
Барри Бузан / Qalam
Осы күндері АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға және батыстағы серіктестеріне қарсы бастаған сауда соғысы тарифтік бейберекетсіздік тудырып, әлемді геосаяси дағдарысқа ұрындырған кезде, біз Лондон экономика мектебінің Эмериті және халықаралық қатынастар бойынша іргелі теоретиктің бірі — профессор Барри Бузанның дәрісіндегі негізгі тезистерді еске түсіргенді жөн көріп отырмыз. 2024 жылдың қыркүйек айында Qalam Club алаңында өткен дәрісте Барри Бузан батыс үстемдік еткен дәуірдің неліктен ақыры таяғанын, біз қадам басып жатқан әлемнің қалай жұмыс істейтінін және жаңа жүйеге (көп дауысты және болжауға келмейтін) көшудің салдары қалай әсер ететінін түсіндіріп берген еді.
Батыс орнақтан әлемдік тәртіп қалай пайда болды?
Соңғы екі ғасырда орнаған Батыстың әлемдік тәртібі 19-ғасырда, шамамен 1840 жылдардан басталған модернизацияның алғашқы толқынының нәтижесінде қалыптасты. Аталған кезеңде бірқатар батыс елдері (сондай-ақ Жапония) индустрияландыруды басынан өткеріп, көл-көсір байлық пен орасан зор күшке ие болды. Тарихтың қай кезеңінде де ешкім мұншалық құдіретті иеленген емес. Осыдан кейін санаулы мемлекеттің (негізінен оннан астам) айналасында құрылымдалған жаңа әлем мен периферияда қалған басқалары қалыптасты.
Осы бір «өзек» (көбіне бейсаналы түрде) өзінің мүддесіне сай келетін әлемдік тәртіпті орнатты. Батыс мұндай үстемдікке көл-көсір материалдық ресурстардың арқасында қол жеткізді. Осы бір артықшылық мәдени және саяси беделге ұласты. 19-ғасырдың орта тұсында Қытай сияқты мемлекеттер күрделі дилеммаға кезікті: модернизациялану дегеніміз міндетті түрде батыстану дегенді білдіре ме? Модернизациялау үшін төл мәдениетіңнен бас тарту керек пе?

Йошу Тиканобу. Токио қаласындағы Рокумейкан сарайындағы бал. 1888 жылдың 8 ақпаны / Wikimedia Commons
Осы бір тар өзектің кең периферияға қаншалықты үстемдік еткенін Батыс қалыптастырған әлемдік тәртіптің барлық кезеңінде Батыс алпауыттарының бір-біріне майдан ашқан жағдайы, әсіресе, Бірінші және Екінші Дүниежүзілік соғыс секілді өте ауқымды майдандар жақсы сипаттайды. Десе де ішкі алауыздықтарға қарамастан, Батыс әлемнің қалған бөлігін салыстырмалы түрде оңай бақылауында ұстап, жаһандық жүйеде үстемдік етті.
Батыс қалыптастырған әлемдік тәртіптің бірінші кезеңінде отарлау (бұл тікелей оккупацияны қамтыды) жүрді. Бұл тұрғыда мен Батыс санатына Ресейді де (Батыстың бір бөлігі ретінде емес, дегенмен Еуропаның бөлшегі және Батыстың кең ауқымды үстемдік ету жобасының қатысушысы ретінде) қосамын. Өзі қуатты, ал көрші халықтар әлсіз болғандықтан, Ресей де басқа еуропалық алпауыттар тәрізді империя құрды.

Стенли Френсис Тёрнер. Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғалары бейнеленген әлем картасы. 1944 жыл / Geographicus
Батыс қалыптастырған әлемдік тәртіптің отарлық кезеңі 1945 жылға дейін жалғасты. Осыдан кейін аталған тәртіп жұмсақтау (әсіре қатігез және қатаң емес), жай ғана «жаһандық батыс тәртібі» деп аталған кезеңге ауысты. Бұрынғы колониялар өзінің егемендігіне қол жеткізгенімен, экономикалық, ішінара әскери және саяси тәуелді болып қала берді.
Батыстың әлемдік тәртібі өзінің даму бағытында көзсіз ұмтылысымен (жыртқыштық сипаттағы) ерекшеленеді. Батыстық алпауыттар экологиялық, әлеуметтік және этикалық салдарды ескермей қисапсыз байлық пен құдіретке тез арада жетуді бағдар еткен үлгі орнатты.

Касабланка портындағы француз сарбаздарының репатриация күткен табыттары. Реймонд Лавань фотосуреті болуы мүмкін. 1913 жыл / Bibliothèque nationale de France
Бұл тәртіптің тағы бір айрықша тұсы — қарқынды жаһандық экономиканы қалыптастырды. 1840-жылдардан бастап, Батыс барлық мемлекетті (олар мұны қалап-қаламағанына қарамастан) өз дәргейіне тартқан қуатты жаһандық қаржы және сауда жүйесін құрды. Аталған жүйе көбіне отарлықтың сипатын анықтап берді: айлақтар, темір жолы мен өзге де инфрақұрылымдар негізінен ресурстарды өндіріп, оны индустриялдық өзекке жеткізу мақсатында жасалды.
Жаһандық экономика құрылғанымен, Батыс оны басқарудың тиімді жүйесін жасай алмады. Біз экономикалық реттеудің бірнеше ірі циклін өткердік: 19-ғасырдағы алтын стандарты мен еркін сауда, соғыс аралық кезеңдегі экономикалық ұлтшылдық, қаржының жылыстауына шектеулер қойып, жаһандық сауда жүйесін құруға тырысқан 1945 жылдан кейінгі Бреттон-Вудс жүйесі. Аталған жүйе АҚШ үшін үлкен мәселелер тудыра бастағандықтан, 1970-жылдардың соңына қарай құлдырады.

Қытайдағы Шанхайдан Усун портына апаратын алғашқы темір жолдың ашылуы. 1876 жыл / Illustrated London News / Wikimedia Commons
Егер 1840-жылдарды батыс қалыптастырған әлемдік тәртіптің бастауы деп қарастырсақ, онда 1970-жылдарды құлдырауға аяқ басқан кезең деп санауға болады. Партизандық соғыстар мен ядролық қарудың таралуына шектеулер қойылғандықтан, қандай да бір аймақты тікелей басып алу мүмкін болмай қалды. Бірақ бұдан да маңыздысы — Шығыс Азияда (алдымен «азия жолбарыстарында», сосын Қытай мен Үндістанда) модернизацияның екінші толқыны басталды.
Дәл осы жағдай Батыстан басқалары да дами алады дейтін терең плюрализм феноменіне жол ашып берді. 1840–1970 жылдар аралығындағы бастапқы өзектен тысқарыда орналасқан мемлекеттердің ешбірі модернизацияланбаған болатын. Бірақ 1970-жылдардан бастап бұл жолға көптеген мемлекет түсе бастады.

Сингапур, Солтүстік көпір жолы. Шамамен 1972 жыл / Alamy
Терең плюрализм деген не?
Бұл жай ғана билікті Қытай мен АҚШ-тың өзара бөлісіп алуы ғана емес. Иә, бұл да тарихтың бір бөлшегі, дегенмен ең маңызды кезең емесін тілге тиек еткен жөн. Ең маңыздысы, біз іргелі өзгерістің куәсі атандық: тарихтағы модернизацияланған және индустриалданған алпауыттардың шектеулі өзегі кеңейіп барады. Қытай мен Үндістан секілді мемлекеттер осы бір өзекке енді. Бұл енді әлем тек батыстанған дегенді білдірмейді, сондықтан біз биліктің ауқымды түрде ойысып жатқанын аңғарамыз.
Мұның бәрі «Батыстың құлдырауы» жөніндегі оқиға емес екенін атап өткен жөн. Біз Рим империясының ақыры іспеттес құлдырау кезеңін сөз етпейміз. Батыс жоғалып кетпейді. Тек оның құрылымы келешекте қандай болады деген мәселе ғана бар (Батыс біртұтас блок болып қала ма я еуропалық және америкалық бөлікке бөліне ме?). Осы бір сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.

Тайвань көлік компаниясының Чиа И депосындағы CT270 класты екі локомотиві. 1974 жылдың 4 қазаны / Rail Photo / Construction Photography / Avalon / Getty Images
Алайда қазір біздің байлық, күш, мәдени ықпал мен саяси беделдің бірнеше орталығы бар жүйеге қарай ойысып бара жатқанымыз айқындала бастады. Батыс орталық ретіндегі өз орнын сақтап қалады. Әрмен қарай да бай әрі ықпалды болғанымен өткен екі ғасырдағыдай үстемдік құра алмайды.
Белгілі бір мағынада біз жаһандық қатынастардың «қалыпты» форматына (модернизацияға дейінгі түрлі өркениеттер байлық, күш пен билік мәселесінде салыстырмалы түрде тең болған кезеңге) қайта оралып келеміз. Айырмашылығы сол, қазіргі уақытта өркениеттер іс жүзінде «кішірейе» бастаған Жер шарына тығыз кірігіп кеткен.
Олай болса жаңдан қалыптаса бастаған әлемдік тәртіптің бірнеше маңызды сипаттамасын, сондай-ақ оның бірқатар қатері мен ықтимал әлеуетін қарастырып көрейік.

Себастьян Мюнстер. Еуропаның патшайым сипатындағы картасы. 1570 жыл. Базель / Big Think / Wikimedia Commons
Маңызды мәселенің бірі — біз әлі жаһандық экономиканы қала тиімді басқару қажет дегенді жете түсінбедік. Алдымызда бір жағынан экономикалық ұлтшылдық пен екінші жағынан жаһандық нарық арасындағы дұрыс теңгерімді табу тапсырмасы тұр. Біз екі нұсқаны да іс жүзінде сынап көрдік, өкінішке қарай ешбірі тұрақты нәтиже бермеді. Тіпті соның «алтын ортасын» табуға тырысып (және бұл да опа бермеді) көрдік. Сосын 2008 жылға дейін созылған неолибералдық эксперимент орнады (ол да сәтсіз аяқталды). Қазір біз қай тұста тұрмыз? Шынтуайтында, мұны ешкім білмейді. Қазір экономикалық ұлтшылдық қайта қарқын алуда, ал жаһандық нарық үлкен дағдарысқа ұшырады.
Осылайша біз жаһандық экономиканың қалай жұмыс істейтінін анықтауға арналған бесінші ұмтылыс қарсаңында тұрмыз. Бұл, бізге әлбетте, өте қажет. Дейтұрғанмен саяси тұрақтылық пен егемендікті сақтап қаламыз десек, белгілі бір дәрежеде ұлттық деңгейдегі экономикалық автономия қажет. Осы бір диалектикалық кикілжің шешімін таппай келеді (және жақын келешекте де табылмайтын тәрізді).
Заманауи көпшілік алдындағы дискурста «полярлық» жөнінде жиі сөз қозғалады (АҚШ және Қытай арқылы биполярлық әлемге немесе Ресей, ЕО, Үндістан мен өзге де алпауыттар қатысқан көпполярлы әлемге қайта оралу). Бұл белгілі бір мағынада шын мәнінде орнаған шындық. Билік пен байлық енді көпке үлестірілді. Алайда осы бір анықтаманың мағынасы қатты өзгеріп келеді.

Үндістан премьер-министрі Индира Ганди мен Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчер. Рагху Райдың фотосуреті. Шамамен 1980 жылдар. Лондон / The India Today Group / Getty Images
Екі ғасыр барысында биполярлық я монополярлық жүйені талқылау, жетекші алпауыттар (қанша болғанына қарамастан) жаһандық үстемдікке жету үшін таласып келеді деген болжамнан тамыр тартады. 19-ғасырдан бастап, Екінші Дүниежүзілік соғыс пен қырғи-қабақ соғыстың соңына дейінгі халықаралық саясатты осылай сипаттауға болады. Бәрінің негізінде күш саясаты дейтін қисын жатқан.
Қазір аталған жорамал шындыққа жанаспайды. Биполярлық я көпполярлық ұғымдары енді мүлдем басқа мағына еншілеген. Заманауи мәселелер жаңа жүйеде кім үстем болады дегеннен емес, ешкім оны басқаруға құлықсыздығынан туындап отыр.
Енді Батыс алпауыттары жаһандық көшбасшылыққа ұмтылмайды және олардың беделі (әсіресе, АҚШ-тың) бұлтаруға келмейтін ақиқат ретінде қабылданбайды. Дегенмен күштің жаңа орталықтары (Қытай, Үндістан мен, бәлкім, Бразилия) мойнына жауапкершілік алуға ұмтылмайды. Олар ресурс тапшылығын алға тартып, өздерін әлі де дамушы мемлекетпіз деп атайды. Олар ұлы алпауыттардың статусын алғысы келгенімен, өздері соған сай келмей тұр.

Калькутта көшесіндегі Үндістанның Британия билігінен тәуелсіздік алғанын тойлап жатқан халық / Keystone / Getty Images
Біз қазір әлемде көптеген ірі алпауыт мемлекеттер бар болғанымен, олардың ешқайсысы әлемдік тәртіпті сақтау үшін жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейтін түсініксіз дәуірге аяқ басып келеміз. Соңғы онжылдықта АҚШ-тың осы бір рөл үшін төлеген ақысын ескерсек, мемлекеттердің жетекші орынға соншалық құлықсыздық танытқаны түсінікті. Бірақ ол әлі де күрделі мәселе тудырып отыр.
Біз қазір бірлесіп шешімін табу қажет болатын ұжымдық қатерлермен бетпе-бет келген (ең алдымен климаттық өзгеріс) әлемде өмір сүреміз. Бұл жаһандық экономиканы басқару, пандемиямен күрес және өзге де трансұлттық дағдарыстарға да қатысты жағдай.
Осылайша жүйе биполярлы я көпполярлы ма деген сауал ендігі кезекте өзектілігін жоғалтты. Басы ашық басты мәселе, алпауыт мемлекеттердің ешбірі (алпауыт мемлекеттер одағының ешбірі) әлемдік істермен саналы түрде айналысып, жауапкершілікпен басқаруды мойнына алуға дайын емес.
Терең плюрализм негізінде қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіп бейиерархиялық болары анық. Қазір еш жерде бір көшбасшының маңайына топтасу сынды келісім жоқ. Батыстың ұзаққа созылған үстемдігі тамыры тереңге жайылған сенімсіздікті (отаршылдық пен ондаған жыл бойы тыстан араласуға байланысты қалыптасқан) тудырды. Сол себепті гегемония идеясының өзіне қарсылық бар.

Бейжің. Бао Жианпиңнің фотосуреті. 2025 жылдың 25 ақпаны / Getty Images
Бүгінгі таңда сол қарсылық көшбасшылықты қолына алуға тырысқан кез келген жаңа алпауыт мемлекеттерге қатысты туындайды. Айталық, Қытай АҚШ-тың «орнын баса» алмайды. Өйткені оған тиісті легитимділік берілмейді. Ешкім әлемнің осы бір қағидат бойынша басқарылғанын қаламайды. Ендігі әлем ортақ ұжымдық негізде басқарылады я мүлдем одан бас тартады. Біздің көз алдымызда орнап жатқан саяси мәселенің мәні осы.
Ресей, Қытай мен жаһандық Оңтүстік мемлекеттерінің Батыс әлеміне қарсы құрған альянсы өте қауіпті сценарий болар еді. Бұл жаһандық әріптестіктің жолын түбегейлі жауып, екі әлемнің арасына сына қағатын еді. Менің көзқарасым бойынша, ықтимал нұсқалардың ішіндегі ең қатерлісі осы.

Эмиль Флори. «Түптеп келгенде, Филиппин — Қытайға апарар жолдағы бір баспалдақ қана», Judge журналы, 1900 жылдың 21 сәуірі / Wikimedia Commons.
Батыстың әлемге қалдырған мұрасының бірі (таңбаған, дегенмен кең насихатталған) ешқандай шектеу қойылмаған дамуға деген ұмтылыс болса керек. Әрі жетекші экономика мен оларға жеткісі келгендер қандай жолмен болмасын тез байып, айбатты мемлекет атануға ден қоюда. Осы бір ашкөздік үлкен мәселеге айналып отыр. Өйткені біз Жер шарының мүмкіндік шегінен асып барамыз.
Егер мұндай үдеріс сақталып қалатын болса, онда соңғы бес-алты мың жыл бойы адамзат өркениетінің аман қалуын қамтамасыз еткен шарттар түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін. Қандай өзгерістер орнайтынын болжау оңай емес, дегенмен олар қоғамның іргесін сөгері анық.

Трампқа қарсы адамдар Трафальгар алаңында жиналып тұр. Алистер Хиксон фотосуреті. 2017 жылдың 20 қаңтары. Лондон, Ұлыбритания / Wikimedia Commons
«Өркениеттердің» қайта оралуы
Қазір «өркениет» деген түсініктің өзі қайта жаңғырып жатыр. Қытай осы бір процестің басында келеді және бұл кездейсоқтық емес: ол өркениеттік шектеулерден үлкен пайдаға кенеліп отыр. Хундитва нарративі бар Үндістан және ислам әлемінің Иран секілді бір бөлігі де өркениеттік бірегейлік идеясын жиі алға тартады. Тіпті Еуропалық Одақ осы бір ұйым аясында өздерін жайлы сезінеді.
Ресей де өзінің тұтас өркениеттік бірегейлігін қалыптастыру жолында таудай қиындықтарға кезіккен. Ресейдің ұлттық нарративі ұзақ уақыт бойына батыс пен славянофил арасында құбылып тұрды. Қазіргі уақытта Ресейді еуразия өркениетінің орталығы ретінде санайтын славянофилдер үстем болып тұр. Дегенмен Ресей дербес өркениет пе, әлде Еуропаның бір бөлшегі ме дейтін шешілмеген мәселелер (Ресейдің ішінде де, сондай-ақ халықаралық аренада да) де жоқ емес. Жапония тәріздес, Ресей де Еуропа мен Батысқа келгенде екіұшты жағдайда қалып отыр.

Дитрих Раймер Верлаг. «Антанта халықтардың өз-өзін билеу құқығын шынымен мойындап, тізгінді босатқанда, одан не қалар еді» деген сатиралық карта. 1912 жыл / Bibliothèque nationale de France
Қалыптасып келе жатқан терең плюрализм жүйесіне қатысты бірнеше қатер бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — бұрынғы, сондай-ақ жаңа алпауыт мемлекеттер халықаралық тәртіпті басқаруға құлықсыз. Аяғынан тік тұрған алпауыттар шаршады, оған қоса бұл мемлекеттердегі сайлаушылар жаһандық көшбасшылықтың ауыр жүгін арқалағысы келмейді, ал олардың халықаралық легитимділігінің іргесі сөгілген. Дәл осы уақытта қарқын алған алпауыт мемлекеттер әлі дамып жатқанын және мойнына мұндай жауапкершілікті алуға қажет ресурстарға иелік етпейтінін мәлімдеп отыр.
Бұған қарап нақты бір жорамал жасаймыз: бізді алдағы онжылдықта халықаралық институттық құрылымдар үшін ұзаққа созылатын күрес күтіп тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік банк және Дүниежүзілік сауда ұйымы сынды ұйымдар легитимділігінен айырылып жатыр. Өйткені әлем бұл ұйымдарды батыстың мүддесін қорғайтын батыстық құрылымдар ретінде (негізі де жоқ емес) қарастыра бастады. Аталған құрылымдарға реформа жасау өте күрделі іс. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін оның құрамындағы тұрақты мүшелеріне берілген вето құқығына байланысты қайта құру мүмкін емес.
БРИКС-ке мүше елдер балама институттарды (олардың кейбірін келіссөздер кезінде қысым көрсету үшін қолданса, басқалары нағыз балама ретінде жасалған) құрып жатыр. Аталған процестің ұзаққа созылып, қиын соғатыны сөзсіз.
БРИКС мүшелері мен мүше атануы мүмкін елдердің картасы / Wikimedia Commons
Бұл оқиғалардың бәрі әлемдік тәртіп жөніндегі либералдық көзқарасты алмастыратын идеяға шөліркеп тұрған уақытта өрбіп жатыр. Біреуге ұнап-ұнамағанына қарамастан, Батыс шындығында нақты қағидаттары мен құрылымы бар әмбебап (ара-тұра қатерлі болса да) үлгіні ұсынды. Енді либерализмнің өзі дағдарысқа ұшырады және ешқандай алпауыт өркениет жарамды балама көзқарас ұсынған жоқ.
Ресей, Қытай мен Үндістан либералдық тәртіпке қарсы тұруы мүмкін, бірақ олардың ешбірі жаһандық деңгейдегі бүтін, конструктивті көзқарасты ұсынған емес. Бұл елдер нені терістеп тұрғанын жақсы білгенімен, орнына не ұсынарын білмейді. «Әлемдік деңгейдегі маңызды істерді кімдер басқарады және халықаралық әріптестік қалай болуы қажет?» дейтін сұрақтар алдағы уақытта көтерілетіні анық болғанымен әзірге оның жауабы жоқ.
Сондай-ақ неоимперализм қатері де төніп келеді. Бақылаушылардың басым бөлігі қазірдің өзінде-ақ Ресейді осы бір өлшем тұрғысынан қарастырады. Қытайға қатысты да осыған ұқсас қатердің барын айтқандар бар. Ал Батыс болса, өзінің империялық өткенінен сабақ алғанға ұқсайды және оған қайта орала қоюы екіталай (бірақ басқа мемлекеттер мұндай ұстамды бола алады дейтін сенім жоқ). Байлық пен билік әлемге дендеп енген сайын, жекелеген аймақтарда империалистік үдерістер қайта көрініс беріп қалуы мүмкін.

Генри Мейер. «Шетелдік державалар Қытайды бөліп алып жатыр» атты француз саяси карикатурасы. Le Petit Journal. 1898 жыл / Wikimedia Commons
Тағы бір дүниежүзілік соғыс бола ма?
Дүниежүзілік соғыс қаупі түбегейлі сейілген жоқ, бірақ менің ойымша, ядерлік қару (және ядерлік қақтығыс алдындағы қорқыныш) мұндай сценарийді тиімді түрде орнатпай отыр.
Алайда осы бір «ядорлық шектен» төмен деңгейде үлкен қақтығыстардың орнауына мүмкіндік беріліп отыр (мәселен, біз оны Украина мен басқа да аймақтардың мысалынан көріп отырмыз). Әсіресе дәстүрлі түсініктегі соғыс ретінде жіктеуге келмейтін әрекеттердің үрдіске айналуы қатты алаңдатады. Бұл тұста мен кибершабуылдар мен инфрақұрылымдық соғыстар (құбырларға қатысты құйтырқы әрекеттер, су асты кабельдерін зақымдау және теңіз маршруттарына шабуыл) жөнінде сөз етіп отырмын. Әлеуметтік және маңызды инфрақұрылымға (интернет және физикалық құралдар арқылы да) шабуылдар жиілеп кетті. Осы тұста мұндай соғыстардың нашар зерттелгені тіпті елеңдетіп қойды. Қазір бізде шиеленістерді басқарудың я мұндай оқиғаларды үлкен қақтығысқа айналдырмай, алдын алудың нақты механизмдері жоқ.

Colonial Pipeline-ға жасалған кибершабуылдан кейінгі Exxon жанармай бекеті. 2021 жылғы 7 мамырда болған кибершабуыл АҚШ-тағы ең ірі құбыр жүйесінің жұмысын бес күнге тоқтатып, президент Джо Байденнің төтенше жағдай енгізуіне себеп болды. Дастин Чэмберстің фотосуреті. 2021 жылдың 13 мамыры / The Washington Post / Getty Images
Жаһандық коллапсты болдырмас үшін біз экономиканы тұрақтандырып, климаттық өзгерістерді реттеуіміз қажет. Егер осы бір істі тыңғылықты тындырмасақ, біз мүлдем бөлек (жайлы емес) әлемге қадам басамыз. Көз алдыңызға, мәселен, келешекте теңіз суының деңгейі екі-үш метрге көтерілгендіктен жағалауда бой көтерген қалаларды су басқанын елестетіп көріңізші. Бұл ғылыми фантастикалық шығарма емес, келешекте нақты басымызға орнауы мүмкін жағдай.
Дегенмен біз өмір сүріп отырған кезең үлкен мүмкіндіктерге де жол ашады.
Біріншіден, өркениеттік бірегейліктің қайта жаңғыруы жаһандық теңдік үшін қажет жаңа негізді ұсынуы мүмкін. Айталық, нәсілдік теңдік жалпы қабылданған құндылыққа айналғаны тәрізді, өркениеттер арасындағы айырмашылыққа құрмет көрсету түрлі қуатты орталықтардың өзара әрекеттесуіне ықпал ете алады. Бұл либералды, бірдей қылуға тырысқан әлемдік тәртіпке қарсы көзқарас болмақ. Осылайша либерализмнің орнына айырмашылықтарға жай ғана төзіп қана қоймай, шын мәнінде бағалайтын жүйе пайда болуы ғажап емес.

Кейптаундағы түрмеден шыққанына екі күн болған Нельсон Мандела Соуэтода. Джоанна Рэттің фотосуреті / Documenting South Africa Archives / The Boston Globe / Getty Images
Екіншіден, тұрақты даму болашаққа бастайтын басқа бағыт көрсетеді. Жаһандық энергетикалық ойысу басталып кетті, бірақ бізге даму деген түсініктің өзін (әсіресе экологиялық шығын тұрғысынан) қайта ой елегін өткізу қажет. Бұл жетекші экономикалар мен оларды қуып жеткісі келгендерге де қатысты дүние. Бәрі де дамуды жалғастырғысы келеді, бірақ біз мұны қалай жасап жатқанымызды қайта саралап, кейбір ортақ стандарттарға қатысты ымыраға келуіміз керек.
Ең бастысы бізге жаһандық институттарды билікті, байлық пен беделді әділ түрде үлестіретін, заманауи әлемнің сипатын дәл бейнелейтіндей реформалауымыз қажет. Оған біраз уақыт кетеді (бәлкім, он жылдықтар). Бірақ солай жасау аса маңызды.

UFC 309 турниріндегі Дональд Трамп пен Илон Маск. Джефф Боттаридің фотосуреті. Мэдисон Сквер Гарден. 2024 жылдың 16 қарашасы / Zuffa LLC / Getty Images
Біз қиын тұсқа келіп тірелдік. Бір жағында — өрши түскен жаһандық экологиялық дағдарыс, ал екінші жағында — әлемдегі байлық пен билікті үлестірудің бұзылған жүйесі тұр. Аталған екі күш деструктивті сипатта қақтығысуы мүмкін. Егер қақтығыс орнаса, біз заманамыздың тағдыршешті қатерлерін шеше алмаймыз.
Бірақ халықаралық қатынастар саласының бұлыңғырлығына қарамастан менің оптимизмім (мүмкін болған жерге дейін), климатқа қатысты жағдай және ол тудырған қысым бізді әрекеттестік пен институционалдық реформалар жасауға итермелейді деген сенімімді тудырып отыр. Егер олай болмаса, аталған қысым әлемді одан әрмен ыдыратып, жаңа қақтығыстар тудырады.