“Тірі адамның жүректен аяулысы бар ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені”. Талас Әсемқұловтың бұл сөзін алғаш рет естігенімде, ұшар биігім, қоңар жайсаңыма айналған анашымды бірден елестеткен едім. “Онысы рас болса, менің анам әлемдегі ең батыр адам болғаны ғой” деген ой көңілімді тербетті. “Жақсының үлгісі жанып тұрған шамдай” демекші, жүрегінде кіршіксіз тазалығы бар аяулы адамдардың жарығын кейде байқамай қалатыным болушы еді. Осынау түпсіз терең ойды бойлағанымда есіме өрнегін салған өткен күндерім түсті…
Әл-Фараби: “Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты” деген еді. Расымен де, салқын мінезім тауымды өзі шағып, талай өкінішке әкелген болатын. Алты жасымда мен өзімді тасталып танылмаған асыл тастай сезіндім. Көк өрім, балалық шағымда тасып тұрған еркелік пе, кеудеге нан пісіріп жүргенім бе, әйтеуір, өзіме дарыған талай бақытты бағалай алмаған едім. “Ашу деген - ағын су. Алдын ашсаң арқырар” деп Әйтеке би айтқандай, ашуым ақжал толқындай жанымдағы адамдарға қатты тиетін. Әсіресе, кабағы кірбінсіз, көңілі ашық анам үшін бұл қылықтарым кеудесіне қадалған шөнге болып қалатын. Құлаққа кірген суық сөз, жүрекке барып мұз болмай ма? Бір күні дөрекі айтқан сөзім жанына қатты батқан болар, анам: “Мен болмағанда не істейсің?” деп күрсініп, тіл қатқан еді. Жаманға айтқаның тамға сөйлегенмен бірдей болғандықтан, бұл сөздердің тұңғиық тереңіне ойымды сұққаным жоқ. Әп-сәтте ұмытып, өз жайыммен жүре бердім…
Бір күні мектебімнен үйге қарай жол тартқанымда, жүрегім қисынсыз бірдене сезгендей орынсыз боп, алаңдай бастады. Табалдырықты аттай сала, үйдегілердің қабағынан тіл ұшында айтылмаған сырды бірден сездім. Үйдегі дүние-тіршіліктің ұсақ күйбені тоқтамаса да, көңіл жайлауынан ел көшкендей құлазып тұрды. Сол кезде, әкем жақындап: “Анашың кетіп қалды”, - деген үн қатты. Мен болсам, алыс көкжиекке мұңая қадалып, қимылсыз тұра бердім. Үйіліп төбеден түскен бұл хабарға дайын болмағанмын ғой. “Қайда?”, - сұрадым мен дауысым дірілдеп. “Ауруханаға. Бірнеше күннен кейін келер”. “Жарайды”, - деген сөзден басқа тіл қата алмадым. Анам менің сырымды жанына қапысыз қабылдай алатын жалғыз адам болғандықтан, үйдегі басқа адамдарға еркелігім жоқ еді. Сондықтан көңілім жетімсіреп қалғаны шын болса да, әжем мен әкемнің алдында балаша жылауға намыстанып едім.
Күндерім созылып өте барды, көңілім жиі құлазып, анамды қатты сағынатын болдым. Жалғыздыққа сүйенген жалғыз арқардай, алдым жар, артым соқпақ болғандай адасқанымды да аңғардым. Жазды күнгі жауқазын лебізім солып қалып, өзімді Темірқазықтан жаңылған пенде сияқты сезіндім. Тауым шағылғаны соңшалық, үй іші қоюланып, ұйқыға батқан шақта, әр түні мұңлы шерім тау суындай ағылатын еді. “Әжем қабағымның шырынынан ішімде бір сарысудың байланғанын байқамаған болса керек” деп ойладым, себебі ол өзіңе тән жалынды сөздерін бұршақтай жаудыра берді. Өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін әдеті жоқ қой, шын айту үшін сын айтып, мірдің оғындай өткір сөздерімен мені бұрынғысынан бетер үй шаруасына жүгіртіп қоя берді. Өзім де кежегемді кейін тартып, жалқауланған емеспін. Десек те бұл күйбен тіршілік көңілімдегі қуысты толтыра алмады.
Анашым өзі балажан кісі еді. Алғашқы баласын ата-әжесі алып кеткен болатын. Сондықтан бірінші сәбиін бірнеше жыл бойы көрмей, шырылдаған дауысын естімей, иісін жүрегіне баса алмағандығынан, асқар белдің алдында амалы құрығандай қатты қайғырғанын білемін. Мен туылғанда да туыстарымыз алып кетуге сұрағанда, анам мені бермей қойды. Жанды жеген ауыр жолын қайталауға мұршасы қалмаған ғой. Осы себептерден ол: “көңілімнің тірегі мен бәйтерегім - балаларым” деп санап, бізді аялап өсіретін. Сондықтан да бәріміз үшін ол- тұншыққанда аңсайтын бір жұтым ауа болған.
Анам кеткенде ғана оның мен үшін көкжиектен бір көрінсе, көгілдір аспанда ұзақ байланып тұрып алатын, жаз айларындағы алтын табақ күнге айналғанын кеш түсінгеніме өкіндім. “Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде” дегендей, анашымның жоқтығы ініме бұдан да ауыр тиді. Әдетте менімен алысып, ойнасып жүретін жалынды оты сөніп қалды. Бәйгенің сәйгүлігіне, даланың дауылпаз қыранына ұқсаған бұрынғы мінезі басылып, ауызын буған өгіздей мүлде үндемейтінді шығарды. Алғашқы үш күн бойы інімнен бірде-бір сөз естімегенім жүрегімді кескілемей қоймады. Кейінгі күндері інім әбден сүлесоқ болған кісідей тұнжырап отыратын, я болмаса отқа жанып, суға жұтылып бара жатқан жандай, ешкімнің жұбатуына нанбай, анамызды сағынып, қатты жылайтын. Інімді іштей кемірген зор уайымын сейілте алмайтыным, оның апасы бола тұра, бауырымның көз жасын алқалай алмайтыным жанымды алқымға келтірді. Бір күні інімнің жағдайы жан ауыртатын күйге келіп жеткенде, оны балалар ауруханасына апарып жатқызды. “Аспандағы Шолпан да жалғыздығын сезінер” деген осы шығар деп, өзімді айға шауып мерт болған арыстандай сезіндім. “Анамсыз қамшының сабындай құным жоқ екен” деген ой бойымда қаны сорғалаған жараларды ашып тастай берді.
Өмірім жалғанды жалпағынан басып жүрген жайдары күндерге еліктеудің жарқылы ғана болып көрінгенде, “бүгін анамыз келеді” деген сөздер мен үшін жүрек қылын шертетін нәзік күйдей естілді. Қабақ астында қатып қалған жасым жібіп, атар таңымның жалғыз шолпанына айналған анашымды көруге ынтызар болдым. Көңіл жыры тау суындай толықсып тұрғанда, есік ашылып анашымның жайдары жүзін көрдім. Қақтаған ақ күмістей кең маңдайын, шалқардан ағып жатқан тұнық көздерін, жайдарынан жылт ете қалатын жылы ұшқынын қалай сағынғанымды сонда ғана түсінгенімдей ішім сайрай бастады. Сол кезде ғана анамның қолындағы сәбиді байқадым да, тынық су бетінде ақырын тербелген қайықтай жан сезімім сәл тынышталды. “Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын” дегендей, анам: “Бұл сенің бауырың. Аты - Жәнібек. Келе ғой, қызым, ініңмен амандас” дегенде, дауысы аңсағаның көргендей қуанышты шықты. Ақырын басып, ініме жақындағанымда жібектей ләззәт жүзі, ботадай мөлдір көздері жүрегімді тербеп қоя берді. Мақтадай жұмсақ қолын ұстағанымда, Жәнібегімнің күлкісі маған күн нұрындай көрінді. Бірнеше күннен кейін ауруханадан Еркебұлан деген інім де сауығып оралды. Кетігін тауып, қаланған кірпіштей, бұл дүниеде өз орынымды тапқанымдай бақытты едім. Сонда ғана тіршілігімнің тұтқасы, өмірімнің шамшырағы - менің отбасым екенін аңғарып, бұны енді ешқашан ұмытпауға өзіме серт бердім.