..

РК(б)П Орталық Комитетінің 1924 жылғы 11 қазандағы қаулысынан көрінетіндей, Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін одақтас республикаға айналдыру туралы мәселе Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезеңінде-ақ қарастырылған. Алайда бұл шешімді іс жүзінде жүзеге асыру кейінге қалдырылған едіiАманжолова Д. Казахская автономия: от замысла националов к самоопределению по-советски // Acta Slavica Iaponica. — 2004. — № 21. — P. 115–143. — P. 141. Ссылка на: РГАСПИ Ф. 17. Оп. 163. Д. 455. Л. 8. .

Тұрар Рысқұлов / Wikimedia Commons

Тұрар Рысқұлов / Wikimedia Commons

Бұл кезеңде орталық билік пен автономиялық республикалар арасындағы қатынастар өткір саяси пікірталастардың алаңына айналды. 1926 жылғы 12–14 қарашада Мәскеуде Тұрар Рысқұлов пен Санжар Асфендияров қатысқан, тарихта «Рысқұлов кеңесі» аталған мәжіліс өтті. Онда автономиялардың заң жүзіндегі құқықтары мен іс жүзіндегі орталықтандырылған басқару арасындағы қайшылықтар талқыланды. Мысалы, Дағыстан өкілі Нажмудин Самурский:

«АКСР-лердің кеңестік мекемелерде өз мүдделерін қорғай алмауы олардың РКФСР құрамынан шығып, кеңестік республикалар мәртебесіне өтуге ұмтылысын туғызады» деп атап өттіi Красовицкая Т.Ю. Идеи и практики федерализма в советской национально-культурной политике (1917–1929). — М.: Кучково поле Музеон, 2023. — С. 436–437. Ссылка на: Центральный государственный архив историко-политической документации Республики Татарстан. Ф. 109. Оп. 5. Д. 54. Л. 73–77, 142; Ф. 15. Оп. 2. Д. 183. Л. 19, 21, 24, 26, 56; Д. 183. Л. 71–72. .

Өз кезегінде, Рысқұлов орталық халық комиссариаттарының автономиялық республикалардағы тиісті органдарды бағындыруға ұмтылысын сынға алды. Оның пікірінше, мұндай саясат автономиялық республикалардың дербестігін одан әрі шектеу қаупін туғызған. Осыған байланысты ол автономия өкілдерінің ұстанымын Сталинге жеткізіп, БК(б)П ОК жанынан ұлттық мәселе бойынша бесінші кеңес шақыруды ұсындыiТам же. — С. 438; Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). — Алматы: Казахстан, 1996. — С. 7–8. .

Тақырыпқа орай

Қазақстан

ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҚАКСР-ГЕ БІРІККЕНІНЕ 100 ЖЫЛ

Тойлауға себеп бар ма?

Келтірілген деректер 1920 жылдардың ортасында ұлттық автономиялардың құқықтарын кеңейту және мәртебесін өзгерту мәселесі қызу талқыланғанын көрсетеді. Алайда Қазақ АКСР 1936 жылы ғана одақтас республика мәртебесін алды. Кеңестік тарихнамада бұл өзгеріс қазақ жерлерінің біріктірілуімен, ауылдағы әлеуметтік және экономикалық өзгерістермен, таптық қатынастардың жойылуымен және индустрияландыру жетістіктерімен түсіндірілді.

Одақтас республика болып қайта құрылу

1935 жылғы 1 ақпанда БК(б)П ОК пленумы КСРО Конституциясын елдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге сәйкестендіру туралы шешім қабылдады. Негізгі мақсат сайлау жүйесін демократияландыру және социалистік құрылыстың нәтижелерін заң жүзінде бекіту болдыi«Правда», 1935. – 2 февраля. – № 32. Коммунистическая партия Советского Союза в резолюциях и решениях съездов, конференций и пленумов ЦК. Т. 6: 1933-1937 / Ин-т марксизма-ленинизма при ЦК КПСС. — 9-е изд., доп. и испр. — М.: Политиздат, 1985. — С. 197. . Бес күннен кейін КСРО Кеңестерінің VII съезінде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Вячеслав Молотов Конституцияға өзгерістер енгізу туралы баяндама жасап, орталық басқару жүйесін қайта құруды ұсындыiСъезд 1935 жылдың 28 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Мәскеу қаласында өтті — авт. День Сталинской Конституции. Сборн. док. и материалов о Сталинской Конституции. — Сталинград: Областное книгоиздательство, 1938. — С. 35–55. Собрание законов и распоряжений Рабоче-Крестьянского Правительства СССР за 1935 г. Отдел первый. — М., 1947. — С.75. . Съезд жаңа Конституцияны әзірлеуді КСРО ОАК міндетіне жүктедіiСонда, 78-б. День Сталинской Конституции. Сборн. док. и материалов о Сталинской Конституции. — Сталинград: Областное книгоиздательство, 1938. — С. 56. . Ертесіне-ақ Сталиннің төрағалығымен 31 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия құрылдыiСавосько В.К. Преобразование Казахской Автономной ССР в союзную республику / Отв. ред. А.Нусупбеков. — Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1951. — С. 50. Ронин С.Л. К истории разработки, утверждения и развития Сталинской Конституции. / Отв. ред. Г.И.Федькин. — Москва: Издательство Академии наук СССР, 1951. — С. 49. .

Вячеслав Молотов — Кеңес дәуіріндегі мемлекет және саясат қайраткері / ТАСС / Wikimedia Commons

Вячеслав Молотов — Кеңес дәуіріндегі мемлекет және саясат қайраткері / ТАСС / Wikimedia Commons

Сталин 1935 жылғы 26 қыркүйекте Конституцияда партияның болашақ мақсаттары емес, «осы уақытқа дейін қол жеткізілген нәрселер ғана қамтылуға тиіс» екенін атап өттіiПисьма И.В. Сталина В.М. Молотову. 1925-1936 гг. Сб. док. — Москва: «Россия молодая», 1995. — С. 253. . 1936 жылғы 15 мамырда Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасын бекіттіiСавосько В.К. Преобразование Казахской Автономной ССР в союзную республику / Отв. ред. А.Нусупбеков. — Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1951. — С. 51. . Жоба 1–4 маусымдағы партия пленумында және 11 маусымдағы КСРО ОАК Президиумында мақұлданып, бүкілхалықтық талқылауға ұсынылдыiДень Сталинской Конституции. Сборн. док. и материалов о Сталинской Конституции. — Сталинград: Областное книгоиздательство, 1938. — С. 57. Сонда, 57-б. Савосько В.К. Преобразование Казахской Автономной ССР в союзную республику / Отв. ред. А.Нусупбеков. — Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1951. — С. 51. . 12 маусымда жарияланған жоба Қазақстанда да талқыланып, 15 маусымда «Социалды Қазақстан» газетінде жарық көрдіi«Социалды Қазақстан», 1936. — 15 маусым. — № 136. .

Жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістердің бірі Қазақ АКСР мен Қырғыз АКСР мәртебесін одақтас республика деңгейіне көтеру болды. Бұл өзге автономиялардың да осындай мәртебе алуға ұмтылысын күшейтті. Олар одақтық мәртебені республикалардың шаруашылық және мәдени даму деңгейімен байланыстыруды ұсындыiДень Сталинской Конституции. Сборн. док. и материалов о Сталинской Конституции. — Сталинград: Областное книгоиздательство, 1938. — С. 4–28. . Алайда Сталин бұл ұсынысты қабылдамай:

«Татар Республикасы автономиялы күйінде қалуда, ал Қазақ Республикасы одақтық республикаға айналуда. Бірақ бұл Қазақ Республикасының мәдени немесе шаруашылық даму дәрежесі жағынан Татар Республикасынан жоғары тұрғанын білдірмейді» деп түсіндірдіiСонда, 23-б. .

Ол автономиялық республиканың одақтас республика мәртебесін алуы үшін үш негізгі шартты атады. Біріншіден, республика КСРО шекарасында орналасып, шет мемлекетпен шектесуі тиіс. Бұл оның КСРО құрамынан шығу құқығын іс жүзінде жүзеге асыруына мүмкіндік беруі керекiСонда. Екіншіден, республикаға атауы берілген ұлт сол аумақта халықтың басым бөлігін құрауы қажетiСонда, 24-б. . Үшіншіден, республика халқының саны кемінде бір миллион болуы тиіс.

Тақырыпқа орай

КСРО-дағы қуғын-сүргін

СТАЛИН ҰЛТТАРДЫ ҚАЛАЙ ҚЫСПАҚҚА АЛДЫ

Қазақ КСРО ғылым академиясына қарсы жазылған арыз-шағымдар тарихы

Осы талаптар негізінде 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясы бойынша Қазақстан РКФСР құрамынан шығарылып, Қазақ КСР ретінде КСРО құрамындағы одақтас республика мәртебесіне ие болдыiСатпаев К.И. И.В.Сталин и социалистическое преобразование Казахстана // Қазақ ССР Ғылым академиясының хабаршысы — Вестник Академии наук Казахской ССР. — 1949, декабрь. — №12 (57). С. 4. .

Қазақ КСР Конституциясы қалай қабылданды?

Қазақ КСР Конституциясын әзірлеу жұмысы 1936 жылы 12 маусымда КСРО Конституциясының жаңа жобасы жарияланғаннан кейін басталды. Көп ұзамай 20 маусымда БК(б)П Қазөлкекомының хатшысы Левон Мирзоянның төрағалығымен Ораз Исаев, Құлымбетов, Жангелдин және басқа да қайраткерлер кірген 39 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылдыiҚР ОМА. Р-5-қ. 17-т. 105-іс. 48-п. .

1937 жылғы 3 ақпанда Конституция жобасы ҚАКСР ОАК Президиумында талқыланды. Мирзоян Мәскеудегі комиссия жобаны бірқатар түзетулермен мақұлдағанын хабарлады. Жаңа Конституцияда «Қазақ КСР бюджеті» деп аталатын маңызды тараудың бар екені, қазақтың астанасы, мемлекеттік туы мен гербі бекітілетіні айтылды. Талқылауға Құлымбетов, Исаев, Жүргенев, Ораз Жандосов сияқты жауапты тұлғалар қатысып, жекелеген баптарды нақтыладыiҚР ОМА. Р-195-қ. 4-т. 8-іс. 11-п. Сонда, 11-29-п. . Сөз соңында Мирзоян Конституция жобасын 10 ақпанға қарай жариялауды ұсынып, 9 ақпанда ол бүкілхалықтық талқылауға жарияландыiКарапетян А.М. Левон Мирзоян. Өмірбаяндық очерк. — Алматы: «BKK DRUCK» БК ЖШС, 2008. — 363-б. .

Левон Мирзоян әріптестерімен бірге. 1935 жыл / Wikimedia Commons

Левон Мирзоян әріптестерімен бірге. 1935 жыл / Wikimedia Commons

1937 жылғы 21–26 наурызда Алматыда 792 делегат қатысқан Кеңестердің төтенше X съезі өттіiГосударственные учреждения Казахской ССР: Справочник. 2.1. Высшие органы государственной власти и государственного управления Казахской ССР (1937-1977). ДСП, экз. № 184. — Алма-Ата, 1985. — С. 8. . Съезд 21 наурызда Құлымбетовтің кіріспе сөзімен ашылып, Мирзоянның Қазақ КСР Конституциясының жобасы туралы баяндамасымен жалғастыiҚР ОМА. Р-195-қ. 1-т. 10-іс. 19-п. . Нәтижесінде Конституция жобасын жетілдіру үшін 150 адамнан тұратын редакциялық комиссия құрылдыiҚР ОМА. Р-195-қ. 1-т. 10-іс. 19-п. Сонда, 31-п. . Ал 1937 жылғы 26 наурызда съезд Қазақ КСР-інің тұңғыш Конституциясын қабылдады iСонда, 56-п. .

Осылайша, 1936 жылғы 5 желтоқсанда Қазақ АКСР-інің одақтас республикаға айналуы және 1937 жылы 26 наурызда оның алғашқы Конституциясының қабылдануы Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық тұрғыдан қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Қазақ АКСР-інен бастау алған ұлттық аумақтық тұтастық пен Қазақ КСР-інің мемлекеттік құрылымы 1991 жылы тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуына тарихи және аумақтық негіз қалады. Бұл тарихи сабақтастық 1991 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясында да көрініс тапты.