«Барлық жолдар Римге апарады» деген ежелден қалған сөз бар. Ал Францияда жолдың бәрі, әрине, Парижге апарады. Францияны пойызбен немесе машинамен аралаған кез келген адам мұны растайды. Бұл мақалмен келісуге алғашқы қауым халықтарының прогресс жолымен ғасырлар бойы тағылықтан орталықтандырылған мемлекеттерге бірте-бірте қалай келгенін баяндайтын тарих пәнінен алған біздің дәстүрлі білімнің де әсері жоқ емес. Қалай болғанда да, Еуропаның басқа елдерінің астанасында бәрі де әлдеқайда күрделі. Парижді 6 ғасырдың басында, яғни бір жарым мың жыл бұрын Франк корольдігін құрған Хлодвиг өзінің резиденциясы етіп таңдаған. Бұл — тіпті ескі Еуропа үшін де әжептәуір уақыт.
Не ауыл, не Париса қаласы
Біздің заманымызға дейінгі 3 ғасырдың ортасында кельттердің паризий тайпасы әлде кейіннен Cité деген атауға ие болған аралда, әлде қазіргі қала маңындағы Нантерде негізін қалаған шағын балықшы ауылында ұлы қаланың дүниеге қалай келгеніне көз жүгіртейік. Cité французша «қала» дегенді білдіреді, латынның civitas сөзінен алынған, әрине, бұл кельттер Лютецияны дәл осы жерде тұрғызған деп ойлауға мәжбүр етеді, себебі қала содан кейін Сите мен Әулие Людовик аралдарының төңірегінде пайда болған. Сена кельттерден әлдеқайда ертерек, неолит дәуірінде-ақ қоныстанушыларды тартқан: жақында Берси ауданынан, Қаржы министрлігінің жанынан осыдан 6000 жыл бұрын қашап жасалған қайықтар табылған. Өзен сонымен бір мезгілде теңізге апаратын, қорғайтын және төңіректегі жерлерде қаулап өскен шексіз ормандардан өтуге мүмкіндік беретін.
Римдіктер галл деп атаған кельттердің тасы өрге домалады. Олардың Верцингеторикстің басшылығымен проконсул Юлий Цезарьға табанды қарсылық көрсеткені кездейсоқ емес. Ол Римнен тәуелсіздігін іс жүзінде әлі де сақтап қалған Цизальпин мен Нарбонн Галлиясының билеушісі болды. Германдардың басып кіру қатері және галл көсемдерінің арасындағы ішкі кикілжіңдер оған тәжірибелі Рим ардагерлерінің әскерімен бірге сол жерлерге басып кіру үшін сылтау болды. «Келдім, көрдім, жеңдім» — ол өзінің әскери стратегиясын осылай суреттеді. Ал шын мәнінде партизандық герилья б.з.д. 58 жылдан 49 жылға дейін он жылға созылды. Париждің 14-округінің өзін-өзі сыйлайтын кез келген тұрғыны қазіргі Alésia метро бекетінің маңындағы ұрыстар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп береді. Верцингеторикс мұнда б.з.д. 52 жылы қыргүйекте тізе бүкті. Рим легионерлері шабуылмен алуға мәжбүр болған, қазір Пантеон тұрған төбенің mons Lutetius деген атауы бойынша жаңа отар Паризийлер Лютециясы деген атауға ие болды да, ол 5 ғасырдан бастап тайпаның атауына дейін қысқартыла келе, қазіргі Париж деген атауы қалды. Цезарь Римге оралып, мансап сатысымен сәтті көтерілді, ал ол империяға айналдырған Рим республикасы солтүстікке, Галлияға бет бұрды.
Ортағасырлық жылнамашылар мен кейінгі замандардағы тарихшылар этнонимді ұмытып, атаудың тақырыбы жөнінде қиялын сан саққа шарықтатты. Кейбіреулері Приам мен Гекубаны троялықтардың мұрагерлері деп санап, париждіктердің шыққан тегін олардың ұлы Париспен байланыстырды. Мұнда Римнің пайда болғаны туралы аңыздарға еліктеу бар екені анық. 16 ғасырдағы гуманист Жиль Коррозе атауды «Изида ғибадатханасы», Par Isis ретінде түсіндіріп, Мысыр құдай әйелінің мүсіні Сен-Жермен-де-Пре аббаттығының орнында тұрған деп кәдімгідей уәж айтты. Ұлы сықақшы Рабле «Гаргантюаның» 17-тарауында Париж атауын «Лютеция» деп түсіндіріп, оны грек тіліндегі «леукос», «ақ» сөздерінен шыққан деп, Париж әйелдерінің әсем аяқтарының ақтығына меңзеген. «Париждіктер» осындай сөз ойынында «өз сөз өнерін мақтан ететін», яғни «парресиандар» болып шықты. Мұндай аңыздар көптеген қалаларда, әсіресе көне қалаларда бар. Олар да тарихтың бір бөлігі, бірақ фактілерге оралайық.
Римдік жергілікті қала
Римдіктер жергілікті көсемдерге және олардың туыстарына сүйене отырып, жаулап алынған жерлерді тез әрі қан төкпестен бағындыра білді. Осылайша бірнеше ғасыр бойы Галлиядағы ежелгі өркениеттің тірегіне айналған ірі галл-рим әулеттері, қоғамдық элита пайда болды. Бірнеше ғасыр ішінде қала Ситеден Сол жақ жағалауға көшіп, онда сарай (қазіргі Префектура), моншалар (Клюни монша мұражайы), арена (Латын кварталындағы Монж көшесі), қазір Нотр-Дам орналасқан Юпитер ғибадатханасы пайда болды. Бүгінде аренаның қирандыларында тыныш қана кітап оқып отыруға болады, бір кездері оған он мыңнан астам көрермен сиятын. Ғибадатхананың қалдықтарын собордың археологиялық криптінен көруге болады. Зират қазіргі Люксембург бағынан оңтүстікке қарай, Пор-Рояль ауданында орналасқан. Он мың немесе одан да сәл көбірек лютециялық ең жақсы жылдары ежелгі Римнің коммуналдық қызметтерінің әдеттегі игіліктерінің бәрін: орталық жылыту және сумен жабдықтау жүйесін пайдаланған. Бір сөзбен айтқанда, бұл Ним, Вьен немесе Лион сияқты жап-жақсы абаттандырылған қала болатын, бірақ империяның өлшемі бойынша аса үлкен емес еді.
Рим қаласының декуманус пен кардо бағыттары бар көшелерінің классикалық тік бұрышты торы Суффло, Сен-Жак көшелерінің, Сен-Жермен бульвары мен Декарт көшесінің арасынан әлі де көрінеді. Бұл — Латын кварталының өзегі. Кез келген қала үшін міндетті театр Римнің Одеон кварталынан табылды, бұл грекше «әншілер сайысына арналған зал» дегенді білдіреді. Бірақ бұл — тек көзге көрінетін сабақтастық. 5 ғасырға қарай Империя Галлияның солтүстіктегі жерлерін бақылай алмады да, қала азып-тоза бастады. Егер 360 жылы Париждің легионерлер Жолдан тайған Юлианды император деп жариялайтындай маңызы сақталса, ал 451 жылы оны Аттиланың қаһарлы ғұндарының шапқыншылығынан әулие Женевьеваның оқыған дұғасы ғана құтқарды: ол қақпаның алдында тұрған жабайылардың жасағын таңғажайып жолмен оңтүстікке бұрды. Ол кезде христиан діні жалғыз дін болмаса да, басты дін болатын.
Көктегі күштер
Христиан дінінің Париждегі жеңісті шеруі, барлық жерлердегі сияқты, азап шегуден басталды: афиналық Дионисий Лютецияның бірінші епископы болып тағайындалғаннан кейін III ғасырда галдарды дінге кіргізуге аттанды. Жергілікті құдайлардың мүсіндерін өрескел түрде қиратқаны үшін кейіннен Азапталушылар дөңі (Montmartre) атанған Меркурий дөңінде бірнеше ізбасарларымен бірге оның да басы шабылды. Әулие Дионисий мен Әулие Женевьева тек Париждің көктегі қорғаншылары ғана емес, сонымен бірге француз мемлекетінің аңызға айналған тарихының алғашқы тіреулері де болды.
Женевьеваның ұзақ ғұмырында оның беделі зор болды, бұл Париж бен бүкіл Францияның тарихына тікелей әсер етті. 5 ғасырдың екінші жартысында қаланы жабайы салис франктары жаулап алды, олар кейіннен осы елге атау берген ең күшті герман тайпаларының бірі болатын. Женевьева олардың королі Хлодвигтің (481–512) христиан дінін қабылдауына ықпал ете алды. Ол католик Клотильдаға үйленді, Әулие Ремигий оны Реймсте шоқындырды, бұл жер кейіннен Франция корольдерінің таққа отыратын міндетті орнына айналды. Сол әулие әйелдің ақылымен Хлодвиг әулиелер Петр мен Павелдің шіркеуін тұрғызды да, сол жерде әулие әйелмен және зайыбымен бірге мәңгіге жай тапты.
Стратегиялық орналасуы және баяғы империялық ұлылығының қалдығы үшін ұзын шашты франк корольдері қатты ұнатқан Париж жабайылардың пұтқа табынуының және қалған жабайы корольдерді бәрі ұстанған ариандық бағыттағы дінбұзарлықтың тұңғиығында дұрыс римдік діннің тірегіне айналды. Хлодвиг те, оның ата-бабалары да, оның ұрпақтары да әдетте баяу өтетін ерте ортағасырлық уақытты бауырластарымен арадағы соғыстарда қысқарта жүріп, ерекше христиандық ізгілік таныта қоймаған. Бірақ Римнің католиктік шіркеуінің аясына кіргеннен кейін олар папаны және бұрынғысынша өте күшті әрі ықпалды галло-рим епископатын өздерінің аса маңызды одақтасы етті. Бұл одақ сондай-ақ, тұтастай алғанда франктарды толғандыра қоймаған Римнің мәдени мұрасын ішінара сақтап қалудың кепілі де еді.
Заман негізінен қараңғы әрі қатал еді, адамдар бейбіт сауда мен ежелгі дәуір білімінің игіліктерінен гөрі соғысқұмарлыққа бейім болатын. Мінез-құлықтың жалпы қасаңсуына байланысты гүлденген галлиялық-римдік мәнердегі қалалар шағын ауылдардың немесе айталық, алып жатақханаларға айналған амфитеатрлардың көлеміне дейін қысқарды. Париж де бұдан қиыс қалмай, бірнеше ғасыр бойы аралдың қолтығының астына жасырынып келді. Меровингтер әлсірегеннен кейін Париж де өз маңызынан айырылды. 8–9 ғасырларда франктардың мемлекеті Ұлы Карлдың және Каролингтердің жаңа әулетінің тұсында қарқынды түрде гүлдене бастады. Ситеде Ұлы Карлдың айбынды қаһармандық ескерткішін көруге болғанымен, шын мәнінде императорлар билеуші жанарларын германдардың жерлері мен Италияға тігіп, Галлияға онша көп бара қоймайтын. Ал Карл болса, шипалы қайнар көздері бар Аахенді жақсы көретін. Оның немересі Тақырбас Карл (838–877) мұнда жиірек келетін, себебі Батыс Франк корольдігі оның қолына 843 жылы Верденде империяны бөліп алғаннан кейін түсті: Галлия мен Германияның арасында Еуропаның басына түскен бүкіл жаңа пәлелердің кепілі — Лотарингия түріндегі дәліз бөлініп берілді.
Стратегиялық және әдетте париждіктерге ықыласты келетін Сена 9 ғасырдың соңы мен 10 ғасырда оларға жамандық әкеліп, солтүстіктен келген дінсіз викингтерге жол ашты, халық оларды нормандар, «солтүстік адамдары» деп атай бастады. Олар сол кезде барлық су жолдарында тонаушылықпен айналысатын, ал 845 жылы аса бір қарсылыққа кездеспеген Рагнар қарусыз дерлік Парижді басып алды. Тақырбас Карлдың 7000 фунт күміс «данегельд» беріп құтылуына тура келді: сол заманда осы қарақшыларға берілетін пара осылай аталатын. Каролингтер өз империясының батыс жақ бөлігін қорғауға мүлдем көңіл бөлмегендіктен, париждіктердің Анжу графтарының көмегіне жүгінуіне тура келді. Күшті Роберттен Париж графтарының әулеті тарады. Оның ұлы Париждік Эд пен епископ Гозлиннің 885 жылы Парижді нормандардан сәтті қорғап қалуымен даңқы шықты: бұл жеңіс монах Аббон Сен-Жерменнің дастанында дәріптелді. Келесі жүз жыл ішінде императордың әулеті біртіндеп азғындай берді. 987 жылы Эдтің немересі, өзінің жақсы көретін баскиімі бойынша Капет деп аталған Гуго Франция королі болып жарияланды да, Парижді өзінің тұрақты резиденциясына айналдырды. Бірақ оның кейпінің қандай болғаны туралы мәлімет өте аз.
Франция мен оның астанасы дәл сол кезде пайда болды деген сөз жиі айтылады. Бірақ әлі де көптеген жылдар бойы Франция деп қазіргі Иль-де-Франс қана болып аталып келді. Орнығып тынышталған нормандармен шайқасудың енді керегі жоқ еді, ал Капетингтердің нақты билігі төңіректегі жүздеген километрден әріге жүрмейтін. Бұл көбінесе Францияның өмірін кейде түгелдей астан-кестен қылып, ірі және ұсақ сеньорлар арасындағы қарым-қатынас пен жер құқығы жөніндегі үздіксіз дау-дамайға айналдыратын феодалдық еркіндік заманы болатын. Оларды Шіркеудің бітімгерлік әрекеттері, халықтың санының және қалалардың экономикалық маңызының біртіндеп артуы аздап бәсеңдететін. 11 ғасырда қаланың тар қабырғаларының сыртындағы өмір біршама тыныш бола бастады да, адамдар олардан кетіп, король мен ірі монастырлардан қорғаныш іздеп, таяу жерлерде қоныстана бастады. Мысалы, Сен-Жермен-де-Пре осындай мекен еді, оның шіркеуі — кемеліне келген роман мәнеріндегі керемет ескерткіш әлі күнге дейін сол аттас бульварда тұр.
Жаңа Афина және жаңа Вавилон
Король байып келе жатқан қалалармен дос болатын, өзінің қыңыр мінез танытқан вассалдарына қарсы күресте қолдау көрсеткені үшін көбінесе оларға еркіндік беретін. Бірақ шыны керек, еркіндік корольдің дара билігіндегі ірі қалаларға, соның ішінде Парижге бұйырған жоқ. Алайда 12 ғасырда сәулет өнеріндегі жаңа мәнердің жаршысы болған Париж Құдай анасы соборының іргесінің қалануы және Сен-Дени аббаттығындағы каролинг базиликасының түбегейлі қайта құрылуы қалаға және оған жапсарлас король монастырына астаналық бірегей күй берілуін талап етті. Жуан Людовик те (1108–1137), VII Людовик те (1137–1180) рухы күшті тұлғалар емес еді. Соңғысы тіпті өзінің әйелі Алиенораның Англияның болашақ королі Генрих Плантагенетке кетіп қалуына жол беріп, 12 ғасырдағы ең бір өзгеше әйелден ғана емес, оңтүстік-батыс Францияның жартысынан да айрылды. Алайда оларға Сен-Дени аббаты, дарынды канцлер Сугерий көмектесті. Ол тек тамаша шаруагер әрі корольдердің жеке өмірбаяншысы ғана емес, сондай-ақ өте оқымысты адам болатын. Сен-Дени базиликасында сынақтан өткен жаңа готика стилі кейбір тұстарда оның дәл осы көп оқығандығына және өз заманындағы, яғни ғасырдың бірінші жартысындағы сәулет өнеріндегі ізденістерге деген зеректігіне борышты.
Париж үш полюс: әкімшілік-діни Сите, зияткер сол жағалау және сауда мен бизнес орналасқан оң жағалау болып бөлінді. Дәл сол кезде, 12 ғасырдың ортасында, епископ Морис Сюлли ертеректегі христиандық базиликаны бөлшектеп, оның орнына астанаға лайықты ғибадатхана салмақ болғанда, бүкіл Еуропа үшін зияткерлік элитаны шыңдаған шеберхана, собор мектебі де халықаралық беделге ие бола бастады. Мұнда 12 ғасырдың бірінші жартысында Петр Абеляр сабақ берді, бірақ ол ешкіммен көп тіл табыса қоймайтын адам болды да, елдің бәрімен жанжалдасып, шіркеу басшылығынан рұқсат сұрамастан Әулие Женевьева тауында диалектика мен дін ілімінен дәріс оқуға кірісті. Осылайша баршаға белгілі Латын кварталы дүниеге келді. Абеляр жұртқа өте танымал болатын, мектептер көбейе берді де, 1215 жылы Франциядағы жоғары білім тарихының бастауына айналған папалық булланы иеленді. 1253 жылы Король IX Әулие Людовиктің капелланы Робер де Сорбон әлемге әйгілі университетке ат берген колледжді ашты, болашақта француз ғылымындағы қадірлі, эрудиттік және консервативті нәрсенің бәрі соның атымен байланыстырылатын болады.
13 ғасырда Париж Еуропаның 70 000 тұрғыны бар ең үлкен қаласына айналды. Бұған орталықтандыру бойынша табысты саясатын жүргізген және Францияның бас имей келген герцогтіктері мен графтықтарының барлығын дерлік біртіндеп қолына алып алған Капетингтер әулетінің беделі әсер етті. Сарайда әдебиетке, кескіндемеге, сәулет пен мүсіндеме өнеріне қатысты орнаған эстетикалық талғам Парижден және король сарайынан шыққанын әрдайым байқатып, Рейн мен Ла Манштың, Альпі мен Пиренейдің ар жағына тез тарап жатты. Ғасырдың соңына қарай өз жарғылары бар бірнеше жүздеген кәсіптік қолөнер цехтары жұмыс істеді. Олардың істерін корольдің қызметшісі прево және Hótel-de-Ville жүргізетін. Осы «Жаңа Афинаның» зияткерлік өмірі бұл жерге тартқан аса ірі философтар Фома Аквинский, Ұлы Альберт, Бонавентура болатын. Париж орта ғасырдағы аса маңызды ғылым — дін іліміндегі заң шығарушыға айналды. Ол ол ма, біресе философиямен және жеті еркін өнермен одақтаса отырып, біресе өзінің айрықшалығын дәлелдей отырып, дін ілімі дәл осы жерде ғылымға айналып, өз құрал-аспаптарын сомдады. Сәулет өнері де жаңа қоғамдық мәртебеге дәл осы жерде ие болды: дарынды сәулетші Пьер де Монтрёй сол кездегі ең батыл әрі қымбат құрылыс болған Сент-Шапельді (1245–1248) Ситеде тұрғызып, «тастардың докторы» деген құрметті атаққа ие болып, іс жүзінде сәулет өнерін жоғары ғылымдарға теңестірді. Киелі Капеллаға тапсырыс беруші, ізгі ниетті IX Әулие Людовик Христостың Қиналуы атты жәдігерлер үшін үш есе қымбат ақша төледі, ал осы бір сән-салтанатты, орасан зор жәдігерлер қоймасы солар үшін тұрғызылған еді және дәл сол аскет король әрі кірескер өзінің астанасын майталман қала басшысы Этьен Буалоға сеніп тапсырды. Кейбір тұрғыдан алғанда осы бір өте заманауи «басқарушы» прево мыңдаған кәсіпшілер мен саудагерлердің жұмысын тиісті ұқыптылықпен кодтап жіктеді де, өз заманының бірегей ескерткіші «Кәсіптер кітабында» барлық ережелер мен әдет-ғұрыптарды суреттеді.
Сол кезде алғаш рет Ситеден тыс жерлерде елеулі құрылыс жұмыстары басталды: Филипп Август (1180–1223) крест жорығына жиналған кезде Оң жағалауда Лувр бекінісін салды және қаланы қорғаныс қабырғамен қоршады. Кейінірек атақты «Париж құрсағына» айналған, бүгін Лес Halles сауда кешені болып танымастай өзгерген алғашқы жабық базардың іргесін қалаған да сол болатын. Сол кезге дейін саудагерлер мен кәсіпшілер өз дүкендерін Сена арқылы өтетін көпірлердің барлығында бірінің үстіне бірін дерлік салатын. Бірте-бірте төсеме көшелер, қайырымдылық үйлері сияқты қалаландыру игіліктері пайда бола бастады: Сите аралында 19 ғасырда Осман бұзып тастап, 12 ғасырда жаңадан салынған Hôtel-Dieu солардың қатарында. Ал ортағасырлық індеттердің ордасы болған зираттар қаланың аумағынан шетке шығарылды.
Жүз жылдық соғыс (1337–1453) және 1348 жылғы қорқынышты оба («Қара өлім») қаланың дамуына қолайлы болған жоқ. Соның алдында қалада шамамен 200 мың адам тұрды, бұл Венециядағыдан екі есе, ал Мәскеудегіден бес есе көп болатын. 1350 жылдары астана көпестердің старшинасы Этьен Марсель бастаған алғашқы төңкерістің куәсі болды. Қала өмірін баянсыз демократияландыру жолында Наварра королі — Зұлым Карлдың және оның ағылшын одақтастарының қолдауына үміт артқан ол француз патриоттарының қолдауынан айырылып, 1358 жылы өлтірілді. Осы оқиғалар қатты әсер етіп, өз өміріне шын қатер төнгенін сезінген V Карл өз қаражатына дереу Бастильяны тұрғызды. Ол Революцияның алғашқы күндерінде жер бетінен құртылды, бірақ сол кезде ол түрме емес, қаланың іші мен сыртындағы король қамалдарын қорғайтын бекініс болатын.
1420–1436 жылдары Париж ағылшындардың билеп-төстеуіне тап болды, мұнда герцог Бедфорд билік ететін, ал 1431 жылы VI Генрих соборда француз тәжін киген болатын. Бірақ Парижді француздар үнемі қоршап тұратын. Табысты жүргізілген әкімшілік және әскери реформалар, Жанна д'Арк және бірнеше дарынды қолбасшы Буржға иек артқан VII Карл Валуаның нағыз француз короліне лайықты жер Реймсте таққа отырып, тәж киюіне мүмкіндік берді. Бірнеше ондаған жыл ішінде ол Францияның дербестігін және өзінің таққа деген құқығын жеңіп алды.
Париж соғыстардан ұзақ уақыт бойы еңсесін тіктей алмады, оның халқының жүз мыңнан жүз елу мың адамға дейін өсуі үшін бүкіл 15 ғасыр керек болды. VII Карл мен XI Людовик астананы ұнатпайтын, оның орнына Луара алқабында тұрғанды артық көретін. Париждің сәулетшілері жалындап тұрған готиканың жауһарларын жасап, Клюни және Санс қонақ үйлері, Сен-Северен және Сент-Этьен-дю-Мон шіркеулері сияқты сән-салтанатты ғимараттарды тұрғызды. Патшалар болса өз резиденцияларымен, бекіністерімен, кейде маңызды көшелерді төсеу туралы жарлықтарымен шектелді.
Қайта өрлеу дәуірінің солтүстік астанасы
Қала Қайта өркендеу дәуірінің ең бір ренессансқа тән монархы деуге болатын I Францисктің (1515–1547) тұсында гүлдене түсті. Ол өзінің алдындағы корольдерден кем соғысқан жоқ, әсіресе Францияның басты бәсекелесі император V Карлмен және әсіресе Италияда көп соғысты. Бірақ соғыстың нәтижесінде тек адамдар құрбан болып қана қойған жоқ, сонымен қатар италиялық, яғни ренессанстық дегеннің барлығы сәнге айналды.
Флоренцияның Париждегі елшісі болып Никколо Макиавелли жұмыс істеді, оның хаттарынан итальяндардың өз тілінде еркін сөйлеген корольдердің сарайында қаншалықты үлкен ықпалы болғаны көрініп тұрады. 1546 жылдан бастап Лувр сәулетші Пьер Лесконың басшылығымен қазіргі кейпіне ене бастады, италиялық Боккадор 1533 жылы жаңа Отель-де-Вильдің, яғни тек бір ғасырдан кейін салынып біткен муниципалдық сарайдың құрылысын салуға кірісті. Корольдің отбасы қала сыртындағы Фонтенбло резиденциясын және Луара аңғарындағы салтанатты аңшылық қамалдарын салуға тапсырыс берді.
Оқымысты монархтың қамқорлығындағы қайнаған зияткерлік өмір беделді әрі Сорбоннаға аздап қарама-қарсы қойылған Корольдік колледж, бүгінгі Коллеж-де-Франс колледжінің құрылуынан көрініс тапты. Бүгінде бұл — еркін ғылым орталығы, француздың ең бір майталман ғалымдарының арманының шегі. Ақсүйектердің салондары сарайға еліктеп, зияткерлерді және өнерді бағалайтын адамдарды жинай бастады.
Астанасына деген корольдің нағыз сүйіспеншілігі өз нәтижесін берді: ол билік құрған тұста халықтың саны 280 мыңға жетті, Париж қайтадан Еуропаның ең ірі қаласына айналды, V Карл ол туралы Римге қатысты белгілі сөзді басқашалап, nonurbs, sedobris, «қала емес, тұтас әлем» дейтін болды.
Еуропаның барлық елдеріндегі сияқты, Париждегі мінез-құлыққа гуманистік тұрғыдан жеңілірек қарау діни жағынан төзбеушіліктің артуына әкелді. Астана көбінесе қаталдыққа бой ұрған католиктердің тірегіне айналды, ал протестант-гугеноттар негізінен елдің батысында топтасты. Париж 16 ғасырдың екінші жартысындағы діни және азаматтық соғыстардың көптеген маңызды оқиғаларының аренасына айналды. Алдымен гугенот ханзада Конде мен католик герцог Гиздің жауласқан екі партиясының арасындағы күрес басталды, содан кейін үш Генрих — III Генрихтің, Генрих Гиздің және IV Генрих Наварраның соғыстары орын алды. Әулие азапкер Варфоломей күніне қараған түні (1572 жылғы 23 тамыз) протестанттар корольдің отбасына қарсы қастандық іс дайындауда деп әлдеқайдан естіген католиктер 3000-нан астам гугенотты өлтірді.
Қалай дегенде де, қала өсіп жатты, Маре кварталдары мен Сен-Жермен маңында, мысалы, қазір Тарихи кітапхана орналасқан төртінші округтегі Ламуаньон қонақ үйінде орналасқан. Сол күрделі кезеңдер туралы естелік сақталған. Айтарлықтай бейбіт өмір тек Бурбондар әулетінің негізін қалаушы IV Генрих (1594–1610) билікке келгенде ғана басталды. Генрих «Париж мессаға тұрады» деп шешті: астананы ұзақ қоршауда ұстағаннан кейін басып алған ол діни ымыраға келіп, протестанттықтан бас тартты да, католик дінін қабылдады. Ұтымдылыққа бағдар алған корольдің алдында жаңа билікке лайық астананы тұрғызу мүмкіндігі ашылды. Париждегі геометриялық жағынан түзу, Король мен оның әйелінің бір-біріне қарап тұрған павильондары бар, біртұтас сәулет ансамблімен көмкерілген тұңғыш Король алаңын, қазіргі Вогездер алаңын ұйымдастырған сол король еді. Сите аралының батыс жақ тармағында Дофин алаңы мен Жаңа көпірдің (ал шынында, қазіргі ең ескі көпір) ансамблі пайда болды. Шағын болса да, нағыз урбанистік кешен болуымен қатар Жаңа көпір — Орта ғасырға тән дәстүрлі құрылыс әдісімен салынбаған алғашқы ашық көпір. Жаңа көпірдің пайдасын қолына не түссе, соның саудасымен айналысатын кезбе саудагерлер, тіс шеберлері, әртістер, көз бояушылар, букинистер көрді. Олардың ішінде тек букинистер ғана бүгінгі таңда Сенаның қалаға жапсарлас жағалауларына деген кейбір құқықтарын сақтап қалды. Бірақ осы атақты әрі жылдың кез келген мезгілінде лирикалық сезімдер тудыратын жағалаулардың тарихы дәл сол тұста, шамамен 1600 жылы басталды.
IV Генрих 1610 жылы Ферронри көшесінде жанкешті католик Равальяктың қолынан қаза тапқаннан кейін биліктің тізгіні әуелі оның жесірі Мария Медичидің қолына тиді. Ол өзіне Люксембург сарайын салғызды. Содан кейін істерді XIII Людовиктің министрі кардинал Ришелье жүргізді. Ришелье мемлекет құру ісіне берілген, сенімі кәміл абсолютші әрі қала құрылысын салушы еді. Оның тұсында Сорбонна қайта салынып, қазіргі бейнесіне ие болды, осында ол докторлық дәреже алды, Тюильри сарайының құрылысы аяқталды, Жак Лемерсьеге Луврдан солтүстікке қарай кардиналдың жеке сарайын, болашақ король сарайы Пале-Рояльді салуға тапсырыс жасалды. Осы сарайдың және Ришелье көшесіндегі ескі Ұлттық кітапхананың (бір кездері кардинал Мазарини сарайы) арасындағы ауданда Дюманың романдары арқылы баршаға таныс онжылдықтар туралы естеліктер сақталған. Бұл бірінші Бурбонның басқа дінге төзімді болу қағидаттарына католиктер қарсы тұрған жылдар болатын, сондықтан 1622 жылы архиепископат болған Париждің ең мықты күштері сән-салтанатымен католицизмнің жеңісін тамаша паш еткен, барокко мәнеріндегі Валь-де-Грас сияқты шіркеулерді құруға жұмылдырылды.
Париж Версальдан жеңілді
Күн-Король XIV Людовик (1643–1715) Парижді корольге қарсы майдан үшін ұнатпатын: париждіктердің бір тобы сарайға басып кіріп, еркетотай регент Аустриялық Аннаны өздеріне тақтың мұрагерін көрсетуге мәжбүр еткен кезде ол сәби болатын. Париждіктерді осы испандық әйел мен италиялық Джулио Мазаринидің құдірет-күші әбден мезі қылған еді. Олардың отбасының қаладан қашуына тура келді. Людовик ештеңені ұмытқан жоқ, сондықтан есейгеннен кейін 1682 жылдан бастап мемлекеттік өмірдің орталығына айналған қала сыртындағы Версальдағы жаңа резиденциясын салуға ақылға сыймайтын қаражат құйды. Оның керемет министрі Жан-Батист Кольбер бүкіл ішкі саясатпен ғана емес, сонымен қатар XIV Людовиктің жеке басын шамалы ғана толғандырған Париждің қалалық ландшафтында абсолютизмді іске асырумен де айналысты. Оның бастамасына Жеңіс алаңы мен Вандом алаңы, алғашқы бульварлар, Сен-Дени мен Сен-Мартен мекендерінен қалаға кіре берістегі салтанатты қақпалар кіреді: олар ұзақ билік құрған уақыт ішінде астанада шамамен 80 рет, оның өзінде де үлкен мерекелерде ғана көрінген әміршінің әскери жеңістерін мадақтады.
17–18 ғасырлар тоғысында Мүгедектер үйінің кешені пайда болды, ол XIV Людовиктің аса сәтті болмаған әскери саясатына арналған, бірақ Ұлы ғасырдың мәнісін паш еткен Мансар классицизмін мүлтіксіз бейнелеген ескерткіш болатын. Ұлы ғасыр сондай-ақ Ақыл-ой ғасыры болды: Парижде Ғылым академиясы мен Обсерватория құрылды. Корольдің қамқорлығымен өмірдегі өз орны үшін ұлы драматургтер Корнель, Мольер, Расин күресті, Люлли, Рамо, Куперен музыка жазды. Сен-Симонның ғұмырнамаларында сипатталған Версаль өмірдің сән-салтанаты бүге-шігесіне дейін регламентке салынып, мемлекеттің бейнесі — корольмен бірге табынатын нәрсеге айналды. Людовик «мемлекет деген менмін» деген әйгілі сөзді ешқашан айтпаған шығар, бірақ бұл қағидат адамдардың ақыл-ойын билегені сөзсіз. Мадам де Мантенонның Версальдағы күші шексіз болған соңғы жылдары сарайдағы ахуал ауырлай берді. Қартайып келе жатқан, өзіне жағымпазданғанды жақсы көретін «Күн-Корольді» қалай керемет жақсы көретінін айтып, «желкесін батыл тосып» жарысқысы келмегендер Мүгедектер үйіне дейін созылып жатқан сәнді Сен-Жермен мекеніне көшіп барды. Мұның бәрінің сыртында, географиялық тұрғыдан өсіп кеткен астана өзінің күнделікті өмірінде ортағасырлық қала болып қала берді. Тіпті халықтың 400 мың адамды құрайтын қомақты саны да провинциядан көшіп келгендердің есебінен құралды, себебі өлім-жітім деңгейі туу деңгейінен асып кететін.
XIV Людовикпен бірге дәуір де өтіп кетті. Король сарайы жайсыз әрі жат, бөтен Парижге XV Людовиктің жас кезінде регент болған Филипп Орлеанның тұсында бірнеше жылға қайта оралды. Ханзада ұйымдастырған мерекелер осындай биік корольдік рұқсатқа ие болғаннан кейін біртіндеп жынойнаққа айналып, Париж қоғамының барлық топтарының еліктейтін нәрсесі болды. Король кәмелетке толған бетте ол осы «жаңа Вавилоннан» Версальге оралды. Осыған қарамастан, дәл осы Париж Ағарту ісінің астанасына айналды: жаңа идеялар қыңыр мінез энциклопедистер мен ағартушыларды желеп-жебейтін бай әйелдердің салондарында дүниеге келді. II Екатерина осы сәнге еліктей отырып, өзіне Дидроны шақырып алатын да, содан кейін ағартушының әңгіме барысында қолын соншалықты қатты сермейтініне, сол кездесулерден кейін өзінің бүкіл денесінің көгеріп қалатынына шағымданатын. Бәлкім, ол сәл асырып айтқан да болар.
Париждегі ең сәнді салондарды мадам Жоффрен мен мадам дю Деффан ұстайтын. Ленорман д’ Этьоль ханым шыққан тегі бойынша Пуассон, XV Людовиктің рақымымен корольдің ресми нақсүйері маркиза де Помпадурға айналды. Ол 1750–1770 жылдар аралығында Францияны басқарды. Маркиза Ұлы мәртебеліні бірнеше ірі сәулет жобасына қаражат бөлуге үгіттеп көндіре алды, олардың қатарында король сәулетшісі Габриель жобалаған XV Людовик алаңы — қазіргі Келісім алаңы бар. 17 ғасырдағы алаңдардан айырмашылығы, ол қаланың барлық басты күрежолдарын қамтып алып, оларды сараймен байланыстырғандай, қалаға барлық жағынан ашылатын. Жаңа Париждің қазіргі заман үлгісіндегі әлем астанасы болып саналуын осы ансамбльден бастауға болады. Дарынды сәулетші билік басындағы монархтардың тек өз сарайларында ғана емес, өз астанасында да көзге көрінетін із қалдыруы, тек Отанның құтқарушылары ғана емес, қала құрылысшылары да болуы керек деген идеяны монументалды пішінде жүзеге асыра алды. Мұны оның әдеппен іске асырғаны сонша, Келісім алаңынан соңғы Бурбондардың абсолюттік мұрат-мүдделерінің жүзеге асырылғанын көру ешкімнің ойына да кіріп-шықпайды. Сол жылдардағы тағы бір ауқымды құрылыс — Жак-Жермен Суффло тұрғызған неоклассицизм жауһары, кейіннен Пантеонға (1757–1790) айналған Әулие Женевьева шіркеуі туралы да соны айтуға болады.
Парижде «Энциклопедияны» басып шығарған, дін, ғылым мен философия бойынша ескірген қағидаттарды сықақтап жоққа шығарған Монтескье, Дидро, Вольтер мен Руссоның ықпалының шырқап шыққан кезі де осы жылдарға дөп келеді. Ал сол кезде Бомарше Ескі Комедия көшесіндегі «Прокоптың үйінде» атты әдеби кафеде отырып, Америкадағы тәуелсіздік жолындағы күрескерлерге жөнелту үшін қару-жараққа ақша жинады. Бірақ жаңа киім-кешек, ағайынды Монгольфьелердің әуе шарлары немесе философия болсын, әйтеуір жаңаның бәріне құмартқан париждіктердің сән-салтанатты өмірі Францияның қалған жұртына ұйқы бермеді. XVI Людовиктің ақылды министрлері Тюргоның, Некердің және басқаларының реформалар жүргізуге тырысқанына қарамастан, корольдіктің қаржы-қаражат жүйесі күйреуге таяды, оның алғашқы белгілерін ақылды адамдар 1720 жылы шотландиялық Джон Лоның қаржылық авантюрасының құлауынан-ақ көре алған еді.
Париж кері соққы береді
Тіпті 1789 жылы 1614 жылдан бері ұмыт қалған өкілетті мекеме Бас штаттардың шақырылуы да монархияны құтқара алған жоқ. Барлық қиындықтарға қарамастан, Еуропаның аса күшті елі бола отырып, Париж жарқылдаумен болды, Франция да қасірет шеккен жоқ. Бірақ дәл осы Парижде сезімдер шарықтап, эстеттік салондар саяси клубтарға айналды. Билеуші элитаның өз ішінде Лафайет сияқты адамдар Вашингтондағы сияқты ұстамды революцияны уағыздады. Дамып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары оқыған ұсақ буржуазияның арасында өз ісін жүргізіп жатты. Ұлттық ассамблея 1789 жылы 20 маусымда Тюильриде доп ойнауға арналған залға жиналды да, үшінші тап Франция Конституция алғанға дейін бір-бірінен бөлінбеуге ант берді.
14 шілдеде корольдің аса берік, бірақ мүлде бос тұрған дерлік түрмесі Бастилияның алынуы және оның жойылуы жаңа тарихтың санағы басталған рәміздік іс болды. Феодалдардың барлық артықшылықтарының күші қайтарылды. Монархия 1792 жылғы 22 қыркүйекте таратылды. Көп ұзамай лаңкестік басталды. Доктор Гийотеннің өнертабысы Революция алаңы, содан кейін Келісім алаңы деп қайта аталған XV Людовик алаңында орнатылды. 1794 жылы Ұлы лаңкестік кезінде Төңкерілген тақ алаңында (қазіргі Ұлт алаңы) 1300 адамның басы шабылды. Осы машинамен бір мезгілде мынадай ой жұмыс істеді: түрлі саяси ағымдар мен партиялар баспадан шығарғанның барлығын Париж орасан зор қарқынмен оқитын. Жаңа Францияның және оның астанасының тағдыры Кордельерлер мен Якобшылар сияқты көбейіп келе жатқан клубтарда шешілетін. Руссо мен Вольтерді көп оқыған, өз іс-шарасының құрбанына өздері айналған революционерлер барлығын өздеріне ақыл-ой белгілеп берген қағидаттарға сәйкес ұйымдастыруға ұмтылатын. Революция жылдарында Париж Құдай анасының соборы дәл соған арналды, собордың қасбетінен ортағасырлық Францияның патшалары деп білместіктен қабылдаған израильдік інжіл патшаларының мүсіндері қағып түсірілді. Сент-Шапельде қойма ұйымдастырылды.
Париж, әрине, революциялық дінге қарсы күрестен және оның әдеттегі серіктері бейберекет вандализмнен және қазынаны талан-таражға салудан қатты зардап шекті. Орта ғасырдың ұлы ескерткіштері, тіпті Нотр-Дам да, 19 ғасырдың бас кезіндегі суреттер мен гравюралардан көрініп тұрғандай, жылдам тоза бастады.
Бірақ, әдеттен тыс жайт — революционерлер қиратумен қатар, тақтан тайдырылған билік пен ақсүйектердің қазынасын «мемлекет мүлкіне айналдырды», себебі одан өнер туындыларын, тарихи айғақтарды, халықтың игілігін көрді. Осылайша 1793 жылы корольдің жинаған өнер туындыларының негізінде Францияның алғашқы қоғамдық мұражайы Лувр пайда болды. Сол кезде ол Республиканың Орталық өнер мұражайы деп аталатын.
Жаңа империяның орталығы
Бірінің орнын бір басқан жаңа мемлекеттік қызметшілер демократиялық албырттық көрсете тұра, ең әуелі шаруагерлер мен орталықтандырушылар болатын. Күшті мемлекеттік билік орнату үшін тұлғасы ауқымды адам ғана жетпей тұр еді. Наполеон Бонапарт, сірә, бұқараның жауынгерлік рухын қайда бағыттауды да, қоғамды заманауи этатизм қағидаттарына сәйкес қалай қайта ұйымдастыруды да білген сияқты. Католик шіркеуіне шұғыл қайтарылған Нотр-Дамда тұтқынға алынған папаның қатысуымен өзін император ретінде жариялап, ол сонымен бірге Францияға Азаматтық кодексті және жоғары білім берудің жаңа жүйесін берді.
Оның негізіне Париждің жаңадан ашылған Жоғары мектептері, Grandes écoles алынды, онда бүгінге дейін мемлекеттік қызметшілер мен ғалымдардың элитасы қалыптастырылуда. Император әлемнің ең әдемі қаласында билік етуге тиіс еді, сондықтан жағалаулар, көпірлер, Әулие Мартин каналы абаттандырылды, Биржа, Мадлен және Салтанатты қақпа салынып жатты. Луврға (Императорлық музейге айналған) жан-жақтан, бірақ ең әуелі Мысыр мен Италиядан өнер жауһарлары әкелінді. Императорлық (болашақ Ұлттық) кітапхана жақсы іріктелген көне қолжазбалармен толықтырылды. Наполеонның ресми сәулетшілері Персье мен Фонтен даңқты жеңістердің бірінің құрметіне Риволи көшесін салды, ал Елисей алаңдарының жалғасы Ұлы әскер деген атауға ие болды. Осының бәрі, соның ішінде Жеңімпаз әміршінің жеке пәтерінің ішкі жасауы да Бонапарттың Парижін империяның Римнен мұраға қалған керемет өткенімен біріктіруге тиіс еді. Осылайша халықаралық ампир мәнері пайда болды.
Қазіргі кездегі солшыл париждіктер үшін 19 ғасыр — өтіп кеткен қаһармандық революциялық дәуір, сол кезде олар өз құқықтарын қолына қару алып қорғауды үйренді. Бұл ғасыр, әрине, 1789 жылы басталды. Одан кейін Париж бірнеше рет баррикадаларға толды. 1830 жылы монархиялық Реставрацияның орнына Шілде монархиясы келді. Буржуа король Луи-Филипп өзінің билікке көтеріліске шыққан париждіктердің арқасында келгенін есіне әлдекімдердің салғанын ұнатпайтын. 1831 жылы мамырда кезекті көркем өнер салонының салтанатты ашылуында Эжен Делакруаның кейіннен Францияның рәміздерінің біріне айналған «Халықты жетелейтін бостандық» атты монументалды картинасын көргендегі оның қандай наразы кейіпте болғанын елестетуге болады. Мысалы, Домьеден өзгеше Делакруаның долырған тобырдың арасында қолына қару-жарақ ұстағанын ешкім де көрген жоқ, есесіне Делакруа Вольтер жағалауындағы терезелерінен шілденің сол бір күндері Отель-де-Вильдің маңайында болып жатқан жайттардың бәрін жақсы көре алатын. 1848 жылы жаңа баррикадалардың күл-қоқысында II Республика пайда болып, бірқатар демократиялық реформаларды жүргізді, бірақ 1851 жылы оның орнын III Наполеон бастаған II Империя басты. 1871 жылы Париж коммунасы Адольф Тьердің республикасына қарсы көтеріліп, Парижді қоршауға алған прус әскеріне қаланы табыс етуден бас тартты да, ақырғы демі таусыларда Париждің барлық революционерлерінің арманына айналған Отель-де-Вильді, ал онымен бірге Тюильриді де өртеп үлгерді. Коммуна көшедегі шайқастарда атып өлтірілді, түрмеге отырғызылды, айдалып жіберілді, құртылды. Пер-Лашез зираты сол қырғын туралы үнсіз естелікті сақтауда. Кейбір француздар қаланың басты дөңі Монмартрдың төбесіндегі Киелі Жүрек базиликасы Сакре-Кёрді аса жақсы көрмейді. Бұл ғибадатхананы Коммунаның күнәсін, атап айтқанда, Париж архиепископын өлтірген күнәсін жуу үшін жеңісіне масайраған католицизм эклектика мәнерінде тұрғызған. Мағынасы жағынан екі ұшты осы ескерткіш Нотр-Дамнан да, Мүгедектер үйінің күмбезінен де жоғары асқақтап тұрып, астананың ең биік басты ғимараттарының біріне айналды.
Заманауи мегаполиске барар жолда
Париждіктердің буырқанған қоғамдық өмірі дәл сол 19 ғасырда түрлі дәуірлердің негізгі ескерткіштерінің төңірегінде қалыптасқан қаланың келбетінен өзіндік ерекшелігімен көрінді. III Наполеон Сена департаментінің префекті барон Жорж Османға астананы түбегейлі қайта құруды тапсырды. Ал Осман 1793 жылы революциялық Конвент құрған Суретшілер комиссиясы ұсынған қала құрылысы жобаларын пайдаланды. Ал еуропалық абсолютизм астанасының келбеті 18 ғасырдың эстеттерінің көңілінен шыққан жоқ: «Таусылмайтын таңғажайып ғимараттары бар Париждің тұтас ансамблінің көрінісі аса қанағаттандырмайды: оның сыртқы түрі Еуропаның ең керемет корольдігінің астанасы туралы шетелдіктер қалыптастыруға тиіс идеяға сай келмейді; ол — тек қалай болса солай салынған үйлер, кездейсоқ жасалған сияқты нәрселердің қоспасы». Сол кезде аббат Ложье «Сәулет өнері туралы тәжірибеде» осылай деп жазған.
Лас әрі тар көшелері бар ескі кварталдардың көбісі, егеуқұйрықтардың, аурулар мен қылмыстардың ордасы, «орыс саяхатшысы Николай Карамзинді» соншалықты қатты шошытқан және мемлекетке қарсы көше шайқастары үшін өте ыңғайлы қаланың дәл ортасындағы қараңғы түкпірлер, осының бәрі 1853–1869 жылдары кәсіпқой адвокаттың еркі бойынша жойылды. Ол көшелер басты алаңдарды бойлап, күн сәулесіндей жан-жаққа таралып, биіктігі алты-жеті қабаттан тұратын, шілденің шіліңгір ыстығында темірдей қызып, қаңтардың суық желіне кеудесін тосып, қатып қалатын шатыры бар үйлер бір-біріне ұқсауға тиіс, ал шатыр астында бір-бірімен иін тіресіп, үй қызметшілері тұруы керек деп шешті. Олардың бөлмелері, chambres de bonnes, бүгін де жалға беріледі. Ал шамамен төртінші қабаттың деңгейінде қасбеттің ұзына бойына созылған балкон қыдырып жүргендердің жанарын жоғарыға, аспанға тартуға тиіс еді. Қала заманауи, жаңа лепті, жеңіл болып көрінуге тиіс болатын...
Осман саяси шапандарының үнемі ауысып отыратынына қарамастан мәңгі империялық болып қала беретін астананың баяғыдан күткен нәрсесін жасады: кей жерінде ақсүйектік, кей жерінде буржуазиялық, сонымен бірге көңілді күймен және жастық шақпен үйлесетін тыныш парасаттылық жолында даңғаза, готикалық, клерикалды және жабайы ортағасырлық өткенмен байланысты үзу. Тек Сите мен Сен-Луи аралдары, жекелеген көшелер, алаңдар, Латын кварталы мен Маре ғана бүтін күйінде қалды. Париждіктерге Нотр-Дамның, Сент-Шапельдің және Францияның бүкіл ортағасырлық мұрасының құндылығын дәлелдеу үшін Виктор Гюго, Проспер Мериме және кәсіпқой сәулетші Эжен-Эмманюэль Виолле-ле-Дюк сияқты романтикалық данышпандардың араласуы қажет болды. Ескерткіштер қалпына келтіріле бастады: Нотр-Дамда, мысалы, шатыр мен шпиль тұрғызылды, олар жақында орын алған қорқынышты өртке дейін жақсы қызмет етті, бұрынғы Сен-Дени аббаттығының шіркеуінің қасбеті жаңартылды, ол қазіргі қалпына келтіру заңдары бойынша роман мәнеріндегі қасбеттің едәуір еркін мәнерде қайта жаңғыртылуы болды.
19 ғасырдың өнеркәсіптік революция дәуірі болғанын ұмытпайық. Францияның әсем астанасы 1800 жылдың өзінде-ақ халқының саны миллионға жеткен өзінің басты қарсыласы Лондонмен жарысуға мәжбүр болды. Парижде Хрусталь сарай тұрғызылмағанымен, мұнда да, мысалы, 1889 жылғы Дүниежүзілік көрме үшін салынған вокзалдар мен Эйфель мұнарасы сияқты металл мен шыны молынан қолданылған сәулет туындылары ғылыми-техникалық прогресс ғасырының белгісіне айналды. Сол кезде импресарио Морис Цидлер Монмартрдың етегіндегі ешкімге керексіз диірменді және «канкан» аталған жартылай ұмытылған биді қалай қолдануды ойлап тауып, Мулен-Ружды ашты.
20 ғасыр кезекті Дүниежүзілік көрмеден басталды да, Париж оны елеулі жаңалықтармен қарсы алды: ештеңені байқамаған жолаушыны небары жарты сағатта Porte Maillot бекетінен Венсен орманына апарып тастайтын метроның бірінші тармағы; Антантаның негізін қалаған бейбітшілік сүйгіш орыс императоры III Александрдың есімімен аталған тамаша көпір; тек бір рет өткізілетін көрмеге арналған, бірақ та келер ұрпақ үшін сақталып қалған Үлкен және Кіші сарайлар; Artnouveau мәнерінің гүлденуі. Париждегі соғыс алдындағы жылдар сол кездегі басқа еуропалық астаналарды қатты еске түсіретін: «шампанға салынған ананас» пен «volonté» («әбден тойғанша») устрицаларының аясындағы жалындаған мәдени өмір. «Керемет дәуір» — бұл жерде Ұлы соғыс деп аталатын, Франция үшін даңқты болғанымен де, ең ауыр Бірінші дүниежүзілік соғыстан (1914–1918) кейін бірнеше жыл өткенде париждіктер сол бақытты кезді 1920 жылдары сағынышпен еске алатын. Париж үшін шайқас кезінде әскерлер қаладан он бес километр жерде орналасқан майданға таксимен тасымалданды. Астана күркіреген дыбыстан мезгіл-мезгіл солқылдайтын, немістің алып зеңбірегі «Берта» бірнеше ондаған километр жерден нысананы көздеп жатпай-ақ астанаға оқ жаудырумен болды. Тарихшы жазушы Роже Мартен-дю-Гардың оқиғалардың ізін суытпай жазылған, қазір ұмытылған дерлік ұлы романы «Тибо отбасы» соғыстан бұрынғы жылдардағы Париждегі көңіл күйді және париждік буржуаздар үшін соғыстың психологиялық салдарын жақсы жеткізеді.
Соғыстардың арасындағы онжылдықтарды кейде «ақылға сыймайды», кейде «үрейлі» деп атайды: Еуропаның басқа мемлекеттері сияқты Франция да демократия мен ұлтшыл экстремизм арасында шайқалып тұрды, өткен соғыстың сұмдықтарын астанадағы өмірдің даңғаза шуылымен басуға тырысып, осы соғыс ең соңғы болды деп үміттенді. Бірақ режиссер Жан Ренуар өзінің ұлы фильмдерінің бірінде бұл сенімнің «бос қиял» екенін көрсетті.
1940 жылдың маусым айында нацистер Парижге шайқассыз кірді, сондықтан париждіктердің қаланы жауға берген маршал Петенге деген көзқарасы әрқашан екіұшты болатын: бірінші соғыстың осы қартаң ардагерінің арқасында астана әлемдік қырғында екінші рет аман қалды. Петеннің ешкім білмейтін шәкірті, жаңа ғана генерал атағын алған Шарль де Голль радиодан бостандықты сүйетін барлық француздарға арнап үш минуттық үндеу жолдады, оны ешкім де тыңдаған жоқ, сөйтіп ол Қарсыласу қозғалысын ұйымдастыру үшін Лондонға ұшып кетті. Парижді үш түсті ұлттық жалаудың орнына свастикалар қаптап кетті. Соссэ, Лористон көшелерінен, Фош авенюінен гестапо орын тепті. Париждің көптеген ірі фирмалары басқыншыларға да және біртіндеп күш ала бастаған Қарсыласу қозғалысына да жұмыс істеді.
Әрине, неміс офицерлері үшін бүкіл еуропалық рақаттың астанасы, айталық, шығыс майданынан гөрі тартымдырақ еді. Гитлер мұнда бір рет қана болды, көңілі қалды да, қаланы талқандамау туралы шешім қабылдады. Ол соғыстың ең соңында, одақтастар Нормандияға келіп түскеннен кейін ғана өз пікірін өзгертті. Бірақ кеш еді: 1944 жылғы 23 тамызда Париж гарнизонының қолбасшысы фон Хольтиц фюрердің Парижді өртеу туралы бұйрығына бағынған жоқ, сол үшін француздар оны алғыспен еске алатын болды, ол кезде көтеріліске шыққан париждіктер Отель-де-Вилдің төбесіне француз туын тігіп те үлгерген еді, ал 1944 жылғы 25 тамызда генерал Леклердің екінші танк бригадасы кейіннен оның атымен аталған көше бойымен Орлеан заставасы арқылы астанаға кірді. Сол күні кешке генерал де Голль Елисей алаңымен Отель-де-Вильге қарай салтанатты шерумен өтті.
Париждегі соңғы революция
Де Голль төтенше жағдайларда таптырмайтын адам болатын, бірақ, сірә, қарқынды дамып және демократияланып келе жатқан француз қоғамы үшін тым беделді әрі уақыттан кенжелеп қалған саясаткер болса керек. Ұлт бірлігінің рәмізіне айналған ол 1946 жылға дейін уақытша президент болды, содан кейін 1958 жылы Алжир дағдарысы кезінде қайта сайланды. Бірақ 1968 жылдың мамыр айында оның әдеттен тыс саяси мансабына нүкте қойылды. Латын кварталының тұрғындарының және бүгінгі ғылыми және саяси билеуші топтардың есінде студенттердің көшеге мыңдап шығып, көшенің тастарын қопарып алып, білім беру саласында түбегейлі реформаларды талап еткен күндері әлі де жақсы сақталған. Олардың талаптарын бүкіл Франция кеңейтілген нұсқада қолдады, ал бастапқыда бейсаяси болған осы төңкерістің толқыны бүкіл батыс Еуропаға тарады.
19–20 ғасырдың басындағы османдық Париж сәулеттік-урбанистік біртұтас дүние түрінде осы «жап-жас», бірақ мосқал ескі күйінде қақиып қатып қалғандай. Сіз оның бейнесінің белгілі бір нышандарын Елисей алаңдарынан да, баяғыда ғайып болған бекіністерден мұраға қалған маңайдағы кез келген бульвардан да (орта нидерланд сөзі bolwerk, «бульвар» ертерек Жаңа заманда артиллерияны орналастыруға арналған ерекше бекініс түрін білдіреді) табасыз. Екі дүниежүзілік соғыс пен бірін-бірі кезек алмастырған социалистік және консервативтік үкіметтердің құлшынысы қалаға жанаспастан, оның үстінен ұшып өткен сияқты. Тас төселген көшелер санының азайып кеткені болмаса. Париж тұрғындары салт-дәстүрді ұстанады: егер бір-екі апта бойы Распай бульварындағы шағын кафеде үнемі тамақтанатын болсаңыз, міндетті түрде қандай да бір демонстрацияға еріксіз қатысасыз: біресе париждіктер әлдекімдердің құқықтарын қорғауға бара жатады, ал синдикаттар өз тіршілігін ақтайды. Бұл қазір бірін-бірі өлтіру емес, бұл — көңіл көтеру үшін жақсы сылтау. Қазіргі заманғы футуристік қарқынды өмір TGV жүрдек пойыздарымен, Météore метросының автоматтандырылған желісімен Париждің тәніне бойлай енді.
Жорж Помпидудан бастап көптеген президенттер астанада мәдени із қалдыруды өзінің борышы деп санады. Помпиду Les Halles мен Маре арасында тұрған, қазіргі заманға сай ауқымды Бобур өнер мұражайын салдырған. Қаланың өнер туындысы ретінде ол өз кезінде қоғамның талғамына ұрылған шапалақ сияқты еді десе болады. Ал бүгін оның сыртқа шығарылған байланыс желілері, осы бір түрлі түсті алып құбырлар ешкімді таңғалдырмайды. Франсуа Миттеран қала тарихына кем дегенде орасан үлкен үш сәулет жобасымен енді. Бұл бизнестер орналасқан қала маңының мағыналы доминантасы — Дефанс қақпасы және сонымен бір мезгілде Луврдан келетін даңғылдың соңы. Луврдың өзіне сол кезде қытайлық-америкалық сәулетші Йео Мин Пей жасаған, классицизм мен хайтек арасындағы сұхбаттың батыл үлгісі — шыны пирамида қосылды. Бастилия операсы — Еуропадағы ауданы жағынан ең үлкен театр. Бірақ президенттің есімі жаңа Ұлттық кітапханаға берілді.
Оның төрт мұнарасында ешкім отырмайды деуге болады, бүкіл зияткерлік өмір секвоя ағаштары отырғызылған ішкі бақтың айналасындағы шыны мен бетоннан жасалған биік, тыныш залдарда шоғырланған. Сонымен қатар, дәл сол кітапхана Сена толқындарында шайқалған fluctuat nec mergitur, Париж сияқты «жүретін және батпайтын» кеменің рәміздік пішінінде тұрғызылған. Өзінен бұрынғы социалистке еліктей отырып, Голльдің ізбасары Жак Ширак жаңа ауқымды этнография мұражайы — Бранли жағалауындағы мұражайды салу үшін көп күш жұмсады. Жобаны бүгінгі күннің ең дарынды француз сәулетшісі Жан Нувель жеңіп алды. Ал дүние жүзі халықтарының өнер мұражайына мемлекет басшысының есімі берілді. Бәлкім, демократиялық мемлекет басшыларының есімін ауқымды құрылыстарда қалдырудың осындай пішіні еуропалық астана үшін жаман дәстүр емес шығар.