Махаббат түркі аңыздарының мәңгілік тақырыбы десек болады. Сондықтан ғашықтық ән әуелеген сапар аяқталғанымен, қос жүректің лүпілінен маздаған іңкәр сезім ешқашан өшпейді. Оған куә — Ұлы дала төсінде мың жарым жылдан бері жырланып келе жатқан «Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» дастаны. Зерттеушілер бұл жыр түркі халықтарына ортақ дегенімен, қазақ даласында небір түрге еніп, өзгеше реңкке бөленген махаббат дастаны шынайылығымен ерекшеленіп, халықтың өмірлік арман-мақсатымен астасып кеткенін айтады. Qalam-ға зерттеуші Асылбек Байтанұлы мәңгілік махаббаттың белгісіндей болған жырдың шығу тарихы мен біз біле бермейтін қырын әңгімелеп берді.
Жоба Қазақстан мен Қырғызстанда өндірістік кәсіпорындары бар Орталық Азиядағы жетекші мыс өндіруші компаниялардың бірі – KAZ Minerals Тобының қолдауымен жүзеге асырылды.
Ең көне ғашықтық жыр
Бірін бірі жақсы көріп, ессіз ұнатқан қос жүректің лүпілінен маздаған махаббат машақаты — адамзат тарихындағы мәңгілік тақырыптардың бірі. Себебі әлем әдебиетінде бұдан көп жырланған, болашақта да жырлана беретін тақырып жоққа тән.
Қазақ фольклорында көне заманнан жеткен және жаңа заман әдебиетінде де авторлық ғашықтық дастандар аз емес. Бірақ солардың бір де біреуі «Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жырындай танымал болмағаны шындық. Трагедиялы тағдыры лиро-эпостық жырға арқау болған Қозы мен Баянның махаббат хикаясы ұмытылмай, туған халқымен, барша адамзатпен бірге мәңгілік махаббат жыры ретінде жасап келе жатыр.

Константин Баранов. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», 1976 жыл / Bonart аукцион үйі ұсынған сурет (https://bonart.kz/)
Ғалымдар ғашықтық тақырыбында түркілік көлемді туындыларды үш топқа жіктейді. Біріншісі — шығыстық сюжетке құрылған, арасында көпшілікке етене таныс «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха» секілді дастандар. Екіншісі — аймақтық фольклорлық сюжеттерге негізделген жырлар. Үшіншісі — өмірде болған оқиға, шындық ізімен жырланған эпостар.

Жүсіп пен Зылиха. Парсы ақыны Саадидің Жүсіп пен Мысыр билеушісі әйелінің махаббаты жайындағы поэмасының иллюстрациясы. Бұхара, шамамен 1525–1535 жылдар / The Metropolitan Museum of Art
Бір қызығы, «Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жырының сюжеті мен композициясынан осы үшеуінің де элементтері кезігеді. Тіпті бұл жыр кейбір шығыстық сюжетке құрылған жырлардан әлдеқайда бұрын шыққан. Өйткені жырдың өн бойынан ертегілік кейіпкерлер мен мифтік элементтердің кездесуі, бақташылық кәсіптің дәріптелуі оның ерте дәуірден келе жатқан туынды екенін айғақтайды. Қазақ лиро-эпостық жырларының ішіндегі ең көнесі саналатын бұл дастан сонау Түркеш қағанаты (7–8-ғасыр) заманынан жырлана бастаған делінеді.
Әлемдік деңгейдегі дастан
«Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жырының зерттелу тарихына үңілсек, маңызды деректің бірін 1771 жылғы Еділ қалмақтарының қазақ даласы арқылы ежелгі мекені Жоңғарияға өткен «Шаңды жорық» атты көшінің барысын зерттеу мақсатында жүріп өткен орыс-казак сотнигі Григорий Волошенин жазып қалдырған.

«Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» ескерткіш-кесенесінің жанындағы Қызылқия орта мектебінің оқушылары, 1961 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Одан кейін Емельян Пугачев көтерілісі жайында тарихи деректер жинау үшін Жайық бойына келген орыстың әйгілі ақыны Александр Пушкиннің де жырға назары ауған екен. Ол Орынбор маңы қазақтарының жырлауындағы дастанды аудармашы арқылы тыңдап, мазмұнын қара сөзбен жазып алады. Жырдың сюжетіне сүйеніп романтикалық поэма жазуды жоспарлаған ақынның ғұмыры келте қиылмағанда, бәлкім, нәзира үлгісіндегі бір тамаша туынды жазылған болар ма еді, кім білсін?
Айта кетерлігі, 18-ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей империясы елді рухани отарлауды тиімді жүргізу мақсатында жергілікті халықтың ежелден сақталған заттық және мәдени мұраларын мұқият жинақтап, зерттеу қажет болды.

Ксения Клементьева. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» дастанына иллюстрация. 1938 жыл / Bonart аукцион үйі ұсынған сурет (https://bonart.kz/)
«Оның сюжеті халықаралық, бірақ бір де бір халық оны дәл қазақтардай ғажайып жырға айналдыра алған жоқ».
Жырдың асқан көркемдігі мен оқиға желісінің нанымдылығына, кейіпкерлер тағдырының әсерлі суреттелуі мен тыңдаушының жан сезімін қозғайтынына жете мән берген Мұхтар Әуезов те бұл дастанды «Ромео-Джульетта» трагедиясымен барабар туынды деп бағалауы бекер емес.

Мұхтар Әуезов. И.Будневич түсірген фото, 1958 жыл / РИА Новости
Бәріне ортақ тарих
«Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жырының мың жарым жылдық тарихын саралағанда, ол заманда бүгінгі қазақ халқы әлі қалыптаса қоймағанын ескерсек, бұл туындыны өзге көптеген бауырлас халыққа ортақ жыр деп танимыз. Ұлы дала төсін жайлаған іргелес-бауырлас халықтарға ортақтығы жөнінде фольклортанушы ғалым Ә.Қоңыратбаев:
«Қозы Көрпеш» жырының сюжеті қазақ, башқұрт, моңғол, якут, ұйғыр, сібір татарларында бар. Соған қарағанда, оның бастапқы ертегілік желісі Алтай, Жетісу жағында, оғыз тайпалары дәуірінде туған ба дейміз. «Қозы» — қой аты емес, «оғыз» түбірінен туған. Моңғолдар бұл жырды «Козюке», «Қозы Еркеш», «Малшы мерген» десе, ұйғырлар «Бозы Көрпеш» деп атайды» дейді.
Кейінгі зерттеулер негізінде «Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жыры алтайлықтарға, Қырым татарларына, тіпті Румыния татарлары мен ноғайларына таныс екені мәлім болып отыр.
Алайда бәрі де бұл шығарманы түркі халықтарына ортақ идея — мәңгілік махаббаттың ескерткіші деп таниды. Барлығы екеуінің кіршіксіз махаббатын бүгінгі һәм болашақ ұрпаққа үлгі болар тағылым ретінде қарастырған. Дей тұрғанмен, сан ғасырлар бойы ұмытылмай жырланған туындыдағы Қозы мен Баянның бойына әр халық өзіне тән салт-сана мен әдет-ғұрыптарды дарытып, рухани байытып отырған. Осылайша, «Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жыры бір халықтың емес, барша түркі жұртының, қала берді, әлем халқының ортақ рухани мұрасына айналған.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрындағы «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» қойылымы. Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Тілектес Мейрамов — Қозы Көрпеш рөлінде, 1984 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Жырдың ондаған нұсқасының тақырыбы бір болғанмен, ондағы оқиға байланысы, даму жолдары, шарықтау шегі мен шешуші сәті әртүрлі. Бірінде Қозы Көрпеш пен Баян Cұлу қаза болса, екіншісінде қосылады. Тағы біреуінде олардың баласы болады. Енді біреуінде Қозы тіріліп, сосын қайта өледі. Яғни жырдың соңы әр басқа болып аяқталады.
Осы тұрғыда мына бір жағдайға көңіл аударалық: кейбір бауырлас халықтар «Қозы Көрпеш — Баян Cұлу» жырын өзінің генетикалық даму тарихымен тығыз байланыстырады. Атап айтқанда, башқұрттың «Куз Курпяч» деп аталатын нұсқасында Баянды іздеген Қозы Көрпешке бес жүз жыл жасаған сиқыршы Мәскей кемпір жолығып, таңғажайып тақтаны көрсетеді. Сол тақтадан болашақтың бейнесі сұлбаланып, дүниеге келетін ұлы — Барлыбай, Барлыбайдың жеті ұлы — Бурзян, Усярган, Тамьян, Қыпшақ, Бушмас, Қара Қыпшақ және Тенгаур көрінеді. Аңызға сенсек, осы жетеуінен башқұрттың жеті руы тараған екен.
Қазақ даласындағы махаббат
Қозы мен Баянның тағдыры суреттелген сюжет күллі Орталық Азияны шарлап кеткенімен, бұл ғашықтық халдің шынайысы — екі жастың қайғылы жағдайға душар болғаны баяндалатын қазақша нұсқасы. Баян мен Қозыға арнап соғылған ескерткіш те қазақ даласында тұр. Ол Абай облысындағы Аягөз ауданында, яғни Қазақстандағы ең ірі мыс өндіретін KAZ Minerals кәсіпорнының Ақтоғай кенішіне жақын маңда орналасқан. Биіктігі 12 метрге жететін тас кесене қос ғашықтың қабірінің үстіне тұрғызылған. Бір кездері айналасындағы тас мүсіндерде үш әйел (Баян, әпкесі мен сіңлісі) мен бір ер адам бейнеленген. Дала төсіндегі кесенеге таңғалған Шоқан Уәлиханов оның кескінін қағазға түсірген. Уақыт өз дегенін жасағанымен, көне мұраның көзіне айналған кесене баға жетпес тарихтың куәсі болып тұр.

Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу ескерткіші, 1974 жыл / Shutterstock
Ақындар үшін қос ғашықтың бейнесі бір-біріне сенім артқан адалдықтың белгісі саналатын. Қазақтың әйгілі әнші ақыны Әсет Найманбайұлының:
Сәйпіл-Мәлік, Жамалдай
Бейнетіңе көнсем-ау.
Қозы Көрпеш, Баяндай
Бір моллада өлсем-ау! — деп шырқауы да бекер емес.
Ал жоғарыдағы башқұрт нұсқасындағы немесе кейбір қазақ нұсқасында кездесетін, яғни жырдың жақсылықпен аяқталуын халықтың өзіне ұнаған, қадір тұтқан кейіпкерлерін қайғылы қазаға қимауынан, олардың тағдыры осылай жақсылықпен аяқталса, мұрат-мақсатына жетсе деген ізгі қиялының жемісі десек болады.

«Махаббат туралы аңыз» фильмінен көрініс. Рөлдерде: Баян Сұлу — Шолпан Жандарбекова; Қозы Көрпеш — Төлеген Арғынбеков. 1954 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Эпос қоғам келбетінің өзгергенін айғақтайтын көрсеткіштің бірі. Оның көрінісін «Айман-Шолпан» жырынан аңғарамыз. Мұндағы Айман — өзіне дейінгі сан ғасыр бойы есесі кетіп, тағдырдың жетегінде ерінің соңынан еріксіз ере беретін әйел заты емес. Ол — ақылы мен айласы арқылы ойлағанын болдырып, бүлінгенді бүтіндеп, бөлінгенді біріктіріп, ақырында өз сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүре білген қайсар қазақ қызы.
«Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» — жүрек қалауымен бір-біріне ынтық жандардың ғашықтық сезімін дәріптейтін лиро-эпостық дәстүрдің негізгі бастауы. Бұл үрдіс әдебиетімізде кейіннен «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Салиха-Сәмен» жырымен жалғасын тапты. Ақан сері мен Ақтоқтының, Естай мен Қорланның тағдыр жолындағы жалт еткен сезім сәтінің куәсіндей тамаша әндерге арқау болды. Жастар арасындағы махаббат машақаты «Сұлушаш», «Құралай сұлу» сияқты авторлық поэмалар арқылы қапысыз өрнектеліп, бүгінгі дәуірге дейін жетті.

«Айман-Шолпан» қойылымы. Рөлдерде: Айман — З.Досанова (сол жақта), Шолпан — Шолпан Жандарбекова, Қазақ КСР Халық әртісі / ҚР ОМ КФДЖА
Театр және кинодағы мәңгілік тақырып
Ғашықтық дастан уақыт бедерінде түрленіп, түлеп қана қоймай, заманауи драмаға, фильмге арқау болды.
Жыр желісімен 1939 жылы жазушы Ғабит Мүсірепов халықтық жырдың поэтикалық тілін драмалық диалогтарға, монологтарға шебер бейімдеп, «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» трагедиясын жазды. 1940 жылдан бері бұл туынды қазақ және әлем елдері сахнасында үздіксіз қойылып келеді. Автордың Жантық, Айдар қатарлы кейіпкерлері драмадағы тартысты ширықтыру, оқиғаларды барынша аша түсу мақсатында алынғаны сөзсіз. Қазір көрермендерге жанрлық ерекшелік, автордың көзқарасы мен режиссердің қиял әлемі заманауи техникалық мүмкіндіктермен ұштасқан түрлі қойылымдар ұсынылып келеді.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» қойылымынан көрініс / ҚР ОМ КФДЖА
1954 жылы режиссер Шәкен Айманов Алматы көркем және хроника фильмдер студиясында «Махаббат туралы аңыз» атты толықметражды көркем фильм түсірді. Сценарийін жазған — Ғабит Мүсірепов. Бүгінгі дәуір тұрғысынан фильмнің көркемдігі, авторлардың шеберлігі туралы сын айтудан аулақпыз. Дегенмен осы фильмге және кейінірек түсірілген «Қыз Жібек» фильміне де тән бір жағдай — кейіпкерлердің соңында өз-өзін өлімге байлауы. Мұны киногерлер қойылымның дәмін келтіру үшін жасаған қадамы дегеннен гөрі, рухы отарланған ұлттың дәрменсіз, шарасыз күйінің көрінісі ретінде түсінгеніміз жөн болар.

«Махаббат туралы аңыз» фильмінің түсірілім барысы. Алматы студиясы. Режиссерлері — Шәкен Айманов, КСРО Халық әртісі және Карл Гаккель. Оңнан солға қарай: Баян — Шара Жандарбекова, биші әрі педагог, Қазақ КСР Халық әртісі; Қозы Көрпеш — Төлеген Арғынбеков / ҚР ОМ КФДЖА
Азаттықты аңсау, соның ішінде жастардың бостандыққа, еркіндікке ұмтылуы — халықтың ғасырлар бойы арманы болған, бола да беретін құбылыс. Сондықтан халықтың ежелгі арман-мүддесі сюжеттік желісіне арқау болған Қозы мен Баянның тағдыры қалтарыста қалмады. Сезім сыры арқылы жүрек жарастырған жастардың кіршіксіз пәк сезімі жырланған ұлы туынды туған халқымен бірге жасай бермек.
KAZ Minerals қолдауымен әзірленген материал
KAZ Minerals Тобы — Қазақстанда ашық тәсіл арқылы аса ауқымды және аз шығынмен кен орындарын игеруге маманданған мыс өндіретін компания. KAZ Minerals Қазақстан Республикасының Абай және Павлодар облыстарындағы Ақтоғай мен Бозакөл ашық кеніштерінде, сонымен қатар Абай мен Шығыс Қазақстан облысындағы үш жерасты кеніші мен байыту фабрикаларында операциялық қызмет етеді. Бұдан басқа, Қырғызстандағы Бозымчак мыс-алтын кенішінде жұмыс істейді.
KAZ Minerals 2025 жылы 370 мың тонна мыс, 132 мың унция алтын, 3,82 млн унция күміс, концентраттағы 54 мың тонна мырыш және концентраттағы 4,5 мың тонна молибден өндірді. Ақтоғай және Бозшакөл секілді ірі өндірістік кәсіпорындар сала бойынша өсім қарқынынан озып, KAZ Minerals әлемдік деңгейдегі ашық типтегі мыс кеніштеріне бағытталған компания ретінде мәртебесін нығайтты.
KAZ Minerals Қазақстан мен Қырғызстанда 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

