ИМПЕРАТОР ӘЙЕЛ ЦЫСИДІҢ ӨМІР СҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Жомарттық одақтастарды тартады

ИМПЕРАТОР ӘЙЕЛ ЦЫСИДІҢ ӨМІР СҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Қытай патшайымы Цыси. 1900 жыл / Alamy

Сарайдағы есімі «Мейірімді әрі көңілді» деп аударылатын Цыси (1835–1908) бүкіл Қытайды жарты ғасыр дерлік темір қолмен алқымынан қысып ұстады. Сарайдағы аса қатал сұрқия тартыстың ортасында аман қалған және абсолюттік билікті іс жүзінде өз қолына алған ол тірі қалу бойынша айрықша дағдыларды және қажымас қайрат-жігерді паш етті. 1835 жылы дүниеге келген бойжеткен жиырма бес жасында-ақ адамның жас болуы кемшілік, ал әйелдер мүлік деп саналған, Цысидің жынысы, оның қоғамдағы орны мен шыққан тегі жоғарғы билік туралы ойдың өзін де жоққа шығаратын елдің, яғни Қытайдың бірінші тұлғасына айналды. Өмірдегі ұстанымдарының қайсысының арқасында Цысидің мүмкін емес нәрсені жасағанын көрейік.

Жомарттық одақтастарды тартады

Цыси — жоғары дәрежелі шенеуніктің әулетінен шыққан маньчжур қыз, бала кезінен сүйкімді деп саналды да, сарай нақсүйерлері болудан үміткерлер тізіміне енгізілді. Сол кезде билік басында маньчжур әулетінен шыққан императорлар отыратын, сондықтан қытай қыздарының ықпалынан және ықтимал қастандықтан қауіптенгендіктен әдетте оларға қытай қыздарын нақсүйер ретінде алмаған. Қытайда маньчжурларға қарсы көңіл күй 17 ғасырда елді маньчжурлар жаулап алған сәттен бастап әрқашан да күшті болған. Сарайда нақсүйерлер мен қызметші әйелдер өте көп болатын, император өзіне қызмет еткен әйелдердің бәрін тани бермейтін. Сол кезде Сяодэ Ланьхуа (Кішкентай Орхидея) деген атпен белгілі болашақ император әйел тағдырының кімнің қолында екенін бірден түсінді де, қолына түскен ақша мен бағалы заттардың барлығын Тыйым салынған қалада қызмет ететін евнухтарға сыйға тартып, есесіне ештеңе сұрамайтын. Евнухтар қызға оң көзімен қарай бастады да, оған императордың дағдылары мен іс-әрекеті туралы баяндайтын болды, тіпті нақсүйер мен әміршінің кездейсоқ жолығып қалуына септігін тигізуге аздап күш сала бастады.

Сәтті жағдайды күтудің керегі жоқ, оны ұйымдастыру керек

Қатты ыстық болған бір күні император сарайдың едәуір аумақты бағында серуендеп жүрді де, оған ілесіп жүрген евнухтар әміршісіне бақтың алыс түкпіріндегі көлеңкелі жерге апаратын соқпақты көрсетті. Оның ең алыс шетінде жас орхидеялармен безендірілген павильон бар екен. Кенет император ғажайып әдемі дауысты естіді: бір бойжеткен ән салып жатты. Павильонның артында әміршіні мүлдем байқамағансып әдемі киінген сұлу қыз отырды, оның шашы жаңа жұлынған орхидеялармен безендірілген еді. Тыңдаушылардың барынан мүлдем хабарсыз күйде қыз жайбарақат, тек өзі үшін айтып отырғандай, көктем мен гүлдер туралы ән салумен болды. Император жақсы әсерге бөленді. Көп ұзамай Кішкентай Орхидея оның жатын бөлмесіне шақырылды. Біршама уақыт өткенде ол билеушіге ұл тауып берді де, «қымбат бағалы нақсүйер» атағына ие болып, гарем кестесінде императордың әйеліне жақын биіктікке шырқап шықты.

Цыси патшайымның портреті / Alamy

Цыси патшайымның портреті / Alamy

Риза бола біл

Шежірешілердің бәрінің айтуынша, Цыси өте кекшіл әйел болған, алайда ол өзінің отбасына жасаған жақсылықты да ешқашан ұмытпаған. Ол туралы оның өмірбаяншысы Юй Жунлин былай деп жазады: «Әкесі қайтыс болғаннан кейін Цысидің отбасы жұтап қалды. Оның жесірі бес баламен қалып, тек достарының арқасында ғана жай қайықпен Бейжіңге көшіп барды. Ояздық қала Тунчжоуға жеткенде, олардың жанына тағы бір қаралы қайық келіп тоқтады. Әлдебір тунчжоулық шенеунік сол қайыққа құрбандық шалу үшін жүз күміс лян беріп малайын жібереді, бірақ малай қателесіп, ақшаны Цысидің анасына береді. Қателік туралы білген шенеунік күмісті қайтарып алуға қымсынады, ол ол ма, жесірге өзі көңіл айтуға келеді. Цыси мен анасы бұған өте разы болады да, оның визит кәртішкесін сақтап қалды. Кейіннен, Цыси билеушіге айналғанда, өздерін жарылқаған сол шенеуніктің қайда қызмет ететінін біліп алып, мемлекеттік кеңесте

«Бұл адам өте дарынды, оның қызметін жоғарылату керек», – деп мәлімдеді.

Ол шенеуніктің аты У Тан болатын, ол маньчжурларға қарсы көтеріліске шыққан шаруаларды — тайпиндерді аяусыз басып-жаншыған император әйелдің ең адал үзеңгілесіне айналды.

Күшті әйелге осал еркек керек

Өктем әрі күшті адамға өз машықтарын шыңдау үшін қарсыластар керек болуы мүмкін, бірақ ол ондай жандарды маңайына жолатпайды. Сондықтан да ежелгі дәуірдің ең ұлы билеушілері көбінесе әйелдер болған. Әйелдер билеген тұста әлемнің аса ірі империяларының (Британия, Испания, Ресей) құрылып, ұлғая түскені таңғаларлық жайт емес, өйткені сол Изабелла, Елизавета, Виктория мен Екатериналардың барлығы өздерін аса көрнекті мықты еркектермен — қолбасшылармен, министрлермен және саясаткерлермен қоршаудан қаймықпаған. Цыси болса басқаша әрекет етті. Әйтсе де, оның басқа амалы қалмады, себебі әйелдер билігі (басқаша айтқанда, «бамбук шымылдықтың сыртынан билік жүргізу») Қытайда қалыптасқан тәртіпті бұзу деп саналды да, сондықтан мемлекет басқару ісін әйел тек бала императордың регенті ретінде ғана өз қолына ала алатын. Бұл тәртіптің өзі де маньчжурлар кезінде өзгерді: Цысидің ұлы Тунчжи әкесі қайтыс болғаннан кейін алты жасқа толмай император болды, Цысиді және бұрынғы императордың үлкен зайыбы Цыаньді ұлы тақсыр ханымдар деп атай бастады, бірақ билік регенттер кеңесінің қолына тиді де, оған қарсы күресуге Цыси көп күш пен қулық жұмсап, біртіндеп оның қатысушыларының барлығының көзін құртты немесе параға сатып алды.

Алайда есейіп келе жатқан бала түптің түбінде барлық мемлекеттік істерде анасының орнын басуға тиіс еді, бірақ бұл Цысидің жоспарына мүлде кірмейтін, сондықтан бозбаланы бала кезінен бос жүруге үйретіп, ойын-сауыққа құмарлығын қолпаштап, апиын тартуға баулыды. Өмірбаяншылардың естеліктері бойынша ол 17 жасында-ақ әбден азғындаған жарымес болады да, көп ұзамай дүниеден өтеді. Ұлы қайтыс болғаннан кейін Цыси сіңлісінің император әулетінің княздарының бірінен туған ұлын, өзінің үш жасар жиенін таққа отырғызды. Қолында бүкіл билікті ұстап отырған ол жас Гуансюйді қорқытып тастағаны соншалық, нағашы апасына қарсы тұруға баланың ешқашан батылы бармады да, ресми император бола тұра, апасының жанында туысқанынан гөрі тұтқын сияқты ұсталды. Гуансюй қайтыс болғаннан кейін Цыси тағы бір сәбиді, өзінің екі жасар немере жиені Пу Иді таққа отырғызып үлгерді, бірақ келесі күні, 1908 жылы қайтыс болып, артында жаппай азаматтық соғыс етек алып үлгерген, әбден құлдыраған елді қалдырды.

Өзіңді жек көретіндерді кешірме

Цыси билік құрған кезде Қытайда адамдарды өлім жазасына тартудың оңайлығы шетелдіктерді айран-асыр қылатын, ал мұндай өлім жазасының саны қиял-ғажайып, мүмкін емес нәрседей көрінетін: өлім жазасына тартылған қырық мың ихэтуань бүлікші, өлім жазасына тартылған жүз мың... Бүкіл 19 ғасыр бойы Қытай таусылмайтын соғыстарды, революциялар мен бүліктерді бастан кешумен болды, ханьдықтар маньчжурларға қарсы, халық шенеуніктерге қарсы, қытайлар шетелдіктерге қарсы, провинциялар метрополияға қарсы көтеріліп жатты, бұған апиын соғыстары және біресе бір жақты, біресе екінші жақты қолдаған еуропалық әскерлер де шексіз ықпалын тигізіп отырды. Император Цыси ханым Қытай тарихында ұзақ уақыт бойы шексіз қатыгездіктің бейнесі ретінде қарастырылып келді, алайда қазіргі заманғы зерттеушілер оның басшылық жасау мәнерінен оны алдыңғы билеушілерден ерекшелеп тұратын ештеңе таппайды. Ал оның өзіне бір рет болса да қарсы шыққандарды ешқашан кешірмегені ақиқат, тіпті ресми кешірім жасап, татуласқаннан кейін де бұрынғы қарсыласы әдетте бірнеше аптадан кейін, әрі кетсе бірнеше айдан кейін аяқ астынан өліп қалатын. Тіпті Цысиге әбден берілген жақтастары да оның уды үй ішінің кішігірім мәселелерін шешудің ең жақсы жолы деп санағанын мойындайды.

Юбер Вос. Жесір патшайым Цыси. 1905 жыл / Alamy

Юбер Вос. Жесір патшайым Цыси. 1905 жыл / Alamy

Адамдар сені сырт әлпетіңе қарап бағалайды

Император ханымның киім бөлмесі бірінен біріне өтетін, сөрелері бар жатын жайлардың қатары болатын, сөрелерде аяқкиім, әшекейлер және сәнді жамылғылар салынған, жазуы бар жәшіктер сақталатын. Цыси өзінің сырт келбетіне өте мұқият қарады, тіпті қартайған шағында да ол ешқашан опа-далаптан бас тартқан емес, асыл тастардан жасалған әшекейлерді молынан тағатын, олардың ішіндегі ең ұнататыны інжу-маржаннан жасалған иық алқа болатын. Кез келген, тіпті үйдегі және бейресми жағдайдағы келбетінің айбынды болуы Цысидің бұлжымас қағидасы еді. Тек кемеңгерлер мен есуастар ғана қымбат киім киген адамның алдында басын имейді және жүрегін жуасытпайды, алайда сарай адамдарының арасында ондайлар аз болатын, ал қалғандары бұл жерде кімнің император ханым, қария Будда әрі ел анасы екенін, ал кімнің оның алтын жалатқан туфлиінің астындағы күл екенін түсінуі керек еді.

Ұнау үшін қарапайым болып көріну керек

1904 жылғы Дүниежүзілік көрмеге арнап Цысидің портретін жазған америкалық суретші Катарина Карлдың пікірі Цысидің мейіріміне бөленген, сарайда жиі болып, император ханым туралы естелік қалдырған әйгілі қытай бишісі Юй Джунлинмен таңғаларлықтай сәйкес келеді. Екі әйел де Цысиді аса сүйкімді әрі қарапайым, күлегеш, сәл аңқау, бәріне зейін қоятын, өзінің шынайылығымен және емін-еркіндігімен тәнті ететін жұмсақ жүректі әйел ретінде суреттейді. Цыси суретші қызбен де, биші қызбен де жақын құрбылары сияқты әңгімелесіп, өзіне де, император сарайындағы тәртіпке де қатысты әзіл айтатын, жалпы аса кең көзқарас танытып, айрықша салиқалы ақыл-ойды паш ететін. Катарина Карл да, Юн Джунлин да сарайға шақырылған қонақтар, үлкен әлемнің елшілері әрі халықаралық ауқымдағы жұлдыздар болғандықтан, біз олардың көмегімен әлемге Цысидің осындай бейнесі көрсетілгеніне сенеміз, ал оның шындыққа қаншалықты сай екеніне келсек, бұл жерде пікір таластыру үшін кең өріс бар. Алайда таңдай қаққан бойжеткендердің осы пікірлерінің арқасында біз Цысидің сұхбаттасына ұнағысы келгенде қандай тәсілдерді пайдаланғанын анық білеміз.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Юн Чжан. Императрица Цыси. Наложница, изменившая судьбу Китая. 1835–1908. М.: Центрполиграф, 2019.

2. В.И. Семанов. Из жизни императрицы Цыси. М.:Наука, 1979.

Не көру керек?

«Последний император», Бернардо Бертолуччи (1987).