АБАЙ ЖОЛЫ

Әуезовтің романын неге көшпелі өмірдің этнографиялық энциклопедиясы дейміз?

~ 9 мин оқу
АБАЙ ЖОЛЫ

Федор Потехин. Халық арасындағы Абай. 1976 жыл / Bonart.kz

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы  жүзден астам тілге аударылып, қазақ мәдениетін әлемге танытқан ең көрнекті шығармалардың бірі. Алайда оның құндылығы ұлы ақынның өмірбаянын баяндаумен ғана шектелмейді. Романда қазақ халқының дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен қоғамдық қатынастары, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Әсілінде, «Абай жолы» — қазақ халқының ауқымды этнографиялық энциклопедиясы. Онда суреттелген дәстүрлердің көбі бүгінде ұмыт бола бастады, енді бір бөлігі үзінді күйінде ғана сақталды, ал кейбірінің мәні мүлде жоғалды. Алайда бір қарағанда елеусіз көрінетін түрлі детальдан дала өмірінің өзіндік логикасы мен тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін айқындаған құндылықтар жүйесі танылады.

 

Арнайы Qalam үшін абайтанушы, этнограф Алмахан Мұхаметқалиқызы романдағы бүгінде ұмытыла бастаған этнографиялық деректер мен олардың қазақ қоғамы мен Абай өміріндегі орнын тарқатады.

Мазмұны

Жұлдыз жорамал

Көшпелілердің тұрмыс-тіршілігі табиғатты танып-білу қабілетіне тәуелді болған. Ежелден-ақ көшпелілер жаз жайлау, қыс қыстауға қоныс аударғанда я алыс сапарға шыққанда, жол бағдарын аспанға қарап анықтаған. Табиғат белгілерін «оқи» білетін адамдар ерекше құрметке ие болған. Олар түнде жұлдыздардың, күндіз күннің қозғалысын бақылап, табиғаттағы болмашы өзгерістерге қарап-ақ ауа райын алдын ала болжай алған.

Шыңғыс Кенжебаев. Тыныштық. 1989 жыл / Bonart.kz

Шыңғыс Кенжебаев. Тыныштық. 1989 жыл / Bonart.kz

«Абай жолы» романында халық арасындағы табиғат нышандарына қарап болжам жасайтын, дала сырын жақсы білетін жандар кеңінен суреттеледі. Олар жаңа туған айдың келбетіне, жұлдыздардың жарығына, күннің шығуы мен батуына қарап ауа райын болжаған. Сондай-ақ қыстаудан шығып, жайлауға көшетін уақытты да солай анықтап отырған.

Мұндай табиғат белгілері аз емес. Мысалы, жайылымда қойлар кенеттен бір бағытқа қарай бұрылып жайылса, бұл жақында боран соғады дегенді білдірген. Ал батар күннің қос тарапында жарық дақтар байқалса, ауа райы жақсарады деп күткен. Ит пен мысық бүрісіп, басын бауырына тығып ұйықтаса, жаңбыр не қар жауады деп болжаған.

Осындай қарапайым көрінетін білімді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу көшпелі қоғам үшін аса маңызды болған. Табиғатты бақылау тек ауа райын болжау тәсілі емес, мал шаруашылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілікті тиімді ұйымдастырудың міндетті шарты еді.

Мәселен, романның «Құз-қияда» тарауында барымташы Бесбесбайдың үзеңгілес серіктеріне айтқан кеңесінде әйгілі жорықшының табиғатты тани білгені айқын көрінеді:

«Ымырт қараңғылығы қоюланған сайын жортуылшылар жүрісі қатая берді. Енді айсыз кеште біртіндеп жұлдыздар туа бастап еді. Бесбесбай «сәл ғана іркіл!» деп қолмен белгі етті де, бағана Есентай тапсырған, өзі мақұл көрген бір жайды барлық топқа мәлім етті. Қолтығына қысып алған ұзын қара шоқпарын көлбете көтеріп, аспанға нұсқап тұрып, барлық топқа Темірқазықты көрсетті.

 

— Ау, азамат! О, мына бір нәрсені жадыңда тұтшы! Тыңдап ал, ұғып ал! Сонау жалғыз жұлдыз  Темірқазық. Зәуісайтан, біреуің оқшауланып, тағы бір топтарың жырыла жарылып шабатын кез болса, тегінде, есіңде болсын! Ел қайда, жау қайда екенін қашқылық-қуғылыққа аңдамай, қатерге түсіп-ақ қалуға болады. Сонда серігің  осы жұлдыз. Ат құйрығын дәл осы жұлдызға беріп алып бет түзегейсің!  деді де, тағы да жорта жөнелді».

Сыбаға сақтау

Бұл қазақ халқының қонақжайлық салтында құрметті қонаққа, туысқа немесе өзі келе алмаған адамға арнайы сақталатын, сондай-ақ әр адамның жасы мен мәртебесіне қарай берілетін тиесілі ет үлесі.

Бұл дәстүрдің мәні қарапайым қонақжайлықпен шектелмеген. Қысқы соғым кезінде ауқатты отбасылар жалғызілікті қарттарға, жетімдер мен тұрмысы төмен адамдарға арнайы ет бөліп отырған. Мұндай үлес «өлі сыбаға» немесе «қара сыбаға» деп аталған.

«Абай жолы» романында да дәстүрлі сыбаға беру, ерулік, айырылыспақ беру салты көркем баяндалады.

С.М.Дудин. Қазақ киіз үйінде. Қазақстан, Семей облысы, 1899 жыл / ҚР ОММ

С.М.Дудин. Қазақ киіз үйінде. Қазақстан, Семей облысы, 1899 жыл / ҚР ОММ

Айырылыспақ беру қыстаудан жайлауға көшетін уақытта қайта айналып көрісуді мақсат етіп жайылатын қонақасы. Мысалы, романның «Қат-қабатта» тарауында сыбаға беру дәстүрі былай сипатталады:

«Осы абысын, жеңге, келін атаулының бір машығы  жылына екі мезгіл Құнанбай үйлеріне сыбаға әкелуші еді. Бір сыбаға көктемде. Қыстай қыдырып араласа алмай жүрсе, жазғытұры ең алғаш сыбайлас қонғанда, Зере отырған үлкен үйден бастап осы Күнкенің үйіне де бір-бір келеді. Қыстан сақтап шыққан сүрілерін әкеледі. Екінші рет, қазіргідей қыстау-қыстауға айырыла көшерде әкелетін».

Бұл — қазақ дәстүрінде ынтымақтастықты сақтап, сыйластықтың үзілуіне жол бермейтін ежелгі сақтандыру жүйесі іспетті. Халықтың «Сыйға сый, сыбағаға бал» деуі тегін болмаса керек.

Айыпқа бала беру

Қазақ арасында бүгінде түсінуге қиын көрінетін дәстүрлер де болған. Екі рудың арасындағы ұзаққа созылған араздықты, барымта мен қантөгісті тоқтату үшін тараптардың бірі өз баласын екінші жаққа беруі мүмкін еді. Бұл мойынсұнудың белгісі я аманат емес, керісінше, татуласудың ең жоғары формасы саналған. Бала екі жақты байланыстыратын жаңа туыстықтың тірі символына айналып, бұрынғы араздықтың орнын жаңа туыстық қатынастармен жалғауға тиіс болған.

Олег Коминарец. Киіз үй жанындағы балалар. 2017 жыл / Bonart.kz

Олег Коминарец. Киіз үй жанындағы балалар. 2017 жыл / Bonart.kz

Тарихи деректер мен шежірелер бұл дәстүрдің, ең алдымен, қарапайым келіссөздер нәтиже бермеген ірі руаралық қақтығыстар кезінде қолданылғанын көрсетеді. Осылайша, жаңа туыстық бейбітшіліктің кепіліне айналған.

Әуезов бұл дәстүрге «Шытырманда» тарауында тоқталады. Құнанбай мен Бөжей арасындағы жер дауына байланысты туындаған тартысты тоқтату үшін Құнанбай Айғыздан туған екі жасар қызы Кәмшатты Бөжей отбасына береді. Осылайша, бала екі жақ арасындағы жаңа туыстың символына айналады.

«Ертеңінде Бөжейлер жүрер кезде Абайдың Қарқаралыда естіген жат сөзінің шешуі жетті. Өз үйінде жер бауырлап жылап, Айғыз жатыр екен. Қарабас мұның қолынан Кәмшатты алып, шарт киіндіріп, үлкен үйге апарыпты.

Және бұған жылы жауап айтқаны Ұлжан, Айғызға да жалына бастағаны тәрізді. Анық соның белгісі. Тағы біраз үндемей отырып барып:

Ағайын жолы бұлай ма? Араз елді жамастырам деп, қалыңға қыз да беріседі. Күң есепті, қатып есепті береді. Біз, берсек, етбауыр бала қыл деп беріппіз. Қорлыққа бердік пе? Тек сын Бөжей басында ғой. Біле білсе, менің балам оның баласы болмайтын несі бар еді? Жат деп, жау ұрпағы деп, дұспан көріп кірпідей жиырылса, қарыз оның мойнында емес пе? Тіпті жазықты болсам, мен жазықты шығармын. Бесіктен шығарып, адам ұлы деп, соның бауырына берген балам жазықты ма еді? Қатын-қалаш, ауыл аймағына тым құрыса соны ұғындыра алмаса Бөжейдің аяқтағы суға ағып өлгені ғой!  деді».

Айыпқа берілген бала өз еліне қайтарылмай, барған руға сіңіп кететін. Бала жас болса, оны бағып-қағатын, ол сол үйдің жеткіншектерімен тең құқылы болып өсетін. Бойжетсе, сол тараптың босағасына келін болып түскен. Сондықтан айыпқа берілген бала ешқашан «құл» немесе «күң» атанған емес. Ол жаңа ортада бауырластықтың, бітімнің кепілі ретінде қабылданып, ерекше құрметке ие болған.

Әмеңгерлік

Бүгінде қолданыстан шыққан әмеңгерлік дәстүрлі қазақ қоғамында дала заңдарында бекітілген толыққанды құқықтық норма болған еді. Есім ханның «Ескі жолында» да, кейін Тәуке ханның «Жеті жарғысында» да жесір дауына қатысты мәселелерді реттейтін ережелер болған. Олардың басты мақсаты — ер адам қайтыс болғаннан кейін оның жесірі мен балаларына байланысты рулар арасында дау-дамайдың туындауына жол бермеу еді.

Әмеңгерліктің негізгі мәні — отбасын сақтап қалу. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның дүние-мүлкі басқа руға өтпеуге, балалары қамқорлықсыз, ал жесірі қорғансыз қалмауға тиіс еді. Оларға қамқорлық жасау бүкіл әулеттің міндеті саналған.

С.М.Дудин. Ауқатты әйел балаларымен. Қазақстан, Семей облысы. 1899 жыл / Alamy

С.М.Дудин. Ауқатты әйел балаларымен. Қазақстан, Семей облысы. 1899 жыл / Alamy

Ал күйеуі өлген әйелдің кімге тұрмысқа шығатынын ру ақсақалдары мен билер алқасы шешіп, заң бұзғандарға қатал айыппұл (малмен құн төлеу) кесілді. Романда Абайдың Еркежанға (інісі Оспанның жесірі) әмеңгерлік жолмен қосылуы жан-жақты сипатталған:

«...Осы күні түс ауа Оспан аулына бар туыстар жиналды. Жақында ғана жатақтың жанжалында Абай қандай қызу, қайсар даугер, бітімсіз болса, бүгін мүлде баяу. Өзгелердің ынтыққаны мал-мұра ғой. Бұл оған елеуремейді. Сондықтан кейінгі бар сөзде де тартымды салқын қалды.

Абай ең алдымен Тәкежанның өзін сөйлетті. Тәкежан ұзақ сөйлеп, «өлгеннің артынан өлмек жоқ», «тірі пенде тірлігін етеді» деп келіп, әуелі, оның малын үлесу бір шешеден туған үш туыстың еркі екенін айтты. Ысқақ пен өзінің сөзі қосылғанын сездірді. Үлес жөнінде әлі ойын ашпаған Абай болғандықтан, енді бұның өзінен ішіндегі ниетін сұрады.

Шұбар мен Ербол кетер кезде:

— Әуелі үшеуінен бір-ақ сөзді өтініңдер. Ата жолы, шариғат жолы бұйырып отыр. Тірі отырған әмеңгерлері бар. Бәрі де ерге тисін деп кесіп отырмыз. Алдымен осыған ризалықтарын білдірсін!»

Көшпелі қоғамдағы әмеңгерлік институты мал-мүліктің ғана емес, адал некенің, атақ-абыройдың және отбасылық дәстүрлердің ұрпақтан-ұрпаққа берілуін қамтамасыз етті.

Аманат қою

Аманат қою — қайтыс болған адамды кейін басқа жерге қайта жерлеу мақсатында уақытша жерлеу дәстүрі. Бұл ғұрып көшпелі ортада табиғи-климаттық және әлеуметтік жағдайлардың ықпалымен қалыптасқан. Бұл рәсім қатты қыс сияқты қиын кезеңдерде немесе соғыс жағдайында марқұмды барлық тиісті рәсімді сақтай отырып, лайық жерге жерлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда жасалған.

Марқұмның сүйегі уақытша тау үңгіріне, сайға немесе жартастың ықтасына орналастырылып, үсті жабылған. Жерленген орынды кейін қайта табу үшін міндетті түрде белгі қалдырылған. Жағдай реті келгенде марқұмның денесі қазылып алынып, тұрақты жерленетін мекенге жеткізілген. Аманатты бұзу, уақытша жерленген орынды бүлдіру немесе марқұмның сүйегін қорлау ауыр күнә, қарғысқа ұшырататын іс деп саналған.

Бронислав Залесский. Қабір / Bonart.kz

Бронислав Залесский. Қабір / Bonart.kz

Аманат қою рәсіміне марқұмның жақын туыстарымен бірге ру ақсақалдары да қатысқан. Рәсім аяқталған соң, ғұрыпты атқаруға жауапты адам я молда үш рет дауыстап: «Жер-ана, бұл саған аманат!» деген. Жиналған қауым бірауыздан «Аманат, аманат!» деп қоштай жауап беріп, айтылған сөзді бекіткен.

«Абай жолы» романында бұл дәстүр Абайдың ұлы Әбіштің өліміне қатысты суреттеледі. Әбіш ауыр науқастан Алматыда дүние салған. Алайда қыстың қатал болуына байланысты оның денесін бірден туған жеріне жеткізу мүмкін болмаған. Сондықтан оның денесі көктемге дейін Алматыдағы мұсылман зиратында уақытша жерленеді. Романда осы сәт былайша суреттеледі:

«...Әбіштің жаназасына Алматы халқы көп жиылды. Талайдан бұлыңғыр, жүдеу, сұрғылт аспан мөлдір көк боп жарқырап ашылған еді. Қалың жұрт Ташкент аллейімен жүріп отырып, қазақ зиратына апарып Әбішті қоюға кетті. Лақаттап қазған көрдің жері әрі салқын, тоң еді. Ақыретке ғана оралған кіп-кішкентай, жұп-жұқа, бірақ ұзынша бойлы Әбіш сүйегі қазір сол суық қара жерге табыс етілді. Үлкен жүрек, аппақ таза көкірек сол қабірге түсті. Әбішті жерге, лақатқа Майқан мен Өтегелді өз қолдарымен қойып жатып: «Аманат, аманат!» десті. Жағалай тұрған барлық жиын осы сөзді бірауыздан қайталады».

Ерте көктемде Абай сүйікті ұлының денесін туған жеріне жеткізіп, Ақшоқыдағы Құнанбай зиратына жерлейді.

Қынаменде

Қазақ дәстүріндегі құда түсу екі әулеттің келісімімен шектелмеген. Құдаласудан кейін өзіндік мәні мен қатаң қалыптасқан рәсімі бар көптеген салт-жоралғы жалғасқан. Солардың ең қызықтыларының бірі — қынаменде, яғни күйеу жігіттің қалыңдығының ауылына алғаш рет келуі. Қынаменде күйеу жігіттің қайын жұрты мен ауыл жастарының алдына алғаш рет көпшілік алдында шығуы. Ол достарымен бірге қалыңдық үйіне келіп, онда ән-жыр, ойын-сауық, әзіл-қалжың, түрлі жарыс пен салт-жоралғыға қатысады.

Қынаменде сөзінің шығу төркініне қатысты бірнеше түсіндірме бар. Бір нұсқада бұл атау күйеу жігітті қарсы алғанда айтылатын «қинамаңдар» деген сөзден шыққан делінеді. Яғни бұл сөз арқылы оған алда болатын сынақтар жайлы алдын ала ескерткен. Екінші нұсқа бойынша, бұл атау қалыңдықтың туыстары мен күйеу жігіттің жолдастары арасында ұйымдастырылатын «Кінә менде» атты әзіл-айтыспен байланысты.

Күйеу жігіттің қайын жұрт пен келінге сәлем салуы. «Түркістан альбомы» / Wikimedia Commons

Күйеу жігіттің қайын жұрт пен келінге сәлем салуы. «Түркістан альбомы» / Wikimedia Commons

Сөздің шығу төркіні қалай түсіндірілсе де, салттың мәні өзгермеген: қынаменде екі жақтың тапқырлығы мен өнерін сынайтын көңілді ойын болған. Қалыңдықтың туыстары күйеу жігіт тарапын әзіл-қалжыңмен қарсы алып, оларға түрлі сынақ ұйымдастырған. Қалыңдықтың жеңгелері мен күйеу жігіттің достары арасында әзілге құрылған айтыс өткізіліп, екі жақ та ұтқырлығы мен тапқырлығын көрсетуге тырысқан.

Әуезов бұл дәстүрлерді Құнанбай мен Алшынбайдың құдалығын және құда түскеннен кейін Абайдың Ділдәға алғаш рет барғанын суреттеу арқылы кеңінен көрсетеді:

«Қалыңмал басы Алшынбайдың өзіне арналған кесек күміс бесік жамбы. Бұл ілу деп аталып еді. Екі жаққа да мәлім ілу китке орай. Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп кұда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға кит деп, Алшынбай ауылы күміс тартқан. Ол күмістің аты  тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді. Тегінде есептесіп келсе, әдет бойынша, ілу мен кит құн жағынан қаралас болатын».  

Қынаменде ойын-сауығында күйеу жігіттің өзгелерден бөлек арнайы тігілген киімі болатын. Қайын жұртына тұңғыш рет келе жатқан күйеудің басты белгісі де сол. Бұл жағдай Абайдың да басынан өткен:

«...Жұмағұл ауыл жаққа қарай түсіп:

Әлі тұра тұр, басыңда үкің жоқ деп қиғылық салады! Тымағыңды көзіңе кимесең, жақтан да ұрады. Екеуің бе? Ербол екеуің талай құқайды көресің. Не қыласың, тек ұсына бер! Басқа үкі тағу бар күйеудің әдеті. Ол ғана емес, қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу бұл өңірдің бар күйеуіне жол болатын. Абайға ауылдан шығар жерде Зере, Айғыз сондай киімдерді әзірлетіп ұсынған-ды. Кәрі әже әшейінде Абайдың дегеніне көне берсе де, бұл тұста ырық бермей, қатты бұйрық еткен:

Ата-бабаң жолы осы! Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! деп, дәл аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киімінің бәрін кигізді».

Ертеде қынаменде кешінде қыз-келіншектер қызыл-жасыл киініп, қалыңдықпен бірге тырнақтарына қына жағып, сәнденетін де болған екен.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ