ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҰЛТЫ КІМ?

Қазақтардың этногенезі мен этникалық кімдік мәселелерін сыни тұрғыдан талдау

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҰЛТЫ КІМ?

Шыңғыс хан және оның сарайы. Мурал. Қытай / Alamy

Белгілі тарихшы Джу Юп Ли халқымыз қалай, қашан, неліктен «қазақ» атанды, оған не түрткі болды, Шыңғыс ханның оған қандай қатысы бар сынды сауалдарға жауап беруге тырысады.

Бұл эсседе қазақтардың тарихындағы мынадай үш мәселе қарастырылған: 1) Протоқазақтар кім болған? 2) «Қазақылық» не үшін маңызды? 3) Шыңғыс хан кім болған? Қазақ па, моңғол ма? Осы секілді маңызды мәселелерді талқылағанда сыни тәсілдемені қолдану үшін мен өз дәлелдерімді жорамалға, яғни болжамға негізделген пікірлерге немесе толық емес ақпарат негізінде жасалған тұжырымдарға емес, деректердің бастапқы қайнар көздерінен, яғни өз заманынан жеткен әңгімелерден немесе зерттеліп жатқан уақыт ішінде жазылған түпнұсқа материалдардан табылған тарихи айғақтарға негіздеймін. Мен болжам жасамауға тырысамын, өйткені ол мәселені шешпейді және біздің түсінігімізді тереңдетпейді, тек жаңа сұрақ туғызады және сирек жағдайда ғана ортақ пікірді білдіреді деп ойлаймын. Деректердің қайнар көздеріне сүйене отырып, біз тарихи оқиғаларды еуропоцентризм позициясы немесе кеңестік пантюркистік ұлтшылдық доктринасы тұрғысынан емес, талқыланып отырған кезеңде өмір сүрген замандастарының көзқарасы тұрғысынан түсіндіре аламыз.

Н. К. Рерих. Моңғолия дауысы. 1937 жыл / Alamy

Н. К. Рерих. Моңғолия дауысы. 1937 жыл / Alamy

Протоқазақтар кім болған?

Көшпелі халыққа айналып, өзін «қазақ» деп сәйкестендіре бастаған протоқазақтар, яғни қазақтардың «арғы ата-бабасы» кім болған? Орталық Азия этникалық қоғамдастықтарының «автохтонды»iЯғни жергілікті, белгілі бір аймақтың ежелгі халқы. дамуын ерекше атап көрсеткен кеңестік тарихшылар протоқазақтар — бұл қола дәуірінен бері Қазақстанның даласын мекендеген сақтар (скифтер), үйсіндер, ғұндар, түркілер мен қыпшақтар сияқты барлық көшпелі халықтардың жиынтығы деген пікірде болған. Алайда Орталық Азияда жасалған бастапқы дереккөздерде басқаша айтылады. Атап айтқанда, 16 ғасырдың бас кезінде қазақтар қалыптасқанға дейін көп уақыт бұрын Қазақ даласының аумағында өмір сүрген протоқазақтарды бастапқы деректерде өзбектер деп атайды. Өзбектер кім болған? Өзбектер Исламды Жошы Ұлысының (Алтын Орда деп те аталады) мемлекеттік дініне айналдырған Шыңғыс хан тұқымы — төрелердің билеушісі Өзбек хан (1313–1341 жылдары билеген) билік құрғаннан кейін өздерін өзбектер деп атай бастаған Жошы Ұлысының (Жошы Елі) халқынан басқа ешкім емес еді. Бір қызығы, Темір империясының тарихшылары Жошы Ұлысының Қазақ даласы аумағындағы (сонымен қатар Қара теңіз және Каспий маңы даласының) тұрғындарын, яғни протоқазақтарды өзбектер деп атаған. Мысалы, Темірдің сарай шежірешісі Низам ад-Дин Шами қазақ хандары Жәнібек хан мен Керей ханның арғы атасы Орыс ханның билік құрған кезі (шамамен 1368–1378 жылдары билік құрған) туралы айта отырып, Темірге қарсы шығып, Орыс ханға қашқан жалайырдың әмірін сипаттағанда, оның иелігін «өзбек»ivilāyat-i Uzbak (Ẓafarnāma шежіресі) деп атайды. Темір әулетінің сарай тарихшысы НатанзиiMuntakhab al-tavārīkh-i Muʿīnī [Таңдамалы Муини жылнамасы] Жошы Ұлысы соның құрамына кірген Қазақ даласындағы тағы бір билеуші төре Тоқтамыс ханның ұлысын да өзбек деп атайды.

Моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде қазіргі ғылыми әдебиетте әдетте 15 ғасырдың ортасындағы Қазақ даласының Жошы ұрпақтарына жататын билеуші Әбілқайыр ханның (1428–1468 жылдарда билік құрған) ұлысымен байланыстырылатын «өзбек» этнонимі Қазақ даласының протоқазақтары кірген Жошы ұлысының жаңа атауына айналды. Сондықтан замандастары Орыс хан ұлысы мен Әбілқайыр хан ұлысын ара-жігін ажыратпай-ақ өзбек деп атағанын есте ұстаған жөн. Сол сияқты Орыс ханның шөберелері Жәнібек хан мен Керей ханның ұлысы және Әбілқайыр ханның немересі Шайбани ханның (Мұхаммед Шайбани хан, 1500–1510 жылдарда билік құрған) ұлысын да 16 ғасырдың бас кезіндегі замандастары бір өзбек ұлысына жатады деп есептеген. Мысалы, дуғлат/дулат тайпасының өкілі Мұхаммед Хайдар Дулати Жәнібек хан мен Керей хан ұлысын тек «қазақ» қана емес, «қазақ-өзбек»iUzbak-i qazāq (Tārīkh-i Rashīdī кітабы) деп те атайды. Ал Әбілқайыр ханның руы бастаған өзбектерге келсек, ол оларды «шайбани өзбектері»iUzbak-i Shībān деп атайды.

Әбілқайыр хан Жошының бесінші ұлы (1225 немесе 1227 жылы қайтыс болған) Шибанның ұрпағы болғандықтан замандастары оларды осылай атаған. Оның үстіне Мұхаммед Хайдар Дулати моғолдардың қазақтарды жеңуін «өзбектерді жеңу» деп сипаттайды немесе қазақ билеушісі Тайыр ханның (1523–1533 жылдарда билік құрған) иеліктерін «Өзбекстан»iUzbakistān деп атайды. Сол сияқты Мұхаммед Шайбани ханның сарай тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбехан ИсфаханиiMihmān-nāma-i Bukhārā [Бұхара қонағының жазбалары) қазақтар мен шайбани өзбектерін бір халық деп санайды. Оның бұл еңбегінде Мұхаммед Шайбани ханның 1508–1509 жылдары қазақтарға жасаған үшінші жорығы туралы жазған кезде, «өзбектерге жататын» (mansūb bi-Uzbak) үш тармақтан (tāyifa) сөз қозғайды: шайбанилер (Shibānīyān), қазақтар (Qazāq) және маңғыттар.

Қазіргі қазақтар сақтардың (скифтердің), үйсіндердің, хүннүлердің және түріктердің тікелей ұрпақтары емес.

яғни, Рузбехан «қазақтар өзбектің бір тармағы»iQazzāq yik ṭāyifa az Uzbak-and деп жазады. Мұхаммед Хайдар Дулати сияқты о да шайбанилер мен қазақтарды сәйкесінше «шайбани өзбектер»iUzbakān-i Shībānī және «қазақ өзбектері»iUzbakān-i Qazzāq деп атайды. Рузбехан қазақтар мен шайбанилердің «өз халқына»iqaum-i khūd соғыс олжасы деп қарап, бірін-бірі құлдыққа сататынын қынжыла жазады. Сонымен қатар ол осы екі топты ерекше атап өтіп, «өзбек хандарының арасында, әсіресе, шайбанилер мен қазақ хандарының арасында үнемі тартыс, жанжал болып тұратынын айтады».imiyān-i khānān-i Uzbak hamīsha munāzaʿat va mujādala ast khuṣūṣan miyān-i khānān-i Shībānī va khānān-i Qazzāq Бір қызығы, қазақтың жалайыр руынан шыққан Қадырғали Жалайыр Орыс хан туралы аңызда қазақ ұлысын Өзбекия11ӨзбекияӨзінің «Jāmi al-tavārīkh» (Жылнамалар жинағы) трактатында қазақ хандарына қысқаша сипаттама беріледі. Мысалы, Жәнібек хан, Барақ хан сияқты қазақ хандарының есімдерін тізіп, Қадырғали әлдебір Амад ханды «өзбектер Ақмат хан деп айтады» (Özbäkya Aqmat Ḫān tib eyürlär) деп атап өтеді. Орыс хан ұлысының сәйкесінше Алаш мыңы және Қатаған мыңы деп аталған сол және оң қанаттарын сипаттай отырып, Қадырғали «бұлар Алаш мыңының қолбасшылары болған. Өзбекияда мәлім және мәшһүр» (bu Alač mingining aġasï bola kelgän bular turur. Özbäkya arasïnda maʿlūm mashhūr turur) деп айтады. деп атайды. Мысалы, Жәнібек хан, Барақ хан сияқты қазақ хандарының есімдерін тізіп, Қадырғали әлдебір Амад ханды «өзбектер Ақмат хан деп айтады (Özbäkya Aqmat Ḫān tib eyürlär)» деп атап өтеді. Орыс хан ұлысының сәйкесінше Алаш мыңы және Қатаған мыңы деп аталған сол және оң қанаттарын сипаттай отырып, Қадырғали «бұлар Алаш мыңының қолбасшылары болған. Өзбекияда мәлім және мәшһүр (bu Alač mingining aġasï bola kelgän bular turur. Özbäkya arasïnda maʿlūm mashhūr turur)» деп айтады.

Шындығында, Шағатайдың шығыс ұлысы да протоқазақтарға жататын, оны басқалар және олардың өздері моғолiMoghul деп сәйкестендірген. 16 ғасырдағы экспансияның нәтижесінде қазақтар оңтүстік-шығыс Қазақстанды мекендеген моғол көшпенділерінің (соның ішінде батыс Қазақстанда тұрған маңғыт/ноғай көшпелі тайпаларының) есебінен өзінің ұлысын кеңейтті. Шағатай ұлысы Шағатай ханға (1227–1241 жылдары билік құрған) әкесі Шыңғыс хан (1206–1227 жылдары билік құрған) берген әскери бөлімдерден бастау алады. 1340 жылдардан бастап Шағатай ұлысы шығыс және батыс бөлікке бөлінетін болды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша, егер Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасындағы оазисте орналасқан Трансоксианада өмір сүрген соңғылары «шағатай» терминін өз есімі ретінде пайдаланған болса, Балқаш көлі мен Тянь-Шань тауларының арасындағы шөбі шүйгін, жайылымы мол жазықтықта, яғни қазіргі оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағындағы Моғолстанда (парсы тілінде «моңғолдар елі») тіршілік еткен біріншілері өздерін белгілеу үшін «моғол» (түркі тілінде моңғол) терминін пайдаланған. Қазіргі таңда Қазақстандағы қазақтардың арғы аталарының бірі болып саналатын дулат тайпасынан (дуглаттар/дулаттар) шыққан Мұхаммед Хайдар Дулати Моғол ұлысына жататын, яғни моңғолдардан кейінгі кезеңде жазылған Орталық Азияның түпдеректеріне қарағанда, 16 ғасырдың бас кезінде қазаққа айналған протоқазақтар Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысына кірген және қола дәуірінен бастап Қазақстан даласын мекендеген барлық көшпелі халықтардың жиынтығы болған жоқ. Демек қазіргі қазақтар сақтардың (скифтердің), үйсіндердің, хунну мен түркілердің тікелей ұрпақтары емес. Бұл ирандық және түркі топтарын қазіргі қазақтармен Жошы және Шағатай ұлыстары арқылы тек жанама байланысы бар деп қарастыру керек.

Н. К. Рерих. Ыдыс ұстаған балбал. 1937 жыл / Alamy

Н. К. Рерих. Ыдыс ұстаған балбал. 1937 жыл / Alamy

Осы екі Шыңғыс ұлысының (яғни протоқазақтардың) шығу тегіне келсек, олар б.з. 13 ғасырында Ішкі Еуразияның әртүрлі тайпалары мен Шыңғыс хан ұрпақтары басшылық еткен моңғолдардың қосылуы нәтижесінде пайда болған. Осы этногенетикалық процесс туралы қысқаша айтып өткім келеді. Біріншіден, Шыңғыс ханмен туысқан барлас (барулас), қоңырат (кункират), маңғыт (мангкут), дулат (дуглат), ушин және т.б. тайпалардан тұратын байырғы моңғолдар моңғол тілінде сөйлейтін моңғол емес халықтармен, мысалы, керейт, жалайыр, ойрат, татарлармен және т.б. және моңғол даласы мен оның шет аймақтарында қоныстанған найман, онғұт, ұйғырлармен және т.б. сияқты түркі тілдес халықтармен қосылып кетті. Бірде ағылшын ғалымы, парсы тілінің маманы Дэвид Морган 13 ғасырдың бас кезінде моңғол даласын мекендеген көшпелі тайпаларды «түркі-моңғол» деп атады. Шыңғыс ханның жаңа моңғол ұлысын құрған дәл осы көптілді аумақтық құрылым болды.

Сәйкесінше Шыңғыс хан мен оның ата-бабалары туралы айтылатын 13 ғасырдағы әйгілі моңғол жылнамасы «Моңғолдың құпия шежіресінде» жаңа Моңғол ұлысын «киіз үй халқы», яғни «көшпенділер» деп атаған. Рашид ад-Дин (1318 жылы қайтыс болған) Ирандағы ХулагуидтерiJāmi al-tavārīkh патшалығының моңғол билеушілерінің жалпы жылнамасы «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегінде екі жаңа және бір байырғы моңғол тайпалық тобын былайша бөліп көрсетеді:

1) «Қазір моңғол деп аталатын түркі тайпалары, бірақ ертерек заманда олардың әрқайсысының өз атауы, әрқайсысының өз билеушісі мен қолбасшысы болған, олардан пайда болған жекелеген халықтар мен тайпалардың топтары сақталған (aqvāmī az Atrāk ki īshān-rā īn zamān Mughūl mīgūyand lākin dar zamān-i qadīm har yik qaum az īshān ʿalā al-infirād bi-lughatī va ismī makhṣūṣ būda va har yik ʿalā-ḥidda sarvarī va amīrī dāshta va az har yik shuʿab va qabāʾilī munshaʿib gashta mānand)»;

2) «Өздерінің жоғарғы билеушілері мен көсемдері де болған, бірақ алдыңғы тарауда аталған тайпалармен, яғни моңғолдармен жақын туыс емес, алайда бет-әлпеті, тілі оларға ұқсас түркі тайпалары (aqvāmī az Atrāk ki īshān nīz ʿalā-ḥidda, pādshāhī va muqaddamī dāshta-and lākin īshān-rā bā aqvāmi Atrāk ki dar faṣl-i sābiq yād karda shuda va bā aqvām-i Mughūl, ziyādat-i nisbatī va khvīshī qarīb al-ʿuhda nabūda, ammā bā shakl va zabān bā īshān nazdīk būda-and)»;

3) «Ежелгі заманда моңғол деп аталған түркі тайпалары (aqvāmī az Atrāk ki dar zamān-i qadīm laqab-i īshān Mughūl būda…)». Құрылып жатқан моңғол ұлысының құрамына Қыпшақ даласы мен оның төңірегін мекендеген кейбір түркі халықтары (соның ішінде қаңлылар мен қыпшақтар) және моңғол (қарақытайлар) кірді және 13 ғасырдың ортасына қарай Шыңғыс хан ұрпақтарының төрт ірі ұлысы құрылды: Юань империясының моңғолдары, Хулагуидтер мемлекетінің моңғолдары, Жошы ұлысы және Шағатай ұлысы.

Жошы ұлысы, атап айтқанда:

1) моңғол текті тайпалардан (оның ішінде маңғыт, қоңырат, арлат, барын, барлас, дурман, кенегес пен ушин);

2) моңғол даласынан шыққан моңғол және түркі тектес моңғол емес тайпалардан (соның ішінде жалайыр, қарақытай, керей, найман, ойрат, онғұт, татар және ұйғыр);

3) Қыпшақ даласындағы байырғы түркі тайпалары (соның ішінде қыпшақ пен қаңлы);

4) Моңғол империясының шегінде жаңадан құрылған немесе аталған тайпалардан (соның ішінде арғындардан) тұрды.

14 ғасырдың ортасында Шағатай ұлысына

1) моңғол текті тайпалар, соның ішінде барлас, арлат, сулдус, дулаттар және т.б.;

2) шығу тегі жағынан моңғол емес тайпалар, соның ішінде жалайырлар; және

3) Моңғол империясының құрамындағы кейбір жаңадан құрылған немесе аталған тайпалық топтар, мысалы, караунас кіреді.

Нәтижесінде қазіргі қазақтар:

1) моңғол текті тайпалардан (соның ішінде дуглат/дулат, маңғыт, қоңырат және ушин);

2) моңғол даласынан шыққан моңғол және түркі тектес моңғол емес тайпалардан (соның ішінде жалайыр, керейіт/керей және найман);

3) Қыпшақ даласындағы байырғы түркі тайпаларынан (соның ішінде қыпшақ пен қаңлы);

4) Моңғол империясының шегінде жаңадан құрылған немесе аталған тайпалардан (соның ішінде арғындардан) тұрады.

Әбілқайыр хан (Өзбек хандығы). 16 ғасыр өзбек қолжазбасдағы миниатюра / Wikimedia Commons

Әбілқайыр хан (Өзбек хандығы). 16 ғасыр өзбек қолжазбасдағы миниатюра / Wikimedia Commons

«Қазақылық» және қазақ кімдігінің қалыптасуы

«Қазақылық» дегеніміз не? Жалпы Орталық Еуразия тарихында және атап айтқанда, Қазақстан тарихында «қазақылық» неге ерекше маңызға ие? «Қазақылық» сөзі «қазақ» деген түбір мен іс-әрекеттің түрі мен уақыт кезеңін білдіретін -лық/-лік жұрнағынан тұрады. Демек «қазақылық» түркі тілінде сөзбе-сөз «қазақтың тұрмыс салты» немесе «қазақ кезеңі» дегенді білдіреді. Қазіргі кейбір түркологтар мен тарихшылар «қазақ» және «қазақылық» терминдерінің өзіндік анықтамаларын ұсынады. Мысалы, В. В. Бартольд «қазақ» сөзіне мынадай анықтама берген: «еркін және тәуелсіз адам, қаңғыбас, шытырман оқиғаларды іздеуші» немесе «өзінің руынан, тайпасынан көшіп кеткен және шытырман оқиғаларды іздеуші өмірін жүргізуге мәжбүр болған адам». В. В. Радлов «қазақ» сөзін осыған ұқсас түсіндірді: «еркін адам, тәуелсіз, авантюрист, елкезбе», ал «қазақылық» — «қауіп-қатерлі әрекет, қаңғыру». Герхард Дёрфер «қазақ» сөзін «елкезбе, қаңғыбас қарақшы, билеушіге үнемі бағынбайтын кезбе» деп түсіндірген. А. А. Валидов «қазақтар» терминін саяси мақсатпен жабайы таулар мен елсіз жерге кетіп, ру мен тайпаның бақылауында болмай қаңғып жүрген бүлікшіл авантюристер; отбасын тастап, дәстүр бойынша өмірді түсіну үшін жабайы елсіз жерлерге кеткен жасөспірімдер; сондай-ақ қарақшылық жасағаны үшін отбасынан ажыратылғандар деп түсіндірді. Вольфганг Хольцварт 16 ғасырдың басындағы кейбір түркі деректеріне сүйене отырып, «қазақылық» терминіне нақтырақ анықтама берді. Ол «қазақылық» сөзін дүниені кезіп жүрумен; шапқыншылық жасаумен, тонаумен, көтеріліс жасап соғысумен; қалыптасқан саяси құрылыстан тыс өмір сүрумен; сондай-ақ билікке қолы жетпеген ханзада өзінің көшбасшылық талантын көрсететін және айналасына жақтастарын жинайтын кезеңнің болуымен сипатталатын шытырман оқиғаларды іздеушінің өмірі деп түсіндірген. Ол «қазақ» сөзін еркін қарақшылар, барымташылар немесе тонаушылар бандасының мүшесі деп түсінді. Стивен Фредерик Дейл «қазақ» сөзін «саяси кезбе», ал «қазақылық» сөзін «саяси қуғынға ұшырап, бекіністер мен билік үшін соғысқан немесе ... айырылған нәрсесін қайтарып алуға тырысқан» Бабыр сияқты тақтан тайдырылған билеушілер басынан өткерген «бассыздық пен кезбелік заман» деп түсіндіреді. Мария-Ева Сабтелни «қазақ» терминін осыған ұқсас «еркін қарақшы, бандит, кезбе, партизан және казак», ал «қазақылық» терминін «әдетте мұндай адам жас кезінде отырықшы қалалық елді мекендер мен оазистердің шетінде, әдетте қиын әлеуметтік немесе саяси жағдайға байланысты қашқаннан кейін, алыс жерлерді кезіп жүргенде айналысқан қарақышылық кезеңі» деп түсіндірген.

Енді «қазақ» терминінің қайнар көздерде іс жүзінде қалай пайдаланылғанына тоқталайық. Темір әулеті кезеңіндегі және одан кейінгі Орта Азиялық дереккөздерде «қазақ» сөзі әдетте «қаңғыбас/елкезбе» және (немесе) «бандит/еркін қарақшы» мағынасында пайдаланылған. Батыс Қыпшақ даласындағы (Қара теңіз маңы даласында), Еділ бойында және Шығыс Еуропадағы (Ресей, Украина және Польша аумағында) түркі, славян және латын тілдерінде жазылған әртүрлі дереккөздер «казак/қазақ» — qazaq, kazak және kozak терминдері анағұрлым кең мағынада «саяси іріткі салушы», «қашқын/қашқын әйел», сондай-ақ «қаңғыбас/елкезбе» және (немесе) «бандит/еркін қарақшы» дегенді білдіру үшін пайдаланылған. Осылайша моңғол дәуірінен кейінгі кезеңнің қайнар көздерінде «қазақылық» термині саяси қаңғыбастықтың формасын, соның ішінде өзінің мемлекетінен немесе тайпасынан қашып кетуді және (немесе) шегаралық немесе алыс жерлердегі еркін қарақшының өмірін білдірген. Негізінде «қазақылық» үш кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде саяси іріткі салушы аман қалу үшін немесе билікке қайтып оралу немесе келу үшін өзінің мемлекетін немесе тайпасын тастап кетуге шешім қабылдайды, бұл Қырым мен Еділ татарларының және московиттердің жылнамаларында «казак/қазақ» — qazaq/kazak терминінің «саяси іріткі салушы» немесе «қашқын» мағынасында пайдаланылуынан тиісті түрде көрініс тапқан; екіншіден, мұндай саяси қашқын өзінің қазақ серіктерімен бірге қаңғып жүреді, көбіне-көп шегаралық немесе алыс жерлерде тонаумен (азық-түлік алу үшін) айналысады; және үшіншіден, аталастарының жүрегін баурап алған қазақ көсемі ретінде бұл саяси қаңғыбас өзіне жаңа жақтастарды тарта алады және билік басына келеді немесе қайтып оралады.

Енді «қазақылықтың» тарихи мән-мағынасына тоқталайық. Біріншіден, моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде «қазақылық» Орталық Еуразиядағы мемлекеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Бір қызығы, тиісінше Темір империясын, Өзбек хандығын және Ұлы Моғол империясын құрған Темір (Темірлан), Мұхаммед Шайбани хан және Бабыр билік басына келгенге дейін өз мансабында саяси қаңғыбастық кезеңдерін бастан кешірді. Саяси қолайсыз жағдайға ұшырамау және билік басына қайтып оралу немесе келу үшін қолайлы сәтті күту үшін олар жақтастарымен бірге мемлекетінен кетіп, алыс жерде немесе жат елде тентіреп, қарақшылықпен күнін көруге мәжбүр болды. Бұл кезеңде олар өздеріне адал әскер жинап, соның көмегімен билікке келді. Екіншіден, 16 ғасырдың бас кезінде қазақтардың жеке көшпенді халық (ұлыс) болып қалыптасуында «қазақылық» шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, қазақтар, бір жағынан, Жәнібек хан мен Керей ханның және екінші жағынан, Мұхаммед Шайбани ханның «қазақылық» парадигмасындағы қақтығыстары мен келісілген іс-әрекетінің нәтижесінде Қазақ даласының аумағындағы Жошы ұлысы (өзбектер) қазақ өзбектері (кейін қазақ болып кеткен) және шайбани өзбектері болып екіге бөлінгенде пайда болды. Бұл процесс Орыс ханның екі шөбересі Жәнібек хан мен Керей хан бастаған өзбектер 15 ғасырдың ортасында Әбілқайыр ханның өзбек мемлекетінен бөлініп шыққан кезде басталып, Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан бастаған өзбектер 16 ғасырдың басында Темір әулетінің мемлекеттері Трансоксиана мен Хорасанды жаулап алып, Орталық Азия оазистеріне қоныстанғанда аяқталды. Осы жерде айта кететін жайт, Орыс хан мен Әбілқайыр хан ұрпақтарының екі әулеті қазақтықпен шұғылдана бастағанға дейін [яғни, олардың өмір салты «қазақылық» ұғымына сәйкес келген кезге дейін — аудармашының ескертпесі] прото-қазақтар әлі де «өзбек» болған. Жәнібек хан мен Керей хан алғаш Әбілқайыр ханнан бөлініп, жақтастырымен бірге Моғолстанға көшіп келгенде, оларды өзбек-қазақ (өзбек-казак) деп атайтын болды. Сол кезде олардың қазақ (казак) сәйкестігі этникалық ерекшелігімен емес, негізінен Әбілқайыр ханның ұрпақтарына қарсы саяси бірегейлігімен сипатталды. «Қазақылық» шеңберінде, бір жағынан, Жәнібек хан мен Керей хан және екінші жағынан, Мұхаммед Шайбани хан қатысқан Орыс хан мен Әбілқайыр хан ұрпақтарының арасындағы ұзаққа созылған тартыстың нәтижесінде қазақ сәйкестігі нығайып, жеке сәйкестікке айналды.

Қазіргі қазақтар әлі де өзбек аталып, өзбек деп танылатын еді.

Жәнібек хан мен Керей ханның «казақылығы» болмағанда, протоқазақтар өзбек этнонимін және өзбек сәйкестігін сақтап қалар еді. Сол сияқты Мұхаммед Шайбани ханның «қазақылығы» болмағанда және қазақ даласындағы өзбектердің түпкілікті екіге бөлінуіне әкеп соқтырған жағдай — Трансоксианада Әбілқайыр хан әулеті орнықпағанда (Өзбек хандығы құрылмағанда), өзбек-қазақтар, яғни болашақ қазақтар, мүмкін, қазақ этнонимін өзіндік атау ретінде қабылдамай, өзбек болып қалар ма еді. Сонда замандастары барлығын: Орыс ханды, Тоқтамыс ханды, Әбілқайыр ханды, Мұхаммед Шайбани ханды, Жәнібек хан мен Керей ханды атағандай және бәрі де Жошының бір ұлысына қарайды деп есептеген сияқты, қазіргі қазақтар бұрынғысынша өзбек аталып, өзбек деп сәйкестендірілетін еді. Сондықтан қазақтардың жеке көшпелі халық немесе ұлыс ретінде пайда болуын бір-бірімен бәсеке екі рулық қауым — Шыңғыс хан ұрпақтары/Жошы ұрпақтарының бастауымен бірінен соң бірі жалғасқан екі «қазақылық» процесінің (шамамен 1450–70 және 1470–1500 жылдар) үйлесуінің нәтижесі деп қарастыру керек.

Жоғарыда айтылғандай, Әбілқайыр әулетінен шыққан өзбектерді замандастары «шайбани өзбектері» деп атаған, өйткені Әбілқайыр хан Жошының бесінші ұлы Шибанның (1225 немесе 1227 жылы өлген) ұрпағы болған.

Бұл жерде шайбани өзбектері мен қазіргі өзбектерді ажырата білу қажет екенін баса айтқан жөн. Мұхаммед Шайбани хан және Әбілқайыр әулетінің басқа өкілдері бастаған шайбани өзбектері 16 ғасырдың басында Трансоксиана мен Хорасандағы Темір әулетінің мемлекеттерін жаулап алғаннан кейін билеуші ​​шонжарлар табын құрды, сонда олардың қол астында тәжіктер, яғни Орталық Азияның иран тілді жергілікті отырықшы халқы болды. Атап айтқанда, шайбани өзбектері моңғол текті тайпалардан (оның ішінде маңғыт, қоңырат, арлат, барын, барлас, дурман, кенегес және ушиндер), моңғол даласынан шыққан моңғол текті және түркі текті моңғол емес тайпалардан (оның ішінде жалайыр, қарақытай, кереит, найман, ойрат, онғұт, татар мен ұйғыр), Қыпшақ даласының байырғы түркі тайпаларынан (соның ішінде қыпшақ пен қаңлы) және Моңғол империясының құрамында жаңадан құрылған немесе аталған тайпалардан (соның ішінде арғындардан) тұрды. Ал қазіргі өзбектер 1924 жылы Кеңес Одағы кеңестік ұлттық республикаларда ұлттарды қалыптастырып, жаңа өзбек ұлтын құрған кезде пайда болды.

Сонымен қатар Кеңес Одағы осындай процесс барысында қазіргі Өзбекстанның әртүрлі өзбек емес (парсы және түркі тілдес) топтарының ұлтын «өзбек» деп белгіледі. Осының нәтижесінде қазіргі өзбектерге шайбани өзбектерінің өкілдері ғана емес, сондай-ақ сарттар (негізінен түркі тілдес болып кеткен тәжік текті этникалық топтар) мен бұрын өзбек болып есептелмеген тәжіктер де жатады. Сонымен қатар Кеңес Одағы жаңа өзбек ұлтының тілі ретінде шайбани өзбектері (және қазақтар) сөйлеген қыпшақ-түркі тілін емес, қарлұқ-түркі тілін (шағатай-түркіге туыс тіл) таңдады. Қазіргі өзбектерді [диалекті бойынша — аудармашының ескертпесі] «джоқ дейтін өзбектер» және «йоқ дейтін өзбектер» деп екіге бөлуге болады. «Джоқ» дейтін өзбектер түрі мен тілі жағынан қазіргі қазақтарға жақын.

Олардың бет-әлпеті «қазақ», яғни қазіргі заманғы басқа өзбектерге ұқсамайды және ол қазақтар сияқты қыпшақ түркі тілінде сөйлейді деп есептеледі. Бұған қоса, 1990-жылдардың басында Кеңес Одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін Темір әулетін ата-бабалары ретінде «таңдаған» қазіргі өзбектер шайбани өзбектерін өзінің ата-бабасы деп есептемейді. Мұның барлығы шайбани өзбектері қазіргі өзбектерге қарағанда қазіргі қазақтарға әлдеқайда жақын екенін білдіреді. Тіпті шайбани өзбектерінің нағыз ұрпағы — қазіргі қазақтар деп айтуға болады. Егер Әбілқайыр ханға, Мұхаммед Шайбани ханға және олардың өзбек ізбасарларына қазіргі заманғы этноним таңдағымыз келсе, онда оларға өзбек этнонимінен гөрі қазақ этнонимі көбірек сәйкес келеді.

Шыңғыс хан кім болған — қазақ па, моңғол ма?

Қазақтар тараған Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысының негізін қалаушы көпшілік барлық заманның ең ұлы жаулаушысы деп есептейтін Шыңғыс хан болды (1206–1227 жылдары билік құрған). 2010 жылы Алматыда бір қазақ таксисімен сөйлесіп, осы жаулап алушы туралы не ойлайтынын сұрағанымда, оның «Шыңғыс хан «террорист болған» деп жауап бергені есімде. Сонымен қатар менің білуімше, қазақтың кейбір әуесқой тарихшылары Шыңғыс ханды моңғол емес, қазақ деп есептейді. Соңғы пікірді батыстың тарихшылары байыппен қабылдамайды. Шындығында, шынайы тарихшылар Шыңғыс ханның моңғол жаулаушысы болғанын ешқашан жоққа шығармайды немесе оған күмән келтірмейді. Дегенмен соңғы жиырма жылда Ішкі Еуразияның көшпелі халықтарын зерттеп жүрген Орталық Еуразия тарихының маманы ретінде Шыңғыс ханға қазіргі этнонимдерді қолданғымыз келсе (анахрондық түрде болса да), оны бір мезгілде қазақ деп те, моңғол деп те сәйкестендіру керек деп күмәнсіз айта аламын. Шыңғыс ханның қай этносқа жататыны туралы көзқарасымды түсіндіру үшін оны франктардың королі Ұлы Карлмен (768–814 жылдарда билік құрған) салыстыруға рұқсат етіңіздер.

Франктар — біздің заманымыздың 5 ғасырында Батыс Рим империясының аумағына басып кірген, герман тілдерінде сөйлеген халықтар (қазіргі Бельгия аумағынан келген). Біздің заманымыздың 8 ғасырының аяғында олардың билеушісі Ұлы Карл Батыс және Орталық Еуропаның көп бөлігін біріктіре алды. Алайда Ұлы Карлдың ұлы, оның мұрагері I Людовик (778–840) қайтыс болғаннан кейін Франк империясы Батыс Франкия, Орта Франкия және Шығыс Франкия болып ыдырап кетті. Орта Франкия ұзақ өмір сүрген жоқ, ал Батыс Франкия Франция Корольдігіне айналды (соның нәтижесінде Франция пайда болды), ал Шығыс Франкия Қасиетті Рим империясына айналып, кейіннен одан Германия пайда болды. Франктардың ұрпақтары бүгінде Франция, Бельгия, Нидерланд, Люксембургте және батыс Германияда тұрады. Осылайша Ұлы Карл қазіргі заманғы Франция мен Германияның (сондай-ақ тарихи Нидерландының) пайда болуына негіз қалады деп айтуға болады.

Басқаша айтқанда, Франция да, Германия да өзін Ұлы Карлдың тікелей ұрпақтары деп есептей алады. Қазіргі заманғы этнонимдерді Ұлы Карлға қатысты қолданатын болсақ, онда көпшілік оны француз және неміс деп сәйкестендірді. Сонымен қатар француз тарихшыларының оны неге француз монархы деп атағанын да түсіну керек, өйткені Ұлы Карл көне француз тілінде емес, батыс герман тілдерінің бірі болған ежелгі франк тілінде және латын тілінде сөйлегені белгілі. Германия мен Италияның едәуір бөлігін басып алғанға дейін Ұлы Карл орталығы біздің заманымыздың 6 ғасырының басынан бастап Париж аймағында орналасқан Франк мемлекетінің королі болды. Бұған қоса, Франция деген атау франктар елінің атынан шыққан.

Жан-Виктор Шнец. Ұлы Карл мен Алкуин. 1830 жыл / Wikimedia Commons

Жан-Виктор Шнец. Ұлы Карл мен Алкуин. 1830 жыл / Wikimedia Commons

Ұлы Карлдың Франк империясы қазіргі Франция мен Германияға айналғаны сияқты, Шыңғыс ханның империясы да қазіргі Қазақстан мен Моңғолияға айналды. Дәл осылай Шыңғысханның ұлысынан қазіргі заманғы қазақтар мен моңғолдар тараған. Десе де, Шыңғыс ханның моңғол ұлысын қазіргі моңғолдармен ұқсастырмаған жөн. «Моңғол» термині қазіргі кезде моңғолдар, буряттар мен қалмақтар кіретін, моңғол тілінде сөйлейтін халықтардың синонимі ретінде пайдаланылады.

Алайда моңғол дәуіріндегі және моңғол дәуірінен кейінгі кезеңдегі моңғол ұлысы халықтардың әлдеқайда күрделі жиынтығы болды. Ол Шыңғыс хан біріктірген және моңғолдардың басқыншылық соғыстарына қатысып, кейін Шыңғыс хан тұқымдарының ұлыстарын құраған көшпенділерді (әртүрлі халықтарды) білдірді. Жоғарыда атап өтілгендей, олар Шыңғыс хан тайпаларымен туысқан байырғы моңғолдардың, моңғол тілінде сөйлейтін моңғол емес халықтар мен моңғол даласында және шеткері аймақтарда тұратын түркі тілдес халықтардың бірігуінің нәтижесінде пайда болды. 13 ғасырдың ортасына қарай Моңғол ұлысының құрамына Қыпшақ даласы мен шеткері аймақтарды мекендеген басқа түркі және моңғол халықтары да кірді. Жоғарыда айтылғандай, «Жамиғ ат-тауарих» жинағында 13 ғасырдағы Моңғол ұлысы екі «жаңа» және бір «байырғы» моңғол тобына бөлінген.

Шыңғыс хан тұқымдарының ұлыстарын қазіргі Ислам әлеміне дейінгі дәуірде олардың замандастары, соның ішінде «Жамиғ ат-тауарих» кітабының авторы Рашид ад-Дин моңғол деп те, түркі деп те сипаттағанын айта кету маңызды. Мұсылман жазушылары өз шығармаларында моңғолдарды түркі деп атаған мысал көп. Айталық, атақты араб тарихшысы Ибн әл-Асир (1233 жылы қайтыс болған) моңғолдарды былайша түркі деп сипаттайды: «Кейбір түркілер қалды, татарлар мен қытайлар (Исламға) кіргізілмеді».iwa baqā min al-Atrāki man lam yaslam Tatar wa Khaṭā Сол сияқты Дели сұлтандығының атақты ақыны Әмір Хосроу өз еңбегінде былай деп жазады: Моңғолдар — «Кай тайпасының түркілері және құсық жегіштер».iqai Сол сияқты 14 ғасырда Моңғол империясының аумағымен ұзақ саяхат жасаған марокколық саяхатшы Ибн Баттута (1377 жылы қайтыс болған) өзінің жол жазбаларында Шағатай Ұлысы мен Жошы Ұлысының моңғолдары туралы түркілер деп айтқан. Ұлы араб тарихшысы Ибн Халдун да (1406 жылы қайтыс болған) моңғолдарға «түркі тармағы» деген анықтама береді».imin shuʿūb al-Turk

Есте ұстайтыны, Қазіргі Ислам әлеміне дейінгі дәуірде өмір сүрген түркілер қазіргі түсініктегі түркі халықтарын емес, Ішкі Азияның көшпенділерін білдірген. Мұсылман жазушылары іс жүзінде Turk (түрк, түркі) (көпше түрі Atrāk) терминін Ішкі Азия көшпенділерін, соның ішінде түркі тілдес емес көшпелі тайпаларды білдіретін синоним ретінде пайдаланған. Атап айтқанда, парсының мұсылман тарихшысы Ат-Табари (923 жылы қайтыс болған) түркілерді «түркі тілінде сөйлейтін» топтар емес, Иафеттің (Нұх пайғамбардың ұлының) «жалпақ бет, кішкене көзді»iʿaẓīm al-wajh ṣaghīr al-ʿaynayn ұрпақтары деп атаған. Сол сияқты, Марвази мен Гардизи сияқты мұсылман географтары Сырдарияның солтүстігіндегі даланы мекендеген барлық дерлік халықтарды, соның ішінде кейбір финн-угор және славян халықтарын, олардың қай тілдік топқа жататынына қарамастан түркі деп есептеді.

Моңғол және кейінгі моңғол дәуірінде Иран мен Орталық Азия аумағында түркі тілдес көшпелі әртүрлі топтар мен моңғолдар бір халық ретінде қарастырылды.

Осыған сәйкес Иран мен Орталық Азияда моңғол дәуірі мен моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде түркі сөзі тәжіктерге қатысты термин ретінде қолданыла бастады, сонда ол Иран халқының отырықшы өкілдерін білдіретін. Бұл ұғымға моңғолдардың да кіргенін айта кету маңызды. Мысалы, Хулагу тұқымдары мемлекетінің жылнамалары мен құжаттарында отырықшы және көшпелі халық топтарын білдіру үшін «түркі және тәжік»iTurk u Tāzīk деген тіркес қолданылған. Бұл тұжырымдағы түркілер негізінен моңғолдарды білдірген. Ат-Табари сияқты, Рашид ад-Дин барлық көшпелі түркілер,iAtrāk-i ṣaḥrā-nishīn оның ішінде моңғолдар да Иафеттен (Яфистен) — оның ұлы Диб-Якуй (Диб-Бакуй) ұрпақтарынан тараған деп жазды. Тимуридтер дәуіріндегі сарай тарихшысы Шараф ад-дин ‘Әли Язди де (1454 жылы қайтыс болған) өзі моңғол деп есептеген Темір тұқымы мен Шыңғыс хан тұқымы Иафеттің ұлы Түркі ханның шөпшегі Моңғол-ханнан (Мугул-ханнан) тарайды деп жазған. Йезди шежіресі бойынша Темір әулеті мен Шыңғыс хан тұқымы түркілердің моңғол тармағына жатқан.

Демек моңғол дәуірі мен моңғол дәуірінен кейінгі кезеңдерде әртүрлі түркі тілдес көшпелі топтар мен моңғолдар Иран және Орталық Азия аумағында бір халық ретінде қарастырылды, яғни моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде қазақ даласын мекендеген «протоқазақтар», яғни өзбектер түркіфондар болғанымен, замандастары оларды моңғол деп сәйкестендіруі оңай еді. Мысалы, Темір әулетінің заманында өмір сүрген тарихшы Натанзи өз еңбегінде өзбек әмірлерін моңғолдар деп атайды. Ол былай деп жазады: «Тоқтамыс ханның ұлы Сұлтан Жалал ад-Дин өз жерлерінде тәжіктерге толық билікті бергенде, моңғол әмірлері әлсіреп, сұлтан Жалал ад-Диннің інісін көтеріліс жасауға итермеледі». Мұхаммед Шайбани хан да шағатай түркі тілінде жазған ғазелінде өзін моңғол деп атайды. Мүмкін, қазақ даласындағы өзбектердің моңғолдармен бір халық деп саналуы 17-ғасырдың ортасында Өзбек хандығында жазылған энциклопедиялық еңбек «Асыл ерлікке қатысты құпиялар теңізі»iBahr alasrār fī manāqib al-akhyār шығармасында жақсы көрінетін шығар. Ал Түркістанның (Сырдариядан солтүстікке созылып жатқан дала) тұрғындарына келер болсақ, ол былай деп жазады: «Түркістан халқы Иафеттің ұлы Түркі заманынан моңғол ханы заманына дейін түркілер деп аталды; моңғол ханы билік құрғаннан кейін оларды моңғол деп атайтын болды; Өзбек хан билік құрғаннан кейін ол жердің тұрғындары өзбек деп аталатын болды».

Осыған орай «Шыңғыс хан мен оның ең жақын серіктерінің түркі тілінде сөйлеген 14 және 15 ғасырлардағы өзбектер (Жошы ұлысы) мен моғолдардан (Шағатай ұлысы) ерекшелігі, олар моңғол тілінде сөйлеген жоқ па?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде айта кететін жайт, далалық аймақтарда халықтың сәйкестігінің қалыптасуында тіл маңызды фактор болған жоқ. Ішкі Азияның көшпенділері көбінесе билеушісінің ұлтына қарай өзін-өзі сәйкестендірген. Сонымен қатар олар үшін не ол, не бұл руға жататындығы маңызды болды. Бұл жағдай өзін түркілерге жатқызған Гераттағы Темір әулеті сарайындағы ақын және ғалым Әлішер Науаидың (1501 жылы қайтыс болған) сөзінен жақсы аңғарылады. Науаи «Екі тілді салыстыру»iMyhäkamat al-lughatain атты еңбегінде түркі тілі парсы тілінен асып түсетін, толыққанды әдеби тіл деп жазғаны белгілі. Алайда сол еңбегінде Науаи былай деп жазады: «Байлық араб патшаларынан және иран билеушілерінен түркі хандарына өтті. Хулагу хан мен Темір заманынан бастап оның ұлы әрі мұрагері Шахрух билік құрған заманның соңына дейін өлең түркі тілінде жазылды...». Бұл жерде Науаи Шыңғыс ханның немересі, Хулагуидтер мемлекетінің негізін қалаушы Хулагу ханды (1259–1265 жылдары билік құрған) түркі ғана емес, Ислам әлеміндегі тұңғыш түркі ханы деп есептейді. Бірақ Науаи сол еңбегінде селжүкидтердің билеушісі Тоғрул-бекті (түркі тілінде сөйлейтін оғыз) «иран билеушісі» деп атайды. Сол сияқты Темірдің немересі Ұлықбек (1447–1449 жылдарда билік құрған) Моңғол империясының тарихына арналған «Төрт ұлыстың тарихы»iTārīkh-i arba атты еңбегінде тілді этникалық кімдікпен теңдестірмейді. Нақтырақ айтсақ, ол түркіні түркі тілді немесе моңғолды (моғол) моңғол тілді деп айтпайды. Сондықтан Шыңғыс ханды (сондай-ақ Тимуридтерді де) моңғол деп атай отырып, Ұлықбек оны түркі тілінде сөйлеуші ретінде көрсетеді. Ұлықбектің айтуынша, Шыңғыс хан мен оның әміршілерінің бірі оның ұлы Жошының өлімі туралы түркі тілінде сөйлескен. Жошының өлгені туралы хабар Шыңғыс ханның қосына жеткенде, моңғол әмірі мұны Шыңғыс ханға түркі тілінде жеткізген және ол да ұлын түркі тілінде жоқтаған (бұл жерде мен Шыңғыс хан шынымен де түркі тілін білген немесе түркі тілінде сөйлеген деп айтып отырған жоқпын).

Мұның бәрі моңғол дәуірі мен моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде Ислам әлемінде «түркілер» мен «моңғолдардың» бір-бірінен тілдік жағынан ерекшеленбегенін ғана білдіреді. Барлық көшпенділер — Шыңғыс хан мен Шыңғыс ұрпақтарының ізбасарлары моңғол деп есептелген, ал моңғолдар түркі деп аталған. Жошы Ұлысы мен Қазақ хандығында түркі және моңғол болып бөліну болмаған. Бір сөзбен айтқанда, замандастар Шыңғыс ханның моңғол ұлысы мен протоқазақтарды бір-бірінен ешқашан ажыратпаған. Олар бір халыққа жатады деп есептелді. Шыңғыс ханның моңғол ұлысы қазақ ұлысына айналған кезде тіл ешқандай рөл атқарған жоқ.

Сондай-ақ өзімізге мынадай сұрақ қоюға болады: «Егер Шыңғыс хан тіріліп кетсе, ол өзін қазақ немесе моңғол деп атайтын ба еді? Моңғол тілінде сөйлеген ол қазақтар мен жоңғарлар арасында соғыс болған жағдайда қай тараптың жағына шығар еді: моңғол тілді ойраттардың ба, әлде түркі тілдес қазақтардың ба?». Бірінші сұраққа келсек, Ұлы Карл өлгеннен соң қайта тірілгенде не істер еді деп ойлануға да болады. Бәлкім, ол өзін әрі француз, әрі неміс деп сәйкестендіретін еді. Екінші сұраққа келсек, моңғол дәуірінен кейінгі кезеңдегі замандастар қазақтар мен жоңғарларды кім деп қабылдағанын түсіну керек. Шыңғыс хан ұрпақтарының ұлыстары (қазақтар, шайбани өзбектері, моғолдар мен қырым татарлары) мен ойраттар арасындағы соғыстарды замандастары «түркілер» мен «моңғолдар» арасындағы қақтығыс деп қарастырмағанын айта кету маңызды. Бір қызығы, 1666 жылы қазіргі қалмақтардың ата-бабалары Еділ бойындағы ойраттарға барып қайтқан атақты османлы саяхатшысы Эвлия Челеби (1611 – шамамен 1687 жыл) ойраттар мен моңғолдың аражігін ажыратып көрсеткен. Атап айтқанда, ол ойраттарға қалмақ терминін қолданып, Шыңғыс ханға моңғол деген атауды қалдырған. Тағы бір маңызды жайт, ол Шыңғыс хан мен моңғолдардың нағыз мұрагері ойраттар емес, Шыңғыс хан тұқымының әулеті бастаған Қырым татарлары деп есептеген. Сондықтан қазақтар мен ойраттардың арасындағы соғыстарды замандастары Шыңғыс хан тұқымының ұлысы мен қалмақтар арасындағы қақтығыс деп қарастырған (және ешқашан «түркілер» мен «моңғолдар» арасындағы қақтығыс демеген).

Жоғарыда атап өткенімдей, кең-байтақ далада белгілі бір көшпелі топтардың қай тілде сөйлегеніне қарай олардың арасында ортақ этносқа тиістілік сезімі туындамаған. Сондықтан Юань империясының ойраттары да, солтүстік моңғолдары да моңғол тілдес халықтар болғанымен, 15–17 ғасырларда оларда ортақ этносқа кімдік сезімі болмаған. Екі халықтың әуелден түп тамыры бөлек болған. 1206 жылы Шыңғыс хан Моңғол ұлысының негізін қалаған кезде, солтүстік-батыс Моңғолияның орманды аймағын мекендеген ойраттар оның құрамында болмаған. «Моңғолдың құпия шежіресінде» ойраттарды моңғол емес, «орман халқы» (ой-ин иргэн) деп атайды.

15 ғасырдың басынан бастап ойраттар Шыңғыс хан ұрпақтары басқарған Солтүстік Юань моңғолдарына қарсы тұратын болды, ал 1368 жылы оларды қытайдың Мин әулеті Қытайдан қуып шықты. Ертедегі ойраттардан ерекшелігі, 15 ғасырдағы ойраттар Дурбэн-Ойрад немесе Төрт Ойрат деген атаумен белгілі болған, негізінен жергілікті ойраттар мен моңғол емес басқа халықтардан тұратын тайпалық одақ (конфедерация) құрды. 15–17 ғасырлар аралығында екі жақ бір-бірімен үздіксіз соғысып отырды. Қазіргі заманғы кейбір тарихшылар ойраттарды «батыс моңғолдары» деп атағанымен, олардың өздері өзін моңғолға жатқызбаған. Солтүстік Юань моңғолдары да ойраттарды моңғол деп есептемеген. Мысалы, 17 ғасырда жазылған «Эрдэни-ин тобчи» және «Алтан тобчи» («Асыл шежіре» және «Алтын жинақ») сияқты моңғол жылнамаларында ойраттар моңғолдардан бөлек халық ретінде сипатталып, оларды кари дайсун, яғни «жат елдік жаулар» деп атайды. Ойрат хроникаларында Солтүстік Юань моңғолдары ойраттардан өзгеше сипатталған. Мысалы, 1737 жылы жазылған «Дербен ойраттары туралы аңыз» әдеби ескерткішінде Солтүстік Юаньдағы ойраттар мен моңғолдар екі бөлек халық ретінде қарастырылып, біріншісі Дурбэн-Ойрад (Төрт Ойрат), екіншісі Дочин Монг Орол (Қырық моңғол) деп аталады. 17 ғасырдағы ойраттардың тарихы туралы «Дурбэн-ойрад монголиги даруксан тууи» («Қырық ойраттың моңғолдарды қалай жеңгені туралы аңыз») атты әдеби ескерткішінде моңғолдар мен ойраттардың шайқасы және соның нәтижесінде жоңғарлардың көтерілгені баяндалған. Шайқас туралы хикая 80 000 мықты моңғолдың «жат елдік төрт ойратқа (кари дурбэн-ойрад)» шабуыл жасағаны туралы әңгімеден басталып, «төрт ойрат моңғолдарды осылай жеңді (dörbön oyirad mongγoli daruqsan ene)» деген сөзбен аяқталады. Сол сияқты жоңғар ойраттарының билеушісі Галдан-Бошогту (1644–1697) 1691 жылы Ресей патшасына жазған хатында Солтүстік Юань моңғолдарын «жау» деп атайды. Ол былай деп жазады: «Моңғолдар шынымен де бізге де, сіздерге де жау болғандықтан, мен сізден ... бұйрық беруіңізді сұрадым». Сондықтан 15 ғасырдың ортасында аз ғана уақыт өмір сүрген Ойрат хандығының негізін қалаған Есен-тайшының (1439–1454 жылдары билік құрған) 1452 жылы тіпті моңғол Шыңғыс хан тұқымын түгел жоюға әрекеттенуі де таңғаларлық емес. Олардан ерек, қазақтар өздерінің Шыңғыс хан ұрпақтарының мұрагерлері екенін мақтан тұтты және бұл жайтты түсіндірудің қажеті жоқ. Осының бәрін ескере отырып, Шыңғыс ханның (егер тіріліп келсе) кімді өзінің мұрагері деп қарастыратынын анық айтуға болады.

Алуа Тебенова. Hunters. 2022 жыл

Алуа Тебенова. Hunters. 2022 жыл

Нәтижесінде, егер Шыңғыс ханның тұлғасын моңғол дәуірі және моңғолдан кейінгі дәуір тұрғысынан қарастырсақ, Шыңғыс ханды неге қазақтарға да, моңғолдарға да жатқызу керектігін түсінуімізге болады.