ТАЛ БЕСІКТЕН ЖЕР БЕСІККЕ ДЕЙІН

1-дәріс. Қазақ мәдениетінде баланың өмірге келуі

ТАЛ БЕСІКТЕН ЖЕР БЕСІККЕ ДЕЙІН

Бесік. 20 ғасырдың бірінші жартысы. Фотосурет Д. Багаева. ҚР КФжӘ ОМА

Зерттеуші Зира Наурызбайдың, адамның «Тал бесіктен жер бесікке дейінгі» аралықтағы айтулы сәттеріне байланысты тылсымға толы қазақ әдет-ғұрпы туралы Qalam порталына арнайы жазған жаңа лекция курсы.

Мазмұны

ФЕМИНИСТ-БАТЫР ҚЫЗ

— Әке, әке! Туайын ба?

— Шырағым, туа ғой.

— Өзімді өзім билесем туамын, өзімде билік болмаса тумаймын!

— Өзіңді өзің биле!

Әлі дүниеге келмеген қызы мен әкесі екеуінің арасында өрбитін осы біртүрлі диалог «Дудар қыз» ертегісінде кездеседі. Әдетте, қазақ ертегісінде қыздың аты аталғанымен, оның рөлі көбіне пассив кейіпте болады. Ал мұндағы басты кейіпкер Дудар — әуелден еркек атаулыдан күші басым батыр қыз. Бірақ... тұрмысқа шыққанда (өз еркімен не еріксіз) ол бірде қасқырдан, бірде Мыстан кемпірден қашып құтылуға мәжбүр болады. Сонда дүниеге келер кездегі оның «өзімді өзім билесем туамын» деген қалауы — өмір сүруінің басты шарты болып тұр. Ертегінің басқа қазақ ертегілеріне ұқсамайтыны сонша, еріксіз мынадай ой келеді: бәлкім бұл феминистік қалжың болар? Десек те, бұл ертегіні 1870 жылы түркітанушы В. Радлов жазып алып, жариялаған. Қазақ фольклоры үшін «біртүрлі» көрінетін ертегінің кейбір осындай мотивтері оның сібір түріктерінің халық шығармашылығына жақын екенін байқатады, яғни бұл ертегі — мәдениетіміздің төл туындысы.

Мыстан кемпір/Бейсембай Акзель/Qalam

Мыстан кемпір/Бейсембай Акзель/Qalam

ҚОРҚАҚ КЕЙІПКЕРЛЕР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

«Әлібек Батыр» ертегісінің басты кейіпкері Әлібекті де, Дудар секілді қартайған, бір балаға зар болған әке-шешесі киелі жерлерге зиярат етіп, тілек тілеп сұрап алады. Қазақ ертегілері мен эпостарындағы басты кейіпкерлердің барлығын дерлік солай сұрап алады. Осындай сюжеттің көбінде жүкті әйел ерекше, күнделікті өмірде тыйым салынған нәрсені қатты қалап, жерік болады. «Жерік болу» мотиві тотемизммен байланысты:iбұл туралы «Вечное небо казахов» кітабымда егжей-тегжейлі жазылғанАлпамыстың анасы қасқырдың жүрегін жейді, сондықтан оның ұлы қасқыр табиғатын иеленіп бөрізатқа айналады, Қобыландының (кейбір нұсқаларында Қабылан) анасы қабыланның жүрегін жегісі келеді, эпостағы аналардың кейбірі, тіпті, айдаһар немесе қабанның жүрегін аңсайды. Нақты өмірде де, фольклордағы сияқты, мұндай тілек міндетті түрде орындалады, өйткені бұл — ананың құрсағында жатқан баланың қалауы. Әлібектің анасы арыстанның етін қалайды: тек жүрегін емес, тұтас денесін. Ол етті екі қолымен жейді, бет-әлпетін қанға малып жейді, сосын арыстанның сүйектерін мұрнынан ытқытады. Бейне бір Франсуа Рабленің рухындағы суреттеу дерсіз.

Альбер Робида. Франсуа Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэльге» иллюстрациясына негізделген. Бесіктегі Гаргантюа/Alamy

Альбер Робида. Франсуа Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэльге» иллюстрациясына негізделген. Бесіктегі Гаргантюа/Alamy

Мұндай жүктіліктің соңы да Рабле мәнерінде аяқталады. Әйелдің суы кеткенде, сол су 60 қанат киіз үйдіiiшамамен 500 шаршы метр аумақты алатын киіз үй — асыра суреттеу екені анықсуға батырады. Босандыруға жиылған әйелдер төңкеріліп суға кеткен киіз үйден қасабасын қайық қылып, сырғаларын ескек қылып жүзіп шығады. Әлібектің басы көрінген кезде, әйелдердің бірі жаңа туған нәрестені шапалақпен тартып жіберіп: «Тумай жатып істегенің мынау, туған соң сенен не қайыр көрмекпіз?» дейді. Осыдан кейін нәресте жоғалып кетеді, шамасы, қайтадан тығылып қалса керек. Бірнеше күннен кейін әйелдің толғағы қайта басталады, ақыры Әлібек пен оның екі әпкесі дүниеге келеді. Әрине, ол алып болып туады: 60 қойдың терісінен жасалған жөргек оның тобығына да жетпейді. Сондай-ақ ол семсерді ұстап туады. Бұл — ежелгі мифологиялық мотив. Ертегі ертеректегі ұмытылған мифоэпостың немесе аспан мифінің сынығы іспеттес. Сюжеттегі осы бір маңызды деталь — қос қылыш мүлдем қатыссыз қалады. Басты кейіпкердің есімі де бір кездері басқаша болуы кәдік, өйткені өзге кейіпкерлердің есімдері де сондай көне.

Бір қызығы, осыншама таңғажайып кейіпте дүниеге келген алып батыр әрқашан батыр мінезді бола бермейді. Оған және әпкелеріне Шүленгір батырiiiоның есімі «шүлен тарататын» — малын мұқтаждарға үлестіретін жомарт адам деген мағынаны білдіреді. Этнограф З.К. Сұрағанованың диссертациясы осы әдет-ғұрыпты талдауға арналғаншүйлігеді. Шүленгірмен соқтығысқан тұста Әлібек оған тұлпарын, саятқа шығатын құсы мен аңға салатын итін ұсынады, бұлар мифологиялық ойлау тұрғысынан оның сыңары саналады, бұған қоса ол екі әпкесін де күңдікке бермек болады. Әлгі батыр мақтанып Әлібекті өлтіргеннен кейін онсыз да бәрін аламын дегеннен кейін ғана жас батыр ашуға мініп, бірінші оқпен Шүленгірді өлтіреді.

Әлібек атасқан қалыңдығы Ақбілекке баруға аттанады, сонда Ақбілекке дәу Жекешұнақiiшұнақ — құлағы кесілген құлүйленгісі келетінін естиді. Әлібек онымен садақ атумен сайысып, күшінің басым екенін оңай дәлелдейді, бірақ қалыңдығымен бірге қашып кетуді ұйғарады. Ертегіде Ақбілектің туыстары дәуден қорыққандықтан түнде жас жұпты қашырып жібергені айтылады. Дегенмен эпикалық батырдың жекпе-жекте жеңіп, қайын жұртын дәудің зорлығынан қорғаудың орнына жауынан қашуы түсініксіздеу. Жекешұнақ артынан қуады, бірақ Әлібек оны оңай өлтіреді. Бұл сюжет, меніңше, аспан (аспан-жұлдыз) мифологиясымен байланысты. Бұл туралы жеке-дара жазамын.

Дәу/Бейсембай Акзель/Qalam

Дәу/Бейсембай Акзель/Qalam

Мұнда тақырыбымыз — тууға қатысты назар аудартар бір заңдылық бар: екінші рет оқталғанда дүниеге келген кейіпкерлер жаумен қақтығысқанда әуелгіде шайқастан қашуға тырысады, тіпті абыройсыз күйге дейін жетеді. Тек тығырыққа тірелген екінші ретте ғана ол ақыры шайқасқа түсіп, жеңіске жетеді. Бәлкім, сюжеттің мифологиялық негізінен бейхабар ертегіші, дәл осы тұста адамның дүниеге келер шақтағы жағдайлары оның мінезі мен тағдырын айқындайтынын ерекшелеп көрсеткісі келді ме екен? «Дудар қыз» ертегісіне қатысты да дәл осыны айтуға болады, онда кейіпкер дүниеге келмей тұрып-ақ өз тағдырын өзі басқарғысы келетінін білдіреді, өзімді өзім билесем туам деп шарт қояды.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ НЕЛІКТЕН ҚЫЗДЫ ҚАДЫР ТҰТТЫ?

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде бала, әсіресе ұл баланың дүниеге келуі маңызды оқиға еді. Оның үстіне, мал шаруашылығымен айналысатын қоғамда, шектеулі жер үлесін әрбір ұрпақ бөліске салуға мәжбүр егіншілікпен күнелтетін қоғамдардағыдай халық санына қатысты қатаң шектеу де жоқ. Керісінше, ру мен отбасы мүшелерінің саны неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым көп жайылым алуға мүмкіндігі болатын.

Қазақтарда сонау совет билігіне дейін әдет-ғұрып бойынша жерге меншік институты болмаған. Жерді пайдалану құқы, яғни малды жаю құқы, жылдық цикл бойынша көшу маусымында сол жерге кім ертерек малды айдап әкелсе, соған тиесілі болған. Әрине, шын мәнінде бәрі сондай қарапайым емес еді, бірақ дәстүрдің сипаты осындай еді. Әлихан Бөкейхан 1926 жылы Маңғыстауға антропологиялық экспедиция жасаған кезінде көшпелі өмір салтын бәрінен ұзақ сақтаған адайлардың жайылымдары былай тұрсын, құдықтарының да меншік объектісі болмағанына таңғалған. Құдықты қазған немесе оның қазылуын төлеген рудың қолында 100 метр тереңдікке дейін айнала таспен қапталған құдықты тек пайдалану құқы болған. Бұл жағдайда баланың дүниеге келуі зор қуаныш еді. Балалар, әсіресе ұл, тек физикалық тұрғыда дені сау әрі күшті ғана емес, бұған қоса жігерлі, қайратты, мәмілеге бай әрі оптимист болуы да қажет еді.

“Áiel segizi” сериясы/ Диана Ақуал

“Áiel segizi” сериясы/ Диана Ақуал

Қазақтар баланың мінез-құлқына анасының шыққан тегі мен тәрбиесінің әсер ететінін жақсы түсінген, сондықтан жақсы отбасынан қыз алуға тырысқан. Қазақтарда ұлдың келбеті мен сүйегіiсүйек сөзі рудың синонимі, ал сібір түріктерінде «сеок» сөзі сүйекті де, руды да білдіредіәкесі жағынан, ал таланты мен қаны анасы жағынан келетіні туралы түсінік болған. «Үйдің жақсысы — ағашынан, жігіттің жақсысы — нағашыдан» деген мақал бар. Егер бала, мысалы, музыкалық немесе ақындық талантын көрсетсе, оны нағашы атасынан мұра еткен деп есептеген.

Баланың мінез-құлқы оның анасының жүкті кезіндегі немесе тіпті жүктілікке дейінгі көңіл күйіне де тәуелді еді. Сондықтан жас келіннің жақсы көңіл күйі үшін барлығы, соның ішінде күйеуі мен енесі де барын салатын. Үйлену тойынан кейін жас жұбайлар туыстарын кезек-кезек аралап, жас келін салтанатты сәукелесін киіп жүретін болған. «Есік көрсету» рәсімі кезінде әр үйде келінге барынша көңіл бөліп, ізгі тілектер айтып, «Міне, біздің үйімізді көрдің, енді бұл сенің де үйің, есігі саған әрдайым ашық» екенін еске салатын. Сондай-ақ әр үйде келінге итаяқiсөзбе сөз. «иттің ыдысы»рәсіміне арналған күміс әшекейлер сыйлайтын — бұл нәрестені қырқынан шығару кезінде жасалатын жуындыру рәсімі. Осылайша келінді әуелден туған-туыстың барлығы жақсы көретін әрі зарыға күтетін нәрестені тууға дайындайтын.

Жас келіннің жағымсыз нәрселерді көруіне немесе естуіне болмайтын, ал оған ұрсуға мүлдем жол бермейтін. Сондықтан егер ене бір нәрсеге көңілі толмаса, ол келініне емес, қызына ескерту жасайтын. Бұған «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген мақал дәлел бола алады. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен қызына да жұмсақ сөйлеп, әртүрлі жолдармен еркелеткенін ескерсек, шын мәнінде, келінге арналып қызына айтылған ескертулердің де сирек әрі тым жұмсақ формада айтылғанын түсінеміз. Жас келінге, әсіресе жүкті әйелге, азалы үйде болу, жерлеу рәсіміне қатысу және т.б. жағымсыз жағдайлар болған жерге бармаған жөн. Өйткені бұл әсерлерден болашақ бала меланхолик, мұңға бейім болып тууы мүмкін деп есептеген.

Ару/Айдана Кулахметова

Ару/Айдана Кулахметова

ДӘСТҮРЛІ ҚОҒАМДАҒЫ СЕКС

Мал шаруашылығымен айналысатын мәдениетте барлығының бала кезінен бастап жүкті болу жайында нақты түсінігі болған, бұл ұят нәрсе емес еді. Керісінше, бұл киелі саналған. Совет заманында кейбір кино мамандары әлі күнге трансляциялап жүргендей, мысалы, «Келін» фильмін айтсақ болады, жас жұбайлар қарттармен, жасөспірімдермен бірге киіз үйде түнеп жүре беретін болған дейтін түсінік қалыптасқан еді. Шын мәнінде, қалыңдықтың жасауына жас жұбайларға арналған отау қоса әкелінетін болған, сол киіз үйде олар оңаша қалатын. Әдетте тұңғыш баланы атасы мен әжесі бауырына салатындықтан, жас жұбайлар алғашқы бірнеше жыл бойы киіз үйде тек өздері немесе кішкентай балаларымен ғана болғанын түсінеміз. Жұбайлардың төсегі киіз үйдің әйелдерге арналған сол жақ бөлігінде (төрден қарағанда) орналасып, шымылдықпен қоршалатын. Неке төсегі киелі саналып, басқа адамдарға тыйым салынған орын болатын. Оған жату былай тұрсын, тіпті отыруға да болмайтын.

19 ғасырда туған «Гаухартас» әнінде ер азамат сүйіктісіне: «Анаңнан сені тапқан айналайын» деп ән шырқайды. Дәстүрлі мәдениеттің білгірі, күйші және жазушы Т. Әсемқұловтың (1955–2014) айтуынша, бұрын бұл сөздер былай айтылған: «Анаң жатқан жерінен айналайын», яғни «Анаң саған жүкті болған төсек үшін құрбан болайын» деген мағынаны білдірген. Қазіргі кезде бұл сөздер дөрекі, натурализм болып көрінуі мүмкін, бірақ дәстүрлі қазақтар үшін заңды неке болған жағдайда секс ұят нәрсе емес еді.

Тарас Шевченко. Киіз үйдегі қазақтар. 1849/Alamy

Тарас Шевченко. Киіз үйдегі қазақтар. 1849/Alamy

«Көңілсізден көтсіз туады» дейтін қазақтың мақалы бар. Қазіргі уақытта «көт» сөзі әдетте «арты, бөксе» деп аударылады, бірақ бұл сөздің ауыспалы мағынасы — «күш, қуат» екенін де білеміз. Мақал онша дөрекі болып көрінбеуі үшін, «көт» сөзі «құт» сөзінің фонетикалық нұсқасы екенін ескеру керек, ал «құт» қазіргі кезде «бақыт, сәттілік, өркендеу, игілік» дегенді білдіреді, бірақ бұл сөз ежелгі мифологиялық түсініктен тамыр тартатын аспан әлемінен адам әлеміне берілетін нәрестенің немесе мал төлінің жаны-ұрығын білдірген. Қазақ тарихында Көтібар (Көт-құты бар) деген батырлар, сондай-ақ Есет Көтібарұлы дейтін батыр бар. Мұны фаллоцентризмнің көрінісі деп санауға бола ма? Бұл болашақта зерттеуге тұрарлық қызықты сұрақ. Дегенмен бір нәрсе анық: дәстүрлі менталитетімізді жоғалта отырып, біз тіпті «ұят» ұғымын да бұрмалап жібердік. Бұдан да зоры сол фольклористика мен лингвистика салаларымыз да тым ұялшақ болып барады. Ата-бабаларымыздың мұндай болмағаны анық.

НӘРЕСТЕГЕ ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛАЙ СІҢІРЕМІЗ?

Тақырыпқа қайта оралсақ. Болашақ немерелер «көтсіз» болмауы үшін, ене мен үлкен абысындар жас келіннің көңіл күйіне мән беретін. Т. Әсемқұловтың 19 ғасырдың ұлы композиторы туралы «Тәттімбет сері» тарихи романында мынадай эпизод бар. Әкесінің қалауымен жас Тәттімбет алғашқы махаббатынан бас тартып, өзі үшін айттырылған қызға үйленеді. Депрессияға түсіп, әр түні көп қымыз ішіп, мас күйде жас әйелімен төсекте емес, отауының еденінде ұйықтап қала береді. Тәттімбеттің анасы келінінің көңілсіз жүргенін байқап, түнде үлкен келіндерін отауда не болып жатқанын тыңдауға жібереді. Ұлының әрекеті анасы мен әкесіне ауыр соққы болады. Тәттімбеттің әкесі шақырып алып, өмірінде алғаш рет оны қамшымен ұрып жазалайды. Осылайша бұл ісінің жас әйелге құрметсіздік екенін, оның сезімі мен абыройын бағалауы қажет екенін ұқтырады.

Ене келінінің жүкті екенін білген бойда, әйелдерге (нәрестенің дүниеге келуімен байланысты рәсімдер мен тойлардың көпшілігі, әрине, әйелдерге арналған болатын) «құрсақ той» ұйымдастыратын. «Ақ келіннің құрсағы ақ айранға толыпты» деп, ол келінін қасиетті «саба» торсығына теңеп, Ұлы ананың бейнесімен салыстыратын. Мақсат тек қуанышты хабарды жеткізу ғана емес, сонымен қоса құт-берекені елге бөлісу болатын.

Қазақтар. 19 ғасыр/Alamy

Қазақтар. 19 ғасыр/Alamy

Жүктіліктің алғашқы күндерінен бастап жас келінді енесі таңертең жаңа сауылған, көбік атып тұрған саумалмен сусындатқан. Бұл рәсімнің қазақтарда бар екенін философия ғылымдарының докторы Қанат Нұрланов айтып кеткен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Тамара Мұқанова-Мендошева өзінің «Аршаның иісі аңқыған алтын арқалы Алтай» (Алтай золотоспинный, с запахом можжевельника) атты автобиографиялық кітабында бұл рәсімнің Алтай түріктеріндегі нұсқасын былай сипаттайды: «Баланың жүрегіне көп қырлы, көп түсті, қасиетті, киелі Отанның бейнесін сіңіру үшін, ана сүті арқылы туған жерімен қандық және ажырамас байланысын сезінуі үшін, ата-аналары мен жақын туыстары бірқатар рәсімдерді орындаған: әлі ана құрсағында жатқанда оған туған жердің иісін сездіру керек еді. Ол үшін жас келінді жүктіліктің алғашқы күндерінен бастап таңғы және кешкі уақытта арнайы сауылған сиыр немесе бие сүтімен — кёёрчекпен (оттегіге бай коктейль деуге болады) сусындатқан: баласы өскенде, күннің жарқырауы мен әсемдігін, түннің қасиетті құпиясын жүрегіне қуанышпен қабылдайды. Беттері алқызыл болып, жүзі бал-бұл жануы үшін бұл сусынды нәрестелерге де міндетті түрде ішкізетін».

Жоғарыда айтылғандай, жүкті әйел тамаққа жерік болуы мүмкін. Оның жерігін басу тек эпостарда ғана емес, шынайы өмірде де міндетті болатын. Тіпті, әңгіме тыйым салынған тағам туралы болса да. Мысалы, жабайы қабанның еті болса да, бұл қалау орындалатын. Өйткені осы әрекеттің түпкі мақсаты — болашақ рулық ұжымның мүшесі болатын толықтай дені сау баланы дүниеге әкелу еді.

Шығыс Сібірдің, Семейдегі (Қазақстанның солтүстік-шығысындағы дала) қазақ саудагерінің гравюрасы/Getty Images

Шығыс Сібірдің, Семейдегі (Қазақстанның солтүстік-шығысындағы дала) қазақ саудагерінің гравюрасы/Getty Images