Наполеон Мысырға басып кірген соң, 18 ғасырдың соңында әлемде египтомания басталды. Содан бері ғалымдар Мысыр пирамидаларының сырын іздеп әлек, бірақ қазірдің өзінде бұл ұлы құрылыс нысандары құпиясын ашпай отыр. Олар туралы жаңа гипотезалардың саны жоқ. Дегенмен археологиялық қазба жұмыстарының және жаңа технологиялардың арқасында біраз нәрсе белгілі болды және бұрынғы дақпырт аңыздардың көбі жоққа шықты.
- 1. 1-аңыз: пирамиданы құлдар салған
- 2. 2-аңыз: Көне Мысырдағы кейпін жоғалтпаған пирамидалар
- 3. 3-аңыз: көне мысырлықтар пирамидаларды жұлдызбен теңшеген
- 4. 4-аңыз: пирамидалар шөлдің ортасына салынған
- 5. 5-аңыз: Әлемдегі ең үлкен пирамида Мысырда орналасқан
- 6. 6-аңыз: пирамиадаларда көптеген мумиялар табылған
- 7. 7-аңыз: Барлық пирамидалар — теп-тегіс
1-аңыз: пирамиданы құлдар салған
Пирамиданы құлдар салды деген гипотеза біраз уақыт тарихи ғылымда бой бермей тұрды. Бұл аңыздың басы Герадоттан басталады деген болжам бар. Б.з.д. 5 ғасырда өмір сүрген ежелгі грек ғалымы «Тарих»iiБ.з.д. 440-жылдары жазылған.деген еңбегінде пирамидалардың құрылысы кезінде адамдардың ауыр еңбек істегенін баяндайды, бірақ оларды құл деп атамаған. 20 ғасырда археологиялық жұмыстың нәтижесінде бұл аңыз жоққа шықты. Қазба жұмыстарының арқасында ғалымдар пирамиданы жоғары білікті мамандар (оның ішінде архитекторлар мен құрылыс басшылары) және ауыл шаруашылығымен айналыспайтын уақытта мысырлық елді мекендерде тұратын кәсіби жалдамалы жұмысшылар салғанын дәлелдеген. Олар жерленген жер (перғауындардың зиратына жақын), перғауындардың денесі жатқан бөлмедегі олар туралы ақпарат, олардың перғауындармен туыстығы бар екенін көрсеткен ДНҚ сараптамасы, осының бәрі олардың басқа жақтан келген құл емес, мысырлықтар екенін анық көрсетіп тұр.
2-аңыз: Көне Мысырдағы кейпін жоғалтпаған пирамидалар
Мысыр пирамидалары әлемдегі ең жақсы сақталған ескерткіштердің бірі болғанына қарамастан (тіпті ең жас пирамида — Микеринii Б.з.д. 2541–2486 жылдары басқарған перғауын, династияның IV өкілі және Гизадағы көлемі жағынан үшінші тұрған пирамиданың құрылысын жүргізгенпирамидасының өзіне 4500 жылдан асқан!), олар бастапқыда ойластырылғандай сәнді көрінбейді. Пирамидалардың қабырғалары жұқа ақ әктас қабатымен жабылған — бір ғана пирамидаға бірнеше миллион тонна осы тау жынысы қажет болған.
Мұндай қаптама пирамидалардың үсті тегіс, қабырғалары ыстық күнде жарқырап тұруы үшін керек еді. Уақыт өте келе бұл қаптама жойылды — ол уақыт пен жер сілкіністерінің әсерінен құлады немесе кейінгі Каир ғимараттарын салуға пайдаланылды.
Оған қоса бастапқыда Гиза пирамидаларының ұшар басына пирамидон деп аталатын тастар қойылған, ал оны электрум, яғни алтын мен күмістің қосындысымен жапқан. Пирамидондар құдды үшкір асыл тастар сияқты көрінетін, дегенмен уақыт бәрін жеңіп тынды.
3-аңыз: көне мысырлықтар пирамидаларды жұлдызбен теңшеген
Ежелгі мысырлықтар жұлдызды аспанды мұқият бақылағаны — дәлелденген факт. Олар шоқжұлдыздарды зерттеп, жұлдыздардың қозғалысын ауыл шаруашылық жұмыстарына бағдар ретінде қолданған. Алайда пирамидалардың орналасуы жұлдыздардың орналасуына сәйкес келеді деген идея ешқандай ғылыми негіз тапқан жоқ. Бұл (қазіргі уақытта маргиналды болып саналатын) теорияны ғылыми ортаға 1980-жылдары ежелгі Мысырды зерттеуші Роберт Бювел ұсынды. Ол Гиза пирамидаларының кешені Орион белдеуінің үш жұлдызына сәйкес орналасқан деп болжады, өйткені ежелгі мысырлықтар Орион жұлдыздарын өлілер әлеміне өткізуші Осирис құдайымен байланыстырған. Дегенмен Бювелдің идеясы астрономдар тарапынан қолдау таппады, олар оның физикалық өлшемінің дұрыстығына күмән келтірді. Сондай-ақ бұл гипотезаны мысыртанушылар да жақтыра қойған жоқ.
4-аңыз: пирамидалар шөлдің ортасына салынған
Пирамидаларды шөл астында жоғалып кеткен ежелгі су жолы арқылы салған деген теория ұзақ уақыттан бері белгілі. Алайда тек 2024 жылғы көктемде америкалық археологтар пирамидалардың құрылуы туралы басты гипотезалардың бірін дәлелдеуге жақын қалды. Солтүстік Каролина штатының Уилмингтон қаласындағы университеттің мысыртанушылары пирамидалардың шынында да қазір шөл құмдары мен егістік алқаптарының астында жатқан Нілдің ескі тармағының бойында салынғанын анықтады.
Ғалымдар спутниктен түсірген суреттерді, тарихи карталарды және геофизикалық зерттеулерді пайдалана отырып, мыңдаған жыл бұрын қауыңшылық пен құмды борандар нәтижесінде жер астына көмілген өзен арнасының картасын жасады. Олар Ахрамат деп аталған (араб тілінде «пирамида» деген мағына береді) өзен арнасының ұзындығы шамамен 64 км, ені 200-ден 700 метрге дейін екенін анықтады. Бұл өзен бұрын Гиза аймағындағы 31 пирамидамен шектесіп жатқан. Осы өзен арнасының ашылуы Гиза мен Лишт арасындағы пирамидалардың Сахара шөлінің қатал аймағы саналатын аумақта неліктен тығыз орналасқанын түсіндіретіндей.
5-аңыз: Әлемдегі ең үлкен пирамида Мысырда орналасқан
Қазіргі уақытта Каирдің шетінде орналасқан Гизаның екі ұлы пирамидасы көз жетпес биіктігімен мақтана алады. Бұл пирамидалар Ежелгі Мысырдың IV әулетінің перғауындары билік еткен уақытта салынған. Біріншісі, биіктігі 146 метр болатын, Хуфу перғауынға (грекше Хеопс) тиесілі, ал екіншісі, биіктігі 143 метрлік пирамида — Хафра (Хефрен) перғауынның еңбегі. Бүгінгі таңда бұл пирамидалар сәл аласа: эрозия мен вандализм Хуфу пирамидасын шамамен 10 сантиметрге қысқартты. Дегенмен биіктігіне қарамастан, бұл пирамида әлемдегі ең үлкені емес — ол тек ең биігі. Әлемдегі ең үлкен пирамида Мексиканың Пуэбло қаласына жақын орналасқан және ол Чолула ұлы пирамидасы ретінде белгілі. Оның биіктігі 66 метр болғанымен, негізінің өлшемдері 450x450 метрді құрайды, ал көлемі 4,45 миллион (!) текше метрге тең. Чолула пирамидасы бірнеше жүз жыл бойы, дәлірек айтқанда, б.з.д. 200 жылдан бастап б.з. 9 ғасырына дейін түрлі кезеңдерде Мезоамериканың әртүрлі халықтары салған деп есептеледі. Алайда кейіннен ол қараусыз қалып, қазір ол кәдімгі төбе сияқты көрінеді.
6-аңыз: пирамиадаларда көптеген мумиялар табылған
Мысыр пирамидасы перғауындардың мазары болғаны — даусыз факт. Алайда, іс жүзінде, пирамиданың ешбірінен перғауындардың (немесе басқа адамдардың) денесі табылмаған. Көптеген пирамидадағы мазарлар мен саркофагтар қазба жұмыстары кезінде бос болып шығады. Тіпті Хуфу (Хеопс) пирамидасындағы археологтар тапқан алып гранит саркофаг та бос болған.
Ғалымдар мұны пирамидалардың ғасырлар бойы тоналғанымен түсіндіреді, сондықтан көптеген мумиялар ұрланған немесе мәңгіге жоғалған болуы мүмкін. Тағы бір теорияны ежелгі грек тарихшысы Диодор Сицилиус ұсынған. Ол пирамидалар тек назар аударту үшін салынған деп пайымдаған, ал перғауындар өз денесінің, мүрдесінің қауіпсіздігіне алаңдап, оларды құпия түрде басқа жерлерде жерлеуді бұйырған болуы мүмкін. Айта кету керек, перғауындарды пирамидаға жерлеу дәстүрі тек Ежелгі Патшалықтың перғауындарына (және кейбір Орта Патшалық патшаларына) тән болды. Жаңа Патшалық дәуірінде пирамидалар салынбады: сол кезеңнің билеушілері Мысырдың Патшалар алқабындағы жартастарға қашалған қабірлерде жерленді.
7-аңыз: Барлық пирамидалар — теп-тегіс
Мысыр пирамидаларының формасы ұзақ уақыт бойы дамып, эволюцияға ұшырады. Біздің заманымыздан бұрын 2780 жылы ДжосерiІІІ династаияның перғауыны, шамамен б.з.д. 2665-2645 жылдары билік еткенпатшасының архитекторы Имхотеп алғашқы пирамиданы тұрғызғанда, оның жобасы алты мастабадан11МастабаКөне және Кейінгі патшалықтардағы мазар, басы қиылған пирамида тәріздес төртбұрыш құрылыс(тікбұрышты платформалар) құралды. Бұл мастабалар бірінің үстіне бірі қойылып, жоғарғы жағына қарай біртіндеп кішірейіп отырды. Қазіргі таңда бұл пирамида «саты пирамида» деп аталады және Нілдің батыс жағалауында, Саккара қаласында, Мемфиске жақын жерде орналасқан.
Саты пирамидадан тегіс жақты пирамидаға өту IV династия кезінде, оның негізін қалаушы СнофруiШамамен б. з. д. 2613-2589 жж.патшаның билігі кезінде жүзеге асты. Медумда Снофруға арнап бастапқыда саты тәріздес пирамида салынды, бірақ кейінірек ол таспен толтырылып, әктаспен қапталды, осылайша пирамида тегіс жақты болды. Алайда уақыт бұл пирамиданы аямады, сондықтан оның Снофру дәуіріндегі бастапқы көрінісін елестету қиын. Қазіргі таңда пирамида қайтадан саты пішінін еске салады.
Снофру бастапқыда тегіс жақты пирамида салуды армандаған сияқты. Ол Дахшурда арманына жете жаздады. Алғашында бәрі ойдағыдай жүрді, бірақ құрылыстың шамамен жартысына келгенде пирамиданың көлбеу бұрышы 51 градустан 43 градусқа дейін азайды. Соның салдарынан пирамиданың жақтары қажетті биіктікке жете алмай, ерекше пішінге ие болды. Қазіргі таңда оны «сынық пирамида» деп атайды. Бұрыштың өзгеруі ғимаратқа мығым тұрақтылық беру үшін жасалған болуы мүмкін. Бұл пирамиданы «тегіс» деп санауға болады, бірақ оның ерекше және аласа көрінетіні бар.
Қалай десек те Снофру дегеніне жетті: алғашқы сәтті салынған мінсіз «тегіс» пирамида да оған тиесілі. Бұл пирамида «қызғылт пирамида» деп те аталады, өйткені оның тастары күн батқанда қызғылт реңкке боялады. Ол Дахшур некрополінің құрамына кіреді.